3.4. Өңірлерді дамыту
Орта мерзімді кезеңге арналған өңірлік саясаттың негізгі мақсаты Қазақстанды экономикалық және әлеуметтік жаңғыртудың негізі ретінде қуатты өңірлерді қалыптастыру болады. Өңірлік саясат елді жаңғыртудың міндеттерін өңірлерді дамытудың міндеттерімен біріктіруге және олардың нәтижелерін әрбір адамға барынша жақындатуға арналған.
Өңірлік даму инфрақұрылымдық және институционалдық шектеулерді еңсеруге, Қазақстан азаматтарына өздерінің әлеуметтік және экономикалық құқықтарын іске асыруға тең мүмкіндік беруге және адами әлеуетті дамытуға қолдау көрсетуге, мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүйелерін қалыптастыруға бағытталған.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері әрбір ауыл мен қаланы тазалықтың, көркеюдің, тәртіптің үлгісіне айналдыру үшін шаралар қабылдайтын болады.
Өңірлік саясатты дамытудың негізгі аспектісі өңірлерде адамдардың өмір сүру сапасын және әл-ауқатын арттыру болып қала береді.
Жеке тұрғын үй құрылысының көлемін, әсіресе болашағы бар қалалық агломерациялар айналасында кеңейту үшін жаңа серпіндер берілетін болады.
Өңірлік саясаттың жаңа тәсілдері мен басымдықтары Елдің 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасы, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы, бесжылдық кезеңге арналған аумақты дамыту бағдарламалары шеңберінде іске асырылатын болады.
Елдің өңірлік саясатын реформалау бойынша міндеттерді іске асыру үшін өндіріс және халықты аумақтық шоғырландыру жолымен тиімді аумақтық-кеңістіктік ұйымдастыруды құру жұмыстары алда тұр, оған мыналар кіреді:
экономикалық өсу орталықтары ретінде қалалар мен агломерациялардың өсу үдерістерін қолдау;
өңірлерді дамытудағы инфрақұрылымдық шектеулерді жою;
қазақстандықтардың өмірінде өзін-өзі ұйымдастыру дамыту, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, азаматтардың әлеуметтік бастамаларын іске асыруда нақты құрал болуы тиіс азаматтық қоғам институттарын «заманалыққа айналдыру».
Жаңа өңірлік саясат – Болжамды схеманы тиімді іске асыруға арналған қаржы құралы 2011 жылы ел Үкіметі қабылдаған «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы болып табылады.
Осы бағдарламаның негізгі мақсаты өңірлер үшін ең маңызды инфрақұрылымдарды дамыту бойынша бастамаларды, адами капиталды, инновациялық мүмкіндіктерді іске асыруды және қоршаған ортаның жағдайын жақсартуды, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау болып табылады.
Келешектегі елдің аумақтық-кеңістіктік дамуында агломерациялар шешуші рөл атқаруы тиісті. Агломерацияларды дамыту - әлемде белсенді түрде жүріп жатқан объективті үдеріс.
Осы мақсатта «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде орталықтары Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент қалалары болатын агломерацияларды дамытудың кешенді шаралары әзірленетін болады.
Моноқалалардың көкейкесті проблемаларын шешу жөніндегі шараларды үйлестіру 2012 – 2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасы арқылы жүзеге асырылатын болады.
Алдын ала зерттеулер бойынша елде халқының жалпы саны 1,53 млн. адамды құрайтын (елдегі қала халқының 16%) 27 моноқала бар, олардың проблемалары бірдей - жұмыссыздық деңгейінің жоғарылығы, көлік және өндірістік инфрақұрылымның тозуының жоғарылығы, экологиялық проблемалар.
Өңірлердің экономикасын дамыту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін олардың бәсекелік басымдықтарының негізінде өңірлерді шаруашылық мамандандыруды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Аталған жұмыс шығып қалған активтерді айналымға тартуға, сондай-ақ өңірлерді дамыту үшін жаңа резервтерді іздестіруге және пайдалануға бағытталатын болады.
Бұл ретте экономикалық бастамаларды мемлекеттік қолдау «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде инженерлік инфрақұрылымды салу, өнеркәсіп алаңдарын, индустриялық аймақтарды қалыптастыру арқылы жүзеге асырылатын болады.
Мақсаты өңілер экономикасының шикізаттық емес секторларында жаңадан тұрақты жұмыс орындарын құру болатын «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын іске асыру өңірлердің экономикалық әлеуетін жандандыруға елеулі үлесін қосады.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын іске асыру кредиттер бойынша пайыздық ставканы субсидиялау, кредиттер бойынша ішінара кепілдік беру және өндірістік инфрақұрылымды дамыту түріндегі мемлекеттік қолдау көрсету жолымен жүзеге асырылады.
Жаңғырту үдерістерінің алгоритмі кейін қалған салаларды, өңірлерді, әлеуметтік топтарды қолда бар стандарттар мен әлеуметтік даму көрсеткіштеріне «тартуға» арқауланатын болады.
Бұл ретте, әлеуметтік жаңғыртудың барысы мен нәтижесіне жауапкершілікті тек мемлекет пен оның барлық басқару деңгейлері ғана емес, сондай-ақ жеке меншік құрылымдар, барлық қоғам бөлісуі тиіс.
Өңірлерді дамытудың орта мерзімді кезеңге арналған негізгі бағыттары:
әлеуметтік салада - әлеуметтік нысандарды салуды оптимистік демографиялық болжамы және даму перспективасы бар елді мекендерде жүзеге асыру;
индустриялық саясатта – барлық қажетті факторлардың (ресурстардың, кадрлардың және т.б.) бар болуын ескере отырып кәсіпорындарды ұтымды орналастыруға жәрдемдесу;
бюджеттік саясатта – тиімсіз шығындарды қысқарта отырып ресурстарды перспективалы, тез өсіп келе жатқан өңірлерді дамытуға шоғырландыру.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру мақсатында Жергілікті өзін-өзі басқарудың тұжырымдамасы әзірленетін болады.
Тұжырымдама қабылданғаннан кейін қолданыстағы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті өзгерістер енгізілетін болады.
3.5 Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру
2012 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың пайымын және негізгі бағыттарын анықтау және мемлекеттік басқару саласында реформалар өткізудің кешенділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту тұжырымдамасын (бұдан – әрі Тұжырымдама) қабылдау жоспарлануда.
Тұжырымдаманың мақсаты тиімді мемлекет қағидаттарын енгізуге бағытталған мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа моделін құру болып табылады. Тұжырымдама елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жалпы алғанда бизнес пен қоғамның, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қанағаттандыруға, артық өкілеттіктен босатылған ықшамды үкімет құруға, өңірлерді теңгерімді дамытуға, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруға бағдарланатын болады.
Бұдан басқа, осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асырудың және қалыптастырудың негізгі қағидаттарын, міндеттерін, мемлекеттік қызмет саласының мәнін анықтауға бағытталған «Мемлекеттік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданады.
Заңнамалық актіні қабылдау болашақта жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін Мемлекет қызметтер тізілімін кеңейтуді қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметтерді стандарттау және регламенттеудің икемді жүйесін енгізуге, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу тәртібін енгізуге мүмкіндік береді.
Айрықша назар жергілікті өзін-өзін басқаруды дамыту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсарту мәселелеріне бөлінетін болады.
Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасы мемлекеттiк қызметшiлердің жұмыс тиiмдiлiгiнiң басты көрсеткiшi болады, басқаша айтқанда, мемлекеттiк қызмет мемлекеттiк қызметтердi тұтынушы ретiнде халыққа бағдарланатын болады.
Мемлекеттік жоспарлау мен бюджеттеуге қатысты жаңа тәсілдерге сәйкес мемлекеттік органдардың қызметі мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіліктерінен туындайтын мемлекеттік қызметтер көрсетуге бағдарланатын болады.
Мемлекеттік органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру үшін мемлекеттік органдарда еңбек пен менеджментті ұйымдастыру, транспаренттiк және нақты лауазымды тұлғалардың жауапкершілік қағидаттарына негізделген шешімдерді қабылдау үдерісі мен рәсімдерінің сапасын арттыруға бағытталған нормативтік құқықтық, әдістемелік және ұйымдастырушылық шаралар айқындалатын болады.
Осыған байланысты, ақпараттық технологияларды қолдану қажеттiгi арта түседі, бұл халыққа және бизнеске қызметтер көрсету кезінде мемлекеттік органның функцияларын оңтайландыру және автоматтандыруға, әкiмшiлiк кедергiлердi және халық пен бизнестің мемлекеттік органдармен тікелей байланысын азайтуға бағытталған.
«Электрондық үкімет» порталында көрсетiлетiн электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету санының ұлғаюы да мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттырудың басты құралдарының бiрi болып табылады, осыған орай мемлекеттік органдардың әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтер көрсетуі электрондық форматқа ауыстырылатын болады.
Мемлекеттік қызметтер көрсетудің бекiтiлген стандарттары мен регламенттерiнiң сақталуына бақылау орнату тиiмдi шара болуы тиіс.
Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және оларды көрсету үдерістерін басқару үшін тиімді сыртқы бақылауды енгізу және уәкілетті мемлекеттік органды айқындау қажет, ал бұл «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығына тиісті өзгерістерді енгізуді қажет етеді.
Заңнамада сондай-ақ, мемлекеттік қызметтерді сапасыз көрсеткені, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсетудің стандарттары мен регламенттерін бұзғаны үшін адамдардың жауапкершiлiгi көзделетін болады.
Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасы мен қол жетімділігіне қанағаттану деңгейін анықтауға бағытталған көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау үшін (мемлекеттік қызметтерді тікелей алу кезінде сауалнамалық пікіртерім жүргізу және әлеуметтік пікіртерім арқылы) халықпен кері байланыс тұрақты негізде орнатылатын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |