3. 2-міндет: экономикалық ықпалдасу және жаһандану жағдайларында қаржы секторының тиімділігін арттыру
Дамудың жалпы бағыттары.
1. Қаржы нарығына қолжетімділікті ырықтандыру шеңберінде симметриялық және тәуекелдерге барабар реттеуші ортаны құру.
Шетелдік қаржы ұйымдары филиалдарының қызметін жүзеге асыру мүмкіндігімен елдің қаржылық қызметтері нарығына қолжетімділіктің ашық болуы жағдайларында филиалдың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге және симметриялық реттеуші ортаны құруға байланысты мәселелерді шешу талап етіледі.
Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіруі шеңберінде қабылдайтын қаржылық көрсетілетін қызметтер секторы бойынша ерекше міндеттемелердің тізбесінде (бұдан әрі – ерекше міндеттемелердің тізбесі) шетелдік қаржы ұйымының филиалын ашқан кезде сақталуға міндетті кейбір талаптар көзделген. Бас қаржы ұйымы активтерінің мөлшеріне талаптар белгіленді, шетел банкінің филиалы қабылдайтын депозиттің ең төмен мөлшері айқындалды. Сонымен бірге ерекше міндеттемелер тізбесімен Қазақстанның шетелдік қаржы ұйымы филиалының қызметіне қосымша пруденциялық талаптар белгілеу құқығы көзделген. Мұндай талаптардың ішінде, бірақ олармен шектелместен, бөлек (бас ұйымнан) капиталдандыру бойынша талаптар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі кепілдік берілген қорлар мен депозиттер бойынша жекелеген талаптар, төлем қабілеттілігі бойынша басқа да талаптар, есептілік және оны жариялау бойынша талаптар, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарына қатысты техникалық резервтерді оқшаулау және төлем қабілеттілігі маржасын сақтау бойынша талаптар көзделген. Шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдарына олардың тікелей қызметі кезінде қолданылатын тиісті пруденциялық талаптарды әзірлеу шеңберінде мұндай ұйымның нарыққа кіруі кезеңінде қаржылық орнықтылығына кепілдікті қамтамасыз етуді регламенттейтін мәселелерді қарау қосымша талап етіледі.
Атап айтқанда, филиалдың бас ұйымы елінің қадағалау органдарымен ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы келісім Қазақстан Республикасында филиал ашу үшін алғышарт болуға тиіс. Ақпарат алмасу мүмкіндігі болуға тиіс және бас ұйымның елінде Қазақстан Республикасында филиалдың қызметін инспекциялау мүмкіндігі болуға тиіс. Шетелдік банктердің рейтингісіне орай олар үшін филиалдар ашу жөніндегі шектеулерді белгілеу нарыққа кіруді реттеудің қосымша құралы болып табылады. Мысалы, еншілес банктерді ашу жөніндегі талаптарға ұқсас, рейтинг Қазақстан Республикасына халықаралық рейтингілік агенттіктердің бірі берген тәуелсіз рейтингіден төмен емес деңгейде белгілене алады.
Сондай-ақ шетелдік қаржы ұйымы филиалының және атап айтқанда, шетелдік банк филиалының нарығына қолжетімділік критерийі ретінде бас ұйым елінің қадағалау органының оның Базельдік негізгі қағидаттарға сәйкестігі туралы өзін-өзі бағалауын алу туралы талабы болуы мүмкін. Бұл ретте, бағалау Капитал туралы Базель келісіміне сәйкестікпен шектелмеуге тиіс, ол БҚБК-нің бүкіл талаптарына толығымен сәйкес болуға тиіс. Егер бағалау қадағалаудағы айтарлықтай кемшіліктерді көрсетсе, лицензия беруден бас тарту тетігін көздеу қажет.
Бұл ретте банк заңнамасын және сақтандыру қызметі туралы заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туралы мәселе Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы шартқа қол қойылуына қарай шамамен 2015 – 2016 жылдары қаралатын болады.
БЭК-ке қатысушы елдердің қаржы заңнамасын үйлестіру (біріздендіру), сондай-ақ 2025 жылы функциялары мен өкілеттіктері айқындала отырып, қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттықтан жоғары органды құру БЭК шеңберінде ықпалдасу процестері бөлігіндегі негізгі міндеттер болып табылады. Бұл орган БЭК-ке қатысушы елдердің орталық/ұлттық банктеріне шұғыл түрде ақпарат алмасуға және БЭК-тің ортақ нарығын сыртқы күйзелістер мен дағдарыстық құбылыстардың жағымсыз әсерінен қорғау жөніндегі келісілген шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.
2. Қаржылық көрсетілетін қызметтер және микроқаржы ұйымдарының көрсетілетін қызметтері саласында халықтың қаржылық сауаттылығын және құқықтарын қорғау деңгейін арттыру.
Әлемнің көптеген дамыған және дамушы елдерінде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесіне барынша көп көңіл бөлінеді, себебі қаржылық сауаттылықтың тиісті деңгейі азаматтардың өмір сүру деңгейінің көтерілуіне, экономиканың дамуына және қоғамның әл-ауқатының артуына ықпал етеді.
Айтарлықтай күрделенген қаржы жүйесі, жаһандану процесінің үдеуі және жаңа күрделі қаржылық өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің ауқымды аясының пайда болуы халықтың алдында аса күрделі міндеттер қояды, оларды шешуге халық дайын болмай шығады.
Азаматтарда қаржылық білімнің, бюджетті жоспарлау дағдыларының болмауы және қаржы өнімдерін пайдалану бойынша сараланған шешімдерді қабылдай алмауы қаржы ұйымдарының тарапынан мұндай өнімдердің күшті жарнамасы аясында ұлттық ауқымдағы проблемаларға айналуы мүмкін айтарлықтай теңгерімсіздіктер мен тәуекелдердің жинақталуына апарады.
Әрбір азаматтың қаржылық сауаттылығының жоғары деңгейі тұтынушылар мен қаржы институттары арасындағы қаржылық өзара
қарым-қатынастардың айқындылығын күшейтеді. Сонымен бірге халықтың қаржылық сауаттылығы деңгейінің жекелеген қаржы құралдарын тұтыну үшін талап етілетін деңгейден артта қалуы қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар мен олардың жеткізушілері арасындағы ақпараттық ассиметрияның жоғары деңгейінің себебі болып табылады.
Осыған байланысты қаржылық көрсетілетін қызметтер және микроқаржы ұйымдарының көрсетілетін қызметтері нарығында тұтынушылардың құқықтарын пәрменді қорғауды және қаржылық сауаттылығын арттыруды тұрақты негізде қамтамасыз ету әділ, ашық және тиімді жұмыс істейтін қаржы нарығының қажетті шарты болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бұл бағыттағы жұмысын жалғастырады.
Өзінің кең таралуына орай халықтың банк қызметтері туралы хабардар болу дәрежесі қаржы нарығының басқа көрсетілетін қызметтеріне қарағанда анағұрлым жоғары болып табылады.
Сақтандыру секторы бөлігінде халықтың тұтастай алғанда сақтандыруға және тарихи тұрғыдан қалыптасқан халықтың мемлекеттің тарапынан әлеуметтік және өзге де көмегіне бағдарлануына теріс көзқарасынан назарды өзгерту қажет. Бұл мақсаттарда халықтың сақтандыру мәдениетін арттыру жұмысы тұрақты негізде жүргізілетін болады.
Инвесторлардың қаржылық сауаттылығын, олардың бағалы қағаздар нарығында орын алып жатқан процестер және ондағы жұмыс істейтін субъектілердің (бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың, эмитенттердің) қызметі туралы хабардар болуын арттыру жеке жұмыс істеуді талап етеді.
Қаржылық көрсетілетін қызметтерді және микроқаржы ұйымдарының көрсетілетін қызметтерін тұтынушылардың сауаттылығын арттыру үшін біржолғы іс-шаралар емес, тұрақты әрі кешенді жұмыс қажет. Көптеген дамыған елдердің және дамушы елдердің көпшілігінің табысты іске асырылатын, халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың тұрақты қолданылатын мемлекеттік бағдарламалары бар. Халықтың қаржылық сауаттылығының төмен деңгейі қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынуға теріс әсер етеді және қаржы нарығының өсу қарқынын едәуір бәсеңдетеді.
Жоғарыда көрсетілген міндеттерді іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан Республикасы халқының қаржылық сауаттылығының деңгейін арттыру бойынша мыналарды қамтитын күш-жігерін үйлестіруді қамтамасыз етуі қажет:
1) халықтың қаржылық сауаттылығының деңгейін зерттеу;
2) жалпы білім беретін мектептерде бастауыш қаржылық білім беру бағдарламаларын енгізу (5-9 сынып оқушыларына арналған кітаптардың және мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдардың мазмұнын жаңарту,
10-11 сынып оқушыларына арналған кітаптарды және мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдарды әзірлеу мен шығару);
3) экономикалық емес мамандықтары бар жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық негіздері туралы курсты енгізу (кітаптар мен әдістемелік құралдарды әзірлеу мен шығару);
4) бұқаралық ақпарат құралдарын (телевизия, Интернет, баспасөз, арнайы әдебиет шығару) пайдалана отырып қаржы нарықтарына жеке жинақтарын инвестициялау үшін халықты қаржы ұйымдары, олардың өнімдері, көрсетілетін қызметтері туралы хабардар ету және халықты оқыту жүйесін ұйымдастыру;
5) нысаналы топтар үшін қаржылық сауаттылықты арттыру бағдарламаларын жүргізу;
6) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мамандандырылған оқыту
веб-ресурсын (www.fingramota.kz) қаржылық тақырыптарға арналған өзекті ақпаратпен толтыру;
7) мультипликациялық роликтерді жасау және кейіпкерлері түсінікті түрде қаржы нарығының бүкіл секторлары бойынша қаржылық сауаттылық негіздеріне үйрететін көшедегі билбордтар сериясын орналастыру. Сонымен қатар, роликтердің сюжеттерін/үзінділерін көшедегі билбордтарда және үлкен сауда мекемелерінде орналастыру ұсынылады;
8) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы өзінің құқықтарын қорғау және білікті консультация алу үшін жүгіне алатын тұрақты жұмыс істейтін Call-орталықты және қоғамдық қабылдау бөлмесін ашу;
9) халыққа қазақстандық бағалы қағаздар нарығын интерактивті режімде зерделеу мүмкіндігін беру;
10) мобильдік құрылғыларға арналған білім беру қосымшаларын әзірлеу.
Бұдан басқа, Халықаралық инвесторларды құру жөніндегі форумның және ЭЫДҰ-ның шеңберінде қаржылық сауаттылықты және инвестициялық мәдениетті арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық барынша маңызды болып табылады.
Аталған ұйымдар халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың негізгі қағидаттары мен бағыттарын белгілейді, сондай-ақ түрлі құқықтық өкілеттіктерден білім беру провайдерлері арасындағы ақпарат пен идеялар алмасу алаңы болады.
2011 жылы енгізілген, банк заңнамасына қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған түзетулердің едәуір топтамасына қарамастан, қазіргі уақытта жүйелік сипаты бар бірқатар проблемалар бар.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы мәселені шамамен 2014 – 2015 жылдары қарайтын болады. Бұл ретте, осы ұсыныстарды әзірлеген кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі инвесторлардың және кепілді кредиторлардың мүдделері мен құқықтарын ескеретін болады.
3. Клиенттің қажеттіліктеріне бағдарланған бизнестің қағидаттарын ұстану.
Бәсекеге қабілеттіліктің деңгейін арттыру мақсатында қаржы ұйымдары клиенттердің қажеттіліктеріне тұрақты мониторинг жүргізуге және әлеуметтік тұрғыдан жауапты банкингті дамытуға тиіс, оны енгізу коммерциялық негізділік қағидаттарына, оның ішінде корпоративтік басқару қағидаттарын жақсарту есебінен негізделуге тиіс. Анықталған қажеттіліктер нарықтық тәсіл мен бәсекелестіктің арқасында қаржы жүйесінде өз орнын алады, бұл клиенттердің бейілділігін арттыруға ғана емес, сол сияқты жаңа қаржылық көрсетілетін қызметтер саласында уақтылы пайдалы тауашаны алуға мүмкіндік береді.
Банк секторының тиімділігін арттыру.
1. Банк жүйесінің институционалдық дамуы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалауы банктің нарықтық үлесінің өсуі оның қызметінің тиімділігін, оның ішінде пайдалылығын арттыру көрсеткіштерінің бірі болып табылатынын көрсетіп отыр. Бұл ретте, осы бағалау қысқа мерзімді, сол сияқты ұзақ мерзімді кезеңде де расталады.
Осыған орай секторды одан әрі шоғырландыру үшін трендті күшейту, оның ішінде банктер үшін меншікті және жарғылық капиталдың ең аз мөлшерін арттыру арқылы күшейту талап етіледі.
Артық шоғырландыруды шектеу мақсатында басты назар ірі банктерді емес, орташа банктер тобын дамытуға аударылады. «Орташа банктер тобы» отандық капиталы бар 15-20 қаржы институты, сол сияқты шетелдік банктердің еншілес ұйымдары арқылы да ұсынылуға тиіс. Бұл топ корпоративтік сектор және халық үшін банк қызметтерінің негізгі түрлері бойынша елдің банк секторында бәсекелестіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Орташа банктер тобы» өз көлемі бойынша біртекті болатыны болжанып отыр: көлемі бойынша бірінші және соңғы банктер арасындағы активтердің көлеміндегі айырмашылық 5 еседен аспауға тиіс.
Банк жүйесі активтерінің және атаулы ЖІӨ көлемінің төмен арақатынасы банктерге ел экономикасындағы ірі жобаларды қаржыландыруға қатысуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан жүйе құраушы банктер негізінде олардың активтерінің абсолютті шама бойынша сапалы өсуі арқылы, сол сияқты тиімді орташа банктерді отандық және шетелдік әріптес банктермен синдикаттар құруға ынталандыру жолымен «чемпион-банктердің» тобын қалыптастыру бағыттардың бірі болады. «Чемпион-банктер» тобының түрлі мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде бөлінетін бюджеттік ресурстарды бөлуге басымдықпен қатысуын болжайтын тетікті құру мәселесі қаралатын болады.
Ұсақ банктерді мәжбүрлеп қысқарту немесе банктердің жалпы санын шектеу болжанбайды.
Банк секторы бәсекелестігінің жеткілікті дәрежесін ескере отырып, мемлекеттің оның жұмыс істеуіне қатысуы талап етілмейді. Банк секторы нарықтық экономиканың толыққанды тетігі болып табылады, оның бәсекеге қабілеттілігі қаржы ресурстарын дербес қайта бөлумен қамтамасыз етіледі. Мемлекет жеке капиталды қосу үшін банк бизнесінің әлеуеті жоқ немесе айтарлықтай шектелген бөліктерінде өз рөлін барынша тиімді орындай алады не бұл бағыт мемлекеттік саясаттың іске асырылуын болжайды. Осыған орай банк секторындағы мемлекеттік саясаттың тікелей ықпалы қызметін тұрғын
үй-құрылыс жинақтары саласында жүзеге асыратын «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) және мақсаты мемлекетке Қазақстан Республикасы экономикасының бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторын дамытуда жәрдемдесу болып табылатын Қазақстанның Даму Банкі арқылы көрсетілетін болады.
Экономиканың жекелеген салаларын (ауыл шаруашылығы, индустрия, почта) дамыту бойынша мамандандырылған мемлекеттік банктерді құру бәсекелес ортаны арттыру тұрғысынан да, осы банктер қызметінің тұрақты жұмыс істеуін қолдау жөніндегі мемлекеттің шығыстары тұрғысынан алғанда да тиімсіз болып табылады. Сонымен бірге бұл функциялар Қазақстанның Даму Банкіне жүктелуі мүмкін. Осыған орай мемлекет қатысатын мамандандырылған салалық банктерді құруға тыйым салатын Қазақстан Республикасы банк заңнамасының нормасы сақталады.
Ислам банктері банктердің жеке тобы болып табылады, олардың дамуына заңды тұлғалар мен халық үшін исламдық қаржы қызметтерінің ену дәрежесі себепші болады.
Дағдарыстар тарихы ұлтаралық банктердің проблемалар туындаған жағдайда, бірінші кезекте, өздерінің бас бөлімшелерін дамушы елдерде және өтпелі экономикасы бар елдерде орналасқан «еншілес банктерден» ақша шығаруға дейін қолдайтынын көрсетіп отыр. Осыған байланысты банк жүйесінде отандық капиталдың басым түрде сақталуына күш жұмсалады.
2. Банктердің жеке бизнес стратегияларын дамыту және олардың тәуекелдерін реттеудің барабарлығы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сондай бағалауы бойынша банктің кредиттік белсенділігі белгілі бір дәрежеде активтердің сапасына және оларды провизиялармен жабу деңгейіне, сондай-ақ банктің банктік бизнестің жекелеген бағыттарына немесе оны қорландыру көздеріне шоғырлануына тәуелді. Кірістілік тұрғысынан алғанда, ең жақсы нәтижелерді неғұрлым жоғары сапалы активтері бар, өтімді активтерінің үлесі төмен, белгілі бір кредиттеу бағыттарына маманданған банктер, сондай-ақ қорландыруды басым түрде ұлттық валютамен тартатын банктер көрсетіп отыр.
«Аса ірі банктер тобын» дамыту жүйелік дағдарыстың туындау ықтималдылығын азайту мақсатында қызметтің әртараптандырылған стратегиясын сақтау бағытында ынталандырылатын болады. Банктердің осы тобын дамыту стратегиясы қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың барынша ықтимал тобын қамтуы тиіс.
«Аса ірі банктер тобы» немесе жүйе құраушы банктер үшін экономиканың басым салаларын қаржыландыру және қор нарығына орнықты эмитенттерді шығару бойынша белгілі бір мандаттар ұсынылатын болады. Сонымен бірге банк қызметін реттеу жүйесі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жүйе құраушы банктерге капиталдандыру және капитал буферлерінің болуы және қалыптастыру мерзімдері, өтімділік, жүйе құраушы банктер үшін тәуекелдерді басқару жүйелері бойынша қосымша талаптарды белгілеуін болжайды.
Көлемі бойынша «орташа банктер тобының» біртектілігі банктердің бизнес стратегияларын біріздендіруді білдірмейді. Банктер акционерлердің басымдығына қарай, банктер бизнес жүргізудің ықтимал тәуекелдерін барабар басқаратынын және бақылайтынын түсінуі шартымен қызметтің әртараптандырылған бағыттылығын немесе мамандандырылған үлгісін дербес таңдайтын болады.
Мамандандырылған стратегиялардың банктер үшін жүзеге асырылатын, операциялық шығасыларды едәуір қысқартуға мүмкіндік жасайтын бизнес процестерді стандарттау және автоматтандыру есебінен белгілі бір бәсекелестік артықшылығы бар. Басқа жағынан алғанда, осындай үлгілер нарықтық конъюнктура өзгерген жағдайларда көбінесе тәуекелдерге ұшырайды. Тиісінше, жекелеген бағыттарға (тұтынушылық кредиттеу, инвестициялық бизнес, салалық кредиттеу) мамандандырылған банктерге қатысты тәуекелді активтердің өсуіне қатысты талаптар белгіленеді.
3. «Болашақ банкінің» тиімді моделін қалыптастыру үшін орта құру.
Банк бизнесін жүргізудің ұзақ мерзімді қайта құрылуы жаңа технологияларға негізделетін болады. «Цифрлық» революцияның арқасында қаржылық қызметтерді көрсету парадигмасы өзгеруде. Электрондық қаржылық көрсетілетін қызметтерді дамыту, қызмет көрсетудің электрондық арналар желілерін құру, оның ішінде электрондық қаржылық көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін және оларды жылжытуды қамтамасыз ету, қаржылық делдалдықты жеке және коммерциялық мақсатта пайдалану үшін басқа да көрсетілетін қызметтерді ұсына отырып, электрондық коммерцияның көрсетілетін қызметтерімен қоса атқару, консалтинг, порталдар және тағы басқалары арқылы қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға қашықтан қызмет көрсетудің («онлайнды» қоса алғанда) түрлі жүйелері жаппай тарайтын болады. Бұл банктерге микрокредиттеу бойынша «лездік» қызметтер көрсетуге, базалық банктік қызметтердің кең аясын көрсету жөнінде шұғыл түрде шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Цифрлық экожүйеге ықпалдасу және ұтқыр технологияларды пайдалану жолымен бірыңғай электрондық есепке алу жүйесі арқылы банктік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету дамудың негізгі бағыты болып табылады. Бәсекеге қабілетті, толықтай айқын және халықтың орта деңгейі үшін әділ талаптармен түрлі кредит өнімдерін пайдалану, мүлкін қоса алғанда, дербес «балансын» басқару мүмкіндіктері берілген, экономикалық циклдардың әсерінен қорғалған банктік қызмет көрсету дамудың нәтижесі болады.
Жылдам өзгеретін орта жағдайында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі назарды жаңа банктік технологияларды дамыту мен туындайтын және жылдам өзгеретін тәуекелдерді басқару жөнінде талаптар белгілеу арасында оңтайлы теңгерімді құруға және ұстап тұруға аударатын болады.
Банктің қарыз алушы тәуекелдерін талдауы қарыз алушының өзі берген мәліметтерге ғана емес, «үлкен деректерге» (Big Data) де негізделетін болады деп күтеледі. Бұл банктер жүзеге асыратын бизнес-процестерді барынша автоматтандыруды, сондай-ақ мемлекеттің қаржы ұйымдары үшін электрондық үкіметтің қолжетімді ақпаратын кеңінен алуы мүмкіндіктерін кеңейтуін талап етеді.
4. Халықаралық ықпалдасу шеңберінде бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету.
БЭК қатысушы елдердің бірыңғай қаржы нарығын құру бүкіл елдердің кеңістігіндегі банктерді реттеу мен қадағалаудың халықаралық стандарттары мен әлемдік озық практикаға (атап айтқанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің) негізделетін бірыңғай стандарттарын үйлестіруді ғана емес, сонымен қатар әзірлеуді, сондай-ақ отандық болмыстарды да ескеруді болжайды. Сонымен бірге, БЭК елдерінің қаржы нарығындағы қызмет жөніндегі заңнамаларын жақындату қажеттілігінің ДСҰ-ға кірудің шетелдік қаржы ұйымдарының БЭК елдерінің нарықтарына қолжетімділігі бөлігіндегі әртүрлі талаптарын ескеруі тиіс. Осыған байланысты қадағалау стандарттарын біріздендіру нәтижесінде әлсіреу тәуекелдері және банк қызметінің стандарттарын ішінара қайта реттеу орын алуы мүмкін.
Осылайша, жұмсарту мүмкін болмайтын қол жеткізілген позицияларды айқындау талап етіледі, себебі олар көбінесе мынадай озық халықаралық тәжірибеге негізделеді:
1) банктер үшін жарғылық және меншікті капиталдардың ең төменгі мөлшері жөніндегі талаптарды жоғары деңгейде сақтау;
2) банктер капиталдарының жеткіліктілік нормативтеріне экономика және қаржы жүйесіне тән тәуекелдерге және банктердің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға барабар талаптарды белгілеу;
3) БЭК қатысушы елдердің банк жүйелері құрылымының ерекшелігін ескере отырып, Базель II және Базель III стандарттарына толық көшу.
Сақтандыру секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
1. Сақтандыру секторын институционалдық дамыту.
Капиталдандыруға қойылатын талаптарды арттыру сақтандыру ұйымдарын нығайтуға және шоғырландыруға мүмкіндік жасайды. Сақтандыру нарығында төлем қабілеттілігінің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін капиталдың жеткілікті деңгейі бар ірі сақтандыру ұйымдары жұмыс істейтін болады.
Шетелдік сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына ашық қол жеткізу жағдайында сақтандыру нарығын дамыту айтарлықтай өзгереді. Мұнай-газ, энергетика, тау-кен өндіру салаларындағы ірі тәуекелдерді сақтандыруды резидент еместер тұрақты жұмыс істейтін мекемелерін құрамастан тікелей жүзеге асырады. Шетелдік сақтандыру делдалдарының (сақтандыру агенттері мен сақтандыру брокерлерінің) ірі тәуекелдерді бағалау және шетелдік сақтандыру ұйымдарына орналастыру жөніндегі белсенді қызметі күтіледі.
Шағын және орта бизнесті сақтандыру секторы қазіргі кезде бағалау бойынша, сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық мөлшерінің 11 %-нан аспайды. Жалпы алғанда, сақтандыру секторының шамалы көлемі және шағын және орта бизнесті сақтандыру үлесі осы сегментке шетелдік инвестициялардың әкелінуін барынша тартымды етеді.
Жеке тұлғаларды сақтандыру секторы жоғары әкімшілік шығасылар болғандықтан, шығыны ең көп болып табылады. Осы бағыт бойынша шетелдік сақтандыру ұйымдарының белсенді мүддесі де күтілмейді.
Сақтандыру нарығында шетелдік инвесторлар Қазақстан Республикасы экономикасының ұзақ мерзімді мақсаттары мен стратегиясы бар өзге секторларында ірі инвесторлардың пайда болуы жағдайында ғана пайда болуы мүмкін.
Ірі тәуекелдерді тежеу үшін қаржы мүмкіндіктерін жақсарту мақсатында қоса сақтандыру тетіктерін дамытуды ынталандыру жөнінде бірқатар шаралар қабылдау қажет, олардың көмегі арқылы ірі немесе аса белгілі емес және жаңа тәуекелдер басым түрде сақтандырылады. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулдарының қатысушылары сақтанушылар алдында ортақ жауапкершілік атқарады. Сондықтан олардың қызметінің ерекшелігін ескеретін қажетті заңнамалық негізді шамамен 2016 – 2020 жылдары құрған жөн.
Сақтандыру ұйымдарын ірілендіру жергілікті сақтандыру ұйымдарына қайта сақтандыру қызметінің сапа тұрғысынан жаңа деңгейге өтуіне мүмкіндік береді. Сақтандыру ұйымдары капиталдың жеткілікті мөлшерін иелене және қаржы жүйесінің айтарлықтай ойыншысы бола отырып, жергілікті сақтандыруды ұлғайтуымен отандық сақтандыру нарығын капиталдандыруды ұлғайтуға және шетелден қайта сақтандыру сыйлықақыларының әкелінуіне ықпал ететін болады.
Сақтандыру нарығының инфрақұрылымын нығайту мақсатында ірі тәуекелдер бойынша, сондай-ақ шетелдік қайта сақтандыру компаниялары мүдделі емес ерекше тәуекелдер, мысалы ауыл шаруашылығының тәуекелдері бойынша ішінара немесе толық қайта сақтандырып өтеуді ұсынатын мемлекеттік қайта сақтандыру ұйымын құру мүмкіндігін қарау қажет.
Сонымен қатар, ірі өндірістік тәуекелдерді, су және әуе көлігінің тәуекелдерін сақтандыруға қатысатын сақтандыру ұйымдары үшін төлем қабілеттілігі маржасының (меншікті капиталының) ең төменгі мөлшерін едәуір ұлғайту қажет.
Сақтандыру нарығын қадағалауды неғұрлым тиімді жүзеге асыру мақсатында сақтандыру брокерлеріне меншікті және жарғылық капиталдарының мөлшері бөлігінде қойылатын талаптар қатаңдатылады. Бұл ретте, сақтандыру брокерлерінің жауапкершілігін және қызметінің тиімділігін күшейту мақсатында сақтандыру қызметі бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын сақтандыру брокерлері үшін және қайта сақтандыру қызметі бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын брокерлер үшін жеке талаптарды белгілеу қажет.
Қазіргі уақытта пайда мен залалдарды қатысушылар мен оператор арасында бөлу тетігін көздейтін, исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келетін сақтандыру жүйесі – «Такафулды» енгізу бойынша жұмыстар заңнамалық деңгейде жүргізілуде.
2. Жеке тұтынушылар мен институционалдық инвестор үшін сақтандыру өнімдерін дамыту.
Міндетті сақтандыру жүйесі оның тиімді дамуына, оның ішінде міндетті сақтандырудың тиімді жұмыс істемейтін және қайталанатын сыныптарын оңтайландыруды және алып тастауға кедергі келтіретін жинақталған проблемаларды ретке келтіруді және шешуді талап етеді.
Міндетті сақтандыру саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу, оның ішінде сақтандырудың міндетті түрлерін енгізудің критерийлерін және нақты тізбесін заңнамалық деңгейде айқындау қажет. Сақтандыру оқиғасының басталу кездейсоқтығы, шоғырландырудың жаппай болуы және болмауы, шығындарды анықтау және бағалау мүмкіндіктері, әлеуметтілігі және қоғамдық маңыздылығы міндетті сақтандырудың критерийлері болуы тиіс.
Теңестірілген және тиімді міндетті сақтандыру жүйесін құру жөнінде шаралар қабылданады. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (бұдан әрі – ЖОМС) бойынша кәсіптік аурулардың бақылау жасауға болмайтын өсуінен және ЖОМС жүйесінің жоғары шығындылығынан туындаған жоғалтқан жалақыны өтеу жөніндегі төлемдер теңгерімсіздігі проблемаларын шешуге мүмкіндік жасайтын параметрлік өзгерістер енгізілетін болады.
Міндетті сақтандыруды дамыту үшін жеке тұлғалардың жылжымайтын мүлкін төтенше жағдайлардан міндетті сақтандыруды енгізу мәселесі қарастырылатын болады.
Сақтандыру ұйымдары жылжымайтын мүлікті сақтандыру шарттарын жасау кезінде сақтандыру делдалдары ретінде бола отырып, апаттық тәуекелдерге толықтыру ретінде өрт тәуекелін, жылжымайтын мүлік иелерінің үшінші тұлғалар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін жабуды ұсына алады.
Сонымен қатар, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, оның ішінде көлік құралының өзін (айдап әкетуден, өрттен, үшінші тұлғалардың заңға қарсы әрекеттерінен) міндетті сақтандыру шеңберінде қосымша тәуекелдерді жабу мәселесі қаралатын болады.
Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша жаңа сақтандыру өнімдерін дамыту жөнінде шаралар қабылдау қажет. Неғұрлым талап етілетін және маңызды жеке өнімдер бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында сақтандыру шарттарының талаптары, тарифтердің есептері, мүлікті бағалау, шығынды реттеу және сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру рәсімдері стандартталады.
Сонымен бірге жинақтаушы сақтандыруды дамыту азаматтарға бірқатар міндеттер кешенін шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру және қамтамасыз ету жүйесінің жеткіліксіз болуын өтеу (мысалы, зейнеткерлікке шығуға немесе кәмелет жасына жетуге немесе сақтандырылған адамның өміріндегі басқа оқиғаларға қатысты белгілі бір ақша сомаларын жинақтау). Екіншіден, еңбекке жарамдылығын жоғалтқан және қайтыс болған кезде қаржылық мүдделерді қорғау.
Өмірді сақтандыру саласы әлеуметтік бағдары мен жинақтаушы функциясына ие бола отырып, банктік депозиттерге балама бола алады, сақтандырып қорғаудың бар болуы оның басымдығы болып табылады. Қосымша әлеуметтік қорғау болып табылатын өмірді сақтандыру қаржылық көрсетілетін қызметтердің басқа түрлерін алу үшін пайдаланылатын болады.
Өмірді сақтандыру өнімдерін дамытуды ынталандыру, басқа қаржылық көрсетілетін қызметтерді алу, мысалы, кепіл нысанасы ретінде өмірді сақтандыру полистерін пайдалану, оның ішінде ипотекалық кредиттеу шеңберінде пайдалану кезінде өмірді сақтандыруды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту мүмкіндігін қарастыру қажет. Сонымен қатар, жинақтаушы сақтандыру өнімдерін ынталандыру мақсатында сақтандыру төлемдерін салық салудан босату және сақтандыру сыйлықақыларына (жарналар) қолданысты салықтық жеңілдіктерді жою арқылы оларға салық салу тәсілі қайта қаралады, бұл жинақтаушы сақтандыруға әкімшілік салық салуды едәуір оңайлатады.
Жинақтаушы сақтандыруды дамытудағы ерекше орынды сақтанушыларға инвестициялық басқаруды өмірді басқарумен қоса атқаруына (unit-linked) және сақтандырушының пайдасына қатысуына мүмкіндік беретін жаңа сақтандыру өнімдері алуы тиіс.
Медициналық сақтандыру әлемдік тәжірибеде халықты әлеуметтік қорғаудың кең таралған нысандарының бірі болып табылады. Сақтандырудың осы түрі халыққа денсаулығы бұзылған жағдайда медициналық көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін тегін алуына кепілдік береді.
Қазақстан Республикасында қазіргі кезде медициналық сақтандыру ерікті болғандықтан, жеткілікті түрде дамыған жоқ. Осыған байланысты, медициналық сақтандыруды дамыту мақсатында міндетті медициналық сақтандыру тетігін енгізудің орындылығы мәселесін қарау және зерделеу жоспарланып отыр.
Сақтандырудың барлық түрі бойынша әкімшілік шығасылардың жоғары болуын ескере отырып, сақтандыру өнімдерін, әсіресе сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру агенттері арқылы сату үлесін төмендету мәселесі қаралатын болады.
Қазақстанның сақтандыру пулдарын дамыту жөнінде, оның ішінде шетелдік қайта сақтандыру ұйымдарын тарту және сақтандыру пулына резидент еместерде тікелей қайта сақтандыруға дейін сақтандыру тәуекелін ұсынудың экономикалық міндетін белгілеу арқылы шаралар қабылданатын болады.
Сонымен қатар, сақтандыру ұйымдарының қызметін тексеру нәтижелері, сондай-ақ сақтанушылардан түскен шағымдар көрсетіп отырғандай, сақтандыру делдалдарының алаяқтық іс-әрекеттерінің өсу үрдісі, комиссиялық сыйақының негізсіз мөлшерлерін төлеу, заңнаманың комиссиялық сыйақы төлеудің кезеңділігі жөніндегі, сондай-ақ сақтандыру сыйлықақысын төлеу үшін сақтанушылардан қолма-қол ақша қабылдау жөніндегі талаптарының бұзылуы, сақтанушыларды жаңылыстыруға алып келу, жалған сақтандыру полистерін беру жалғасып отыр.
Осыған байланысты, көрсетілген проблемалар тұжырымдамалық шешімді талап етеді және сақтандыру нарығының қатысушылары сақтандыру қызметтерін көрсету барысында туындайтын «сақтандыру ұйымы – сақтандыру агенті – сақтанушы» тізбегінің өзара іс-қимылының қолданыстағы схемасын қайта қарауды талап етеді.
Мәселен, шешу жолдарының бірі ретінде сақтандырудың міндетті және ерікті түрлеріне (мысалы, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша) қатысты сақтандыру полистерін электрондық сатуды енгізу ұсынылады, мұнда автокөлік иелерінің міндетті сақтандырылып қорғалғанын тексеру үшін мүдделі тұлғалардың кіруіне рұқсат етілетін Сақтандыру жөніндегі бірыңғай деректер қоры (бұдан әрі – СДБҚ) негізінде деректер қорын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі есептік ұйымның болуы көзделеді.
3. Сақтандыру ұйымдары үшін инвестициялық мүмкіндіктерді ұлғайту.
Өмірді сақтандырудың сақтандыру шарттарының ұзақ мерзімділігіне және тиісінше сақтандыру ұйымдары міндеттемелерінің ұзақ мерзімділігіне байланысты ерекшелігін ескере отырып, «өмірді сақтандыру» саласындағы қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары үшін олардың инфляция деңгейін жабуы және қабылданған міндеттемелер бойынша төлем жасауға қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында табысты инвестициялық қызметті қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады.
Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялар ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлар бола отырып, қор нарығының неғұрлым белсенді ойыншылары болуы мүмкін, бұл ретте өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың инвестициялық стратегиясы ұзақ мерзімді инвестициялық кезеңге есептелуі тиіс, бұл қабылданған міндеттемелердің мерзімдеріне қарай инвестициялық портфельдің салыстырмалы дюрациясын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл жағдайда өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың инвестициялық портфельді басқару бөлігіндегі қызметін реттеуді, міндеттемелердің жабылмау тәуекелін азайту мақсатында ұзақ мерзімді кезеңде сақтандыру ұйымдарының кірістілігін қамтамасыз етуді қайта қарау қажет. Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында портфельдерді иммундау жөніндегі талаптар сақталған жағдайда активтерді ұзақ мерзімді қаржы құралдарын инвестициялауға қойылатын талаптарды ырықтандыру мәселесі қаралатын болады.
4. БЭК шеңберінде міндетті сақтандыру талаптарын біріздендіру.
БЭК шеңберінде міндетті сақтандырудың түрлері мен оларды жүзеге асыру талаптарын (сақтандыру тарифтері, жауапкершілік мөлшері, шарттардың талаптары) кезең-кезеңімен біріздендіру бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Бірінші кезекте, міндетті сақтандырудың неғұрлым жаппай және талап етілетін түрі ретінде көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру тарифтерін теңестіру керек
(кезең-кезеңімен, уақытша шығатындар үшін, ал одан кейін көлік құралдарының барлық иелері үшін).
Бағалы қағаздар нарығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
1. Эмитенттердің қор биржасында бағалы қағаздарды орналастыру есебінен қаржыландыру қаражатын тарту көздерін банктік қарыздарға балама ретінде қамтамасыз ету мақсатында бағалы қағаздар нарығындағы сұранысты арттыру және ынталандыру.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен бірлесіп, нарықтың қатысушыларына тәуекелсіз мөлшерлеменің индикаторы болып табылатын барабар кірістілік ауытқымасын құру арқылы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша жұмысты жүргізуін жалғастырады. Ауытқыманы құру бойынша жүргізілетін жұмыс шеңберінде бастапқы дилерлер және маркет-мейкерлер институты жүйесі әзірленеді, мемлекеттік борышты басқару жүйесі жаңартылады, инвесторлық база кеңейтіледі.
Сұраныстың артуына және мемлекеттік бағалы қағаздардың әлеуетті өтімділігін жетілдіруге қолданыстағы шығарылымдағы мемлекеттік бағалы қағаздарды қайта орналастыру жолымен көлемін арттыруды (ірілендіруді) болжайтын нарықты бөліп-бөліп көрсету жөніндегі шаралар ықпал етеді. Жиынтығында бұл шаралар стандартты құралдардың пайда болуына және нарықтың осы сегментінде өтімділікті арттыруға ықпал ете отырып, мерзімдері, сол сияқты бағалары бойынша құралдардың түрлері бойынша құрылымдалған нарықты құруға және нарықта эталондық көрсеткіштерді қалыптастыруға ықпал ете алады.
Мемлекеттік емес бағалы қағаздарға қатысты, отандық бағалы қағаздар нарығының, оның ішінде Қазақстан қор биржасының өкілдік индексіне кіретін акциялар нарығының төмен өтімділігі салдарынан инвесторларға қажет болған жағдайда бағалы қағаздарды сатып алу не сату біршама күрделі. Ол үшін бағалы қағаздарды сатып алу-сату жөніндегі операцияларды сыйлықақымен не дисконтпен жасау қажет болады. Функциясы бағалы қағаздар бойынша сұраныс пен ұсынысты қолдау болып табылатын маркет-мейкерлер көбінесе қаражатының шектеулі болуына байланысты мәмілелер жасау үшін тиімсіз шарттарды ұсынады. Осыған орай қор биржасында бағалы қағаздармен
сауда-саттық көлемі мардымды бола қоймайды.
Сұранысты арттыру мақсатында бірінші кезекте, инвесторлардың барлық санаттары үшін тартымды нарықта қолжетімді қаржы құралдарының базасын көбейту, сондай-ақ сауда-саттық көлемін және бағалы қағаздардың өтімділігін, әсіресе қор биржасының өкілдік тізіміне кіретін акциялар көлемін арттыруды, оның ішінде маркет-мейкерлер институтын жетілдіру және жеке тұлға инвесторларға бұрын сатып алған бағалы қағаздарды сату мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы ынталандыру қажет.
Сонымен қатар жеке, сол сияқты институционалдық инвесторлардан құралған инвесторлық базаны ұлғайту жөніндегі шараларды да қабылдау қажет. Жеке инвесторлар санының ұлғаюына халықтың қаржылық сауаттылығын және инвестициялық мәдениетін арттыру жөніндегі
іс-шараларды іске асыру, сондай-ақ оларды инвестициялардың ұжымдық нысандарына тарту деңгейін арттыру ықпал ететін болады. Ол үшін венчурлік және басқа жобаларға инвестицияларды жүзеге асыруға арналған тәуекелдік инвестициялаудың инвестициялық қорларына қатысты реттеуіш талаптар ырықтандырылады, бұл олардың инвестициялық шектерін кеңейтеді және оларға өз кірістілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Банктердің ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі қаралатын болады, бұл өтімділік өсіп, нарық тереңдеген жағдайда, банктерге өтімділікті тиімдірек басқаруға да мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, инвесторлық базаны ұлғайту шетелдік инвесторларды бағалы қағаздардың жергілікті нарығына тарту есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Ол үшін бағалы қағаздар нарығына шетелдік инвесторлар үшін инвестициялау тұрғысынан қызғылықты құралдар шығаруды қамтамасыз ету қажет.
Аталған шаралар инвесторларға шығындарды өтеу, Қазақстан Республикасы халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыру жүйесін қалыптастырумен қатар бағалы қағаздар нарығында сұранысты арттыруға және ынталандыруға мүмкіндік береді.
2. Білікті инвесторлар институтының жұмыс істеу тетігін жетілдіру.
Инвесторлардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы тетігі инвесторларды біліктілік қағидаты бойынша бөлмейді. Тиісінше, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары үшін инвесторлардың тәуекелдерін барынша азайту бөлігінде белгіленген шектеулер инвестициялық операцияларға қатысты тәжірибесі мен білімі жоқ клиенттердің активтерімен операцияларға, сол сияқты білікті инвесторлардың операцияларына да қатысты қолданылады.
Өз кезегінде, білікті инвесторлардың инвестициялау саласында қажетті білімі бар және қаржы тұрғысынан шығын тәуекелін өздері көтеруге қабілетті. Тиісінше, бағалы қағаздар нарығында инвесторлардың осы класын жандандыру мақсатында олардың активтерімен мәмілелер жасау кезінде қазіргі реттейтін шектеулерді барынша қысқарту қажет.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау тетігі «біліксіз» инвесторлар тарапынан сенімді арттыруға бағытталуға тиіс.
Қазақстан Республикасында инвесторларды олардың біліктілігіне қарай кластарға бөлу, халықаралық практикада көзделгендей, олардың қорғалуы дәрежесіндегі айырмашылықты көздемейді. Мысалы, клиенттерге Еуропалық Одақта инвестициялық қызметтерді ұсынатын барлық мекемелерге қатысты директива 2004/39/CE (Markets in Financial Instruments Directive) көрсетілген аталған мекемелердің инвесторлардың мүдделерін олардың біліктілігіне қарай қорғау жөніндегі шараларды енгізуі бойынша талапты белгілейді. «Біліксіз» клиент мәртебесі берілген клиенттер анағұрлым қорғау дәрежесін алады. Мұндай тұлғалар инвестициялық қызметті орындамау немесе нарықтық ауытқулар салдарынан қаржы құралы құнының азаюына байланысты емес қаржы құралдарын қайтарусыз жоғалту нәтижесінде туындаған шығындар үшін өтемақы ала алады. Инвестициялық компания клиенттердің аталған класына инвесторлардың мүдделерін қорғау жөніндегі барлық іс-шараларды қамтамасыз етуге міндетті.
Осыған байланысты, білікті инвесторлардың активтерімен мәмілелер бойынша операцияларды жандандыру мақсатында брокерлік ұйымдардың қызметіндегі «төлемге қарсы жеткізу» қағидатын орындау, халықаралық нарықтарда мәмілелерді жасау кезінде кастодиан банктің қызметтерін және бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығында мәмілелер жасауға шектеулерді, сондай-ақ пруденциялық реттеуді пайдалану бойынша шектеулерді қайта қарау қажет.
3. Инвестициялық банкингті дамыту үшін жағдайлар жасау.
Бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын одан әрі дамыту және ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру мақсатында инвестициялық банкинг институты кезең-кезеңімен құрылатын болады.
Инвестициялық банкингті брокерлік көрсетілетін қызметтерді, бағалы қағаздар мен өзге де мүлікті сенімгерлікпен басқаруды, клиенттерді бағалы қағаздарды сатып алу үшін не бағалы қағаздармен кредиттеуді, қаржылық консультация беруді және кастодиандық көрсетілетін қызметтерді, құрылымдық өнімдер шығаруды, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін қоса алғанда, өздерінің клиенттеріне қызметтердің кең ауқымын көрсететін қаржы институттары жүзеге асыратын болады.
Инвестициялық банкинг тұжырымдамасын іске асыру жобалық қаржыландырудың тәуекел құралдарын пайдалануға байланысты коммерциялық банктердің тәуекелдерін төмендетуге ықпал етуі мүмкін. Бұл қаржылық көрсетілетін қызметтердің барынша жоғары ену деңгейін қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықтың жинақ ақшасын ұлғайту үшін балама құралды ұсынады.
4. Брокерлік ұйымдардың клиенттерге қызмет көрсету бөлігіндегі функционалы мен мүмкіндіктерін кеңейту.
Брокерлердің өз клиенттерінің операцияларын кредиттеудің әлемде кең тараған практикасын, сондай-ақ брокердің өз клиенттерінің уақытша бос қаражатын дилерлік қызметте пайдалану тетігін енгізу талап етіледі. Мұндай тетіктер брокерлік ұйымның клиенттеріне «T+n» есеп айырысу жүйесі бойынша бағалы қағаздармен мәмілелерде неттингті пайдалануға, банктік кредиттеуге жүгінбей, бағалы қағаздарды сатып алу үшін барынша қолжетімді қорландыруға қол жеткізуге, ал брокерлік ұйымдарға бағалы қағаздармен сауда-саттық процесінде өтімділікті қамтамасыз ету үшін барынша икемді құралдарды иеленуге мүмкіндік береді.
Бұл міндет брокерлік ұйымдарға банк операцияларының жекелеген түрлерін, атап айтқанда банктік қарыз операцияларын жүргізуге лицензияны алу мүмкіндігін беру арқылы іске асырылуы мүмкін, бұл бағалы қағаздар нарығы туралы заңнаманы және банк заңнамасын жетілдіру қажеттігі туралы мәселені шамамен 2016 – 2020 жылдары қарауды талап етеді. Бұл ретте, тәуекелдерді брокерлік ұйымдардың клиенттерді бағалы қағаздарды сатып алу мақсаты үшін кредиттеумен ғана қарыз операцияларын жүзеге асыру мүмкіндігін шектеу есебінен азайтуға болады.
Бұдан басқа, инвесторлардың шығасыларын оңтайландыру және клиенттердің ақшасын есепке алудың айқындылығын арттыру мақсатында брокерлердің өздігінен клиенттердің ағымдағы шоттарын ашу мен жүргізу мүмкіндігін көздеу қажет. Ол үшін брокерлерге ағымдағы шоттарды ашу мен жүргізу үшін лицензияның болуы талап етіледі, бұл да банк операцияларының жекелеген түрлеріне жатады.
Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге осындай лицензиялардың болуы осындай лицензиялары бар брокерлік ұйымдарды реттеуге қолданыстағы тәсілді өзгертуді де талап етеді. Атап айтқанда, осындай брокерлік ұйымдарды пруденциялық реттеуді қайта қарау және оны банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды реттеуге ұқсас белгілеу талап етіледі.
Зейнетақы активтерін басқарудың осыған дейін жинақтаушы зейнетақы қорлары арқылы ұсынылған жеке сектордан Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне берілуіне байланысты, бағалы қағаздар нарығындағы қызметке қойылатын талаптар айтарлықтай дәрежеде ырықтандырылып, оңайлатылуға тиіс. Реттеу көп дәрежеде инвесторлардың өздерінің инвестициялық шешімдер қабылдаған кезде нарықтық тәуекелдерді дербес бағалау мүмкіндіктеріне бағдарлануға тиіс. Мұндай шараларды қолдану бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін қажетті серпін береді және оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Брокерлік ұйымдардың эмиссиялық бағалы қағаздармен және басқа қаржы құралдарымен сауда-саттыққа қатысуы үшін бағалы қағаздар нарығына тікелей қол жеткізу қызметтерін өз клиенттеріне көрсету үшін Direct Market Access (бұдан әрі – DMA) жүйелерін кеңінен пайдалануды ынталандыру барынша маңызды болып табылады.
Инвесторлардың, оның ішінде «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысатын инвесторлар санының өсуі брокерлік ұйымдардан инвесторлардың клиенттік тапсырыстарын өңдеу үшін материалдық-техникалық ресурстарын ұлғайтуды талап етеді, бұл, түпкі нәтижесінде, олар көрсететін қызметтердің қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Осыған орай, инвесторлардың ауқымды санына қызмет көрсететін брокерлерге қатысты DMA жүйелерін пайдалану жөніндегі талаптарды белгілеу қажет, бұл биржаға өтінімді жеткізу және оның жай-күйі туралы ақпарат алу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Биржаға тікелей қолжетімділігі арқасында инвесторлар өз тапсырыстарын DMA жүйелерінде дербес қалыптастыра алады және оларға қызмет көрсететін брокерлерге қашықтықтан бере алады. Бұл ретте, брокер алынған клиенттік тапсырыстарға жылдамдатылған (әдетте автоматты) тапсырыстарды тіркеу, тексеру, верификациялау, есепке алу, орындау және қор биржасының сауда жүйесінде осы тапсырыстардың негізінде өтінімдерді қалыптастыру рәсімдерін қолдана алады. Сондай-ақ тікелей қолжетімділігі брокерлердің клиенттеріне қор биржасының сауда жүйесінен нарықтық ақпаратты ең аз кідіріспен алуға, өз клиенттік тапсырыстарын электрондық түрде қалыптастыруға, оларды брокерге оның кеңсесіне бару қажеттілігінсіз беруге, сондай-ақ іс жүзінде нақты уақытта өз өтінімін қор биржасының сауда жүйесінде көруге мүмкіндік береді.
Бұл міндетті іске асыру жеке инвесторлардың едәуір көлеміне қызмет көрсететін брокерлік ұйымдарға қатысты DMA жүйелерін пайдалана отырып, тікелей қол жеткізілетін қызметтерді көрсету жөнінде талаптар белгілеуді, сондай-ақ брокерлік ұйымдардың бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етуіне арналған қолданыстағы талаптарды жетілдіру мәселесін қарауды талап етеді.
5. Сауда-саттықты ұйымдастырушы ұсынатын қызметтер тізбесін кеңейту.
Қор биржасы биржаның нарық сұранысына ден қоюының икемділігін көтеруге, сондай-ақ қор биржасы мүшелері клиенттерінің белсенділігін арттыруға бағытталған стратегиялық жобаларды:
1) қазақстандық және шетелдік инвесторларға Интернет арқылы қор биржасында сауда жасаудың қосымша технологиялық мүмкіндіктерін беретін пайдаланушылар сервистерін, жаңа бағдарламалық өнімдерді одан әрі дамыту;
2) осы арқылы Қазақстан Республикасынан басқа өзге мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес құрылған және жұмыс істейтін заңды тұлғалар мұндай тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңнамасының және қор биржасы ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес келген жағдайда сауда-саттыққа қандай да болмасын қаржы құралдарының тиісті қолжетімдігімен қор биржасына мүшелікті ала алатындай, Қазақстан қор биржасына қашықтан мүшелікті дамыту;
3) брокерлік компаниялар мен инвесторлардың қор нарығының секторларына және қор биржасының туынды қаржы құралдарының нарығына тікелей кіруі үшін мүмкіндіктерін арттыру, сондай-ақ биржаның валюта нарығына тікелей кіруіне мүмкіндік жасау;
4) ішінара қамтамасыз етумен, клирингпен және тәуекелдерді басқарудың тиісті жүйесімен қор нарығында кейінге қалдырылған төлемдер жүйесін енгізу;
5) операциялық тиімділікті арттыру, есеп айырысу аударымдарының санын/көлемдерін, қор биржасындағы шығыстарды азайту, тәуекелдерді барынша азайту және нарыққа қатысушыларды дефолттардан қорғау, оның ішінде орталық контрагенттің қызметтерін қолдана отырып қорғау мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін клирингтік және есеп айырысу жүйелерін биржаға енгізу жолымен жалғастыратын болады.
6. БЭК елдерінде бірыңғай биржалық кеңістікті қалыптастыру, Қазақстан қор биржасының листингіне жіберілген отандық эмитенттер акцияларының кросс-трейдингі мен кросс-листингі.
БЭК-қа қатысушы елдерде бірыңғай биржалық кеңістікті қалыптастыру капиталдың еркін қозғалысы қағидаттарында жүзеге асырылуға тиіс, бұл мыналарды білдіреді:
1) инвесторларға, БЭК-қа қатысушы елдердің азаматтарына қор биржалары тізімінің қайсысында бұл бағалы қағаздардың немесе Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы немесе Беларусь Республикасы болсын инвестордың орналасу елінің тізімінде болуына қарамастан, БЭК-қа қатысушы елдердің эмитенттерінің бағалы қағаздарымен операциялар жүргізу мүмкіндігін беру;
2) БЭК-қа қатысушы елдерде тіркелген заңды тұлғаларға инвестициялау мүмкіндігін не бұл заңды тұлғалар тіркелген елге қарамастан, БЭК-қа қатысушы елдерде орналасқан басқа заңды тұлғаларды иелену мүмкіндігін беру.
Бұл қағидатты іске асыру өзара тану және брокерлік ұйымдарды БЭК-қа қатысушы елдердің бағалы қағаздар нарықтарына жіберу (кросс-трейдинг) арқылы жүзеге асырылуға тиіс.
Бұл инвесторларға, БЭК-қа қатысушы елдердің резиденттеріне құқықтық өкілеттіктерінде осы бағалы қағаздармен сауда-саттық жүзеге асырылатын БЭК-қа қатысушы елдің брокерлік ұйымдарына жүгінбей, жергілікті брокерлік ұйымдардың көрсетілетін қызметтерін пайдалана отырып, БЭК-қа қатысушы елдердің эмитенттерінің бағалы қағаздарымен операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасы резидент эмитенттерінің акцияларын бірнеше қор биржаларында кросс-листинг жүргізу мүмкіндігі, яғни осы қор биржалары арасындағы өзара уағдаластықтар негізінде не эмитенттің листинг рәсімінен өтуі жөніндегі іс-қимылдарымен байланысты емес заңнамаға (халықаралық шартқа) сәйкес бірнеше қор биржасында бір мезгілде акциялардың бағаларын белгілеу мүмкіндігі бар. Акциялардың кросс-листингі нәтижесінде шетелдік инвесторлар тарапынан операциялардың негізгі көлемі шетелдік құқықтық өкілеттіктердегі қор биржаларында жасалуы мүмкін, бұл отандық қор биржасынан өтімділіктің шығарылуына әкеледі.
Осылайша, БЭК елдерінде бірыңғай биржалық кеңістікті қалыптастыру акциялардың кросс-листингін емес, кросс-трейдингін дамыту арқылы жүзеге асырылуға тиіс.
Бұл жағдайда Қазақстан Республикасы резидент-эмитенттері акцияларының шетелдік қор биржаларындағы листингі осы биржалар мен Қазақстан қор биржасының арасындағы келісімдердің негізінде емес, олардың осы биржаларға қосарлама листинг рәсімдерінен өтуі арқылы немесе заңнаманың (халықаралық шарттың) өзге нормаларына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
Бұдан басқа, шетелдік қор биржаларының листингіне енгізілген, Қазақстан Республикасының резидент ұйымдарының бағалы қағаздарын отандық қор биржасына басымдықпен орналастыруды ынталандыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру да талап етіледі. Бұл ұйымдардың қосарлама листингі өтімділіктің ауқымды бөлігінің шетелдік қор биржаларына шоғырлануына әкеледі және соның нәтижесінде, Лондон қор биржасында көрсетілген акциялар бағаларының өзгеруі олардың Қазақстан қор биржасындағы трендіне әсер етеді.
Бұл міндетті іске асыру Қазақстан Республикасының резидент ұйымдары акцияларының Қазақстан қор биржасында басымдықпен айналыста болуы үшін оңтайлы жағдайлар жасауды талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |