ТОҚСАН ЖАБАЙҰЛЫНЫҢ МҰРАСЫ
Тоқсан Жабайұлы – ХVII-ХХ ғасырлар аралығында Ертістің Омбы өмірінде өмір сүрген би, Том жағында билік құрған, атақты ел басшысы болған. Жабайдың әкесі Қара би де дуалы ауыз би болған. Тоқсанның билік құрып, шешендік жолға түсуіне көп септігін тигізген осы Қара би атасы болған деседі.
Би атағын алудың жолдары туралы бірер ауыз тоқталайық. Сібір халықтарының әдет заңын зерттеген Д.Самокавасов би, билік туралы былай деді: «Би атағы халық санасында табиғи шешендік дарынымен бірге халықтың негізгі әдет-ғұрыптарын және елінің тарихы жайында аңыз-әңгімелерін жетік білетін бірен-саран адамдарға ғана тиіс» [39,338-б],-дейді. «Қазақтың 100 би-шешені» атты кітапта Тоқсанды Қара бидің ұлы деп берген. Бұл – жаңсақ пікір. Олай дейтініміз: Тоқсан туралы әңгімілердің бәрінде де Тоқсанның әкесі Жабай би, Жабайдың әкесі – Қара би.
Қара бидің баласы Жабай би өлерінде екі баласы Сексен мен Тоқсанға: «Сексен, саған ерлікті, Тоқсан саған әкем Қара биден қалаған билікті бердім»,- деп, өсиет айтып кеткен екен. Осыған қарап-ақ Тоқсанның Жабайұлы екенін бұдан әрі дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.
Тоқсан жасынан ел аралап, кезіндегі беделді би-шешендермен кездесіп, сынға түсіп, сөз өнеріне ерте тәрбиеленген. Кейінірек қазақтың атақты сөз иелері Киікбай бимен, Нұрым төремен, Қалқаман билермен кездесіп, солардың үлгі-өнегесін тұтынған, батасын алған. Өз қатарынан өнері асып, жүлдегер жүйрік санатына кірген. Қазіргі біздің қолымызды нақты, Тоқсан би айтты деген сөздердің жиырмадан астамы бар. Олар билікке негізделген толғау, арнау, дау, айтыстар болып келеді. Онда дәуір шындығын ақтарып, заманының ұнамсыз сиқын батыл сынаған, жақсы мен жаманды безбендеген, ел өмірі, қоныс құты сияқты мәселелерді көтерген.
Тоқсан би өз руын басқару ісіне жастай араласып, өмір құбылысы мен дүние заңдылықтарын, әлеуметтік жағдайды, адам тіршілігін, қоғамның мақсат-мүддесін талдап түсіне білген.
Тоқсан би өз шығармаларын ел әдебиеті өкілдеріне тән әдет-салт бойынша белгілі бір оқиға, не құбылыстың тұсында ауызша шығарып отырған. Бізге жеткен билік жыр, толғау, арнаулы түп-түгел бастапқы күйін толық сақтады деп айту қиын. Дегенмен, оның сөздері ала-құласыз, біріңғай мазмұн, мұрат, стиль сақтайды. Сөйтіп, олардың негізінен көп өзгеріске ұшырамағаны байқалды.
Шығармалардың басты тақырыбы - өз заманының әр алуан оқиғалары.
Тоқсан Жабайұлы шығармалары мынадай кітаптарда жарық көрген: «Билер сөзі». - А, 1992, «Қазақтың би-шешені». - А, 1993, «Шешендік шиырлары». - А, 1993, Н.Төреқұловтың «Қазақтың 100 би-шешені». - А, 1995.
Тоқсанның әкесі өлген соң, ағасы Сексен әке өсиетін бұзып, билікке қызығып, өзінің үлкендігін бетке ұстап, билік айту жолы менікі деген талап қояды. Содан екеуінің арасына алалық кіріп, Киікбай биге жүгіне барыпты деген сөз бар. Киікбай:
-
Би болып ел бастауға, батыр болып қол бастауға лайық ұл екенсіңдер, бір-екі ауыз сұрағым бар, соған жауап беріңіздер,- дейді.
Күнде не парыз?
Айда не парыз?
Жылда не парыз?
Ханға не парыз?
Қарашаға не парыз?,-
деп, жоғарырақ отырған Сексенге қарапты. Одан жауап алмаған соң, Тоқсанға бұрылыпты, сонда Тоқсан:
Күнде бес уақыт намаз парыз,
Айда отыз күн ораза парыз,
Жылда құрбан шалу парыз,
Ханға халықты тең ұстау парыз,
Қарашыға ханды хан ұстау парыз,-
деп, Киікбай биді риза еткен.
Атақты Киікбай шешен Тоқсан бидің әділ, өткір би-шешен болатынын жас кезінен-ақ болжаған және оған үлкен үміт артқан.
Тоқсанның жас кезінен-ақ билікпен атағы шыға бастайды. Тәуірлер бас қосқан үш жүздің дауына шақырылады. Ұлы жиында ақсақалдар мен жақсылардың, атақты билердің арасында бірінші рет сарапқа түскелі тұрған жас Тоқсан Киікбай шешеннен ақыл сұрауға, әрі бата алуға келеді. Аттарынан түскен Тоқсан мен жолдасы Киікбайға сәлем беріп, келген шаруасын айтқанда, Киікбай:
Кедейлік пен кәрілік,
Адамның жөнін басқарар.
Уа, Тоқсанжан, Тоқсанжан,
Бұл бір күнім тоқталған.
Үй артына жау келді,
Сұр жебесін оқтаған.
Жалғыз жігіт би болмас,
Жалғыз ағаш үй болмас.
Шын жүйрікте күй болмас,
Қас жақсының белгісі –
Жауға түссе күйзелмес.
Ардақты атаң Қара би,
Үш жүзге мәлім дара би.
Жабай әкең тағы би
Күміс көмей, жез таңдай,
Қаусырып тұрған жағы би.
Сабанында үш жүздің
Әруағы қонып атаңның,
Сен болғайсың сана би,-
деп бата берген екен. Осы ұлы жиында Тоқсан жүйрік атанып, олжалы болып, қайтар жолда Киікбайға тағы соққанда:
Кең қолтық керей баласы,
Ішінде жоқ аласы.
Қол жайып бата берген соң,
Қолдаған екен бабасы.
Қабыл болған батама,
Ризамын – ата-анаңа, -
депті Киікбай шешен.
Енді бірде Киікбай шешен жүгініске барған Сексен мен Тоқсанға:
-
Бүгін бір жерге барып қонып, ертең келіңдер. Қазір қолым бос емес, - дейді. Ертеңіне екеуін тағы таңдап:
-
Ал, балаларым, кеше екеуіңе бір жерге барып қон дегенім,
Сексен, сен үлкендік істеп сабасына түсер, ақылға тоқтап, әке өсиетін тыңдар деп едім. Айтқаныңнан қайтпайтын қатыгез екенсің. Ондай адам халықтың қамын ойлап, атаң Қара бидей, әкең Жабай бидей қара қылды қақ жарып билік айта алмайды. Әке-балаға сыншы. Әке өсиетін тыңдамай, Тоқсанды осындай әуреге салыпсың. Әкеңнің айтқан өсиеті - әділ билік, оған менің қосарым да, аларым да жоқ» [29,111-б],- депті.
Профессор Н.Келімбетов: «Ел басқарған әкімдерінің іс-әрекетіне, мінез-құлқына сол дәуірдің моральдық нормасы тұрғысынан баға беру қазақ жырауларына тән қасиет. Әйтсе де, бұл дәстүрдің қайнар бастауы түркі тілдес халықтардың поэзиясында жатқанын ұмытпау керек» [30,87-б], - дегені би-шешен, ақын жыраулар мұрасынан шығарылған қорытынды болса керек.
Тоқсан өз заманында ел басшылары, тарихта белгілі орны бар Құнанбай, қыпшақ Ізбасты, Нұрым төре, Қалқаман билермен кездескен. Осы танымал адамдарды кейде сынап, кейде дәріптеп отырған. Мысалы, Нұрым төре ел аралап жүріп Тоқсаннан бір-екі ауыз сөз сұрайды. Сонда:
Біреудің біреу бағын көп көреді,
Біреуді-біреу алдап жеп келеді.
Кейбіреулерге бес күндік бақыт қонса,
Мен жаратқан тәңірімін деп келеді.
Тоз болып иілгеннен сынған жақсы,
Босқа келген пәледен тынған жақсы.
Алтын таққа жаманмен отырғанша,
Жақсымен бірге отырған зындан жақсы,-
дейді. Шешеннің ойы мен пікірі заманның өзгермелілігін сипаттайды. Пасық, сұм-сұрқия, еріншек-жалқау өз заманындағы кейбір ел басшыларының парақорлығын, тұрақсыздығын аяусыз сынайды.
Тоқсанның Доғалақ деген жалғыз ұлы қыпшақ қолынан қаза болып, баласының құнын сұрауға Ізбасты биге барады. Би Тоқсанның бетін қайтармақ болып:
- Құлағы жоқ шұнақ би, құйрығы жоқ шолақ би, екі рулы елді араздастыруға келдің бе? – деп бас салады. Сонда Тоқсаннан тұрып:
- Құлағым жоқ болса,
Сұңқар шығармын.
Құйрығым келте болса.
Тұлпар шығармын.
Уа, ешкі егіз табады.
Ит сегіз табады.
Доңыз тоғыз табады.
Сен тоғызыңмен толған екенсің,
Әбден қырсық болған екенсің.
Сенің тоғызыңды аламын десе,
Тағдырдың шамасы жоқ па?
Маған перзент берейін десе,
Құдайың баласы жоқ па? –
деп жауап береді. Шынында Ізбасты бидің тоғыз ұлы бар екен. Ол Тоқсанға қисынсыз тиіскенінін біліп, айыбын мойнына алады. Өршігелі тұрған дау бейбітшілікпен тынады.
Тоқсан би өмірде үш рет, үш адамнан жеңілетінін өлер алдында айтып, мойындап кеткен екен. Үшеуі де әйел. Біріншісі - өзінің әйелі, екіншісі – жесір қалған жеңгесінен, үшіншісі - Әбіл деген байдың үшінші қызынан жеңіліпті.
Бұл сөздерді тап сол күйінде түсінудің жөні жоқ. Мұнда «жеңілген» бидің ақылдылығын, әйелді сыйлауын, басқалардай «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деп қарамайтындығы үлгі өнеге ретінде айтылып отыр. Бұдан басқаларға «Осындай болыңдар, Әйел – ананы бидей сыйлаңдар» - деген тәрбиелік мәні бар, жоғары ұлағатты сөз тумақ.
Тоқсан өмір заңдылықтарынан дұрыс қорытынды шығарып, басқаларға сабақ сияқты үйретеді. Пәлен жерде оқыды дейтін дәлеліміз болмаса да бидің есепсіз сөз айтпайтынын, халық даналығын дәл, әрі орынды қолданатындығы кімді де болса мойындатады.
Бұлбұлдан шешен құс жоқ,
Бармақтай-ақ қарасы.
Оқтан жылдам ажал жоқ,
Тырнақтай-ақ жарасы.
Көңілім қалса жақыннан,
Алыстығын айтайын,
Жер мен көктей арасы.
Тап осы тұста би сөзінен иненің жасуындай ақау, ауытқу табуға болмас еді. Әсіресе, туыстық, татулық, ағайыншылық, адамшылық мәселесіне соншама білгірлікпен тоқтап, бірегей сипат беруі қазақ даласының қай бұрышына да қылтықсыз қағида, ереже іспетті.
Сондай-ақ Тоқсан адамдардың дүниеқоңыздығы, теріс ниет ұнамсыз әрекеттерін орынды көрсете білген. Нұрым төреге:
Сен сияқты төрелер,
Суда жүзген балық қой.
Судан суырып,
Өкпесін соғуы анық қой [30,112-б], –
дегенде қалың дәулетімен асып-төгілген төрені судағы балыққа теңей отырып, сол жиған-тергеніңнің бәрі біткен күні тынысының тарылып, басыңнан бақ-дәулетінің ұшуы бір-ақ сәт емес пе деп отыр.
Тоқсан би замана қайшылығын танып, әділетті шешім айтып, үлкен мен кіші, ел мен ел арасындағы ынтымақтастығын жақтаған.
Ел ішінде Жаппас деген қарияның жалғыз ұлы қайтыс болып, қатты күйзеледі. Бұл қаза Жаппасқа қатты батып, төсек тартып қалады. Тоқсан көңілін сұрай келіп, табалдырықтан аттай бере былай деп төкпектеге жөнеліпті:
- Ей, Жаппас, көтер беліңді, жылатпа еліңді, қас нар қабырғасын сөксе де елемес. Өткен қайтып келмейді, өшкен қайтып жанбайды, - деген екен.
Осы сияқты, бидің біраз сөзі адамдарға көңіл айтуға арналған. Бұл - әдебиет тарихында жиі кездесетін түр болып табылады. Көңіл айтудың көркем үлгілері – Тоқсан шығармаларының көп кездеседі.
Белгілі ел жақсысы қайтқанда айтқан «Арыстанның белгісі» көңіл айту толғауының таңдаулы үлгілерінің бірі. Өмірдің өне бойы дамымалылығын, бәрін де түсіне білу керектігін алға тартады. Би жалаң өнегеге баулымай, ізсіз-түссіз ештеңенің жоғалып кетпейтіндігін, бәрінің де өсіп-өну арқылы жақсарып, сабақтаса түсетіндігін кәдімгі материалист пәлсапашыларша қорытады. Би сөздері – көркем, әрі бейнелі. Онда ғажап теңеу, шындық сөзі үнемі кеэдесіп отырады.
Тоқсан Жабайұлы шығармаларында адамгершілік, құлық мәселелеріне көп көңіл бөлініп, даулы мәселелердің әділ шешімі беріледі. Сондықтан да Тоқсан бидің сөздері елдің елдігі, бірлігі сияқты мәселелердің басын қозғап, ел тұтқасын ұстаған билерді әділетке, туралыққа шақырған. Бір бай бәйбішесін ұрып жатқанда Тоқсан:
Тоқсан құлын саусаң да,
Тоғыз мая биедей болмайды.
Тоқсан тоқал алсаң да,
Бәйбішедей болмайды, -
деген екен. Осы сияқты Қалқаман бимен кездескенде Тоқсанның айтқан мынадай сыны бар:
Қара асында қатын семіреді,
Қайғысыз би семіреді.
Осының бәрі де Тоқсан би шығармаларының бүгінгі жас ұрпаққа берері мол екендігінің дәлелі. Оның есімін қастерлеп, халықпен таныстыру игі міндет.
БАПАН БИДІҢ СӨЗ КЕСТЕСІ
Бапан би Ақмола облысының Ерейментау ауданы жерінде қоныстанған Бөгенбай батырдың Тұраналы атты баласынан туған. Өмір сүрген дәуірі – ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысы. Бапан – Бөгенбай батырдың тұңғыш немересі. Заманында елінің бас биі болған. Оның тамаша шешендік сөздері билік, кәсіп сөз ретінде, дала тәртібінің бұлжымас қағидасындай, бидің көзі тірісінде де, одан кейін де маңызды, бағалы болған. Бидің ақылының тереңдігі, мейлінше әділдігі, салмақты сөз иесі болғандығы жайлы Байсерке абыз:
Шығарайын кесектеп,
Ішімдегі қапамды.
Салмақтадым тұсымда,
Әр топтағы адамды.
Оқшау жаралған адам ғой,
Ішіме қарай тартайын,
Қанжығалы Бапанды,-
деп, Бапан бидің сөзін, қызметін әрқашан халық мүддесімен байланысты келетіндігін арнайы атап көрсетеді. Әйтеуір содан ба, Омбы мен Қазақстанның солтүстік өңірінде «Мынау Бапандай екен!» деген мақтау сөз әлі күнге дейін естіліп, тиісті жерінде айтылып та жүр.
Шежіре бойынша Бапанның ұлы бабасы Әлдекүн, Әлдекүннен – Ақша батыр, Ақшадан – Бөгенбай, Бөгенбайдан – Тұраналы, Тұраналыдан Бапан би туады. Алайда Бапан есімі аталарының байлығы, батырлығы арқылы емес, ел аузында кең тараған билік сөздеріне байланысты әйгілі болды. Омбы өңірі мен Павлодар, Ақмола облыстарында оның билік-шешендік сөздері көп сақталған. Билік сөздерінің тақырыбы белгілі-белгісіз тарихи оқиғалармен астарласқан.
Біздің қолымызда Бапанның: «Жағалай ел қонбаса», «Тұрлыбек Көшеновке айтқаны», «Кісі болар кісіні, кескінінен танимын», «Баласы өлген Рақымға айтқан көңілі» деген шешендік толғау, арнау, дау сөздері бар.
Бапан би тарихта орны бар белгілі адамдарға, байларға, сұлтандарға арнап айтқан сөздері көп. Олардың ұнамды-ұнамсыз қылықтарын сөз еткен. Сондықтан кейбір сөздері мысқылға, кекесінге толы болып та ұшырасады. «Тура биде туған жоқ» дегендей емкішге бетің бар, жүзің бар демей, біреудің байлығынан да, беделінен де тартынбай сөйлейтін болған.
Бес дуанды басқарған статс кеңесшісі Тұрлыбек Көшеновтің баласы Нөгербек, қасында Омбыдан келген геолог офицері бар, бірде Бапан бидің ауылына келеді. Бапанның ауылы Ерейменнің ең көрікті көлі – Қоржынкөлдің жағасы екен. Ерейменді бір кезде ноғайлылар, қалмақтар қоныстанған тұста Қоржынкөлді қоршаған таулардың сайларынан алтын қазған белгілер қалса керек. Мұны білетін Нөгербек Ерейменге геолог офицерді арнайы ертіп әкеліпті. Нөгербек би аулына келген шаруасын айтқанда, оған Бапан:
Маған би атын халқым берген еді,
Саған шынжырды жандарал берген еді.
Өз жерінде су шыққандай,
Өзге жерден шешек шыққандай,
Шұңғырлауға мынауыңды неге әкелдің?,-
дейді. Әрине, бұл оның офицерді, оның жеріңді қазамын, алтын іздеймін дегенін ұнатпауы еді. Әңгімені асқындырмай құтылмақты ойлайды. Сонымен офицерге Дарқан ұста соққан ата Бөгенбайдың қылышын, Нөгербекке қамшысын сыйлыққа беріп құтылыпты. Кейін көп жылдар өткен соң осы Шытырымбет, Масалы, Ақсулардан алтын қазылған екен деген сөз бар. Сонымен бірге, би мәзірін басынған Тұрлыбек Көшеновтің өзіне Бапан:
Саған бір уыс топырақты ұлық берген,
Маған бір уыс топырақты халық берген.
Саған берген топырақ көзіңе түсер,
Маған берген топырақ көріме түсер.
Сен шеніңе мәзсің,
Мен еліме мәзбін.
Сенің қоқайыңнан қорықпан,
Халқым барда мен тарықпан,-
деген екен. Осының өзінен бидің елдің ер-намысын жоқтаушысы, басын қосушысы екендігін көреміз. Қазақ жұртының бірлігін көздеп, келімсектерді жақтаушы адамдарды әшкерелеуші деп түсінеміз. «Сен шеніңе мәзсің», «Саған бір уыс топырақты ұлық берген» деген сөздерде нақты шындық жатыр.
Бапанның сұрақ-жауап ретінде берілген «Кімді қалай танисыз?», «Ел дегенің немене?» толғау сөздерінде айтайын деген ойының астарында айқын әлеуметтік сыр көрінеді. Кісі болатын кісіні кескінінен, кісі болмайтынын мүшесінен, жомарт болатын кісіні қабағынан, сараңды табағынан, тұйық жігітті жүрісінен, сұйық әйелді күлісінен танимын; ақын жігітті кейпінен жазбай тану үшін сөз шебері ғана болу аз, ел қамын жеген ақылды, білімді адам болу шарт деген тоқтам жасайды.
«Ел дегенің немене?» толғауында өмір заңдылықтарын әсерлі жеткізу үшін өзіндік тың бейнелеу әдісін орынды пайдаланған. Сөздің ретін, кілтін тауып суреттейді. «Суы тұзды болмаса, мал-жаның сусындамаса, кіші үлкенді тыңдамаса ел дегенің немене?», «Елі үшін құрбан болып, абырой-бедел қонбаса, ер қадірі болмайды»,- деп түйіндеу арқылы биліктің, шешендіктің мағынасы мен күші асқақтап тұр.
Бапан өз тұсында Арқа жерінде өткен тарихи оқиғалардың бірталайына араласқан деседі. Мысалы, Баянауылдың дуанбасы Шоң би өз еліне салынған мол «қара шығын» салығына Ерейментау елін ортақ етпек мақсатында көп әлекке түскен. Ондай жағдайда екі дуаннан Ақмола мен Баянауылдан екі еселене салық түсетінін сезген Ерейменнің билері Бапан мен Жанболат Шоң ұсынысынан бас тартады. Павлодардан қазақ-орыс отрядын жіберткен Шоң ақыры қарсылық көрсеткендер қанжығалының он бір адамының оққа ұшуына себепкер болады.
Тағы бір мына тарихи оқиғаға Бапан би қатысқаны туралы дерек бар.
Қасым сұлтан балалары Кенесары мен Наурызбайдың қолдаушысы Нұрқан төре (Нұрмұхамед Сыздықұлы, Абылай ханның ол да қанжығалы еліне әкім болған немересі) Бапан мен Жанболат билерді өз жеріне еріксіз көшіріп алу үшін күш салады. Кенесары бүлігінің әділетсіздігіне көзі жеткен Бапан Нұрханмен келіспейді. Ызалы Нұрхан Торғайға барып әскер әкеледі.
Бапан мен Жанболат елдерін күшпен көшіріп алмақшы болады. Екі би елдерін қозғамай, өздері уақытша Сарысудың басындағы Бапанның нағашысы – тарақты Байғозы батырдың елін паналап көшеді. Бірақ, Нұрханның жандай шаптары олардың ізімен Сарысуға жетіп, Бапан мен Жанболат елдерін тағы да Бапан: «Мал бауырын көтергенше» қала тұруды өтінеді. Нұрхан адамдары бұған келісіп, екі бидің жылқыларын айдап, оған қоса Бапанның Сәбелең деген баласын аманатқа алып кетеді.
Көп уақыт өтпей Ерейменнен Тіленші, Сабанбай батырлар қол жинап, билердің жылқыларын, Сәбелеңді іздеп кетеді. Батырлардың баланы ғана арашалауға шамалары келеді. Екі бидің алалы жылқылары Нұрханның жендеттері қолында қалып қояды. Осылай, Ереймендік екі биге кедейлік төнеді.
Бапан би сөздерінің бірсыпырасы осындай ел арасындағы даулармен байланысты туып отырған.
Алтай жағында Жанбота деген бай қолында ұры-қарақшы ұстайды екен. Жанботаның ұрылары Сібірден ұрланған малдарын айдап келе жатып, жолда Ереймен елінің төрт айғыр үйірін де малдарына қосып әкетеді. Ереймен қуғыншылары ұрылардың ізімен барса да, мал дауын шеше алмай қайтады. Даугерлер бұл іске Бапанның араласуын сұрайды. Бапан бірнеше кісі ертіп, Жанботаға барып:
Адал жүрек болмаса,
Сөзіне опа қылмаса,
Түзулікті бұрмалап,
Өтірікті шындаса,
Би дегенің немене?
Арыңды сатпа, малың сат,
Жалған айтып болма жат.
Жат болдым деп жындансаң,
Жүрегіңде қалар дат.
Тегінде жөндеп берерсің.
Бекер айтты деп жүрме,
Түбінде бір сенерсің,-
деп, атына мініп жүріп кеткенде, Жанбота артынан кісі шаптырып, айыбын мойындап, қанжығалының малын түгел қайтарып, шапан жауып, қонақ еткен деген сөз сақталған. Бапанның бұл сөзінде ру күшінен гөрі, жүйрік ой, жүйелі сөздің күші басым түседі. Бұл шешендік сөздер ішіндегі шешендік дауға, оның ішінде мал дауына жатады. Жанботаның жанды жеріне тиіп, ұрымтал оймен ғана тиісіп, өз дегеніне жетеді. Бұл сөздері халық өмірімен тығыз байланысты болғандықтан осы кезге дейін ұмытылмай жеткен. Оның сөздері жастарды билікке, шешендікке тәрбиелеу құралы ретінде де маңызды болды. Шынында да, оның өз баласынан бастап, жуықта ғана қаза болған бесінші ұрпағы Қазыбек Нұралин ақсақалға дейін ұтымды сөзді, ұлағатты билікті, уытты өлең шумақтарын айтыс-тартыс құралы етіп пайдаланады.
Бапан би сөздерінің табиғаты, өзіндік ерекшелігі, тәлім-тәрбиелік қасиеттері жас ұрпаққа қонымды әсер етеді. Әңгіме – осы үлгі-өнегені жас ұрпақтың өз кәдесіне жарата білуінде.
САҚҚҰЛАҚ ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ ДІЛМАРЫ
Саққұлақ шешен – қазіргі Ақмола облысы Ерейментау ауданында дүниеге келген. Қоржынкөл жағасында, кейін «Шешен ауылы» аталып кеткен жерде 1800 жылы туып, 1888 жылы қайтыс болған. Бөгенбай батырдың баласы Тұраналы, Тұраналыдан – Бапан би, Бапан биден – Саққұлақ шешен болып өрбиді. Бұл деректерді Кемпірбай ақынның Саққұлаққа арнаған мына өлеңі де дәлелдей түседі:
Ассалаумағалейкум, сіз арғымақ,
Қол бастап, ата жауға тартқан садақ.
Бөгенбай, Тұраналы, әкең Бапан,
Ежелден ел қорғаған кәрі әруақ.
Жоғарыда айтылғандай, Саққұлақтың әкесі Бапан бидің ақиқатты сүйгіштігі, адал адам болғандығы Саққұлаққа да жастайынан дарын, ісінде ақжол, адал болуына көп әсер етсе керек. Жас кезінен зерек болып, шешендік өнермен қатар, Абай айтқандай, «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің жеті жарғысын» жақсы меңгеруді мақсат тұтқанға ұқсайды. Оның үстіне қазақ даласында өмір сүрген жыршы, жырау, ақындар сөздері мен түрлі жыр-дастандарды да жетік білгендігін артында қалған мұраларынан толық аңғаруға болады.
«Қазақ Совет Энциклопедиясында» Саққұлақ шешен туралы: «Саққұлақ би» 17 жасында сөз сайысында Байдалы биді жеңгендіктен, «Саққұлақ би» атанып кеткен. Оның тапқырлық, шешендік сөздері ел аузында көп айтылады. Саққұлақ бидің әдеби мұрасы толық жиналмаған»,- деген мәлімет берілген.
Дұрысында Саққұлақтың әдеби мұрасы негізінен кейінгі ұрпақтарының қолында тәуір сақталған.
Саққұлақтың дұрыс аты – Сәбелең. Оның не үшін Саққұлақ атанғаны туралы ел аузында сөз бар.
1816 жылы Ұлытау жерінде қалың мұздақ болып, Қуандықтың Алтай елдері Ерейменді «нағашы ел» тұтып, қысқы тебіндегі қалың жылқыларын Ерейменге айдайды. Қыстап шығады. Көктем алдында болатын, қар мен шаңды араластыра соғатын бір үлкен боранда алтайлықтардың жылқылары ығып кетеді. Боран басылып, мал түгенделгенде, 80 жылқының басы жетпейді. Көктемде алтайлықтар жерлеріне оралғанда сол жоғалған 80 жылқының табылмағанын айта барады. Мал иелері ол жылқылардың жоғалуын бораннан емес, жылқы тебіндеген елдің өзінен көріп, дау көтереді. Қанжығалылармен дауласып келуге ел иелері сексенге келген әйгілі Байдалы бидің қасына тоқсанға келген Байбөрі биді қосып жібереді.
Байдалы Бапан аулына келіп, дау бастайды:
Бапан:
Байеке, дау дегеніміз – дәу ғой,
Дәудің іздегені – жау ғой.
Жоғалған жылқы – жалғыз сіздікі емес,
Жөнтіген тақым – жалғыз біздікі емес.
Жолыңыз оңғарылсын, дауды қойып,
Еліміздің сыйлы қонағы болыңыз,-
дегенде Байдалы би өршіге:
Тай мініп, тайлақ жетектегенді,
Әр жерден көрдік.
Жиеннің жылқысын пайдаланып,
Қан сорпа қылғанды
Қай жерден көрдік?
Бір тонау бар – хан тонау,
Бір тонау бар – тон тонау.
Ата-анасы жоқ
Осы қай тонау? –
дейді. Бапан би сөзден тосылыңқырап қалады. Сонда топ ішінде отырған Бапанның Сәбелең атты 16-17 жасар баласы Байдалының алдына келіп жүгініпті де: «Би ата, дат!»- депті Байдалы:
- Уа, қанжығалының үлкені тұрып, баласының сөйлегені қалай?,- депті. Бала мүдірместен:
- Оның несі сөкет, би?
Ата тұрып ұл сөйлесе,
Ұлдың ер жеткені.
Ана тұрып қыз сөйлесе,
Қыздың бой жеткені.
Өсетін жасты өлетін кәрі
Бетке соқса,
Бұл заманның кері кеткені.
Келген бетте сызылдың,
Жоғалғаныңды даумен қуамын деп.
Көзіңмен сонша сүзілдің.
Ағайындыққа сия ма,
Неге бүгін бұзылдың?
Ата-анасы біз дейсіз бе?
Алаулата соққан қызылдың?
Мен сөзімнен жаңылсам,
Жөнімді үлкенім түзейді.
Сіз сөзіңізден жаңылсаңыз,
Жөніңізді кім түзейді?
Алтайдан тақ келіп,
Сонша сөйлегендей
Нағашың – қанжығалы – ұрың ба еді?-
дегенде, Байдалы би балаға таңырқай қарап:
- Япыр-ай?
Көп ішінде сөйлеген жас бала,
Даугерің рас тақ еді.
Құлағың неткен сақ еді?
Сипатыңа қарасам,
Қара лашын тұйғынсың.
Асылыңа көз салсам,
Алдырмайтын қырғисың.
Сөйлер сөзге келгенде,
Бәйге атындай сырғисың.
Жайнаған шоқтай,
Өткір шоттай,
Көзіме жылы ұшырадың,
Шыныңды айтшы, қай ұлсың?-
дейді Байдалы. Сәбелең бала:
Арғы атам – батыр Бөгенбай,
Әкем – мына отырған Бапан.
Алтайдың аузын асқа,
Адырын атқа толтырған.
Ішпекбай бабам берген батам!
Алтайға ана болған,
Аққоян – менің апам.
Жылқының айғағын тап та,
Көзін ал.
Сіздің боранда ығып, жоғалған,
Жылқыларыңызға нағашыларыңыздың
Кінәсі жоқ, жиен ата!,-
дейді. Осы сөзден кейін Байдалы би аттанып, еліне жүріп кетеді. Осы жолғы Байдалының «Құлағың неткен сақ еді» деуінен Сәбелең «Саққұлақ» деген лақап атқа ие болады.
Дәл осы тұста поляк жазушысы А.Янушкевичтің мына сөзі еске түседі: «Қазақтардың ақыл-ойы қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай жеңіл сөйлейді! Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіріп, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі»,- деген сөзі шешендік өнер балалардың бойына да ерте даритын қасиет екенін көрсетеді. Жоғарыдағы Саққұлақтың ерте шешен атануы да соның айғағы.
Біздің қолымыздағы Саққұлақ шешеннің сөздерінің тақырыбы әр алуан. Бұл сөздерде мазмұнына қарай арнау да, толғау да, дау да кездесе береді. Саққұлақтың жиырмадан астам сөздері дәл осы шешеннің сөздері болып қабылданып жүр.
Оның шешендік толғауларына «Ғылым шала ақылды кісіні бүтін ақылды қылады», «Аңсағанда ішкен су», «Қыз күнінде балақ-балақ», «Ақыл – аздырмайтын ем», «Орман-тоғай – жер сыны», «Ағасы бар дұшпанға құрған аудай» т.б. толып жатқан шығармалары бар.
Саққұлақ шешеннің сақталған мұрасын зерттеу ісі қолға алынбай келеді. Шешендік өлең-толғаулары мен билік сөздерін, оның көркемдігін, тіл байлығын тексеруде бірлі-жарым адамдардың жанашырлық көрсеткені болмаса, әдебиетші ғалымдар әлі қолға алып, ауыз тұшырлық ой-пікір білдіре қойған жоқ.
Саққұлақ мұрасынан байқайтынымыз: біріншіден – сөздерінің тікелей шындықты сипаттайтыны, екіншіден – халық бұқарасының мүддесін үнемі жоғары ұстап отыратыны.
Ғалым Б.Адамбаев: «Талапты жастар үлкендерден, қариялардан өнер-білім үйренуді, өздеріне міндет, мұрат тұтқан, жақсының атын ерттеп, қасына ертіп, үлгі-өнеге алуды ар-намыс санамаған»,- дей келіп, «Қандай болмасын белгілі бір өнер саласында атағы шыққан адамдардың барлығы да осындай «халық мектебінен» тәлім-тәрбие алып, үлгі-өнеге алған»,- дегені Саққұлақтың өзіне де, балаларына да тікелей қатысы бар сөздер.
Саққұлақ шешеннің екі баласы Ерәлі мен Нұралы әкелерінің шешендік дәстүрін жалғастырған, Ерәлі атты баласы өз аймағына белгілі ақын да болған.
Шешендік өнерді Бапан биден мирас еткен Саққұлақ жалғастырады. Кейін немересі Олжабай ақын жалғастырады. Бұл немересі Саққұлақты рухани жебеушім, пірім деп те таныған тұстарына шығармаларын оқығанда көзіміз жетеді.
Қазақ халқында ежелден ел өміріндегі ықпалды би деп аталатын әлеуметтік топ болған. Олар билік жүргізу ісінде екі жақтағы бағдарды қолданған. Бірінші жақтағы билер халықтың мұңын мұңдап, мүддесін қолдаған, бұхара халыққа тілектес болған. Екінші бағдардағы билер үстем тап өкілдерінің дегенін істеп, мансап үшін билік жүргізген. Саққұлақ шешен осылардың бірінші тобына жатады. Оның дәлелі: жер дауы, жесір дауы, жетім дауы бұдан басқа да аса күрделі мәселелерді турашылдығымен әділ шешіп отырғандығына қай сөзін оқысаңыз да көзіңіз жетеді.
Шешеннің «Жарты малдан артықты жол қоспайды» деген сөзінде ХІХ ғасырдың орта шенінде қазақ даласында бір ауылдан ұзатылып қойған қыз өліп, келін болып түсетін жердің бай-шонжарлары мен төрелері қалың малдың жартысын қайтарғанға риза болмай дауласып, Саққұлақ шешеннің әділ шешімін сұраған екен. Ол кісі асықпай ойланып болған соң дау мәселесін:
Қарқаралы басын қатын еттің,
Бүтін жанын жарты еттің.
Тайдай таладың,
Тайлақтай жүндедің.
Жарты малдан артықты
Жол қоспайды,-
деп, мақалға келтіріп, даугерлерді тоқтатқан екен. Шешен сөзіне ой жүгіртсек, шумақтағы теңеу сөздердің ішкі астары «қалыңдық ойнаған қыздың жарты құны кетеді» деген мағынаны тұспалдайды.
Осы жерде «Дала уәлаяты» газетіндегі «Билер бітімдері» атты заңдық мәні бар мақаладан үзінді келтіргенді жөн көріп отырмыз. «Бір үлкен съездегі билердің ережесі «3-бап» дегенінде: «...сол қыз қалыңдық ойнап жүргенде өлсе, күйеуі берген малының екі бөлігінің бір бөлігін алады»,- дейді. Сірә, Саққұлақ шешеннің осы ережеден хабары болса керек.
Адалдық, адамгершілікті барлық нәрседен жоғары санаған шешен «Батырдың басы орда қалар» деген сөзінде де Ерденнің аға сұлтандыққа таласқан мақтан сүйгіштігі мен дарақылығын бетіне әшкерелей отырып, орынды сөз айтқан.
1862 жылы Саққұлақ бидің ауылына Шоқанмен бірге Атбасар уезінің аға сұлтаны болу үшін дауысқа түскен Ерден Омбыға бара жатып қонақ болады. Әңгіме үстінде Ерден Шоқанның үстінен шағым түсіру үшін бара жатқанын ортаға салады. Сондағы мақсаты аға сұлтан болып, өзінің сайлануы екен. Шешен Ерденнің сөздерін мұқият тыңдап алып, ертеңгісін жолға аттанайын деп жатқанда:
Батыр жауда қалар,
Шешен дауда қалар.
Өз ісіне бармаса,
Өр мінезі қалмаса,
Батырдың басы орда қалар,-
деген екен. Жол бойына Ерден Саққұлақтың сөздеріне мән беріп, біраз ойға шомады да, қасындағы адамдарына «Манағы сөз қалай айтылды, бұл сапарымның жөні болмас»,- деп атының басын кейін тартқан деседі. Ерденнің осал тұсын қатты сынға алып, қияс басқан жүрісін дұрыс көрсете білуінің өзі кейбір даулы мәселелерді дұрыс шешуге себеп болып отырған. Жоғарыда келтірілген екі мысалымыз да, Саққұлақ шешен ғибрат сөздерді нысанаға дәл тиетін тұста, әділетсіздік әшкере болар кезде, халық қамына қамқор болар шақта айтқан.
Саққұлақ шешеннің қысқа-қысқа екі, төрт тармақтан тұратын немесе бір-екі ауыз сөзден тұратын терең талғаммен толғаған ойлары мәнділігімен құнды. Осы Саққұлақтың алғыр ойшылдығынан бір-екі мысалдар келтірелік.
«Адам баласына тән, бір-бірінен туындайтын үш қасиет бар: ол – қылжаңдық, мылжыңдық, алжушылық. Жасында қылжаң болған адам өскенде мылжың болады, қартайған соң мылжың адам алжиды»,- дейді.
Шешен өмірдің өнегелі тағылымдарымен қатар өкінішті сабақтарын, дүниенің сұмдығы адамның жаман мінезінен байқалатынын, одан сақтануға шақырып, мұны барлық адамға бірдей міндет етеді.
Шешеннің «Бас болатын жігіттің бес белгісі болмақ: тыңдай білу, сыйлай білу, сынай білу, жылай білу, шырай беру»,- деген ойларынан ұлылығын танығандай боламыз. Жоғарыда келтірілген екі сөзіне қарасақ, Саққұлақ шешеннің өзіне дейінгі би-шешендерге қарағанда сөзі салмақты, талғамы терең, мағынасы кең ой қорытудың жолын өрнектеп айта білгендігін байқаймыз. Көбінесе адам құлқын, жан дүниесін, қадір-қасиетін әңгіме етеді. Өмір ақиқатын шешен айнытпай сипаттайды.
Батыр жігіт жау шаншар қан шығармай,
Шешен жігіт мал даулар жан шығармай.
Таразысы – шешеннің тыңдаушысы,
Одан да өтер артынан шаң шығармай.
Бұл шумақ тек ойшылдық қана емес, кемелді кеңес, шынайы сырды танытады. Шешендік пен батырлық қазақтың еншілесіндей бағаланады. Осы сияқты ғибрат-насихат өлеңдері әлеуметтік ахуалды, қоғамдағы болып жатқан қайшылықтарды санамалап көрсетеді.
Дүниеде үш қодаң бар:
Төренің төңірегіндегі – қодаң.
Күйеудің жолдасы – қодаң.
Керуеннің қосшысы – қодаң.
Бұл да қалай болса солай айтыла салған сөздер емес. Шешен өмірлік тәжірибеден туындайтын, басы артық көрінетін, кейде серік, кейде дос-жаран орнына жүретін адамдар жайын айтып отыр. Шешен – білімді, көреген, өзіне дейінгі қазақтың, Шығыс елдерінің сөз саптауымен, мәдениетімен таныс. Оның алдында айқын бағдары, адаспас мұраты бар. Соларды насихаттау үшін керек жерінде дінді де, құдайды да, жақсылықты да, әділдікті де үлгі етеді. Сырттай қарағанда жай ғана диалектика сияқты көрінгенімен, әрбір сөзінде даналық, тәлім-тәрбие, көрегенділік пен көсемдік жатқандығын аңғарамыз.
Шешеннің мына бір ақылын артық деп қалай айтуға болады? «Қартайғанда тілеуім төрт нәрсе деген екен: шырағымды сөндірме – денсаулық бер, өзіме лайық жолдас - әйел бер, кірер жерімді тарылтпа, түзу көрші бер».
Осындай қысқа қанатты сөздер туралы: «Қанатты сөздердің күшті естілетін себебі оның ұзақ ойды қысқа және дәл бейнелеуінде»,- деп ғалым Н.Төреқұлов дәл айтқан.
Саққұлақ шешен, сөздері жазу-сызуы жоқ далада жақсы тәрбие берудің толық құралы бола алатындығына оқыған сайын көзіміз жетеді. Саққұлақ Бапанұлы өзінен бұрын-соңды өмір сүрген ақылгөй даналардың жолын ұстанған, бұқараны білімге, ғылымға шақырған толғаулары да тапқырлық, шешендік дәстүрдің жалғастығы деп тануға тиіспіз. Ол ғылым мен білімнің маңызы туралы:
Ғылым – шала ақылды кісіні бүтін ақылды қылады,
Бүтін ақылды кісіні шыңға шығарады.
Жалқаулық – бүтін ақылды кісіні шала қылады,
Шала ақылды кісіні жынды қылады.
Немесе,
Ақыл – адамды аздырмайтын ем,
Білім – таусылмайтын кен.
Адамның басшысы – ақыл,
Жетекшісі – талап,
Шолғыншысы – ой,
Жолдасы – кәсіп,
Қорғаны – сабыр,
Қорғаушысы – мінез,-
дейді. Адам өміріндегі ғылымның рөлі, маңызына біршама тоқталған бұл сөздер, біріншіден, ырғаққа құрылса, екіншіден, мағынасы анық терең ойға құрылған. Алғашқы жолдарда шала ақылды кісі мен бүтін ақылды кісі арасындағы айырмашылық сөз болса, ақыл мен білім – таусылмайтын кен де, ем де, жеңіс те сол адамдікі ғана деп, үзілді-кесілді тұжырым жасайды. Тыңдап не оқып отырған адам екі жаққа көз тігіп, бақылап барып шешеннің шешімінің аяғы сәтті біткеніне куә болып отырып, жақсыға қуанып, жаманнан жиренуге даяр тұрады. Әрине, бұл сияқты шешеннің жақсы мен жаман адамдар арасындағы айырмашылықтарды сәтті салыстырған тұстарының тікелей тәрбиелік маңызы өзінен-өзі көрінеді.
Сондай-ақ, шешен адамдардың іс-әрекетінен туындайтын мінез-құлықтарға да терең үңіледі.
Жақсы қатын алсаңыз, дүр шекерді,
Жаман қатын алсаңыз, тілі удан бетерді.
* * *
Жақсы болса күйеуі,
Әйелдің алтын тағы да.
Әйел мен ер адам бойындағы жақсылық пен жамандықты салыстыра қарап, жақсының артықшылығын көпке, жан-жағына тиетін пайдасына қарай бағалайды; жаман адамның зияндылығынан бас тартуға баулиды. Жақсылық, адамгершілік, адалдық, батылдық жайлы айтқан тұстарынан байқайтынымыз: Саққұлақ шешен адал жанды, кіршіксіз таза жүректі тәрбиеші ұстазға ұқсап отырады, өзгені де сол жолға үндеген дейміз.
Саққұлақтың әдеп, құлық мәселесін қозғаған сөздеріне тоқталсақ, тыңдаушыларын тәрбиелеп, үйретіп отырғандығын, ақылды даналар үлгі-өнегесін насихаттайтындығын байқаймыз. Мына бір сөзіне назар аударайықшы:
Төрт нәрседен қашық қыл,
Тәубәсіз адамға жолықтырма.
Арамзадан бала берме.
Бейшара әйелден аулақ қыл.
Ашулы-қиялды қылма,-
дейді. Өмір тірегі досың, балаң, әйелің болса, солардың жаманынан сақтасын, жөнсіз-жосықсыз ашу-ызадан аулақ қыл деген тілек білдіреді. Бұл – тікелей өмір тәжірибесіне негізделіп айтылған сөз. Демек, керекті жерінде шешен әсемдік талғамын ұштай түседі, көрген-білгенінен дұрыс қорытынды жасайды, керекті-керексіз нәрсенің жігін ажыратады, өмір құбылыстарын безбеңдеп отырады.
Біраз сөздерінде сынау, бағалау, әр түрлі адамдарды салыстыру кездеседі. Ойын өткірлеп, ұштай түсу үшін бейнелі теңеу, тексерулерді орынды қолданып, шешендік өнер шеберлігін арттыра түседі.
Жоғарыда Саққұлақ шешен тарихта аты белгілі адамдармен кездесті, пікірлесті, сөз таластырды дедік. Ол Шоқанның әкесі Шыңғысты жақсы білген кісі. Шоқанға, оның туған-туыстарына байланысты айтқан «Төсектен шошынған күйеу оңбас», «Шоқанға берген бата сөзі», «Шоқанның Саққұлақты қонаққа шақыруы», «Бұл да ғалымның бірі еді-ау», «Шыңғысқа арнаған көңіл айту тоқтатуы» деген бізге жеткен сөздері баршылық.
Бірде жазда ауылға демалысқа келіп жатқан Шоқан Саққұлақты қонаққа шақырады. Сонда екеуінің арасында мынадай әңгіме болады:
Шоқан: Ақсақал, біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды?
Саққұлақ: Шырағым, көнеден сұрайды.
Шоқан: Көне адасса, кімнен сұрайды?
Саққұлақ: Көне адасса, көргендіден сұрайды.
Шоқан: Көргенді адасса, кімнен сұрайды?
Саққұлақ: Көргенді адасса, көптен сұрайды.
Шоқан: Көп адасса, кімнен сұрайды?
Саққұлақ: Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.
Көп оқыған неге адассын! Әлгінде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына күдіктеніп, оның Үмбетәлі туралы дастанын өзің де менен сұрап, анықтап алған жоқпысың?,- дейді шешен.
Қысқа ғана сөзден екі ұлының түсінік деңгейлерін, шапшаңдығы мен тапқырлығын жұрт бағалап, бүгінгі күнге жеткізудің өзі тегіннен тегін емес.
Қазақ арасында қай би-шешен, ақын болмасын табиғат берген өнерін, талантын ақ бата, ақылды тілек білдіру арқылы келесі жас ұрпаққа мирас етіп қалдырады. Өнер мен көсемдікке ыңғайы бар жастарға көпті көрген, көп білетін үлкендер бата беру арқылы өз бастарындағы бағалы қасиетін сол жастарға беріп кетеді деген ұғым тағы бар.
Саққұлақ Шоқан үйінде қонақ болып отырып, қайтарында жас талапкердің білімі мен мінезіне риза болып, былай деп бата берген екен:
Біліп тұрған бала екенсің,
Туысыңдағы дана екенсің.
Айла-ақылы дарыған,
Атаң Абылайдың
Тап өзіндей хан екенсің.
Өсе берсін бақытың,
Үстінде ағар тақыттың!
Сонда Шоқан: «Ақсақал, тақыт дегеніңіз артық болар»,- деп жымиып езу тартса, шешен іркілмей: «Мынаны қазақ тақ дейді, білімпазым»,- деп, қасында тұрған орындықты нұсқапты. Сонда шешен бұл тұғырыңнан таймай өт деп тұспалдаған екен. Қадірсіз сөз халық аузында сақталмайды десек, алтын іздеуші сияқты халық, сөзді таңдай, талғап барып болашаққа ең құнды көркемін ғана жеткізеді ғой. Саққұлақтың: «Төсектен шошынған күйеу оңбас» деген сөзі былай туған. Шоқанның Нұрила деген қарындасы алғашқы айттырған күйеуін менсінбей, ақыры үлкен дауға айналады. Қызды беріп отырған күйеуі Ақмолалық Қоңырқұлжа төренің немересі Жәңгір төре (Сәмеке ханның тұқымы) екен. Екі жақтың арасындағы дау Омбы губернаторының алдында қаралатын болып, екі жақтың ризашылығымен Саққұлақ шешен төбе би болып сайланады. Дауды шешу кезінде екі жақтың пікірлерін әділет таразысына сала отырып, Саққұлақ:
Халқынан шошынған хан оңбас,
Салтынан шошынған би оңбас.
Жүгінен шошынған түйе оңбас,
Көгеннен шошынған бие оңбас.
Елінен шошынған ер оңбас,
Бесіктен шошынған құда оңбас,
Төсектен шошынған күйеу оңбас,-
деген ата-бабаларымыздың өсиеті – біз үшін асыл ырыс. Сондықтан төсектен шошынған күйеу мен қалыңдықты қосуға болмайды. «Әділет осы»,- деп, даулы мәселені шешіпті.
Бұл да тауып айтылған тапқырлық сөз. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» алыстан орағытып, тұспалдап барып, шешен өзі жауап берген. Сөз мәнісін түсіндіре отырып, соңғы сөзде көңілге қонатындай салмақ түсіру арқылы тыңдаушыны да, даугерлерді де иландырады. Осы дауды шешудегі Саққұлақ шешеннің даналығына және өжеттігіне көз жетеді. Екі жақтың адамдары да осал адамдар емес. Осылардың кәдесіне жарап, сөзін тыңдатып, оң баға алған Саққұлақ шешеннің даналық қабілетінің жоғары деңгейін мойындауға тиіспіз.
Жұртының жұлдыздай жарқырап тұрған көрнекті, көшелі жырауы Орынбай Бертағыұлы (1813-1891) Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда, оның ата-анасына айтқан көңіл айту сөзі бар. Ол ел қайғысын былай жеткізген екен:
«Уа, Шыңғыс, Зейнеп ханым, көтер басты,
Қай қазақ ой ойлаған сенен асты.
Баласы жеті момын келіп тұрмыз,
Күңіреніп босағаңа төгіп жасты».
Дәл осындай Саққұлақ шешеннің де Шоқан өліміне арнаған екі көңіл айтуы бар. Біреуі әкесі Шыңғысқа хат арқылы, екіншісі Шыңғысқа өз аузынан айтқаны. Алғашқысы қалың елдің қайғылы халін байқату сарынындағы, яғни халықтық жұбату түріндегі сөз.
Бұл оқиға 1866 жылы көктемде Ереймен жерінде Шешен ауылы әлі жайлауға көшпеген кезде болған екен. Бір кеште суыт жүрген кісілер Саққұлақ үйіне келіп тоқтайды. Шыңғыс сұлтанның Баянауылдағы Мұса мырзаға жиені Шоқанның өлімі туралы айтуға жіберген қаралы хабаршылары екен. Бұлардың басшысы Тұрлыбекұлы Жүсіп мырза – Саққұлақтың құдасы. Осы жолаушыларға Жүсіптердің қайтар жолда соқпай, Аюлы Нияздан өтетінін естіп, кенже баласы Ералыға хат жаздырады. Ол былай болып келеді:
Ескендір жиһанды кешті,
Жәмшит адамның майын ішті.
Неше ғалым бұл дүниеден кешті,
Айла таппай бәрі де өшті.
Бұл да сол ғалымның бірі еді-ау,
Арманына жетпей бітті-ау.
Ақсұңқар тұғырдан ұшты,
Ауырлық сізге түсті.
Мезгілсіз салған бұғалақ,
Өзіңізге денсаулық,
Қаза қайырлы болсын!,-
деген екен. Бұл көңіл айту толғауында кездесе беретін көп дәлелдерге сүйене отырып, өмірдің баянсыздығын, басқалардың да бірі ажалға қарсы тұра алмағандығын айта келіп, «бұл да ғалымның бірі еді-ау»,- деп Шоқанның қазасы жанына батқанынан хабар береді. Сөйтіп, Мұса мырзаға да, ол үйдегі Зейнеп апасына да жұбату сөздер айтып жібереді.
Кейіннен жазғы жайлауға отырған кезде Саққұлақ шешен Сырымбетке жол тартып, Шыңғысқа айтар көңілін өз аузымен де жеткізген.
Саққұлақ Бапанұлы ауыл арасы жақын, қоныстас Мұса Шормановпен жиі кездесіп, дәм-тұздас болған. Кейде тіпті пікірлесіп, айтысып, тартысып, сөз жарыстырған шақтары да болған. Соның бірі Мұсаның шешенге «Манат деген не? Жанат деген не?, «Болат деген не?», «Сағат деген не?», «Қанат деген не?», «Ағат деген не?», «Санат деген не?»,- делінетін әйгілі жеті сұрағы бар. Бұл сұрақ-жауап толғауындағы шешен қазақтың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық тағы басқа толып жатқан қарама-қарсы сауалдарына, таным-түсініктеріне алақанға салғандай етіп айтып, шешіп береді. «Алыстан көрінген – қызыл манат, көтеріліп ұшқан-қанат, тоқтышақтың терісі – жанат, ауыздағы отыз тіс болса – болат, айтқан сөзің пұл болса – сағат, орынсыз еткен ісіңіз – ағат, екі жақсы бас қосса - санат»,- деп, сарт еткізеді.
Саққұлақ шешеннің Мұса Шорманұлы өліміне арнаған, сол оқиғаға байланысты туған ел аузында көңіл айту толғауының үлгісі боларлықтай мынадай сөзі қалған.
Талай жыл Баянауыл ауданына аға сұлтан болған Мұса Шорманұлы 1885 жылы 66 жасында дүниеден өтеді. Сонымен қатар, Ерейментауда Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ шешеннің баласы Нұралы қайтыс болады. Осыған байланысты екі жағы да бір-біріне көңіл айтысып, бата жасаса алмай жүреді. Ақыры Мұса мырзаның асына 86 жастағы Саққұлақтың өзі келгенде алдынан даяшы шығып, арнаулы үй тігеді. Аздан соң оған Мұсаның Сәдуақас, Біләл деген балалары сәлем беруге келеді. Сонда Саққұлақ орнынан тұрып, былай деген екен:
Атаң өлді барлықтан,
Көтердің оны нарлықтан.
Жеріміз шалғай болған соң,
Келе алмадық сондықтан.
Ей, Сәдуақас, Біләл!
Сөзіме құлағың сал.
Сендер атам-ай дейсің,
Мен ботам-ай деймін.
Жөн менікі еді,
Менің тойыма Мұсажан келіп,
Мұсажанның тойына,
Нұралыжан келетін.
Жөні бар еді.
Пенденің сұрағаны болмай,
Алланың қалағаны болады деген осы
Шүкіршілік етіңдер,-
деп көңіл айтыпты. Бұл көңіл айту толғауы шешеннің бақытсыздық, адам өлімін өз түсінігінің деңгейінде көпшілікке ұғымды, орынды суреттеп беруімен құнды. Мұсаның балаларына әкесінің ерекше жаралған адам екендігін айта отырып, шешен өз баласы Нұралының жастығын айтқан тұста «Менің тойыма Мұса, Мұсаның тойына Нұралы барғаны жөн еді» деген сөздері көп өмір өткізген көрегенділігін, жақсы-жаманды атқарған ақылдылығын аңғартады.
Тегінде, Саққұлақ шешен ел ішіне жік салатын, ірітетін сөздерді мүлдем айтпаған. Ол әсіресе, ел арасын жарастырып, дау-шар өртін өшіретін, ағайын-тума бауырластығын бекітетін сөздерді көбірек айтқан. Ал көңіл айту, естірту сөздерінің үздік үлгілерін жасап кеткен. Жалпы, Саққұлақ шешеннің сөздерінің даналығын, шығармашылығының мазмұндылығын, барынша кең өрістеген көркемдік ерекшеліктерін аса жоғары бағалаудың жөні бар. Шешеннің сөзі – заман келбеті. Сондықтан да оны халық ардақтайды.
Әкелі-балалы Бапан би, Саққұлақ шешен – шешендік-билік сөздердің өзіндік дәстүрі бар төңірегін құраған өнерпаздар. Бапан би шығармашылығында ел тағдыры, барымта-сарымта сыры басым баяндалады. Би барынша әділ, туғанға бұрмайтын турашыл болып көрінеді.
Саққұлақ шешен өнерінде адамияттылық құлық, кісілік қадір, түзулік дәстүр насихатталады. Әкелі-балалы бұлар бірін-бірі толықтырып, дамыта түседі. Саққұлақ шешеннен туған Ерәлі, Нұралылар да қызыл тілді көп қызықтаған. Бапан, Саққұлақтай болмаса да сөз есесін жібермеген. Нұралы балалары Олжабай, Жұмабайлар да болыс болады, билік айтып, сөз ұстаған адамдар. Олжабай ақындығымен атақты болған.
Достарыңызбен бөлісу: |