Қазақстан Республикасын үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi 2010 2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама және Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр жарлықтарының күшi жойылды деп тану туралы



бет3/13
Дата17.06.2016
өлшемі0.7 Mb.
#142746
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

      Ресурстық қамтамасыз ету
      Жұмыс iстеп тұрған кен өндiру кәсiпорындарының шикiзат базасы кеңейтiледi. Түстi металлургия үшiн кен орындарын iздестiру мен барлауға ерекше көңiл бөлiнедi. Шығыс, Орталық және Солтүстiк Қазақстандағы пайдалы қазбалардың стратегиялық түрлерiне барлау жасалады. Ресурстық базасы шектеулi отандық компанияларға шетелде кен активтерiн сатып алу үшiн жәрдем көрсетiледi.
      Теңгерiмделген, қиын байытылатын кендер мен концентраттарды және үйiндiлердi өндiрудiң тиiмдi технологиялары әзiрленедi және енгiзiледi, сондай-ақ қайталама шикiзатты - қара және түстi металдардың сынықтары мен қалдықтары пайдаланылады.
      «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ кен металлургиясы кешенiнде жер қойнауын пайдалануға иелiктен шығарылатын құқықтарды сатып алу бөлiгiнде мемлекеттiң мүддесiн қамтамасыз етедi және пайдалы қазбалардың кен орындарын игеруге және дайындауға қатысатын болады.

Химия өнеркәсiбi

Ағымдағы жағдайды қысқаша талдау

      Әлемдегi химия өнеркәсiбi өндiрiсiнiң жалпы көлемi шамамен 2 трлн. АҚШ долларын құрайды. Әлемдiк өндiрiстегi қазақстандық өндiрiстiң үлесi - 0,04%, елдiң өнеркәсiптiк өндiрiсiнiң көлемiнде - 1,61%, елдiң өңдеушi өнеркәсiбiнiң көлемiнде - 4,84%-ды құрайды.


      2008 жылдың қорытындылары бойынша сала өнiмi экспортының көлемi 101 млрд. теңгенi немесе шамамен 0,84 млрд. АҚШ долларын, ал импорт - 92 млрд. теңгенi немесе 0,76 млрд. АҚШ долларын құрады.
      Саланы дамытудың проблемаларына мыналар жатады: шикiзатты өңдеу деңгейiнiң төмендiгi; өнiмнiң халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келмеуi; саланың технологиялық және техникалық артта қалуы; негiзгi қорлардың тозуы (80%-дан жоғары); негiзгi қорларды жаңарту коэффициентiнiң төмендiгi (жылына 1-1,5%); одан әрi бөлу өнiмдерiн өндiру үшiн бiрқатар базалық өндiрiстердiң болмауы; бiлiктi кадрлар тапшылығы.
      Қазiргi уақытта бәсекеге қабiлеттi химия өндiрiстерiн жобалау жөнiндегi инжинирингтiк қызметтердiң (талдамалық зерттеулер, жоба алды, жобалық құжаттама, жабдықтарды, технологияларды жобалау, құрылысты бақылау, қызметтi сүйемелдеу) толық кешенiн жүзеге асыруға қабiлеттi инжинирингтiк компаниялар жоқ екенi рас.

Негiзгi мiндет

      Қосылған құны жоғары жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған және инновациялық өнiм шығаруға бағытталған химия өнеркәсiбiнiң бәсекеге қабiлеттi басым өндiрiстерiн дамыту.



Нысаналы индикаторлар

      1. Химия өнiмiн өндiру көлемiн 2 есеге ұлғайту.


      2. Жоғары бөлiнiстi химия өнiмiнiң экспортын 2 есеге ұлғайту.

Саланы дамытудың негiзгi бағыттары

      Жоғары бөлiнiстi химия өнiмiн өндiру мақсатында шикiзатты кешендi өңдеудi мынадай бағыттар бойынша ұйымдастыру:


      органикалық химия өнiмдерi: Атырау облысында жылына куаты 800 мың тонна полиэтилен және жылына қуаты 500 мың тонна полипропилен өндiрудi, сондай-ақ жоғары бөлiнiстi өндiрiстердi ұйымдастыру («Мұнай химиясы» бөлiмiнде көзделген);
      органикалық емес химия өнiмдерi: минералдық, оның iшiнде: азот-фосфорлы тыңайтқыштар - жылына кемiнде 1 млн. тонна, калий тыңайтқыштарын (оның iшiнде хлорсыз) - жылына кемiнде 250 мың тонна, кешендi тыңайтқыштар - жылына 200 мың тонна, мембраналық әдiс бойынша каустикалық сода - жылына кемiнде 30 мың тонна шығару жөнiндегi өндiрiстi, күкiрт қышқылының өндiрiсiн ұйымдастыру;
      арнайы химикаттар мен тұтыну химиясы: жарылғыш заттар - жылына кемiнде 15 мың тонна, синтетикалық жуу заттары - жылына кемiнде 60 мың тонна, биопрепараттар мен гуматтар - жылына кемiнде 600 тонна, қышқылсыз технология бойынша құрамында фосфоры бар туктер - жылына кемiнде 100 мың тонна шығаратын өндiрiстер ұйымдастыру.
      Сол сияқты полимерлi конструкциялық материалдар, агрохимия заттары, антипирен, флотороагент, тұрмыстық химия, отынға арналған телiмдер және құрылыс, химия, тоқыма өнеркәсiбi, ауыл шаруашылығы, машина жасау мен экономиканың басқа салалары үшiн басқа да шағын және орта тонналы жоғары технологиялық өнiмдер өндiрiсi ұйымдастырылатын болады.
      Мынадай жобаларды iске асыру көзделiп отыр:
      мембраналық әдiс бойынша жылына 30 мың тонна каустикалық сода және өзге де өнiмдер - хлор, натрий гипохлоритiн өндiру (Павлодар облысы);
      күкiрт қышқылын өндiру (Ақмола облысы);
      жылына кемiнде 1 млн. тонна азот-фосфорлы тыңайтқыштар өндiру, Үшбас және Герес кен орындары (Оңтүстiк Қазақстан облысы);
      жылына куаты 650 мың тонна болатын кен байыту фабрикасын және күкiрт қышкылы цехын салу (Жамбыл облысы).
      Жобалардың көрсетiлген тiзбесi түпкiлiктi емес. Келесi кезекте саланы дамыту басымдықтарына сәйкес жобалардың қосымша портфелi қалыптастырылады.
      Жоғарыда көрсетiлген жобаларды iске асыру шағын және орта бизнес кәсiпорындарының жоғары бөлiнiстi өнiмдер өндiруiн ұйымдастыру үшiн мүмкiндiк ашады, саланың ғылымды кажетсiнуiн ұлғайтуға, қолда бар ғылыми iзденiстердi пайдалануға және сыртқы және iшкi нарықтардың қажеттiлiктерiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.

      Мемлекеттiк қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары


      Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету
      Оңтүстiк Қазақстан облысында азот-фосфор тыңайтқыштарын өндiру зауыты құрылысының жобасын энергетикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесi пысықталатын болады.
      Жамбыл облысында кешендi минералды тыңайтқыштар өндiру зауытын, Оңтүстiк Қазақстан облысында азот-фосфор тыңайтқыштарын өндiру зауытын салу жобаларын көлiк инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселесi пысықталатын болады.
      Бiлiктi кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
      Химия өнеркәсiбiнiң 12 мамандығы және «Фармация» мамандығы бойынша кадрларға деген қажеттiлiк жоғары оқу орындарында және 13 ТжКБ оқу орындарында дайындау есебiнен өтелетiн болады.
      Ақмола, Павлодар облыстарының оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылатын болады.
      Жергiлiктi жерлерде жеке басшыларды бекiте отырып, 3 ай мерзiмде өндiрiстiк кәсiпорындарда өндiрiстiк тәжiрибеден өту жүйесi енгiзiледi. Осы жүйенiң шеңберiнде оқу орындарының кем дегенде 1000 маман-түлегi дайындалады.
      Отандық химия кәсiпорындарының технологиялары, өткiзу, жабдықтау бойынша менеджерлерiн жетекшi шетелдiк химия компанияларында тағылымдамадан өткiзу жөнiндегi бағдарлама iске асырылады. Осы бағдарламаның шеңберiнде кем дегенде 200 кадр дайындалады.
      Әкiмшiлiк кедергiлердi алып тастау
      Өндiрiстi реттеу мен прекурсорлар айналымының химия өнiмiнiң құнын қалыптастыруға және қажеттi рұқсаттар алу уақытын үнемдеуге әсерiн азайту мақсатында осы саладағы рәсiмдер жеңiлдетiлетiн болады.
      Шетелдiк инвесторлар - iрi жер қойнауын пайдаланушылармен ынтымақтастықты тереңдету шеңберiнде көмiрсутек шикiзаты мен мұнай өңдеу өнiмдерiн одан әрi қайта бөлудiң отандық химия өндiрiстерiнде пайдалану мақсатында оларды экономикалық қолайлы баға бойынша iшкi нарыққа сату мәселесi пысықталатын болады.
      Техникалық регламенттердi енгiзу
      Халықаралық талаптарға сәйкес 9 техникалық регламент енгiзiледi, 225 мемлекеттiк стандарт әзiрленiп, енгiзiледi; қазiргi заманғы әдiстермен физика-химиялық, оптикалық-физикалық және микробиологиялық өлшемдер жүргiзу үшiн хроматография мен спектрометрияның үлестi электр өткiзгiштiгiнiң рН-метриясы жөнiндегi мемлекеттiк эталондар жаңғыртылады.
      Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу
      Еңбек өнiмдiлiгi мен өндiрiстiң энергия тиiмдiлiгiнiң жоғары көрсеткiштерiне қол жеткiзу мақсатында тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелердi әзiрлеу мен енгiзуге гранттар бөлiнедi.
      Жаңа химия өнiмдерiн жасау, химия кәсiпорындарының технологиялық проблемаларын шешу, басқа сала кәсiпорындарында химия өнеркәсiбiн пайдалану бойынша қолданбалы ғылыми-зерттеу бағдарламалары iске асырылады.
      Қызметi қазақстандық мамандар арасынан кемiнде 30 бiлiктi инженер даярлауға, өндiрiстердi жобалау жөнiндегi қазiргi заманғы әдiстемелер мен халықаралық стандарттар енгiзуге, саланың инжинирингтiк қызметтерiндегi қазақстандық қамтуды кемiнде 40 %-ға дейiн ұлғайтуға, сала кәсiпорындарының қызметiн ғылыми-инжинирингтiк сүйемелдеу жүйесiн қалыптастыруға бағытталатын мамандандырылған инжинирингтiк компания құрылатын болады.
      Тiкелей инвестициялар үшiн тартымды жағдай жасау
      «Самұрық - Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның «Бiрiккен химиялық компания» ЖШС химия өнеркәсiбiндегi Бағдарламаны iске асырудың негiзгi операторы болады және жер қойнауын пайдалануға арналған иелiктен айырылатын құқықтарды алу, пайдалы қазбалар кен орындарын игеру мен әзiрлеуге қатысу, халықаралық қаржы нарығында қажеттi қарыз капиталын тартумен және стратегиялық инвесторларды iздеумен айналысу бөлiгiнде мемлекеттiң мүддесiн қамтамасыз етедi.
      Республикалық инвестициялық жобаларды, жоғары бөлiнiстi өнiмдер өндiру мақсатында отандық химия өндiрiстерiнiң өнiмiн тұтынатын шағын және орта бизнес кәсiпорындарына жеңiлдетiлген кредит беру ұйымдастырылатын болады («ҚДБ» АҚ мен екiншi деңгейдегi банктер - Бағдарламаның әрiптестерi арқылы):
      Отандық өндiрушiлердiң минералды тыңайтқыштарын тұтынуды ынталандыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлердi субсидиялау көлемдерi ұлғайтылады; жаңа химия өндiрiсi өнiмiн қоса отырып мемлекет мұқтаждығы үшiн отандық әлеуеттi жеткiзушiлерден сатып алынатын тауарлар (қызметтер, жұмыстар) номенклатурасын кеңейту бойынша қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлетiн болады.
      Сауда саясаты
      Мемлекеттiк тапсырыс нысанында қазақстандық химия өнiмiнiң танымал имиджiн қалыптастыру мақсатында химия кәсiпорындарына (жоғары бөлiнiстi өнiм экспорттаушыларға) мамандандырылған көрмелерге, отандық өнiмдер брендингiне қатысу, интернет-ресурсты жасау және шетелдерде тарату үшiн баспа өнiмдерiн дайындау жөнiндегi iс-шараларға арналған шығындарын лимиттi өтеу көзделетiн болады.
      Химия өнiмдерiн экспорттауға лицензия алу рәсiмi жеңiлдетiледi, әрбiр министрлiкте келiсiмдер беру мерзiмi азайтылатын болады.
      2011 - 2018 жылдар кезеңiнде ЕО елдерi аумағында сары фосфор тасымалдау үшiн цистерналардың жүрiсiне арнайы рұқсаттар алу мәселесi (2011 жылдан бастап ЕО елдерiнде оларға тыйым салынуына байланысты) шешiлетiн болады.
      Ресурстық қамтамасыз ету
      Химия өнеркәсiбi үшiн шикiзат кен орындары бойынша iздестiру жұмыстары жүргiзiлетiн болады.

Атом өнеркәсiбi

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Қазақстанда әлемдегi экспортқа бағдарланған және бәсекеге қабiлеттi атом саласын дамыту үшiн барлық алғышарттар бар.


      Оларға:
      барланған уран запастарының едәуiр санының және уранды өндiретiн және уран өңдейтiн дамыған өнеркәсiптiң болуы;
      «Үлбi металлургия зауыты» акционерлiк қоғамы (бұдан әрi - «ҮМЗ» АҚ) отын құрамдауыштарын өндiру кәсiпорындарының және ядролық энергетикалық реакторлар үшiн конструкциялык материалдардың болуы;
      елде ядролық реакторларды пайдалану тәжiрибесi бар жоғары бiлiктi мамандардың болуы;
      ядролық физика, физика және ядролық реакторлар техникасы, ядролық энергетикалық құрылғылар қауiпсiздiгi саласында зерттеу жүргiзетiн зерттеу реакторларымен және бiрегей электрофизикалық құрылғылар мен стендтермен жарақтандырылған ғылыми кәсiпорындардың болуы.

Негiзгi мiндет

      Әлемдiк нарықта қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған, бәсекеге қабiлеттi өнiм алу үшiн толық ядролық отын тiзбегi бар тiгiнен интеграцияланған кешен құру.



Нысаналы индикаторлар

      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiне сәйкес уран өндiру көлемiн ұлғайту.


      2. Ядролық отын тiзбегiнiң жаңа өндiрiстерiн құру - қуаты 12 000 мың тонна уранның гексафторидiн (UF6) өндiретiн конверсиялық зауыт салу, Үлбi металлургия зауытында жылу бөлетiн құрастырмалар шығару жөнiндегi қуаты 400 тонна ядролық отын болатын зауыт салу.

Саланы дамытудың негiзгi бағыттары

      Қазақстан Республикасы уранының минералды шикiзат базасын тиiмдi пайдалану және ядролық отын тiзбегiнiң кейiнгi кезеңдерiн дамыту мақсатында мыналар көзделедi:


      1. Уран минералды шикiзат базасын қалпына келтiру, сондай-ақ жаңа кенiштердi iске қосу мен көптеген елдер жоспарланып отырған жаңа АЭС ауқымды құрылысын жүргiзу аясында өнiмдi өсiру мақсатында Шу-Сарысу және Сырдария уран кендерi провинцияларының шеңберiнде геологиялық барлау жұмыстарын жүргiзу.
      2010 жылдан бастап жұмыс iстеп тұрған кенiштерде өндiрiстiк қуаттарды кеңейту және жиынтық жобалық қуаты жылына шамамен 6 000 тонна уран болатын жаңа өндiру кешендерiн пайдалануға беру жұмыстары жалғасады.
      Уран өндiру көлемi уран нарығындағы жағдайға қарай Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен айқындалады.
      Бұл ретте уран өндiру есептерi Қазақстанда ядролық отын өндiрудiң кейiнгi тiзбектерiнiң дамуына байланысты болады.
      2. «Қазатомөнеркәсiп» ҰАК» АҚ-ның уран конверсиясы бойынша қызмет көрсетуге қатысуы және озық конверсиялық технологияларға қол жеткiзу арқылы ядролық отын тiзбегiнiң осы кезеңiндегi өз тауашасын алуы.
      Осы мақсатта Үлбi металлургия зауытының базасында Comeco канадалық компаниясымен бiрiге отырып өндiрiстiк қуаты жылына 12 000 тонна уран гексофторидiн (UF6) шығаратын конверсиондық зауыт құрылысының жобасын iске асыру көзделуде (шамамен конверсия бойынша әлемдiк қуаттардың 17%).
      3. «Қазатомөнеркәсiп» ҰАК» АҚ-ның байыту қызметтерiн көрсетуге қатысуы.
      Байыту қуаттарына қол жеткiзу мiндетiн шешу үшiн Ресей Федерациясының аумағында Ангарск қаласында «Қазатомөнеркәсiп» ҰАК» АҚ және «Техснабэкспорт» ААҚ (Ресей Федерациясы) паритеттiк негiзде «Уран байыту орталығы» ЖАҚ бiрлескен кәсiпорны құрылды. «УБО» ЖАҚ қызметi жылына 5 млн. ЕРР қуаты бар уран байыту зауытын салу мен пайдалануға беруге бағытталады.
      4. «Қазатомөнеркәсiп» ҰАК» АҚ ядролық отынды дайындау бойынша қызмет көрсетуге қатысуы.
      Жылу бөлетiн құрастырмалар өндiрiсiн құру және нарықтарда ядролық отын мен жылу бөлетiн құрастырмаларды iлгерiлету үшiн 2008 жылы AREVA компаниясымен Үлбi металлургия зауытында жылу бөлетiн құрастырмалар шығару жөнiндегi қуаты 400 тонна ядролық отын болатын зауыт салу туралы келiсiмге қол қойылды. Осы өндiрiсте француз дизайнындағы және басқа өндiрушiлер дизайнындағы реакторлар үшiн негiзiнен Оңтүстiк Шығыс Азия елдерiнiң нарықтарына және өзiндiк атом энергетикасының отынға қажеттiлiгiн қамтамасыз ету арналған құрастырмалар шығарылады.
      5. Жоғары технологиялық жаңа жобаларды iске асыру.
      «Ядролық технологиялар паркi» АҚ базасында ядролық технологиялар саласында жоғары технологиялық әзiрлемелердiң нарыққа iлгерiлеуiн және олардың өнеркәсiп өндiрiсiне енгiзiлуiн, сондай-ақ жаңа ғылымды кажетсiнетiн өндiрiстердiң дамуын қамтамасыз ететiн қазiргi заманғы инфрақұрылым қалыптастырылады.
      ЭЛВ-4 электрондарды өнеркәсiптiк жеделдеткiш базасында көбiктi полиэтилен және судан қорғағыш шатыр материалын өндiру бойынша технологиялық желiлердi iске қосу жүзеге асырылды, радиациялық технологиялар кешенiне кiретiн және медициналық бұйымдар мен препараттарды стерилдеуге, дәрiлiк препараттарды синтездеуге арналған ИЛУ-10 өнеркәсiптiк жеделдеткiш базасында радиациялық стерилдеу корпусының құрылысы бойынша жұмыстар басталды.
      Мынадай жобаларды iске асыру көзделiп отыр: мұнай және газ құбырлары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа арналған жылу сақтау манжеттерi мен желiлер өндiру, мұнай-газ жабдығын радиобелсендi ластанудан тазалау және белсендi етпеу жөнiндегi ұтқыр кешен, темiр жол көлiгiне арналған автокөлiк жабдығының өндiрiсi, тұрпатты сорғы қондырғыларын енгiзу.
      Тiгiнен интеграцияланған атом-өнеркәсiптiк кешендi қалыптастыруға бағытталған жобалардан басқа, энергетиканың балама және аралас бағыттарын және салаларын дамытуға мүмкiндiк беретiн жоғары технологиялы жобаларды iске асыруға мүмкiндiк бередi.

1.2 Iшкi сұраныс негiзiнде салаларды дамыту

      Экономиканы «дәстүрлi индустрияларда» қарқынды дамыту, қазақстандық қамтуды дамыту экономиканың жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялар мен мемлекеттiң сұранысына негiзделген секторларын, ең алдымен машина жасауды, құрылыс индустриясын және фармацевтика өнеркәсiбiн дамыту үшiн ынталандыру шарасы болады.


      Бұл ретте iшкi сұранысты қамтамасыз етуден отандық кәсiпорындардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, өндiрiс факторлары өнiмдiлiгiнiң өсуi, инновациялық технологиялар енгiзу есебiнен олардың экспорттық әлеуетiн өсiруге кезең-кезеңiмен көшу осы салаларды дамыту стратегиясы болады.

Машина жасау

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Машина жасау кешенiне 13 кiшi сала кiредi: темiр жол, мұнай-газ, кен-шахта және металлургия, автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы, электр жабдығы және т.б. Қазақстанның өнеркәсiп өндiрiсiнiң жалпы көлемiндегi машина жасау кешенi өнiмiнiң үлесi 1990 жылы 15,9%-дан 2008 жылы 2,9%-ға төмендедi. 2008 жылы нарық сыйымдылығы 16 663 млн. долларды құрады, оның iшiнде негiзгi үлестi 15 475 млн. доллар импорт құрайды, бұл тауар импортының жалпы құрылымында 41% құрайды.


      Саланы дамытудың негiзгi проблемалары: кәсiпорындардың технологиялық артта қалуы; өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң төмендiгi; әлемдiк өндiрушiлермен байланыстың болмауы; конструкторлық құжаттамаға қолжетiмдiлiк; инвестиция көлемiнiң аз болуы; зауытаралық кооперацияның болмауы; жабдықтың тозу деңгейiнiң жоғары болуы (43-80 %); бiлiктi кадрлардың тапшылығы; машина жасау өнiмiнiң сатудан кейiнгi сервисi деңгейiнiң төмен болуы.
      Мұнай-газдағы, кен шахтасындағы және металлургия машиналарын жасаудағы проблемалар: машина жасау кәсiпорындарының жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуының перспективалы жоспарлары, техникалық қайта жарақтану жоспарлары, кен орындары, өңiрлер бөлiнiсiнде мұнай-газ машиналарын жасау өнiмдерiнде қажеттiлiк, өнiм импорты бойынша жоспарлар туралы хабардар болмауы болып табылады.
      Ауыл шаруашылығы машинасын жасаудағы проблемалар: импортталатын құрамдас бөлiктер мен материалдарды пайдалану; ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң төлем қабiлеттiлiк сұранысының төмендiгi; кредиттiк ресурстарға қол жеткiзудiң қиындығы; отандық машина жасау өнiмiн өндiрудi лизингтiк компаниялардың қаржыландыру мүмкiндiгiнiң заңнамалық шектелуi болып табылады.
      Көлiк машинасын жасаудағы проблемалар: iрi габариттi құймалардың болмауы, импортталатын құрамдас бөлiктер мен материалдарды пайдалану болып табылады.
      Мыналар қорғаныс өнеркәсiбiндегi проблемалар болып табылады: ғылыми зерттеулердiң мүлдем болмауы; өндiрiстiң толық циклiнiң жоқтығы (негiзiнен жинақтауыштары шығарылады); басты тұтынушылар - Қазақстанның Қарулы Күштерiмен, басқа да әскерлерiмен және әскери құрылымдарымен тиiмдi өзара қарым-қатынастың жоқтығы; әлеуеттi тұтынушылар (негiзiнен Қазақстанның әскери өнiмдерi ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердi ғана қызықтыра алады) санының шектеулi болуы; өндiрiс рентабельдiгiнiң төмендiгi, мемлекеттiң жеткiлiксiз қаржыландыруы.

Негiзгi мiндет

      Iшкi нарықтың қажеттiлiктерiн барынша қанағаттандыру және қосылған құны жоғары түпкi өнiм өндiрудi ұлғайту есебiнен экспортты кеңейту.



Нысаналы индикаторлар

      1. Жалпы қосылған құнды 74 %-ға өсiру;


      2. Саладағы еңбек өнiмдiлiгiн бiр адамға шаққанда жылына 52 мың долларға дейiн ұлғайту.

Саланы дамытудың негiзгi бағыттары

      Шығарылатын ассортименттi кеңейту жөнiндегi икемдi өндiрiстер құру мақсатында жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындарды жаңғырту және машина жасау өнiмiнiң жаңа түрлерiн игеру.


      Бөлшектер мен құрамдас бөлiктер өндiрiсiн игеру арқылы жергiлiктендiру деңгейiн ұлғайта отырып, iрi құрастыру өндiрiстерiн ұйымдастыру.
      Қосылған құны жоғары машина жасау өнiмiн өндiру бойынша қазiргi заманғы жаңа кәсiпорындар құру.
      Көлiк машинасын жасауда 2014 жылға қарай жергiлiктендiру деңгейiн 30%-ға дейiн жеткiзе отырып, жеңiл автомобильдер мен құрамдас бөлiктердi құрастырып өндiру ұйымдастырылады. Жылына 200 бiрлiк көлемiнде жол-құрылыс техникасын өндiру жолға қойылады. Темiр жол машинасын жасауда локомотивтер, жүк вагондарын жасау ұлғаяды. Қуаты жылына 1200 бiрлiкке дейiнгi мамандандырылған платформа, жылына 5000 бiрлiк темiр жол арбасын, жылына 4000 бiрлiк хоппер-вагон өндiру игерiледi. Темiр жол машинасын жасаудың мұқтажы үшiн жылдық шығару көлемi 30 мың тонна болатын iрi габариттi құйма өндiру ұйымдастырылады.
      Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда 2014 жылға қарай өнiм шығару 2 есеге, оның iшiнде комбайн жасау жылына 800 бiрлiкке дейiн ұлғаятын болады, жылына 1 мың бiрлiк көлемiнде трактор құрастырып шығару және аспалы жабдық жасау ұйымдастырылады. Елдiң iрi облыстарында ауыл шаруашылығы техникасын сату және қызмет көрсету бойынша тоғыз сауда-сервистiк орталықтан тұратын желi құрылады.
      Мұнай-газ машиналарын жасауда 2014 жылға қарай отандық өнiм үлесiн 22%-ға арттырып өнiм шығару 2,5 есеге артады. Құбыр арматурасы, сұйықтық сорғыштары мен ұтқыр бұрғылау қондырғылары өндiрiсi дамиды, жылына 8 бiрлiк газ айдайтын агрегат және жылына 6 бiрлiк газ-турбина электр станциясын өндiру игерiледi. Газ-құбыр қондырғылары мен жабдығын жөндеу мен сервистiк қызмет көрсету жөнiндегi зауыт iске қосылады.
      Кен машиналарын жасауда 2014 жылға қарай өнiм шығару көлемi прокатты орнақ, рольганг, шахталық гидробағандар, гидрожылжытқыштар өндiрiсiн дамыта отырып, гидравликалық және пневматикалық перфораторлар, өздiгiнен жүретiн бұрғылау және тиеу-көлiк жабдығын игере отырып, 2,7 есе артады.
      Электр техникалық машиналарын жасауда 2014 жылға қарай өнiм шығару 1,7 есеге артады. Аккумулятор, трансформатор және оқшаулағышпен оралған сым жасау артып, қуаты 220 вольт және одан да жоғары трансформаторлар шығару игерiледi.
      Мынандай инвестициялық жобаларды iске асыру жоспарланып отыр:
      Локомотив құрастыру зауыты, Астана қ. - жылына 100 локомотив және Астана қаласының АЭА аумағында бөлшектер мен құрамдас бөлiктер өндiру.
      Автомобиль құрастырып шығару, Шығыс Қазақстан облысы - жылына 120 000 автомобиль және бөлшектер мен құрамдас бөлiктер шығару жөнiндегi технопарк.
      Комбайн құрастырып шығару - жылына 800 бiрлiк, жол-құрылыс техникасы - жылына 200 бiрлiк және автобус - жылына 300 бiрлiк, Қостанай облысында, бөлшектер мен құрамдас бөлiктер шығару.
      Магистральды электровоздар құрастырып шығару, Ақмола облысы - жылына 50 электровоз және бөлшектер мен құрамдас бөлiктер шығару жөнiндегi шағын және орта бизнес кәсiпорындарын дамыту.
      Қорғаныс өнеркәсiбiнде 2014 жылға қарай қазiргi бар проблемаларды шешуге және республиканың мемлекеттiк қорғаныс тапсырысындағы қазақстандық қамтудың үлесiн барынша ұлғайту үшiн нақты әлеует құруға бағытталған бағдарламалық шаралар iске асырылатын болады.
      Қазақстанның қорғаныс өнеркәсiбi кешенi кәсiпорындарын дамытудың негiзгi бағыттары мемлекеттiң Әскери ұйымының әскери мақсаттағы тауарларына деген барынша перспективалы қажеттiлiктермен айқындалатын болады.
      Мемлекеттiк органдар мен қорғаныс кәсiпорындары қазақстандық  әскери мақсаттағы өнiмдердiң экспортын ұлғайту жөнiнде тиiмдi, келiсiлген шаралар қабылдайтын болады.
      Мемлекет пен қорғаныс кешенiнiң қорғаныс өндiрiсi саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының саны мен сапасын ұлғайтуға бағытталған өзара iс-қимылы жанданатын болады.

      Мемлекеттiк қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары


      Көлiк инфрақұрылымын қамтамасыз ету
      Өскемен қаласының сол жақ жағалауында автозауыт құрылысын және автоқұрамдауыштар өндiру жөнiндегi технопарктi инженерлiк коммуникациялармен қамтамасыз ету мәселелерi пысықталады.

      Бiлiктi кадр ресурстарымен қамтамасыз ету


      Машина жасау саласы үшiн 16 мамандық бойынша кадрларға деген қажеттiлiк жоғары оқу орындарында және Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында 19 ТжКБ оқу орнында кадрлар даярлау есебiнен өтелетiн болады.
      2012 жылы Өскемен қаласында 700 оқушы орынға арналған машина жасау саласы үшiн Өңiраралық кадрларды даярлау және қайта даярлау жөнiндегi орталық салу басталады.
      Жергiлiктi жерлерде жеке басшыларды бекiте отырып, 3 ай мерзiмге өндiрiстiк кәсiпорындарда өндiрiстiк тәжiрибеден өту жүйесi енгiзiлетiн болады.
      Дамыған елдердiң алдыңғы қатарлы машина жасау кәсiпорындарында басқару кадрларының бiлiктiлiгiн арттыру бағдарламасын бiрлесiп қаржыландыру қамтамасыз етiледi.
      Өз қызметiн ел аумағында жүзеге асыратын шетелдiк инжинирингтiк компаниялар үшiн (жылына персонал санының кемiнде 30 %) қазақстандық кадрларды оқыту және бiлiктiлiгiн арттыру мақсатында компаниялардың жанында оқу орталығының болуы жөнiндегi мiндеттi талаптар енгiзiледi.
      Техникалық регламентердi енгiзу
      Автокөлiк құралдарының объектiлердi қорғау үшiн өрт техникасының желдету жүйелерiнiң, төмен вольттi жабдықтардың ауыл шаруашылығы және ағаш дайындау тракторларының, тiркемелерi мен машиналарының мұнай-газ кәсiпшiлiгiнiң бұрғылау, геологиялық барлау және геофизикалық жабдықтардың стационарлық компрессорлық тоңазыту қондырғыларының ауыл шаруашылығы шикiзатын және өсiмдiк шаруашылығы өнiмiн өңдеу жабдығының ауыл шаруашылығы шикiзатын және мал шаруашылығы өнiмiн өңдеу жабдығының, су жылытатын және бу қазандарының, шахтаға көтеру қондырғыларының қысыммен жұмыс iстейтiн жабдықтың лифтiлердiң қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар бойынша 14 техникалық регламент және 169 мемлекеттiк стандарт әзiрленедi және енгiзiлетiн болады (оның iшiнде сынақ әдiстерiне - 98, өнiмге - 80 және менеджмент жүйесiне - 7).
      Машина жасау өнiмiн өндiрудi метрологиялық қамтамасыз ету және оның қауiпсiздiгi мен сапасын бақылау үшiн геометриялық шама мен физика-химиялық өлшемдердiң мемлекеттiк эталондары жетiлдiрiледi.
      Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу
      Сегменттер бойынша кәсiпорындардың қажеттiлiктерiне қызмет көрсету үшiн 5 конструкторлық - ауыл шаруашылығы, электр техникалық, кен, көлiк және мұнай-газ машиналарын жасау бюросын құру.
      Машина жасау кәсiпорындарының негiзгi қорларын жаңарту және технологиялық қайта жарақтандыру үшiн жеңiлдiктi шартпен жабдықтар лизингi ұйымдастырылады.
      Корпоративтiк табыс салығы бойынша салық салынатын базаны ҒЗТКЖ бойынша нәтижелердi енгiзу шығыстарының 150 %-на қысқарту жолымен ҒЗТКЖ дамытуды ынталандыру.
      Тiкелей инвестициялар үшiн тартымды жағдай жасау
      Лизингтiк компанияларға өндiрiстi қаржыландыру кезiнде ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң өтiнiмдердi болмаса да, лизингке одан әрi беру үшiн ауыл шаруашылығы техникасын отандық өндiрушiлерден сатып алуды жүзеге асыруға мүмкiндiк беру.
      Осы саланың дамуын қолдау жер қойнауын пайдаланушылардың,  ұлттық компаниялардың және мемлекеттiк органдардың сала кәсiпорындарының тауарларын, жұмыстарын және қызметтерiн басымдықпен сатып алуы жолымен жүзеге асырылатын болады.
      Ауыл шаруашылығы техникасына iшкi сұраныс «ҚазАгроҚаржы» АҚ базасында отандық өндiрiстiң техникасын жеңiлдiк шартпен лизингке сатып алу есебiнен қамтамасыз етiледi.
      Отандық машина жасау өнiмiне iшкi сұраныс отандық машина жасау өнiмiн сатып алуға арналған кредиттер бойынша сыйақының бiр бөлiгiн өтеу тетiгiн пысықтау арқылы қамтамасыз етiледi.
      Автомобиль машинасын жасау өнiмiне атқарушы билiктiң мемлекеттiк органдары, олардың аумақтық органдары мен ведомстволық бағыныстағы мекемелер үшiн автомобиль техникасын сатып алу мәселесi пысықталады.
      Сауда саясаты
      Қазақстандық машина жасау өнiмдерiн Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Түрiкменстан және Ауғанстан нарықтарына iлгерiлету.
      Қазақстандық машина жасау өнiмiнiң экспортын iлгерiлету үшiн қаржылық ынталандыру жасау.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет