Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі



бет5/26
Дата25.02.2016
өлшемі1.89 Mb.
#21576
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26

507-бап. Сый алушының сыйды алудан бас тартуы

1. Сый алушы өзiне сый берiлгенге дейiн кез келген уақытта одан бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда сыйға тарту шарты бұзылған деп есептеледi.

2. Егер сыйға тарту шарты жазбаша түрде жасалса, сыйдан бас тарту да жазбаша түрде жасалуға тиiс. Сыйға тарту шарты тiркелген жағдайда сыйды алудан бас тарту да мемлекеттік тiркелуге тиiс.

3. Егер сыйға тарту шарты жазбаша түрде жасалған болса, сый берушi сый алушыдан сыйды алудан бас тартқаны үшiн өзiне келтiрiлген нақты зиянды өтеуiн талап етуге құқылы.

508-бап. Сыйға тарту шартының нысаны

1. Сый алушыға сыймен қоса сыйға тарту осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ауызша жасалуы мүмкiн. Сыйды беру оны тапсыру, символдық беру (кiлттердi табыс ету және т.б.) не құқық белгiлейтiн құжаттарды тапсыру арқылы жүзеге асырылады.

2. Қозғалмайтын мүлiктi сыйға тарту шарты:

1) заңды тұлға сый берушi болған және сыйдың құны заң актілерінде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiштен асатын;

2) шартта алдағы уақытта сыйға тартуға уәде етiлген жағдайларда жазбаша түрде жасалуға тиiс.

Ауызша жасалған сыйға тарту шарты осы тармақта көзделген жағдайларда жарамсыз болады.

3. 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

 

2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 509-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)



509-бап. Сыйға тартуға тыйым салу

Құны заң актілерінде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын әдеттегi сыйлықтарды қоспағанда:

1) жас балалар мен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған азаматтардың атынан олардың заңды өкiлдерiнiң;

2) емдеу, тәрбиелеу мекемелерiнiң, әлеуметтiк қорғау мекемелерiнiң және сол секiлдi мекемелердiң қызметкерлерiне олардың емдеуіндегі, асырауындағы не тәрбиесіндегі азаматтардың және осы азаматтардың зайыптары мен туыстарының;



3) мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жағдайына байланысты немесе олардың қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты сый тартуға жол берілмейді.

 

510-бап. Сыйға тартуды шектеу



1. Заты шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығына жататын заңды тұлға, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң келісімiмен өзiнiң затын сыйлауға құқылы. Бұл шектеу құны заң актілерінде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын әдеттегi сыйлықтарға қолданылмайды.

2. Бiрлескен ортақ меншiктегi мүлiктi сыйға тартуға бiрлескен меншiктiң барлық қатысушыларының келісімi бойынша осы Кодекстiң 220-бабында көзделген ережелердi сақтай отырып жол берiледi.

3. Сый берушiге тиесiлi талап құқықтарын үшiншi тұлғаға сыйға тарту осы Кодекстiң 339-343, 345, 346-баптарында көзделген ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады.

4. Үшiншi тұлға алдында сый алушының мiндеттерiн орындау арқылы сыйға тарту осы Кодекстiң 276-бабының 1-тармағында көзделген ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады.

Үшiншi тұлға алдында сый берушiнiң сый алушы борышын өзiне аудару арқылы сыйға тартуы осы Кодекстiң 348-бабында көзделген ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады.

5. Өкiлдiң сыйға тартуға жасаған сенімхатында сый алушы аталмаса және сыйға тартатын заты көрсетiлмесе, ол жарамсыз болады.

511-бап. Сыйға тарту шартын орындаудан бас тарту

1. Егер шарт жасалғаннан кейiн сый берушiнiң мүлiктiк немесе отбасылық жағдайы, не денсаулығы шартты жаңа жағдайларда орындау оның тұрмыс деңгейiнiң едәуiр нашарлауына әкеп соқтыратындай болып өзгерсе, сыйға тартушы келешекте сый алушыға зат немесе құқық беру уәдесiн немесе сый алушыны мүлiктiк мiндеттен босату уәдесiн қамтитын шартты орындаудан бас тартуға құқылы.

2. Сыйға тартушы келешекте сый алушыға зат не құқық беру уәдесiн, не сый алушыны оған сыйға тартуды өзгерту құқығын берушi негiздемелер бойынша мүлiктiк мiндеттемеден босату уәдесiн қамтитын шартты орындаудан бас тартуға құқылы (осы Кодекстiң 512-бабының 1-тармағы).

3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген негiздемелер бойынша сыйға тартушының сыйға тарту шартын орындаудан бас тартуы сый алушыға залалдарды өтеудi талап ету құқығын бермейдi.

2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 512-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

512-бап. Сыйға тартудың күшiн жою

1. Егер сый алушы сыйға тартушының өмiрiне, оның отбасы мүшелерiнiң немесе жақын туыстарының бiреуiне қастандық жасаса не сый берушiге қасақана дене жарақатын салса, сыйға тартушы сыйға тартудың күшін жоюға құқылы.

Сый алушы сыйға тартушыны қасақана өлтiрген жағдайда сотта сыйға тартудың күшiн жоюды талап етуге сыйға тартушы мұрагерлерiнiң құқығы болады.

2. Егер сый алушының сыйға тартушы үшiн үлкен мүлiктiк емес құндылық болып саналатын сыйланған затты ұстауы оның бiржола жойылу қаупiн тудырса, сыйға тартушы сыйға тартудың күшiн сот тәртібімен жоюды талап етуге құқылы.

3. Сот мүдделi тұлғаның талап етуi бойынша, жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның оның кәсiпкерлiк қызметiне байланысты Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамалық актісінің ережелерiн бұза отырып жасаған сыйға тартуының күшiн мұндай тұлғаны банкрот деп жариялаудың алдындағы бiр жыл iшiнде жоя алады.

4. Сыйға тарту шартында, сый берушi сый алушыдан ұзақ өмiр жүрген жағдайда, сыйға тартудың күшiн жою құқығы ескертiлуi мүмкін.

5. Сыйға тартудың күшi жойылған жағдайда, егер сыйланған зат сыйға тартудың күшi жойылған кезге дейiн сол күйiнде сақталса, сый алушы оны қайтаруға мiндеттi.

513-бап. Сыйға тарту шартын орындаудан бас тарту және сыйға тартудың күшiн жою мүмкiн болмайтын жағдайлар

Сыйға тарту шартын орындаудан бас тарту туралы (осы Кодекстiң 511-бабы) және сыйға тартудың күшiн жою туралы (осы Кодекстiң 512-бабы) ережелер құны заң актілерінде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын сыйлықтарға қолданылмайды (осы Кодекстiң 510-бабының 1-тармағы).

514-бап. Сыйланған заттың кемшiлiктерi салдарынан зиян келтiру зардабы

Сыйланған заттың кемшiлiктерi салдарынан сый алушы азаматтың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкіне келтiрiлген зиянды, егер бұл кемшiлiктер сый алушыға затты беруден бұрын пайда болғаны дәлелденсе және анық кемшiлiктер қатарына жатпаса, ал сыйға тартушы ол жөнiнде бiле тұра сый алушыға ескертпесе, осы Кодекстiң 47-тарауында көзделген ережелерге сәйкес сыйға тартушы өтеуге тиiс.

515-бап. Сыйға тартуға уәде беру кезіндегі құқық мирасқорлығы

1. Сыйға тарту шарты бойынша сыйға тартуға уәде берiлген сый алушының құқықтары, егер сыйға тарту шартында өзгеше көзделмесе, оның мұрагерлерiне (құқық мирасқорларына) ауыспайды.

2. Сыйға тартуға уәде берген сыйға тартушының мiндеттерi, егер сыйға тарту шартында өзгеше көзделмесе, оның мұрагерлерiне (құқық мирасқорларына) ауысады.

516-бап. Қайырмалдық

1. Жалпы пайдалану мақсатында затты немесе құқықты сыйға тарту қайырмалдық деп танылады.

Қайырмалдық азаматтарға, емдеу, тәрбие беру мекемелерiне, әлеуметтiк қорғау мекемелерiне және басқа да сол сияқты мекемелерге, қайырымдылық, ғылыми және оқу мекемелерiне, қорларға, мұражайлар мен басқа да мәдениет мекемелерiне, қоғамдық және дiни бiрлестiктерге, сондай-ақ мемлекетке және осы Кодекстiң 111 және 112-баптарында аталған азаматтық құқықтың басқа да субъектiлерiне жасалуы мүмкiн.

2. Қайырмалдықты алуға ешкiмнiң рұқсаты немесе келісімi талап етiлмейдi.

3. Азаматқа мүлiк қайырмалдыққа берілуге тиiс, ал заңды тұлғаларға қайырмалдық етушi осы мүлiктi белгiлi бiр мақсатқа пайдалануды ескертiп беруi мүмкiн. Мұндай талап болмаған жағдайда азаматқа мүлiктi қайырмалдыққа беру жай сыйға тарту болып есептеледi, ал басқа жағдайларда қайырмалдыққа берiлген мүлiктi сый алушы мүлiктi мақсатына сай пайдаланады.

Пайдалану үшiн белгiлi бiр мақсат белгiленген қайырмалдықты алушы заңды тұлға қайырмалдыққа берiлген мүлiктi пайдалану жөніндегі барлық операциялардың оқшауланған есебiн жүргізуге тиiс.

4. Егер мән-жайлардың өзгеруi салдарынан қайырмалдыққа берiлген мүлiктiң қайырмалдық берушi көрсеткен мақсатқа сәйкес пайдаланылуы мүмкiн болмаса, ол басқа мақсатқа қайырмалдық берушiнiң келісімiмен ғана, ал қайырмалдық берушi азамат қайтыс болған немесе қайырмалдық берушi заңды тұлға таратылған жағдайда - соттың шешiмi бойынша пайдаланылуы мүмкiн.

5. Қайырмалдыққа берiлген мүлiктiң қайырмалдық берушi көрсеткен мақсатқа сәйкес пайдаланылмауы немесе бұл мақсатты осы баптың 4-бабында көзделген ережелердi бұза отырып өзгертуi қайырмалдық берушiге, оның мұрагерлерiне немесе өзге де құқық мирасқорына қайырмалдықтың күшiн жоюды талап етуге құқық бередi.

6. Қайырмалдықтарға осы Кодекстiң 512 және 515-баптары қолданылмайды.

28-тарау. Рента және өмір бойы асырауда ұстау



1. Жалпы ережелер

517-бап. Рента шарты

1. Рента шарты бойынша бiр тарап (рента алушы) екiншi тараптың (рента төлеушiге) меншiгiне мүлiк бередi, ал рента төлеушi алған мүлiкке айырбас ретiнде рента алушыға белгiлi бiр ақша сомасы түрiнде немесе оны ұстау үшiн өзге де нысанда қаражат беру түрiнде мезгiл-мезгiл рента төлеп отыруға мiндеттенедi.

2. Рента шарты бойынша рента алушыға рентаны мерзiмсiз (тұрақты рента) немесе өмiр бойы төлеу (ғұмырлық рента) мiндетiн бекiтуге жол берiледi. Ғұмырлық рента азаматты өмiр бойы асырап отыру жағдайларында белгiленуi мүмкiн.

2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 518-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)



518-бап. Рента шартының нысаны

Рента шартын нотариат куәландыруға тиiс.

519-бап. Рента төлеу үшiн мүлiктi иелiктен айыру

1. Рента төлеу үшiн иелiктен айырылатын мүлiктi рента алушы рента төлеушiнiң меншiгiне ақы төлетiп немесе тегiн беруi мүмкiн.

2. Рента шартында мүлiктi ақы төлетiп беру көзделген жағдайларда тараптардың беру және төлеу жөніндегі қатынастарына сатып алу-сату шарты туралы ережелер (осы Кодекстiң 25-тарауы), ал мұндай мүлiк тегiн берiлетiн жағдайларда, егер осы тараудың ережелерiнде өзгеше белгiленбесе және шарттың мәнiне қайшы келмесе, сыйға тарту шарты туралы ережелер қолданылады (осы Кодекстiң 27-тарауы).

520-бап. Қозғалмайтын мүлiкке рента жүктеу

1. Рента жер учаскесiне, сондай-ақ оны төлейтiн етiп берiлген кәсiпорынға, үйге, ғимаратқа немесе басқа да қозғалмайтын мүлiкке құқық жүктейдi. Рента төлеушi осындай мүлiктi иелiктен айырған жағдайда оның рента шарты бойынша мiндеттемелерi мүлiктi сатып алушыға ауысады.

2. Рента жүктелiп берiлген, осы баптың 1-тармағында аталған мүлiктi басқа тұлғаның меншiгiне берген тұлға, егер осы Кодексте, басқа да заң актілерінде немесе шартта осы мiндеттеме бойынша бiрдей жауапкершiлiк көзделмесе, рента алушының рента шартының бұзылуына байланысты туған талаптары бойынша субсидиарлық жауапты болады (осы Кодекстiң 357-бабы).

521-бап. Рентаның төленуiн қамтамасыз ету

1. Жер учаскесi немесе басқа да қозғалмайтын мүлiк құқығы рента төлейтiн етiп берiлген кезде рента алушы рента төлеушiнiң мiндеттемесiн қамтамасыз ету үшiн осы мүлiктi кепiлге беру құқығын алады.

2. Рента төлеушiнiң мiндеттемелерiн (осы Кодекстiң 292-бабы) орындауды қамтамасыз ету не осы мiндеттемелердiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн жауапкершiлiк тәуекелi рента алушының пайдасына сақтандыру мiндетiн белгiлейтiн талап ақша сомасын немесе өзге де қозғалатын мүлiктi рента төлейтiн етiп берудi көздейтiн шарттың елеулi талабы болып табылады.

3. Рента төлеушi осы баптың 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындамаған кезде, сондай-ақ рента алушы жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша қамтамасыз етуден айырылған немесе қамтамасыз ету талаптарын нашарлатқан жағдайда рента алушы рента шартын бұзуға және рента шартының бұзылуынан келтірілген залалдың өтелуiн талап етуге құқылы.

522-бап. Рента төлеудiң мерзiмiн кешiктiргенi үшiн жауапкершiлiк

Рента төлеу мерзiмiн кешiктiргенi үшiн рента төлеушi рента алушыға, егер шартта тұрақсыздық айыбының өзгеше мөлшерi белгiленбесе, осы Кодекстiң 353-бабында көзделген мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлейдi.

2. Тұрақты рента

523-бап. Тұрақты рентаны алушы

1. Тек қана азаматтар мен коммерциялық емес ұйымдар, егер бұл олардың қызмет мақсаттарына сәйкес келсе, тұрақты рентаны алушылар бола алады.

2. Тұрақты рента шарты бойынша рента алушының құқықтары, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, қойылатын талапқа жол беру және мұрагерлiк не құқық мирасқорлығы тәртібімен заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру арқылы осы баптың 1-тармағында аталған тұлғаларға берiлуi мүмкiн.

524-бап. Тұрақты рентаның нысаны мен мөлшерi

1. Тұрақты рента шартта белгiленген мөлшерде ақшалай төленедi.

2. Шартта рентаны төлеу рентаның ақшалай сомасының құнына сәйкес келетiн заттар беру, жұмыстар атқару немесе қызметтер көрсету жолымен қарастырылуы мүмкiн.

3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, төленетiн рентаның мөлшерi заң актілерінде белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiштiң өзгеруiне бара-бар өзгертiледi.

525-бап. Тұрақты рентаны төлеу мерзiмдерi

Егер шартта өзгеше көзделмесе, тұрақты рента әрбiр күнтiзбелiк тоқсан аяқталғаннан кейiн төленедi.

526-бап. Төлеушiнiң тұрақты рентаны сатып алу құқығы

1. Тұрақты рента төлеушi рентаны сатып алу жолымен оны одан әрi төлеуден бас тартуға құқылы.

2. Бұлайша бас тарту рента төлеушi рента төлеу тоқтатылғанға дейiн үш айдан кешiктiрмей немесе шартта көзделген неғұрлым ұзақ мерзiмде жазбаша түрде мәлiмдеген жағдайда жарамды болады. Бұл орайда рента төлеу жөніндегі мiндеттеме, егер шартта сатып-алудың өзгеше тәртібі көзделмесе, рента алушы барлық сатып алу сомасын алғанға дейiн тоқтатылмайды.

3. Тұрақты рента төлеушiнiң оны сатып алу құқығынан бас тарту туралы шарт талабы жарамсыз болады.

Шартта тұрақты рентаны сатып алу құқығы рента алушының тiрi кезiнде не шарт жасалған кезден бастап отыз жылдан аспайтын өзге де мерзiм iшiнде жүзеге асырылмайтындығы көзделуi мүмкiн.

527-бап. Тұрақты рентаны рента алушының талабы бойынша сатып алу

Рента алушы:

1) егер шартта өзгеше белгiленбесе, рента төлеушi оның төленуiн бiр жылдан астам уақытқа кешiктiрген;

2) рента төлеушi рентаның төленуiн қамтамасыз ету жөніндегі өз мiндеттемелерiн бұзған (осы Кодекстiң 521-бабы);

3) рента төлеушi төлемге қабiлетсiз деп танылған не оның шартта белгiленген мөлшер мен мерзiмде рента төлей алмайтынын айқын куәландыратын өзге де мән-жайлар пайда болған;

4) рента төлемi ретiнде берiлген қозғалмайтын мүлiк жалпы меншiкке түскен немесе бiрнеше тұлғалар арасында бөлiнген жағдайларда;

5) шартта көзделген басқа да жағдайларда төлеушiнiң рентаны сатып алуын талап етуге құқылы.

528-бап. Тұрақты рентаның сатып алу бағасы

1. Тұрақты рентаны сатып алу осы Кодекстiң 526 және 527-баптарында көзделген жағдайларда шартта белгiленген баға бойынша жүргiзiледi.

2. Шартта рента төлемi ретiне төлеу үшiн берiлген мүлiктiң сатып алу бағасы туралы ереже болмаған кезде сатып алу рента төлемдерiнiң жылдық сомасына сәйкес баға бойынша жүзеге асырылады.

3. Шартта рента төлемiн төлеуге тегiн берiлген мүлiктiң сатып алу бағасы туралы ереже болмаған кезде сатып алу бағасына рента төлемдерiнiң жылдық сомасымен қатар берiлген мүлiктiң бағасы да қосылады.

529-бап. Тұрақты рента төлемi ретiнде берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi

1. Тұрақты рента төлемi ретiнде тегiн берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупін рента төлеушi мойнына алады.

2. Тұрақты рента төлемi ретiнде төлеу үшiн берiлген мүлiк кездейсоқ жойылған немесе кездейсоқ бүлiнген кезде төлеушi тиiсiнше рента төлеу жөніндегі мiндеттемесiн тоқтатуды немесе оны төлеу талаптарын өзгертудi талап етуге құқылы.

3. Ғұмырлық рента

530-бап. Ғұмырлық рента алушылар

1. Рента төлемi ретiнде мүлiк берген азаматтың өмiрi кезеңiне не ол көрсеткен басқа азаматтың өмiрi кезеңiне ғұмырлық рента белгiленуi мүмкiн.

2. Егер шартта өзгеше белгiленбесе, рента алу құқығындағы үлестерi тең деп саналған бiрнеше азаматтың пайдасына ғұмырлық рента белгiлеуге жол берiледi.

Рента алушының бiреуi қайтыс болған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның рента алу құқығындағы үлесi тiрi қалған рента алушыларға ауысады, ал соңғы рента алушы қайтыс болған жағдайда рента төлеу мiндеттемесi тоқтатылады.

3. Шарт жасасу қарсаңында қайтыс болған азаматтың пайдасына ғұмырлық рента белгiлейтiн шарт жарамсыз болады.

531-бап. Ғұмырлық рентаның мөлшері

1. Ғұмырлық рента шартта рента алушыға оның өмiр сүруi кезiнде мезгiл-мезгiл төленiп тұратын ақша сомасы ретінде белгiленедi. Тараптар өмiр бойы асырауда ұстау туралы шарт жасасқан жағдайларда шартта мұндай асыраудың ақшалай бағасы белгiленуге тиiс.

2. Егер ғұмырлық рента шартында өзгеше көзделмесе, төленетiн рентаның мөлшері бір айға шаққанда заң актілерінде белгіленген ең төменгі жалақыдан кем болмауға тиiс.

532-бап. Ғұмырлық рентаны төлеу мерзiмдерi

Егер шартта өзгеше көзделмесе, ғұмырлық рента әрбiр күнтiзбелiк ай аяқталғанда төленедi.

533-бап. Ғұмырлық рента шартын рента алушының талап етуi бойынша бұзу

1. Төлеушi шарт талаптарын елеулi түрде бұзған жағдайда рента алушы рента төлеушiден осы Кодекстiң 528-бабында көзделген талаптармен рентаны сатып алуды не шартты бұзуды талап етуге құқылы.

2. Егер пәтер, тұрғын үй немесе өзге де мүлiк ғұмырлық рента төлемi ретiнде тегiн иелiктен айырылса, рента төлеушi шарт талаптарын елеулi түрде бұзған кезде рента алушы осы мүлiктi оның құнын рентаның сатып алу бағасына есептей отырып қайтаруды талап етуге құқылы.

534-бап. Рента төлемі ретiнде берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу қаупi

Ғұмырлық рента төлемi ретiнде берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылуы немесе кездейсоқ бүлiнуi рента төлеушiнi шартта көзделген талаптар бойынша оны төлеу мiндеттемесiнен босатпайды.

4. Өмiр бойы асырауда ұстау



535-бап. Өмiр бойы асырауда ұстау шарты

1. Өмiр бойы асырауда ұстау шарты бойынша рента алушы азамат өзiне тиесiлi қозғалмайтын мүлiктi сол азаматты және (немесе) ол көрсеткен үшiншi бiр адамды өмiр бойы асырауда ұстауды жүзеге асыруға мiндеттенген рента төлеушiнiң меншiгiне бередi.

2. Өмiр бойы асырауда ұстау шартына, егер осы параграфтың ережелерiнде өзгеше көзделмесе, ғұмырлық рента туралы ережелер қолданылады.

536-бап. Асырауда ұстауға беру жөніндегі мiндет

1. Рента төлеушiнiң асырауда ұстауға беру жөніндегі мiндетiне тұрғын үйге, тамақ пен киімге, күтiм жасауға және қажеттi көмекке деген қажеттерiн қамтамасыз ету енгiзiлуi мүмкiн.

Шартта рента төлеушiнiң салт-жора қызметiн көрсетуге ақы төлеуi де көзделуi мүмкiн.

2. Шартта жалпы асырауда ұстау көлемiнiң құны айқындалуға тиiс. Бұл орайда жалпы асырауда ұстау көлемi айына заң актілерінде белгiленген ең төменгi екi жалақы мөлшерiнен кем болмауы керек.

3. Азаматқа берiлетiн немесе берiлуге тиiстi асырауда ұстау көлемi туралы тараптар арасында туған дауды шешу кезiнде сот адалдық пен парасаттылық принциптерiн басшылыққа алуға тиiс.

537-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды мерзiмдiк төлеммен ауыстыру

Шартта асырауда ұстауға заттай берудi ақшалай мерзiмдiк төлеммен ауыстыру мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.

538-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды қамтамасыз ету үшiн берiлген мүлiктi иелiктен айыру және пайдалану

1. Рента төлеушi өзiне өмiр бойы асырауда ұстауды қамтамасыз ету үшiн берiлген қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айыруға, кепiлге беруге және өзге де әдiспен жүктеуге рента алушының алдын ала келісімi болғанда ғана құқылы.

2. Рента төлеушi өмiр бойы асырауда ұстауға берiлген кезеңде аталған мүлiктi пайдалану осы мүлiктiң құнын оның табиғи тозуынан тыс төмендетуге әкеп соқпау үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.

539-бап. Өмiр бойы асырауда ұстауды тоқтату

1. Өмiр бойы асырауда ұстау мiндеттемесi рента алушы қайтыс болғанда тоқтатылады.

2. Рента төлеушi өз мiндеттемелерiн елеулi түрде бұзған кезде рента алушы өмiр бойы асырауды қамтамасыз етуге берiлген қозғалмайтын мүлiктi қайтаруды не осы Кодекстiң 528-бабында белгiленген жағдайда өзiне сатып алу бағасын төлеудi талап етуге құқылы. Бұл орайда рента төлеушiнiң рента алушыны асырауда ұстауға байланысты жасалған шығындарды өтеудi талап етуге құқығы жоқ.

29-тарау. Мүліктік жалдау (жалға алу)

 

1. Жалпы ережелер

540-бап. Мүліктік жалдау шарты

1. Мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша жалға берушi жалға алушыға мүлiктi ақы төлеп уақытша иеленуге және пайдалануға беруге мiндеттенедi.

2. Жалға алушы жалға алған мүлiкке осы Кодексте белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша иелiк етуге құқылы.

3. Лизинг, прокат шарттары да, сондай-ақ мүлiктi ақы төлеп уақытша иелену мен пайдалануға беруге байланысты шарттардың өзге түрлерi де мүліктік жалдау шарттарына жатады.

2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 131-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.31.10. № 380-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 541-бап өзгертілді

541-бап. Мүліктік жалдау объектiлерi

1. Мүліктік жалдауға кәсiпорындар мен басқа да мүлiктiк кешендер, жер учаскелерi, үйлер, ғимараттар, жабдықтар, көлiк құралдары және оларды пайдалану процесiнде өздерiнiң табиғи қасиеттерiн жоймайтын басқа да заттар (тұтынылмайтын заттар) берiлуi мүмкiн.

2. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, жер пайдалану құқығы, жер қойнауын пайдалану құқығы және басқа да заттық құқықтар мүліктік жалдау объектiсi болуы мүмкiн.

3. Заң актілерінде мүліктік жалдауға тапсыруға жол берiлмейтiн немесе шектеу жасалатын мүлiк түрлерi белгiленуi мүмкiн.

4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тұрғын үй-жайларды, жер учаскелерiн, жер қойнауы учаскелерiн және басқа да оқшауланған табиғи объектiлердi мүлiктiк жалдауға тапсыру ерекшелiктерi белгiленуi мүмкiн.

5. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға беру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде белгіленеді.

6. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде мүліктік жалдауға тапсыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы және концессиялар туралы заңнамалық актілерінде белгіленеді.

 

542-бап. Мүліктік жалдау шартының талаптары



Мүліктік жалдау шартында жалға алушыға мүліктік жалдау объектiсi ретiнде берiлуге тиесiлi мүлiктi анықтауға мүмкiндiк беретiн деректер көрсетiлуге тиiс.

Шартта мұндай деректер болмаған кезде мүліктік жалдауға берiлуге тиесiлi объект туралы талап тараптармен келісілмеген деп, ал тиiстi шарт жасалмаған деп есептеледi.

543-бап. Жалға берушi

Мүліктік жалға беру құқығы оның меншiк иесiне тиесiлi.

Заң актілерінде уәкiлдiк берiлген немесе меншiк иесi мүлкiн жалға берудi тапсырған тұлғалар да жалға берушiлер бола алады.

2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 544-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет