Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясын бекiту туралы


ОТБАСЫН НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ОТБАСЫНДАҒЫ ТӘРБИЕНIҢ РӨЛIН КҮШЕЙТУ



бет4/4
Дата24.02.2016
өлшемі264.5 Kb.
#16291
1   2   3   4

ОТБАСЫН НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ОТБАСЫНДАҒЫ ТӘРБИЕНIҢ РӨЛIН КҮШЕЙТУ

МАҚСАТЫ

      Отбасы және отбасы-неке қарым-қатынастары институтын нығайту, отбасының беделiн көтеру, неке мен отбасы құндылықтарын насихаттау, ұрпақтардың әлеуметтiк және мәдени сабақтастығын қамтамасыз ететiн және азаматтық қоғамның тұрақтылығы мен орнықты дамуының факторы болып табылатын отбасы қарым-қатынастарында гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу.


      Гендерлiк теңдiк қағидаларына бағдар алған эгалитарлық отбасының жаңа үлгiлерiн қалыптастыру. Ерлердi үй жұмысы саласына және балаларды тәрбиелеу процесiне тарту.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      Қазақстан Республикасының Конституциясының  27-бабына  сәйкес "Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады".
      "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы  отбасы-неке қатынастарын белгiлейдi және реттейдi. Олардың басты қағидаттары - отбасындағы ерлi-зайыптылардың құқықтарының теңдiгi, балаларды отбасында тәрбиелеудiң басымдығы, отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабiлетсiз мүшелерiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау.
      Халық санағының деректерi бойынша (1999 ж.) Қазақстанда 3,5 млн. отбасы бар. Отбасының орташа шамасы - 4 адам, соның iшiнде ауылда - 4,6 адам, қалада - 3,6. Некеде әйелдердiң 56 %-ы және еркектердiң 62 %-ы тұрды.
      Некеге тұрудың орташа жасы ұлғайып келедi. 2004 жылы ол әйелдерде 24,0 жасты, еркектерде - 26,9 жасты құрады.
      Шамамен 1 млн. адам (9,1 %) жесiр болып табылады, әрi олардың арасындағы әйелдер саны еркектерге қарағанда 6 есе көп, негiзiнен үлкен және егде жас есебiнен.
      Шамамен 700 мыңға жуық адам (6,4 %) - ажырасқан және айырыласқан азаматтар, мұндағы әйелдердiң саны да еркектерге қарағанда екi есе дерлiк артық.
      23 жастан асқан әйелдердiң 0,5 миллионнан астамында немесе әрбiр тоғызыншысында бала жоқ.
      445 мың үй шаруашылығы немесе 11 %-ы балалары бар аналардан ғана тұрады, оның iшiнде үштен екiсiне жуығы - жасы кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер.
      Отбасы iшiндегi мiндеттердiң бөлiнуi дәстүрлi сипатқа ие және әйелдердi кемсiтедi. Еркектердiң уақытының бюджетi әдетте еңбекақы төленетiн жұмыстан және бос уақыттан құралады, әйелдердiкi - еңбекақы төленетiн жұмыстан, үй iшiндегi мiндеттерден, бала тәрбиесiнен және отбасы мүшелерiнiң қажеттiлiктерiне қызмет көрсетуден құралады.

  Күштi жақтары

      Қазақстанда отбасы, әйелдер мен балалар мәселелерi бойынша жеткiлiктi құқықтық база жасалған.
      Қоғамда отбасының маңыздылығын, оның жаңа ұрпақты тәрбиелеудегi, қоғамдық тұрақтылық пен үдерiстi қамтамасыз етудегi рөлiн түсiну.
      Отбасы мен балалардың мүдделерiн ескеру қажеттiгiн мойындау, сондай-ақ оларға әлеуметтiк қолдау көрсетудiң арнайы шараларын қолдану.
      Отбасының патриархаттық құрылымын iс жүзiнде реформалау және гендерлiк серiктестiк пен ынтымақтастыққа бағдар алған түрлi жаңа үлгiлердiң пайда болу үрдiсi байқалады.

  Әлсiз жақтары

      Бiр ата-анадан және балалардан тұратын толық емес отбасылар негiзiнен аналарға тән болып табылады. 1999 жылғы халық санағына сәйкес басшысы әйелдер болып табылатын толық емес отбасылар 91%-ды құрады.
      850 мыңға жуық адам немесе халықтың 6%-ы отбасынан тыс өмiр сүредi.
      Отбасындағы балалар тәрбиесiне әкелердiң ықпалы азайды.
      Ажырасу саны артып келедi, отбасының беделi түсуде, отбасының iшкi өмiрiндегi шиеленiс, әйелдерге қатысты жанжалдар мен зорлық-зомбылық фактiлерi күшейе түсуде.

  Мүмкiндiктер

      Отбасына қолдау көрсетудiң әлеуметтiк кепiлдiктерiн одан әрi жетiлдiру оның нығаюына ықпал ететiн болады.
      Барлық отбасыларының қолы жете алатын мектептен тыс мекемелер, мектеп оқушыларына арналған жазғы сауықтыру лагерьлерi жүйесiн дамыту.
      Отбасылы ерлердiң өмiрi бойдақ адамдарға қарағанда ұзақ.

  Қатерлер

      Ресми некеде ешқашан тұрмаған адамдар санының өсуi байқалады. 23 жастан асқан осындай әйелдер мен 26 жастан асқан еркектердiң саны шамамен тең, барлығы 1,2 млн. шамасында немесе әрбiр бесiншi дерлiк. Зерттеулер көрсеткендей, бүгiнде жас адамдардың елеулi бөлiгi батыс елдердiң тәжiрибесiмен тiркелмеген некеде тұрады.
      Көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар мен жас отбасылар неғұрлым қиын жағдайда қалып отыр.
      Болашақ адами әлеуеттiң дамуындағы отбасының жасампаздық рөлiн қазiргi заманғы қоғам толық түсiнбейдi және оған қолдау көрсетуi төмен.
      Көптеген отбасы жұптары мен күйеуi жоқ әйелдер бiр баламен шектеледi немесе баланың тууын белгiленбеген мерзiмге кейiнге қалдырады.
      Демографиялық жағдайдың нашарлауы, жалғызбасты еркектер мен әйелдер санының ұлғаюы мүмкiн.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР

      Ұлттық неке-отбасы заңнамасын одан әрi жетiлдiру және отбасына әлеуметтiк қолдауды жақсарту.
      Отбасы мүшелерiнiң өз қабiлеттерiн көрсетуi мен бала тәрбиесi үшiн тиiстi әлеуметтiк-экономикалық, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлар жасау.
      Отбасындағы қарым-қатынастарда гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу. Отбасының беделiн көтеру, неке-отбасы қарым-қатынастарын нығайту, неке мен отбасы құндылықтарын насихаттау.
      Адамгершiлiк құндылықтарды жаңғырту және отбасы мен некенiң жағымды бейнесiн дәрiптеу.
      Эгалитарлық отбасын қалыптастыру. Бала тәрбиесi мен үй iшiндегi мiндеттердi орындаудағы жауапкершiлiктi тең бөлiсу.
      Неке-отбасы қарым-қатынастарындағы гендерлiк теңдiк мәселелерi бойынша халықты ақпараттық-құқықтық ағартуды жақсарту.

  IС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Неке-отбасы қарым-қатынастарын нығайту және отбасының мәртебесiн көтеру жөнiндегi заңнаманы жетiлдiру. Балалары бар отбасыларына, соның iшiнде көп балалы отбасыларына әлеуметтiк қолдау көрсету мәселелерiн реттеу жөнiндегi нормативтiк базаны қамтамасыз ету.
      Неке мен отбасының рухани және адамгершiлiк негiздерiн нығайтуға ықпал ететiн озық отбасылық, этномәдени дәстүрлердi жаңғырту.
      Отбасының экономикалық, ұрпақ әкелу және мәдени-психологиялық функциясын iске асыру үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету, отбасыларының өмiр сүру сапасын жоғарылату.
      Неке-отбасы қатынастарында және бала тәрбиелеуде ерлер мен әйелдердiң құқықтары мен мiндеттерiнiң iс жүзiндегi теңдiгiн қамтамасыз ету.
      Отбасы мен балаларды әлеуметтiк қамсыздандырудың жұмыс iстеп тұрған мамандандырылған институттарын, дағдарыс жағдайлардан шығу және жаңа жағдайларға әлеуметтiк-психологиялық тұрғыдан бейiмделу жөнiнде отбасыларына мамандандырылған психологиялық-педагогикалық көмек көрсету қызметтерiн дамыту.
      Отбасы мен неке институтының перспективалары мен бағыттарын айқындай отырып, ұлттық дәстүрлер мен халықтың менталитетiн ескере ала отырып, Қазақстандағы отбасының жағдайына көп жоспарлы зерттеу жүргiзу. Аталған зерттеудiң негiзiнде Қазақстандағы отбасының мәртебесiн көтерудiң кешендi бағдарламасын әзiрлеу.
      Радио-, телеарналарда, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында түрлi салалардың мамандарын тарта отырып, неке-отбасы қатынастары тақырыбына арналған тұрақты хабарлар (бағдарламалар) ұйымдастыру мүмкiндiгiн қарастыру.
      Әр түрлi жас топтарындағы жалғызбасты азаматтардың танысу клубтарының және басқа қарым-қатынас түрлерiнiң желiсiн дамыту.
      Қазақстан азаматтарының бала асырап алу рәсiмiн оңайлату және халықаралық бала асырап алудың проблемалық мәселелерiн шешу.
      Отбасына әлеуметтiк қолдау көрсетудi күшейту тетiктерiн дамыту, соның iшiнде жалғызбасты ата-аналарға, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларына, соның iшiнде көп балалы отбасыларына жеңiлдiктер беру.
      Отбасындағы мiндеттердiң тең бөлiнуiн көтермелейтiн және жұмыс iстейтiн аналар үшiн баланы емiзудi жеңiлдететiн жағдайлар жасайтын жұмыс берушiлердi ынталандыру мүмкiндiгiн қарастыру.
      Мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқу курстарына "Отбасындағы гендерлiк теңдiк" бөлiмiн енгiзу мүмкiндiгiн қарастыру.
      Тәрбиелеу мiндетiн әйелдерге ғана тән мiндет деген көзқарасты өзгерту. Әкенiң беделiн көтеру. Ана болу әйелдердiң мансаптық өсуi мен өз қабiлеттерiн жан-жақты көрсетуiне кедергi болмауы үшiн жағдайлар жасау.
      Үй iшiндегi жұмысты бағалауды өзгерту, оның әлеуметтiк және экономикалық функцияларын анықтау.

  Көрсеткiштер:

      1. Ұлттық заңнаманың халықаралық талаптарға сәйкестiгi.
      2. Отбасы мен балаларды әлеуметтiк қамсыздандырудың мамандандырылған институттарының, дағдарыс жағдайлардан шығу және жаңа жағдайларға әлеуметтiк-психологиялық бейiмделу жөнiнде отбасыларына мамандандырылған психологиялық-педагогикалық көмек көрсету орталықтарының саны.
      3. Мектеп жасына дейiнгi мекемелер мен медициналық мекемелердiң саны.
      4. Тiркелген ажырасулар саны.
      5. Толық емес отбасылар саны.
      6. Балалар жәрдемақысын алушылардың саны және жәрдемақы мөлшерi.
      7. Арнайы радио-теледидар бағдарламаларының, сондай-ақ мерзiмдi баспасөздегi айдарлардың болуы.

  8-БӨЛIМ. ГЕНДЕРЛIК СЕЗIМТАЛ ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖЕТIЛДIРУ



МАҚСАТЫ

      Қоғамдық санада қоғамдық өмiрдiң барлық салаларындағы ерлер мен әйелдердiң әлеуметтiк теңдiгiнiң қажеттiгiн қалыптастыру.


      Қоғамдық сананы түбiрiмен өзгерту, бiр жыныстың екiншi жыныстан артықшылығы мен басымдығы туралы пiкiрмен байланысты гендерлiк таптаурындарды түбiрiмен жою. Ерлер мен әйелдердiң өмiр тәжiрибелерiнiң ерекшелiктерiн ескере отырып, құқықтар мен мүмкiндiктердiң гендерлiк теңдiгi қағидатына негiзделген гендерлiк өзiндiк сана мен мiнез-құлық түрлерiнiң жаңа үлгiлерiн қалыптастыру.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      Қазақстан қоғамын демократияландыру барысында қоғам жағдайының барынша сезiмтал көрсеткiшi ретiнде бұқаралық ақпарат құралдарына айрықша рөл берiледi.
      Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес теледидар бағдарламаларында гендерлiк теңдiк тақырыбы белсендi түрде талқылануда.
      Әйелдер тақырыбы - республикалық және өңiрлiк БАҚ беттерiндегi ең танымал және сан жағынан көп тақырыптардың бiрi. Әйелдердiң үкiметтiк емес секторға қатысуына баса назар аударылады, бұл орайда ең әуелi әйелдердiң үкiметтiк емес ұйымдары ерекшеленедi.
      Ана болу проблемалары, өскелең ұрпақты адамгершiлiк тұрғыдан тәрбиелеудегi отбасы институты мен ана рөлiнiң маңызы жөнiнде мамандандырылған журналдар шығарылады.
      2004 жылы мемлекеттiң гендерлiк саясатын көрсету мемлекеттiк тапсырыстың тақырыптық тiзбесiне жеке жол болып енгiзiлдi.
      Барлық жұмыс iстейтiн БАҚ-тар меншiк нысанына қарамастан, ашық конкурстарға қатысу жолымен мемлекеттiк тапсырыс алу мүмкiндiгiне ие болады. 2004 жылы тапсырыстарды 33 газет, 26 журнал, республикалық деңгейдегi 1 ақпарат агенттiгi мен 36 орталық және өңiрлiк телерадиокомпаниялар алды. Бұл орайда газеттердiң, журналдардың, радио және телеарналардың 80 %-ы мемлекеттiк емес болып табылады.
      "Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы  қабылданды, ол мемлекеттiң үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимылының қазақстандық үлгiсiн орнықтыруға арналған. Ол әлеуметтiк мәнi бар жобаларды мемлекеттiк бюджеттiң қаражаты есебiнен шешуге үкiметтiк емес ұйымдардың кеңiнен қатысуы үшiн құқықтық негiздi қамтамасыз етедi, халыққа көрсетiлетiн әлеуметтiк қызметтердiң сапасы мен көлемiн арттыруға мүмкiндiк бередi.
      "Гендерлiк тақырыпқа сезiмтал журналистердi" даярлау жөнiнде жұмыс жүргiзiлуде. Соңғы 2 жыл iшiнде Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияның бастамасы бойынша БҰҰ-ның "Гендер және даму" бюросымен бiрлесiп, электрондық және басылымдық бұқаралық ақпарат құралдарының 150 журналисi оқытылды.
      Мемлекет пен құқық қорғау ұйымдарының мiндетi ерлер мен әйелдердiң гендерлiк теңдiгiнiң негiзiндегi рөлi мен мәртебесi туралы жастарға арналған бағдарламаларға қолдау көрсету және жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар көптеген хабарларда, көркем және тiптi мультипликациялық фильмдердiң өзiнде зорлық-зомбылықты насихаттау элементтерi бар. Теледидарда әлi де гендерлiк таптаурындар насихатталады, әйелге деген дөрекi қатынасқа, порнографиялық импликацияларға жол берiледi.
      Әйелдi және гендерлiк рөлдердi таптаурын түрде бейнелеу әсiресе жарнамалық және коммерциялық ақпаратқа тән.

  Күштi жақтары

      Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамға, көпшiлiк аудиторияға ықпал етудiң зор мүмкiндiктерi, ерлер мен әйелдердiң теңдiгiн жария көрсету мәселелерiнде жедел нәтиже алу мүмкiндiгi бар.
      Қазақстан тәуелсiздiк алған жылдар iшiнде қоғамдық қатынастардың демократияландырылуы, БАҚ саласындағы ырықсыздандыру гендерлiк теңсiздiк проблемаларына қатысты материалдардың көбеюiне ықпал етiп отыр.
      Әйелдер қозғалысының жандануы, әйелдердiң арта түскен саяси әлеуетi, әйелдердiң үкiметтiк емес ұйымдарының тиiмдi қызметi, әйелдер кәсiпкерлiгi құбылысының қалыптасуы.
      БАҚ басшыларының құрамында әйелдер санының көбеюi жағына бағдар алу отбасына, әйелдер мен балаларға қатысты проблемалардың шешiлуiне оңды әсер етедi. Аталған проблеманы бұқаралық ақпарат құралдарында көтеру, басшы әйелдердiң жұмысын көрсету, әйелдердiң мүдделерiн түрлi билiк органдарында қолдау - осы және басқа да шаралар әйелдердi басшылық қызметтерге жоғарылатуға ықпал етуi мүмкiн.

  Әлсiз жақтары

      Қоғамның менталитетiн өзгерту жөнiндегi ағартушылық жұмыс жеткiлiктi жүргiзiлмейдi.
      Ерлер мен әйелдерге қатысты кемсiтуге қарсы күрес мәселелерi жөнiнде ақпараттық науқандар аз.
      Мемлекеттiң гендерлiк саясатын түсiндiру бойынша мақсатты бағдарламалар жоқ.
      Журналистер гендерлiк теңдiктi жария көрсету мәселелерiне жеткiлiктi дайындалмаған.
      БАҚ әзiрше гендерлiк мәселелердi шешуде белсендi серiктестерге айналған жоқ.

  Мүмкiндiктер

      Халықты құқықтық және гендерлiк жағынан ауқымды түрде оқу-ағарту.
      Гендерлiк проблемаларды көрсетуге арналған мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс осы мәселе жөнiндегi бағдарламалардың санын айтарлықтай көбейтуге мүмкiндiк бередi.
      Журналистердi оқытып-үйрету БАҚ-тарда гендерлiк мәселелердiң толығымен ашып көрсетуге ықпал ететiн болады.

  Қатерлер

      Мемлекеттiң гендерлiк саясатының БАҚ-тарда жеткiлiктi түрде көрсетiлмеуi жүргiзiлiп жатқан шаралардың тиiмдiлiгiн белгiлi бiр дәрежеде төмендетуi мүмкiн.
      Гендерлiк таптаурындардың жариялануын жалғастыру елдегi демократиялық қайта құруларды iске асыруда елеулi тежегiшке айналуы мүмкiн.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР

      Гендерлiк таптаурындарды жеңу және тең құқықтар мен мүмкiндiктер идеологиясына бағдарланған гендерлiк мұраттар мен ұстанымдардың жаңа жүйесiн құру. Бұл ретте гендерлiк теңдiк гендерлiк айырмашылықтарды, әйелдiң және еркектiң мiнез-құлық типтерiнiң бiрегейлiгiн есепке ала отырып түсiндiрiлуге тиiс.
      Әйелдер мен ерлердiң тең құқықтығы қағидатының сақталуы аясында сөз бостандығын қамтамасыз ету.

  IС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Гендерлiк сезiмтал қоғамдық сананы дамыту жөнiндегi ұлттық гендерлiк саясатты жүргiзу. Бұл мақсатта бiлiм беру, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары сияқты қолда бар қуатты тетiктердi пайдалану.
      Қоғамның гендерлiк мәдениетiн көтеруге, мемлекеттiк билiк пен басқару органдарындағы ерлер мен әйелдердiң тең өкiлдiгi болуына оңды көзқарасты қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды, ақпараттық, ағартушылық науқандар өткiзу.
      Мемлекеттiк органдар мен БАҚ-тың ерлер мен әйелдердiң әлеуметтiк теңдiгiне қол жеткiзу мәселелерiндегi ынтымақтастығын қамтамасыз ету.
      БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық түрлерiн жою туралы  конвенциясы  ережелерiнiң, Қазақстан Республикасында әйелдердiң жағдайын жақсарту жөнiндегi iс-қимылдардың  ұлттық  жоспарының, адам құқықтары жөнiндегi халықаралық құжаттардың iске асырылу мәселелерiн бұқаралық ақпарат құралдарында кеңiнен көрсету.
      Барлық саяси, әлеуметтiк процестердiң толық құқықты әрi белсендi қатысушысы ретiндегi қазiргi заманғы әйелдiң, лидер әйелдiң өркениеттi бейнесiн қоғамдық санада белсендi түрде қалыптастыру, әйелдiң елдiң саяси өмiрiндегi рөлiн көрсету.
      Гендерлiк теңдiктi насихаттау бөлiгiнде бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау жасалуын қамтамасыз ету.
      БАҚ-тардың гендерлiк сезiмталдығын арттыру жөнiнде шаралар қолдану. Болашақ журналистердi кәсiби жағынан даярлау iсiне гендерлiк бiлiм берудi енгiзу, ақпарат өндiрушiлер - баспагерлер, редакторлар, журналистер арасында ағартушылық жұмыс жүргiзу.
      Ерлер мен әйелдердiң бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына тең дәрежеде қатысуына, мемлекеттiк, сондай-ақ мемлекеттiк емес бұқаралық ақпарат құралдарының басқарушы және бақылаушы органдарына тағайындау кезiнде олардың тең өкiлдiк етуiн қамтамасыз етуге жәрдем көрсету.

  Көрсеткiштер:

      1. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттiң гендерлiк саясатын iске асыруға бағытталған бағдарламалардың болуы.
      2. Әлеуметтiк тапсырыс есебiнен әзiрленетiн, ерлер мен әйелдердiң құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң теңдiгi мәселелерi жөнiнде әлеуметтiк мәнi бар жобалардың саны.
      3. Халықты құқықтық және гендерлiк оқу-ағарту жөнiндегi бағдарламалардың болуы.
      4. БАҚ-тағы басшылық деңгейiндегi ерлер мен әйелдердiң арақатысы.
      5. Гендерлiк мәселелердi көрсету жөнiнде оқытылған журналистердiң саны.

  9-БӨЛIМ. СТРАТЕГИЯНЫ IСКЕ АСЫРУДАН КҮТIЛЕТIН НӘТИЖЕЛЕР

      1. Мемлекеттiң жалпы саясаты мыңжылдықтың даму, соның iшiнде елдегi гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу мақсаттарын орындауға бағдарланатын болады.
      2. Қоғамдық сананың гендерлiк парадигмасының ауысуы - бiр жыныстың басым болуынан - екi жыныстың серiктестiгi мен ынтымақтастығына ауысу жағына бiрте-бiрте өзгеруi орын алады. Мемлекеттiк қызметшiлер, депутаттар мен барлық деңгейдегi басшылар, шешiмдер қабылдау деңгейiнде тұрғандардың барлығы "гендерлiк жағынан сезiмтал" болады.
      3. Әйелдер өздерiнiң жеке басының әлеуетi мен адами әлеуетiн iске асыра отырып, әлеуметтiк дамудың барлық процесстерiне тең дәрежеде қатысатын болады. Олар тең дәрежеде қоғамдық салаларға, ал еркектер - отбасы, үй еңбегi және бала тәрбиесi сияқты қарапайым салаларға кiретiн болады.
      4. Осының бәрi елдегi азаматтық қоғамның одан әрi жетiлуiне және "паритеттiк демократияның" қалыптасуына ықпал ететiн болады.

  Қоғамдық-саяси салада гендерлiк теңдiкке қол


жеткiзу бойынша:

      1. Қазақстандық заңнамаға гендерлiк ерекшелiктерге немқұрайды қарауға байланысты әлеуметтiк тәуекелдер мен ықтимал залалды азайту мақсатында, қолданыстағы және әзiрленетiн барлық нормативтiк құқықтық актiлерге, мемлекеттiк бағдарламаларға, әлеуметтiк мәнi бар жоспарлар мен жобаларға, салалық стратегиялар мен тұжырымдамаларға мiндеттi түрде гендерлiк сараптама жасау туралы норма енгiзiлетiн болады.


      2. Гендерлiк теңдiктi қамтамасыз ету институттарын қалыптастыру көзделуде, әйелдердiң құқықтарын қорғаудың құқықтық тетiктерiн қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғастырылады.
      3. Iс-қимылдардың Пекин платформасы ұсынатын, әйелдердiң шешiмдер қабылдау деңгейiндегi, соның iшiнде Үкiметте, Парламентте, әкiмдiктерде, мәслихаттар мен сот органдарында өкiлдiк ететiн әйелдер саны 30%-ға дейiн көбейедi.
      4. Әлеуметтiк мәнi бар жобаларға бөлiнетiн қаражат көлемiнiң ұлғаюының арқасында отбасының, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласында жұмыс iстейтiн қоғамдық бiрлестiктермен және үкiметтiк емес ұйымдармен мемлекеттiк органдардың ынтымақтастығы сапалық жағынан жаңа деңгейге көтерiлуде.

  Экономикада гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу бойынша:

      1. Әйелдер жер, материалдық, қаржылық және басқа да ресурстарға ерлермен тең дәрежеде қол жеткiзетiн болады. Еңбек нарығындағы әйелдердiң бәсекеге қабiлетi артады. Кәсiпкерлiктегi, соның iшiнде шағын және орта бизнестегi әйелдердiң саны артады. Әйелдерге тиесiлi кәсiпорындардың саны артады.
      2. Дәстүрлi түрде әйелдер еңбек ететiн экономика салаларын (жеңiл, тiгiн, тағам өнеркәсiбiн және басқаларын) дамыту тетiктерi әзiрленетiн болады.
      3. Әйелдер ақпаратқа, бiлiм алуға, кәсiби даярлыққа, кеңес алу көмегiне кеңiнен қол жеткiзе алатын болады. Олар үшiн экономикалық бiлiм берудiң арнайы орталықтары, кредиттiк желiлер мен қорлар құрылатын болады.
      4. Ата-аналардың еңбекке белсендiлiгiн арттыру мақсатында мемлекеттiк және мектепке дейiнгi жекеше балалар мекемелерiнiң саны артады. Бала күтiмiмен және оларды тәрбиелеумен айналысатын әйелдер мен ерлерге қолдау көрсету жөнiнде шаралар қолданылатын болады. Ерлердi бала күтiмiне тартудың тетiктерi әзiрленетiн болады.
      5. Бала күтiмi бойынша демалыста жүрген әйелдердiң үздiксiз мiндеттi зейнетақы жинақтауларына құқықтары заңнамалық түрде бекiтiлетiн болады.

  Гендерлiк бiлiм беру бойынша:

      1. Гендерлiк бiлiм беру мен ағарту жүйесi халыққа бала кезден бастап оқытып-дамытылатын болады.
      2. Қыздар мен әйелдерге Қазақстан экономикасының басым салаларында (мұнай-газ өнеркәсiбi, машина жасау, құрылыс, көлiк) жұмыс iстей алуы үшiн оларды техникалық мамандықтарға оқыту үшiн жағдайлар жасалатын болады.
      3. Саясаткерлердiң, қоғамдық қозғалыс көшбасшыларының, кәсiподақтар өкiлдерiнiң, журналистердiң гендерлiк санасын және гендерлiк сезiмталдығын арттыру мақсатында оларды оқыту iске асырылатын болады.

  Ұрпақты болу денсаулығын сақтау бойынша:

      1. Ерлер мен әйелдердiң ұрпақты болу денсаулығын сақтау, ана мен баланы қорғау мемлекеттiк органдардың және осы мәселелермен айналысатын үкiметтiк емес ұйымдар қызметiнiң басымдығына айналады. Қоғамдық денсаулық сақтаудың халықтың денсаулығын жақсарту жөнiндегi тетiктерi дамитын болады.
      2. Қан аздығы, йод тапшылығы дерттерiмен, сүт безi рагымен және халықтың ұрпақты болу денсаулығына әсер ететiн басқа да сырқаттармен ауыру айтарлықтай төмендейдi.
      3. Ерлер мен әйелдердi қазiргi заманғы контрацепция құралдарымен қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар қолданылатын болады.
      4. Ерлердiң өз денсаулығын сақтауы үшiн жауапкершiлiгi артады, өндiрiстегi жазатайым оқиғалардан болатын жарақаттану мен өлiмдi азайту жөнiнде шаралар қолданылатын болады.
      5. Әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау жөнiндегi арнайы бағдарламаларды iске асырудың арқасында олардың денсаулық индексi жоғарылайды.
      6. Балалар мен жастардың денсаулығы нығайтылады, темекi тартуға, нашақорлық пен маскүнемдiкке қарсы күреске бағытталған шаралар қолданылатын болады, дене шынықтыру мен спорт, жастардың бос уақытын ұйымдастыру кеңiнен дамиды.

  Зорлық-зомбылықты болдырмау бойынша:

      1. Зорлық-зомбылықтың, соның iшiнде адамдарды саудалаудың алдын алумен және жолын кесумен айналысатын IIМ-нiң құрылымдық бөлiмшелерi нығайтылатын болады.
      2. БҰҰ-нiң трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы  конвенциясы  және оның екi хаттамасы бекiтiлетiн болады.
      3. Адам саудасы құрбандарының, соның iшiнде адам саудалады деген күдiктi адамдарға қарсы сот процестерiнде куәгерлiк жасаған адамдардың құқықтарын қорғаудың заңнамалық шаралары қабылданатын болады.
      4. Адамдарды (соның iшiнде әйелдер мен балаларды) елден заңсыз әкетуге қарсы күрес жөнiндегi ұлттық үйлестiру орталығын құру туралы мәселе қаралатын болады.
      5. Қазақстанның барлық аудандары мен қалаларында, соның iшiнде жергiлiктi бюджеттер мен әлеуметтiк мәнi бар жобаларға арналған гранттар есебiнен дағдарыс орталықтары жұмыс iстейтiн болады.
      6. Балалар мен жастар зорлық-зомбылықсыз мiнез-құлыққа оқытылатын болады.
      7. Осы жұмыстың нәтижесiнде адамның зорлық-зомбылықсыз лайықты өмiр сүруi үшiн үнемi жағдай жасалатын болады.

  Отбасындағы гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу бойынша:

      1. Әке - асыраушы және табыскер, ана - қазан-аяқ иесi және отбасын сақтаушы болатын патриархаттық отбасынан гендерлiк теңдiк қағидаттарына негiзделген отбасының эгалитарлық үлгiлерiне бiрте-бiрте көшу жүргiзiлетiн болады.
      2. Ерлер мен әйелдер еңбекақы төленетiн жұмысты бала тәрбиесiмен ұштастыру мүмкiндiгiне ие болады. Отбасылардың өмiр сүру сапасы артады, отбасының экономикалық, ұрпақты болу және мәдени-психологиялық функцияларын iске асыру үшiн жағдайлар жасалатын болады.
      3. Қазақстан азаматтарының бала асырап алу рәсiмдерi оңайлатылып, халықаралық бала асырап алу проблемалық мәселелерi шешiлетiн болады.
      4. Отбасы мен неке институтын дамытудың келешегi мен бағыттарын айқындаумен, ұлттық дәстүрлер мен халықтың менталитетi ескерiле отырып, Қазақстандағы отбасының жағдайы туралы зерттеулер жүргiзiлетiн болады. Қазақстандағы отбасының мәртебесiн жоғарылатудың кешендi бағдарламасы әзiрленетiн болады.
      5. Эгалитарлық отбасыларының саны артады.

  Гендерлiк теңдiктi ақпараттық қамтамасыз ету бойынша:



      1. Ұлттық гендерлiк саясат гендерлiк теңдiк белгiсi аясында қоғамдық сананы өзгертуге бағытталатын болады.
      2. Қоғамның гендерлiк мәдениетiн көтеруге бағытталған кең ауқымды ақпараттық, ағартушылық науқандарды өткiзу тәжiрибесi жалғасатын болады.
      3. Елдегi барлық саяси және әлеуметтiк процестердiң толық құқықты әрi белсендi қатысушысы ретiндегi қазiргi заманғы әйелдiң, лидер әйелдiң өркениеттi бейнесi қоғамдық санада белсендi түрде қалыптастырылатын болады. Қоғамның саяси өмiрiнде әйелдердiң рөлi үнемi көрсетiлiп отырады.
      4. БАҚ-тар, бiлiм беру мен мәдениет саласы гендерлiк теңсiздiк идеологиясын уағыздайтын бағдарламалардың санын барынша азайтып, гендерлiк теңдiк пен ынтымақтастық бағытында жұмыс iстейтiн болады.
      5. Осының барлығы өмiр мен қызметтiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң әлеуметтiк теңдiгi жағына қоғамдық сананың өзгеруiне ықпал ететiн болады.

      

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет