Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы Мазмұны


Өңірлердің, бірінші кезекте Астана, Алматы, Шымкент



бет7/7
Дата19.06.2016
өлшемі0.78 Mb.
#148133
1   2   3   4   5   6   7

6.3.2. Өңірлердің, бірінші кезекте Астана, Алматы, Шымкент,

Ақтөбе және Ақтауда орталықтары бар, қалыптасып келе жатқан қалалық агломерациялардың «экономикалық арақашықтығын» қысқарту
Өңірлерде, оның ішінде агломерацияларда бизнес жүргізудің тартымдылығын айқындайтын факторлар білікті жұмыс күшінің болуы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығының жоғары қолжетімділігі, сондай-ақ өңір мен әлемнің ірі қалаларымен дамыған көлік байланыстары, өңір ішінде және өңірден тыс жерде қозғалыстың жеңілдігі болып табылады.

Агломерацияларды дамытудың негізгі тетіктерінің бірі олардың инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі, агломерациялар ішінде көліктік коммуникацияларға қол жеткізудің жеңілдігі және олардың қоршаған аудандармен және түйінді нарықтармен байланысын жақсарту, сондай-ақ кросс-агломерациялық көлік инфрақұрылымын дамыту болып табылады.

Осыған байланысты, өңірлерді, оның ішінде осы Бағдарлама шеңберінде агломерацияларды дамыту деңгейін арттыру мақсатында өңірлер арасындағы, бірінші кезекте қалыптасып келе жатқан қалалық агломерациялар арасындағы табиғи және «экономикалық арақашықтықты» қысқарту жөніндегі шаралар көзделетін болады.

Барлық коммуникациялық инфрақұрылым кешенімен агломерациялардың өзара байланысын, магистральдық желілер салу арқылы ықпалдастырылған көлік жүйесін қамтамасыз ету қажет.

Айтылық, 2012 жылдың өзінде-ақ Алматы – Петропавл бағыты бойынша екі жүрдек маршрут, сондай-ақ екі агломерация – Астана, Ақтөбе мен Алматы орталықтарын байланыстыратын маршрут іске қосылды. Аталған маршруттар жолдағы уақытты екі есе қысқартады.

Бұдан басқа, 2013 жылы агломерациялар орталықтарын, Астана мен Алматы қалаларын Каспий маңы өңірінің қаласы Атыраумен байланыстыратын тағы 2 жүрдек теміржол маршруты іске қосылатын болады. Аталған маршруттар агломерациялар орталықтары мен Каспий маңы өңірі арасындағы «экономикалық арақашықтықты» едәуір қысқартады.

Сондай-ақ, 2014 жылы 4 бағыт бойынша жолдағы уақытты 2 есе азайту жолымен «экономикалық арақашықтықты» қысқартатын жүрдек теміржол бағдарлары іске қосылатын болады. Аталған бағыттар: Астана – Қызылорда, Астана – Защита, Алматы – Защита, сондай-ақ екі агломерация орталықтары – Алматы мен Ақтөбе арасындағы «экономикалық арақашықтықты» қысқартатын бағдар.

Қазақстанның өңірлерін байланыстыратын автомобиль магистральдары ерекше назар аударуды талап етеді. Аталған бағытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде, оны аяқтау 2015 жылға белгіленген. Аталған магистральдық жол Қазақстанның ішінде үш агломерация орталықтары Ақтөбе – Шымкент – Алматы арасындағы көліктік байланысты қамтамасыз етеді. Бұл ретте, аталған автомобиль дәлізі жүктерді Қытай Халық Республикасынан Еуропаға және кері бағыттауға арналған негізгі транзиттік дәліз болады.

Бұдан басқа, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс және Орталық – Батыс бағыттары бойынша автомобиль жолдарын салу жөніндегі үш жобаны іске асыру басталды.

Айталық, «Орталық – Оңтүстік» жобасы Қарағанды және Балқаш қалалары арқылы Астана және Алматы агломерацияларының орталықтарын байланыстыратын автомобиль жолын салуды және реконструкциялауды болжайды.

Орталық – Шығыс бағыты бойынша автомобиль жолын салу және реконструкциялау Павлодар мен Қалбатау елді мекендері арқылы Астана және Өскемен қалаларының арасындағы сапалы көлік байланысын қамтамасыз етуді болжайды.

Сондай-ақ, 2020 жылға қарай Арқалық, Шалқар және Бейнеу елді мекендері арқылы Астана – Ақтау автомобиль жолы салынады және қайта реконструкцияланады.

Тұтастай алғанда, жоғарыда көрсетілген барлық жобаларды пайдалануға беру ел өңірлері арасындағы сапалы көлік желісін қамтамасыз етеді, сондай-ақ өңірлер арасында ғана емес, сол сияқты орталықтар арасындағы «экономикалық арақашықтықты» қысқартады.
6.3.3. «Инфрақұрылымдық орталықтарды» қалыптастыру
Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың негізгі міндеті өндірістік және еңбек ресурстарын «өсу нүктелерінде», тіршілік ету үшін экономикалық перспективалы және қолайлы аудандарда аумақтық шоғырландыруды ынталандыру арқылы елді полярлы дамытуды қамтамасыз ету болып табылады.

Қазақстанның өңірлік саясаты өңірлердің ішкі сыртқы бәсекеге қабілеттілігін үдету, еңбек пен капитал ресурстарын экономикалық өсу орталықтарында аумақтық шоғырландыру, өңірлік жұмыспен қамтуды және республика тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы жағдайлар мен факторлар қалыптастыруға бағытталған.

Көлік инфрақұрылымының барлық түрлерін озыңқы дамытпайынша, елде жүргізіліп жатқан индустриялық-инновациялық дамыту саясаты шеңберінде жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру қиындық туғызатын болады.

Бұл, өз кезегінде, көлік саласының алдында өңірлерде өндірістік объектілер орналастыруды ескере отырып, озыңқы көлік инфрақұрылымын құру бойынша нақты міндет қояды.

Қазақстан Республикасы тұрғындарының экономикалық белсенділігі мен ұтқырлығының артуымен жолаушылар көлігін дамытуға, тасымалдаушы компаниялардың қызмет көрсету сапасын арттыруға барған сайын баса назар аударылуда. Жолаушы тасымалдарын дамытудағы стратегиялық басымдық халықтың ұтқырлығын арттыру болып табылады, ол инфрақұрылымды дамыту, көлік қызметтерінің қолжетімділігі, олардың қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыру саласындағы кең спектрлі міндеттерді талап етеді.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы тұрғындарының ұтқырлығын арттыру көлік жүйесінің алдында нақты міндет қояды – жайлылық пен қауіпсіздік деңгейі жоғары сапалы көліктік көрсетілетін қызметтерді, өзекті экономикалық және өндірістік орталықтардың тиімді көлік байланысын, ел өңірлері мен агломерациялардың ішкі байланысын, сондай-ақ тасымалдардың бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Жүк тасымалдары өңірді дамытуда маңызды рөл атқарады, мұнда тиімді құрылған көлік-логистика жүйесі Қазақстан өңірлері арасындағы экономикалық байланыстарды іске асырудың негізгі құралы, сондай-ақ қазақстандық тауарлардың әлемдік нарықтарға экспорты мен республиканың ішкі нарықтарына шетел тауарлары импортының басты жолсерігі болып табылады.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының транзиттік және экспорттық әлеуетін іске асыру, сондай-ақ экономикалық өсімді қолдау ел ішіндегі, оның ішінде әрбір өңір ішіндегі автомобиль және теміржол желілерін жоғары ықпалдастыру, сондай-ақ жүк ағындарын бөлуге, тасымалдардың жоғары жылдамдығына, уақтылығына, қолжетімділігіне және сенімділігіне әсер ету үшін олардың түйінді халықаралық көлік дәліздеріне ықпалдасу міндетін қояды.

Бұдан басқа, елде өңірлерді дамыту, оның ішінде инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі агломерацияларды дамытудың және олардың қоршаған аудандармен және өзекті нарықтармен байланысын жақсартудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылатын агломерацияларды дамыту жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайлардың бәрі, атап айтқанда, тұрғындардың экономикалық белсенділігі мен ұтқырлығының артуы, тұтыну тауарларының ішкі және сыртқы нарықтарының жаһандануы, өңірлерде өндірістік объектілерді орналастыруды ескере отырып, озыңқы көлік инфрақұрылымын құру қажеттігі өңірлердің көлік жүйесін дамыту жөніндегі қағидаттық жағынан жаңа тәсілді талап етеді. Аталған жүйе өңірдің жалпы өңіраралық және мемлекетаралық шаруашылық процестеріне қолжетімділігін қамтамасыз ететін жергілікті даму аумақтарында көлік инфрақұрылымын шоғырландыруды көздейді.



Өңіраралық көліктік қолжетімділік пен елдің және өңірдің өзекті экономикалық орталықтарының, жұмыс орындарының, тұрғылықты жердің, өндіріс пен тауарларды тұтынудың байланыстылығын қамтамасыз ететін, бұл ретте барлық көлік түрлерімен неғұрлым көп өңіраралық жолаушы және жүк ағындары бар, көлік дәліздерінің инфрақұрылымдарына және агломерациялар ядросына барынша мұқтаж өңір аумағының бір бөлігі болып табылатын елдің өңірлерінде «инфрақұрылымдық орталықтар» қалыптастыру көлік жүйесін дамыту жөніндегі жаңа тәсілге айналады.

Аумақтарды дамытудың көліктік бағдарламасында өңірлердің аталған «инфрақұрылымдық орталықтарын» қалыптастыруға баса назар аударылады.

Көлік саласындағы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі салалық мемлекеттік орган 2014 жылғы бірінші тоқсанға қарай «инфрақұрылымдық орталықтарды» айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді.

Бұл ретте «инфрақұрылымдық орталықтарды» құру екі кезеңде жүзеге асырылатын болады:



  1. 2014 – 2015 жылдар – бірінші кезең пилоттық болып табылады, ол кезде жергілікті атқарушы органдар «инфрақұрылымдық орталықтарды» айқындаудың бекітілген әдістемесі негізінде өңірлердің «инфрақұрылымдық орталықтарды» қалыптастыруға неғұрлым әлеуеті бар бөлігін анықтау үшін кешенді талдау жүргізетін болады. Жергілікті атқарушы органдар жүргізген талдаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылған өңірлердің «инфрақұрылымдық орталықтарының» тізбесін бекітеді;

  2. 2016 – 2020 жылдар – екінші кезең, ол кезде «инфрақұрылымдық орталықтардың» көлік жүйесін дамытуға бағытталған өңірлердің «инфрақұрылымдық орталықтары» қалыптастырылатын және құрылатын толық ауқымды іске асыру кезеңі болып табылады.


6.3.4. Ауылды, шағын қалаларды және «шалғайдағы» өңірлерді сапалы көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету және өңірлердің қоғамдық көлік жүйесін дамыту
Аумақтарды дамыту бағдарламаларын көлік бөлімімен толықтыру кезінде жергілікті атқарушы органдар олардың өңірді дамытудағы басымдылығын, сондай-ақ аталған өңірлерде агломерацияларды дамыту қажеттігін ескере отырып, автостанцияларды, автовокзалдарды, жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін, такси тұрақтарын, жергілікті желідегі автомобиль жолдарын және ЖӘЖ әуеайлақтарын салу мен реконструкциялаудың егжей-тегжейлі тізбесін айқындайды. Жоғарыда көрсетілген барлық іс-шаралар аумақтарды дамыту бағдарламаларының көлік бөлімін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізіледі.

Бұдан басқа, аумақтарды дамыту бағдарламаларының көлік бөлімінде өңірлердің «шалғайдағы» елді мекендерінің өмірлік маңызы бар көлік инфрақұрылымын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады. Әрбір өңірде «шалғайдағы» елді мекендер тізбесі айқындалады, оларды сапалы көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету аумақтарды дамыту бағдарламаларының көлік бөлімін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізіледі. Аталған елді мекендерді көлік инфрақұрылымымен, оның ішінде жаңа маршруттық желілермен қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдар олардың экономикалық орындылығын және аталған өңірлердегі ауылды тірек елді мекендерді дамытуды ескере отырып, қаржыландыру тұрғысынан басым тәртіппен қарайды.

Аумақтарды дамыту бағдарламалары көлік бөлімінің тағы бір негізгі аспектісі қоғамдық көлік жүйесін дамыту болып табылады. Қазіргі уақытта өңірлердің жол инфрақұрылымы және қоғамдық көлік жүйесі тұрғындардың қоғамдық көлікті пайдалануын, сондай-ақ велосипедпен жүруін ынталандырмайды.

Осыған байланысты, аумақтарды дамыту бағдарламаларының көлік бөлімі өңірлерде жұмысты, білім беруді, сауда қызметтері мен денсаулық сақтауды қоса алғанда, тұрғындарға тіршілікті қамтамасыз етуге қажетті негізгі қызмет түрлерінің жайлы қолжетімділігін қамтамасыз ететін қоғамдық көлік жүйесін құру жөніндегі түбегейлі шараларды қамтитын болады.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе және Шымкент қалалары елдің бес агломерациясының орталықтары болып айқындалды.

Агломерациялық ареалдың шекарасын белгілеу үшін агломерация орталығына (өзек) бару үшін қажетті уақыт шығынын негізге ала отырып, агломерация шекараларын айқындауға негізделген изохрон әдісі пайдаланылды. Агломерация шекарасы ретінде бірінші деңгейдегі агломерациялар үшін 1,5 сағаттық изохрон (Астана, Алматы және Шымкент) және екінші деңгейдегі агломерациялар үшін 1,0 сағаттық изохрон (Ақтау және Ақтөбе) қабылданды. Осы әдістің көмегімен агломерация аумағы шегіндегі қоныстар айқындалды.

Аумақтарды дамыту бағдарламаларының көлік бөлімі көрсетілген өзек-қалалардың тиісті облыстарында агломерациялар ареалы ішінде, оның ішінде агломерациялар аумақтарының шегінде агломерациялардың өзектері мен қоныстар арасындағы «экономикалық арақашықтықты» қысқарту тұрғысынан көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қамтитын болады.

Бұл ретте, өңірлердегі қоғамдық көлік оларды пайдаланушылар үшін ғана емес, сондай-ақ көлік құралдарының энергия тиімділігі тұрғысынан қоршаған ортаны қорғау үшін де сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Айталық, қазіргі уақытта Қазақстанда тауарлардың өзіндік құнындағы тасымалдауға жұмсалатын шығындар 8-11 %-ды құрайды, бұл ретте аталған көрсеткіш өнеркәсіптік дамыған елдерде 4 %-да индекстеледі. Бұл ретте автомобиль көлігі, оның ішінде автомобиль тасымалдарының үлесі 87 %-ға дейін жететін көлік секторының негізгі энергия тұтынушы сегменті болып табылады.

Осыған байланысты, аумақтарды дамыту бағдарламаларының көлік бөлімі қалалық/өңірлік көліктің қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайтуды көздейтін энергия тиімді қоғамдық көлік жүйесін дамытуға да бағдарланады.

Осы тұрғыда жергілікті атқарушы органдар Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық көлікті газ отынына көшіру бойынша оң тәжірибесін қарайтын болады.

Жергілікті атқарушы органдардың аумақтарды дамыту бағдарламаларының толықтырылған көлік бөлімінің түпкілікті нәтижесі жолаушыларды автомобиль көлігінен қоғамдық көлікке ауысуға ынталандыру, сондай-ақ ауылдарды, шағын қалалар мен «шалғайдағы» өңірлерді сапалы көлік инфрақұрылымымен кешенді қамтамасыз ету болады.


6.3.5. Каспий маңы өңірінің көлік инфрақұрылымын дамыту
Халықаралық тәжірибенің негізінде Қазақстанның көлік-логистика жүйесін дамыту бойынша негізгі назар шекара маңындағы аудандардың, оның ішінде шығыс қақпалары – Қорғас және Достық арасындағы көлік торабының функцияларын қамтамасыз ететін батыс қақпаларына айналатын Ақтау теңіз портының ауданындағы көлік-логистикалық орталықтарды дамытуға бағытталады.

Осыған байланысты, қызметті үйлестіру және жоғарыда көрсетілген қақпалар арасындағы барынша тиімді байланысты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады, бұл Қазақстан арқылы Қытайдың батыс және орталық өңірлерінен Иранға, Парсы шығанағы елдеріне, Түркияға және Қара теңіз арқылы Еуропа елдеріне жүк тасымалдау үшін тиімді бағдар құруға мүмкіндік береді.

Айталық, 2012 жылы ұзындығы 146 км «Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» және ұзындығы 293 км «Жетіген – Қорғас» екі теміржол желісінің құрылысы аяқталды.

Аталған жобалар Қазақстан аумағы арқылы Қытай – Парсы шығанағы елдері бағытындағы тасымалдар арақашықтығын 1 000 км-ге, сәйкесінше жүк жеткізу мерзімін 3 күнге қысқартуға мүмкіндік берді.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта Достық және Алтынкөл станцияларынан Ақтау теңіз портына дейінгі транзиттік тасымалдау арақашықтығын 1 200 км-ге дейін қысқартуға мүмкіндік беретін ұзындығы 988 км «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісін салу бойынша жаңа жоба басталды.

Жоғарыда көрсетілген жобалардың бәрі Қазақстан аумағы арқылы, оның ішінде Ақтау теңіз порты арқылы Қытай Халық Республикасы мен Парсы шығанағы және Еуропа елдері арасындағы транзиттік жүктер көлемін арттырады, сондай-ақ экспортқа бағдарланған отандық өндірушілер үшін жоғарыда көрсетілген елдердің нарықтарына неғұрлым қысқа маршрутты ашады.

Осыған байланысты, тасымалданатын жүктердің, оның ішінде құрғақ жүктердің көлемі өсімінің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін өткізу қабілетін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдай отырып, Ақтау портының үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілетін болады.

Айталық, қазіргі уақытта Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, ол 2015 жылға қарай аяқталды. Аталған жобаның шеңберінде түбін тереңдету жұмыстары мен үш құрғақ жүк терминалының құрылысы жүргізілетін болады. Салынып жатқан терминалдардың бірі отандық астықты Парсы шығанағы елдеріне тасымалдауға арналған қуаты 1 млн. тоннаға дейін астық терминалы болып табылады.

Бұдан басқа, Ақтау портының 12-айлағы толығымен реконструкцияланады, сондай-ақ жаңа 11-айлақ салынады.

Сондай-ақ, тиеу-түсіру жұмыстары автоматтандырылып, Ақтау портының қойма операциялары оңтайландырылады, ол порттың өткізу қабілетін 1 млн. тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда көрсетілген жұмыстардың нәтижесінде «Солтүстік – Оңтүстік» және «Еуропа – Кавказ – Азия трансазия дәлізі», сондай-ақ Қазақстанның аумағында дәліз құрайтын «Шығыс – Батыс» халықаралық көлік дәліздерінің тиімді жұмыс істеуі қамтамасыз етіліп, Ақтау портының өткізу қабілеті 16,8 млн. тоннадан 20,5 млн. тоннаға дейін ұлғаяды.

Жоғарыда көрсетілген іс-шаралар Каспий маңы өңірінің Орталық және Шығыс Қазақстанмен экономикалық және географиялық байланыстылығын қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, Каспий маңы өңірінің сапалы инфрақұрылымын дамыту мақсатында Каспий теңізі акваториясының Атырау ауданында су көлігін дамыту, сондай-ақ Ақтау теңіз портының негізінде халықаралық деңгейдегі көлік-логистикалық хаб құру жөніндегі түбегейлі шаралар қабылданатын болады.

Аталған Бағдарлама шеңберінде автомобиль жолдары саласында «Атырау – Ақтау» автомобиль жолының «Бейнеу – Шетпе – Актау» учаскесі реконструкцияланады, бұл ретте «Бейнеу – Шетпе» учаскесі 2014 жылы пайдалануға беріледі.

Құрық кентінде жалпы ұзындығы 14,4 км жаңа «Ералиево – Құрық» теміржол желісі салынады.

Ірі кемелерді жөндеу бойынша сервистік көрсетілетін қызметтер деңгейін арттыру мақсатында Құрық кенті ауданында кеме жөндеу/кеме жасау зауыты салынады.

Сондай-ақ, Орал – Каспий бассейнінде жағалау инфрақұрылымы (крандар, қойма үй-жайлары және т.б.) бар өңірлік көлік-логистикалық орталық салынады.

Атырау облысында Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзені арқылы паромдық өткелдер жаңғыртылады.

Жоғарыда көрсетілген іс-шаралардың бәрі Каспий маңы өңірінің инфрақұрылымын дамытуға жаңа серпін береді, жаңа жұмыс орындарын құра отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді және аталған өңірді халықаралық деңгейдегі көлік-логистикалық хаб ретінде жаңа даму деңгейіне шығарады.
6.3.6. Көлік жүйесінің қолданыстағы инфрақұрылымын жетілдіру және жаңасын құру арқылы туризм индустриясын дамыту
Әлемдік экономиканы дамытудың заманауи шарттарында туризм жетекші және серпінді даму үстіндегі салалардың біріне айналып келеді. Дүниежүзілік туристік ұйымның (ЮНВТО – UNWTO) деректері бойынша туризм тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің әлемдік экспортында автомобильдер, химия мен отын өнімдері экспортына ғана жол бере отырып, 4-орын алады (7,4 %). Кірістілігі бойынша аталған сала мұнай өңдеу мен автомобиль жасау өндірісінен кейін әлемде үшінші орында.

Алайда, туристік-рекреациялық әлеуеті бай бола тұрып, Қазақстанда туризмді дамыту деңгейі жеткіліксіз. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі шамамен 0,3 %-ды құрайды.

Барлық өңірлерге тән елдің туристік саласының негізгі проблемалы мәселелерінің бірі – бұл туристер үшін тартымды аудандарда инженерлік-көліктік және туристік инфрақұрылымды дамытудың қажеттілігі.

Айталық, қазіргі уақытта елде туристік кластерлерді қалыптастыру мен ілгерілету бағыты басталды және республикадағы туризмді дамыту негізгі бес кластер бойынша қарастырылады:

1. Астана кластері – Астана қаласын, Ақмола облысын, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батыс бөлігін, Павлодар облысының батыс бөлігін және Қарағанды облысының солтүстік-шығыс бөлігін қамтиды. Астана қаласы кластердің орталығы болады.

2. Алматы кластері – Алматы қаласы мен Алматы облысының бір бөлігін қамтиды. Алматы қаласы кластердің орталығы болады.

3. Шығыс Қазақстан кластері Шығыс Қазақстан облысының солтүстік және шығыс бөліктерін қамтиды. Орталығы – Өскемен қаласы.

4. Оңтүстік Қазақстан кластері – Қызылорда облысының орталық және шығыс бөліктерін, Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік бөлігін және Жамбыл облысының оңтүстік-батыс бөлігін қамтиды. Шымкент қаласы кластердің орталығы болады.

5. Батыс Қазақстан кластері – бүкіл Маңғыстау облысын және Батыс Қазақстан облысының бір бөлігін қамтиды. Ақтау қаласы осы кластердің орталығы болады.

Жоғарыда аталған барлық кластерлерде табиғаты көркем жерлер мен мәдени мұра объектілеріне апаратын автомобиль жолдарын реконструкциялау, аудан орталықтарында жаңа автостанциялар салу, қолданыстағы автовокзалдарды стандарттарға сәйкестендіру және оларды әртүрлі тілдердегі туристік көрсеткіштермен жарақтандыру қажет.

Сондай-ақ қолданыстағы теміржол желілерін жетілдіру және жаңаларын салу, қолданыстағы шекаралық станциялар инфрақұрылымын жетілдіру, қалалар арасында жол жүру ұзақтығын қысқарту мақсатында жаңа (жоғары жылдамдықты) пойыздарды пайдалану, алыс шетелдермен халықаралық қатынастарды ашуды қамтитын, теміржол маршруттарын кеңейту қажет.

Туризмді дамыту мақсатында әуе көлігін дамыту үшін:

1) өткізу қабілетін арттыру мақсатында Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әуежайларын кеңейту;

2) Өскемен және Ақтау қалаларындағы әуежайларды жаңғырту;

3) Маңғыстау облысының «Кендірлі» курорттық демалыс аймағында әуеайлақ салу;

4) Катон-Қарағай ауданының Үлкен Нарын кентінде әуеайлақ және Шығыс Қазақстан облысы «Песчанка» курортына таяу жерде гидроұшақтар қонатын орындар салу;

5) Шарын шатқалында (Алматы облысы), «Катон-Қарағай» МҰТП, Марқакөл көлінің жағалау маңында (ШҚО), Шерқала таулы алқабы мен «Кендірлі» курорттық аймағында (Маңғыстау облысы) тікұшақ алаңдарын салу қажет.

Туризмді дамыту үшін су көлігін дамытудың да маңызы аз емес. Осыған байланысты қолданыстағы порттарды жетілдіру және жаңаларын салу, оның ішінде «Песчанка» курортындағы портты және Ертіс өзені бойындағы басқа порттарды, сондай-ақ Ақтау қаласындағы портты реконструкциялау қажет.

Бұдан басқа ішкі көлік инфрақұрылымын дамыту үшін:


  1. автобус аялдамаларын жаңғырту және қазіргі заманғы қалалық жолаушылар көлігімен қамтамасыз ету арқылы қолданыстағы жергілікті көлік қызметтерін жетілдіру;

  2. шолу экскурсиялары үшін туристік автобус маршруттарын ашу;

  3. көрсеткіштері бар аялдамаларды қамтамасыз етуді, жаңа автомобильдерді ескеретін жергілікті такси қызметтерінің сапасын айқындау мен енгізуді, сондай-ақ такси қызметтері бар/немесе талап етілетін барлық негізгі туристік қызығушылық жерлерінде жүру бағасы сапасымен сәйкес келуі қажет.

Сонымен қатар, өңірдің ірі қалаларында, сондай-ақ қазіргі заманғы стандарттар (көрсеткіштер мен тақтайшалар, тротуарлар, шағын сәулет объектілері, жайластырылған қоғамдық дәретханалар, мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін жайлылық элементтері) негізінде қолданыстағы курорттық аймақтар орталықтарында көше инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын әзірлеу қажет.

Туризм индустриясын сәтті дамыту туристік кластер ішінде және одан тыс жерлерді қосатын жоғары сапалы және дамыған көлік жүйесінің болуымен сипатталады.

Осыған байланысты осы Бағдарлама жаңа инфрақұрылымды құру және қолданыстағысын жетілдіру арқылы өңірлердегі туризм индустриясын тұрақты дамытуға да бағытталатын болады.

7. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері
Бағдарлама екі кезеңде іске асырылатын болады:

1-кезең: 2014 – 2016 жылдар;

2-кезең: 2017 – 2020 жылдар.

Осы Бағдарлама шеңберінде барлық нысаналы индикаторлардың мәндері көрсетілген екі кезең бойынша белгіленген.

Кезеңдердің әрқайсысында Бағдарламаның жылдар бойынша іске асырылу барысын және жүргізілетін іс-шаралардың көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытуға әсерін сипаттайтын көрсеткіштер анықталды.

Бірінші кезеңде (2014 – 2016 жылдар) барлық көлік салаларының (теміржол көлігі, автожол саласы, автомобиль көлігі, су көлігі және азаматтық авиация) одан әрі жұмыс істеуінің нормативтік-құқықтық, әдістемелік және институционалдық базасын жетілдіруге, оның ішінде өңірлердің «инфрақұрылымдық орталықтарын» құруға бағытталған шаралар кешенін өткізу болжанады.

Бағдарламаның бірінші кезеңі осы Бағдарламаны қабылдау сәтінде белсенді іске асырылу фазасындағы, оның ішінде 2017 жылғы EXPO-ға дайындық шеңберіндегі объектілер бойынша жобаларды аяқтауға және жаңа ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды бастауға да шоғырланатын болады.

Екінші кезеңде (2017 – 2020 жылдар) бірінші кезеңнің инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру жалғастырылатын болады.

Екінші кезең Бағдарламаны толық ауқымды іске асырумен сипатталады. Аталған кезеңде өңірлерде «инфрақұрылымдық орталықтар» құруды және транзиттік әлеуетті іске асыруды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы көлік инфрақұрылымын қалыптастыру жоспарланып отыр.

Аталған кезеңде Бағдарлама шеңберінде белгіленген барлық нысаналы индикаторларға қол жеткізу қамтамасыз етілетін болады, өз кезегінде бұл Қазақстан көлік жүйесінің озыңқы инфрақұрылымын құрады.

Айталық, 2020 жылға қарай негізгі инфрақұрылымдық жобалар: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық – Батыс», «Жезқазған – Бейнеу» және «Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту» жобаларын іске асыру аяқталатын болады.

Бағдарламаны сәтті іске асырудың көрсеткіші Қазақстанның көлік жүйесінің барлық секторларын – инфрақұрылымның сапасын, кеден тиімділігін, халықаралық тауарлардың жеткізілімін ұйымдастырудың қарапайымдылығын, жүкті қадағалау мүмкіндігін, жүктерді жеткізу мерзімін сақтау мен логистикадағы құзыреттілікті дамытуды көздейтін Дүниежүзілік банктің логистика тиімділігі индексіндегі (LPI) позициясын жақсарту болып табылады.

Осылайша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жоғарыда көрсетілген рейтинтегі позициясын 40-орынға жеткізу болжанады.

8. Қажетті ресурстар
Осы бағдарламаны іске асыру үшін шамамен 5220000 млн. теңге мөлшерінде қаражат жұмсалады, оның ішінде қаржыландыру түрлері (млн. теңге) бойынша:



Қаржыландыру көздері

Қажетті қаражат

(млн. теңге)*



БАҒДАРЛАМА БОЙЫНША БАРЛЫҚ ШЫҒЫНДАР:

5220000

1.

Республикалық бюджет

2724245

2.

Ұлттық қор

234000

3.

Жергілікті бюджет

178068

4.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниялар тобының меншікті және қарыз қаражаты**

1535565

5.

«АХТСП» ҰК» АҚ меншікті және қарыз қаражаты

24640

6.

«Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС қарыз қаражаты

12000

7.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік

146498

8.

Жеке инвестициялар***

276005

9.

Ақылы қызметтерден түсетін алымдар

88980

Ескертпе:

* Бағдарлама іс-шараларын іске асырумен байланысты бюджеттік қаражаттың көлемі мемлекет экономикасының макроэкономикалық көрсеткіштерін және республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің мүмкіндіктерін, сондай-ақ республикалық бюджетке Ұлттық қордан трансферттің болжамды көлемін негізге ала отырып, тиісті жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.

** Бұл ретте, республикалық бюджеттің мүмкіндіктерін негізге ала отырып және «ҚТЖ» ҰК» АҚ орта мерзімді кезеңге арналған Даму жоспарын түзетуге сәйкес теміржол саласының инвестициялық жобаларын қаржыландыру көздері мен көлемдері өзгеруі мүмкін.

*** Жеке инвестициялар көлемін сыртқы және ішкі параметрлер мен факторлар өзгерісінде түзету мүмкін.

Аббревиатуралардың толық жазылуы


«АХТСП» ҰК» АҚ



«Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы

«ҚТЖ» ҰК» АҚ



«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы

АКҚ



автокөлік құралдары

ҮАААЖ



Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы

ІЖӨ



ішкі жалпы өнім

ИКАО



Халықаралық азаматтық авиация ұйымы

ХТҰ



Халықаралық теңіз ұйымы

КТҚС



Каспий теңізінің қазақстандық секторы

МТЖ



магистральдық теміржол желісі

ҚР



Қазақстан Республикасы

ТМД



Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы

IATA



Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы

FIDIC



Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы

ISAGO



Жерүсті қызмет көрсету қауіпсіздігі жөніндегі аудит

LPI



Логистика тиімділігі индексі

ААШШ



Авариялар мен апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі

_________________________






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет