ЖЕТКIЗУ
МАҚСАТЫ
Атқарушы және өкiлдiк билiк органдарында, шешiмдер қабылдау деңгейiндегi басқару процестерiнде ерлер мен әйелдердiң тең (паритеттi) өкiлдiк етуiне қол жеткiзу.
ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ
Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабына сәйкес "Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекет iсiн басқаруға қатысуға құқығы бар".
2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттiк қызметте 49713 әйел жұмыс iстейдi немесе мемлекеттiк қызметшiлердiң жалпы санының 57,4 %-ы. 2000 жылы олардың саны азырақ, 54% болды.
Мемлекеттiк саяси қызметшiлер арасындағы әйелдердiң үлесi 11 %-ды құрайды (2000 жылы - 8,8 %), олардың iшiнде орталық аппараттарда - 9,7 % (2000 жылы - 9,5%).
Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер арасындағы әйелдердiң үлесi 59,2 %-ға дейiн көбейдi (2000 жылы - 56,2 %), олардың iшiнде орталық аппараттарда - 60,1 %-ға дейiн (2000 жылы - 55,2 %). Өңiрлерде де жағдай осындай.
"Мемлекеттiк қызметтiң кадр резервi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2003 жылғы 4 желтоқсандағы N 1243 Жарлығына сәйкес шешiмдер қабылдау деңгейiне жоғарылату үшiн өңiрлерде кадрлар резервi құрылған.
2003 жылы өткен мәслихаттарға сайлау барысында әйелдердiң қоғамдық-саяси белсендiлiгiнiң артуы байқалды. 1484 әйел немесе тiркелгендердiң жалпы санының 20 %-ға жуығы депутаттыққа кандидаттар болып тiркелдi. Олардың iшiнде қатал бәсекелестiк күресте 568 әйел немесе сайланған депутаттардың жалпы санының 17,1 %-ы жеңiмпаз болды.
Қазақстан Республикасының Президентiнiң жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия әйелдердi саяси тұрғыда одан әрi жоғарылату үшiн халықаралық және үкiметтiк емес ұйымдармен бiрлесiп, соңғы 3 жылда елдiң барлық өңiрлерiнде 1200-ден астам конференциялар, тренингтер және семинарлар өткiздi.
Күштi жақтары
Әйелдердiң бiлiм деңгейiнiң анағұрлым жоғары болуы. Әйелдердiң саясатқа қатысуы еркектермен лайықты бәсекелестiктi құрап, елдегi iстiң жағдайының жақсаруына ықпал етедi.
Басқарушылық құрылымдарда әйелдердiң қатысуы едәуiр икемдiрек, үнемi өзгерiп отыратын жағдайларға бағдар алған басқару нысандарын дамытады.
Әйелдер әлдеқайда тындырымды, ұқыпты, тiл табысқыш, адамдарға үлкен ынтамен қарауға және қамқорлық жасауға бейiм.
Әйелдердiң азаматтық белсендiлiгiнiң артуы, әйелдердiң үкiметтiк емес ұйымдарының қызметiнiң жандануы.
Әлсiз жақтары
Әйелдердiң қоғамдағы рөлi туралы қоғамда сақталып отырған таптаурындар, жыныстар теңдiгi мәселелерiне патриархаттық тұрғыдан келу.
Әйелдердi жоғарылатудың пәрмендi тетiктерiнiң жетiспеуi.
Әйелдердiң және әйелдер ұйымдарының бастамаларын мемлекеттiк органдар тарапынан қолдаудың жеткiлiксiздiгi.
Саяси партиялардың әйелдердi билiкке жоғарылату стратегиялары мен бағдарламаларының болмауы.
Әйелдердiң үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдарының дәйексiз қызметi, әйелдер ұйымдарының әйелдердiң мүдделерiн қорғауға бағытталған күш-әрекетiнiң бытыраңқылығы.
Әйелдердiң саяси тәжiрибесiнiң жетiмсiздiгi.
Мүмкiндiктер
БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы конвенциясына сәйкес әйелдердiң атқарушы және өкiлдi билiкке неғұрлым кеңiрек қатысуын қамтамасыз етуге арналған уақытша шара ретiнде әйелдер үшiн квоталар енгiзу мүмкiндiгi.
Әйелдер мен ерлер үшiн тең мүмкiндiктерге қол жеткiзу, әйелдердiң қоғамдағы рөлiн арттыру мәселелерi бойынша халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау.
Дамыған елдердiң әйелдердi саяси тұрғыдан жоғарылату мәселелерi жөнiндегi тәжiрибесiн зерделеу мүмкiндiгi.
Қатерлер
Ерлер мен әйелдердiң тек сөз жүзiндегi теңдiгi демократияға және қоғамның одан әрi дамуына ықпал етпейдi.
Билiктiң шешiмдер қабылдау деңгейiндегi әйелдер санының аз болуы олардың елде реформалар жүргiзудегi рөлiн төмендетедi.
Әйелдердi саяси жоғарылатуға ықпал етпейтiн қоғамдық таптаурындар мен ақылға сыймайтын түсiнiктердiң болуы.
Ерлер мен әйелдердiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң жеткiлiксiз қорғалуы шынайы гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу үшiн қатер тудырады.
Отбасы, әйелдер мен балаларға қатысты заңнамалық актiлердiң және халықаралық шарттардың мемлекеттiк органдар тарапынан да, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар тарапынан да тиiсiнше деңгейiнде орындалмауы қоғам өмiрiнiң барлық салаларында әйелдердiң және үкiметтiк емес әйелдер ұйымдарының өз құқықтарын iске асыруындағы бәсеңдетуi мүмкiн.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР
Әйелдердiң мүмкiндiктерiн кеңейту және жағдайын жақсарту, олардың қоғамдық-саяси өмiрге теңдiк негiзiнде жан-жақты қатысуы.
Шешiмдер қабылдау деңгейiнде әйелдердiң өкiлдiгiн арттыру үшiн пәрмендi тетiктер мен уақытша шараларды енгiзу.
Басқару органдарында кадр мәселелерiн шешу кезiнде гендерлiк теңдiктi қамтамасыз ету.
Әйелдердiң саяси әлеуетiн және олардың әлеуметтiк мәселелердi шешудегi саяси белсендiлiгiн арттыру жөнiнде шаралар қолдану.
Лидер әйелдердi лидерлiк мектептерi арқылы және оларды оқытудың басқа да тетiктерi арқылы даярлау мен жоғарылату практикасын жалғастыру.
IС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ
Әйелдердiң жағдайын жақсарту жөнiндегi iс-қимылдардың Пекин платформасының (1995 ж.) талаптарына сәйкес әйелдердiң билiктiң шешiмдер қабылдау деңгейiнде 30% өкiлдiгi болуына қол жеткiзу. Бұл мақсатта:
бекiтiлген кадр резервiнен әйелдердi түрлi лауазымдарға жоғарылату;
мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк нұсқаулықтарына кәсiби мiндеттердi орындау кезiнде гендерлiк кемсiтушiлiкке жол берiлмеу туралы ереженi енгiзу;
басшы орындардағы ерлер мен әйелдердiң арақатысын теңестiру үшiн уақытша шаралар қолдану (квоталау) мүмкiндiгiн қарастыру.
Халықаралық ұйымдардың жәрдем көрсетуi мен саясаткер әйелдердi оқыту мен даярлау практикасын (әйелдер көшбасшылығы орталықтары, мектептерi) жалғастыру.
Отбасының, әйелдердiң, балалардың және ерлердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау саласында жұмыс iстейтiн қоғамдық бiрлестiктермен және ҮЕҰ-мен мемлекеттiк органдардың ынтымақтастығын дамыту.
Республикалық, сондай-ақ жергiлiктi деңгейлерде де басшылық қызметтерге және сайланушы органдарға әйелдер мен ерлердi ұсынған кезде партиялық тiзiмдердiң гендерлiк теңгерiмдi ескере және сақтай отырып түзуге ұмтылу. Партиялардың басшыларымен де, сондай-ақ саяси қызметпен айналысқысы келетiн әйелдермен де семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру жолымен ағартушылық жұмыс жүргiзу.
Көрсеткiштер:
1. "Ерлер мен әйелдердiң тең құқықтары мен тең мүмкiндiктерi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының болуы.
2. Шешiмдер қабылдау деңгейiнде басшылық қызметтердегi әйелдердiң саны.
3. Парламенттегi әйелдердiң үлесi.
4. Саясаттағы/саяси партиялардағы әйелдердiң үлесi.
5. Әйелдердi мемлекеттiк мекемелерге жоғарлату жөнiндегi тетiктердiң болуы.
3-БӨЛIМ. ЭКОНОМИКАДА ГЕНДЕРЛIК ТЕҢДIККЕ ҚОЛ ЖЕТКIЗУ
МАҚСАТЫ
Экономика саласында гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу, әйелдер арасындағы кәсiпкерлiктi одан әрi дамыту, әйелдердiң еңбек нарығындағы бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру.
ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ
Iшкi тұрақтылықтың, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының , ауылды қайта өркендету, шағын бизнестi дамыту және кедейшiлiктi азайту мемлекеттiк бағдарламаларының iске асырылуына орай Қазақстанда жұмыссыздықты азайту және ерлер мен әйелдердiң жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшiн үлкен мүмкiндiктер жасалуда.
Нақтылы жұмыс iстейтiн нарықтық экономика құрылды. Жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм 10 жыл iшiнде 4 есе дерлiк өстi және 2004 жылы 2700 долларды құрады. 2008 жылға қарай бұл көрсеткiштi екi есеге өсiру болжанып отыр. Халықтың банктердегi салымдары шамамен республикалық бюджеттiң 40 %-ына жуық жеттi. Дүниежүзiлiк банктiң сыныптамасы бойынша Қазақстан бүгiнде табыс деңгейi орташа елдер тобына кiредi.
Қазiргi кезде Қазақстанның экономикасында 3,7 млн. әйел жұмыс iстейдi, бұл жұмыс iстейтiндердiң жалпы санының 49 %-ын құрайды.
Қазақстан Республикасындағы кедейшiлiктi азайту жөнiндегi 2003-2005 жылдарға арналған бағдарлама 2005 жылдың соңына қарай 2003 жылдың бас кезiмен салыстырғанда, төменгi күнкөрiс деңгейiнен төмен адамдардың үлесiн 17,4 %-ға, кедейшiлiк шегiнен төмен өмiр сүретiндердiң үлесiн 48,8 %-ға, жұмыссыздық деңгейiн 9,3 %-дан 8,1 %-ға дейiн кемiтуге мүмкiндiк бередi.
"Микрокредиттiк ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, ол осы ұйымдардың құқықтық жағдайын реттейдi және құрылу тәртiбiн оңайлатады. Өткен 7 жыл iшiнде ең аз қамтамасыз етiлген азаматтарға микрокредит беру бағдарламасы бойынша 12 млрд. теңгеден астам сомаға 125 мыңға жуық микрокредит берiлдi.
2004 жылы жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органдарға жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу туралы өтiнiшпен 282 мың жұмыссыз жүгiнген, оның 142,8 мыңы - әйелдер (51 %), оның iшiнде ауылдық жерлерде тұратын әйелдер - 43,5 мың адам (30 %). Жұмысқа орналастырылғаны - 74,5 мың әйел (52 %), оның iшiнде ауылдық жерлерде тұратыны - 21,6 мың (50 %). 79,9 мың жұмыссыз әйел (жалпы санының 59,5 %-ы) қоғамдық жұмыстарға қатысты.
Қазiргi кезде әйелдер тiркелмейтiн секторда тезiрек жұмыс таба алады. "Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған халық" деп аталатындардың қатарында негiзiнен әйелдер басым, олар үшiн сауда - бұл табыс табудың және бүкiл отбасы үшiн күн көрудiң бiрден-бiр көзi. Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған әйелдердiң үлесi әсiресе аграрлық секторда жоғары, онда бұл 60 %-ға жетедi.
Ерлер мен әйелдер арасында салалық және кәсiптiк жағынан саралану еңбекақы төлеу деңгейiндегi айырмашылыққа айтарлықтай ықпал етедi. Саладағы еңбекақының жоғары деңгейi онда ерлердiң жұмыспен қамтылуының артуына және тиiсiнше әйелдердiң еңбекақысы төмен қызмет салаларына ығыстырылуына әкеледi.
Әйелдердiң орташа айлық жалақысы 2004 жылы 21 мың теңгенi (160 АҚШ долл.) құрады. Әйелдер мен ерлердiң орташа еңбекақысының арақатысының төмендегенi байқалады. Егер 1999 жылы әйелдердiң орташа жалақысы ерлер жалақысының 67,6 %-ын құраса, ал 2004 жылы - 61,7 %-ын құрады. Бұл үрдiс тiптi экономиканың дәстүрлi "әйелдер" салаларында да (денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қызметтер көрсету саласы, мәдениет) сақталып отыр.
2004 жылы зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң саны 1340,4 мың адамды құрады, соның iшiнде әйелдер - 528,6 мың адам (39,4 %).
Шағын кәсiпорындарда жалданып жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң iшiнде әйелдердiң үлес салмағы 34 %-ды, әйелдер басқаратын шаруа қожалықтарының үлесi 10 %-ды құрайды.
Табысы ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен аз халықтың саны 19,8 %-ды құрайды.
Күштi жақтары
Маңызы жағынан елдiң экономикалық дамуына құйылатын инвестициялардан кем түспейтiн "адами капиталға" инвестицияларды мақсатты түрде ұлғайту келешектегi экономикалық жаңартудың аса маңызды алғышарты әрi гендерлiк теңдiк қағидаты негiзiнде жүзеге асырылатын ұзақ мерзiмдi стратегиялық жоспарлаудың қажеттi шарты болып табылады.
Әйелдерге қатысты кемсiтудiң кез келген нысандарын болдырмау қажеттiлiгiн Ел басшылығының түсiнуi.
Негiзiнен әйелдер жұмыс iстейтiн салаларға Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қолдау көрсете бастауы.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кәсiпкер әйелдерге арналған кредиттiк желiнi қолдауы.
Әйелдердiң экономикадағы белсендiлiгiнiң артуы.
Әйелдердi экономикалық жағынан жоғарылатумен айналысатын әйелдердiң үкiметтiк емес ұйымдарын құру мен дамыту.
Әлсiз жақтары
Ерлер мен әйелдердiң арасындағы ресурстарды бөлудегi бiркелкiлiктiң болмауы.
Әйелдер бiрқатар әлеуметтiк, мәдени ерекшелiктер мен дәстүрлерге байланысты ерлерге қарағанда қиынырақ жағдайға тап болды.
Әйелдердiң кредит алуы қиын, себебi олардың көпшiлiгiнiң кепiлге салатын мүлкi жоқ.
Ерлермен салыстырғанда әйелдердiң арасындағы жұмыссыздықтың деңгейi әлдеқайда жоғары болуы және жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату кезiндегi жасырын түрдегi кемсiтушiлiк.
Ерлермен салыстырғанда әйелдердiң арасындағы кедейлiктiң деңгейi әлдеқайда жоғары болуы.
Әйелдерге ақысы төленбейтiн үй жұмысының негiзгi бөлiгi жүктелген, сондықтан мансапқа, бiлiктiлiгiн жоғарылатуға, өздiгiнен бiлiм алуға олардың уақыты аз қалады. Бiздiң қоғам әйелдердiң ақысы төленбейтiн үй еңбегiнiң, соның iшiнде бала күтiмiнiң экономикалық құндылығын осы уақытқа дейiн мойындамай келедi.
Бюджеттi жасау кезiнде гендерлiк әдiстiң болмауы.
Экономикада гендерлiк саясаттың жүзеге асырылуының нәтижелерiн тiркеп отыратын гендерлiк талдау мен гендерлiк көрсеткiштердiң болмауы.
Мүмкiндiктер
Әйелдердi экономикалық жағынан iлгерiлету жөнiндегi ел басшылығы қабылдайтын шаралар және осы мәселе бойынша мемлекеттiк саясаттың әзiрленуi.
Халықаралық ұйымдардың ерлер мен әйелдер үшiн тең мүмкiндiктерге қол жеткiзу үрдiстерiн қолдауы.
Үкiметтiк емес ұйымдардың әйелдердi экономикалық жағынан iлгерiлету мәселелерi жөнiндегi қызметiн жандандыру.
Түрлi келiсiмдер шеңберiнде мамандарды шетелде және ТМД елдерiнде даярлау мүмкiндiгi.
Әйелдердi экономикалық жағынан iлгерiлету мәселелерiмен айналысатын ұлттық, өңiрлiк және халықаралық ұйымдармен байланыс орнату.
Әйелдердiң кредит алудағы мүмкiндiктерiн кеңейту. Жоғары ақы төленетiн өндiрiстiк салаларға қажет болатын жаңа мамандықтар мен дағдыларға әйелдердi оқытып-үйрету.
Қатерлер
Ерлердiң кедей болу қатерi жұмыссыздардың, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектердiң арасында жоғары. Әйелдердiң кедей болуына қатысты қатер тобын жалғызбасты аналар, мүгедек әйелдер, асырауында мүгедек балалары бар аналар және жұмыссыз әйелдер құрайды.
Әйелдердiң әлсiз бәсекелестiк позициялары бiрiншi кезекте олардың ақы аз төленетiн салаларда шоғырлануынан көрiнедi. Жұмыс iстейтiн әйелдердiң кедейшiлiгiн ерлер мен әйелдердiң экономика салалары мен мамандықтар, сондай-ақ позициялар мен лауазымдық саты бойынша бiркелкi бөлiнбеуi тереңдете түседi.
Бiлiм деңгейiнiң жоғары болуы жұмыс iстейтiн маман әйелдерге мансаптық өсу келешегiне кепiлдiк бермейдi.
Республика азаматтары қалың жiгiнiң құқықтық санасының төмендiгi сияқты қарапайым фактiге байланысты ерлер мен әйелдердiң экономикалық құқықтарының iске асырылу тетiктерi жоқ. Дәл осы фактор экономикалық құқықтардың бұзылуы жөнiндегi талаптардың пайда болуы мен оларды қарау мүмкiндiктерiн шектейдi.
Жұмыспен қамту саласында әйелдерге қатысты кемсiтуге қарсы күрес проблемалары жөнiнде зерттеулердiң және ақпараттық науқандардың болмауы.
Жұмыссыздық жағдайында әйелдер нәпсiлiк қудалану және кемсiту қатерiне көбiрек тап болады, соның iшiнде жұмыс орнында да ұшырайды.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР
Елде гендерлiк жағына бағдар алған, әдiлеттi әлеуметтiк және экономикалық жағдай жасауға бақылау жасауды енгiзу мен қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара iс-қимылын кеңейту үшiн сектораралық ынтымақтастықты үйлестiру және дамыту.
Барлық деңгейлердегi бюджеттердi жасау процесiнде гендерлiк әдiстi пайдалану. Мамандарды гендерлiк бюджеттер әзiрлеуге және олардың орындалуын бақылауды ұйымдастыруға үйрету. Гендерлiк теңсiздiктi жеңудiң күтiлетiн салдарлары тұрғысынан шығыстар сметасына талдау жасау.
Елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының стратегиялық болжамының гендерлiк құрауышын әзiрлеу. Жүргiзiлiп жатқан макроэкономикалық саясаттың макроэкономикалық нәтижелерiне ерлер мен әйелдердiң қосқан үлесiн талдау.
Экономиканың барлық салаларында жұмыспен қамтылудың гендерлiк теңгерiмдiлiгiнiң мониторингiн жүргiзу. Гендерлiк теңдiк қағидаттарының негiзiнде жұмыспен қамтылу деңгейiн жоғарылату. Жұмыссыздық деңгейiн төмендету.
Жұмыссыздықты азайту және өндiрiстiң сұраныс төмен әрi еңбекақы аз төленетiн салаларында жұмыспен қамтуда басым болып отырған әйелдердiң басым болуына байланысты еңбек нарығындағы гендерлiк ассиметрияны жеңу мүддесiнде экономиканы қайта құрылымдау әдiстерiн оңтайландыру.
Гендерлiк сараптама (экономикалық, әлеуметтiк және құқықтық) жүргiзу тетiгiн әзiрлеу.
Экономика салалары арасындағы еңбекке ақы төлеу деңгейiн теңдестiру және тең еңбек үшiн тең ақы төлеу талаптарын сөзсiз орындай отырып, әйелдер мен ерлер арасындағы еңбектiң сипаты мен ақысындағы айырмашылықтарды азайту. Ерлер мен әйелдердiң ақы төленбейтiн жұмысының макроэкономикалық салдарларын әлеуметтiк қайта молықтыру аясында талдау.
Еңбек нарығында тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету және әйелдердiң жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу.
Ауыл әйелдерiнiң экономикалық ресурстарға қол жеткiзуiне тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету жөнiндегi бағдарламаларды қабылдау.
Халықтың барлық топтарына экономикалық және құқықтық бiлiм беру.
IС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ
Халықаралық еңбек ұйымының "Еңбеккер ерлер мен әйелдерге тең қарау мен тең мүмкiндiктер туралы: отбасы мiндеттерi бар еңбеккерлер" және "Әлеуметтiк қамсыздандырудың ең төменгi нормалары туралы" конвенцияларына Қазақстанның қосылуы туралы мәселенi қарау.
Мыңжылдықтың даму мақсаттарын орындауға бағытталған:
қолдау жүйесiн (кеңес беру, оқуға және еңбекке орналасуға көмек көрсету) қолдана отырып, әйелдердiң еңбек нарығындағы бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға;
әйелдер арасындағы кәсiпкерлiктi және өзiн өзi жұмыспен қамтуды одан әрi дамытуға;
әйелдердi кәсiби жағынан қайта даярлауға, бизнеске әкiмшiлiк етудi және басқаруды үйретуге ықпал ететiн iс-шараларды әзiрлеу. Бұл ретте оқыту мынадай тақырыптарға бағытталатын болады: бизнес-менеджмент, өзiне өзi сенiмдiлiктi тәрбиелеу және бiлiктiлiк құзыреттiлiгiн арттыру.
Экономикалық бiлiм беру орталықтарының ауқымды желiсiн құру, кәсiпкерлiкке қаржылық қолдау көрсету, кеңес беру және маркетинг қызметтерiн кеңiнен дамыту жолымен шағын және орта бизнестi дамыту жөнiндегi iс-шараларды жетiлдiру.
Әйелдердi бизнеске тарту және олар құрған кәсiпорындардың одан әрi дамуына жәрдемдесу жөнiндегi тетiктердi әзiрлеу. Экономикада кейiннен өзгерiстер болған кезде әйелдердiң еңбекке деген мұқтаждығын ескеру. Әйелдердiң ауыл шаруашылығында, соның iшiнде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу саласында жұмыспен қамтылуын дамытуға айрықша көңiл бөлу.
Қызмет бойынша жоғарылатылған кезде гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу жөнiндегi кепiлдiктер жүйесiн құру және табысты мансапты үй iшiндегi мiндеттермен және бала тәрбиелеумен ұштастыру үшiн жағдайлар жасау.
Бала күтiмiмен және оларды тәрбиелеумен айналысатын әйелдер мен ерлерге қолдау көрсету жөнiндегi шараларды әзiрлеу. Ерлердi бала күтiмiне тартудың тетiктерiн әзiрлеу.
Гендерлiк теңдiк мәселелерiн шешудегi әлеуметтiк серiктестiктiң тетiктерiн жетiлдiру және рөлiн арттыру. Қызметкерлердiң, әкiмшiлiктiң және кәсiподақтардың ерiк бiлдiре алуын қамтамасыз ету үшiн еңбек ұжымдарында, жұмыс орындарында ахуал талдау мен зерделеу жүргiзу кезiнде түрлi әдiстемелердi қолдану: жиналыстар, әйелдер мен ерлердiң тең мүмкiндiктерiн сақтау жөнiнде ұсыныстарды жинау, өз пiкiрлерi мен ойларын жазбаша түрде көрсету.
Техникалық мамандықтарға қыздар мен әйелдердi көбiрек оқытып-үйрету.
Гендерлiк аспектiлердi ескере отырып:
еңбек қызметiнiң және бизнестiң өзiнiң "адами капиталға" инвестициялар салуының iзгiлiк жағын күшейтуге;
отбасы институтын нығайтатын отбасылық бизнестi тарату мен дамытуға; еркiн еңбек кестесi мен еңбек бөлiсiнiң жаңа нысандары бар "үйдегi" жұмыс орындарының кең желiсiн құруға;
әлеуметтiк серiктестiктi және өзара көмек рухын дамыта отырып, бизнестi басқару саласындағы шешiм қабылдаудың күш қолдану және әмiршiлдiк әдiстерiн экономикалық әдiстермен ығыстырып шығаруға бағытталған әлеуметтiк бағдар алған кәсiпкерлiктi дамыту үшiн жағдайлар жасау.
Экономиканың түрлi салаларындағы және түрлi басқару деңгейлерiндегi гендерлiк теңсiздiктiң себептерiн анықтау мақсатында арнайы зерттеулер жүргiзу.
Жекелеген өңiрлердiң және өндiрiс секторларының гендерлiк ерекшелiктерiн, сондай-ақ кедейшiлiк мониторингiнiң деректерiн ескере отырып, халықтың экономикалық белсендiлiгiнiң болжамын жасау.
Гендерлiк аспектiнi ескере отырып, Қазақстанның экономикасы үшiн мамандарға деген мұқтаждықтың болжамдық есебiн жүргiзу.
Гендерлiк аспектiнi ескере отырып, еңбек режимi мен еңбектi қорғау жөнiндегi заңнамалық және нормативтiк базаны жетiлдiру, жұмыспен қамтудың икемдi нысандарын енгiзу және кеңейту, еңбек жағдайларын жақсарту. Жүктi әйелдер мен балалы әйелдер үшiн ерекше нормаларды енгiзу.
Гендерлiк ерекшелiктi ескере отырып, еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған iс-шараларды iске асыру, олардың жүргiзiлуiн бақылауды қамтамасыз ету.
Бала күтiмi бойынша демалыста жүрген, жалданып жұмыс iстейтiн әйелдердiң пайдасына мiндеттi зейнетақы жарналарына қаржы бөлу мүмкiндiгiн қарастыру.
Көрсеткiштер:
1. Халықтың жалпы санындағы жер иеленушi әйелдердiң үлесi.
2. Кiрiс әкелетiн қызметке арнап кредит алған адамдардың саны, соның iшiнде ерлер, әйелдер, қала-ауыл.
3. Меншiк иелерi әйелдер болып табылатын тiркелген кәсiпорындардың саны.
4. IЖӨ-дi қалыптастырудағы еркектер мен әйелдердiң үлесi.
5. Жұмысқа орналастыру органдарына өтiнiшпен жүгiнген халықтың саны, барлығы, соның iшiнде ерлер, әйелдер.
6. Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған ерлер мен әйелдердiң саны.
7. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiнде жұмыс iстейтiндердiң саны, барлығы, соның iшiнде ерлер, әйелдер.
8. Ерлер мен әйелдердiң жалақысының қала-ауыл бөлiнiсiндегi арақатысы.
9. Ауылдық жерде жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны, барлығы, соның iшiнде ерлер, әйелдер.
10. Ерлер мен әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың жас шамасы, қала-ауыл бөлiнiсiндегi деңгейi.
11. Ерлер мен әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың ұзақтығы.
12. Азық-түлiк себетiнiң құнынан төмен кiрiс кiретiн халықтың үлесi, барлығы, соның iшiнде ерлер, әйелдер, қала-ауыл.
13. Кедейшiлiк шегiнен төмен өмiр сүретiн адамдардың саны, барлығы, соның iшiнде ерлер, әйелдер.
14. Ауыл шаруашылығымен байланысы жоқ еңбек салаларындағы ақы төленетiн жұмыс орындарындағы әйелдердiң үлесi.
15. Әлеуметтiк төлемдер (жәрдемақылар мен зейнетақылар, олардың ортада мөлшерi) алушылардың барлығы, соның iшiнде ерлер, әйелдердiң саны.
16. Бiр асыраушысы бар үй шаруашылықтарының жыныс бойынша бөлiнiстегi саны.
4-БӨЛIМ. ГЕНДЕРЛIК БIЛIМ БЕРУ. ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛIК
ОҚУ-АҒАРТУ
МАҚСАТЫ
Бiлiм беру жүйесiне гендерлiк бiлiм-бiлiктi енгiзу. Қоғамды ерлер мен әйелдер арасындағы құқықтық және гендерлiк теңдiктiң, әдiлеттi әлеуметтiк қарым-қатынастың қажеттiгiн түсiнетiндей етiп оқыту бойынша ағарту.
ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ
1999 жылғы санақтың деректерi бойынша 15 және одан жоғары жастағы халықтың сауаттылығы 99,5 %-ды құрайды. Бiлiм беруге қол жеткiзе алу индексi 1999 жылғы 0,927-ден 2004 жылғы 0,944 %-ға дейiн өскен.
Жасы 15-тегi және одан үлкен халықтың жалпы санынан әйелдердiң 33,5 %-ның және ерлердiң 40,0 %-ның жалпы орта бiлiмi, әйелдердiң 24,6%-ның және ерлердiң 19,9 % арнайы орта бiлiмi бар.
Жоғары бiлiмi бар әйелдердiң үлесi 13,2 %-ды, ерлердiң үлесi - 12,0 %-ды құрайды.
6-24 жастағы бiлiм алушыларды оқумен қамтудың (мектептерде, кәсiптiк-техникалық мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында) жиынтықты үлесi 2004/2005 оқу жылының бас кезiне қарай 74 %-ды құрады. Әйелдердiң арасында бұл көрсеткiш 75 %, ерлер арасында - 73 % деңгейiнде қалыптасты.
Тұтастай алғанда елдiң бiлiм беру жүйесiнде әйелдер басым. Жалпы орта бiлiм беру ұйымдарында әйел оқытушылардың саны басым (80 %), мектепке дейiнгi ұйымдарда мектеп жасына дейiнгi балаларды тәрбиелеу мен оқытуды әйел тәрбиешiлер ғана жүзеге асырады. Облыстардың, Астана қаласы мен Алматы қаласының бiлiм департаменттерiнiң 16 бастығының арасында 6 әйел бар (37,5%).
Бiлiм берудiң барлық сатыларындағы (6 мен 24 жас арасы) әйел жынысты оқушыларды қамту 81,1 %-ды, ер жыныстыларды - 70,9 %-ды құрайды. Жалпы орта бiлiм алмаған бозбалалардың үлесi қыздардың үлесiнен екi есе жоғары.
Бастапқы кәсiптiк бiлiм беру жүйесiнде хатшы-референт, тiгiншi, аспаз, шаштараз және басқа сияқты мамандықтар бойынша 99,8 %-ды қыздар құрайды. Жалпы орта бiлiм беретiн мектептердiң оқулықтарына гендерлiк сараптама жүргiзiлдi. Балалардың санасында орнытып, қайта жаңғыратын гендерлiк ассиметрия анықталды, бұл орайда ұл балалар мен қыз балалардың ескiрген таптаурын рөлдерi сiңiрiледi.
Мектепке дайындық сыныптарына (6-7 жас), 1-4 сыныптарға және жоғары оқу орындарының студенттерiне арналған гендерлiк бiлiм беру жөнiндегi оқу бағдарламалары әзiрлендi, 2005 жылы олар 5-11 сыныптар үшiн де әзiрленетiн болады. Мұғалiмдер мен оқушыларға арналған оқу құралдарын әзiрлеу жүрiп жатыр.
Жоғары бiлiм жүйесiне гендерлiк әдiстердi енгiзу мақсатында студенттерге арналған "Гендер теориясына кiрiспе" атты оқу-әдiстемелiк курс енгiзiлдi.
Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық институтының жанынан Әлеуметтiк және гендерлiк зерттеулер ғылыми-зертеу институты құрылды. Олар педагогикалық мамандықтар бойынша оқып жүрген жоғары оқу орындарының студенттерi үшiн қазақ және орыс тiлдерiнде "Гендерлiк бiлiм негiздерi" оқу құралы, сондай-ақ бүкiл бiлiм беру жүйесi үшiн гендерлiк көрсеткiштер әзiрледi.
ЮНЕСКО-ның қолдауымен "Баршаға арналған бiлiм" ұлттық бағдарламасының шеңберiнде гендерлiк бiлiм беру бойынша жоба iске асырылуда.
Гендерлiк курстар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде (социология, психология, педагогика, тарих, құқық, әлеуметтiк жұмыс, филология бөлiмдерiнде), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетiнде, Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық институтында, Қарағанды, Өскемен, Орал, Талдықорған, Семей, Қостанай қалаларының университеттерiнде және т.б. оқытылады.
Iшкi iстер министрлiгiнiң жүйесiнде колледждердiң оқу бағдарламаларына "Iшкi iстер органдарының гендерлiк проблемалары мен мiндеттерi" тақырыбы бойынша факультативтiк сабақтар (10 сағат) енгiзiлген. Гендерлiк мәселелер "Жедел iздестiру қызметi" және "Қылмыстық құқық" курстарын өткiзу кезiнде сөз болады.
Сонымен бiрге өткiзiлiп жатқан барлық iс-шаралар шашыранды сипатқа ие. Халыққа гендерлiк бiлiм беру мен құқықтық жағынан оқу-ағарту жөнiнде ойластырылған саясат қажет.
Күштi жақтары
Гендерлiк бiлiм беру қоғам өмiрiнiң барлық деңгейлерiнде және барлық салаларында гендерлiк теңдiк саясатын жүргiзуге ықпал етедi.
Жалпы бiлiм беретiн мектептердiң оқулықтарына гендерлiк сараптама жүргiзiлдi, бағдарламалар мен оқулықтар әзiрленуде, ал жақын арадағы жылдарда олар бiлiм беру жүйесiне енгiзiлетiн болады.
Әйелдердiң бiлiм деңгейi жоғары.
Қазақ қыздар педагогикалық институтында Әлеуметтiк және гендерлiк зерттеулердiң ғылыми-зертеу институты (2000 ж.), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде Гендерлiк бiлiм беру орталығы (2005 жыл) және басқа да зерттеу орталықтары құрылды. Бiлiм берудiң түрлi салаларында гендерлiк зерттеулер жүргiзiледi.
Гендерлiк ағарту мәселелерiмен айналысатын әйелдердiң үкiметтiк емес ұйымдары жұмыс iстейдi.
Әйелдердi саяси және экономикалық жағынан iлгерiлету мәселелерi бойынша оқыту жүргiзiледi.
Әлсiз жақтары
Қоғамның елеулi бөлiгi гендерлiк оқу-ағартудың және гендерлiк бiлiм беру жүйесiн құрудың маңыздылығы мен қажеттiлiгiн жете түсiнбейдi.
Арнайы құқықтық бiлiмнiң болмауы ерлер мен әйелдердiң құқықтарын қорғауды толық көлемде жүзеге асыруға мүмкiндiк бермейдi.
Әйелдерге ақысы төленбейтiн үй жұмысының негiзгi бөлiгi жүктелген, осыған байланысты бiлiктiлiгiн арттыруға және өздiгiнен бiлiм алуға олардың уақыты аз қалады.
Гендерлiк бiлiм беру бойынша ауқымды зерттеулер жеткiлiктi түрде жүргiзiлмейдi.
Гендерлiк бiлiм беру бойынша жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдары аз шығарылған. Кiтапханаларда олар iс жүзiнде болмайды.
Мүмкiндiктер
Ғылыми-зерттеу орталықтарының гендерлiк теңдiк проблемаларын зерделеу жөнiндегi қызметiн жандандыру негiзгi стратегиялық мiндеттердi шешуге ықпал ететiн болады.
Гендерлiк пәндердi оқыту ерлер мен әйелдер арасындағы тең құқықтылыққа, төзiмдiлiкке, адамның өз қабiлеттерiн жан-жақты көрсетуге және өзiндiк басының ерекшелiгiне деген құқықтарын құрметтеушiлiкке негiзделген қарым-қатынас мәдениетiнiң дамуын жеделдетедi.
Халықаралық ұйымдар гендерлiк бiлiм беру бағдарламаларын қолдауды жүзеге асырады.
Әр түрлi келiсiмдердiң шеңберiнде мамандарды гендерлiк бiлiм беру бойынша шетелдерде және ТМД-ға қатысушы елдерде даярлау мүмкiндiгi бар.
Гендерлiк бiлiм беру және ерлер мен әйелдердi экономикалық жағынан iлгерiлету мәселелерiмен айналысатын ұлттық, өңiрлiк және халықаралық ұйымдармен байланыстар орнатылуда.
Үкiметтiк емес ұйымдар өздерiнiң гендерлiк бiлiм беру мәселелерi бойынша қызметiн жандандыра түсуде.
Қатерлер
Гендерлiк оқу-ағарту мәселелерiне жеткiлiктi түрде назар аудармау қоғамдағы демократиялық процестердiң даму қарқынын төмендетуi мүмкiн.
Бiлiм деңгейiнiң жоғары болуы жұмыс iстейтiн маман әйелдердiң кәсiптiк және лауазымдық өсу перспективаларына кепiлдiк бермейдi.
Республика азаматтарының қалың көпшiлiгiнiң гендерлiк сауатының деңгейi төмен болуына байланысты ерлер мен әйелдердiң құқықтары жеткiлiктi түрде iске асырылмайды.
Азаматтардың өз құқықтарын жеткiлiксiз бiлуi олардың бұзылуы жөнiнде талап-арыз беру мүмкiндiктерiн пайдалануды шектейдi.
Гендерлiк ағарту қажеттiлiгi туралы ақпараттық науқандардың болмауы қабылданатын шаралардың тиiмдiлiгiн кемiтедi.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР
Тиiмдi жұмыс iстейтiн гендерлiк бiлiм беру жүйесiн құру.
Халықтың барлық топтарына арнап кең ауқымды гендерлiк ағарту iсiн ұйымдастыру үшiн жағдайлар жасау.
Саясаткерлер мен көшбасшылардың - әйелдер мен ерлердiң гендерлiк санасын қалыптастыру.
Ерлер мен әйелдердi саяси және экономикалық жағынан iлгерiлету мәселелерi бойынша оқыту.
Гендерлiк аспектiнi ескере отырып, адам құқықтары бойынша сауат ашу саласында оқу бағдарламаларын әзiрлеу.
Қолданыстағы бағдарламаларды мониторингтеу мақсатында гендерлiк теңдiк мәселелерi бойынша зерттеулер жүргiзу.
IС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ
Бiлiм беру жүйесiне гендерлiк бiлiм-бiлiктi енгiзу, халықты гендерлiк ағартудың тиiмдiлiгi жұмыс iстейтiн жүйесiн құру. Осы мақсатта:
бiлiм берудiң барлық деңгейлерiндегi оқу бағдарламаларына гендерлiк құрауышты енгiзу. Мектеп жасына дейiнгi бiлiм беру мекемелерiнiң, мектептердiң, орта арнайы және жоғары оқу орындарының бiлiм беру бағдарламаларына тиiстi түзетулер жүргiзу;
педагогтар (мұғалiмдер), бiлiм беру ұйымдарының (мектепалды даярлаудың, мектептердiң, жоғары оқу орындарының) оқытушылары үшiн оқыту пакетiн әзiрлеу;
жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары мен оқулықтарға гендерлiк сараптама жүргiзу;
педагогикалық жоғары оқу орындарында гендерлiк бiлiм беру саласындағы мамандар даярлауды ұйымдастыру. Бiлiм беру жүйесiнiң педагогтары (мұғалiмдерi), оқушылары, мамандары үшiн гендер-тренингтер өткiзу;
жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтардың аясында гендерлiк бiлiм беру бойынша мамандандыру iсiн ұйымдастыруды ұсыну;
мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқытудың, жалпы орта, кәсiптiк бiлiм берудiң, соның iшiнде жоғары оқу орындарынан кейiн бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асырып жатқан оқу орындары тәрбиешiлерiнiң, мұғалiмдерi мен оқытушыларының гендерлiк бiлiм беру саласындағы бiлiктiлiгiн арттыру жобаларына қолдауды кеңейту;
ата-аналарды гендерлiк ағарту жөнiндегi бағдарламаларды әзiрлеу және енгiзу;
гендер проблемалары бойынша оқу-әдiстемелiк әдебиет пен бейнефильмдер шығару. Гендерлiк бiлiмдердi насихаттау үшiн "Гендерлiк бiлiм беру" ақпараттық бюллетеньдерiн шығаруды ұйымдастыру;
бiлiм беру саласындағы гендерлiк теңгерiмсiздiк проблемасын шешуге ерлер мен әйелдердiң бiлiм беру iсiнiң барлық деңгейлерiне тең қатысуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн тетiктердi жасау;
бiлiм берудегi гендерлiк көрсеткiштердi және гендерлiк статистиканы жетiлдiру;
қыз балалар мен әйелдердiң мүмкiндiктерiн кеңейтетiн гендерлiк көрсеткiштердi ескере отырып гендерлiк зерттеулер жүргiзу;
гранттар мен демеушiлiк қаражат есебiнен әлеуметтiк және гендерлiк зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының және гендерлiк проблемалармен айналысатын басқа да институттардың мәртебесiн көтеру және материалдық-техникалық базасын нығайту;
Бiлiм беру жүйесiнiң басшы және ғылыми-педагогикалық кадрларының бiлiктiлiгiн арттыру республикалық институтының (БЖ РБАИ), өңiрлiк БАИ-лардың мұғалiмдердiң гендерлiк бiлiм бойынша бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi курстарды ұйымдастыруы.
Қызметтiң түрлi салаларында мамандар даярлау кезiнде арнайы гендерлiк бiлiм беру курстарын енгiзудi ұсыну.
Барлық деңгейдегi мемлекеттiк қызметшiлер, Парламент пен мәслихаттардың депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерi үшiн гендерлiк оқу-ағарту жүйесiн құру.
Саясаткерлердiң, қоғамдық қозғалыс көшбасшыларының, кәсiподақтар өкiлдерiнiң, журналистердiң гендерлiк санасын қалыптастыру мақсатында гендерлiк сезiмталдықты күшейту практикасын кеңейту.
Гендерлiк саясатты жүргiзу үшiн жауапты адамдар үшiн арнайы курстар енгiзу.
Көрсеткiштер:
1. Бiлiм беру жүйесiндегi басшылық деңгейiндегi ерлер мен әйелдердiң арақатысы.
2. Гендерлiк сезiмталдық оқу бағдарламалары мен курстарының саны.
3. Орта кәсiптiк және жоғары бiлiм беру жүйесiнде ауыл қыздары үшiн арнайы квотаның болуы (ауыл шаруашылығы, медицина, техникалық мамандықтар, құқық, қызмет көрсету саласы, мәдениет).
4. Жоғары бiлiмдi әйелдердiң үлесi.
5. Ғылыми дәрежесi бар әйелдердiң үлесi.
6. Ғылымдағы ерлер мен әйелдердiң арақатысы.
7. Қуатты ведомстволардың бiлiм беру жүйесiнде оқып жатқан әйелдердiң үлесi.
5-БӨЛIМ. ЕРЛЕР МЕН ӘЙЕЛДЕРДIҢ ҰРПАҚТЫ БОЛУ ДЕНСАУЛЫҒЫН
Достарыңызбен бөлісу: |