2-тарау. ОРТАЛЫҚТАН ЗЕЙНЕТАҚЫМЕН ҚАМСЫЗДАНДЫРУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
ТӘРТІБІ
9-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн
алу құқығы
Азаматтарға осы Заңда белгіленген жағдайлар туындаған кезде Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін алу құқығына кепілдік берілген.
Зейнеткерлік жасқа толған зейнеткерлерге өздеріне еңбек сiңiрген жылдары үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн тағайындалған Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн қайта тағайындату құқығы берiледi.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.03.2015 № 293-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
10-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін алуға
құқығы бар азаматтар санаттары
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерi азаматтардың мынадай санаттарына:
1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетақы алатындарға;
2) осы Заңның 11-бабының 1 – 3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толғандарға;
3) әскери қызметшiлерге, арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген және біліктілік сыныптары белгіленген қызметкерлерiне, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған, еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар адамдарға төленеді.
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін алушы, оның ішінде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға Орталықтан республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 15,7 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.
3. Ұлы Отан соғысының қатысушысы немесе мүгедегі болып табылатын, Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға Орталықтан республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 36,6 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.
Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2014 N 180-V (01.04.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
11-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн
тағайындау
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындау:
2001 жылғы 1 шiлдеден бастап – ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге 58 жасқа толғанда жүргізіледі.
Бұл ретте Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін әйелдерге тағайындау:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі.
2. Төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда
1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:
1) ерлердің – 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыстағы еңбек өтілі кемінде жиырма бес жыл болған жағдайда, 50 жасқа толғанда;
2) әйелдердің – 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыстағы еңбек өтілі кемінде жиырма жыл болған жағдайда, 45 жасқа толғанда зейнетақы төлемдерін тағайындатуға құқығы бар.
3. 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы алуға құқығы бар.
4. Орталықтан жасына байланысты зейнетақы төлемдері толық көлемде осы баптың 1 – 3-тармақтарында белгіленген жасқа толғанда азаматтардың мынадай санаттарына:
1) ерлерге – 1998 жылғы 1 қаңтарға кемiнде жиырма бес жыл еңбек өтілі болғанда және осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдар арасынан ерлерге қызметiнен босатылған кезiнен бастап тағайындалады. Бұл ретте осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдар үшiн еңбек өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтен босатылған кезiне дейiнгi кезеңдегі қызметi, осы кезеңде жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары төленбеген жағдайда, есептеледi;
2) әйелдерге – 1998 жылғы 1 қаңтарға кемiнде жиырма жыл еңбек өтілі болғанда және осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдар арасынан әйелдерге қызметiнен босатылған кезiнен бастап тағайындалады. Бұл ретте осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдар үшiн еңбек өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтен босатылған кезiне дейiнгi кезеңдегі қызметi, осы кезеңде жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары төленбеген жағдайда, есептеледi.
5. Жасына байланысты толық емес көлемдегі зейнетақы төлемдері осы баптың 1 – 3-тармақтарында аталған азаматтар санаттарына олардың Орталықтан зейнетақы төлемін толық көлемде алу құқығы болмаған кезде, 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілінің болуына қарай және осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдарға қызметтен босатылған кезден бастап тағайындалады.
6. Жасына байланысты толық емес көлемдегi зейнетақы төлемдерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен, толық зейнетақы төлемінен 1998 жылғы 1 қаңтарға болған еңбек өтіліне барабар үлес ретiнде есептеледi. Бұл ретте осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдар үшiн еңбек өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтен босатылған кезiне дейiнгi кезеңдегі қызметi, осы кезеңде жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары төленбеген жағдайда, есептеледi.
Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.01.2014 N 156-V Заңымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).
12-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн төлеу
кезеңi
Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерi өмiр бойына тағайындалады және қайтыс болған айына қоса жүзеге асырылады.
13-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін
тағайындау үшiн Еңбек өтілін есептеу
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде мыналар есепке алынады:
1) еңбек шарттары бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтiн жұмыс;
2) әскери қызмет;
3) арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызмет;
4) мемлекеттiк қызмет;
5) кәсiпкерлiк қызмет;
6) басқа адамның көмегіне мұқтаж бiрiншi топтағы мүгедекке, екiншi топтағы жалғызiлiктi мүгедекке және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтiм жасаған уақыт;
7) атом сынақтары, экологиялық зілзалалар салдарынан зардап шеккен немесе адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған не ЖҚТБ-мен ауыратын 16 жасқа дейiнгi мүгедекке күтiм жасаған уақыт;
8) жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт;
9) қылмыстық жауапқа негiзсiз тартылған және қуғын-сүргiнге ұшыраған, бiрақ кейiннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру және жер аудару орындарында жазасын өтеген уақыты;
10) еңбекке қабілетті азаматтардың бұрынғы КСРО-ның уақытша басып алынған аумағында және Ұлы Отан соғысы кезеңiнде басқа мемлекеттердiң аумағына зорлықпен әкетілген адамдардың (жасына қарамастан), егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаған болса, сонда болған, фашистiк концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңiнде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) ұсталған уақыты;
11) жұмыс iстемейтiн соғыс мүгедектерi мен оларға теңестiрiлген мүгедектердiң мүгедек болған уақыты;
12) бұрынғы кеңестік мекемелердiң, Қазақстан Республикасы мекемелерi мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi зайыбының (жұбайының) шетелде тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңi;
13) офицерлiк құрамдағы адамдар, прапорщиктер, мичмандар, келiсiмшарт бойынша қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер және мерзiмiнен тыс қызмет атқаратын әскери қызметшiлер жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде жұбайларымен бiрге тұрған, бiрақ 10 жылдан аспайтын кезеңi;
14) арнаулы мемлекеттiк орган қызметкерi зайыбының (жұбайының) мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде оның қызметкермен бiрге тұрған, бiрақ 10 жылдан аспайтын кезеңi;
15) Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегі жоғары оқу орындарында, оның ішінде даярлық курстарында, арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқу;
16) ведомстволық бағыныстылығына және арнаулы немесе әскери атағының болуына қарамастан, әскерилендiрiлген күзеттегі, арнаулы байланыс органдарындағы және тау-кен-құтқару бөлiмдерiндегі қызмет;
17) әлеуметтiк сақтандыруға аударымдар төлеген жағдайда өзге де жұмыс.
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін жеңiлдiкпен есептеу кезiнде мыналар да есепке алынады:
1) ұрыс қимылдары кезеңiнде майдандағы армия құрамындағы, оның iшiнде әскери борышын өтеу кезiндегi әскери қызмет, сондай-ақ ұрыс қимылдары кезеңiнде партизан отрядтары мен құрамаларында болуы, сондай-ақ әскери жарақат салдарынан емдеу мекемелерiнде емделуде болған уақыт – әскери қызметшiлерге еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерін тағайындаған кезде осы қызметтiң мерзiмдерiн есептеу үшiн белгiленген тәртiппен;
2) әскери бөлiмдердегi жұмыс, оның iшiнде еркiн жалдамалы құрам ретiндегi жұмыс және осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген әскери қызметтен басқа, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызмет – екi есе мөлшерде;
3) Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941 жылғы 8 қыркүйек пен 1944 жылғы 27 қаңтар аралығындағы қоршау кезеңiнде Ленинград қаласындағы жұмыс – үш есе мөлшерде;
4) 12 жастан бастап және одан үлкен жастағы азаматтардың 1941 жылғы 8 қыркүйек пен 1944 жылғы 27 қаңтар аралығындағы қоршау кезеңiнде Ленинград қаласында болған уақыты – екi есе мөлшерде;
5) Ұлы Отан соғысы кезеңiнде басқа мемлекеттердiң аумақтарына зорлықпен әкетілген адамдардың, егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаған болса, сонда болған уақыты, сондай-ақ фашистiк концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңiнде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) болған уақыты – екi есе мөлшерде;
6) қылмыстық жауапқа заңсыз тартылған және қуғын-сүргiнге ұшыраған, кейiннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру, жер аудару орындарында жазасын өтеген, арнаулы қоныстандыру орындарында бас бостандығын шектеумен мәжбүрлеп еңбекке тартылған және психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуде болған уақыты – үш есе мөлшерде;
7) Семей ядролық сынақ полигонына іргелес жатқан аудандарда 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шiлде аралығы кезеңіндегі жұмыс және әскери қызмет – үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шiлде мен 1992 жылғы 1 қаңтар аралығындағы жұмыс және әскери қызмет – бiр жарым есе мөлшерде;
8) алапеске қарсы және обаға қарсы мекемелерде, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдарды емдеу жөнiндегi инфекциялық аурулар мекемелеріндегi жұмыс – екi есе мөлшерде, сот медициналық сараптаманы және патологиялық-анатомиялық диагностиканы жүзеге асыратын ұйымдардағы жұмыс – Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен жұмыстар тiзбесi бойынша – бiр жарым есе мөлшерде;
9) су көлiгiндегi толық навигациялық кезең iшiндегі жұмыс бiр жылғы жұмыс болып есептеледi;
10) ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, өнеркәсiптiң маусымдық салалары ұйымдарындағы толық маусым iшiндегi жұмыс Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тiзiм бойынша бiр жылғы жұмыс өтіліне есептеледi.
Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
14-бап. Еңбек өтілін растау
1. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек өтілі еңбек кiтапшасымен расталады.
2. Еңбек кiтапшасы немесе онда тиiстi жазбалар болмаған кезде еңбек өтілі жұмыс туралы мәлiметтердi растайтын құжаттар не сот шешiмi негiзiнде белгіленеді.
3. Осы Заңның 13-бабы 1-тармағының 5) және 17) тармақшаларына сәйкес қызметтi жүзеге асырған азаматтардың еңбек өтілі Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн жүргізілген сақтандыру жарналарын төлегенi туралы құжаттармен расталады.
14-1-бап. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін
тағайындау тәртібі мен мерзімі
1. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындауға өтініш тізбесін орталық атқарушы орган айқындайтын құжаттарымен қоса азаматтың тұрғылықты жері бойынша Орталыққа немесе халыққа қызмет көрсету орталығына (бұдан әрі – ХҚО) беріледі.
Адамдар мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің тағайындалуы үшін «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш жасауға құқылы.
2. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау мерзімі өтініштің қоса берілген құжаттарымен бірге Орталықта тіркелген күнінен бастап сегіз жұмыс күнінен аспайды.
3. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындауды Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын орган өтініш берілген күннен бастап жүргізеді.
4. Өтініш пен қажетті құжаттардың Орталықта немесе ХҚО-да тіркелген күні мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындауға өтініш жасалған күн болып есептеледі.
Ескерту. 2-тарау 14-1-баппен толықтырылды - ҚР 17.03.2015 № 293-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
15-бап. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң
мөлшерiн есептеу
1. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн толық көлемде есептеу осы Заңның 16-бабына сәйкес айқындалатын орташа айлық табыстың 60 пайызы есебiнен жүргiзiледi.
2. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табыс негiзге алына отырып жүзеге асырылады.
«Байқоңыр» кешенiнiң ресейлiк ұйымдарында жұмыс iстеген кезеңде алынған табысты қоспағанда, 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін орташа айлық табыстың мөлшерi орталық атқарушы орган айқындайтын тәртiппен жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес белгiленедi.
3. «Байқоңыр» кешенiнiң ресейлiк ұйымдарында жұмыс iстеген адамдарға 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін орташа айлық табыстың мөлшерi жұмыс берушi беретiн табыс туралы анықтамамен расталатын табысқа сәйкес белгiленедi.
Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін есептеу Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін өтініш жасалған күнге уәкілетті орган белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына қатысты ресми бағамы бойынша Ресей Федерациясының валютасымен төленген табыс мөлшері негізге алына отырып жүргізіледі.
4. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін талап етілетін еңбек өтілінен артық жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға ұлғайтылады, бірақ ол зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін табыстың 75 пайызынан аспайды.
5. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, әскери қызметшілерге, ішкі істер органдарының, прокуратура, Қазақстан Республикасының бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетінің қызметкерлеріне және зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдардың және көрсеткіштердің № 1 тізімі бойынша және жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша жеңілдікті шарттарда тағайындалған адамдарға төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерлерін қоспағанда, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшерін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіштің 41 еселенген мөлшерінің 75 пайызынан асыруға болмайды.
Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 31.03.2014 N 180-V (01.04.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
16-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн есептеу
үшiн табысты айқындау
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн есептеуге арналған табысқа еңбекақы төлеудiң барлық түрлерi және тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн өзге де табыстар енгiзiледi.
2. Зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн 3 жылдағы жұмыстан түскен табыс қатарынан күнтiзбелiк 36 айдағы жұмыстан түскен табыстың жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы айқындалады.
3. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 41 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.03.2014 N 180-V Заңымен (01.04.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).
17-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн
тағайындауға өтiнiш беру тәртiбi
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтініш зейнетақы төлемдерiн есебіне жазу үшiн қажеттi еңбек өтілі мен табысын растайтын құжаттармен қоса азаматтың тұрғылықты жерi бойынша Орталыққа берiледi.
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындауды Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын орган жүргізеді.
3. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын орган зейнетақылар тағайындау мәселелері бойынша түсіндірме беруге және азаматтарға тиісті құжаттарды ресімдеуде көмек көрсетуге міндетті.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.03.2015 № 293-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
18-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін
тағайындау үшін құжаттарды қарау мерзімдері
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау мерзімі өтініштің қоса берілген құжаттарымен бірге Орталықта тіркелген күнінен бастап он жұмыс күнінен аспайды.
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдері Орталықтан төленетін зейнетақы төлемін тағайындауға өтініш жасалған күннен бастап тағайындалады. Өтініш пен қажетті құжаттардың Орталықта тіркелген күні Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш жасалған күн болып есептеледі.
3. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартылған жағдайда, Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын орган бас тартудың себептерін жазбаша түрде уәждеуге және өтініш берушіге ұсынылған құжаттарын қайтаруға міндетті.
4. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын органның шешіміне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.03.2015 № 293-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
19-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн
тағайындау мерзiмдерi
Ескерту. 19-бап алып тасталды - ҚР 17.03.2015 № 293-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
20-бап. Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы мемлекеттiк
монополия
1. Орталық мемлекеттiк монополияға жататын мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн, жәрдемақыларды, бiржолғы және өзге де төлемдердi төлеудi ұйымдастыру және жүзеге асыру;
2) салымшылардың (алушылардың) мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша дерекқорын және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізімін қалыптастыру;
3) салымшы зейнетақы төлемдерiне құқық алу кезінде нақты енгiзген мiндеттi зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерiн келесi қаржы жылына инфляцияның болжамды деңгейiн ескере отырып айқындау;
4) мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды дербестендірілген есепке алу;
5) мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агенттерден бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару;
6) жеке сәйкестендiру нөмiрi және (немесе) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары жоқ және (немесе) деректемелерiнде қателер жiберiлген адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агентке қайтару;
7) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агентке және (немесе) Орталыққа оның өтініші бойынша қайтару;
8) агенттердiң Орталықтың шотына аударылған және Орталықтан агентке қайтарылған мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары және (немесе) солардың өсімпұлдары бойынша төлем құжаттарының тiзiлiмдерін қалыптастыру және оларды салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түсуiн қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органға ұсыну;
9) Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын органның төлемді тағайындауы үшін зейнетақы төлемдерін, жәрдемақыларды, біржолғы және өзге де төлемдерді алушылар істерінің макетін қалыптастыру;
10) Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін, жәрдемақыларды, біржолғы және өзге де төлемдерді алушылардың автоматтандырылған орталықтандырылған дерекқорын қалыптастыру және оларды дербестендiрiлген есепке алу;
11) зейнетақы жарналарын және (немесе) солар бойынша өсімпұлдарды есепке алу, аудару, қайтару мәселелерi бойынша агенттермен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен өзара iс-қимыл жасау;
12) орталық атқарушы органның бiрыңғай ақпараттық жүйесiнiң жұмысқа қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастыру;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қызметтік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жариялауға қойылатын талаптарды сақтай отырып, Орталықтың автоматтандырылған орталықтандырылған дерекқорын пайдаланушылар болып табылатын орталық атқарушы және жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің қолжетімділігін ұйымдастыру;
14) Қазақстан Республикасы заңнамасының зейнетақы жинақтарының құпиялылығын сақтауды қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарын ескере отырып, жеке және заңды тұлғаларға Орталықтың қызмет түрлерi бойынша ақпараттық қызметтер ұсыну;
14-1) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлемдерден ұсталған міндетті зейнетақы жарналарын ұйымдастыру және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару;
14-2) баланың бір жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алушыларға бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын міндетті зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару;
15) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де қызмет түрлерi.
2. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша орталық атқарушы орган белгілейді.
Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.01.2014 N 156-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
21-бап. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық
зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін
жүзеге асыру тәртібі
1. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және зейнетақы төлемдері ағымдағы айға төленеді.
2. Жұмыс істейтін зейнеткерлердің осы Заңның 15-бабының 5-тармағында және 64-бабында көзделген шектеулер мен жағдайлар ескеріле отырып, Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін толық мөлшерде алуға құқығы бар.
3. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және зейнетақы төлемдері нотариат куәландырған сенімхат бойынша тағайындалуы және төленуі мүмкін.
4. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібін орталық атқарушы орган айқындайды.
Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.03.2015 № 293-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
22-бап. Өткен уақыт үшін Орталықтан төленетін мемлекеттік
базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы
төлемдерін алу
1. Тағайындалған, бірақ алушы талап етпеген Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің және зейнетақы төлемдерінің сомалары өткен уақыт үшін, бірақ оларды алуға өтініш жасау алдындағы үш жылдан аспайтын уақыт үшін төленеді.
2. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын органның, сондай-ақ Орталықтың немесе ХҚО-ның кінәсінен уақытында алынбаған, Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің және зейнетақы төлемдерінің сомалары өткен уақыт үшін мерзімдері шектелмей төленеді.
Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.03.2015 № 293-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
23-бап. Зейнетақыдан ұстап қалу
1. Зейнетақы тағайындау кезiндегi қателiктер салдарынан зейнетақының артық төленген сомаларын алушының өтiнiшi негiзiнде ұстап қалатын жағдайлардан, сондай-ақ сотталғандардың, бас бостандығынан айырылғандардың табыстарынан ұстап қалатын жағдайлардан басқа, зейнетақыдан ұстап қалу атқарушылық iс жүргiзу тәртiбiмен жүргізілуі мүмкiн.
2. Зейнетақыдан ұстап қалу төленуге тиiстi сомадан жүргізіледі.
3. Төленуге тиiс соманың 50 пайыздан астамын зейнетақыдан ұстап қалуға болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |