Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Жалпы бөлiм 1-тарау. Жалпы ережелер



бет3/7
Дата09.07.2016
өлшемі0.93 Mb.
#188154
1   2   3   4   5   6   7

1) әрбiр сайлау учаскесiнде үш мыңнан аспайтын сайлаушы болуы;

2) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi әкiмшiлiк-аумақтық құрылым шекарасының сақталуы ескерiле отырып құрылады.

3) (алынып тасталды)

3. Қазақстан Республикасына қарайтын әскери бөлiмдерде және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында олардың орналасқан жерi, кеменiң тiркелген порты немесе тұрған жерi бойынша тиiстi сайлау округтерiне кiретiн сайлау учаскелерi құрылады. Шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасы өкiлдiктерiнiң жанынан Республика Сыртқы iстер министрлiгi орналасқан аумақтағы сайлау округiне қарайтын сайлау учаскелерi құрылады.

4. Сайлау учаскелерiн құру кеме капитандарының, бөлiмдер немесе әскери құрамалар командирлерiнiң, осы баптың 3-тармағында аталған мекемелер басшыларының тиiстi әкiмдер мен Республиканың Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылады.

5. Тиiстi әкiмдер сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейін жетi күн мерзiм iшiнде, ал өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын өткiзген кезде үш күн мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлаушыларды әрбiр сайлау учаскесiнiң шекарасы жөнiнде хабардар етедi.

Ескерту. 23-бапқа өзгерiс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен , 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық Заңымен .
4-тарау. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмi
24-бап. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерi

және оларды жасау тәртiбi


1. Президенттi, Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Сенат депутаттарын сайлау кезiнде таңдаушылардың тiзiмдерi жасалады.

2. (алып тасталды)

3. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады.

4. Сайлаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады. Тiзiмде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (18 жастағылар үшiн - қосымша күнi мен айы) және тұрғылықты мекен-жайы көрсетiледi. Таңдаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады және тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, таңдаушы депутаты болып табылатын мәслихаттың атауы әрi оның тұрғылықты мекен-жайын қамтиды.

5. Сайлаушылардың тұрғылықты жерi бойынша тiзiмiн тиiстi жергiлiктi атқарушы орган халықты есепке алуды жүзеге асыратын органдар ұсынған мәліметтердің негізінде жасайды.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Егер сайлаушыға сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгi болмайтыны белгiлi болса, оның өзiнiң болатын жерi бойынша жергіліктi атқарушы органға өзiн тиiстi сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiш беруге құқығы бар.

Осы тармаққа сәйкес азамат өтiнiш жасаған кезде жергілiктi атқарушы орган азаматты тiркелу орны бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығаруды және оны сол азамат дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзудi ұйымдастырады.

Әрбiр сайлау учаскесi бойынша сайлаушылардың тiзiмiне тиiстi әкiм қол қояды және ол дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын тиiстi сайлау комиссиясына акт бойынша тапсырылады.

Басқа құзыреттi органдар мен ұйымдардың деректерiмен алдын ала салыстырылған сайлаушылар туралы мәлiметтердi жергiлiктi атқарушы орган әр жылдың 1 шiлдесiне және 1 қаңтарына электрондық жеткiзушi арқылы және қағазға түсiрiлген күйiнде тиiстi аумақтық сайлау комиссияларына тапсырады.

Жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиiстi сайлау комиссиясына тапсырылған сайлаушылар тiзiмдерiнiң, сондай-ақ сайлаушылар туралы деректердiң дұрыстығы үшiн жауапты болады.

6. Жатақханаларда тұратын күндiзгi бөлiмдерде оқитын студенттер мен аспиранттар сайлаушылар тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.

7. Әскер бөлiмдерiндегi сайлаушы әскери қызметшiлердiң, сондай-ақ әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын олардың отбасы мүшелерi мен басқа сайлаушылардың тiзiмi әскер бөлiмдерiнiң командирлерi берген мәлiметтер негiзiнде жасалады.

8. Демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылардың тiзiмдерi аталған мекемелердiң басшылары, тиiстi әкiмдер, өкiлдiктер басшылары мен кеме капитандары берген деректер негiзiнде жасалады.

Уақытша болу орындарында (демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерi жанынан, Қазақстан Республикасының

иелiгіндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде) құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тізімдері дауыс берiлетiн күннің алдындағы күндегі жағдай бойынша мiндеттi түрде нақтылануға тиiс.

9. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) мәслихаты хатшысының ұсынуы бойынша жасайды.

10. Дауыстарды санау басталғаннан кейін сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне өзгерістер енгізуге тыйым салынады.

Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен .
25-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiне

енгiзу
1. Сайлаушылар тiзiмдерiне:

1) Республиканың белсендi сайлау құқығы бар азаматтары;

2) тиiстi сайлау учаскелерi аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелген азаматтар;

3) демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс берудi өткiзетiн күнi аталған мекемелер мен ұйымдарда немесе кеме бортында болған азаматтардың бәрi;

4) әскер бөлiмдерi бойынша әскер бөлiмдерiнде тұрған әскери қызметшiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi;

5) шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген әрi Республиканың жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгiзiледi. Шет мемлекетке жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген Республика азаматтары учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасы азаматы деген жарамды паспорты болса, сайлаушылар тiзiмiне енгізіледi.

2. Таңдаушылар тiзiмiне:

1) облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың;

2) тиiсiнше республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы мәслихатының барлық депутаттары енгiзiледi.

3. Азамат (таңдаушы) сайлаушылардың (таңдаушылардың) бiр ғана тiзiмiне ене алады.

Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен .


26-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiмен

таныстыру


1. Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға бередi.

Әскери бөлiмдерде, Қазақстан Республикасына тиесiлі және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын жерлерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегi шетелдiк мекемелерінiң жанынан құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тiзiмдерi сайлаушыларға танысу үшiн дауыс беруге бес күн қалғанда; өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау өткiзiлетiн кезде құрылған сайлау учаскелерi бойынша - дауыс беруге жетi күн қалғанда берiледi.

2. Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерi танысу үшiн жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен сайлауға дейiн кемiнде жетi күн бұрын ұсынылады.

3. Азаматтарға (таңдаушыларға) тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар (таңдаушылар) жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi.

Учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс кестесін, дауыс беру күнін қоспағанда, тиісті аумақтық сайлау комиссиялары айқындайды.

4. Әрбiр азамат (таңдаушы) сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Сайлаушылар тізіміне енгізу, одан шығару не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы сайлау комиссиясына арыз келiп түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы тұрған жер бойынша тиiстi сотқа шағым жасауға болады, ол шағымды - арыз келіп түскен күні қарап, түпкiлiктi шешiм қабылдайды. Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзудi дереу жүргiзедi.

Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық Заңымен.
5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт
27-бап. Сайлау алдындағы үгiт
1. Сайлау алдындағы үгiт - сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет.

Шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.

2. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қайтадан дауыс берудi өткiзген кезде сайлау алдындағы үгiт қайтадан дауыс беру күнi тағайындалған күннен басталып, сайлау болатын күннiң алдындағы күнгi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

3. Сайлау алдындағы үгiт:

1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;

2) сайлау алдындағы жария iс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен (таңдаушылармен) кездесулердi, сайлау алдындағы жария пікір таластар мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және заңнамада белгiленген тәртiппен және осы Конституциялық заңда тыйым салынбаған өзге де сайлау алдындағы іс-шараларды), сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенiм бiлдiрген адамдарының сайлаушылармен (таңдаушылармен) жеке кездесулерін өткiзу жолымен;

3) баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады.

4. Мыналарға:

1) мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына;

2) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға;

3) сайлау комиссияларының мүшелерiне;

4) діни бiрлестiктерге сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.

5. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары болып табылатын кандидаттарға өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынады.

Осы Конституциялық заңда мыналар:

1) бағынышты немесе басқа да қызмет жағынан тәуелдi адамдарды, аталған адамдар кандидаттың сенiм бiлдiрген адамдары ретiнде үгіттi жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге тарту;

2) кандидаттың, партиялық тiзiм ұсынған саяси партияның сайлануына септiгiн тигiзетiн қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк органдар орналасқан үй-жайларды пайдалану, егер өзге кандидаттарға, саяси партияларға аталған үй-жайларды осындай шарттармен пайдалануға кепiлдiк берілмесе, лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалану деп ұғынылады.

Осы тармақта белгiленген шектеулердi сақтау лауазымды адамдарға өздерiнің қызметтiк мiндеттерiн орындауға кедергi келтiрмеуге тиiс.

6. Кандидаттар не олардың сенiм бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.

7. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективтi көрсетудi жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; өтiнiш келiп түскеннен кейін баспа басылымының таяудағы нөмірінде сол бетте, сондай көлемде және сол қаріппен немесе теледидар не радио хабарларында жиырма төрт сағат iшiнде сондай уақытта аталған адамдарға ар-намысын, қадiр-қасиетін және iскерлiк беделін қорғауы үшiн терiске шығаруды тегiн жариялауына мүмкiндiк беруге мiндеттi.

Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетінен орын, эфир уақытының көлемі бойынша бірдей таратуға міндетті.

Бұқаралық ақпарат құралдары тиiстi сайлау комиссияларының сайлау алдындағы науқан барысы туралы ақпаратты және осы Конституциялық заңда белгiленген хабарламаларды жариялауына кiдiрiссiз мүмкiндiк туғызады.

8. Бұқаралық ақпарат құралдарының лауазымды адамдары, осы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағында көрсетiлген материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқан пiкiрлерi үшін жауапты болмайды.

9. Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады. Сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.

Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады.

Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенiм бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешімнің күшiн жоюға әкеп соғады.

10. Қандай да бiр адамның бейнесiн - оның жазбаша келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерінің жазбаша келiсімінсiз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге тыйым салынады.

Ескерту. 27-бапқа өзгерiс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , бап жаңа редакцияда - 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен , 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық Заңымен.
28-бап. Сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығы
1. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңына, өзге де заң актiлерiне сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi. V074778

Осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы.

2. Осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.

Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткiзуiнiң тең жағдайына кепiлдiк беріледi.

3. Мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшiн бiрдей қаражат бөлiнуіне кепiлдiк бередi. Әрбiр кандидаттың телевизиядан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына қаражат берiледi.

Партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар теледидарда Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын, ол белгiлейтiн уақыт көлемiнде саяси пікiр-сайыстарға қатысуға құқылы.

Бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға шарттық негiзде эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бередi. Бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын беру туралы шарттың талаптары белгiлi бiр кандидатқа, саяси партияға артықшылық туғызбауға тиiс. Эфирден және баспасөзден орын беру төлемiнiң мөлшерi, шарттары мен тәртiбi туралы мәлiметтердi тиiстi телерадиохабарларын тарату ұйымы, мерзiмдiк баспа басылымының редакциясы сайлаудың тағайындалғаны туралы шешім ресми жарияланғаннан кейiнгі оныншы күннен кешiктiрмей хабарлауға және жариялауға тиiс, сондай-ақ Президент сайлауы кезiнде - Орталық және облыстық сайлау комиссияларына, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттары мен өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау кезiнде өзге де аумақтық, сондай-ақ oкругтік сайлау комиссияларына берiлуге тиiс.

Бұқаралық ақпарат құралы кандидаттардың, партиялық тізімін ұсынған саяси партиялардың бірiне эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге берген келiсімi басқа да кандидаттарға, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге келiсiм беруі болып табылады.

Кандидаттар мен партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуының кезектілігі жазбаша өтініштердің келiп түсу ретiмен не егер өтiнiштер бiр мезгiлде келіп түссе, жеребе бойынша белгiленедi.

Кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiне iле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады.

4. Жергілікті атқарушы органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай береді. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс.

Сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

5. Тиісті сайлау комиссиялары партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, листовкалар, ұрандар мен өзге де үгіттiк баспа материалдарын басып шығару үшiн бiрдей мөлшерде ақша бөледi. Барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс. Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.

6. Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады.

Кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы.

Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады.

Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттың фотосуретiмен және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мәліметтердің стандартты жиынтығымен, бiр нысанда кандидаттар туралы ақпарат орналастырылады.

Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мәліметтердің стандартты жиынтығынан тұратын бірыңғай форматтағы ақпарат орналастырылады.

7. Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына кандидаттар өз сайлау қорларының қаражаты есебiнен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге, қосымша үгіт материалдарын шығаруға байланысты шығындарды төлеуге, сондай-ақ көлiк және iссапар шығыстарының орнын толтыруға құқылы. Бұл мақсатқа кез келген басқа көздерден өзге ақша тартуға, сайлау науқаны барысында кандидаттар пайдаланатын, кандидаттардың сайлау қорлары қаражатынан ақысы төленбеген жеке және заңды тұлғалардың кез келген тауарын, жұмысы мен қызметiн қабылдауға, аталған жеке және заңды тұлғаларға осы қызметтердің көрсетiлгенi үшін кандидат тарапынан жәрдемнің кез келген түріне тыйым салынады.

Кандидатқа, саяси партияларға сайлау алдындағы үгітті жүргiзуге байланысты қызмет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда олардың осы қызметтердi қабылдауға жазбаша келiсiмi болуға тиiс. Жазбаша келiсiмi жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

8. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың мерзiмдi баспа басылымдары сайлау комиссияларының хабарламаларын, сайлауға қатысатын кандидаттар туралы деректердi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен және көлемде жариялауға мiндеттi.

9. Сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау caлу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні жариялауға жол берілмейдi.

Сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады.

Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен , өзгерту енгізілді - 2007.06.19. N 268 Конституциялық Заңымен, 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық Заңымен.
29-бап. Кандидаттың, саяси партияның сайлау алдындағы

бағдарламасы


Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына, жергiлiктi өзін-өзi басқару органының мүшелiгiне кандидат, партиялық тізімін ұсынған саяси партия өзінің болашақ қызметiнiң сайлау алдындағы бағдарламасын баяндайды. Сайлау алдындағы бағдарламада Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiру, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құру идеялары уағыздалмауға тиiс.

Аталған талаптар бұзылған жағдайда тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты тiркеуден, саяси партияның партиялық тiзiмін тiркеуден бас тартуға, ал кандидат немесе саяси партия мұндай сайлау алдындағы бағдарламаны тiркелгеннен кейiн ұсынған жағдайда кандидатты немесе партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға құқылы.

Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен .
30-бап. <*>
Ескерту. 30-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен .
31-бап. Сенiм бiлдiрген адамдар
1. Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiттi жүргізетін, кандидаттар, саяси партиялар мүдделерiн білдіретін сенiм бiлдiрiлген адамдары болуына құқылы.

2. Кандидаттар, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар сенiм бiлдiрiлген адамдарын өздерінің қалаулары бойынша тиісті сайлау округiндегi әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда анықтайды және оларды тiркеу үшiн тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды.

Сенат депутаттығына кандидаттың әрбiр ауданда, қалада, қаладағы ауданда бір-бірден сенім бiлдiрiлген адамдары болуына құқығы бар.

Кандидат, саяси партия сенiм бiлдiрiлген адамдар ретiнде ұсынған адамдар тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сенiм бiлдiрiлген адам болуға келiскенi туралы өз өтінішін табыс етедi.

3. Сайлау комиссиясы сенiм бiлдiрiлген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiк бередi.

4. Сенiм білдiрiлген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс, ол Сенат депутатын сайлау кезiнде мәслихат депутаты, қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi, саяси мемлекеттiк қызметшi лауазымындағы адам болмауға тиiс.

5. Сенім білдірілген адамдар Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушыларының құқықтарын иеленеді, міндеттеріне ие болады және кандидаттың, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның өздеріне жазбаша нысанда берген өкілеттігі шегінде әрекет етеді.

6. Сенім білдiрiлген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн, өз ұйғарымымен, кандидаттың және партиялық тізiмiн ұсынған саяси партияның шешiмiмен, сондай-ақ кандидатты, партиялық тiзімдi тіркеудiң күшi жойылған, осы Конституциялық заң бұзылған жағдайларда өз мәртебесiнен айырылады.

Ескерту. 31-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен , өзгеріс енгізілді - 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен , 2007.06.19. N 268 Конституциялық Заңымен.
32-бап. Сайлау алдындағы үгiттi тоқтату
1. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады.

2. Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.

Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен .
6-тарау. Сайлауды қаржыландыру
33-бап. Сайлауды мемлекеттiк қаржыландыру
1. Партиялық тiзiмдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісi депутаттарының сайлауын қоспағанда, Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутаттарының, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы республикалық бюджет қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың осы мақсаттарға арнап ашылған шоттары арқылы қаржыландырылады. Бұл шоттарға республикалық бюджеттен түсетін бюджет қаражатына иелік етуді аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Қаржыландыру тәртібi Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасында белгіленеді .

2. Республикалық бюджет қаражатынан:

1) сайлау комиссияларын ұйымдастыру мен оның қызметiне, үй-жайды жалға алуға, iссапар шығыстарына, консультанттарға, сарапшыларға, лингвистикалық комиссияның мүшелерiне, электронды сайлау жүйелерінің пайдаланылуын қамтамасыз ететін мамандарға еңбек ақы төлеуге;

2) осы Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөздерiне;

3) осы Конституциялық заңның 28-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес жүргiзiлетiн кандидаттардың сайлау алдындағы көпшiлiк шараларын өткiзуге, партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың үгiт материалдарын шығаруға;

4) партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мөлшерде көлiкке;

5) сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда орналастырылатын Президенттікке, Парламент Сенатының және мәслихаттардың депутаттығына, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидаттар туралы, сондай-ақ партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы ақпараттық плакаттарды дайындауға жұмсаған шығындары жабылады.

3. Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктер, шетелдiк мемлекеттiк органдар, шет елдердiң Заңды тұлғалары мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан Республикадағы сайлауды қаржыландыруға, олардың қандай да болмасын тiкелей немесе жанама түрде республикадағы сайлауды қаржыландыруға қатысуына тыйым салынады.

4. (алып тасталды - 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен)

Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен , 2007.06.19. N 268 Конституциялық Заңымен, 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық Заңымен .


34-бап. Сайлауды мемлекеттiк емес қаржыландыру
1. Президенттi және Парламент және мәслихаттар депутаттарын сайлауда кандидаттардың сайлау алдындағы үгiтiн осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен құрылатын сайлау қорлары қаражатынан қаржыландыруға болады.

2. Сайлау қорлары заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркеуге жатады.

3. Сайлау қорлары мынадай көздерден:

1) кандидаттардың жеке қаражатынан, саяси партиялардың қаражатынан;

2) кандидатқа оны ұсынған Республиканың қоғамдық бiрлестiгi бөлген қаражаттан;

3) Республика азаматтары мен ұйымдарының ерiктi қайырмалдықтарынан құралады. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қайырымдылық ұйымдарының, дiни бiрлестiктердiң, өздерiнiң жарғылық капиталында шетелдiк қатысушысы бар қазақстандық заңды тұлғалардың ерiктi қайырмалдықтарына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың анонимдiк қайырмалдықтарына тыйым салынады.

4. Сайлау қорларына заңды жолмен алынған қаражат қана берiледi. Қорға келiп түскен ақшаның жалпы сомасы және оның көздері туралы ақпаратты сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейiн он күн ішінде:

Қазақстан Республикасының Президентiн, Парламент Мәжілісінің депутаттарын партиялық тiзiм бойынша сайлау кезiнде - Орталық сайлау комиссиясы;

Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезiнде - облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) сайлау комиссиялары;

мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде - округтік сайлау комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

5. Аталған көздерден сайлау қорларына жолдануы мүмкiн ақшалай қаражаттың шектi мөлшерi осы Конституциялық заңның Ерекше бөлiмiнде белгiленедi. Белгiленген мөлшерден артық түскен ақша қаражаты сайлау қорына есептеуге жатқызылмайды және оларды қосқан азаматтар мен ұйымдарға қайтарылып берiледi. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгiзген азаматтар мен ұйымдар есебiнен жабылады. Дерегi жоқ қайырмалдықтар республикалық бюджет кiрiсiне енгiзiледi.

6. Сайлау қорын құрайтын ақша қаражаты кандидат, партиялық тiзiм тiркелгеннен кейiн тиiстi сайлау комиссиясы банк мекемелерiнде ашатын арнаулы уақытша шоттарға түсiрiледi. Аталған шот бойынша кiрiс есептелмейдi және төленбейдi. Осы Конституциялық заңда аталған мақсаттар үшiн сайлау қорының қаражатына иелiк ету құқығы тек қана кандидатқа және партиялық тiзiмдердi ұсынған саяси партияларға берiледi. Банктер тиiстi сайлау комиссиясына арнаулы уақытша шотқа келiп түскен қаражат және олардың жұмсалуы туралы апта сайын есеп бередi. Тиiстi сайлау комиссиясының сұратуы бойынша сол мәлiметтер жиырма төрт сағаттың ішiнде берiледi. Сайлау қорларының қаражатын жұмсау тәртiбiн және тиісті банк мекемесін Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi .

7. Кандидат өз кандидатурасын алып тастаған саяси партия партиялық тiзiмдi керi қайтарып алған немесе кандидатты, партиялық тiзiмдi ұсыну немесе кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшi жойылған жағдайда сайлау қорына түскен ақша қаражаты оны қосқан азаматтар мен ұйымдарға дереу қайтарылуға жатады. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгiзген азаматтар мен ұйымдар есебiнен жабылады.

8. Арнаулы уақытша шоттар бойынша барлық қаржылық операциялар, оның ішінде жеке және заңды тұлғалармен есеп айырысулар, міндеттi аударымдар, салықтар және бюджетке төленетін басқа да төлемдер сайлаудың алдындағы күнi сағат 18-де тоқтатылады.

Қайта дауыс беру өткізілген жағдайда кандидаттың сайлау қорына түсіруге рұқсат берілген ақшаның шекті сомасы бір жарым есе ұлғайтылады.

Қайтадан дауыс беру өткізілген кезде өздеріне қатысты қайтадан дауыс беру өткiзiлетiн кандидаттардың арнаулы уақытша шоттары бойынша қаржы операциялары қайтадан дауыс беру тағайындалған күнi қайта жаңғыртылады және сайлау күнінің алдындағы күнгi сағат он сегiзде тоқтатылады.

Сайлау қорына ол құрылған кезден бастап түскен ақшаның жалпы сомасы осы Конституциялық заңмен белгiленген шектен acпaуғa тиiс.

9. Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейiн бес күннен кешiктiрмей кандидат, саяси партия тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сайлау қорының қаражатын пайдаланғаны жөнiнде есеп беруге мiндеттi. Сайлау қорының сайлау науқаны мақсаттарына жұмсалмай қалған ақшалай қаражатының үштен екiсi республикалық бюджетке жiберiледi, ал үштен бiрi кандидатқа, саяси партияға қайтарылады.

10. Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның осы баптың 1-8-тармақтарында белгiленген ережелердi, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген сайлау қорлары қаражатын жұмсау тәртібін бұзуы - кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға, ал сайлау өткiзiлгеннен кейiн кандидаттың Президент, Парламент депутаты, мәслихат депутаты, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органының мүшесі ретiнде тiркелуiне дейін тиiстi аумақ немесе округ бойынша сайлауды жарамсыз деп тануға әкеп соғады.

Ескерту. 34-бапқа өзгерiс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен , 2007.06.19. N 268 Конституциялық Заңымен, 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық Заңымен .


35-бап. Сайлау шараларын сайлау комиссияларының

қаржыландыруы


1. Президенттi, Парламент, мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезiндегi сайлау iс-шараларын қаржыландыруды Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.

2. Сайлау комиссияларының төрағалары ақшалай қаражатқа иелiк етедi және қаржы құжаттарының сайлау комиссияларының қаржы мәселелерi жөнiндегi шешiмдерiне сай келуi үшiн жауап бередi.

Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен .
36-бап. Сайлау науқанын өткiзуге бөлiнген

қаражаттың жұмсалуын бақылау


1. Сайлау науқандарына республикалық бюджеттен бөлiнген қаражатты кандидаттардың жұмсауын бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Сайлау қорлары қаражатының жұмсалуын бақылауды тиiстi сайлау комиссиялары және банк мекемелерi жүзеге асырады.

3. Тиiстi сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша аталған бақылауды жүргiзуге өздерiнiң құзыретiне сәйкес мемлекеттiк органдардың мамандары тартылуы мүмкiн.

Ескерту. 36-бапқа өзгерiс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , 2004.04.14. N 545 Заңымен .


7-тарау. Дауыс беру тәртiбi
37-бап. Сайлау бюллетенi
1. Сайлау бюллетенiне мемлекеттiк тiлдiң әлiпбилiк тәртiбiмен тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып, барлық тiркелген кандидаттар енгiзiледi. Саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенiне жеребемен айқындалған тәртiппен саяси партиялардың атаулары енгiзiледi. Жеребе тартуды Орталық сайлау комиссиясы жүргiзедi. Жеребе тартуды өткiзудiң тәртiбiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.

2. Сайлау бюллетеньдерi мемлекеттiк тiлде және орыс тілiнде басылады.

Сайлау бюллетеньдерi сайлау округiндегi сайлаушылардың жалпы санының 1 процентi резервiмен сайлау округiндегi сайлаушылардың санына тең мөлшерде дайындалады.

3. Сайлау бюллетеньдерi учаскелiк сайлау комиссияларына сайлаудан кем дегенде бiр күн бұрын сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың жалпы санының 1 проценті резервімен жеткiзiледi.

4. (алып тасталды)

5. Сайлау бюллетеньдерi орналасқан үй мөрлеп бекiтiлiп, iшкi iстер органдарының күзетуiне тапсырылады.

Ескерту. 37-бапқа өзгерiс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2007.06.19. N 268 Конституциялық Заңымен.
38-бап. Дауыс беру уақыты мен орны
1. Президенттi, Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттар депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау жөнiндегi дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат жетiден жиырмаға дейiн өткiзiледi. Аумақтық немесе округтiк сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Бұл орайда дауыс берудi сағат алтыдан ерте бастап, сағат жиырма екiден кеш аяқтауға болмайды. Дауыс берудi бастау және аяқтау уақытын өзгерту туралы аумақтық немесе округтiк комиссиялардың шешiмi сайлаушылардың назарына жеткізілуге тиіс.

2. Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретiн уақыт пен орын туралы дауыс беру өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, ал мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын өткiзген кезде бес күннен кешiктiрмей сайлаушыларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ өзге де әдiстермен хабардар етуге тиiс.

3. Қазақстан Республикасының иелiгiндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, әскер бөлiмдерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда, алыстағы мал шаруашылығы учаскелерiнде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан құрылған сайлау учаскелерiнде, егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудi кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады. Мұндай учаскелердiң тiзбесiн тиiстi сайлау комиссиясы сайлауға дейiн жетi күннен кешiктiрмей, мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды өткiзгенде үш күннен кешiктiрмей бекiтедi.

4. Сенат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру бiр күннiң iшiнде өткiзiледi. Бұл ретте дауыс беру уақытын аумақтық сайлау комиссиясы анықтайды.

Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2007.06.19. N 268 Конституциялық Заңымен, 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық Заңымен .
39-бап. Дауыс беруге арналған үй-жай
1. Президенттi, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға дауыс беру арнайы бөлiнген бөлмелерде өткiзiлуге тиiс, оларда жасырын дауыс беруге арналған кабиналар жеткiлiктi мөлшерде жабдықталуға, сайлау бюллетеньдерiн беретiн орындар белгiленiп, дауыс беруге арналған жәшiктердiң қойылуы дауыс беретiн адамдар оларға жасырын дауыс беруге арналған кабиналар арқылы өтiп келетiндей болуға тиiс. Бұл ретте байқаушылар, сенiм бiлдiрілген адамдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерi мен сайлау комиссиясы мүшелерiнiң сайлау жәшiктерін, жасырын дауыс беруге арналған кабиналарға кірудi және шығуды бақылауына жағдай жасалуға тиiс.

2. Дауыс беруге арналған үй-жайдағы адамдар дауыс берудi өткiзу жөнiндегi комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi. Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы бiр мезгiлде дауыс беруге арналған үй-жайдағы сайлаушылардың санын реттейдi; тәртiпке жауапты болады және осы Конституциялық заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткiзуге кедергi келтiрген кез келген адамның ол жерден кетуiн талап етуге хақылы.

Дауыс беру күнi дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесiне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.

Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңдарын бұзған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясының мүшесi оның жұмысына қатысудан дереу шеттетiледi, ал байқаушы мен өзге адамдар сайлау комиссиясының жазбаша нысанда қабылданған дәлелдi шешiмi бойынша дауыс беруге арналған үй-жайдан шығарылады.

Осы шешiмнің орындалуын iшкi iстер органдары жүзеге асырады, олар сонымен қатар сайлау комиссиясының шеттетiлген мүшесiн, сондай-ақ шығарылған байқаушыны немесе өзге адамды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту жөнiнде шаралар қабылдайды.

3. Дауыс беруге арналған үй-жайларда тәртiптi қамтамасыз ету iшкi iстер органдарына жүктеледi. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi дауыс беруге арналған үй-жайда комиссия төрағасының шақыруымен ғана болуға тиiс және тәртiп қалпына келтiрiлгеннен кейiн не комиссия төрағасының өтініші бойынша ол жерден дереу шығуға мiндеттi.

Ескерту. 39-бапқа өзгерiс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық Заңымен.
40-бап. Дауыс берудi ашу
1. Президенттi, партиялық тізім бойынша сайланатын Мәжілістің депутаттарын, мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бiр сағат бұрын дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастауға тиiс.

2. Сенат депутаттарын және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бiр сағат бұрын дауыс беруге арналған пункттердi аша бастауға тиiс.

3. (алып тасталды - 2004.04.14. N 545 Заңымен )

4. Учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясының төрағасы:

1) дауыс беру басталардан отыз минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар екенiн немесе жоқ екенiн, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады;
2) комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2007.06.19. N 268 Конституциялық Заңымен.


41-бап. Дауыс берудi ұйымдастыру
1. Әрбiр сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс бередi.

2. Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

3. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушыларға (таңдаушыларға) сайлаушылар тiзiмдерi (таңдаушылар тiзiмдерi) негiзiнде сайлаушының (таңдаушының) жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуi бойынша берiледi.

4. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмге бюллетеньдердi алғандығы туралы қол қояды.

5. Комиссияның бюллетеньдi (бюллетеньдердi) берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi (бюллетеньдердi) алған сайлаушының (таңдаушының) тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысының бюллетеньдер бepуге құқығы жоқ.

6. Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау себебiне, сондай-ақ сайлау учаскелерi құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болуына байланысты дауыс беруге келе алмаған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясы олардың дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат он екiден кешiктiрілмей берiле алатын жазбаша өтініші бойынша осы сайлаушылардың тұрған жерiнде дауыс берудi ұйымдастыруға тиiс.

Осы тармақта көрсетілген өтініш келіп түскен жағдайда, сайлау комиссиясының төрағасы өтiнiш берген сайлаушының сайлаушылар тiзiмiндегi аты-жөнiнің тұсына тиiстi белгi қояды.

Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастырған кезде тасымалданатын жәшiктердi сайлау комиссиясының екі мүшесi алып жүредi.

Учаскелiк сайлау комиссиясының мүшелерi байқаушыларды, сенiм бiлдiрілген адамдарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiн сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруі туралы хабардар етуге мiндеттi.

Сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастыру үшiн шыққан кезде оларға байқаушылар не сенiм бiлдiрілген адамдар iлесiп жүруге құқылы.

Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастыру кезiнде сайлау комиссиясының мүшелерi, сайлау бюллетеньдерiнiң бүлiнуi мүмкiн екендiгi ескерiле отырып, олардың қажеттi мөлшерiмен қамтамасыз етiлуге тиiс.

Дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде дауыс берiлген жағдайда бюллетень (бюллетеньдер) сайлаушыларға дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiштерiнiң негiзiнде берiледi, олар бұл туралы өтiнiштерiне қол қояды.

Бюллетень (бюллетеньдер) берген комиссия мүшесi оған өз қолын қояды, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiшке де қол қояды.

6-1. Жалпы жұрттың танысуы үшін сайлаушылар тiзiмдерiн ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде сайлаушы өзінің болу орнын ауыстырған кезде учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушының өтініші бойынша және ол жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлаушыға дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін табыс етедi. Бұл ретте сайлаушылар тiзiміне тиiсті белгі қойылады. Дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретін күнi сайлаушыны оның келген орны бойынша сайлау учаскесiндегi сайлаушылар тiзiміне енгізедi.

Есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.

Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беретін күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде тоқтатылады.

7. (алып тасталды)

8. (алып тасталды)

9. Дауыс берудi осы баптың 6-тармағына сәйкес ұйымдастырып, өткiзу азаматтардың сайлау құқықтарын бұзу, дауыс беру құпиясын бұзу немесе сайлаушының ерiк бiлдiруiн бұрмалау мүмкiндiгiн болдырмауға тиiс.

Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен , 2007.06.19. N 268 Конституциялық Заңымен.
42-бап. Дауыс берудi өткiзу
1. Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдердi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы (таңдаушы) өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы, оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының (таңдаушының) бюллетень алғандығы жөнiнде қолы қойылады. Мыналар ондай адам болуға тиiс емес:

1) сайлау комиссиясының мүшесi;

2) жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамы;

3) кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы;

4) бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлi-журналист;

5) тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген байқаушы.

2. Сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс беретiн кандидат тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады.

Сайлаушы саяси партиялардың атаулары бар бюллетеньде өзі жақтап дауыс беретін саяси партия атауының оң жағындағы бос шаршыға

кез келген белгi қояды.

3. Сайлаушы мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органының мүшелерін сайлаған кезде өзi дауыс беретiн кандидаттар тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады.

3-1. Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

4. Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы (таңдаушы) дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

5. (алып тасталды)

Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.11.06. N 285 Заңымен , 1999.05.06. N 375 Заңымен , 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2007.06.19. N 268 Конституциялық Заңымен.


8-тарау. Дауыс беру қорытындыларын анықтау
43-бап. Сайлау учаскесiндегi (дауыс беру пунктiндегi)

дауыстарды санау


1. Президенттi, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттары мен мәслихаттар депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау кезiнде барлық сайлау учаскелерiнде дауыстарды санау, егер сол учаскеде осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмеген болса, жергiлiктi уақытпен сағат жиырмада басталады. Дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталады.

Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейiн үзіліссiз жүргiзедi, қорытындылар осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысатын адамдардың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауға тиiс.

Дауыс беруге арналған үй-жайдағы дауыстарды санау жүргiзiлетiн столдар учаскелiк сайлау комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекетiн үй-жайдағы қатысушы барлық адамдардың көрiп отыруы қамтамасыз етiлетіндей етiп орналастырылады. Дауыстарды санау кезiнде қатысатын сенiм бiлдiрiлген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдердегi белгілердiң көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлетiндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады.

Сайлау бюллетеньдерiн санау кезiнде комиссия төрағасы немесе комиссияның белгiлi бiр мүшесi қатысушыларға сайлау бюллетенiн көрсетедi және сайлаушының ерiк бiлдiруiн жариялайды.

Бұл ретте бюллетеньдер әрбiр кандидат, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партия бойынша және жарамсыз бюллетеньдер бойынша жеке-жеке қатталып жиналады.

2. Парламент Сенаты депутаттарын және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау кезiнде дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн кiдiрiссiз басталады.

3. Дауыстарды санау әрбiр кандидат, әрбiр саяси партия бойынша жеке-жеке жүргiзiледi. Дауыс беруге арналған жәшiктердi төраға дауыс берудiң аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейiн тиiстi сайлау комиссиясы ашуға тиiс. Дауыс беру аяқталғанға дейiн жәшiктердi ашуға тыйым салынады.

3-1. Дауыс беру аяқталған соң бюллетеньдер салынған жәшіктердi ашқанға дейiн учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша бюллетеньдер алған сайлаушылардың есебiн жүргiзедi және олардың жалпы санын анықтайды. Учаскелiк сайлау комиссиясының төрағасы не оның орнындағы комиссия мүшесi санау нәтижелерiн жария етедi және оларды дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаға енгiзедi.

Бiрiншi болып тасымалданатын сайлау жәшiктерi кезегiмен ашылады. Тасымалданатын сайлау жәшiгіндегі бюллетеньдердің саны дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру мүмкiндiгiн жасау туралы жазбаша өтiніштердiң санына сәйкес келуге тиіс. Егер тасымалданатын сайлау жәшiгiнде белгiленген үлгідегі сайлау бюллетеньдерiнің саны жазбаша өтініштердің тиісті санынан артық болып шықса, онда бұл жәшіктегі барлық сайлау бюллетеньдерi жарамсыз деп танылады. Бұл жағдайда тасымалданатын сайлау жәшігінен алынған барлық сайлау бюллетеньдерiнiң жарамсыз деп танылғаны туралы акт жасалады, онда сонымен бiрге осы тасымалданатын жәшiктiң көмегiмен дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi өткiзген комиссия мүшелерiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiледi. Дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшiктер ашылғаннан кейiн тұрақты жәшiктер ашылады.

4. Жәшiктердi ашардың алдында пайдаланылмаған барлық бюллетеньдердi тиiстi сайлау комиссиясы санайды және жояды. Сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша:

1) учаскедегi (дауыс беру пунктiндегi) сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;

2) бюллетеньдер алған сайлаушылар (таңдаушылар) санын;

3) комиссияның әрбiр мүшесi берген бюллетеньдер санын анықтайды.

4-1. Жәшiктердi ашқаннан кейiн сайлау комиссиясы бюллетеньдердiң саны бойынша:

1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;

2) әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн берілген дауыстар санын;

3) жарамсыз ден танылған бюллетеньдер санын;

4) учаскелiк сайлау комиссиясы алған бюллетеньдер санын;

5) жойылған бюллетеньдер санын анықтайды.

Дауыс беруге арналған жәшiктерден алынған бюллетеньдердiң саны сайлаушылар тiзiмдерiнің және дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiштердiң негiзiнде берiлген бюллетеньдер санынан асып кеткен жағдайда, сайлау комиссиясының әрбiр мүшесi берген бюллетеньдер саны анықталады.

5. Мынадай бюллетеньдер:

1) белгiленбеген үлгiдегi;

2) тиiстi сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;

3) мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезiнде дауыс берудi қоспағанда, бiр кандидаттан артық, бiр саяси партиядан артық белгiленген;

4) белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, сондай-ақ сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.

Дауыстарды тiкелей санау кезiнде жарамсыз сайлау бюллетеньдерi дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) бюллетеньдерi қатарынан алып тасталады.

6. (алып тасталды)

7. Келiспеушiлiк пайда болған жағдайда мәселенi учаскелiк комиссия дауыс беру жолымен шешедi. Бұл ретте шешiм комиссия мүшелерiнiң жалпы санының жартысынан астамы даусымен қабылданады.

7-1. Учаскелiк сайлау комиссиясы (Сенат депутаттарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы кезiнде аймақтық сайлау комиссиясы) сенiм бiлдiрілген адамның талабы бойынша дауыстарды қайта санауды осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген мерзiмде бiр рет қана жүргiзедi.

8. Дауыстарды санау нәтижелерiн учаскелiк сайлау комиссиясы қарап, хаттамаларға түсiредi, оларға сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Сайлау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаларға учаскелiк сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.

Дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаларды қарындашпен және әр түстi сиялармен толтыруға, сондай-ақ оларға қандай да бiр түзетулер енгiзуге жол берiлмейдi. Бұл ретте дауыс беру нәтижелерiнiң сандық мәнi сөзбен жазылып қайталануы тиiс.

Хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнiң үй-жайындағы арнайы белгiленген орынға дереу iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы тұрады.

Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшiрмесi беріледi.

8-1. Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi округтiк сайлау комиссиясының отырысында анықталады, ол отырыс орны мен уақыты туралы мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жариялана отырып, округтік сайлау комиссиясы дауыс берiлетiн күннен кемiнде он күн бұрын айқындаған сайлау учаскелерiнiң бiрiнде өткiзiледi. Нәтижелер осы учаскеге жеткiзiлетiн учаскелiк сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде анықталады.

Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi туралы хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнің үй-жайында ілінедi және үй-жайда үш күн бойы тұрады.

Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезінде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшірмесі беріледі.

8-2. Округтік сайлау комиссиясы дауыс беру күнінен бастап бес күннен кешіктірмей сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санаудың нәтижелері туралы алдын ала жиынтық тiзiмдеме жасайды және оны жалпы жұрттың танысуы үшiн өз отырысы өткен сайлау учаскесiнiң үй-жайында iледi.

Ресми жиынтық тiзiмдеме учаскелiк сайлау комиссияларының дауыстарды санаудың нәтижелерi туралы алынған хаттамаларының негiзiнде жасалады, оған округтiк сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қояды және ол жалпы жұрттың танысуы үшiн iлiнедi.

9. Тиiстi жоғары тұрған сайлау комиссиясы учаскелiк сайлау комиссияларының (Сенат депутаттарын, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаған кезде аумақтық сайлау комиссияларының) хаттамаларында қателердi, сәйкессiздiктердi анықтаған болса, сондай-ақ дауысты есептеудiң дұрыстығына күмәнданатын болса, ол комиссия тиiстi учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясы сайлаушыларының дауысын қайта санау туралы шешiм қабылдауға хақылы. Сайлаушылардың дауысын қайта санау жоғары тұрған сайлау комиссиясы мүшесiнiң және дауыстардың дұрыс саналмағандығы фактілерiн табыс еткен өтiнiш берушілердің қатысуымен жүргiзiледi.

Сайлау комиссиясы шешімінің негiзiнде жүзеге асырылатын дауыстарды қайта санау сайлау қорытындылары ресми жарияланғанға дейiн жүргізілуге тиiс.

Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен , 2007.06.19. N 268 Конституциялық Заңымен.
44-бап. Сайлау қорытындыларын анықтау және жариялау
1. Президенттi, Парламент депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.

2. Мәслихат депутаттарын, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау қорытындыларын аумақтық сайлау комиссиялары анықтайды.

3. Сайлау қорытындылары хаттамаға түсiрiлiп, оған сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Комиссияның төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаға комиссия төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.

4. Сайлау қорытындылары туралы хабарды:

1) Президентті, Парламент депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабарды Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

2) мәслихаттар депутаттарын, сайлау қорытындылары туралы хабарды тиiстi аумақтық және округтік сайлау комиссиялары сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күннен кешiктiрмей жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

3) мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлаудың қорытындысы туралы хабарды тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен кейiн төрт күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

5. Орталық (аумақтық) сайлау комиссиясының хабарламасында: сайлау датасы, сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне енгiзілген және дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы саны; сайлау округтерiнiң жалпы саны; дауысқа түскен кандидаттардың жалпы саны; дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берген сайлаушылардың саны; сайлауға қатысқан саяси партиялардың саны; қайта дауыс беру өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктер саны саны; тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк бойынша Президенттiкке, Парламент Сенаты депутаттығына әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн берiлген дауыстар саны; Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар үшін берілген дауыстар саны; сайланған Президент, Парламент Сенатының, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттары; мәслихаттардың депутаттары, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері, олардың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, атқаратын лауазымы (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы, қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтер көрсетiледi.

Тиiстi округтiк сайлау комиссиясының хабарламасында: сайлаушылар тiзiмдерiне енгiзiлген және дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы саны; әрбiр кандидат үшiн берiлген дауыс саны; сайлау учаскелерi бойынша жарамсыз деп танылған бюллетеньдердiң саны; мәслихаттар депутаттығына сайланған адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, атқаратын қызметi (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы, қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтер көрсетiледi.

Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер - сайлау округтерi бойынша, ал округтiк сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер сайлау учаскелерi бойынша ұсынылады. Тиiстi сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындылары туралы тiзiмдеме нысанындағы хабарламаны дауыстарды санау аяқталғаннан және тиiстi хаттама жасалғаннан кейiн қырық сегiз сағаттан кешiктiрмей жариялайды.

6. алып тасталды

Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен , 2006.12.22. N 208 Заңымен, 2007.06.19. N 268 Конституциялық Заңымен.


45-бап. Президенттi, Парламент, мәслихаттар

депутаттарын және өзге де жергілікті

өзін-өзі басқару органдары мүшелерін тiркеу
Тиiстi сайлау комиссиялары осы Конституциялық заң белгiлеген тәртiппен жетi күн мерзiм iшiнде олардан Конституцияға және Республика заңдарына сәйкес Президенттiң , Парламент , мәслихат депутатының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшесiнiң мәртебесiмен сыйыспайтын өз мiндеттерiн доғару туралы жазбаша өтiнiштерiн алғаннан кейiн сайланған Президенттi, Парламент, мәслихат депутаттары, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін тiркейдi.

Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен .


46-бап. Президенттiң, Парламент, мәслихаттар

депутатының және жергiлiктi өзi-өзi басқару

органдары мүшелерiнiң куәлiгi мен омырауға

тағатын белгiсi


1. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде Президентке тиiстi куәлiгi мен Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi тапсырады.

2. Орталық сайлау комиссиясы Республика Парламентi депутаттарын сайлау қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейiн әрбiр депутатқа куәлiгi мен белгiленген үлгiдегi омырауға тағатын белгiсiн тапсырады.

3. Бұқаралық ақпарат құралдарында тiзiмдер жарияланғаннан кейiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы:

1) мәслихаттар депутаттарына - олардың әрқайсысына мәслихат депутаттарының куәлiгiн және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi бередi;

2) өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелеріне - олардың әрқайсысына өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшесінің Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi куәлiгiн бередi.
9-тарау. Сайлау бостандығының кепiлдiктерi
47-бап. Кандидаттар қызметiнiң сайлау науқаны

барысындағы кепiлдiктерi


1. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар тiркелген күнiнен бастап сайлау қорытындысы жарияланғанға дейiн жұмыстан, әскери қызметтен және әскери жиындардан босатылуға құқылы. Кандидаттардың сайлауға қатысқан уақыты тiркелген күнге дейiн оның жұмыс iстеген мамандығы бойынша еңбек стажына есептеледi.

2. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн өздерiнiң келiсiмiнсiз жұмысынан босатуға, басқа жұмысқа немесе лауазымға ауыстыруға, сондай-ақ iссапарларға жiберуге не әскери жиындарға шақыруға болмайды.

3. Президенттiкке, Парламент депутаттығына кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн, сондай-ақ оларды Президент, Парламент депутаты ретiнде тiркегенге дейiн Орталық сайлау комиссиясының келiсiмiнсiз тұтқынға алуға, ерiксiз әкелуге, оларға сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға, сондай-ақ тiкелей қылмыс үстiнде ұсталғаннан және ауыр қылмыс жасағаннан басқа реттерде ұстауға болмайды.

Ескерту. 47-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , өзгеріс енгізілді - 2004.04.14. N 545 Заңымен .


48-бап. Мемлекеттiк органдардың сайлау бостандығын

қамтамасыз ету жөнiндегi қызметi

1. Соттар, прокуратура мен iшкi iстер органдары үшiн, сондай-ақ тұрғын үй қорын пайдалану жөнiндегi ұйымдар үшiн дауыс беру күнi мен соның қарсаңындағы күн жұмыс күнi болып табылады.

2. Iшкi iстер органдары мен тұрғын үй қорын пайдалану жөнiндегi ұйымдар сайлау комиссиялары қажет ететiн, тиiсiнше, мынадай:

1) дауыс берудi өткiзу кезiнде қоғамдық тәртiп пен сайлау бостандығын қамтамасыз ету;

2) сайлаушылар тiзiмдерiн нақтылау;

3) сайлау комиссияларының қызметiнде туындаған басқа да мәселелер жөнiнде көмек көрсетуге мiндеттi.

3. Егер сайлау комиссиясы өзiнiң атына берiлген өтiнiштi тексеру кезiнде өтiнiште көрсетiлген мән-жайларды құқық қорғау органдарының тексеруi қажет деп тапса, онда тиiстi органдар сайлау комиссиясының өтiнiшi бойынша мән-жайларды тексередi және өтiнiштi алған күннен бастап - үш күндiк мерзiмде, ал егер өтiнiш дауыс берілетiн күн алдындағы бес күнге жетпейтін уақыт ішінде не дауыс берілетін күні алынған жағдайда дереу өтiнiш бойынша шешiм шығарады.

Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық Заңымен.
49-бап. Сайлау науқаны барысындағы шешiмдер мен

iс-әрекеттерге шағым беру және олардың

күшiн жою

Соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткiзуге қатысты, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың бұзылуы жөнiндегi сайлауды әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қарап, оларды бес күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы бес күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi.

Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының сайлау туралы заңдарды бұзатын шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне сотқа шағым жасалады.

Соттар, прокуратура органдары мен сайлау комиссиялары өз жұмысын сайлау процесi кезiнде, оның iшiнде демалыс күндерi және сайлау өтетiн күнi, шағымдарды қабылдау мен қарауды осы Конституциялық заңда белгiленген мерзiмде қамтамасыз ететіндей етiп ұйымдастырады.

Азаматтар мен ұйымдардың сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы өтініштерiн, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, сайлау комиссиялары шағым түскен күннен бастап бес күннiң ішінде қарайды.

Сайлау комиссиясының және оның мүшелерiнiң шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздiгіне) жасалған шағымды, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, жоғары тұрған комиссия шағым түскен күннен бастап үш күннiң ішінде қарайды. ( V990836 )

Ескерту. 49-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , 2004.04.14. N 545 Заңымен , 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен .
50-бап. Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңдарын

бұзғаны үшін жауаптылық

1. Тұлға:

1) сайлау комиссиясының жұмысына араласқан;

2) дауыс беруге кедергi келтiрген;

3) кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;

4) дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;

5) кандидатты, саяси партияны сайлау мақсатында өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланған;

6) сайлау құжаттарын қолдан жасаған;

7) дауыстарды көрiнеу қате санаған;

8) сайлау нәтижелерiн көрiнеу қате айқындаған;

9) дауыс беру құпиясын бұзған;

10) Республика азаматының өз сайлау құқығын еркiн жүзеге асыруына зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту, сатып алу жолымен кедергi келтiрген жағдайда заңмен белгiленген қылмыстық жауаптылықта болады.

2. Тұлға:

1) осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес мәлiметтердi бермеген немесе жарияламаған;

2) сайлау комиссиясының өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмiн орындамаған;

3) сайлау алдындағы үгiттi кандидатты, саяси партия ұсынған партиялық тiзiмдi тiркегенге дейiн, сайлау күнi не соның алдындағы күнi жүргiзген;

4) сайлау алдындағы үгіт жүргiзу құқығына кедергi келтiрген;

5) кандидаттар, саяси партиялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер таратқан немесе олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн өзге де iс-әрекеттер жасаған;

6) сайлау комиссиясы мүшелерiнiң құқықтарын бұзған;

7) азаматтардың сайлаушылар тiзiмiмен танысу құқығын бұзған;

8) сайлаушылар тiзiмдерiн жасау үшiн сайлаушылар туралы жалған мәлiметтер берген;

9) басқа адамдар үшiн дауыс беру мақсатымен азаматтарға сайлау бюллетеньдерін берген;

10) сайлауға қатысу үшін демалыс бермеген;

11) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгіт жүргiзу талаптарын бұзған;

12) анонимдi үгiт материалдарын дайындаған немесе таратқан;

13) үгiт материалдарын қасақана жойған немесе зақымдаған;

14) кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға олардың сайлау қорларынан тыс қаржылық (материалдық) қолдау көрсеткен;

15) кандидатты сайлау үшiн шет мемлекеттерден, ұйымдардан, азаматтардан, азаматтығы жоқ адамдардан қайырмалдық алған;

16) сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сұрау салу жүргiзудің талаптарын бұзған;

17) сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенiм бiлдiрiлген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен байқаушылардың заңды қызметiне кедергi келтiрген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген әкiмшілiк және өзге де жауаптылықта болады.

3. Осы Конституциялық заңның бұзылуы анықталған кезде сайлау комиссиясы сотқа не прокуратураға жүгiнуге құқылы.

4. Кандидат, саяси партия осы Конституциялық заңның талаптарын бұзған кезде, кандидатты тiркеуден бас тарту немесе тiркеудiң күшiн жою үшiн негiз болып табылатын талаптарды қоспағанда, оларға ескертiледi, ал қайта бұзған кезде тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

Ескерту. 50-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 375 Заңымен , бап жаңа редакцияда - 2004.04.14. N 545 Заңымен .


9-1-тарау. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып сайлау

өткiзудiң ерекшелiктерi


Ескерту. 9-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен .
50-1-бап. Электрондық сайлау жүйесi

1. Сайлау өткiзу кезiнде сайлаушылардың тiзiмiн жасау, дауыс беру, дауыс берудiң қорытындыларын белгiлеу мен сайлау нәтижесiн анықтау үшiн сайлау округi аумағында электрондық сайлау жүйесi пайдаланылуы мүмкiн.

Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып сайлау өткiзген кезде осы Конституциялық заңның нормалары электрондық сайлау жүйесiн пайдаланудың ерекшелiктерi ескеріле отырып қолданылады.

2. Электрондық сайлау жүйесi - сайлауға әзiрлену мен оны өткiзу кезiнде ақпараттық процестердi автоматтандыруға арналған ақпараттық технологиялардың, ақпараттық желiлердiң және оларды бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету құралдарының жиынтығы.

Электрондық сайлау жүйесiнде пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық құралдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сертификатталуға тиiс.

3. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып сайлау өткiзген кезде сенiм бiлдiрiлген адамдар, байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерi осы Конституциялық заңда көзделген құқықтар мен мiндеттерге толық көлемде ие болады.

4. Электрондық сайлау жүйесi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен құрылған мемлекеттiк комиссия оны қабылдағаннан кейiн пайдаланылады.

Электрондық сайлау жүйесi пайдаланылатын сайлау округтерi мен сайлау учаскелерiн Орталық сайлау комиссиясы олардың электрондық дауыс беруге дайын болуына қарай анықтайды.

5. Электрондық сайлау жүйесiнiң жабдықтары учаскелiк сайлау комиссиясы мүшелерiнiң қатысуымен дауыс беруге кемінде үш күн қалғанда ашылып, орнатылады, ол туралы акт жасалады.

Жабдықтарды ашу және орнату кезiнде сенiм бiлдiрiлген адамдар, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысуға құқылы.

Электрондық сайлау жүйесiнiң жабдықтары орнатылған кезден бастап сайлау учаскесiн күзетудi iшкi iстер органдарының қызметкерлерi қамтамасыз етедi.

6. Жергiлiктi атқарушы органдар дауыс берiлетiн күнi сайлау учаскесi ашылған кезден бастап дауыс беру нәтижелерi Орталық сайлау комиссиясына берiлгенге дейiн электрондық дауыс беру өткiзiлетiн учаскелерге электр энергиясының үздiксiз берiлуiн қамтамасыз етедi.

7. Электрондық сайлау жүйесiн пайдалану тәртiбінiң осы Конституциялық заңмен регламенттелмеген бөлiгiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi .

Ескерту. 50-1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.04.15. N 44 Конституциялық Заңымен .


50-2-бап. Электрондық сайлау жүйесіне қойылатын талаптар

1. Электрондық сайлау жүйесi Конституция және осы Конституциялық заң талаптарының сақталуын, оған енгізілетiн және одан шығатын ақпараттардың дұрыстығын, толықтығын және уақтылығын қамтамасыз етуге тиiс.

2. Электрондық сайлау жүйесi ақпараттарға рұқсат етiлмеген жолмен қол жеткiзудi, ақпараттарды жинаушы, өңдеушi, жинақтаушы, сақтаушы, iздестiрушi және берушi бағдарламалық-техникалық құралдардың жұмыс ырғағын бұзуды, аталған құралдардың iстен шығуын болдырмайтын тиiстi қауiпсiздiк шараларымен қамтамасыз етiлуге тиiс.

3. Сайлауда электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде мыналарға:

Орталық сайлау комиссиясы белгілегеннен басқа электрондық жүйелердi пайдалануға;

оны ортақ қолжетiмдi телекоммуникациялық желiлерге және электрондық сайлау жүйесінде қолданылмайтын өзге де ақпараттық жүйелер мен байланыс желiлеріне қосуға;

электрондық дауыс берудi өткiзуге, дауыстарды санауға, сайлау нәтижелерi туралы ақпараттарды беруге заңсыз араласып, бақылау жасауға жол берiлмейдi.

4. Электрондық сайлау жүйесi кез келген енгізілген ақпаратты оның енгізілуiне қарай iс-әрекеттi cипаттап және енгiзудiң дәл уақытын көрсете отырып, автоматты түрде сақтауға мүмкiндiк беретiн бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету құралдарын (дауыс беру туралы деректердi жазу құрылғысын) қамтуға тиiс.


50-3-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс

беруге арналған үй-жай

1. Электрондық сайлау жүйесін пайдаланып дауыс беруге арналған үй-жай, дауыс беруге арналған кабинада дауыс берудi қоспағанда, қатысып отырған адамдарға электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беру кезiндегi iс-әрекеттің көрінуі қамтамасыз етілетіндей болып жабдықталады.

2. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беруге арналған үй-жайда электрондық сайлау жүйесiне қызмет көрсетуге Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртіппен рұқсат алған маман бола алады.


50-4-бап. Электрондық сайлау бюллетенi

1. Электрондық сайлау жүйесін пайдаланып сайлау өткiзген кезде дауыс беру электрондық сайлау жүйесi құралдарымен жасалатын электрондық бюллетеньмен жүргiзiледi.

2. Электрондық сайлау бюллетенiнiң мәтiнi мемлекеттік тiлде және орыс тілінде жазылады және осы Конституциялық заңның 37-бабының 1-тармағында белгiленген талаптарға сай келуге тиiс.
50-5-бап. Электрондық дауыс берудi ұйымдастыру

1. Сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан отыз минут бұрын комиссия мүшелерінің қатысуымен:

электрондық сайлау жүйесінің дұрыс жұмыс iстеп тұрғандығын тексередi;

комиссияның сайлаушыларды есепке алуға және электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны беруге жауапты мүшелерiн анықтайды.

Электрондық сайлау жүйесiнiң жұмысын тексерген кезде дауыс беруге арналған үй-жайда сенiм бiлдiрiлген адамдар, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерi болуға құқылы.

Осы тарауда көзделген жағдайларды қоспағанда, электрондық сайлау жүйесiне қатысты ic-әрекеттi кiмнiң болса да жүзеге асыруына тыйым салынады.

2. Дауыс беру басталғанға дейін сайлау комиссиясының төрағасы электрондық сайлау жүйесін қосудың мөр басылып жабылған паролiн ашады және электрондық сайлау жүйесiн оны енгізу жолымен iске қосады. Бұл ретте қатысушыларға парольдің сақталу шараларының бүтiндiгiне алдын ала көз жеткiзу мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуi тиiс.

Электрондық сайлау жүйесін қосу Орталық сайлау комиссиясы белгілеген уақытта жүргізіледі.

3. Сайлаушы электрондық дауыс беруге сайлаушылардың тiзiмдерi негiзiнде сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуi бойынша жiберiледi.

4. Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берген кезде осы Конституциялық заңға сәйкес сайлаушылар дауыс беруге арналған тасымалданатын құрылғының көмегімен дауыс бередi, ол дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс дауыс берген барлық сайлаушылардың дауыстары туралы деректердiң сақталу мүмкiндiгiмен қамтамасыз етілуге тиiс.

Осы Конституциялық заңның 41-бабының 6-тармағына сәйкес берген өтiнiштерi негiзiнде сайлаушылар тiзiмiнен олар туралы деректер электрондық дауыс беруге арналған тасымалданатын құрылғыға алдын ала енгізiлiп қойылады.

5. Сайлаушы электрондық дауыс берудi жасырын дауыс беруге арналған кабинада жүзеге асырады, онда осы Конституциялық заңның 42-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, дауыс беретiн адамнан басқа адамның қатысуына тыйым салынады.

Сайлаушы электрондық дауыс беру бюллетенінен электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны басқару элементтерiн пайдалану жолымен өзi дауыс бергiсi келетiн кандидаттың аты-жөнiн табады және соған дауыс бергенiн растайды.

Сайлаушы саяси партия үшiн дауыс берген кезде электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны басқару элементтерiн пайдалану жолымен өзi дауыс бергiсi келетiн саяси партияның атауын табады және соған дауыс бергенiн растайды.

Дауыс беруге арналған кабинада дауыс берген сайлаушы электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны сайлау комиссиясының мүшесіне бередi.

6. Электрондық дауыс беруге және дауыстарды санауға кедергi келтiретін техникалық ақаулар туындаған жағдайда сайлау комиссиясы бағдарламаны қайта қосу туралы шешiм қабылдауға құқылы, ол хаттамамен ресiмделедi және оған сайлау комиссиясының мүшелерi қол қояды.

Бұл шешiмнiң орындалуы электрондық сайлау жүйесiн пайдалануды қамтамасыз ететiн маманға жүктеледi.

7. Егер жабдықтың техникалық жай-күйi сайлауды тиiстi дәрежеде өткiзуге мүмкiндiк бермесе, онда тиiстi сайлау учаскесiнде дауыс беру Орталық немесе тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының шешiмiмен ақауларды жоюға және дауыс берудi ұйымдастыруға қажеттi мерзiмге кейiнге қалдырылады.

Тиiстi сайлау учаскесiнде ақаулар туындағанға дейiн дауыс берген сайлаушылар кейінгі дауыс беруге жалпы негiзде қатысады.

Ескерту. 50-5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық Заңымен.


50-6-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған

кезде дауыстарды санау

1. Электрондық дауыс берудi пайдаланған кезде дауыстарды санау электрондық сайлау жүйесiмен жүргізiледi.

Дауыстарды санау осы Конституциялық заңмен белгіленген уақытта басталады, бiрақ осы учаскедегі дауыс беруге арналған барлық құрылғылардағы деректер электрондық сайлау жүйесiне енгізілмей тұрып басталмауы керек.

Дауыстарды санау туралы мәлiметтер дауыс беру туралы деректер құрылғысында тiркелуге тиiс.

2. Сайлау учаскесiндегі электрондық дауыс беру нәтижелерi туралы ақпарат электрондық жүйемен электрондық хаттамаға енгізiлiп, ол комиссия мүшелерiнiң электрондық цифрлық қолтаңбаларымен расталады.

Сайлау комиссиясының мүшелерi қол қойған электрондық хаттаманың қағаздағы көшiрмесi сайлау учаскесiнің үй-жайында жалпыжұрттың танысуы үшiн арнайы белгіленген орынға iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы тұрады.

3. Осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегі бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, тиiстi сайлау комиссиясының мөрiмен расталған, электрондық дауыс беру нәтижелерi туралы электрондық хаттаманың қағазға түсiрiлген көшiрмесi беріледi.


50-7-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған

кезде сайлау қорытындыларын белгiлеу

1. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде сайлау округтері бойынша сайлау қорытындыларын электрондық хаттамалар негiзiнде Орталық сайлау комиссиясы белгілейдi және олар тиiстi сайлау комиссияларына хабарланады.

Электрондық сайлау жүйесі арнайы бөлiнген коммуникациялық желiлерге осы тармаққа сәйкес ақпарат беру үшін қажеттi мерзімге ғана қосылады.

2. Егер дауыс беру осы Конституциялық заңның 50-5-бабының 7-тармағымен көзделген тәртiппен кейiнге қалдырылған жағдайда, тиiсті сайлау округы бойынша сайлау қорытындылары тиiстi сайлау округының барлық учаскелерiнде дауыс беру өткiзiлгеннен кейiн белгiленедi.
50-8-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып

дауыс беру нәтижелерiне шағымдану

1. Жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беру нәтижелерiне шағымдану кезінде дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғы дәлелдеме ретiнде қаралады.

2. Дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғылар осы баптың мақсаттары үшін тиiсті облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) аумақтық сайлау комиссиясында сақталады.


50-9-бап. Дауыс беру туралы деректердi жазуға

арналған құрылғыларды сақтау

Дауыстар саналғаннан кейiн дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғы пакетке салынып, сайлау комиссиясының мөрiмен бекiтiледi және тиiстi облыстық (pecпубликалық маңызы бар қала, астана) сайлау комиссиясына берiледi.

Дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғылар сайлау аяқталған күннен бастап бір жыл бойына сақталады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет