Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі меңдігүл шындалиева омбы өҢірі қазақтарының Әдеби шығармашылығЫ



бет6/14
Дата11.06.2016
өлшемі1.11 Mb.
#128716
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

«Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны ақын шығармаларының көрнектілерінің бірі. Оның қысқаша мазмұны мынадай:

«Шыңғысхан әулетінен шыққан атасы – Көркем Уәли, әкесі – қанішер Абылайдың өз аты - Әбілмансұр болған. Қазақ пен қалмақ кезек соғысып жүрген кезде бір жылы қалмақ келіп, Абылайдың елін шауып, бала-шағасын жетім-жесір етеді. Абылай осы топалаңнан қашып, Ұлы жүздегі Төле бидің үйіне кез келген адам екенін біліп жөн сұрағанда Әбілмансұр: «Ата-анам жоқ, біреумін. Атымды да, затымды да білмеймін, қолыңызда тұрып қызмет жасайын»,- деп сұранады.

Әбілмансұрдың көптен сақал-мұрты алынбаған, басында сең-сең сабалақ тымағы. Төле би мен жанында отырған адамдар сенің атың «Сабалақ» болсын деп ұйғарады. Осы күннен бастап Төле бидің қойын бағып жүре береді. Күндердің күнінде Қанжығалы қарт Бөгенбай қалмақпен соғысуға бара жатып, Үйсін Төле биге соғады. Бөгенбай жанына Жантай батырды ертіп келген екен. Сабалақ оңашада Бөгенбайға келіп, өзін Төле биден сұрап, соғысқа әкетуін өтінеді. Батыр Төле биден рұқсат сұрап, Сабалақты қалмақпен болатын соғысқа ала кетеді. Осы соғыста Сабалақ ерлігімен, ақылдылығымен көзге түседі.

Қалмақтар күні бұрын таудың биік шыңына берік қамал жасап, қазақ қолын өткізбейді. Сабалақ жанына жүз жігіт ертіп, түні бойы жүріп, таудың бір шетінен қалмақтың қамалын бұзып, таң ата «Абылайлап!» айғайлап шапқанда қалмақтың алдыңғы шебі кейін қарай шегінеді. Қазақ әскері қалмақты қашырады. Бөгенбай батыр Сабалақтың ерлігіне риза болып, өзі мініп жүрген Нарқызылын атайды. Осы соғыста Сабалақтың «Абылайлап!» шапқан күні оған «Абылай» деп ат қояды. Келер жылы қазақ жүздері басын қосып, тағы да қалмақпен соғысқа аттанады. Он мың қол Орта жүзден, он мың қол Ұлы жүзден, ал Кіші жүзден жеті мың қол соғысқа барады. Қалмақ жайын білуге қасына қырық жігіт қосып, Абылайды жібереді. Қалмақтың қарауылшы он жігітін алдарына салып қуа жөнеліп, жол-жөнекей бәрін де жайратып кетеді. Бұл жайды естіген қалмақтың қонтажысы Уса Серен әскерін жиып, Тұрпанға жетеді. Таудың қапталына ерте бастан бекініп алған қалмақ қолы қазақтың бір батырының жекпе-жекке шығуын сұрайды. Ұлы жүздегі Жаныстың Шақан деген батырының інісі қалмақтың бір батырымен айқасады. Екі батыр кезек-кезек найзаласып, қалмақ батырдың күші басым түсіп, қазақтың батырын жеңеді. Сүйекке екі жақтан шапса да Шақан батырдың басын найзаға ілген қалмақтар мәз болады. Жеңген қалмақ батырларды тағы да жекпе-жекке шақырады. Ешкім дауаламаған соң, Сабалақ рұқсат алып шығады. Қалмақ батырын Сабалақ жеңіп, Уса Сереннің Қырыс деген інісін өлтіріп, бір апта қалмақпен соғыста қазақ әскерлері жеңіске жетеді.

Ол заманда қазақ елі бірлікте болып, бір жеңінен қол, бір жағадан бас шығарып өмір сүрген деседі. Атақты қолбасшылар Еспембет, Матай, Шәкей, Керей Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Бәсентейін Малайсары батырлар тұтас болып, бір елдің сойылын соққанын жырда жан-жақты көрсетеді. Абылайдың батырлар көмегі арқасында кейінірек қазақ қолына басшылық еткені, қол басқарғаны баяндалады.

Ақын дастанында 1740 жылы қазақ халқы Абылайды ақкиізге орап, хан сайлаған жайын сөз етеді. Абылай қазақ қолын бастап тұрғанда Қызылжардан бастап, Ертіс суының бойы, Қарқаралының айналасы, Аякөз суының бойы – түгелімен қалмақтан тазартылып, қалмақтардың Тарбағатай тауынан асыра аластатылғаны жайында қызықты баян етіледі.

Бұл тарихи дастанда Қанжығалы Олжабай Абылай туралы шебер, бірден-бір үздік жырлады деуден аулақпыз. Әрине, Абылай туралы жыр-дастандардың бәрі сақталмағаны, көбінің кітап болып басыла қоймағаны тағы бар. Олжабай бұл жырды осы ғасыр басында жазса да, хан туралы дастанында Абылай бейнесін жасауға тырысқан. Олжабай жазба поэзияның жетегіне іліккен ақын болғандықтан да шешен сөйлеу мен шебер айтуға кішкентайынан баулынса да келісті түйіндеу, үздік дастан жазып кетуді шарт санамаған.

«Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны басқа да тарихи дастандар сияқты халқымыздың азаттық жолындағы күресін, ерлігін, жаугершілік дәстүрлерін көрсетеді. Бұл дастанды оқыған адам халқымыздың ерлік тарихынан сабақ алады. Ақын өзінен бұрынғы жырлап кеткен ақын-жыраулардың Абылай туралы жыр-дастандарына сүйене отырып, дәл сол әңгімелерге құрылмаса да көп жағынан толыстырып, қайтадан тыңнан жырлаған деп есептеген жөн.

Авторы белгісіз «Абылай хан» атты дастан тағы бар. Оның мазмұны біздің қолымыздағы Қанжығалы Олжабай дастанының оқиғаларымен желілес, жырлау дәстүрі де бір-біріне жақын болып келеді. Екі дастан да Сабалақ туралы ел аузындағы аңыздар мен әңгімелер негізінде жырланған. Онда да Сабалақтың қалмақтармен қалай күрескені, қалай хан тағына көтерілгені жайында баяндалады. Абылайдың сол заманда ұстанған саясатына оң баға беріледі. Дастанда хан болатын жігіттің іс-әрекеті, ұстанған саясаты әрдайым халық тілегімен сай келгені дәлелді көрсетіледі. Бұл жағынан ақын эпикалық жырларға тән әсірелеуді қолданып отырған, бірақ жырдың өн бойында әсірелеу аздау. Болған оқиғаға тарихи негізде баға бере баяндалған.

Олжабай дастаны басқа осындай дастандармен тақырыптас, өзектес болғанына қарамастан оны қайталамайды. Ақын Абылайдың елі, жері үшін жасаған ерен еңбегін тарихи тұлға ретінде толық көрсете алған.

Абылайды алты алаш біледі. Дегенмен, Абылай қарамағында болған Бөгенбай батырдың ұрпағы болғандықтан Олжабай Нұралыұлы ұлы ханды өзінше жырлауы – заңды құбылыс. Дастан оқиғалары қызық. Әсіресе Абылайдың ерлігін сипаттайтын тұстары тартымды да әсерлі.
Шулады қазақ қолы алғыс беріп,

Сабалақтың кетіпті түсі өзгеріп.

Ішке қанын тартқан сұрғұлт түсі,

Қандыбалақ қырандай үңірейіп,-


дейтін жолдарда Абылайдың жеңіске жеткен тұсы аса бір жылылықпен, сүйсінгендікпен айтылады. Дастанда Абылайды қыздыру, қайрау, әруаққа сиыну, атын атап ұрандау суреттері сәтті жырланған. Қазақ батырлары Абылайды пір тұтады.

Олжабай ақын ханның балалық шағындағы ауыр күндерін суреттеген тұстарында, басқа да Абылайды жырлаған жыршы-жыраулар сияқты, атақ пен даңққа ханның өз ақылы мен батырлығы арқасында жеткенін айта кетеді. Жоғарыда айтқанымыздай Абылай бірден Абылай болмаған. Әуелі Сабалақ атанды. Көпшілік оның сырт түріне қарап:


Алынбай көптен бері шашы өскен,

Сабалақ сең-сең тымақ көзге түскен.

Кір болып өне бойы тұрғаннан соң,

«Сабалақ» мұның аты болсын дескен.


Олжабай ақынның Абылайдың балалық шағын жырлаған өзге де жыршы-жыраулардың өкше ізін баса, соларға ұқсас етіп жазуы заңды да. Мысалы, Бұқар жырау:
Әбілмәмбет төренің

Арқада жүріп қаңғырып,

Түйесін баққан құл едің,

Абылай атың жоқ еді-ау,

«Сабалақ» атпен жүр едің, –
десе, Сүйінбай:
Сенің атың Абылайды,

Әбілмансұр атанып,

От жағып жүрген жерінде

Шайханада көреді.

Сол құлдықтан құтқарып,

«Сабалақ» деген ат қойып,

Төле би алып келіп еді,-
дейді. Осы шумақтардың бәрінде де шындықтың ұшы жатқан сияқты. Өйткені қай заман, қай дәуірде жырланса да сол кездегі ел жайы, жер-су, кісі аттары, уақыты тарихи деректерге сәйкес айтылып отыр.

Абылай туралы жыр-дастандардағы ұрыс эпизодтары, кейіпкерлердің іс-әрекеттері бір-бірімен соншалық ұқсастықта сипатталады. Абылай туралы жыршы-жыраулардың Олжабай ақын жырлаған нұсқасында көп эпизодтар ұқсас болғанымен кейбір адам аттарында айырмашылықтар кездеседі. Әр түрлі нұсқалардан бірер мысал келтірелік. Алғаш жауға шапқанын Олжабай Абылай атынан былай сипаттайды:


Бата бер, хан мен қара, мен барайын,

Құдай жазса қалмақтан кек алайын.

Өлсем – шәйіт, өлтірсем – қазамын ғой,

Қазақтың намысы үшін жан қияйын.


Шәді төре Жәңгірұлының «Абылайдың қалмақты қашырғаны» деген жырындағы:
Абылай жау шетіне жалғыз шықты,

Қазақтың намыс болып бұл жұмысы.

Айғайлап тұрды сонда «Талапкер» деп,

Дауысын алыс-жақын есітті көп,-


деген жолдар Абылайдың ерлігімен қоса, адамияттылық қасиеттерін де алға тартады.

Төле би бір жаққа асқа барады. Сабалақты сынамақ болып, сарқыт ала келеді. Келсе, бала ұйықтап жатады. Жолдасына оянған соң, мына басты қолына ұстат деп тапсырып кетеді. Оянған Сабалақ жан-жағындағы барлық бақташыны жиып, біріне құлақ, біріне көзін беріп, құлағының бір жапырағын ғана өз жейді. Төле бидің жолдасы ырым қылып неге бәрін өзің жемедің дегенде:


Сабалақ айтты бидің жолдасына:

«Мен тойдым би берген соң ықыласына.

Жолдастың бірі – құлақ, біреуі – көз,

Дұрыс па оларға бас қимасыма?»,-


деген екен. Бұл сөздерден Абылайдың ақылын, ұлылығын, болжағыштығын көруге болады. Қарапайымдылық, кішіпейілділік Абылайдың хан көтерілуіне дейін жеткізеді. Абылай бұл шығармада тарихи тұлға ғана емес, сәтті сомдалған әдеби қаһарман дәрежесіне көтерілген. Олай дейтініміз: сан соғыстарда қазақ қолының жеңіске жетуіне септігін тигізгені соншалық, ерлік еңбегімен атақ-абыройға кенеледі, хандыққа жетеді.

Дастанда Абылайдың ерлігі мен еңбегі сөз болып қоймайды, сол заманда өмір сүрген даңқты адамдардың игілікті іс-әрекеті де көрініс табады.


Би тұтқан Қаракесек Қазыбекті,

Әм батыр Қошқарұлы Жәнібекті.

Қанжығалы Бөгенбай бір батыры,

Қаракерей Қабанбай найман текті.

Кіші жүз Арал батыр жеті рудан,

Тама Есет аруақты биі болған.

Бөгенбай табын топтан шыққан батыр,

Абылай хан қарауында бәрі тұрған.

Ұлы жүзде Төле би болып еді,

Жаныс батыр Болтайдан шығып еді.

Үш жүздің баласына ортақ хан боп,

Абылай қарауында тұрып еді,-


Қаншама, дәлдік, әділдік! Ақын болған істі бәз қалпында баяндайды. Бұра сөйлемейді, іш тартпайды. Қазақ асылдарының бәріне бірдей қарайды. Егер осындай бірлік болмаса қазақтар қалмақты жеңе алмас еді, Абылай халық қалаған хан болмас еді. Үзіндіде айтылатын батыр-қолбасшылар есімдері тікелей Абылай атымен байланысты айтылады. Абылай бейнесін аша түсуде бұл ұлы адамдар ісі жырға әжептәуір көркемдік өң берген.

Тағы бір ескеретін жай: тарихи дастанда жер-су атаулары жырдың тарихи сипатын ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, Балқаш, Түркістан, Көкшетау, Ертіс, Қара теңіз, Алтай, Қазан, Талқы, Құлжа т.б. жер-су атауы бар. Бұлардың бәрі де Абылай іс-әрекеттерімен байланысты айтылып отырады, сипатталады.

Дастанда жау батырларының да ерлігі, ірілігі орынды сипатталады. Оларға жөнсіз өшпенділік көрсетілмейді. Егер жекпе-жек егесте теңдесімен белдеспесе Абылайдың батырлығы дәлелденбес еді.
Қара қасқа аты бар бурыл сақал,

Еңгезердей айқасып қалмақ кәпір,-


дегенде қалмақ батырының кәнілігі, жаужүректілігі жеткізіле суреттеледі. Расы кейбір тармақтарда жауласқан елдер арасындағы өшпенділік пен кек, өзара аяусыз тілі ащы, уытты болып келеді. Оны заңдылық деп қана бағалау керек.

Жырда поэзияға тән көтермелеу, кемсіту, асқақтық жиі кездеседі. Бірақ бұдан оқиғалар мен кейіпкерлер іс-әрекеттері шындықтан шығып кетпейді.

Абылай хан туралы жыр-дастан, аңыздардың ішінде Олжабай ақынның жырлағанына ұқсас «Абылай хан» деген авторы белгісіз қисса бар.
Авторы белгісіз нұсқада:
Қол жинап бата берді таңдап қарт Бөгенбай,

Астына атын берді таңдап қандай.

Жылқының Нарқызылым тұлпары еді,

Мен қартайдым шырағым, соған орай.


Шырағым, көзің отты бала екенсің,

Мінезің шын жүйрік хан екенсің.

Жазғытұры қалмаққа аттанамыз,

Соған жүр, керек болар жан екенсің.



Олжабай нұсқасында:
Бөгенбай бата беріп, қолын жайды,

Көпшілік: қолын жайып, «Амин» деді.

Жылқының тұлпары еді Нарқызылым,

Шырағым, ырым қылып сен мін деді.


Шырағым, уытты, отты бала екенсің.

Мінезің, құлқың таза дана екенсің.

Жазғытұры үш жүз боп жиналамыз,

Сол жиылысқа керекті жан екенсің.


Бұл шумақтардан басқа да, кейбір тармақтарда екі дастанға ортақ қайталаулар бар. Біздің ойымызша, бұл екі дастанның негізі бір сияқты. Осы екі нұсқада кездесетін ортақ мынадай тармақтар бір: «Шырағым, Нарқызылды таза сақта», «Қоңтажы Уса Серен қалмақ еді», «Әке-шеше ел-жұртым туғаным жоқ», «Атымды кім қойсаң да құп аламын», «Сабалақ мұның аты болсын деген», «Балаға сарқыт алды сынамаққа», «Ас болып би бір жаққа кетіп еді» т.б. толып жатқан ортақтық байқалады.

Қанжығалы Олжабай ақынның «Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны жұрт-жұрағат аузындағы негізгі нұсқа деп тануға лайық. Тағы бір ескеретін жайт: Олжабайдың Абылайды жырлауы ата-бабаларының Абылаймен тұстас, майдандас болғандығынан да еді.

Қанжығалы Олжабайдың «Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны халқымыздың сан ғасырлық ерлігін, елдігін, азаттық жолындағы күресін бірсыпыра шындықпен бере білген шығарма. Жырда қазақ халқы үшін жасаған Абылай ерлігі мен еңбегі жоғары бағаланады.

1993 жылы Қанжығалы Олжабай әдеби шығармашылығына, оның сақталуы мен жиналуына, жариялануына байланысты зерттеу жүргізіп, мыналарды анықтаған едік.

Осы уақытқа дейін Қанжығалы Олжабайдың біраз туындылары баспа бетін көріп үлгеріпті. Бұған қуанамыз. Бірақ, әттеген-айы тағы бар. Олай дейтініміз, баспа бетін көрген шығармаларын біздің қолымыздағы ел аузынан жинаған нұсқаларымен салыстырғанда мынадай айырмашылықтар байқалады:

«Жұлдыздың», 1992 жылғы 7 санында Қанжығалы Олжабайдың тарихи дастанының аты «Сабалақ – Абылай хан» деп аталады. Ал, біздің қолымыздағы нұсқада аталмыш дастанның аты «Абылай қалай хан болған?». Біздің ойымызша ел аузындағы нұсқасы түпнұсқа болса керек. Олай дейтініміз, Қазыбек Нұралин жариялатқан нұсқада шығарманың тілі бұрмаланып, әбден түзетуге түскен. Оны төмендегі мысалдармен дәлелдейміз.


Біздегі нұсқада: Жарық көрген нұсқада:

«Абылай қалай хан болған?» «Сабалақ – Абылай хан»

тарихи дастан тарихи дастан

(486 тармақ, 121 шумақ) (741 тармақ, 185 шумақ)

Ел аузындағы нұсқада кіріспе Жарық көрген нұсқада 22

жоқ. Кіріспе орнына қара тармақтан тұратын кіріспе бар.

сөзбен Абылай өміріне шолу

жасалған.

1. Баязит, Әмір-Темір, Тоқтамыс- Баязит, Әмір-Темір, Тоқтамыс хан, хан,

Бір туыстас түрік руынан Үш қошқардың сүзісі болған

болған сұлтан. сұлтан.

Он төртінші ғасырдың болған Он төртінші ғасырдың мезгілінде, мезгілінде,

Түрік жұрты дәуірлеп, асып Түрік жұрты дәуірлеп өсіп

шыққан. тұрған.

2. Әр кәмелдің зауалы болған Әр кәмелдің зауалы толған

кезде, күнде,

Үш қошқардың сүзіскен Үш қошқардың сүзісі болған

болған кезі. күнде.

Дін исламның ханының бәрі түрік, Діні – Ислам, бәрінің ханы түрік.

Майданда бірін-бірі қырған кезде. Майданда бірін-бірі қырған күнде.

3. Әр әулет бөлек-бөлек хан Әр ұлт бөлек-бөлек хан боп кетті,

боп кетті,

Сонымен Алтын Орда күші бітті. Сонымен Алтын Орда күші бітті.

Қырым, татар, қапқаз бен Қырым-Татар, қырғыз-қазақ,

башқортстан, Башқортстан,

Ноғайлы, қырғыз, қазақ, Қапқаздағы Ноғайлы бараба

бараба ұлты. ұлты.

4. Беріректе Абылай хан Берментін Абылай хан болған екен,

Қоныс қып Көкшетауды Қоныс қып Көкшетауды

қонған екен. қонған екен.

Тұсында ханға жолдас батыр Жарына батыр-билер жолдас

болып, болып,

Сол кезде біздің қазақ болған Сол кезде қазақ елі толған

екен. екен.

5. Ұлы жүзде Төле би болып Ұлы жүзде Төле би болған

еді, еді,

Жарыс батыр Ботпайдан Жаныс батыр Ботпайдан

шығып еді. шығып еді.

Үш жүздің баласына ортақ Шапыраштыдан тағы бір

хан боп, Қараш батыр,

Абылай қарауында тұрып Қазақтың жасақтарын құрып

еді. еді.

6. Сол Абылай ортамызға Үш жүздің баласына ортақ

қайдан келген, хан боп,

Қалайша қазақ елі хан Абылай хан қарауында тұрып

көтерген? еді.

Ескі сөзді ескерген жан Әбілмансұр - әуелгі өз аты

азайды. еді.

Сөз еді ұмытылмай қалсын Абылайлап шапқанына

деген. Абылай деді,

Жиырма бірінші буыннан

қосылатын,

Шыңғыс хан тұқымынан

бекзат еді.

7. Кейін Бөген тастаған қолға Кейін бөгіп тастаған қолға

келді, келді,

Мың шамалы кісімен Он мың шамалы кісі екен

іріктелген, Қол бастаған іріктелген,

Жәнібек, Малайсары

Мойын талып келеді алыс Келеді екен мойын талып

жерден, алыс жерден.

Қашқан қалмақ сезініп үдері Қалмақ қашқан сезініп үдей

ұшып. ұшып,

Түйісіп соғысудан қалмақ Келе жатқан қазақ қолын

безген, қалмақ сезген.

Талқы асумен Құлжаға бет Талқы асумен Құлжаға бет

түзеген. түзеген.
Біздегі нұсқа мен жарияланымдағы нұсқаны салыстырғанда мынаған көзіміз жетті. Біріншіден, біздегі нұсқада Қанжығалы Олжабай шығармаларының қайсысын алсаңыз да тілі тым қарабайыр. Екіншіден, өлеңдерінің де, тарихи дастанның да тілінің көркемдік дәрежесі бір-біріне жақын. Ақын қай өлеңінде де болсын өз әлінше ұғымды етіп айтуға тырысқан. Салыстырулар нәтижесінде байқағанымыз, ақынның осы орта өрнекпен жазылған шығармалары көп түзетуге ұшырап, аяусыз күзелген. Журнал беттерінде жарияланған өлеңдері болсын, дастаны болсын өзгеріске ұшырау себебі, жариялаушы ұйқас, теңеулерді көп жерде жанынан қосып жіберген сияқты. Көзге сөлекет көрінеді-ау деген жерлерін қатты күзеп қиянат жасаған.

Халық аузындағы шығармалар көп өзгеріске ұшырай береді. Жариялаушылар Олжабай шығармаларына да түзету енгізу арқылы ата шығармасына жақсылық жасадым деген болуы керек. Бұл ағаттық. Олай дейтініміз, халқы үшін, Отаны үшін көп жақсылық жасаған азаматты шығармалары ортан қол екен деген өлшеммен бағаламаса керек. Қанжығалы Олжабай шығармаларының Омбы жерінде не үшін сақталғанын жоғарыда айттық. Тегінде Олжабайдың артында қалған ұрпақ ақынның қолжазбаларын, күнделіктерін, хаттарын іздеп тауып, зерттесе, ақын өмірбаянының көп сырлары ашыла түсер еді.



«ЕРМЕК» ҚИССАСЫНДАҒЫ ШЫНШЫЛДЫҚ
«Ермек» қиссасы – «Еңлік-Кебек» жырының тікелей жалғасы іспеттес. Олай дейтініміз, Еңлік пен Кебек тағдыры мол хиқая. Бұл қасіретнамаға себеп болған қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды Шәкәрім осы аттас поэмасында, Мұхтар Әуезов пьесасында айқын көрсетті. Осындай шиеленіскен ғасыр оқиғасының жалғасы болуы заңды да. Өйткені тобықты жігіті Кебек пен матай қызы Еңліктің тағдыры кез-келген қазаққа таныс, олардан қалған ұрпақтың кейінгі өмірі кімді де болса қызықтыратыны сөзсіз.

Шәкәрім «Еңлік-Кебек» оқиғасы 1780 жылдар шамасында, осы Шыңғыс тауында матай мен тобықты рулары арасында болған іс» деп, болған оқиға шамасын дәл көрсетеді. Шәкәрім пікірін кейінгі зерттеушілер бірден-бір дұрыс тұжырым деп есептеп келеді.

«Ермек» қиссасындағы оқиғалар көне Шыңғыстау жерінде, ХVІІІ ғасырдың соңында болса керек, бір-біріне жауыққан екі рудың екі жасы – Еңлік пен Кебек бірін-бірі сүйіп қосылып, ел билеушілердің үкімімен жан түршігерлік оқиғаға ұшырайды. Екеуінен туған сәби таудың шатқалында иесіз жөргекте қалғанын «Ермек» қиссасына дейінгі «Еңлік-Кебек» туралы шығармалардан білеміз.

Енді «Еңлік-Кебек» кімдікі, қай нұсқасын білеміз деген сұраққа қысқаша шолу жасап өтейік. Бізге ең алғаш рет Еңлік пен Кебек туралы әңгемені Шәкәрім «Дала уалаяты» газетінің 1892 жылғы 31-39 сандарында «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен жарияланған мақаласында баяндап берді, онысы 1900 жылы «Қазақтың тұрмысынан хиқая» деген атпен қайта басылды. «Еңлік-Кебек» деген атпен тұңғыш рет Семейде «Жәрдем» баспасынан 1912 жылы басылып шықты [19,24-25-б].

Бұл оқиға туралы Мағауия Абайұлы Құнанбаев та поэма жазып, «Дала уалаяты» газетінің 1893 жылғы санында жариялады. Жалпы, Шәкәрімге де, Мағауияға да бұл хиқая туралы поэма жазуға Абай кеңес берген болар деген Ш. Сәтбаеваның пікірін толық қуаттаймыз.

Осы ұмытуға болмайтын, кейінгі ұрпаққа ой қалдырарлық хиқая – Еңлік пен Кебек тағдырын бүкіл қазақ халқының ортақ қасіреті деген орынды. Ауыз әдебиеті дастандарындағыдай бұл екі жас та алда еш жақсылық болмайтынын біле тұра, махаббат бостандығына ұмтылады.

Шәкәрім «Еңлік-Кебегі» қара өлең үлгісінде жазылған не бәрі 652 тармақтан тұрады. Өзіне дейінгі Еңлік пен Кебек оқиғасына себеп болған жағдайдың бәрін айқын көрсетіп барып, заман басына туған оқиғаларға біртіндеп көшіп отырады.

Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісінің інісі Кебектің он бесінде аты шығып, елінің сүйікті ұлына айналады. Шәкәрім Кебекті:


Он бесінде Кебектің аты шықты,

Атты, жаяу бәріне бірдей мықты.

Көзі өткір, қара торы жігіт екен,

Орта бойлы тапалдау, кең иықты,

деп суреттейді.

Поэмада Еңлік пен Кебекті өлтіргелі жатқанда Еңлік бір-екі ауыз сөзге ұрықсат алып:


Кебекпен мені аз ғана араздастыр,

Өлген соң бірге қосып, тасқа бастыр.

Мына бала тобықты баласы ғой,

Оны өлтірме, Кеңгірбай биге тапсыр,-


деп, туған халқына аманат етеді. Бірақ, бұл тілек орындалмайды. Оны поэмада:
Надан жұрттың болады діні қатты,

Қабекеңе тапсырмай аманатты.

Шеткі Ақшоқы басында қалған бала,

Шырқырап күн батқанша жылап жатты,-


деп көрсетеді. Міне, осы баланы Еңліктің әкесі алып келіп, бағып-қағады.

М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы тұңғыш рет 1917 жылы мамыр айында Абайдың жары Әйгерімнің киіз үйінде көрсетіледі [20,12-14-б]. Оқиға екі жастың бірін-бірі сүюінен басталып, екеуі қосылып, тау шатқалына қашып кетеді. Осы істері үшін ел билеушілердің алдында айыпты болып, әңгіме ақыры шешілмейтін дауға айналып кетеді. Екі ру арасында қырғын ұрыс-керіске ұласып, екі жасты құрбандыққа шалып, екі рудың басшылары екі жасты ат құйрығына байлап өлтіруді ұйғарады. Еңлік пен Кебек өлген соң арттарында жас нәресте зарлаған күйі қалады. М.Әуезов бір ғасыр өткеннен кейін барып, қолына қалам алып, қазақ өміріндегі осы бір қайғылы оқиғаны қасіретнама етіп жазып шығады. Бұл пьесада Еңлік пен Кебек өмір сүрген замандағы екі жасқа азуы батқан даугер билердің жүрісіне де, тұрысына да, сөз сөйлесіне де замана салтына қарай сипат беріледі.

Біздің талдағалы отырған «Ермек» қиссасы Омбы қаласының (қазір марқұм болған) тұрғыны Қали Кенжебаев ақсақалдан 1991 жылы жазылып алынған нұсқасы. Ол 1960 жылдың шілде айында Омбы облысы, Қоянбай аулында бір той үстінде ауыл ақсақалдарының бірінің аузынан жазып алып, жаттаған екен.

Қисса – Ресейдің Сібір аймағында тұратын қазақтар арасында өте әйгілі, көп тараған және халықтың қадірлеп сақтаған қазынасы. Қиссаның басқа да нұсқалары болуы мүмкін, бірақ басқа нұсқасы бізге кездесе қоймады. Әйтсе де, Омбы қазақтары қиссалары ішіндегі көлемдісі де көркемі деуге толық болады. Жалпы, қазақ әдебиетіндегі қисса жанры өткен ғасырда дамып, жетілді делініп жүр. «Қисса» деген сөздің өзі әңгіме, тарих деген мағынаны танытады екен. Демек, «Ермек» қиссасы – оқиғаны әңгімелеуге құрылған көлемді поэтикалық шығарма.

Шығарма баспа бетін көрмеген. Кейінгі кездерде ғана кейбір баспасөз беттерінде қиссадан үзінділер беріліп жүр. Қисса зерттеуге тұратын әдебиет нұсқасы. Себебі: біріншіден, шығарма оқиғалы, көлемді, 274 шумақтан, 1098 тармақтан тұрады. Екіншіден, өткен тарихымыздың сырын ашады. Үшіншіден, мұнда қазақ елінің тұрмысындағы өрескел салттар сынға алынады. Төртіншіден, оның басты тақырыбы – батырлық, адамгершілік, азаматтық. Бұл – бұрын да, қазір де күн тәртібінен түспеген құнды мәселе.

«Ермек» қиссасының авторы туралы не айтуға болады? Ең болмағанда қай рудың адамы болды екен деген ой кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Жыр оқиғасы ХVIII ғасырда болғанымен, өзінің тууы, тілі мен көркемдігі, құрамына қарағанда қисса осы ғасырда туған сияқты. Шәкәрімнің «Еңлік-Кебегі» болсын, «Ермек қиссасы» болсын жаңа заман талабына сай жырланған, екеуі де тарихтың дерегі боларлықтай құнды шығармалар. Осы бірін-бірі толықтыра түсетін шығармалар қоғамдық өмірдегі көптеген кесірлердің бетін ашқан. Еңлік пен Кебек арасындағы қарым-қатынасты Шәкәрім ашықтан-ашық жырлап, қоғамдық сипат берген. «Ермек» қиссасының дүниеге келуі де кездейсоқ емес. Оның үлкен салмаққа ие болуының өзі жақсылық пен жамандықтың арасын бағалау мен тану дәрежесінің өскендігін көрсетеді. Екі шығарманы салыстыра оқығанда, осы екі шығарманың да авторлары бір адам сияқты болады да тұрады.

Профессор Е. Өтебаев қиссаны Шәкәрімдікі дегенге саяды. «Өйткені, дейді ол, қисса осы ғасыр басындағы қазақ тілінде туған жазбалы шығарма. Қиссадағы кейде наймандарға өкпе-наз ретінде айтылатын айыптау сөздер тобықты руының ғана аузынан шығады. Сонан соң, өмірінің соңғы жылдарында жазылғандықтан бастырып үлгермеген деп жорамалдауға болатын сияқты». Шәкәрім шығармаларын кітап етіп бастырып үлгере алмай кеткені шығарманы Шәкәрімдікі деуге тағы бір себеп. Шығармадағы тіл таңбасы, көркемдегіш құрал қолдануы Шәкәрім стиліне (ерекшелігіне) ұқсайды. «Ермек қиссасының» авторы Шәкәрім болмаған жағдайда тобықты руынан шыққан бір ақын сияқты деп жорамалдаймыз.

Біз де осы Е. Өтебаев пікірін қолдаймыз. Шынында да, біріншіден, Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасы мен «Ермек» қиссасының тілі бір-біріне өте жақын, бірі екіншісінің тікелей жалғасы іспеттес. Екіншіден, кейбір дағдылы сөздер, тіркестер, сөйлемдер екі шығарма авторының бір адам екендігіне сендіре түседі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет