Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысының табыс деңгейі жоғары елдердің қатарына кіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес орта мерзімді кезеңдегі негізгі экономикалық саясаттың негізгі мақсаты - теңгерімді экономикалық өсуді жыл сайын 7%-тен кем емес деңгейде қамтамасыз ету.
Тұрақты және теңгерімді өсуді ұстап тұру шикізаттық емес секторды ішкі және сыртқы сұраныстарға бағдарлау арқылы дамытумен қамтамасыз етілетін болады.
Орта мерзімді перспективада мемлекеттің экономикалық саясатының шешуші бағыттары тұрақты экономикалық өсу, гүлдену және қазақстандықтардың әлеуметтік салауаттылығына қол жеткізу үшін индустрияландыру инфрақұрылымын дамыту және адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы әртараптандыруды жеделдету болып табылады.
Әртараптандыру шеңберінде дамудың экстенсивтік, шикізаттық жолынан индустриялық-инновациялық дамуға өту жүзеге асырылатын болады. Инфрақұрылымдық саясат шеңберінде жүргізілетін энергетика, көлік және телекоммуникация салаларын жаңғырту экономиканы үдемелі әртараптандыру және шетел инвестицияларын елімізге тартуға ықпал етеді.
Қойылған басымдықтарды негіз ретінде іске асыру ақша-кредит, фискалдық, инвестициялық және салалық саясаттардың құралдарын теңгерімді пайдалануды қамтитын ұтымды макроэкономикалық саясат шараларын біртіндеп өткізуді болжайды.
4.1. Макроэкономикалық тұрақтылықты камтамасыз ету Ақша-кредит саясаты
Ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты бағалар тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы мақсатқа қол жеткізу жөніндегі шаралары экономикалық өрлеуді, депозит нарығы әлеуетінің дамуын, сондай-ақ банк секторының кредиттік белсенділігін қалпына келтіруді қолдауға ықпалын тигізеді.
Сондай-ақ Ұлттық Банк отандық қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін, сондай-ақ теңгенің тұрақты айырбастау бағамын және елдің төлем теңгерімінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдайтын болады.
Инфляцияның төмен деңгейіне Үкіметтің ішкі нарықтағы бағаларды ұстап тұру кешенді шараларымен қолдау көрсетілетін болады.
Ұлттық Банк банктердің қысқа мерзімді өтімділігін барабар деңгейде ұстау мақсатында оны реттейтін болады. Экономикада ақша ұсынысының көлемі экономиканың өсуіне сәйкес деңгейде сақталады. Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын жүргізу барысында қаржы нарығындағы жағдайды оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және дамыту мақсатында қадағалайтын болады.
Қайта қаржыландыру ставкасын қоса алғанда Ұлттық Банктің операциялары бойынша ставкаларды реттеу ақша нарығындағы жағдайға және инфляция деңгейіне қатысты жүргізілетін болады.
Бағамдық саясат Қазақстан экономикасының ішкі және сыртқы бәсекелестік қабілеті арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталады, яғни бағамдық саясатты жүргізу әлемдік коньюнктураның үнемі өзгеріп тұруы жағдайында отандық өндірістің бәсекелестік қабілетіне жағымсыз әсерін тигізе алатын ұлттық валютаның нақты бағамының айтарлықтай ауытқуын болдырмауға тиіс. Айырбастау бағамының саясаты әлемдік бағалардың, сыртқы сауда талаптарының өзгеруіне барабар ден қоюы тиіс, ол осылайша ішкі экономиканың дамуының іргетасын қалайтын болады. Жаңа технологияларды, жабдықты пайдалану, еңбек сапасын арттыру сияқты факторлармен қоса осы саясатты қатаң түрде ұстана отырып, мемлекет жедел даму бағытына шыға алады.
Экономикалық жағдайға байланысты Ұлттық Банк теңге бағамының икемділігін арттыру мақсатында өзінің валюта нарығындағы қатысуын одан әрі төмендетуге тырысады және қажет болған жағдайда бағамның өзінің тепе-теңдік күйіне жетуіне мүмкіндік береді, бұл Қазақстан экономикасының тұрақты өсуіне және төлем балансының тұрақты болуына ықпалын тигізеді.
Экономиканың бәсекелестік қабілетіне бағамдық саясат есебінен ғана қолдау көрсетіліп қоймайды. Мұнда еңбек өнімділігін арттыру, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту, сондай-ақ экспортты әртараптандыру бағытында экономиканы құрылымдық қайта құру жөніндегі шаралар негізгі рөл атқаратын болады.
Инфляция деңгейін ұстап тұру
Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізі 2011-2016 жылдары жылдық инфляцияның деңгейiн жоспарланған (желтоқсан алдыңғы жылдың желтоқсанына) 6,0-8,0% дәлізінде ұстап тұру болып табылады.
Ішкi бағалардың өсуіне жол бермеу үшiн Үкiмет пен Ұлттық Банк белсендi жұмыс жүргізетін болады.
Елдегi бағаның тұрақтылығы үшiн негiзгi әлеуетті iшкi қатер тауарлар мен қызметтердiң жекелеген нарықтарында бәсекелестiктің төмен және жеткiлiксiз деңгейi болып табылатынын ескере отырып, Үкiмет азық-түлiк тауарларының iшкi нарығын дамыту жөнінде, олардың өндiрiсiн және сақталуын қоса алғанда, шаралар қабылдайтын болады.
Азық-түлiк нарығында бағалардың күрт өсуіне жол бермейтін шаралардың бiрi азық-түлiк тауарына бағалардың болжамды дәлізін және әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек бағалар өлшемiнiң және оларға ішкі жол берілетін бөлшек бағалардың мөлшерін белгілеу жолымен оларды болжамдауды айқындау болып табылады.
Азық-түлiк нарығында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету нарықтық тетiктердi қолдана отырып азық-түлiк нарығын реттеу бойынша шаралар шеңберiнде жүзеге асырылатын болады. Ол өңірлер деңгейінде азық-түлiк тауарларының тұрақтану қорларының қалыптастырылуын және майлы дақылдардың, көкөнiстердің, егiс алаңдарының ұлғаюы, жылыжайлар мен көкөнiс қоймаларын салуды және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуды көздейді.
Ішкі нарықты көрші мемлекеттерден жеміс-көкөніс импортын ұлғайту жолымен жеміс-көкөніс өнімдерімен толтыруға, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін апта сайын азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру тәжірибесін жалғастыруға, көтерме (коммуналдық) және бөлшек-сауда азық-түлік нарықтары мен сауда инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған іс-шараларды іске асыру жалғасатын болады.
Бәсекелестікті қорғау, жосықсыз бәсекелестікті, баға жөніндегі сөз байласуды, нарық субъектілерінің өздерінің басым жағдайларын асыра пайдаланушылығын, бағаның алып-сатарлық өсуін анықтау және алдын алу, өнім өндірушілер мен түпкілікті тұтынушылар арасындағы делдалдық буынды қысқарту жұмысы күшейтілетін болады.
Сезімтал нарықтар, соның ішінде мұнай өнімдері (бензин және дизель отыны) мен азық-түлік тауарлары нарығының мониторингі және талдау жұмыстары жалғасатын болады. Монополияға қарсы заңнаманың бұзылу фактілері анықталған жағдайда монополияға қарсы назар аудару шаралары қолданылатын болады.
Үкiмет инфляция деңгейiнiң жалпы өсуiнде табиғи монополиялар субъектілері қызметiне тарифтердің өсіміне шекті жол берілетін мәндерді жыл сайын белгілейтін болады.
Ұлттық банк бiр жағынан инфляциялық күтулердi төмендетуге және екінші жағынан экономикалық белсендiлiктi қолдауға бағытталған ақша-кредит саясатын жүргізетін болады.
Салық-бюджет саясаты
Салық-бюджет саясаты орта мерзімді кезеңде мемлекеттік саясаттың әзірленген шараларын тиімді іске асыруға және экономиканың теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Экономиканың одан әрі өсуі үшін жағдайлар салық және бюджет саясаты құралдары арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Салық саясаты шеңберінде 2012 – 2014 жылдары салықтардың кірістерді қайта бөлу бойынша мемлекеттің әділ құралы ретіндегі әлеуметтік маңызды, ынталандырушы және фискалдық функциялары нығайтылатын болады.
Осыған байланысты, салық саясатының шаралары орта мерзімді кезеңде мыналарға:
халықаралық бәсекелестік пен елдер арасындағы капиталдың еркін ағымының күшеюі жағдайларында экономиканың шикізаттық емес секторын, ең алдымен экономиканың нақты секторлары кәсіпорындарының инновациялық қызметін дамытуға ынталандыруға;
қолайлы инвестициялық ахуал жасауға және ішкі, сондай-ақ сыртқы жеке инвестицияларды ынталандыруға;
бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға;
мемлекеттік функциялар мен міндеттемелердің толық көлемде орындалуын қаржылық қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
ЕЭК шеңберінде Қазақстанда неғұрлым қолайлы салық режимін қалыптастыру маңызды болып табылады, бұл капитал қозғалысына шектеу болмаған кезде экономиканың одан әрі өсуі үшін қосымша ресурстар тартуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, негізгі қорларды, энергиямен жабдықтауды, ҒЗТКЖ-ны жаңартуды ынталандыру өндіріс тиімділігін арттыру және негізгі капиталдан қайтымды арттыру үшін өнімділікке салымды ұлғайтуға серпін береді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматтарының және тұруға ықтиярхаты бар тұлғалардың табыстары мен мүліктерін жаппай декларациялауға көшу көзделген, Қазақстан Республикасы азаматтарының және тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларының табыстары мен мүліктерін жаппай декларациялауға көшу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жаппай декларациялауға көшу 7 жыл бойы кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады.
1-кезең (2010 – 2011 жылдар): жаппай декларациялауға көшудің әдіснамалық негіздерін айқындау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
2-кезең (2012 – 2013 жылдар): мемлекеттік органдарды заңды тұлғалардың декларацияларын қабылдауға, өңдеуге және талдауға техникалық жарақтандыру бойынша НҚА әзірлеу жөніндегі іс-шараларды өткізу;
3-кезең (2014 – 2015 жылдар): мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттің үлесі бар компаниялар қызметкерлерінің декларация тапсыруын жүзеге асыру;
4-кезең (2016 жыл): қалған басқа жеке тұлғалардың бастапқы декларацияларды тапсыруы;
5-кезең (2017 жыл): жаппай декларациялауға толық көшу, яғни барлық жеке тұлғалар декларация тапсыруға міндетті болады.
Сондай-ақ арнайы салық режимдерін реформалау көзделген.
Экономиканың одан әрі өсуін қамтамасыз ету мақсатында бюджет саясаты орта мерзімді кезеңде мыналарға:
халықтың әл-ауқатын арттыруға;
экономиканы жаңғыртуға және әртараптандыруға;
мемлекет тарапынан ішкі сұраныстың қажетті деңгейін қолдауға бағытталатын болады.
Бұл ретте экономиканың өсуін ынталандыру макроэкономикалық тұрақтылыққа зиянын тигізбей жүзеге асырылатын болады.
Әлем экономикасындағы даму мен тәуекелдердің межеленген үрдістерін ескере отырып, сондай-ақ экономиканың «қызып кетуін» болдырмау мақсатында бюджет саясаты 2012 – 2014 жылдары контрциклдық қағидатқа сүйенетін болады. Бұл экономикадағы белсенділік ұлғайған кезеңде мемлекеттік шығыстардың ЖІӨ-нің номиналдық өсуінен аспайтын деңгейде тежелетін болады, ал экономикалық құлдырау кезеңінде ішкі сұранысты қолдау үшін шығыстар ұлғайтылатын болады.
Орта мерзімді кезеңде бюджет саясаты экономикаға бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз етуде оң әсер ететін бюджет қаражатының оңтайлы шаралары мен көлемін айқындауға негізделетін болады.
Мемлекеттік шығыстардың көлемі бір жағынан жиынтық сұранысты қолдауды, екінші жағынан - мемлекеттік инвестициялар есебінен инвестициялық белсенділікті қамтамасыз ететін деңгейде сақталатын болады.
Сондай-ақ мұнай кірістерін тәртіппен және тиімді басқару жүзеге асырылатын болады.
Бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында бюджет саясаты орта мерзімді перспективада мыналарға:
2020 жылға ЖІӨ-нің 3%-ынан аспауы тиіс мұнай тапшылығын төмендетуге;
Ұлттық қор қаражатын кейіннен тек бюджетті дамытуды қаржыландыруға ғана көше отырып, ағымдағы шығыстарды қаржыландыруға пайдалануды қысқартуға бағытталатын болады.
Бюджет тапшылығын реттеу контрциклды фискалдық саясат жүргізу құралы болады. Дамудың сыртқы қолайлы жағдайлары сақталған кезде оны абсолюттік мәнде де, сондай-ақ ЖІӨ-ге қатысты да төмендету жоспарланып отыр.
Бюджет тапшылығы үкіметтің қарыз алуымен, негізінен ішкі нарықта қаржыландырылатын болады.
Үкіметтің қарыз алу саясаты Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында белгіленген шектеулерге сәйкес онымен Ұлттық қордағы жинақтың орнын ауыстыруға жол бермеуге сүйене отырып, жүргізілетін болады, атап айтқанда:
үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар орта есеппен он жылдық кезең ішінде Ұлттық қордың 4,5 % деңгейіндегі жыл сайынғы шартты инвестициялық кірісінен аспауы тиіс;
үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және өтеуге арналған шығыстар он жылдық кезең ішінде Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қоса алғанда, бюджетке түсетін түсімдердің 15 %-ынан аспауы тиіс.
Әлемдік экономикадағы жағдайдың ықтимал нашарлауын ескере отырып, орта мерзімді перспективада бюджетке Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансфертті 1 200,0 млрд. теңге мөлшерінде шектеу жолымен Ұлттық қордағы қаржы ресурстарын жинақтау саясаты жалғастырылатын болады.
Бұл болашақ ұрпақ үшін жинақты ұлғайтуға, әлемдік тауар нарықтарындағы қолайлы коньюнктура кезеңінде бюджеттің мұнай кірісінен тәуелділігін төмендетуге және сыртқы даму жағдайлары нашарлаған жағдайда экономиканы қолдау үшін әлеует құруға мүмкіндік береді.
Өңірлерді қаржылық қолдау олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикалық әлеуетті ұтымды кеңістікте ұйымдастыруға бағытталатын болады.
Шығыстар саясаты да бюджет қаражатының бекітілген көлемін пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көзделген тікелей нәтижеге қол жеткізу қажеттігіне сүйене отырып, бюджетті әзірлеу және атқару жолымен мемлекеттік шығыстардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға бағытталатын болады.
Осы мақсатта тиімділік пен нәтижелілік индикаторларына негізделген бюджетті қалыптастыру және атқару жүйесі, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қызметтерінің тиімділігін жыл сайын бағалау жүйесі жұмыс істейтін болады, бұл жетекшілік ететін салада/жүйеде/өңірде стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу, тікелей, түпкілікті нәтиже көрсеткіштеріне және тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу (жеткізбеу) дәрежесін айқындауға мүмкіндік береді.
Әлемдік және қазақстандық экономикаларда жағдай өзгерген кезде бюджет саясатын, оның ішінде бюджет параметрлерін түзету бойынша жедел және икемді шаралар қабылданатын болады.
Бюджетаралық қатынастар
Бюджетаралық қатынастар саясатының негізгі мақсаты орта мерзімді кезеңде мемлекеттік басқару деңгейлерінің барлығына жүктелген функцияларды жүзеге асыру және оларға бекітілген мемлекеттік қызмет көрсетулерді толыққанды ұсынуды қамтамасыз ету үшін жеткілікті қаржы қаражатымен қамтамасыз ету болып табылады.
Бюджетаралық қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 2 ақпандағы № 54 қаулысымен бекітілген Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеудің жаңа әдістемесі әзірленді, осының негізінде 2011-2013 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі бойынша Заң әзірленді.
2011 жылғы 17 сәуірдегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент айтқан тапсырмасына сәйкес елдің тұрғындарына бекітілген сапалық бюджеттік қызмет көрсетулердің кепілдік жиынтығын жеткілікті қаржыландыру деңгейін қамтамасыз ететін және аумақтарда экономикалық өсуді ынталандыруды ұштастыратын бюджетаралық қатынастардың жаңа тәсілін әзірлеу бойынша тапсырмасы қойылды.
Жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйесін іске асыру шеңберінде Елді аумақтық-кеңістіктік дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасы әзірленді.
Болжамды схема өңірлердің әлеуетін ескере отырып, келешекке арналған аумақтық сипаттағы міндеттерді кешенді әрі жүйелі шешуге бағытталған және мәні бойынша өңірлердің жаңа саясатының тұжырымдамасы немесе доктринасы болып табылады.
Қазақстанда жаңа аумақтық ұйымдарды қалыптастыру мемлекет тарапынан барлық бағыттар бойынша үйлестірілген шаралар әзірлеуді талап етеді.
Әлеуметтік салада - әлеуметтік объектілер құрылысы оңтайлы демографиялық болжамдары мен даму перспективасы бар елді мекендерде жүзеге асырылады.
Индустриялық саясатта - барлық қажетті факторлор (ресурстары, кадрлары, инфрақұрылымдары және тағы басқалары) бар кәсіпорындарды тиімді орналастыру.
Бюджет саясатында - тиімсіз шығындарды бір мезгілде қысқарта отырып, ресурстарды перспективалы, тез өсіп келе жатқан өңірлерді дамытуға шоғырландыру.
Осы міндеттерді шешу үшін өңірлердің экономикасына ретроспективалы және перспективалы талдау жүргізу жоспарлануда. Бюджетаралық қатынастардың жаңа тәсілі, жалпы сипаттағы трансферттерді есептеудің жаңа әдістемесінде көрсетілетін болады.
Жаңа әдістеменің негізінде 2013 жылы келесі 2014 – 2016 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі бойынша Заң әзірленетін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |