Қазақстанның өркендеуінің, гүлденуі мен қауіпсіздігінің орнықты тұғыры: түйінді бес бағыт
Таяу онжылдықта түйінді бес бағыт мемлекет қызметіндегі басымдықтар болады:
1) дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық;
2) индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету;
3) болашаққа инвестициялар - орнықты экономикалық өсуге, қазақстандықтардың өркендеуі мен әлеуметтік әл-ауқатына қол жеткізу үшін адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
4) халықты сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету;
5) ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың орнықтылығын қамтамасыз ету.
Экономиканы қалпына келтіруге дайындық процесінде Қазақстан оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін реформаларды жеделдетіп іске асыруға тиіс. Бірінші түйінді бағыт - дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық - нәтижесін онжылдық кезеңнің басында байқауға болатын шараларды қамтиды. Бұл - біршама қолайлы бизнес орта құру, қаржы секторын нығайту және құқықтық жүйені жетілдіру.
Екінші түйінді бағыт шеңберіндегі іс-қимылдар елді үдемелі индустрияландыру бағдарламасын іске асыру және инфрақұрылымды дамыту нәтижесінде Қазақстан экономикасын әртараптандыруды жеделдетуге ықпал ететін болады. Бұл экономикалық модельді өзгертуге және экстенсивті, шикізаттық даму жолынан индустриялық-инновациялық дамуға көшуге мүмкіндік береді. Елді инфрақұрылымдық дамыту жоспарлары экономиканы үдемелі әртараптандыруға және елге шетел инвестицияларын тартуға ықпал ететін энергетика, көлік және телекоммуникация салаларын жаңғыртуға шоғырланады.
Адами ресурстардың саны мен сапасы кез келген елдің болашағын айқындайтын негіз құрушы факторлар болып табылады. Адами капитал - бұл инновациялардың және экономиканың тиімділігін арттырудың негізгі қозғаушы күші. Үшінші бағыт - болашаққа инвестициялар - Қазақстанның адами ресурстарының сапасын ұзақ мерзімді кезеңде арттыру үшін қажетті шараларды қамтитын болады.
Төртінші түйінді бағыт - азаматтар үшін қызметтер көрсету шеңберінде - халықты әлеуметтік қорғау және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді тиімді көрсету жөніндегі шаралар күшейтілетін болады.
Бесінші түйінді бағыт - ұлтаралық келісім, қауіпсіздік, халықаралық қатынастардың тұрақтылығы шеңберінде - ішкі тұрақтылықты, қауіпсіздікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту, бейбітсүйгіш сыртқы саясатты дамыту жөніндегі шаралар көзделетін болады.
Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының түйінді бес бағытының негізі ұтымды макроэкономикалық саясат болып табылады. Экономиканы қалпына келтіру және әртараптандыру, оның «қызып кетуін» болдырмау үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында экономиканың өсуі кезеңінде мемлекеттің шығыстарын азайтуды және оларды экономикалық бәсеңдеу кезеңінде ұлғайтуды көздейтін антициклді фискалдық саясат жүргізілетін болады. Бұл ретте келесі онжылдық кезеңнің соңына қарай бюджеттің мұнай емес тапшылығы ІЖӨ-ге қатысты 3%-дан аспайды. Ақша-кредит саясаты инфляцияны тежеу жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталатын болады. Валюталық айырбас бағамының саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталады.
Түйінді бағыт: дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық
Жаһандық қайта өрлеу кезеңінде Қазақстандағы іскерлік ахуал елдің бәсекеге қабілеттілігінің орнықты негізін қамтамасыз етеді. Ол экономиканы жеделдетіп әртараптандыру және отандық бизнесті дамыту үшін ауқымды инвестицияларды тартуға ықпал ететін шешуші фактор болып табылады. Орнықты қаржы жүйесі және сенімді құқықтық орта да кәсіпкерлікті дамытуда сындарлы рөл атқарады.
Бизнес ортаны жақсарту
Стратегиялық жоспар - 2020-ны іске асырудың алғашқы жылдары мемлекет отандық кәсіпкерлер, сол сияқты халықаралық инвесторлар үшін де бизнес жүргізудің құнын азайтуға бағытталған белсенді шараларға бастама жасайды. Әкімшілік рәсімдердің оңтайлы шеңберін белгілеп және оларды жүзеге асырудың ашықтығын арттыра отырып, мемлекет төрешілдік пен сыбайлас жемқорлықтың Қазақстандағы іскерлік ахуалдың маңызды аспектілеріне ықпал етуін төмендетуге ұмтылатын болады.
Бизнес ортаны жақсарту жөніндегі стратегиялық мақсаттар
2020 жылға қарай
|
экономиканың шикізаттық емес секторларына салынатын отандық және шетелдік инвестициялар (өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қызметтер көрсету) кемінде 30%-ға ұлғаяды;
ІЖӨ-ге тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) үлесі он пайыздық тармаққа ұлғаяды;
ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі 7-10 пайыздық тармаққа ұлғаяды;
инвестиция көздері әртараптандырылады (әр елдің үлесі 5% және одан көп болатын негізгі 10 инвестор ел);
Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізудің жеңілдігі» («Doing Business») рейтингі бойынша ең үздік көрсеткіштермен 50 елдің қатарына енеді;
Қазақстан «Transparency International» рейтингінде сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі бойынша елдердің үштен бірінің ішінде алдыңғы қатардағы орынды иеленеді
|
2015 жылға қарай
|
Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізудің жеңілдігі» («Doing Business») рейтингі бойынша көрсеткіштері 2011 жылмен салыстырғанда 7 позицияға жақсарады;
уақыт пен шығындарды қоса алғанда, бизнесті тіркеуге және жүргізуге байланысты операциялық шығындар (рұқсат, лицензиялар, сертификаттар алу; аккредиттеу; консультация алу) 2011 жылмен салыстырғанда 30%-ға төмендейді;
Еуропа Қайта құру және Даму банкі мен Дүниежүзілік Банктің Іскерлік ахуалға және кәсіпорындар жұмысының тиімділігіне шолуындағы (BEEPS) бизнес ортаның даму көрсеткіштері жақсарады
|
2011 жылға қарай
|
жаңа нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау үшін реттеушілік әсер етуді талдау әдістемесі (АРВ) әзірленеді;
Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізудегі жеңілдік» («Doing Business») рейтингі бойынша көрсеткіштері 2008 жылмен салыстырғанда 7 позицияға жақсарады;
уақыт пен шығындарды қоса алғанда, бизнесті тіркеуге және жүргізуге байланысты операциялық шығындар (рұқсат, лицензиялар, сертификаттар алу; аккредиттеу; консультация алу) 30%-ға төмендейді
|
Қаржы секторын нығайту
Қазақстанның қаржы жүйесінің одан әрі дамуы ағымдағы жаһандық дағдарыстың негізгі қорытындыларын ескеретін болды:
1) кез келген қарыз алу коммерциялық, қаржылық және валюталық тәуекелдерді бақылауға мүмкіндік беретін қатаң пруденциалды стандарттарға және ашықтық талаптарына негізделуі тиіс;
2) халықаралық капитал нарықтарына қолжетімділік банк секторының және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың сыртқы борышының деңгейін жауапты басқаруды талап етеді;
3) ел ішіндегі жинақтар деңгейінің жоғарылауы орнықты, ашық және тиімді реттелуге тиіс қаржы жүйесіне деген сенімнің нығаюына байланысты.
Экономиканы қалпына келтіру кезеңінде қаржы секторын мемлекеттік қолдау сақталады, алайда бірте-бірте жеке бастамаға орын бере отырып, тікелей мемлекеттік қатысу азаятын болады.
Отандық қаржы жүйесіндегі одан әрі реттеу барынша толық және қаржы секторының макроэкономикалық байланыстарын жан-жақты ескеретін болады. Белсенді экономикалық өрлеу кезеңінде пруденциалдық нормативтер бәсеңдеу жағдайында жинақталған әлеуетті пайдалану үшін қатаңдатылатын болады.
Жалпы алғанда, қаржы секторының дамуы елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы үшін қаржы ресурстарын тартуға бағдарланады.
Қор жасаудың ішкі көздері халықтың және отандық кәсіпорындардың бос ресурстары есебінен көбейтілетін болады. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздері ретінде ресурстарды тарту үшін қажетті жағдайлар жасау арқылы нығайтылатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерінің рөлі мен маңызы артады.
Елдің қаржы секторына деген сенімін орнықтыру және оларға көрсетілетін қызметтер аясын кеңейту жөнінде белсенді жұмыс жүргізілетін болады. Қаржы қызметтерін тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін кеңейтуге, қаржы ұйымдарында ішкі бақылаудың тиімді жүйесі мен тәуекел-менеджментті енгізуге, сондай-ақ олардың қызметінің ашықтығын арттыруға айрықша көңіл бөлінеді.
Ішкі ресурстардың өсу шамасына қарай жобалық инвестициялау құралдарын қоса алғанда, қаржы құралдарының кең ауқымы бар қор нарығы одан әрі дамиды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік және исламдық қаржыландыру қор нарығын дамытуда маңызды рөл атқаратын болады. Бұған құнды қағаздар айналысының барабар көлемін қамтамасыз ететін мемлекеттік құнды қағаздар нарығының одан әрі дамуы да септігін тигізеді.
Қазақстанның толыққанды қор нарығын қалыптастыру және оның халықаралық капитал нарығымен ықпалдасуы шеңберінде Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы одан әрі дамитын болады. Стратегиялық перспективада мемлекет халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Алматы қаласының бәсекеге қабілетті қаржы орталығын дамыту және оның Азиядағы жетекші 10 қаржы орталығының тобына кіруі үшін қажетті жағдай жасайды.
Жалпы алғанда, елдің қаржы секторын дамыту Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың дағдарыстан кейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Қаржы секторын дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттар
2020 жылға қарай
|
қаржы ұйымдарының институционалдық базасы кеңейтіледі және олардың инвестициялық мүмкіндіктері ұлғайтылды;
банк секторының сыртқы міндеттемелерінің үлесі оның міндеттемелерінің жиынтық көлемінде 30%-дан аспайды;
қаржы нарығы қызметтердің кең спектрін ұсынады және инвесторлар мен қаржы қызметтерін тұтынушылардың арасында сенімге ие;
отандық қор нарығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Орталық Азия елдерінің ішінде ислам банкингінің өңірлік орталығына айналады
|
2015 жылға қарай
|
халықтың жинақтарын тартудың баламалы көздерін дамыту үшін жағдай жасалды;
халықтың қаржылық сауаттылығын және инвестициялық мәдениетін көтеру жөніндегі іс-шаралар сәтті іске асырылды;
мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерінің рөлі мен маңызын арттыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру қамтамасыз етілді
|
Сенімді құқықтық орта қалыптастыру
Сенімді құқықтық ортаға заңның үстемдік принципін мүлтіксіз сақтау арқылы қол жеткізіледі және ол азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сөзсіз қорғалуына деген сенімділігін, бизнесті жүзеге асыру кезінде жеке қауіпсіздікті сезінуін, транзакциялық шығындардың төмен болуын қамтамасыз етеді, ішкі және сыртқы инвестицияларды ынталандырады.
Ұлттық құқықтық жүйені жаңғырту және оны үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру, сондай-ақ адам, ана мен бала, кәсіпкерлік пен мемлекет құқықтарының сенімді қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында мынадай салалардағы реформаларға назар аударылады:
1) сот жүйесінің ашықтығын және тәуелсіздігін, сот корпусының бейтараптығы мен кәсіпқойлығын арттыру;
2) заңнаманы жетілдіру және норма түзушілік сапасын арттыру;
3) халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейін, оның ішінде сот және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіптік мәдениетін арттыру және азаматтардың білікті заң көмегіне нақты қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Отандық құқықтық жүйені жаңғыртудың тұжырымды ұстанымдары және оның 2020 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттары Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған.
Сот жүйесі
Сот жүйесін одан әрі реформалау соттардың шынайы тәуелсіздігі, сот төрелігін атқаруды тиімді қоғамдық бақылау, судьялардың кәсіпқойлығы мен бейтараптығы, сот ісін жүргізуді оңайлату және тым артық регламенттеуді алып тастау принциптерімен жүргізіледі, оның нәтижесінде қоғамның сот жүйесіне деген сенімінің жоғары дәрежесіне қол жеткізіліп, соттардың жұмыс істеу тиімділігі артады. Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде сот иерархиясының барлық деңгейлерінде және сатыларында судьялар тәуелсіздігінің ұйымдық-құқықтық кепілдіктері қамтамасыз етілетін болады.
Сот жүйесін реформалау жөніндегі стратегиялық мақсаттар
2020 жылға қарай
|
Қазақстан Республикасының «Соттардың тәуелсіздігі» көрсеткіші бойынша Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингіндегі орны 20 позицияға жақсарады;
сот жүйесінің тәуелсіздік және бейтараптық деңгейі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының міндеттемелеріне (адами өлшем саласында) сәйкес деп танылды
|
2015 жылға қарай
|
тергеу іс-әрекетін соттың бақылауы кеңейтілді;
сотқа жүгінуші субъектілер істерінің қолжетімділігіне, қарапайымдылығына және жылдам шешілуіне кепілдік беретін сот жүйесі құрылды;
судьялыққа үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары және судьялыққа үміткерлерді іріктеу рәсімдерінің транспаренттілігі (ашықтығы) артты;
үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, сот процесіне қатысушылар мен кәсіпқой заңгерлер арасында жүргізілетін, алынған нәтижелердің жариялылығын және соттар мен судьялардың рейтингтерін жасауды көздейтін мерзімді әлеуметтанушылық зерттеулермен барлық соттарды барабар қамту қамтамасыз етілді
|
2014 жылға қарай
|
сот шешімдерін орындаудың аралас моделін жетілдіру
|
2013 жылға қарай
|
сотта қараудың толықтай жариялылығы мен ашықтығы, оның ішінде соттардың қорытынды іс жүргізу шешімдерінің қарар бөлігін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жария дерекқорына орналастыру жолымен қамтамасыз етілді
|
2011 жылға қарай
|
соттардың мамандануы олардың өкілеттіктері нақты ажыратыла отырып кеңейтілді, оңайлатылған іс жүргізу институттары дамытылуда;
жекеше сот орындаушылары институтын енгізе отырып, сот шешімдерін орындаудың аралас моделі енгізілді
|
Заңнаманы және норма түзушілікті жетілдіру
Мыналар заңнаманы және норма түзушілікті жетілдірудің негізгі бағыттары болады:
1) Қазақстанның заңнамалық базасының тұрақтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, оның сапасын арттыру әрі кодификациялау арқылы жүйелендіру, ескірген және қайталанатын нормаларды алып тастау, құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою және сілтеме нормаларды барынша азайту, тікелей қолданылатын заңдарды қабылдау практикасын кеңейту арқылы жүйелеу;
2) нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге тәуелсіз сарапшыларды, үкіметтік емес сектордың өкілдерін неғұрлым кеңірек тарту, осы салада озық білімдерді қолдана отырып, ғылыми сараптамаларды жүргізу негізінде норма түзушілік процесіндегі кәсібилікті күшейту.
Заңнаманы және норма шығаруды жетілдіру жөніндегі стратегиялық мақсаттар
2020 жылға қарай
|
нормативтік құқықтық актілер жобаларының сапасын бағалаудың халықаралық стандарттарына және оларды қоғамның, кәсіпкерлік пен биліктің мүдделерін теңдестіріп ескеруге мүмкіндік беретін жария түрде талқылау рәсімдеріне негізделген заң шығарудың тиімді тетіктері енгізілді
|
2015 жылға қарай
|
нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге тәуелсіз сарапшыларды, үкіметтік емес сектордың өкілдерін неғұрлым кеңірек тарту, осы салада озық білімдерді қолдана отырып, ғылыми сараптамаларды жүргізу негізінде норма түзушілік қызметінің сапасын арттыру жөніндегі тетіктер енгізілді;
заң жобаларын дайындау сапасының критерийлері әзірленді;
заңды тұлғалардың банкроттық тетіктері жетілдірілді
|
2014 жылға қарай
|
«электрондық үкімет» инфрақұрылымы шеңберінде және мемлекеттік құпиялар туралы заңнама талаптарының сақталуын ескеріп, нормативтік құқықтық актілердің жүйелендірілген әрі түпкілікті деректер базасына жалпыға бірдей тегін қол жеткізу қамтамасыз етілді;
қылмыстық заңнаманы, оның ішінде ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмысты алғаш рет жасаған адамдарға және әлеуметтік осал азаматтарға қатысты, сондай-ақ кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы жекелеген қылмыстарды теріс қылықтар разрядына ауыстыру арқылы қылмыстық заңнаманы кешенді ізгілендіру жүргізілді
|
2011 жылға қарай
|
ескірген және қайталайтын нормаларды алып тастауға, сондай-ақ құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюға мүмкіндік беретін заңнамалық актілердің құқықтық мониторингі енгізілді;
Қазақстанда мүдделік қолдау институтының жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз жасалды, корпоративтік мүдделерді ілгерілетудің сыбайлас жемқорлық схемасын жоятын тетіктер регламенттелді;
контрактация тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және корпоративтік дауларды оңайлатылған шешу институттарын (аралық соттарды, коллекторлық агенттіктерді) одан әрі дамыту тұжырымдамасы әзірленді
|
Құқықтық мәдениет және азаматтардың білікті заң көмегіне қолжетімділігі
Құқықтық мәдениеттің жоғары болуы азаматтардың құқықтық бағдарлануын қамтамасыз етеді және кез келген заң бұзушылықтарға, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына төзбеуін қалыптастырады. Ол, ең алдымен, халықтың құқықтық санасының даму деңгейіне байланысты.
Азаматтардың құқықтық санасының деңгейін арттыру үшін мемлекеттің негізгі күш-жігері құқықтық насихатты (қоғамдық заңдық білім беруді жандандыру) кеңейтуге және азаматтық қоғамның тиімді институттарын дамытуға бағытталады.
Қазақстандық қоғамның жоғары құқықтық мәдениетін қалыптастыру шеңберінде адвокаттардың, сот және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіптік мәдениетінің деңгейін арттыруға, олардың сапалы кәсіптік даярлығына ерекше көңіл бөлінеді.
Бұл ретте таяудағы онжылдықта мемлекет халықтың білікті заң көмегіне қол жеткізуін кеңейту үшін барлық қажетті жағдайларды жасайды.
Халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру және азаматтардың білікті заң көмегіне нақты қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық мақсаттар
2020 жылға қарай
|
Қазақстанның әрбір азаматы үшін мүліктік жағдайына қарамастан, білікті заң көмегін ұсыну тетіктерін жетілдіру есебінен білікті заң көмегіне нақты қолжетімділігі қамтамасыз етілді;
кәсіпқой заңгерлер мен адвокаттардың біліктілігі жоғары қызметтер нарығы құрылды
|
2015 жылға қарай
|
Қазақстан Республикасы азаматтарының білікті заң көмегін алуының тетіктерін жетілдіру жөнінде кешенді жоспар әзірленді;
халықтың құқықтық мәдениетін арттыру шеңберінде азаматтық қоғам институттарының орнықты дамуы үшін қажетті құқықтық база қалыптасты
|
2012 жылға қарай
|
Қазақстан азаматтарының құқықтық мәдениетін, оның ішінде құқықтық насихатты кеңейту және заң білімінің сапасын арттыру арқылы көтеру жөніндегі кешенді жоспар әзірленді
|
Достарыңызбен бөлісу: |