Қазақстан Республикасы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін типтік бағдарламасы Астана 2015 Жоба Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Мектепке дейінгі балалық шақ»



бет3/16
Дата16.06.2016
өлшемі1.24 Mb.
#139918
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16


Ата-аналармен жұмыс

Туғаннан бастап бір жасқа дейінгі кезең – бұл бала өміріндегі ересектер тарапынан үлкен қамқорлықты талап ететін ең маңызды кезең. Барлығы алғаш рет танылады және меңгеріледі. Адамға тән психикалық сапаларды қалыптастыруға негіз қызметін атқаратын, туа біткен механизмдер бар, бірақ әлі дағдылар, түсініктер, білім жоқ, бірақ үйретушілік жоғары, меңгергенін бейімдеудің ауқымы кең.

Дәл осы уақытта ата-аналармен, жанұяның басқа мүшелерімен,балалармен және ересектермен өзара әрекеттің тәжірибесі, баланың дамуына әсер етеді.

Ерте жастағы балалардың денсаулығын сақтаудағы, тамақтануындағы, қауіпсіз ортасындағы, психоәлеуметтік және танымдық дамуындағы қажеттіліктердің құрамдарының әрқайсысы бірін бірі толықтырып және бірде біреуі де назардан тыс қалмай, үйлесімді және өзара байланыста қанағаттандырылуы керек.

Ата-аналар балалардың жеке ерекшеліктерін, олардың денсаулық жағдайын, физикалық даму деңгейін, жанұяның мүмкіндіктерін ескеріп, мектепке дейінгі білім берудің түрін таңдауға құқығы бар.

Мақсаты: ата-аналардың ерте жастағы балаларға дұрыс қарауы мен күтім жасауын қамтамасыз етуде қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік беру.

Міндеттері:

- балаларға қарайтын және күтім жасайтын талаптардың бірлігі;

- ата-аналарды педагогикалық және медициналық ағарту;

- баланы дамыту үшін ата-аналармен өзара әрекеттерге жағдайлар жасау.

Ата-аналар:

- ерте жастағы балалармен жұмыстың ерекшелігі туралы;

- ерте жас топтарындағы білім беру үдерісінің ерекшеліктері туралы;

- ерте жас тобындағы тәрбиешінің қызметі туралы;

- ерте жастағы балалардың мүмкін болатын жетістіктері туралы;

- ерте жастағы балаларда қажетті практикалық біліктер мен дағдыларды қалыптастыру туралы;

- олардың балаларының тобында тәрбиелеу процесін жоспарлау мен іске асыруға қатысудың қажеттілігі туралы білулері керек.

Жұмыстың түрлері:



- ата-аналар үшін ескертпелер: «Дұрыс күтім. Тамақтандыру. Ұйқы. Сергектендіру», «Мектепке дейінгі ұйымның жағдайларына ерте жастағы баланы бейімдеу»;

- ата-аналарға арналған сауалнамалар;

- бірлесіп тәрбие шараларын өткізу, көрмелерді ұйымдастыру;

- топта педагогикалық және балалар кітапханаларын ұйымдастыру;

- консультациялар, әңгімелесу, үйлеріне бару;

- көрнекі-насихаттау материалдарын дайындау.

Жұмыс екі бағытта жүргізіледі:

Әрбір ата-анамен жеке жұмыс.

Ата-аналар тобымен жұмыс.

Ата-анамен жұмыстың жеке түрі – бұл әңгімелесу, консультациялар, жанұяға бару, консультациялық пункттер, ата-аналарға тапсырмалар және басқалар.

Ата-аналардың ұжымына арналған жалпы консультациялар, топтық және жалпы ата-аналар жиналыстары, конференциялар, көрмелер, дәрістер, үйірмелер ұйымдастырылады. Ақпараттық және тақырыптық стенділер, фотомонтаждар безендіріледі; радиохабарлар, сұрақ және жауап кештері, дөңгелек үстелдегі кездесулер және басқалар өткізіледі.

Ата-аналармен жұмыс ерте жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуда олардың сұраныстарын қанағаттандыру және оларға педагогикалық көмек көрсету.

ІІІ. ЕРТЕ ЖАСТАҒЫ ЕКІНШІ ТОП

(1 жастан 2 жасқа дейін)
1. Балалардың жас ерекшеліктеріне сипаттама

Бала тіршілік әрекетінің қолайлы жағдайларында салмағына ай сайын 170,0 - 190,0 г, бойына - 1 см қосып отырады. Екі жастағы баланың салмағы орташа есеппен 12,0 - 12,7 кг, бойының ұзындығы 85,0 - 86,0 см жетеді, 20 сүт тісі болады. Бала мықты және ширақ бола түседі.

Бірінші жарты жылдықта белсенді сергектену уақытының ұзақтығы
3-4 сағат; екінші жарты жылдықта 4-5,5 сағат. Ұйқының тәуліктік мөлшері 14 сағаттан 12,5 сағатқа дейін қысқарады. Ұйқы мен сергектену арасындағы арақатынас өзгереді.

Баланың тік жүруі негізгі қимылдардың анағұрлым күрделі түрі болып табылады, ол қоршаған ортаны тануына және орталық жүйке жүйесінің айтарлықтай дамуына әсер етеді.

Іс-әрекеттің маңызды түрлерінің қалыптасуы барысында кеңістікте бағдарлану аясы кеңейеді. Жүру баланы жағымды эмоцияға итермелейтін қимылдың жетекші түріне айналады. Екінші жылдың соңында қимылдардың үйлесімділігі жетіледі: бала қадамдарын жылдамдатады, жүгіреді, жолдағы шағын кедергілерді еңсереді. Жүрісті дағдыландыруға сәйкес қимылдағы тепе-теңдікті сақтауға әсер ететін қолдардың қимылдары дамиды. Қимылдардың қарапайым түрлерін меңгеру барысында заттардың пішіні мен көлемін, олардың қасиеттері мен орналасуын қабылдайды.

Бала өмірінің 2-ші жылында ересек адамдардың тілін түсінуі және сөйлеу белсенділігінің дамуы, сенсорлық дамуы, заттармен әрекеттің, ойындардың дамуы, қимылдарының дамуы, дербестік дағдыларының дамуы қалыптасады.

Осы кезеңде тілді үйренуге ерекше сезімталдығы байқалады, ересектерге оның тілін түсінуге еліктейді. Бірінші жарты жылдықта сөздік қоры 30-40 сөзге жетеді, екінші жарты жылдықта белсенді сөздік қоры 200-300 сөзге дейін артады. Бала барынша жеңіл дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтады. Бала тілі қатынас құралы болып табылады.

Бала 1 жастан 1 жас 6 айға дейінгі кезеңде ересек балалар мен ересектердің қимылдарын қарап, өзінің нені көргенін жаңғыртады. Заттық әрекеттің жинақталған тәжірибесінің және ересектермен қарым-қатынастың арқасында балада заттарды салыстыруға үйренетін көріністі-бейнелейтін ойындар пайда болады.

Заттық әрекет барысында балада тілді меңгерумен қатар көрнекі-қимылдық ойлау қалыптасады.

1 жастан 2 жасқа дейінгі кезеңде бала эмоционалды дамиды, шақырғанда үн қатады және музыканы, көркем сөзді сезеді, музыкамен қимылдау қабілеті пайда болады.

Осы жаста бала жинақылықты сақтайды, қарапайым тәртіп ережелерін орындайды, ересектің талаптарына бағынады және олардың тапсырмаларын орындайды, өзінің бастамасы бойынша ересекке жүгінеді.
2. Балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру

Бала өмірінің екінші жылында психофизиологиялық ерекшеліктеріне қарай балалар екі топқа бөлінеді:

- бірінші – 1 жастан 1 жас 6 айға дейін;

- екінші – 1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін.

Әрбір жас тобына өз күн тәртібі ұсынылады.

1 жастан 1 жас 6 айға дейінгі балалар күніне екі рет, ал 1 жас 6 айдан 2 жасқа дейінгі балалар бір рет ұйықтайды. Баланың түнгі ұйқысы 10-11 сағатқа созылады.

Жылдың суық және жылы мезгілдеріне сәйкес топтар бойынша күн тәртібі жасалады.

Ауа-райы жағдайларына байланысты екінші шағын топтың балалары күніне 1-2 рет серуендейді.

Жылдың жылы мезгілінде балалардың барлық топтардағы тәрбиелеу үдерісі балабақшаның арнайы көгалдандырылған жабдықталған алаңында ұйымдастырылады.

Режимдік сәттер: тамақтандыру, ұйқы, гигиеналық және сауықтандыру-шынықтыру шаралары ғимаратта өткізіледі.

Сауықтыру-шынықтыру шаралары табиғи факторларды, яғни ауа, күн, суды қолдану арқылы өткізіледі. Топтық жайларда ауаның температурасы +21-22°С, жатын бөлмесінде +15-16 °С құрайды.

Жаз мезгілінде серуеннен кейін шынықтыру шаралары әр баланың денсаулық жағдайларын ескере отырып қолдарды, аяқтарды жуу арқылы жүргізіледі.

Арнайы шынықтыру шаралары ата-аналардың тілектерін ескеріп, әкімшілік және медицина қызметкерлері ұйымдастырады.
3. Тәрбие мен оқыту мазмұны

1 жастан 2 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу және оқыту олардың дене, ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық дамуына, денсаулығын нығайтуға, білім, білік, дағды негіздерін қалыптастыруға бағытталған.

Үлгілік оқу жоспарына (бұдан әрі – ҮОЖ)

сәйкес ерте жас тобында сабақтар аптасына 7 рет 7-10 минуттан өткізіледі.

Ойын - сабақтар шағын топтармен жүргізіледі.

Сабақтар:

- 1 жастан 1 жас 6 айға дейін сергектену кезеңінің екінші жартысында;

- 1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін таңғы және кешкі сергектену кезеңдерінде өткізіледі.

Аталған жастағы балаларды тәрбиелеу және оқыту мазмұнын меңгеру білім беру салаларын кіріктіру және заттық дамытушы ортаны қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
Денсаулық» білім беру саласы
«Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны дене шынықтыру ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асырылады.

Мақсаты: балалардың денсаулығын нығайту, ағзаны шынықтыру, қимылдың негізгі түрлерін дамыту жағдайларымен қамтамасыз ету.

Міндеттері:

- жүру, жүгіру, өрмелеу, лақтыру, секіру, тепе-теңдікті жетілдіруге мүмкіндік беретін негізгі қимыл түрлерін дамыту және үйлестіру;

- денсаулықты нығайтуға мүмкіндік беретін мәдени-гигиеналық дағдыларды қалыптастыру;

- дербестікті, негізгі қимыл түрлері мен гигиеналық, шынықтыру шараларын орындауға құштарлығын тәрбиелеу.


Дене шынықтыру

1 жастан 1 жас 6 айға дейін

Негізгі қимыл түрлерін дамыту және үйлестіру білік пен дағдыларды қалыптастыруды қамтамасыз ететін ойын үдерісінде қамтамасыз етіледі.

Тура жолдар бойымен (ені 30-25 см, ұзындығы 2-3 м және ені 30 см, ұзындығы 3-5 м) жүру, ересектің көмегімен және көмегінсіз гимнастикалық тақтай бойымен (ені 30-35 см) жүру, ересектің көмегімен жәшікке (биіктігі 10-15 см) шығу және одан түсу, еденде жатқан лентадан (арқаннан, таяқтан) аттап өту.

Орындықтың, үстелдің, арқанның (биіктігі 50 см), доғаның астынан төрттағандап еңбектеп өту; бөренелер арқылы өту, параллель жатқан арқандардың арасынан (жол бойымен) еңбектеу. 2 м қашықтыққа дейін еңбектеу, құрсаудан өту. Шағын саты бойымен жоғары, төмен (биіктігі 1 м) өрмелеу.

Допты бір және екі қолмен ұстау; түрлі көлемдегі доптар мен шарларды, әртүрлі ойыншықтарды жинау, өз бетінше оларды себетке (жәшікке) салу; шарларды домалату; допты екі қолмен алға лақтыру. Допты алға домалату (отырып, тұрып). Допты төменге алысқа лақтыру.

1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін

Орындықтардың, текшелердің, таяқтардың, кеглдердің арасымен, текшелер, құрсаулар, таяқшалар (еденнен биіктігі 5, 10 және 15 см) арқылы жүру; құрсаудан құрсауға өту; жоғары, төмен қойылған көлбеу тақтай үстімен; тәрбиешімен гимнастикалық орындықтың үстімен жүру; қолдарына заттарды ұстап бағытты өзгертіп жүру; допты домалатып артынан жүру; жәшіктің үстіне (биіктігі 20 см) немесе гимнастикалық орындыққа шығып, түсу; еліктеп жүру (сарбаз, тышқан, күшік, құс, аюға еліктеу).



Гимнастикалық орындықтың үстінен астынан өрмелеп еңбектеу; домалаған доптың артынан еңбектеу, жоғары қойылған көлбеу тақтайдың, гимнастикалық орындықтың бойымен еңбектеу. Еңбектеп бөренеден (диаметрі 15-20 см) асып өту, биіктігі 35-40 см жіптің астынан еңбектеп өту. Саты бойымен жоғары, төмен (биіктігі 1-1,5 м) өрмелеу.

Допты (қапшықтағы құмды) жоғары гимнастикалық орындық арқылы баланың кеудесінің деңгейінде бір және екі қолмен лақтыру; допты екі қолмен домалату; допты тәрбиешімен жұптасып домалату; допты белгілі орынға салу; допты көлденең нысанаға лақтыру (50-60 см арақашықтықтағы нысананың диаметрі 50 см); допты (диаметрі 6-8 см) оң, сол қолмен алысқа лақтыру.

Шағын төбешіктен допты домалату, допты тәрбиешіге, басқа балаға домалату және лақтыру; допты алға, жоғары лақтыру, баланың кеудесінің деңгейінде тартылған жіптен допты асыра лақтыру.

Жалпы дамыту жаттығулары: қолды жоғары көтеріп, төмен түсіру; қолды алға созу, қолды арқаға алып бару, бүгу және қайта жазу; қолдың саусақтарын сермеу, айналдыру; алақандарын жоғары төмен бұру; қолдың саусақтарын бүгу, ашу, саусақтарды жұмып, ашу, ұсақ заттарды саусақтарымен іліп алу; заттарды бір-біріне беру арқылы отырып және тұрып оңға, солға қарай бұрылу, алға еңкейіп және түзулену; сүйемелдеу арқылы тізені бүгіп жүру.

Ұйымдастырылатын ойындардың жетекші түрлері – топпен, жұптасып, өз бетінше қимылдық ойындар.

Күрделілік дәрежесіне қарай жоғары, орташа және төменгі қозғалыс дәрежесіндегі ойындар болып бөлінеді. Жоғары қозғалғыштық – барлық топ қатысады, орташа қозғалғыштық – барлық топ белсенді қатысады, бірақ қимыл сипаты жай, төмен қозғалғыштық – қимылдарды баяу қарқынмен орындалады, қарқындылық байқалмайды.


Күтілетін нәтижелер:

- белгілі бағыт бойымен: жолмен, көлбеу тақтай бойымен жоғары, төмен жіпті, лентаны, таяқшаны аттап жүреді;

- түзу бағытта жүгіреді;

- бөренеден еңбектеп асып түсуді, параллель жатқан жіптердің арасынан еңбектеп өтеді;

- құрсау ішімен орындықтың астынан еңбектеп өту, сатыға өрмелейді;

- ересектердің көрсетуімен жалпы дамыту жаттығуларын орындайды;

- допты жоғарыға лақтыру (қағып алмай), екі қолмен домалату, допты бір-біріне береді;

- бірі-бірінің қолдарынан ұстап балалардың бірлескен қимылды орындайды (тыпырлату, айналу);

- гимнастикалық орындық, тартылған жіп арқылы әртүрлі заттарды лақтырады.

Режимдік сәттер кезінде:

1 жастан 1 жас 6 айға дейін

Баланы жуынудың қарапайым дағдыларына, киінуге, шешінуге және түбекке сұрануға үйрету.

Ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелеу, бетінің, қолының, мұрнының ластығын байқауға, оларды жууға, сүртуге, ылғал киімін шешуге үйрету.

Тамақтану кезінде:

- тамақтану алдында қолын жуу;

- 1 жас 1 айдан 1 жас 3 айға дейін қою тамақты, ал 1 жас 4-5 айдан бастап кез-келген тамақты қасықпен өз бетінше жеуге үйрету;

- нанды сорпамен бірге жеу;

- тек қана өз тәрелкесінен жеу;

- бала орындығына өзі отыру және оны ересектің көмегімен жылжыту.
1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін

Гигиеналық талаптарды сақтау дағдыларын қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыру.

Тамақтану кезінде:

- үстел басына қолды жуғаннан кейін отыру;

- орындыққа өзі отырып, одан өзі тұру;

- тамақты төгіп-шашпай ұқыпты ішу, майлықты қолдану, тамақтан соң алғыс айту.

Жуыну кезінде:

- қолдарын (алақандарын бір-біріне үйкелеу) және бетінің төменгі жағын алақандарымен жуу;

- ересектердің көмегімен беті-қолдарын сүрту.

Киініп-шешіну кезінде: киімдерін белгілі тәртіппен шешу және кию, оларды дұрыс жинау.

Баланың түбекке сұрануы, өз түбегінің орнын білуі, өзінің ғана түбегіне отыра білуді бекіту.

Ескерту жасалған кезде қалтасынан өзі қол орамалын алып және мұрнын сүртіп, қайтадан қалтасына сала білу.

Өз киімдерінің, орамалының орнын, үстел басындағы өз орнын, киіміне арналған шкафты білу.
Сауықтыру-шынықтыру шаралары

Медицина қызметкерінің жетекшілігімен ауада және суда шынықтыру шараларын жүргізу.

Ұзақтығы 3-5 минут болатын ауа ванналары киімдерін ауыстыру, массаж, күндізгі ұйқы және бөлмедегі қалыпты ауа температурасының барысында іске асырылады.

Күнделікті шынықтырудың бір түрі — суды ағызып, қолын шынтаққа дейін жуу. Сумен шынықтыру бөлме температурасы +22°С болғанда жалпы немесе жергілікті шаралар түрінде жүргізіледі.

Арнайы шынықтыру шаралары (ұсынылған тәсілдердің біреуі қолданылады):

- беліне дейін және бүкіл денесін дымқыл шүберекпен сүрту. Судың температурасын +36°С бастап +28°С жеткенге дейін біртіндеп төмендету (4-5 күн сайын 2 градусқа төмен). Денесінің белгілі бір бөлігін сүртінуде су температурасын +35°С бастап +23°С дейін (4 күн сайын 2 градусқа төмен) жеткізу.

- қарама-қарсы температурадағы жылы, салқын су құю: басында су температурасы +36°С бастап +25°С дейін, соңында +38°С бастап +18°С дейін.

Жаз мезгілінде бүкіл режимдік сәттер мүмкіндігінше таза ауада ұйымдастырылады.

Балаларға денсаулықты сақтауға мүмкіндік беретін қарапайым қимылдарды үйрету: аузына ұсақ заттарды салмау, қолына үшкір заттарды алмау, баспалдақтарды аттамау, электр құралдарын, ажыратқыштарды, розеткаларды ұстамау.
Күтілетін нәтижелер:

- үлкен жұмсақ ойыншықтарды көтереді, отырғызады және ұйықтатады;

- үстел басына қолды жуғаннан кейін отырады;

- тамақты төгіп-шашпай ұқыпты ішу, майлықты қолдануға үйрету (еске түсіру), тамақтан соң алғыс айтады;

- ересектің көмегімен қолдарын және бетін сүртеді;

- белгіленген тәртіппен киімдерін дұрыс шешу және бүктеп жинайды, оны киеді (қалпақ, колготки, шалбар, бәтеңкесін кию);

- түбекке сұранады, өз түбегінің орнын біледі, түбекке отыру қажеттілігі туралы уақытында хабарлайды.
«Қатынас» білім беру саласы

«Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны:

- тіл дамыту;

- көркем әдебиет ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асырылады:

«Қатынас» білім беру саласының мазмұны бала тілін дамытуды, коммуникативті-тілдік құзыреттілігін қалыптастыруға, белсенді және енжар сөздік қорын, тілдің грамматикалық құрылымына, тіл мәдениетіне, баланың байланыстырып сөйлеуін басқа білім салаларымен біріктіру арқылы жетілдіруді қамтамасыз етеді.

Мақсаты: тілдік қатынасқа сұранысты қалыптастыру жағдайларымен қамтамасыз ету.

Міндеттері:

- тілдесудің коммуникативтік дағдыларын және тыңдау мәдениетін дамыту;

- тілдің сөздік қорын қалыптастыру;

- тілдің грамматикалық құрылымын, дыбыс мәдениетін, байланыстырып сөйлеуді үйрету.


Тіл дамыту

Бірінші жарты жылдықтың маңызды міндеті ересектердің сөйлеу тілін түсінуді дамыту болып табылады. Екінші жарты жылдықта белсенді сөйлеуін дамытуға баса назар аударылады.



1 жастан 1 жас 6 айға дейін

Бірінші жарты жылдықта балалардың сөздік қорын заттардың атын, тіршілік иелерінің қимыл-әрекетін (ұйықтайды, тамақ жейді, ән айтады, тыңдайды және т.б.), сонымен қатар балаларға таныс заттардың белгілерін білдіретін (үлкен, кіші, қызыл және т.б.) сөздермен молайту.

Балалар:

- өзінің, жақын туыстарының аты-жөнін, киім, жиһаз, ыдыс-аяқтардың, кейбір көлік құралдарының, бірнеше жануарлар мен өсімдіктердің атауларын білуді;

- өзінің (қол, аяқ, бас, ауыз, көз, құлақ) және ойыншық-жануарлардың дене мүшелерін ажыратып, атай білуді;

- құрылымы бойынша қарапайым тіркестердің және фразалардың мағынасын түсіну, тұрмыстық және қызықты жағдайларды суреттейтін,


1-3 көріністен тұратын ойыншықтармен, қуыршақтармен шағын қойылымдардың қарапайым мазмұндарын, өтініштерді орындауды;

- тілді көрнекіліксіз түсіну, заттарды табу және оларды суреттен тану, елеулі белгілері бойынша заттарды іріктеуде, тапсырмаларды орындауды;

- сәйкес суреттерді, ойыншықтарды, іс-әрекеттерді көрсету арқылы, кейіннен көрнекіліксіз мазмұны бойынша шағын, қарапайым әңгімелерді, өлеңдерді, санамақтарды түсінуді;

- шығармаларды тыңдау, оны қабылдау, мазмұнына эмоционалды жауап беруді үйренеді.



Белсенді сөйлеуді дамыту

Белсенді сөйлеу қажетті ақпаратты түрлі жолдармен жеткізу негізінде дамиды: ым, қимыл, вокал, былдыр сөздер және т.б. Бұл жастағы балалар жиі еститін сөз тіркестері мен сөздерге еліктейді, таңдануды, қуанышты, наразылықты, өкінуді және т.б. білдіретін кейбір эмоциялық екпіндерді жаңғыртады.

Сөздік қорды туыс адамдардың атауын (ата, әже, әке, ана, тәте, т.б.), таныс заттар мен ойыншықтарды (шыныаяқ, кереует, үстел, қонжық, қуыршақ және т.б.), кейбір тағам түрлерін (ботқа, сүт), қимылдарды (ал, тұр, жібер, т.б.) білдіретін сөздермен толықтыру.

Ересектердің сөздерін тыңдауға, «Бұл не?», «Не істеді?» сұрақтарына жауап беруге, сұрақ қоя білуге, жеңіл тапсырмаларды орындай білуге, болмайды, рұқсат сөздерін түсініп, дұрыс әрекет жасауға тәрбиелеу.

«Қатынас» білім беру саласы мазмұнын жүзеге асыру басқа білім беру салаларымен кіріктіру арқылы жүзеге асырылады.

Дене жаттығуларын, сауықтыру және гигиеналық шараларды, қоршаған ортамен таныстыруды өткізу кезінде қимылдарды орындау, сурет салу, мүсіндеу, ән салуда баланың ауызша сөйлеуі дамиды, тілдің сөздік қоры толығады.



1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін

Аталған жастағы балалардың сөйлеу тілін түсінуі төменде берілген сөздер есебінен кеңейтіледі:

- бөлмедегі және бөлмеден тыс заттар;

- кейбір жануарлар, олардың қимылдары;

- ойыншықтар (көжек, қонжық, балықтар, құстар);

- заттардың белгілері, жай-күйлері, орны;

- мезгілдік және сандық қатынастар;

- тілегіне байланысты (су ішкісі, тамақ жегісі, ұйқысы келеді) іс-әрекеттер;

- дене күйі, көмек, жанашырлық сезімі;

- жасы мен жынысына сәйкес айналасындағы адамдар.

Балалардың:

- тұрғын үй бөлмелерінің атауын және олардың неге арналғанын, бұл бөлмелерде еркін бағдарлай білу;

- таныс заттарды атауы, түстері, айтылуы бойынша топтастыра білу;

- ересектердің айтқанын мұқият тыңдау, оның нұсқауларын орындау, екі-үш әрекеттен тұратын жеңіл тапсырмаларды есте сақтап, орындау, қосымшалары бар сөйлемдерді түсіну;

- қоршаған ортамен қарым-қатынасты реттеуге және тілектерін білдіруге қажетті сөздерді (алғым келеді, берші, жібер, әрі жылжы) қалыптастыра білу дағдыларын қалыптастыру.

Баламен тілдесу барысында сергек, қуанышты көңіл-күйді, ересектермен әңгімелесу ниетін қолдау, олардың нұсқауларын орындау, олардың әрекеттері мен сөздеріне еліктеу үшін бесік жырларын, әзілді тапқыр сөздерді, ертегілердің күлкілі кіріспесін қолдану.

Мәнерлі сөйлеуді: шығарманың мазмұнына қатысты айтылатын сұраулы, болымды, лепті екпіндерді түсінуді дамытуды жалғастыру.

Белсенді сөйлеу ересектердің сөйлеген сөздеріне еліктеу арқылы жеке сөздер мен тіркестерді жаңғырта білу, ән, өлең, тақпақтарды тыңдай отырып, жекелеген сөздерді дауыстап және әндетіп айту арқылы дамиды.

Белсенді сөздікті байыту, былдыр сөздер мен дыбыстарға еліктеуді біртіндеп жалпы қолданатын тілдік формамен ауыстыру, заттар мен іс-әрекеттерді білдіретін жаңа сөздерді енгізу, енжар сөздік қордағы сөздерді айтуға үйрету.

Табиғи жағдайдағы, суреттердегі жақын ортадағы заттарды атауды жалғастыру.

Ересектер мен құрбыларына жүгіне білу (сұрашы, рақмет айт, қара, кім келді және т.б.) еліктеу бойынша жаңа сөздерді, екі-үш сөзден тұратын сөйлемдерді айту, түсінікті сұрақтарға жауап беру.

Айналасындағы адамдардың сөзін мұқият тыңдау қабілеттерін дамыту, сөз түріндегі талаптарын орындау.

Дұрыс үлгілік сөйлеу дағдыларын, ана тілінің грамматикалық ережелерін ескеріп, сөйлемдерді құруды қалыптастыру.
Көркем әдебиет

Сабақтың негізгі міндеті шығармаларды тыңдау, мазмұны бойынша түсінікті ертегілер, әңгімелер, өлеңдер, тақпақтарды түсіну үшін жағдайлар жасау болып табылады.

Шығарма кейіпкерлеріне деген жанашырлық дағдыларын тәрбиелеу, халықтық шығармалар, тақпақтар, өлеңдердің ырғағы мен әуенділігіне эмоциялы түрде жауап беру.

1 жастан 1 жас 6 айға дейін

Сәйкес сурет, ойыншық, әрекеттерді және аудио-бейне материалдарды қолданып, қысқа мазмұнды қарапайым тақпақ, ертегі, әңгімелерді тыңдау мәдениеті мен түсіну дағдыларына тәрбиелеу.

Көркем мәтінді тыңдау және оның мазмұнын белсенді қабылдау дағдыларын дамыту.

1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін

Мәнерлі сөйлеуді: көркем шығарманың мазмұнына қатысты айтылатын сұраулы, болымды, лепті екпіндерді түсінуді дамытуды жалғастыру. Мәтінді қайталап оқығанда сөздерді айта білуге үйрету.

Балаларға ойын әрекеттерін, оқу, айтып беру, көрсету барысында мәтінге сәйкес таныс әлдилерді орындай білуді, халықтық шығармалардың, тақпақтар мен әндердің ырғақтығы мен әуезділігіне эмоционалдығын білдіруді жалғастыру.

Екі жастың соңына қарай балаларға түсінікті табиғат құбылыстары: қар, жаңбыр, жел, шалшық т.б., адамдар мен жануарлардың қылықтары бейнеленген шағын әңгіме, ертегі, өлеңдерді тыңдауға және эмоциялы түрде пікірлерін білдіруге үйрету.

Оқу және түсінгенін айту, көрсету барысында шығарма кейіпкерлеріне жанашырлық білдіру, аяушылық танытқандарды мадақтау, қатысу, пікірлерін білдіру. Кітаптағы суреттерді қарастыруға үйрету.

Балаларда мәнерлі сөйлеу, мәтіндегі сөзді айта білу іскерлігі даму жалғасады.

Балалар ойын әрекеттеріне қатысады, халық шығармаларының, тақпақтардың, әндердің музыкасы мен ырғағына эмоционалдығын білдіреді, адамдар мен жануарлардың әрекеттерін, табиғат құбылыстарын сипаттауға үйренеді. .

Балаларда шығарма кейіпкерлеріне жанашырлық білдіру, аяушылық таныту, көмек көрсету сезімдері қалыптасады.

Балалар кітаптағы суреттерді қарауға үйренеді.


Күтілетін нәтижелер:

- өзінің есімін, жақын адамдарының есімдерін, киімнің, жиһаздың, ыдыстардың, кейбір қозғалыс құралдарын, бірнеше таныс жануарлар мен өсімдіктердің атауларын;

- бөлмедегі және даладағы заттар (бақшада, аулада, көшеде) атауларын;

- кейбір жануарлар мен олардың қимылдарын;

- заттардың белгілерін, жай-күйлерін, орналасқан орындарын атауды;

- айналадағы адамдардың жасы мен жынысына сәйкес дене жай-күйі, мезгілдік және сандық қарым-қатынастарды атауды б і л е д і .



- өзінің (қол, аяқ, бас, ауыз, көз, құлақ) және ойыншық-жануарлардың дене мүшелерін ажыратып, атауды;

- тәрбиеші ойыншықтарды, өзінің қимылдарын көрсетуде айтатын құрылымы бойынша қарапайым тіркестердің және фразалардың мағынасын түсіну;

- жай сөйлеммен айтылған өтініштерді түсіну және орындау;

- 1-3 қимылдардан тұратын, куыршақпен күрделі емес шағын сахналауды түсіну;

- кейбір есімдіктер (мен, біз, сен, маған) мен үстеуді (онда, сонда), сын есімдерді (үлкен, кіші, жақсы, жаман, дәмді) қолдану;

- таныс заттар туралы сұрақтарға бір сөзбен немесе сөз тіркесімен жауап беру;

- өз өтінішін сөзбен немесе сөз тіркестерімен білдіру, тапсырманы мұқият тыңдап, басқа адамға жеткізу;

- дауысты а, у, и, о және түсінікті, артикуляциялық қатынастағы дауыссыз м, б, п, т, д, н дыбыстарын анық айту;

- сәйкес суреттерді, ойыншықтарды, іс-әрекеттерді көрсету арқылы шағын, қарапайым әңгімелерді, өлеңдерді, әлдилерді тыңдау,түсіну;

- шығармаларды тыңдау, оны қабылдау, мазмұнына эмоционалды жауап беру;

- шығармалардың кейіпкерлеріне жанашырлық таныта алады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет