Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі меңдігүл шындалиева омбы өҢірі қазақтарының Әдеби шығармашылығЫ


БАЙСЕРКЕ ТҮГЕЛҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ



бет2/14
Дата11.06.2016
өлшемі1.11 Mb.
#128716
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

БАЙСЕРКЕ ТҮГЕЛҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ
Байсерке Түгелұлы 1779 жылы қазіргі Павлодар облысының осы күнгі Ертіс ауданында туып, 1879 жылы қазіргі Омбы облысы, Назыбай ауданында дүние салған. Кейбір деректерде бұл адамды 1760 жылы туып, 1841 жылы қайтыс болған делініп те жүр. Бұл шындыққа онша жанасымсыздау, дұрысы - алдыңғы мезгіл. Абыздың жүз жасағаны рас. Оған дәлел болатындай халық аузында «Жас Нұралыға айтыпты» деген мынадай сөз бар. 1868 жылы патшаның «Ережесі» (Жаңа Низам) бойынша Ереймендегі Қанжығалы руынан жаңадан үш болыстық - Ереймен, Қоржынкөл, Сілеті пайда болады.

1869 жылы Қоржын болыстығынан Ерейменге болыс болып Жаманның Кәрібайы, Саққұлақ шешеннің кіші баласы - Нұралы сайланады. «Тоқсанға келген Орта жүздің ақсақалының батасын алып келіңдер», - деп қоржындарын сәлемдеме мен сыбағаға толтырып, Саққұлақ би екі болысты Байсерке абызға жібереді. Байсерке екі жас болысқа құрмет білдіріп, қарсы алады. Осы жолы Нұралының жасын сұрайды. Ол 20 жасқа келгенін айтады. Қарт абыз біраз ойға шомып былай деген екен.


Жиырма бесте ер жігіт,

Жарда ойнаған лақтай.

Отыз беске келгенде,

Ағып жатқан бұлақтай.

Қырық беске келгенде,

Селдіреп біткен құрақтай

Елу ердің жасы екен,

Алпыс пәленің басы екен.

Жетпіс сұмдықтың қасы екен

Сексен келіп бүйірден,

Шығарады тоқсан үйірден.

Тоқсан деген жаман жас,

Шоңқайып атқа міне алмас.

Қара тауды қар басты,

Қара бұлақтан су ақты.

Екі көзден нұр қашты,

Тұла бойды шыр басты.

Шаттық кетіп көңілден,

Оның орнын шер басты.

Мойыл таяқ ат болды,

Қуат қашып бойымнан,

Жүру-тұру қат болды.


Осы сөздің Бұқар жыраудың «Жиырма деген жасыңыз» деген толғауымен мазмұн мен идея жағынан жақындығы байқалады:
Жиырма деген жасыңыз,

Ағып жатқан бұлақтай.

Отыз деген жасыңыз,

Жарға ойнаған лақтай.

Қырық деген жасыңыз,

Ерттеп қойған құры аттай.

Елу деген жасыңыз,

О да бір көшкен ел екен.

Алпыс деген жасыңыз,

Қараңғы тұман түн екен.

Тоқсан деген жасыңыз,

Ажалдан басқа жоқ екен. [15,27-б].


Біздің келтірген мысалдарымыз жекелеген жағдай емес. Бұқар, Үмбетей, Шалкиіз, Қазтуған, Дулат т.б. жыраулар туғызған көркем толғаулардың аздап болса да өзгерген, жаңаша айтылған түрін өзге билер, шешендер, ақындар шығармашылығынан көп ұшыратамыз.

Байсерке абыздың көргені көп, білгені ұшан-теңіз. Оның өмір туралы толғауы бір ғасырдың жиыны, адам өмірінің тарихы іспеттес. Ол біреуден қорлық көрдім, біреуден зорлық көрдім демейді. Ақылды, ақылгөй қарияларға тән қорытынды жасап барып тоқтайды. Жоғарыдағы кездесу 1869 жылы болған деседі. Сол кезде 90 жасқа толған Байсерке абыздың 1779 жылы туғандығы рас болып шығады.

Осы абыздың 100 жасағанын дәлелдейтін сөз қалған. Есіл мен Ертіс аралығындағы елдердің жақсысы мен жайсаңы абыздың үйіне жиналады. Ойлары жүзден асқан аяулы қарттың көзі тірісінде бақұлдасу екен. Сонда абыздан «Дүниеде не сый көрдіңіз?» деп сұрағанда:
Дүние деген - бір қу екен,

Заһары күшті у екен.

Тұрағы жоқ бірінің,

Ағып жатқан су екен.

Қалағаныңды бермейді екен,

Әбден тонап алған соң,

«Кет» деп қолын сермейді екен.

«Кет» деген соң жатырмын кетейін деп,

Қамданып шын дүниеге жетейін деп.

Зор ием тілегімді қабылдаса,

Қайырды енді содан күтейін деп.

Уа, жұртым! Уа, бауырым, амандастым,

Келмейтін ұзақ жолға қадам бастым,

Бәрінен ғафу сұрап, үлкен-кіші,

Ақырғы лебізіммен мен қоштастым![16],-
деген екен. Мұндай қоштасу өлендері жайында М.Әуезов: а) жермен, елмен қоштасу, Ай, Таңсық өлеңдері, Сарыарқамен қоштасу, Күдері Қожаның Қарқаралыдан ауарда айтқаны; ә) өмірдің өткен шағымен қоштасу - Сарыбай ақынның Қуандық деген қызына айтқан сөзі, Кемпірбайдың Әсетке айтқан өлеңі; б) өтіп бара жатқан заманмен қоштасу (Қаратоқа Есет бидің еңкейген шақтағы өлеңі, Тезек төренің «Сексен» деген өлеңі) - сияқты түрлерге бөлінеді» [17,29-30-б], - дейді.

Қоштасу, бақұлдасу туралы Сәкен Сейфуллин: «Сыршылдық өлеңдерінің ертедегі шыққан айқынырақ бір түрі»[18,129-135-б],-деп сипаттама береді. Жоғарыдағы толғауда Байсерке төрт құбыласы сай, шаруасы дұрыс адам сияқты. Жасының ұлғайғандығын, қарттықтың қауқарсыздығын сөз еткен.

Байсеркенің әкесі Абылай ханмен тұстас, оның батырларымен де жақсы болғанға ұқсайды. Қалмақтарга қарсы соғыстарда аты шыққан батыр болған дейді кейбір ауызекі шежірешілерде.

Түгел батыр туралы халық аузында мына сөзді Павлодар облысының тұрғыны Қазыбек Нұралин жазып алған екен.

Ақтабан шұбырындыдан кейін Сілеті өңірін басып алған жоңғарлар бұл жердегі қазақтарды ата қонысына маңайлатпай қояды. Басқыншыларды бұл өңірден қалай қуу жөніндегі қыпшақтың Түгел, Жазы, Қошқарбай есімді үш батыры ақылдасады да, әрқайсысы мүмкіндігінше қол жинауға уағдаласады. Қай бұрын келгені белгілі тұсқа жалау желбіретіп қоятын болады.

Тізе қосқан үш батырдың жасақтарымен қалмақтардың соғысы қазіргі Көкшетау облысы мен Ертіс ауданының шекарасына таяу тұста өтсе керек. Жекпе-жекте Түгел батырға қалмақтың батыры төтеп бере алмайды. Соғыс қалмақтың жеңілісімен аяқталады. Бірақ Жазы батыр қалмақтардың от шашқан оғына тап болып, қаза табады.

«Інімнің сүйегін тауып, туып-өскен жеріне жеткіземін», - деп, Жазы мәйітін әкеле жатқанда Түгел батырды жоңғарлардың алтынға сатылған жансызы у беріп өлтіреді. Қазір оның мәйіті Көкшетау облысының «Жуантөбе» деген қонысында жатыр. Түгел батыр жағасына жалау тіккен көлді жұртшылық сол кезден бастап «Жалаулы көл» деп атап кеткен. Бұл көл қазіргі Ертіс ауданы мен Ақтоғай ауданының шекарасында. Жуықта Ертіс қалашығының бір көшесі осы көлдің құрметіне «Жалаулы» деп аталды.

Жоңғарлармен соғыста көзге түскен осы өңірге мәлім Қожым деген батыр да болған. Қожымның мәйіті Түгел батыр мәйітімен қатар жатыр. Себебі, елдің айтуынша, Қожым батыр дүние саларда «Өмірім Түгел батырдың панасында өтіп еді, қабірім де соның ық жағында болса екен!» - депті. Осы өсиетін аталастары орындаған екен.

Байсеркенің әкесі Түгел батырдың есімі Омбы өңіріне де кең тараған. Ол авторы белгісіз «Ермек қиссасында» Ермек батырдың қолынан қаза табады. Бұл қиссадағы оқиғалар XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында өткен. Ол дастандағы Түгел батыр Байсеркенің әкесі ме, оны әлі зерттей түсу керек.

Көп әңгіме-аңыздарда Байсерке сөздері «Байсерке шешен» айтты деп емес, «Байсерке абыз айтқан сөздер» болып таралған. Байсерке Түгелұлының не үшін абыз атанғаны туралы қысқаша тоқталайық.

Біріншіден, Байсерке сөздерінің бәрі де оның турашылдығын, әділдігін, халықшылдығын, ел қамқоры болған қария екендігін дәлелдейді. Екіншіден, абыз деп көпті көрген, көп білетін, көсем адамды айтқан. Байсерке осы дәрежедегі шешен ретінде танылған.

Абыз деген сөзге "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде" [19,38] былай деп анықтама береді:


«Жасамыс жазы да кәріліктің,

Тыңдадым ән ырғағын, сазын ұқтым.

Абыздың ақылындай шалқып жатыр,

Таудағы тасын шағып тамызықтың».



(Ж.Сыздықов. Белестер)
«Абызы Абай болса, сопысы сұрқия болар ендігінің»

(М.Әуезов. Абай жолы).
«Абыз - көріпкел. Мұқаңның бұл ақыны өткенді баяндайтын шежіре немесе болашақты болжайтын абыз емес»

(А.Жұбанов., М.Төлебаев).
«Баяғыда қыпшақ елінде Байсерке деген айтқыш болыпты. Оны ел дуалы ауыз, абыз деп атапты»

(С.Ғасиманов. Сиқырлы сыбызгы).

Осы түсіндірме сөздіктен келтірілген үзінділеріміз абыз сөзінің мәнін толық ашып беріп отыр.

«Қазақтың би-шешендері» атты кітапта: «Қыпшақ руынан шыққан Байсерке абыз қай кезде, қай елде өмір сүргені белгісіз» [20,310-б] деген сөздердің ағаттығы бар.

Байсеркенің ата-жайлауы Қызылқақ сорының төңірегі деген пікірді шежірешілер дәлелдеп жүр. Тағы да жоғарыдағы кітапта «Байсерке қызыл тілге қырып салма шешен болғанымен, алдында айдап жүретін дәулеті жоқ, шекесі шытынаған тақыр кедей, әрі кіндігінен бала көрмеген, жарлы адам болған»[21,310-б],- дейді. Мұны біз тағы жоққа шығарамыз. Оның дәлелі: ел аузыңда күні бүгінге дейін сақталған мынадай сөз қалған.

Байсеркенің ұлы болмағанымен, екі қызының бірі қыпшақ Қошқарбай батырдың көп балаларының біріне тұрмысқа шыққан екен. Сағынған қызын, одан туған жиендерін көріп қайтуға бір жазда Байсерке абыз Ертістен Есілге барады, құдасы Қошқарбай батыр Байсеркемен сыйлы қонақ болуға көршісі Жайықбай биді (аға сұлтан Ыбырайдың әкесі) шақырса керек. Аға сұлтан баласын арқаланап, Жайықбай басқаға сөз кезегін бермей, жүйесіз сөйлей берсе керек. Сөздің бір үзілген кезінде Байсерке абыз:
Нақ бедеу мен қазан ат

Шабына түртсең теппейді.

Нәсілі жақсы азамат,

Шамдандырсаң сөкпейді.

Негізі жаман адамдар,

«Сен» дегенді көксейді.

Іс түскенде басыңа,

Туысың келер қасыңа.

Түбі бірге кетпейді,

Туысқа ешкім жетпейді.

Байлауы жоқ шешеннен,

Үндемеген есті артық.

Парадан алған түйеден,

Адалдан жиған ешкі артық.

Білмей лағып сөйлеуден,

Үндемеген бесті артық, -


деп Жайықбайдың лағып сөйлеуін су сепкендей басқан екен.

Байсерке абыздың сөздері көбінесе Қазақстанның солтүстік облыстары мен Омбы облысы жерінде сақталған. Ауыздан ауызға көшкенімен өзгеріске ұшырай қоймай, халықтың өзімен бірге жасасып келген. Байсеркенің жиырмадан астам сөздері нақты өзінің сөздері болып қабылданып жүр. Байсерке Түгелұлының негізгі шығармалары мына кітаптарда: «Шешендік сөздер» - А., 1992. «Қазақтың би-шешендері». - А., 1993., «Тозған қазды топ-танған қарға жейді». Құр.: Б.Адамбаев - А., 1991. «Билер сөзі». - А., 1992., «Жұлдыз» журналының 1992-1993 жылғы сандарында жарық көрген. Павлодар облысына белгілі қарт шежіреші Қазыбек Нұралин мен Омбы облысы Табыршан ауданының тұрғыны Ғалымжан Нығметов, Омбы қаласының тұрғыны Қали Кенжебаев ақсақалдардың Байсерке Түгелұлы шығармаларын халық аузынан жазып алып, сақтаған материалдарын да зерттеу барысында керегімізге жараттық.

Байсерке абыздың сөздерінің күшінде өлшеу жоқ, көркемдігі де жоғары. Шешендік сөздердің қыр-сырын зерттеген ғалым Б.Адамбаевтың: «Асыл маржан ару мойына алмас қылыш ер қолына қарататыны сияқты сөз асылы да өз орнынды құнды. Сан ғасыр халық жадында сақталып, жатталып, көптің талғамынан, ой елегінен өткен мақал-мәтел, терме, шешендік сөздер ақындардың өлең-жырларында, шешендердің даналық толғауларында ашылады, айқындалады, ал ақындар мен шешендер әлденеше ұрпақтың сана-сезімін аралап, көптің көкейіне орныққан ойлы, сырлы сөздерді жаттап, жадында сақтайды, керекті, кезекті жерінде жаңартып, жасартып, кәдеге жаратады»[14,12-б], - деген тұжырымының Байсерке Түгелұлына да қатысы бар. Байсерке де өзіне дейінгі шешендер сөздерін жақсы біліп, әрі қарай жалғастарушы, үлгі-өнегелік мәні бар сөздерді айтушы. Оның толғау түріндегі шешендік сөздеріне: «Баланы балдан тәтті демеңіз», «Жамандардан би қойсаң», «Өлшеп асқан асқа да», «Ата-анаң бар болса», «Дұшпаннан ақыл сұрама» тағы басқа толып жатқан толғаулары жатады.

Байсерке абыз жақсы би мен жаман биді былай салыстырады: «Жамандардан би қойсаң, алмастырар еліңді, Жүлделі сөзге бара алмай, Сындырар күнде беліңді. Жақсылардан би қойсақ, бәйге атындай сенімді»,- дейді. Жақсы биді танып барып қою керек екенін мойындатады.

Халыққа таныс суреттерді көзге елестету арқылы, адамдардың іс-әрекеті, мінез-құлқын шендестіру арқылы көрсетіп, айтпақ ойын, өмірден білген-түйгендерін баяндау арқылы ашық жеткізіп отырған.

Байсерке абыз сөздері мазмұн, түр, тақырып жағынан әр салалы. Көп сөздері бала тәрбиесіне, ел басқару өнеріне, билерге арналып айтылған. Жамандық пен жақсылық, дос пен дұшпан, әке-шеше қадірі, әйел ақылы, тағы басқа толып жатқан тәрбиелік мәні зор мәселелердің біразының басын қозғайды.

«Ділмарлық сөздерде жинақтаушылық, синтездеушілік басым, ой тереңдігі, өткірлігі, қысқалық, яғни ақыл мен сұлулықтың тұтаса түзілген құймасындай, жауһардай жарқыраған тобықтай түйін»[21],-деген қорытулардың маңызды екенінде күмәніміз жоқ.

Байсерке абыздың қайсыбір сөзін алып қарасаңыз да ділмарлыққа толы, өмір шындығын көрсетеді, салалы, салиқалы ойды алдыңа тартады.

Байсерке абыз көп елді, көп жерді аралаған, Баянауыл дуанындағы Шоң мен Торайғыр биді жақсы білген, олармен тығыз қарым-қатынаста болған. Олай дейтініміз: бірнеше шешендік сөздері осы билер есімдерімен, солардың жеке істерімен байланысты болып келеді.
Торайғыр мен Шоң келді,

Аз ғана емес мол келді.

Соймайын деген ойым жоқ,

Сояйын десем қойым жоқ [22,206-б].


Осы шумақ Шоң мен Торайғырдың Байсеркемен байланысын, таныстығын дәлелдейді. Демек, абыз ел жақсыларының біразын біліп, көзімен көріп, аралас-құралас болған. Оның шешендік сөздерінде осы билер сөзімен сабақтастық, мазмұндастықтың болу себебін осымен дәлелдеуге болады.

Жоғарыда біз Байсерке кедейлікті айтпайды, кәрілігін айтып қана шағынады дегенбіз. Мына сөздің соңғы тармағы дегенмен Байсеркенің аса шаруалы болмағандығынан да хабар береді.

Байсерке абыздың сөздері бүгінгі күнге дейін маңызын жоймаған, бүгінге арналғандай әсер етеді. Олай дейтініміз - әр сөзі бұлтақсыз, өткір айтылғандығымен, мазмұн жағынан жанасымды.

«Бәйгеге ат қоссаңыз»[22,206-б] ,-деп басталатын сөзі өмірлік тәжірибесі мол, ақылгөй адам аузынан шыққан философиялық даналық деуге болады. Онда әлеуметтік өмірдің күрделі, түйінді сауалдарына жауап іздеп, өзін қоршаған әлеуметтік ортадан хабар береді, көрген-білгендерін таразылайды, бағалайды. Қазаққа тән ұлттық қасиеттердің бірі - әке-шешені қадірлеу, балаға дұрыс тәрбие беру. Бұл жөнінде абыз талай сүбелі сөз айтқан.


Әдепті қыз, ақылды ұл,

Өкпе-бауыр жүрегің.

Өз балаңнан кем емес,

Жақсы болса күйеуің [20,311-б].


Қай заман жасына да үлгі, өнеге боларлық ақыл-нақыл қалдырған абыздың «Асыраған, сақтаған» деп басталатын толғауы әке-шеше алдында жастар қандай міндетті болса, әке-шеше де бала алдында сондай міндетті дегенді білдіреді.

Тәрбие мәселесі қай уақытта да жай мәселе болмаған. Ол абыз сөздерінде де мәнін тереңдете түседі.


Қылығы жақсы қыз бала,

Қыз да болса ұлмен тең.

Қылығы жаман ұл бала,

Ұл да болса қыздан кем. [20,311-б].


Өмірдің қуанышы да, қайғысы да, әке мен бала, шеше мен қыз арасындағы кейбір келенді-келеңсіз іс-әрекеттер жайлы абыздың айтқан сөздері бүгінгідей естіледі.
Ілгері басқан адамға,

Ырыздықты ырыс қонар.

Ынтымағы дұрыс болар,

Баласы табысты келер,

Келіні епті келер

Қызы қылықты болар,

Ағайыны қоғам болар [20,311].
деп, баланы дүниеге әкелдің екен, баға да, баули да біл деп үйретеді. Өмірдің гүлі, тіршіліктің тірегі ата мен ана, бала үшеуін де адамдық парызды ойлауға үндеуі заңды құбылыс. Бұл ақыл мен аманатты орындау кез-келген адамның арман-тіиегіне жетудің даңғыл жолы екендігін көрсетеді. Мұның бәрі ақылгөйсу, ділмарлық емес, керісінше, адам тәрбиелеудің ақиқат үлгі-өнегесі. Осы пікірін абыз тағы бір толғауында былайша тереңдете түседі:
Баланы балдан тәтті демеңіз,

Үй құрары белгісіз.

Әйелді асыл тек демеңіз,

Кім болары белгісіз.

Үйді қамал демеңіз,

Көп тұрарың белгісіз.

Қазы-қарта, жал-жая,

Күнде жерің белгісіз.

Бақыттымын демеңіз,

Бақ тұрары белгісіз.

Алты баланы,

Бір әке асырайды,

Алты бала,

Бір әкені асырай алмайды.

Ал, әлеумет, бұған не дерсіз?!
Х.Досмұхамедов: «Халық әдебиетінің тағы бір түріне болжал өлеңдер (предсказывательные песни) жатады»[23,69-б],- дейді. Қазақ тарихында болатын баянсыз тағдыр, ел мен жер, адамның азып-тозуы жақындады дегенді айта келіп Байсерке осы жаман әдеттерден арылуды әрқашан еске салып отырған. Жоғарыдағы сөздер өткен заман үшін де, бүгінгі күн үшін де әлі күшін жоймаған. Шынтуайтында, оларды қазіргі күн адамдарының да ақыл-кеңесіндей қабылдауымызға әбден болады. Жаманшылық, бөспеліктен де, тым қанағатшыл болудан да сақтандыра отырып, адам бойына жақсылық шапағатын дарытпақ болады. Әсіресе, «Алты баланы бір әке асырайды, алты бала бір әкені асырай алмайды» - дегені бүгінгі күні бүкіл адамзаттың үлкен дертіне айналып отырғандығын абыз көріп келгендей. Бұл көрегендік - Байсеркенің қас шешендігінің, дана ақылгөйлігінің дәлелі.

Сонымен қатар абыз өмір иірімдерін, қазақ шаруашылық кәсібі жайында да ұтымды пікір қозғайды. Мысалы, жылқы оның қасиет пен қадірі туралы тәлім боларлықтай төмендегідей шешендік билік қалдырған.


***

Тұлпардан мәстек озып бәйге алар,

Қан түсіп аяғына шабандаса.

***


Ат қадірі желгенде білінеді,

Ер қадірі өлгенде білінеді.

***

Жақсылардан би қойсаң,



Бәйге атындай сенімді

***


Жүрмейді арғымақтың қатарында,

Өгізге алтын теңдеп айдағанмен.


Осы тармақтардың өткен үшін де, бүгінгі болашақ үшін де үлкен маңызы бар. Әсіресе қазіргі жылқы қадірі төмендеп, техникаға иек артқан заманда асыл тұқымды жылқы көлік үшін де, азық үшін де қол жетпейтін қазынаға айналды. Абыз сөзін түсіне оқыған адам сол бір қымбат түліктің қайта түлегенін қалайтыны қақ.

Шешендік сөздерде көп қолданылатын шендестіру туралы А.Байтұрсынов: «Екі нәрсе қатар, яки қарама-қарсы келгенде, арасындағы айырым көзге көбірек түседі. Биік пен аласа, ұзын мен қысқа, көрікті мен көріксіз, ғалым мен надан қатар келгенде, араларындағы айырмасын анық көреміз»[24,171-б]-, десе, шешендік сөздерде көп кездесетін көркемдегіш құрал теңеу туралы академик З.Қабдолов: «Мұнда суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді»[25,212-б],- дейді. Ал, ауыстыру туралы да З.Қабдолов: «Сөздердің әдеттегі грамматикалық түзілу тәртібінен тыс, орындарын ауыстырып, өзгеше тіркестер құру»[25,212-б],- деп анықтама береді. Байсерке шығармаларында да осы шендестіру, теңеу, ауыстыру сияқты әдіске құрылған бейнелі сөздер көп кездеседі. Оны бұрынғы ауыз әдебиетінен үйреніп, өзі дамытқан. Сырт қарағанда олар таныс, естіліп жүрген сөздер сияқты. Бірақ абыздың қолданысында таныс сөздер түрленіп, жаңа өң беріп, жаңа мағынаға ие болады. Көп сөздері ақыл-нақылға, мақал-мәтелге айналып кетеді. Қазақта «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» дейтін мақал бар. Соны абыз түрлендіріп:


Ағаң болса ақылды,

Жел жақтағы тіреуің.


дейді. Мақал жаңаша түрленіп, қанатты сөзге, ақыл-кеңеске айналып кеткен. Анығында қуаты мол, әсері мақал-мәтелден әлдеқайда күштірек шыққан.

Ғалым М.Базарбаевтың қоғамның, әлеуметтің, тұрмыстың өзгеруіне байланысты айтқан: «Көркем әдебиет санадағы құбылысты бейнелеген. Бұрынғы мен қазіргіні салыстыру, шеберлік сыңасу, жаңалықтарға байланысты жаңа баламалар іздеу жалпы талапқа айналады»[26,118-б] дегенінің Байсерке мұрасына тікелей қатысы бар.

Абыздың енді бір сөздері оқу-өнерге, ғылым-білімге үндеген үгіт-насихат түрінде кездесетін сөздері де мол. Ол әйтеуір оқу керек демейді. Білімді мен надаңды салыстыра көрсетіп, білімнің, өнегелі адамның артықшылығын нақты нәтижемен дәлелдейді. «Білімдінің сөздері» аталатын толғауы осындай. Осы толғауда өмірдегі бір жайдың мәнін түсіндіру үшін абыз сөздерді жарыстыра салыстыруды қолданған. Ұзақ пен тұйғынды салыстырады. Тұйғын ұзақ бола алмайды, ұзақ тұйғын бола алмайды деп түйеді.
Дауыл болмай, жауын болмас,

Ит күшіктеп сауын болмас.

Екі жалқау бірігіп ауыл болмас,

Ауыл болса да тәуір болмас.


Немесе,
Жаман еркек жер қадірін білмес,

Жетесіз жігіт ел қадірін білмес.

Жалқау адам тер қадірін білмес,

Жайсыз әйел ер қадірін білмес,-


деген шумақтарда соңғы сөздер мен соңғы буындар үнемі қайталанып отыр. Осы қайталаулар бұл толғаудың өлеңдік қасиеті мен мазмұнын арттыра түседі. Қысқасы, тыңдаушының назарын аударады. Саналы, сөз түсінеді деген адамға кәдімгідей сабақ мысал рөлін атқарады. Шумақтың көркемдік өлшемі әрбір тармақтағы қайталау арқылы жоғарылай түседі.

Байсерке абыздың тағы бір қозғаған үлкен мәселесі - адамның мінезі, әрқилы қылығы туралы, өз заманымыздағы адамдардың жаман іс-әрекеті, теріс ниеттерін сынай отырып, одан арылуға шақырған. Кейде абыз көп адамдардың көзіне түсе бермейтін ұсақ-түйек ұнамсыз мінез-құлықтарды байқағыш келеді. Одан жирендіреді. Мысалы,


Өлшеп асқан асқа да,

Өлшеулі болар қонағы.

Онымен бірге отырар,

Ақылсыз ауыл салағы.


Байсеркенің терең мазмұнды нақыл сөздерінің тууына әсерін тигізген көшпелі қазақ халқының тұрмысы, салты, санасы екенінде күмән жоқ. Абыздың кейбір сөздері ереже, заң сықылды болып келеді. «Біреу - жылқының дүлдүлі, біреу - құстың бұлбұлы», «Жетесіз жігіт ел қадірін білмес», «Дұшпаннан ақыл сұрама», «Жауығатын күнара», «Жамандардың мінезі - асуы жоқ белмен тең» сияқты сөздері - қаншама заман етсе де мән-маңызын азайтпаған көрегендік белгілері. Мұндай даналықты даналар ғана айта алады.

«Байлауы жоқ шешеннен»[20, 312-б],- деп аталатын толғауы Байсеркенің әділ жанды, ақ жүрек шешен екенін танытады. Бәлкім, Байсерке заманында пара беру, пара алу күшті де болмаған болар. Бірақ мұндай адам құлқындағы жағымсыздықтың болғандығы рас-ты. Жоғарыдағы сөз - соның куәсі. Қазақ қоғамында параның тууы атап айтылмаса да, оның қайдан, неге туатынын білуге болады. Бірақ пара ешкімді де мұратқа жеткізген емес. Керісінше, ол адамның беделіне дақ салатын, кісілігін төмендететін қылық есебінде бағалануы керек. Сөз соңында:


Парадан алған түйеден,

Тәңірім берген ешкі артық,-


дегені бойға жұқпайтын парадан, еңбекпен тапқан табыс тәтті дегенді ұқтырады.

Бір жолы абыз аты шулы шешенмен айтысып, қай жағынан келсе де жеңе беріпті. Жеңе алмайтынын білген шешенге әйелі кеңес беріп, үй-жайының кедейлігін бетіне бассаң, сүрініп жығылар деп ой тастапты. Әлгіні тыңдаған шешен жігіт:

- Абыздың өзі сайрап, көзі жайнап тұр екен, үй-күйі өзіне сай шығар,- депті. Сонда Байсерке мүдірместен:
Иә, үйім бар,

Адам айтса нанғысыз.

Алпыс үйрек қамаса,

Бірін ұстап қалғысыз.

Сіздің үйді көрген жан,

Біздің үйге барғысыз.


Осы сөздеріне қарағанда Байсерке абыз байлық пен салтанатты үйге табынбаған. Кедейлігіне ешқашан арланбаған. Бірақ осы сөзде шындықтан гөрі кекесін, зіл бар.

Өмірде әлеуметтік маңызы бар тақырып жақсы мен жаман адам туралы болса, Байсеркенің де көп көңіл бөлген мәселесі осы болған. Осы мәселені тақырып етіп алу үшін заман талабына сай, тілек-мүддесін көздейтін сүбелі сөз, ұстамды билік, күрделі пікірлер айтқан. Адам табиғатына үңіле қарап, зерттеп барып қорытынды шығарып отырған.

Адам және оның мінез-құлқы туралы сөздерінде байқағыштық, адам қадірін бағалағыштық мазмұн, терең ой жатады. Мінезі жаман адамға жуысып береке таппайсың, жақын досқа өтірік айтсаң кешірмейді дегенді айтыңқырайды. Үлкен ақылгөй қария аталық кеңеске мән беріңкірейді. Әр сөзі жақсы, яки жаман адам бейнесін елестетеді.

Өмірді босқа өткізбей, өмірден өз керегіңді дер кезінде ала біл деген сияқты тәрбиелік мәні бар пікірлер ұсынған тұстары да баршылық.

Ғалым Р. Бердібаевтың: «Жыраулар өздерінің шығармаларында қоғамдық мәні зор, бүкіл халықтық сипаты бар, ал тағдырына тікелей қатысты ірі мәселелерді ғана тақырып еткен»[27,8-9-б],- деген сөзінің Байсерке Түгелұлына да тиесілі екенін айтпауға болмайды. Абыздың белгілі бір тарихи оқиғаларға, жеке тұлғаларға байланысты айтқан сөздері де сақталған. Мысалы «Шоң мен Торайғырға айтқаны», «Желке бимен қоштасқаны», «Қоңырат Жайымбай датқаға айтқаны» дейтіндер осындай.

Сөзге бөгелмейтін тапқыр шешен өз заманына біреуді жөнсіз мақтамаған, жарамсақтанбаған.

Халық аузында Шоң мен Торайғыр бір-бірмен өкпелесіп Торайғыр көшіп бара жатқанда Байсерке абыз айтты деген мынадай тоқтату сөзі бар:

Әлі де тоқта, сабырла,

Елде жүр де батыр бол.

Жау келгенде баста қол,

Жат та алтын тағыңда.

Енді көп сөз айтпаймын,

Тілімді ал да кейін қайт.

Адаспа, батыр жаңылма!

Тілімді егер алмасаң,

Құлағыңды салмасаң,

Бетің білсін, жарқыным,

Барар жерің алдында!


XVIII ғасырдың сексенінші жылдарында орыс өкіметі жеке қазақ жерлерін билейтін адамдарға ұсақ-түйек пара, атақ-дәреже сыйлап, бұлқынуға мұрша бермей, сөздерін сөйлетіп, бетін аудартып алу саясатын жүргізді. Осындай бір тұста Шоң елін бағындырып беруге уәде береді. Бұған сол жиынның ішінде болған Торайғыр қатты наразы болады. Келген соң Жиделібайсынға кетемін деп, біраз халықты көтереді. Бұл - үлкен хикая. Жоғарыдағы Байсерке сөзі осы оқиғаға арналған. Абыздың өйтпеске амалы болмайды. Шоң мен Торайғыр өзара бүлінсе, бүкіл Төртауыл (Айдабол, қаржас, күлік, орманшы рулары) ыдырайтын болады. Елдің соңы бұзылуға қалған екен.

Осындай тоқтату сөзді басқалар да айтқан. Бұл - елге беделді ақылгөй шешендердің тоқтату тәсілі. Мұндай шешендік билік - әдебиет тарихында жиі кездеседі. Мысалы, Көтеш ақын Бәсентейін Жақсыбайды, Тоқсан би қыпшақ Ізбасты биді, Жапалақ билерді т.б. өз заманында тоқтату айту арқылы елдің бірлігін сақтауға шақырған.

Жоғарыдағы талданған, аталған негізгі тақырыптардан басқа жастық, кәрілік, өмір мен өлім мәселесін сөз еткен абыздың көптеген толғаулары бар.

Шешендік дау туралы Б.Адамбаев былай дейді: «Шешендік дау - қазақ қауымының материалдық және рухани даулы мәселелерді, қылмысты істерді шешетін ежелгі әдет заңы, ережесі есепті» [36,117-б], - дейді.

Байсерке өмір сүрген кезеңде де ел ішінде жер дауы, жесір дауы тағы басқа даулар көп болған, ел мен ел, ру мен ру, ағайын-туыс арасындағы алауыздықтар жиі ұшырасқан. Осы оқиғаларды жиі көріп, басы-қасында болған шешен бәрін де ынтымақтастық-татулыққа шақырған.
Жаман туыс бір масыл,

Арқалаған құммен тең.

Жақсылығың істеген,

Босқа кеткен сумен тең.


Байсерке абыз - тек шешен ғана емес, заманының үгітшісі. Ол замандастары мен жастарды адамгершілікке, адалдыққа, мейірбандыққа, елдікке, бірлікке үгіттейді.

«Ата-анаң бар болса» [37, 311-б] деген толғауында абыз ағайын-туыстық, жақындық-жанашырлық сияқты қарым-қатынасты қастерлеп, қадірлеп бағалауды үйретеді. Тегінде ол өне бойы адамдарды, замандастары мен жастарды тәрбиелеу, үйретумен болады. Осыған қарап, абыз ұстаз, тәлімгер, өмір ережесін ұғындырушы деуімізге болады. Адам мен адам арасына дәнекер болған абыз бірлікке осылай шақырған.

Байсерке Түгелұлының артында қалған мұрасы - әдебиет тарихының тозбас қазынасының бір бөлігі.

Бір ауылда жесір дауы болып, Жайынбай бай мен Байсерке абыз да шақырылады. Байсеркенің де билік айтуға шақырылғанын сезіп, Жайынбай жыланша ысқырып, төрелік айтудан бұрын абыздың бетін қайтарып, ықтырып алуды ойлайды. Ол өзіне сәлем бергелі келген абызға:

- Құлақ-мұрны жоқ шұтақ абыз, жал-құйрығы жоқ, шолақ абыз, сен де келгенсің бе? - дейді. Бұл - Байсеркенің бауырында ұлы, алдында айдап жүрген малы жоқ екенін бетіне басқандығы еді. Сонда Байсерке көп ойланып тұрмай былай дейді:

- Ей, Жайынбай, өзің де, тілің де жайындай екен. Құлақ-мұрным жоқ болсам, сұңқар шығармын, Жал-құйрығым жоқ болсам, тұлпар шығармын. Біреу құстың бұлбұлы, біреу жылқының дүлдүлі. Халықтан атқа мінер ұл туса, ол - менің ұлым, халықта бар байлық болса, ол - менің пұлым. Ал, сен малым көп деп тасыма, оның бір дерттік қана. Жайынбай малымен бірге өледі, ал Байсерке абыз халықпен бірге жасай береді, - деген екен. Оның халықпен бірге жасасып келген шешендік сөздері, терең тебіреністерге толы ойлары әрі ұғымды, әрі көркем. Бүгінгі ұрпақ үшін өнеге болары сөзсіз, күмәнсіз. Әсіресе абыз сөздері Ертістің Омбы өңірінде жақсылық кодексіндей дәріптеледі. Қариялар жастарға оның ұлағатты сөздерін өне бойы айтып отырады. Біз осындай Байсерке сөзін насихаттаушы Кенжебаев Қали, Есенболов Солтан, Нығметов Ғалымжан, Нұралин Қазбек т.б. адамдармен кездесіп, абыз сөзінің қалай қадірленетініне көз жеткіздік. Байсеркенің толғауларынан оның зор шабыты, кең тынысты, терең ойлы, дарынды шешен болғанын байқау қиын емес.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет