160-бап. Жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну мерзімдері
Келісу комиссиясына немесе сотқа жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну үшін
мынадай мерзімдер белгіленеді:
1) жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша - еңбек шартын тоқтату туралы жұмыс
беруші актісінің көшірмесі келісу комиссиясына табыс етілген немесе табыс етілгені
туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберілген күннен бастап бір
ай, ал сотқа жүгіну үшін - реттелмеген даулар бойынша жүгінген кезде не еңбек шарты
тарапы келісу комиссиясының шешімін орындамаған кезде келісу комиссиясы шешімінің
көшірмесі табыс етілген немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты
хатпен пошта арқылы жіберілген күннен бастап екі ай;
2) басқа еңбек даулары бойынша - жұмыскер немесе жұмыс беруші өз құқығының
бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс күннен бастап бір жыл.
Жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну мерзімінің өтуі қаралып жатқан еңбек
дауы бойынша медиация туралы шарттың қолданылу кезеңінде, сондай-ақ келісу
комиссиясы болмаған жағдайда, ол құрылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
Жүгінудің белгіленген мерзімі дәлелді себептермен өтіп кеткен жағдайда келісу
комиссиясы еңбек даулары бойынша келісу комиссиясына жүгіну мерзімін қайта бастай
алады және дауды мәні бойынша шеше алады.
Келісу комиссиясы жұмыскердің, оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болған
жұмыскердің белгіленген мерзімдерде келісу комиссиясына жүгінбеу себептері дәлелді
себептерге жататындығын не жатпайтындығын дербес айқындайды.
Осы Кодекске сәйкес жеке еңбек дауларын қарау бойынша келісу комиссиясына
жүгінбей, сотқа жүгінуге құқығы бар еңбек қатынастарына қатысушылар үшін мынадай
мерзімдер белгіленеді:
жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша - еңбек шартын тоқтату туралы жұмыс
беруші актісінің көшірмесі табыс етілген немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар
тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберілген күннен бастап үш ай;
басқа еңбек даулары бойынша - жұмыскер, оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында
болған жұмыскер өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған
күннен бастап бір жыл.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР
Заңымен
161-бап жаңа редакцияда (
бұр.ред.қара
)
Достарыңызбен бөлісу: |