Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы



бет4/5
Дата13.06.2016
өлшемі0.83 Mb.
#131597
1   2   3   4   5

Орта білім

Мақсаты:

Жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, оның тез өзгеретін әлемде табысқа жетуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру, еліміздің экономикалық игіліктері үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту.  12 жылдық оқыту моделіне көшу.



Міндеттері:

1. 12 жылдық оқыту моделіне көшуді білім беру мазмұнын жаңғырту арқылы жүзеге асыру.

2. ШЖМ проблемаларын шешу.

3. Мектептегі инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру.

 

Нысаналы индикаторлар:

2020 жылы 12 жылдық оқыту үлгісіне көшу толықтай жүзеге асырылады (2015 жылы – 1, 5, 11-сыныптар).

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» жобасы шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлеріндегі мектептердің саны (2020 жылы – 20).

Жаратылыстану-математика пәндері бойынша білім беретін оқу бағдарламаларын жетік меңгерген оқушылардың үлесі  (2015 жылы – 60 %, 2020 жылы – 70 %).

Қазақстандық жалпы білім беретін мектеп оқушыларының PISA, TIMSS, PIRLS халықаралық салыстырмалы зерттеулеріндегі нәтижелері (2015 жылы: PISA – 50 – 55 орын, TIMSS – 10 – 15 орын, 2020 жылы:  PISA – 40 – 50 орын, TIMSS – 10 – 12 орын, PIRLS – 10 – 15 орын).

Инклюзивті білім үшін жағдайлар жасалған мектептердің үлесі олардың жалпы санынан  артады (2015 жылы – 30 %, 2020 жылы – 70 %).

 

Білім берудің 12 жылдық моделіне көшу

Құзыреттілік тәсіліне негізделген 12 жылдық білім берудің жаңа стандартын әзірлеу және енгізу жоспарлануда.

Білім беру стандарттарының ауысуы білім берудің жаңа мазмұнын әзірлеумен байланысты. Жаңа білім беру мазмұнының базалық принципі – әрбір мектепте тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерін дамытуды ынталандыратын ізгі білім беру ортасын құру: өзін-өзі тану, өзін-өзі анықтау және өзін-өзі жетілдіру. Білім беру ұйымдары мен отбасыларда адамгершілік-рухани мәдениеттің жоғары деңгейіне қол жеткізілетін болады. Барлық балалар, оқушылар, студенттер мен педагог қызметкерлер Өзін-өзі танудың негізін, жалпыадамзаттық құндылықтардың дамуын меңгеретін болады.

МЖБС коммуникативтік дағдыларды, ақпараттар мен технологияларды басқара білуді, проблемаларды шешуді, іскерлік пен креативтілікті қалыптастыратын білімді алудағы тұлғаның дамуын, дербестігін қамтамасыз ететін нәтижеге бағытталады.

2011 жылы бастауыш білімнің МЖБС жаңартылады, негізгі орта және жалпы орта білім берудің құзыреттілік тәсілі негізінде оқу бағдарламалары әзірленеді.

2015 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептері жинаған тәжірибенің элементтері білім беру жүйесіне енгізілетін болады.

2012 жылы жалпы орта білімнің МЖБС жоғары білімнің (бакалавриат) МЖБС-мен біріктіріледі – жоғары білімнің жалпы білім беретін пәндер циклінің жеке пәндері (әлеуметтану, өзін-өзі тану, ӨҚН, Қазақстан тарихы, мәдениеттану және т.б.) оқу жүктемесін көбейтпей, «Бейіндік мектептің» бейіндік оқыту бағдарламасына көшіріледі.

2014 жылға қарай қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттары бойынша «Бейіндік мектеп» бейіндік оқыту бағдарламасы әзірленеді және сынақтан өткізіледі.

Оқытудың 12 жылдық үлгісі бойынша эксперименттік алаң үшін оқулықтар мен ОӘК, түзеу білім беру ұйымдары үшін электрондық оқулықтар, аударма және оқулықтар мен ОӘК-ні бейімдеу жүзеге асырылады. Оқулықтарды әзірлеу және оқулықтарды сараптамадан өткізу функциялары бөлінеді.

2013 жылы оқытудың 12 жылдық моделінің бағдарламасы бойынша оқулықтар мен ОӘК әзірленіп, ал 2014 жылы олар сараптамадан өтеді.

2014 жылы 1, 5, 11-сыныптардың, 2015 жылы 2, 6, 12-сыныптардың,   2016 жылы 3, 4, 7-сыныптардың, 2017 жылы 8, 9, 10-сыныптардың оқушылары үшін оқытудың 12 жылдық  моделінің бағдарламасы бойынша балама оқулықтар мен ОӘК-лер дайындалады.

Қазақстандық оқулықтармен қатар ҚР БҒМ рұқсат берген тізбеге енгізілген математика, жаратылыстану мен техникалық ғылымдар бойынша анағұрлым сапалы шетелдік оқулықтар қолданылатын болады.

2015 жылы жалпы білім беретін білім беру ұйымдарының барлық оқушысы жергілікті бюджет есебінен тегін оқулықтармен және сандық білім ресурстарымен қамтамасыз етіледі.

2015 жылы оқытудың 12 жылдық моделіне дәйекті көшу мынадай сызба бойынша басталады:

 

Жылдар

Оқытудың 12 жылдық бағдарламасы бойынша

Оқытудың 11 жылдық бағдарламасы бойынша

2015 – 2016

1,5,11

2,3,4,6,7,8,9,11

2016 – 2017

1,2,5,6,11,12

3,4,7,8,9

2017 – 2018

1,2,3,5,6,7,11,12

4,8,9

2018 – 2019

1,2,3,4,5,6,7,8,11,12

9

2019 – 2020

1,2,3,4,5,6,7,8,9,11,12

 

 

11 жылдық мектептің 9-сыныбынан 12 жылдық мектептің 11-сыныбына көшу 2015 – 2016 оқу жылынан 2019 – 2020 оқу жылына дейін жүзеге асырылады. Оқытудың 12 жылдық моделінің 11 және 12-сыныптарында оқыту ақысыз болады.

Алдын ала деректер бойынша 2015 жылғы 1 қыркүйекте оқушылардың жалпы саны шамамен 2,7 млн. баланы құрайды.

Олардың ішінде 12 жылдық бағдарлама бойынша: 1-сыныпқа – 600 мың баладан аса (шамамен 6 жастағы балалар – 450 мың және 7 жастағы балалар 150 мың). Сынып-жинақтардың болжамды саны – шамамен 30 мың;

5-сыныпқа – 260 мыңнан астам, сынып-жинақтардың болжамды саны – шамамен 13 мың;

11-сыныпқа – шамамен 175 мың бала, сынып-жинақтардың болжамды саны – 8 мыңнан астам.

2015 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың, зияткерлік мектептердің, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің жоғары сыныптарында «Бейіндік мектеп» бейінді оқу бағдарламасы іске асырылады. Бейіндік мектепке қабылдау ұлттық тестілеу негізінде жүзеге асырылады.

Бейіндік мектепте оқуды 10-сынып бітірушілерінің 60%-ы жалғастырады деп болжамданып отыр. Осы ретте бейіндік мектеп ашу, оның ішінде жатақханамен, оның жартысынан көбін ауылдық жерлерде ашу қарастырылып отыр. Сонымен, бір уақытта жоғары оқу орындарының базасында бейінді оқыту бағдарламасын іске асыратын мектептер құрылады. Бейіндік мектепте (11 – 12-сыныптар) оқу мен орналастыру мүмкіндігі қарастырылатын 40 жоғары оқу орны анықталған.

Жинақталған тәжірибе мен халықаралық тәжірибені ескере отырып,        2015 жылдан бастап Қазақстанның білім жүйесінің құрылымы ХББСК-ға сәйкестендіріледі. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтар жіктеуіші қайта қарастырылатын болады. Орта кәсіптік білімнің бөлек білім бағдарламалары үшінші білім жүйесіне (қолданбалы бакалавриат) ауыстырылады, колледждердің мәртебесі артады. Қолданбалы бакалавриаттың бағдарламаларына түсу үшін толық орта білімді аяқтау қажет.

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің құрылымы

 Оқушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау жүйесі әлемдік тәжірибені ескере отырып дамиды.

Ұлттық тестілеу бастауыш, негізгі және бейіндік мектептерді бітіргеннен кейін:

бастауыш мектепте – ішінара, оқушылардың оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізу мақсатында;

негізгі мектепте (10 сыныптан кейін) – оқытудың одан әрі жолын анықтау мақсатында;

бейіндік мектепте – алған білім-білігінің деңгейін бағалау мақсатында өткізіледі.

2015 жылға қарай жазба тапсырмаларын қоса алғанда, білім алушылар құзыреттіліктерінің қалыптасу деңгейін анықтауға бағытталған тестілеу тапсырмаларының базасы құрылатын болады.

Сыртқы емтихандар жаңа ақпараттық технологияларды қолдана отырып, компьютерлік тестілеу әдісімен өткізіледі.

Жоғары білім алуға үміткерлер тәуелсіз ұлттық тестілеу нысанында қосымша бейінді емтихандар тапсыратын болады.

Білім берудің инновациялық, көптілді моделін жасау мақсатында білім беруді үш тілде ұсынатын мектептердің саны 33-тен 700-ге дейін көбейеді.   Оның ішінде, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мектептер желісінің саны  6-дан 20-ға дейін көбейтіледі. Бұл мектептер білім берудің көптілді моделін, білім берудегі инновацияларды сынақтан өткізу үшін базалық алаңдар болады.

Қазақстан оқушыларының білім беру сапасының халықаралық зерттеулеріне қатысуы қамтамасыз етіледі: PISA (15 – 16 жастағы оқушылардың математика сауаттылығы мен оқу және жаратылыстану бойынша сауаттылығын бағалау), TIMSS (4 және 8-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану бойынша білімінің сапасын бағалау), PIRLS (оқу деңгейі мен сапасын салыстыру, әлем елдеріндегі бастауыш мектеп оқушыларының мәтінді түсінуі), TIMSS ADVANSED (11-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану (физика) пәндерін тереңдетіп оқытатын сыныптарда сол пәндер бойынша сауаттылығын бағалау), ICILS (8-сынып оқушыларының компьютерлік және ақпараттық сауаттылығын бағалау).

Оқытудың 12 жылдық моделінің талаптарына сәйкес материалдық-техникалық база жаңартылады.

Мектептердің спорт залдарын қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру мәселесі шешіледі.

Жергілікті бюджет қаражаттары есебінен мектептерге сервистік қызмет көрсете отырып, оларды физика, химия, жаңа түрлендірілген биология кабинеттерімен, лингафондық және мультимедиалық кабинеттермен жарақтандыру жалғастырылатын болады, олардың үлесі 35,6 %-дан                          80 %-ға дейін ұлғаяды.

2011 жылы бейіндік мектептерге қойылатын техникалық талаптар мен оларды жарақтандыруға қойылатын талаптар әзірленеді.

Бұдан басқа, мектептердің үш ауысымдығы мен апаттылығын жою мақсатында мектептер салынатын болады.



ШЖМ проблемаларын шешу

ШЖМ-дағы білім беру сапасын арттыру проблемаларын шешуге мынадай  іс-шаралар ықпал ететін болады:

2011 жылы:

Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясының базасында ШЖМ-ды дамытудың республикалық орталығы, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдардың жанынан 14 өңірлік орталық құрылады, ШЖМ қызметінің үлгі ережесі әзірленеді;

«Мектепке және мектептен тегін әрі қауіпсіз жеткізетін мектептер жоқ елді мекендерде тұратын білім алушылар мен тәрбиеленушілерді қамтамасыз ету» стандарты әзірленеді және қабылданады.

2011 жылдан бастап:

оқушылар саны 10 және одан көп барлық ШЖМ жаңа түрдегі компьютерлермен және кең жолақты Интернетке қол жеткізумен қамтамасыз етіледі. Қашықтықтан оқыту «e-learning» электрондық оқыту шеңберінде ұйымдастырылады;

160 тірек мектеп ашылады.

Тірек мектеп (ресурстық орталық) – базасында жақын маңдағы ШЖМ-ның білім беру ресурстары шоғырланатын білім беру ұйымы. Әрбір ресурстық орталыққа бірнеше ШЖМ бекітіледі. ШЖМ-дағы балалар үш рет (оқу жылының басында, ортасында және соңында) он күннен (сессия) тірек мектепте білім алады әрі онда аралық және қорытынды аттестаттау тапсырады. Сессияаралық кезеңде ШЖМ-да оқыту тірек мектеп мұғалімдерінің қатысуымен және қашықтықтан оқыту технологияларының көмегімен жүргізіледі. Осылайша, ресурстық орталықтар ШЖМ оқушыларының сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

2020 жылға қарай ШЖМ, негізінен, бастауыш және негізгі орта білім деңгейлері үшін жұмыс істейді.

ШЖМ проблемасы тірек мектептер (ресурстық орталықтар), интернаттар, жеткізу есебінен шешіледі.

Инклюзивті білім  жүйесін дамыту

2015 жылға қарай аталған міндетті шешу үшін:

мүмкіндіктері шектеулі балаларды біріктіріп оқытудың модульдік бағдарламалары;

мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беретін ортада біріктіріп оқыту ережесі әзірленеді, түрлі кемістігі бар балалар үшін бірігу нысандары анықталады;

мүгедек балаларға қашықтықтан білім беруді ұйымдастыру қағидалары әзірленеді.

2020 жылға қарай мектептерде мүгедек балалар үшін көтергіш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалармен, арнайы парталармен, үстелдермен және басқа да арнайы компенсаторлық құралдармен жарақтандыру арқылы «кедергісіз аймақтар» құрылады.

3030 мектепте мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуға және тәрбиелеуге тең қол жеткізу үшін жағдайлар жасалады (мектептерде педагог-дефектологтардың, балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің, арнайы жеке техникалық және компенсаторлық құралдардың болуы).

Үйде білім алатын мүгедек балалар жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктері ескеріле отырып, компьютерлік техникамен және компьютерлік қамтамасыз ету жинақтарымен қамтамасыз етіледі.

Жоғарыда айтылған міндеттерден басқа өзге де бірқатар мәселелерді  шешу қажет.

Қосымша білім беру мазмұны жетілдірілетін болады.

Тұлғаның шығармашылық құзыретіндегі, үздіксіз білім беру мен тәрбиелеудегі, кәсіби өзін-өзі анықтаудағы бәсекелі артықшылықтарын қалыптастыру мақсатында негізгі бағыттар: шығармашылық-эстетикалық; ғылыми-техникалық; экологиялық-биологиялық; туристік-өлкетанушылық; әскери-патриоттық; әлеуметтік-педагогикалық; білім беру-сауықтыру және т.б. бойынша балаларға қосымша білім беру мазмұны жаңартылады.

Қосымша білім беретін педагогтерді және аралас мамандықтардың педагог ұйымдастырушыларын даярлау бағдарламасы жетілдіріледі.

2015 жылға қарай қосымша білім беру ұйымдарының желісі ұлғайып, 625-ке жетеді.

Бұл балаларды қосымша біліммен қамтуды 23 %-ға дейін көбейтуге мүмкіндік береді.

Мектептерде спорт секцияларын құру арқылы дене шынықтыруды ұйымдастырудың  мектептен тыс нысандары жетілдірілетін болады.

Құқық бұзушылықтар мен басқа да бейәлеуметтік құбылыстардың алдын алу бойынша әрбір білім алушыны жекелей психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету жолымен қосымша білім беру конкурстары мен олимпиадаларының жүйесі арқылы оқушылардың қоғамдық және әлеуметтік белсенділігін қалыптастыратын балалар қоғамдық бірлестіктері дамиды.



Жалпы оқытудың,  мектептегі тамақтану мен медициналық қызмет көрсетудің тиімді менеджментін ұйымдастыру

Жалпы оқыту

2015 жылы  оқушылардың қозғалыс мониторингінің бірыңғай ведомствоаралық кешенді ақпараттық жүйесі «Жалпы оқытуды», оның ішінде оқумен қамтылмаған «тәуекел топтарының» балаларын дербес есепке алу бойынша деректер базасымен бірге енгізу жоспарлануда.

«Жалпы оқыту» жүйесін пайдалану жалпы оқытуды қамтамасыз етуге функционалды түрде тартылған түрлі басқару органдарының келісілген іс-қимылдарын қамтамасыз етеді және балаларды міндетті орта біліммен қамту туралы нақты ақпаратты алуға мүмкіндік береді.

Мектептегі тамақтану

2011 жылдан бастап облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім беру органдарының жанынан мектепте тамақтануды ұйымдастырудың, оның ішінде білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің тамақтану сапасы мен қауіпсіздігінің мониторингі бойынша ведомствоаралық сарапшы топтар құрылады.

Мектеп оқушыларын тегін тамақтанумен қамту көрсеткіші барлық деңгейдегі әкімдер рейтингін бағалауға енгізіледі: 2012 жылы – табысы аз отбасылардан шыққан оқушыларға, 2020 жылы – бастауыш және мектепалды сыныптар оқушыларына.

2015 жылға қарай табысы аз отбасы оқушыларының 100 %-ы және                    2020 жылға қарай мектептердің бастауыш және мектепалды сыныптар оқушыларының 100 %-ы ыстық дәрумендірілген тамақпен тегін қамтамасыз етіледі.

2020 жылға қарай орта жалпы білім беретін ауыл мектептерінің                     100 %-ында күрделі жөндеуден өткен және жаңа жабдықтармен жарақтандырылған толық кезеңдік асхана жұмыс істейтін болады.

2020 жылға қарай мектептің барлық оқушысы мектептерде стационарлық су тазартқыштар, спенсерлер, диспенсерлер  және басқа да құралдар орнату арқылы экологиялық таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.



Медициналық қызмет көрсету

2015 жылға қарай мектеп жасындағы, оның ішінде ауылдық жерлердегі балаларды медициналық тексеру 100 % қамтамасыз етіледі.

Диспансерлік есепте тұрған мектеп жасындағы балалардың үлесі 70 %-дан 50 %-ға дейін, оқушылардағы асқазан-ішек жолының ауруы –  28,2 %-дан 18 %-ға дейін, сколиозбен (мүсінінің бұзылуы) ауыратындар –2 %-дан 1 %-ға дейін төмендейді.

Денсаулығы нашар 60 %-ы балалардың арнайы медициналық топтардағы дене шынықтырумен шұғылдануға мүмкіндік алады.

Осылайша «Орта білім» бағыты бойынша  2020 жылға қарай:

барлық мектептерге 12 жылдық білім беру моделі енгізіледі;

орта білімнің инфрақұрылымын дамыту жалғасады және мектептер техникалық жарақтанумен қамтамасыз етіледі;

ШЖМ бірыңғай ақпараттық желіге қосылады;

қосымша білім беру білім алушылар үшін беделге ие болады және тұлғаның кәсіби қалыптасуына ықпал етеді. Қосымша білім берумен білім алушылар мен тәрбиеленушілердің 30 – 50 % -ы қамтылады;

инклюзивті білім жүйесі енгізіледі:

инклюзивті білім үшін жағдай жасайтын мектептердің үлесі мектептердің жалпы санынан 70 %-ға ұлғаяды;

мүгедек балалар үшін «кедергісіз қол жеткізуді» жасайтын мектептердің үлесі мектептердің жалпы санынан – 20 %;

инклюзивті біліммен қамтылған балалардың үлесі даму мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы санынан – 50 %.

медициналық қызмет көрсету мен мектептегі тамақтанудың тиімді менеджменті ұйымдастырылады;

оқушылар жалпы білім беретін мектепте сапалы медициналық қызмет ала алады. Жалпы білім беретін мектептерде медициналық кабинеттерді ашу және оның қызмет етуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады;

мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында мектептегі тамақтанудың 16 энергия үнемдегіш комбинаты салынады, республика  мектептерінің 50 %-ының мектептегі ас блоктарының материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Сапалы, дәрумен қосылған және қауіпсіз мектептегі тамақтануды ұйымдастыру мониторингінің жүйесі енгізіледі.

 

Техникалық және кәсіптік білім

Мақсаты:

Қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес ТжКБ жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу.

 

Міндеттері:

1. Экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарын ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім (бұдан әрі – ТжКБ) мазмұнының құрылымын жаңарту.

2. Экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың инфрақұрылымын дамыту.

3. ТжКБ-да білім алудың беделін арттыру.

 

Нысаналы индикатор:

Жұмыс берушілер қоғамдастығында біліктілікті тәуелсіз бағалаудан алғашқы реттен өткен ТжКБ түлектерінің қатысушылардың жалпы санынан үлесі (2015 жылы – 60 %, 2020 жылы – 80 % ).

ТжКБ оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған түлектердің оқуды бітіргеннен кейінгі алғашқы жылы жұмыспен қамтылғандардың және жұмысқа орналасқандардың үлесі (2015 жылы –78 %, 2020 жылы – 80 %).

Ұлттық институционалды аккредиттеу рәсімінен өткен колледждердің үлесі (2015 жылы –  10 %, 2020 жылы – 30 %).

 

Техникалық және кәсіптік білімнің құрылымы мен мазмұнын экономиканың индустриялық-инновациялық дамуының сұраныстарын ескере отырып жаңарту

Ұлттық және салалық біліктілік шеңберінің негізінде кадрлар даярлау құрылымы ретке келтірілетін болады.

Мамандар даярлау еңбек нарығының болжанған қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Кәсіптік стандарттардың талаптарына сәйкес:

ТжКБ-ның мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, білім беру бағдарламалары жаңартылады;

арнайы пәндер бойынша типтік оқу бағдарламалары, оқу әдебиеттері әзірленеді;

бірнеше біліктілік алу үшін модульдік бағдарламалар әзірленеді, модульдік бағдарламалардың дерекқоры құрылады.

Білім алушылардың практикалық дағдыларын дамыту үшін оқу жоспарларындағы кәсіптік практиканың үлесі 60 %-ға дейін ұлғаятын болады. Бұл үшін практика базасы жұмыс берушілермен әріптестік есебінен кеңейтіледі.

Білім алушылардың бойында қажетті құзыреттіліктерді қалыптастыратын заманауи білім беру технологиялары оқу процесіне енгізілетін болады.

Озық әлемдік тәжірибе мен қолданбалы зерттеулер жүргізудің негізінде ТжКБ жүйесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету жетілдірілетін болады. Республикалық және облыстық ғылыми-әдістемелік кабинеттер тиімді жұмыс істейтін болады, ТжКБ ұйымдарының кітапханалары қажетті оқу әдебиетімен толықтырылады.



Экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың инфрақұрылымын дамыту

Жастардың кәсіптік білім алуына қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін    кәсіптік лицейлер мен жатақханалар салу есебінен оқушы орындарының саны өседі. Атырау қаласында – мұнай-газ саласы бойынша, Екібастұз қаласында  – отын-энергетика саласы бойынша, Шымкент қаласында - өңдеу және Өскемен қаласында – машина жасау салалары бойынша 4 өңіраралық кәсіптік орталық жұмыс істейтін болады.

Оқу орындары шарт негізінде өндірістік практикадан, тағылымдамадан өту үшін базалық кәсіпорындарға бекітілетін болады.

ТжКБ-ның 70 %-дан астам мемлекеттік оқу орындары заманауи оқу-өндірістік және технологиялық жабдықтармен, ақпараттық технологиялармен қайта жарақтандырылады. Оқу орындарын заманауи оқу-өндірістік және технологиялық жабдықтармен жаңартуға және қайта жарақтандыруға жергілікті, республикалық бюджет, жұмыс берушілер қаражаты, халықаралық ұйымдардың заем қаражаты есебінен тартылады.

Экономика салаларына мамандардың біліктіліктерін сертификаттаудың тәуелсіз жүйесін енгізе отырып, жоғары білікті жұмысшы кадрлар даярлау сапасын реттеу, оның ішінде жергілікті жерлерде «оқушылық» түрінде қамтамасыз етілетін болады.

Кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, қосымша қаражат тарту үшін ТжКБ оқу орындары мамандар даярлау бейініне сәйкес, оның ішінде тең құрылтайшылық арқылы ұлттық холдингтер мен компанияларға, транс ұлттық корпорациялар мен шетелдік инвесторларға бекітілетін болады.

Дүниежүзілік Банктің займы шеңберінде инновациялық даму бағдарламаларын іске асыратын оқу орындарын атаулы қаржылай қолдау жүйесі құрылатын болады.

ТжКБ-да оқыту беделін арттыру

ТжКБ жүйесінде оқытудың тартымдылығы мен беделділігін арттыру үшін:

әлеуметтік-педагогикалық қызметтер жоқ ТжКБ оқу орындарының жанынан мансаптық басшылық орталықтары (білім беру ұйымдарының құрылымдық бөлімшелері) құрылады;

білім алушылардың, өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушыларының арасында «Үздік оқу орны», «Ең үздік маман» республикалық конкурстары өткізіледі;

үздік білім алушылар халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарына қатысатын болады.

Өнертапқыштық және өнертабыстық қызметке, техникалық шығармашылыққа бейім талантты білім алушылар анықталады және оларға қолдау (гранттар мен жұмыс берушілердің атаулы стипендиялары, жұмыс берушілер ұйымдастыратын және қаржыландыратын конкурстар арқылы) көрсетілетін болады.

Жұмысқа орналастыруға ықпал ету үшін еңбек нарығындағы бос орындар базасымен өзара байланысты сертификатталған түлектердің дерекқоры құрылатын болады.

ТжКБ-ны дамыту жөніндегі республикалық, өңірлік және салалық кеңестердің өзара іс-қимылы ТжКБ-ны дамытуға, кадрлар даярлауға және білім ұйымы, кәсіпорын мен студент арасында келісім жасау арқылы жұмысқа орналастыруға бизнес пен кәсіби қоғамдастықтың белсенді қатысуын қамтамасыз етеді.

2020 жылға қарай:

Кадрларды ұлттық біліктілік жүйесі негізінде даярлау толықтай еңбек нарығының сұраныстарына сәйкестендіріледі.

Оқу орындарының оқу-өндірістік шеберханалары мен зертханалары замауи оқу-өндірістік және технологиялық жабдықтармен, ақпараттық технологиялармен жарақтандырылады.

Кәсіпорындардың нақты сұраныстарын ескере отырып, кооперативтік оқыту кең түрде енгізіледі.

ТжКБ оқу орындарындағы оқыту жастар үшін тартымды және беделді болады.

Бизнес пен  кәсіби қауымдастық ТжКБ-ны дамытуға және кадрлар даярлауға белсенді қатысады.

Экономика салаларында жұмыс берушілердің қатысуымен біліктілікті сертификаттаудың тәуелсіз орталықтары жұмыс істейтін болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет