Қазақстан Республикасын үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi 2010 2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама және Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр жарлықтарының күшi жойылды деп тану туралы



бет7/13
Дата17.06.2016
өлшемі0.7 Mb.
#142746
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

Негiзгi мiндет

      Экономика мен халықтың көлiк қызмет көрсетулерiне деген қажеттiгiн толық көлемде қанағаттандыруға қабiлеттi көлiк-коммуникациялық кешендi дамыту.



Нысаналы индикаторлар

      1. 2015 жылға қарай көлiк бойынша жалпы қосылған құнның өсуiн 63 %-ға жеткiзу үшiн көлiк-коммуникациялық кешеннiң негiзгi көрсеткiштерiн ұлғайту;


      2. Республикалық маңызы бар шамамен 7 мың км автожолды қайта жаңғырту, 10 мың км автожолды және жергiлiктi маңызы бар 12 мың км жолды жөндеу;
      3. Автожолдардың республикалық желiсiнiң 85 %-ы және жергiлiктi желiсiнiң 70 %-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда;
      4. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерiнде ақылы жүйе енгiзу;
      5. 453 км темiр жол салу;
      6. Қазақстан Республикасының аумағындағы темiр жол көлiгiмен жүзеге асырылатын транзиттiк тасымалдар көлемiн 25 %-ға өсiру;
      7. 2015 жылға қарай жүк қатынасының жылдамдығын 15-20 %-ға, ал негiзгi халықаралық көлiк дәлiздерi бойынша 20-30 %-ға арттыру;
      8. 2014 жылға қарай республиканың 14 әуежайында ұшу-қону жолақтарының, жолаушылар мен жүк терминалдарын қайта жаңғырту (салу);
      9. 2010 жылмен салыстырғанда халықаралық әуе қатынастары санын екi есеге арттыру және еуропалық авиация стандарттарын енгiзу;
      10. 2015 жылға қарай сауда флотын 11 бiрлiкке, оның iшiнде 9 танкер мен 2 құрлықтағы жүк кемесiне дейiн жеткiзу;
      11. 2015 жылға қарай мемлекеттiк техникалық өзен флотының 40 бiрлiгiн жаңалау және жаңғырту;
      12. 2014 жылға қарай Өскемен, Бұқтырма және Шүлбi шлюздерiн жаңалау және жаңғырту;
      13. 2014 жылға қарай кемелер қозғалысын және теңiзде құтқару операцияларын басқару жүйесiн құру.

Iс-қимылдар стратегиясы

      Саланың дамуы экономиканың көлiк қызмет көрсетулерiне деген қажеттiгiн және елдiң халықаралық көлiк желiлерiне кiрiгуiн қамтамасыз етуге бағытталатын болады.


      Қойылған мiндеттi iске асыру үшiн мынадай шаралар қабылданады:
      қолда бар темiр жол желiсiн жаңа учаскелердi салу арқылы желiнi оңтайландырумен бiрге қауiпсiздiк пен қозғалыс жылдамдығының әлемдiк стандарттарына сәйкестендiру;
      негiзгi халықаралық транзиттiк дәлiздердi, халықаралық, республикалық және жергiлiктi маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту;
      аэронавигациялық инфрақұрылымды кезең-кезеңмен жаңғырту және республиканың әуежай желiсiн қайта жаңғыртуды аяқтау, қазiргi заманғы әуе кемелерiн сатып алу;
      теңiз сауда флотын қазiргi заманғы кемелермен одан әрi жарақтандыру, айлақтық және сервистiк инфрақұрылымды дамыту, кеме жүзу қауiпсiздiгi мен кеме жүзетiн шлюздердi және өзен техникалық флотын жаңғырту.
      Автожол саласында мынадай жобалар iске асырылатын болады:
      «Батыс Еуропа - Батыс Қытай», «Омбы - Павлодар - Майқапшағай», «Астрахань - Атырау - Ақтау - Түркiменстан шекарасы», «Шучинск - Көкшетау - Петропавл», «Ресей Федерациясы шекарасы - Орал - Ақтөбе», «Астана - Қостанай - Челябинск», «Ақтөбе - Атырау», «Астана - Ерейментау - Шiдертi», «Құрты - Бурылбайтал» негiзгi транзит дәлiздерiнiң автомобиль учаскелерiн қайта жаңғырту;
      «Алматы - Өскемен», «Үшарал - Достық», «Жезқазған - Петропавл», «Қызылорда - Павлодар - Успенка Ресей Федарациясы шекарасы», «Бейнеу - Ақжiгiт - Өзбекстан шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолдары учаскелерiн қайта жаңғырту, сондай-ақ жергiлiктi автожол желiсiн қайта жаңғырту шараларын жүзеге асыру.
      Концессиялық негiзде автомобиль жолдары учаскелерiн салу және кейiннен ақылы жүрудi енгiзе отырып, «Астана - Щучинск» автомагистралiне ЗКЖ енгiзу мәселесi пысықталатын болады.
      Темiр жол саласында «Өзен - Түркiменстанмен мемлекеттiк шекарасы», «Жетiген - Қорғас», «Ералиев - Құрық» темiр жол желiлерiн салу жобасы iске асырылатын болады.
      Азаматтық авиация саласында Қызылорда, Көкшетау, Семей, Қостанай, Орал, Талдықорған, Петропавл және Өскемен мен Ақтау қалаларындағы 9 әуежайда ұшу-қону жолағын қайта жаңғыртудан өткiзу; Көкшетау және Орал қалаларында жолаушылар терминалдарын қайта жаңғырту жоспарлануда, сондай-ақ Астана қаласының әуежайында екiншi ұшу-қону жолағын және Алматы, Шымкент қалаларының әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары мен Атырау қаласында жаңа жолаушы және жүк терминалын салу жоспарлануда.
      Концессиялық негiзде Кендiрлi жаңа халықаралық әуежайын салу мәселесi пысықталатын болады.
      Су көлiгi саласында Құрық, Атырау, Ақтау айлақтарындағы кеме қозғалысын басқару жүйесi, Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторында құтқару операцияларын басқарудың өңiрлiк жүйелерi құрылатын болады, сондай-ақ танкерлiк және құрғақ жүк тасу флоттарын салу, Өскемен және Бұқтырма шлюздерiн қайта жаңарту мен жаңғырту жұмыстарын жалғастыру, Шүлбi шлюзiнiң қорғаныс гидротехникалық құрылғыларын салу, мемлекеттiк техникалық өзен флотын жаңарту және жаңғырту, Ақтау айлағының инфрақұрылымын техникалық жаңғырту жоспарлануда. 
      Инновациялардың дамуы және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу
      Автожол саласында автожол көпiрлерiнiң темiр бетон бөлiктерi құрылысының ресурстарын болжау бөлiгiнде автомобиль көлiгi саласында iрi қалаларда жолаушылар тасымалын диспетчерлiк басқару проблемалары бойынша; транзиттiк әлеует саласында өңiрлiк экономикалық ұйымдар шеңберiнде көлiк қызметi нарығында бәсекелестiк ортаны зерделеу бойынша ғылыми қолданбалы зерттеулер жүргiзу жоспарланып отыр.
      Инвестицияларды ынталандыру:
      бiлiктi халықаралық жолаушылар операторлары арасынан мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк шартымен стратегиялық инвесторларды темiр жол жолаушылар тасымалының қазақстандық нарығына тарту;
      темiр жол саласы нарығын ырықтандыру және темiр жол саласының мақсатты үлгiсiне сәйкес мемлекеттiк реттеу реформалары;
      әлеуметтiк маңызы бар облысаралық қатынастар бойынша темiр жол жолаушылар тасымалы және тұрақты iшкi және халықаралық әуе тасымалдарын субсидиялау жөнiнде шаралар қабылдау.
      Техникалық реттеу:
      2015 жылға қарай азаматтық авиация саласына толықтай еуропалық авиация талаптары енгiзiлiп, 12 әуежайдың Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) санаты болады.
      2012 жылға қарай автомобиль көлiгi саласында Евро-3 экологиялық стандарттары, қозғалыстағы автокөлiк құралдарын автоматты өлшеу жүйесi енгiзiледi, халықаралық тасымалдауларда сандық тахографтар енгiзiледi;
      кәсiпорындардың өзiнiң қаражаты есебiнен ИСО 9001:2000, ИСО 9001, ИСО 14001 және OHSAS 18001 халықаралық стандарттарына сәйкес менеджмент және сапа жүйесiн енгiзу.
      Бiлiктi кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
      көлiк саласы бойынша мамандар даярлау мемлекеттiк бiлiм тапсырысы, грант және кәсiпорындардың қаражаты есебiнен техникалық, кәсiптiк және жоғары бiлiм беретiн оқу мекемелерi мен кәсiпорындардың оқу орталықтарында жүзеге асырылатын болады. 2010 - 2012 жылдары көлiк-коммуникация кешенi саласындағы қажеттiлiк бiлiктi мамандардың 70 мыңнан астамын құрайды;
      көлiк пен коммуникациялардың 8 мамандығы бойынша кадрларға деген қажеттiлiк жоғары оқу орындарында және 109 ТжКБ оқу орындарында жүзеге асырылатын болады;
      жұмысшыларды поездардың қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты 75 бiлiктiлiк пен кәсiп бойынша кәсiптiк оқыту «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ филиалдары - Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Тараз қалаларындағы «Темiр жол көлiгi қызметкерлерiн оқыту орталықтарында» жүзеге асырылатын болады.

Заңнаманы жақсарту

      Қазақстан Республикасының мынадай заңдарына өзгерiстер енгiзiледi:


      1. Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңға жеке сектордың қызметiн ынталандыру мақсатында рұқсат ету функцияларын қысқарту, кеме қатынасы компанияларының шетел азаматтарын кеме экипаждарының құрамына тарту құқығын ұзарту бөлiгiнде;
      2. Автомобиль көлiгi туралы заңға халықаралық автомобиль тасымалдарын орындау кезiнде ел аумағында цифрлық тахографтарды енгiзудi қамтамасыз ету бөлiгiнде.
      3. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және әуе қызметi туралы Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау.

2.3 Ақпараттық коммуникациялармен қамтамасыз ету

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Халықты, бизнестi және мемлекеттi ақпараттық коммуникациялық қызмет көрсетулермен және технологиялармен қамтамасыз ету елдiң инновациялық экономикаға әрi ақпараттық қоғамға өту шарттарының бiрi болып табылады.


      Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың енуi мынадай индикаторлармен сипатталады. Интернет желiсiн пайдаланушылардың саны 5,1 миллион абонентке жеттi (100 адамға 32-ден). Қоғамның компьютерлермен қамтылуы 2009 жылы 100 адамға 12,7 компьютерге жеттi (2008 жылы 100 адамға 11,2 компьютер). Тiркелген байланыс абоненттерiнiң саны 2009 жылы 3,7 млн. абоненттi құрады, бұл 2008 жылға қарағанда 100 мың абонентке артық. Орташа телефон тығыздығы 100 тұрғынға 23,4 абоненттi құрады (2008 жылы 100 тұрғынға 22,2 абоненттен). Ұялы байланыс абоненттерiнiң саны 14,9 млн. абонентке жеттi, бұл 100 тұрғынға 95,5 абонент тығыздығына сәйкес келедi.
      Ақпараттық коммуникациямен қамтамасыз етудiң негiзгi проблемалары:
      инфрақұрылымдық проблемалар (жаңа буын телекоммуникациялық технологияларын енгiзу үшiн қажеттi радиожиiлiктiң жетiспеушiлiгi; телерадио хабарларын тарату кешенiнiң материалдық базасының ескiруi);
      бәсекелестiктi дамытудағы кедергiлер (ауылдық почта және жергiлiктi телефон байланысының залалдылығы, Интернет қызметтерiнiң қайталама провайдерлерi үшiн үстем операторлардың көтерме тарифтерiнiң жоғарылығы).

Негiзгi мiндет

      Ақпараттық қоғам мен инновациялық экономикаға өту үшiн ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамыту.



Нысаналы индикаторлар

      1. Жергiлiктi телекоммуникация желiлерiн цифрландыру деңгейiн 100 %-ға арттыру.


      2. Интернеттiң кең жолақты желiсi абоненттерiнiң тығыздығы - 100 адамға 22.
      3. Ұялы байланыс абоненттерiнiң тығыздығы - 100 адамға 135.
      4. Халықтың компьютерлiк сауаттылығының деңгейiн 40 %-ға дейiн арттыру;
      5. Әлеуметтiк маңызды мемлекеттiк қызмет көрсетулердiң кемiнде 50 %-ын электронды нысанға көшiрудi қамтамасыз ету.
      6. Қазақстан аумағын цифрлық эфирлi теледидар хабарларын таратумен қамту - 95 %.
      7. Почта байланысының 560 ауылдық бөлiмшесiн салу және жаңғырту.

Iс-қимылдар стратегиясы

      Ақпараттық коммуникацияның дамыған инфрақұрылымы Қазақстан экономикасының бәсекеге қабiлеттiлiгiне ықпал етедi және корпоративтiк сектордың дамуы мен басқа да бiрқатар әлеуметтiк мiндеттердi шешуде маңызды рөл атқарады:


      телекоммуникация қызметтерiне (сандық телевизия, Интернетке кең жолақты қол жеткiзу) және почта байланысына iшкi сұранысты қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту;
      веб-хостинг қызмет көрсетулерiне, деректердi бастапқы және резервтiк сақтауға және сыртқы нарыққа кезең-кезеңмен өтуге деген сұранысты қамтамасыз ету мақсатында есептеу орталықтарын дамыту.
      Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту шеңберiнде Қазақстан Республикасының үй шаруашылықтарын телефон байланысымен және Интернетке кең жолақты қол жеткiзу қызметтерiмен толық қамту қамтамасыз етiлетiн болады; жергiлiктi телефон байланысын цифрландыру деңгейi 2015 жылға қарай 100 %-ға жетедi.
      2015 жылға дейiн телекоммуникация желiсiн қуаты 1 млн. абонент болатын NGN технологиясына көшiру аяқталатын болады, бұл пайдаланушыға бағдарланған және қазiргi заманғы телекоммуникацияларды дамытудың келесi қадамы болып табылатын конвергенттiк қызмет көрсетулерге көшуге мүмкiндiк бередi.
      СDМА технологиясын пайдалана отырып, ауылдық байланыстың телекоммуникация желiлерiн жаңғырту ауылдық абоненттерге деректердi беру қызмет көрсетулерiне және жылдамдығы 153,6 Кбит/с дейiнгi Интернет желiсiне қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi. Ауылдық байланыстың телекоммуникация желiсiнiң базалық станцияларының жалпы саны 2015 жылға қарай 900 бiрлiкке жетедi.
      Еркiн бәсекелестiк жағдайында, сапалы почта және қаржы қызмет көрсетулер ұсыну мақсатында бiрiншi кезекте, ауылдық почта байланысының бөлiмшелерiн дамыту және автоматтандыру арқылы ауылдық жерлерде почта-жинақтау жүйесiне жаңғырту жүргiзiлетiн болады.

      Мыналар басты жобалар болып табылады:


      Сандық телехабарлар енгiзу;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын бiрыңғай көлiктiк ортамен өңiрлiк қамтуды қамтамасыз ету;
      Мемлекеттiк органдарының хостинг қызметтерi үшiн серверлiк тұғырнама жасау;
      Сервер орталығын технологиялық жарақтандыруды аяқтау;
      3G және 4G ұялы байланыс стандарттарын енгiзу;
      Радиожиiлiк спектрлiк мониторинг жүйесiн жаңғырту;
      Резервтiк сервер орталығын құру;
      Коммерциялық дата-орталықтар құру.

2.4 Минералдық-шикiзат кешенiн дамыту

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Республиканың минералдық-шикiзат кешенi ел экономикасының басым салаларын қажеттi шикiзат базасымен қамтамасыз ете алады, Қазақстанды тұрақты даму жолына алып шыға алатын «локомотив» болады.


      Қазақстан мыс, уран, титан, ферроқорытпа және болаттың әлемдiк нарығында стратегиялық рөлге ие бола отырып, Еуроазия субконтинентiнде хромды шығару бойынша монополист болып табылады, темiр, марганец, көмiр және алюминийдiң өңiрлiк нарығына едәуiр ықпалы бар. Тасымалдау мәселелерiнiң шешiлуiмен, Қазақстан мұнай қорларын тиiмдi пайдаланып, әлемдiк мұнай нарығында лайықты орынға ие бола алады.
      Минералды шикiзат қорларын ұдайы өндiру жағдайларының жылдан жылға қиындай түсуi минералдық-шикiзат кешенiнiң ағымдағы жай-күйiнiң нақты объективтi жағдайы болып табылады.
      Елдiң минералдық-шикiзат кешенiнiң перспективтi ресурстық базасын дамыту қорларды өсiру мақсатында iздеу және iздестiру-бағалау жұмыстарын жүргiзудi талап етедi.

Негiзгi мiндет

      Өнеркәсiптiң барлық салаларын белсендi дамыту үшiн минералды ресурстардың ұтымды және кешендi пайдалануы мен қайта өндiрiлуiн қамтамасыз ету.



Нысаналы индикаторлар

      1. 2014 жылға пайдалы қазбалардың негiзгi түрлерiнiң өндiрiлген қорларын өтелген қорларға қатысты толықтырылу пайызын 50%-ға жеткiзу.


      2. ҚР аумағын өңiрлiк геологиялық зерттеулер жүргiзуге қолжетiмдi қамту пайызын 2009 жылғы 78%-дан 2014 жылы 95%-ға жеткiзу.

Дамудың негiзгi бағыттары

      Iздеу жұмыстарын өткiзудiң жаңа технологияларын енгiзу, қатты пайдалы қазбаларға және көмiрсутектi шикiзатқа қатысты үлкен көлемде геофизикалық жұмыстарды қайта жандандыру және жүргiзу елдiң минералдық-шикiзат базасын нығайтудың басты бағытына жатады. Геологиялық-барлау жұмыстарының барлық технологиялық тiзбегiн түпкiлiктi жақсарту үшiн геологиялық-түсiру жұмыстарының қазiргi заманғы әдiснамасы қарастырылып, қазiргi заманғы талаптар мен стандарттарға сәйкес келетiн қорларды iздестiру мен барлаудың, бағалаудың қазiргi заманғы әдiстерiн әзiрлеуге бағытталған жаңа деңгейдегi зерттеулер және оның негiзiнде қорларды өсiру мақсатында өңiрлiк, iздестiру және iздестiру-бағалау жұмыстарын жүргiзу басталатын болады.


      Қазақстанның әлемдiк нарыққа кiруi жер қойнауын пайдалану саласында отандық және халықаралық стандарттарды үйлестiру қажеттiлiгiн негiздейдi (атап айтқанда, пайдалы қазбалар қорларын сыныптау мен санатқа жатқызу, геологиялық-iздестiру жұмыстарының кезеңдiлiгi және т.б.).
      Жер қойнауының ұтымды және кешендi пайдаланылуын пәрмендi бақылауды ұйымдастыру мақсатында жер қойнауын мемлекеттiк сараптау тетiгi жетiлдiрiледi, пайдалы қазбалардың кен орындарын компьютерлiк үлгiлеу, бағалаудың автоматтандырылған кешендерi және қорларды есептеу негiзiнде қорларды сараптаудың қазiргi заманғы жаңа технологияларына кезең-кезеңмен көшу жүзеге асырылады.
      Шикiзат базасы (темiр кенi, көмiр, уран және мұнай-газ) қанағаттанарлық жағдайда тұрған басым салалар топтары бойынша олардың дамуының негiзгi бағыттарына мыналарды жатқызуға болады: азайып бара жатқан қорларды толтыру, қолда бар барланған қорларды ұтымды игеру, алдын ала бағаланған қорларды өнеркәсiп санаттарына уақтылы көшiру, оларды игеру және әлемдiк нарыққа (уран) өнiмдi шығаруда мемлекет тарапынан қолдау табуы, тау кен-байыту кешенiнiң қуатын арттыру (марганец), iшкi көлiк коммуникацияларын (мұнай-газ) құру.
      Минералдық-шикiзат базасының жағдайы онша қанағаттанарлық емес салалар тобы үшiн (марганец, алюминий, темiр кенi және хромит) дамудың басты бағыттарына ресурстарды барлау, игеру және iшкi нарыққа жылжыту, шикiзат базаларын қолжетiмдi, бай және сапалы кендермен толықтыру және нығайту жатады.
      Шикiзат проблемалары өткiр тұрған салалар үшiн (мыс кенi, қорғасын-мырыш кенi, алтын кенi және титан) дамудың басты бағытына кен орындарды iздеу мен барлаудың перспективалық алаңдарын бөлу арқылы шикiзат базаларын жаңа бәсекеге қабiлеттi нысандармен түпкiлiктi нығайту жатады.
      Минералдық-шикiзат кешенiнiң тиiмдi дамуын жалғастыру үшiн мынадай шаралар көзделедi:
      қара, түстi және бағалы металдар қорларының одан әрi азаюын тоқтата тұру, геологиялық-барлау жұмыстарының көлемiн арттыру;
      жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындардың минералдық-шикiзат базасын қолдау мақсатында елдiң дәстүрлi тау кен өндiру аудандарында пайдалы қазбалардың кең ауқымды аяда өсе түсу басымдығын қамтамасыз ету;
      конденсатты мұнай мен газ қорларының өсiмi көлемiн кезең-кезеңмен ұлғайту;
      нарық экономикасы мен әлемдiк конъюнктураның жағдайларын ескере отырып минералдық-шикiзат базасын геологиялық-экономикалық қайта бағалау бойынша жұмысты жалғастыру;
      жер қойнауында пайдалы қазбалардың жойылуын азайту және олардың тапшылығын болдырмау мақсатында кенiштi кен орындарын әзiрлеу жүйесiн жетiлдiру үшiн жағдай жасау;
      мұнай (әсiресе, тұтқыр мұнай) мен газдың бастапқы қорларының өңделу пайызын арттыру, iлеспе газды, күкiрт сутегiн, конденсат пен ауыр фракцияларды пайдалану, мұнай мен газдың iрi және орта дебиттi кен орындарының таңдаулы және үдемелi өңделу тәжiрибесiн болдырмау мақсатында ғылыми-техникалық прогрестiң қазiргi заманғы деңгейiн ескере отырып, мұнай-газ кен орындарын әзiрлеу жүйесiн жетiлдiру үшiн экономикалық жағдайлар жасау;
      байыту фабрикаларының жұмыс көрсеткiштерiн арттыру және пайдалы қазбалардың шығынын азайту мақсатында кендi байыту алдында ағымдағы өнiмi және орташа сапасын жоспарлау үшiн пайдаланылатын кенiш кен орындарын геологиялық-технологиялық карталаудың кең ауқымды енгiзiлуiн қамтамасыз ету;
      минералды шикiзатты байыту бойынша өнiмдiлiгi жоғары өндiрiстiк жабдықтарды және қағидатты жаңа технологияларды құру, концентрат, агломерат, шекемтастардың сапасын арттыру мақсатында тереңдетiлген байытуға көшу (осы кезеңдегi қосымша шығындар қайта бөлiсудiң кезектi кезеңдерiнде жылуды, коксты, флюстердi үнемдеу, металдың сапасын арттыру және т.б. түрiнде ақталуы тиiс);
      тиiмдi экономикалық негiздi молибден, рений, осмий, скандий, индий, галлий және тағы басқа жанама пайдалы құрамдауыштарды алу мақсатында өндiрiлген кен шикiзатын кешендi пайдалану үшiн қажеттi жағдайлар жасау;
      жанама бағалы құрамдауыштарының барын анықтау мақсатында үйiндi мен қалдықтар қоймаларын жан-жақты тексере, оларды қайта бағалау және оң нәтиже алынған кезде жиналған байыту қалдықтары мен қоймаланған кендердi қайта байыту үшiн техникалық-экономикалық негiздемелердi (ТЭН) әзiрлей отырып, геологиялық-барлау жұмыстарын жүзеге асыру;
      ел экономикасында жанама өндiрiлетiн аршылма кендердi барынша толық пайдалануды қамтамасыз ету;
      минералдық-шикiзат ресурстарының тиiмдi пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында баламалы энергия көздерiн және энергия мен материалды сақтаушы технологиялардың қайталама шикiзатын барынша пайдалану үшiн экономикалық жағдайлар жасау;
      қосылған құны жоғары өндiрiстердi ашу жөнiнде жер қойнауын пайдаланушылардың мiндеттерiн қамтамасыз ету бойынша заңнамаға өзгерiстер енгiзу.

2.5 Бiлiктi кадр ресурстарымен қамтамасыз ету

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Орнықты экономикалық өсу және экономиканың онымен байланысты құрылымдық өзгерiстерi ұлттық еңбек нарығының ауқымымен және оның құрылымының өзгеруiмен қатар жүрдi. Еңбек ресурсына сұраныстың ұлғаюы белгiлi бiр деңгейде өндiрiс көлемiнiң ұлғаюына ғана емес, салыстырмалы түрде еңбек өнiмдiлiгi өсуi қарқынының төмендеуiне және арзан еңбектi пайдалану мүмкiндiктерiне де байланысты болды.


      Елде құрылыс саласында, тамақ өнiмдерiн өндiруде, көлiкте, көшедегi азық-түлiк және киiм-кешек базарларында, маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарында көлеңкелi жұмыспен қамту сақталуда. Оның құрамындағы негiзгi топтар Қазақстандағы еңбек нарығында жұмыссыз халықтың болуына қарамастан еңбектiң қанағаттанбаған сұранысын жауып отырған заңсыз еңбек мигранттары (2000 жылы - 10,5 мың адам, 2005 жылы - 24,7 мың адам, 2008 жылы 54,0 мың адам, 2009 жылы - 30,4 мың адам) болып отыр.
      Соңғы жылдары қызметкерлердiң кәсiптiк ұтқырлығы байқалуда, олардың көпшiлiгi екiншi және үшiншi кәсiптiк бiлiм алуда, сондай-ақ жоғары және орта арнайы бiлiмi бар қызметкерлер саны өсу үстiнде.
      Сонымен қатар, азаматтарды кәсiптiк даярлаудың құрылымы мен нысаны кәсiптiк бөлiнiсте жұмыс күшiне сұраныстағы өзгерiстерге барабар емес. Кәсiби даярлық пен жоғары мектеп арасында теңсiздiк бар.
      Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру құрылымы ЮНЕСКО-ның халықаралық бiлiм беру стандартты жiктеуiшiне сәйкес келедi. Мамандар даярлаудың үш деңгейлi: бакалавр - магистр - PhD докторы моделi енгiзiлдi.
      Бағдарламаның бағыттары бойынша кадрлар даярлау республиканың жалпы контингентi 238 104 адам болатын 69 жоғары оқу орнында жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң 199 бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда.
      Жоғары оқу орындары бiлiм, ғылым және өндiрiс арасын байланыстырушы буын болып табылатын бiлiм берудiң инновациялық инфрақұрылымын дамыту, әр түрлi бейiндi ғылыми-инновациялық орталықтар, жаңа технопарктер құру жұмыстарын жүргiзуде.
      Техникалық, технологиялық мамандықтар бойынша және агроөнеркәсiп кешенi мамандықтары бойынша бiлiктi кадрлар даярлау 186 мамандық бойынша 543 техникалық және кәсiптiк бiлiм беру орындарында (бұдан әрi - ТКБ) жүзеге асырылуда, онда 260,9 мың адам бiлiм алуда.
      Сонымен қатар, елдiң индустриялық-инновациялық дамуы үшiн кәсiби мамандар даярлау қажеттiлiгiн қамтамасыз етуге кедергi келтiретiн бiрқатар проблемалар бар:
      1,25 кадрларға ұзақ мерзiм кезеңге арналған қажеттiлiктi болжамдау жүзеге асырылмайды;
      жұмыс берушiлердi кадрлар даярлауға тарту жөнiндегi заңнамалық база жеткiлiктi емес;
      ТКБ оқу орындарының материалдық-техникалық базасы ескiрген;
      ТКБ оқу орындарында оқитындардың кәсiпорындардағы өндiрiстiк практикасын және тағылымдамасын ұйымдастыру мәселесi шешiлмеген;
      жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламаларының мазмұны жұмыс берушiлердiң еңбек нарығындағы өзгерiстерге байланысты талаптарына толықтай сай келмейдi;
      әлеуметтiк әрiптестiк жеткiлiктi дамымаған. Өндiрiстiк практика базаларымен қамтамасыз ету, оқу бiтiргендердi жұмысқа орналастыру, жұмыс берушiлердi кәсiптiк стандарттар жасауға тарту тетiктерi жоқ.

Негiзгi мiндет

      Индустриялық-инновациялық даму шеңберiнде экономиканың басым секторларының қажеттiлiктерiн бiлiктi кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету.



Нысаналы индикаторлар

      1. Қазiргi заманғы жабдықтармен жарақтандырылған оқу орындарының үлесiн 70 %-ға дейiн ұлғайту.


      2. Кәсiптiк даярлығының деңгейiн бағалауға қатысатын түлектер үлесiн  және бiлiктiлiк берудi 100 % ұлғайту.
      3. Мемлекеттiк тапсырыс бойынша техникалық және кәсiптiк бiлiм беретiн оқу орындарының жұмысқа орналастырылған түлектерi үлесiн 78 %-ға дейiн ұлғайту.
      4. Экономиканың басым секторларында 100 қазiргi заманғы кәсiптiк стандарт әзiрлеу.
      5. Арнайы пәндердiң және өндiрiстiк оқыту шеберiнiң 5000 оқытушысының бiлiктiлiгiн арттыруды және тағылымдамадан өткiзудi қамтамасыз ету.
      6. Техникалық және кәсiптiк бiлiм беретiн оқу орындары үшiн жоғары оқу орындарында кадрлар даярлауға арналған мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы есебiнен 5000 оқытушы мен өндiрiстiк оқыту шеберiн даярлауды қамтамасыз ету.
      7. 35 кәсiпорынның базасында өндiрiстiк практиканың 35 базасын құру;
      8. 2014 жылға қарай шетелдiк жұмыс күшiнiң құрамындағы бiлiктiлiгi жоғары жұмыс күшiнiң үлес салмағы - 55 %.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет