47-бап. Өткiзу актiсi және бөлу балансы
1. Қайта құрылған заңды тұлғаның мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерi жаңадан пайда болған заңды тұлғаға қосылған немесе бiрiктiрiлген кезде - өткiзу актiсiне сәйкес, бөлiнген және бөлiп шығарылған жағдайда - бөлу балансына сәйкес ауысады.
Өткiзу актiсi мен айыру балансында қайта құрылған заңды тұлғаның барлық несие берушiлерi мен борышқорларына қатысты, барлық мiндеттемелерi бойынша, соның iшiнде тараптар дауласқан мiндеттемелер бойынша да құқықты мирасқорлығы туралы ережелер болуға тиiс.
2. Өткiзу актiсi мен бөлу балансын заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны қайта құру туралы шешiм қабылдаған орган бекiтедi және құрылтай құжаттарымен бiрге жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды тiркеуге немесе нақтылы бар заңды тұлғалардың құрылтай құжаттарына өзгерiстер енгiзу үшiн олар құрылтай құжаттарымен бiрге тапсырылады.
Құрылтай құжаттарымен бiрге тиiстi өткiзу актiсiнiң немесе бөлу балансының тапсырылмауы, сондай-ақ оларда қайта құрылған заңды тұлғаның мiндеттемелерi бойынша құқықты мирасқорлығы туралы ережелердiң болмауы жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға әкелiп соқтырады.
3. Егер заң құжаттарында немесе қайта құру туралы шешiмде өзгеше көзделмесе, мүлiк (құқықтар мен мiндеттер) құқықты мирасқорына ол тiркелген кезден бастап ауысады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 48-бап өзгертілді
48-бап. Заңды тұлғаны қайта құру кезiндегi оның несие берушiлерi құқықтарының кепiлдiгi
1. Заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны қайта құру туралы шешiм қабылдаған орган бұл туралы қайта құрылатын заңды тұлғаның несие берушiлерiне жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
2. Бөлiнген және бөлiп шығарылған кезде құрылатын заңды тұлғаның несие берушiсi осы заңды тұлға борышқоры болып табылатын мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын және келтiрiлген залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы.
3. Егер бөлу балансы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорын анықтауға мүмкiндiк бермесе, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар, сондай-ақ құрамынан басқа заңды тұлға бөлiнiп шыққан заңды тұлға, қайта құрылған заңды тұлғаның мiндеттемелерi бойынша оның несие берушiлерiнiң алдында ортақ жауапты болады.
21.01.97 ж. № 68-I; 19.06.97 ж. № 134-I; 02.03.98 ж. № 211; 18.12.00 ж. № 128-II; 24.12.01 ж. № 276-II; 2006.20.02. № 127-III ( бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара); 2007.21.07. № 299-III ҚР (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 49-бап өзгертілді
49-бап. Заңды тұлғаны тарату негiздерi
1. Заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушiнiң немесе меншiк иесi уәкiлдiк берген органның шешiмi бойынша, сондай-ақ құрылтай құжаттарында шешiм қабылдауға уәкiлдiк берiлген заңды тұлға органының шешiмi бойынша заңды тұлға кез келген негiз бойынша таратылуы мүмкiн.
Заңды тұлға - жинақтаушы зейнетақы қорын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, арнайы қаржы компаниясын, мақта өңдеу ұйымынтарату зейнетақымен қамсыздандыру, сақтандыру қызметі, секьюритилендіру және мақта саласын дамыту туралы заңнамада көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.
2. Соттың шешiмi бойынша заңды тұлға:
1) банкрот болған;
2) заңды тұлғаны құру кезiнде заңдардың түзетуге келмейтiн сипатта бұзылуына жол берiлуiне байланысты оны тiркеу жарамсыз деп танылған;
3) заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы келетiн қызмет үнемi жүзеге асырылған;
4) тиiстi рұқсат алынбаған (лицензиясыз) қызметтi, не заң құжаттарында тыйым салынған қызметтi жүзеге асырған, не қызметiн заңдарды бiрнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүргiзген жағдайларда, соның iшiнде заңда белгiленген табыс ету мерзiмiнен кейiн бiр жыл өткен соң корпорациялық табыс салығы туралы (жиынтық жылдық табыс пен жасалған шегерiмдер туралы) декларация немесе оңайлатылған декларация табыс етпеген, заңды тұлға орналасқан жерi бойынша немесе нақты мекен-жайы бойынша болмаған, сондай ақ заңды тұлға бiр жыл ішінде оларсыз жұмыс істей алмайтын құрылтайшылар (қатысушылар) және лауазымды адамдар болмаған;
5) заң құжаттарында көзделген басқа да жағдайларда таратылуы мүмкiн.
3. Осы баптың екiншi тармағындағы аталған негiздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы талапты заң актiлерiнде осындай талап қоюға құқық берiлген мемлекеттiк орган, ал банкрот болған жағдайда несие берушiлер де сотқа беруi мүмкiн.
Заңды тұлғаны тарату туралы сот шешiмiмен заңды тұлғаны таратуды жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттер оның мүлкiн меншiктенушiге, меншiк иесi уәкiлдiк берген органға, заңды тұлғаны таратуға оның құрылтай құжаттарында уәкiлдiк берiлген органға, не сот тағайындаған басқа органға (тұлғаға) жүктелуi мүмкiн.
4. Егер заңды тұлға жөнiнде осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiп бойынша оны тарату туралы шешiм қабылданып, оның мүлкiнiң құны несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болса, ондай заңды тұлға банкроттық туралы заңдарда белгiленген тәртiппен таратылуы мүмкiн.
5. Заңды тұлғалардың жекелеген түрлерi мемлекет уәкiлдiк берген тиiстi органның шешiмiмен заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша таратылуы мүмкiн.
15.07.96 ж. № 30-I; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.12.98 ж. № 320-1; 03.06.03 ж. № 426-II; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара); 2006.20.02. № 127-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III ҚР Заңдарымен 50-бап өзгертiлдi
50-бап. Заңды тұлғаны тарату тәртiбi
1. Заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган бұл туралы заңды тұлғаларды тiркеудi жүзеге асыратын әдiлет органына, тіркеу орны бойынша салық органына дереу жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
2. Заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган тарату комиссиясын құрады және осы Кодекске сәйкес тарату тәртiбi мен мерзiмiн белгiлейдi.
Тарату комиссиясы құрылған кезден бастап заңды тұлғаның мүлкiн және iстерiн басқару жөнiнде өкiлеттiк соған ауысады. Тарату комиссиясы сотта таратылатын заңды тұлға атынан әрекет етедi.
3. Тарату комиссиясы заңды тұлғаны тарату туралы, сондай-ақ оның несие берушiлерiнiң талаптарын мәлiмдеу тәртiбi мен мерзiмi туралы ақпаратты орталық әдiлет органының ресми баспасөз басылымдарында жариялайды. Талаптарды мәлiмдеу мерзiмi тарату туралы жарияланған кезден бастап екi айдан кем бола алмайды.
Тарату комиссиясы несие берушiлердi анықтау және қарыздарын алу үшiн шаралар қолданады, сондай-ақ несие берушiлерге заңды тұлғаның таратылғандығы туралы жазбаша хабарлайды.
4. Несие берушiлер талаптарын қоюға арналған мерзiм аяқталғаннан кейiн тарату комиссиясы аралық тарату балансын жасайды, онда таратылатын заңды тұлға мүлкiнiң құрамы, несие берушiлер қойған талаптар тiзбесi, сондай-ақ оларды қарау нәтижелерi туралы мәлiметтер болады.
Аралық тарату балансын заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату жөнiнде шешiм қабылдаған орган бекiтедi.
Аралық тарату балансын жасаған кезде таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамына Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлінген активтер және ипотекалық облигациялар бойынша мынадай қамтамасыз ету болып табылатын кепіл мүлкі: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқығы (ипотекалық куәліктерді қоса алғанда), сондай-ақ аталған облигацияларды ұстаушыларға оларға меншік құқығы туындаған немесе мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары енгізілмейді. Тарату комиссиясы аталған мүлікті және Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлінген активтерді Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес кредиторлармен - аталған облигацияларды ұстаушылармен есеп айырысу үшін ипотекалық облигацияларды немесе Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған облигацияларды ұстаушылардың өкіліне береді.
5. Егер таратылатын заңды тұлғаның (мемлекеттiк мекемелерден басқа) ақшасы несие берушiлердiң талабын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болса, тарату комиссиясы заңды тұлғаның мүлкiн сот шешiмдерiн орындау үшiн белгiленген тәртiп бойынша жария сатуды жүзеге асырады.
6. Таратылатын заңды тұлғаның несие берушiлерiне ақша төлеудi тарату комиссиясы осы Кодекстiң 51-бабында белгiленген кезек тәртiбiмен аралық тарату балансы бекiтiлген күннен бастап, соған сәйкес жүргiзедi. Акционерлiк қоғамдардың мүлкiн бөлу ерекшелiктерi олар туралы заңдармен белгiленедi.
7. Несие берушiлермен есеп айырысу бiткеннен кейiн тарату комиссиясы тарату балансын жасайды, оны заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешiм қабылдаған орган бекiтедi.
8. Несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiк құрылтай құжаттарында көрсетiлген мақсаттарға жұмсалады.
9. Несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру үшiн таратылатын қазыналық кәсiпорынның - мүлкi, ал таратылатын мекеменiң ақшасы жеткiлiксiз болған жағдайда, несие берушiлер талаптарының қалған бөлiгiн осы кәсiпорынның немесе мекеменiң мүлкiн меншiктенушi есебiнен қанағаттандыру туралы талап қойып сотқа жүгiнуге құқылы.
9-1. Мүліктік кешені жекешелендірілген мемлекеттік кәсіпорындар Қазақстан Республикасының жекешелендіру туралы заңында белгіленген тәртіппен таратылады.
10. Заңды тұлғалардың мемлекеттiк регистрiне тиiстi жазба жасалғаннан кейiн заңды тұлғаның таратылуы аяқталады, ал заңды тұлғаның өмiр сүруi тоқтатылды деп есептеледi.
21.01.97 ж. № 68-I; 11.07.01 ж. № 239-II; ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 51-бап толықтырылды; 08.04.04 ж. № 542-II (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 51-бап өзгертілді
51-бап. Несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру
1. Заңды тұлға таратылған кезде оның несие берушiлерiнiң талаптары мынадай кезек бойынша қанағаттандырылады:
1) бірінші кезекте - жалақыдан және (немесе) өзге де кірістен ұсталған алименттерді төлеу жөніндегі талаптар, сондай-ақ таратылатын заңды тұлға өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін алдында жауаптылықта болатын азаматтардың талаптары тиісті мерзімдік төлемдерді капиталға айналдыру жолымен қанағаттандырылады;
2) екінші кезекте - банкроттық мәселелерін реттейтін заң актісіне сәйкес талаптар сомасының бір бөлігі бесінші кезекте қанағаттандырылатын жағдайларды қоспағанда, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу және өтем төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша, еңбекақыдан ұсталатын міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі берешектерді өтеу, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақы төлеу жөнінде есеп айырысулар жүргізіледі;
3) үшінші кезекте - кредиторлардың таратылатын банкроттың кепілмен қамтамасыз етілген мүлкінің міндеттемелері жөніндегі талаптары, кредиторлардың-ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтары кепілімен (ипотекалық куәлік кепілін қоса алғанда) қамтамасыз етілген ипотекалық облигацияларды, сондай-ақ аталған облигацияларды ұстаушыларда оларға меншік құқығы туындаған немесе мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын ұстаушылардың талаптарын қоспағанда, қамтамасыз ету сомасы шегінде қанағаттандырылады;
4) төртінші кезекте салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі берешек өтеледі;
5) бесiншi кезекте - заң құжаттарына сәйкес басқа да несие берушiлермен есеп айырысылады.
2. Әр кезектiң талаптары оның алдындағы кезек талаптары толық қанағаттандырылып болғаннан кейiн қанағаттандырылады.
3. Таратылған заңды тұлғаның мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда, егер заңда өзгеше белгiленбесе, ол несие берушiлер арасында тиiстi кезекпен қанағаттандырылуға жататын талаптардың сомаларына қарай бөлiнедi.
4. Тарату комиссиясы несие берушiнiң талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан не оларды қараудан жалтарған жағдайда, несие берушi заңды тұлғаның тарату балансы бекiтiлгенге дейiн тарату комиссиясына талап қойып сотқа жүгiнуге құқылы. Соттың шешiмi бойынша несие берушiнiң талаптары таратылған заңды тұлғаның қалған мүлкi есебiнен қанағаттандырылуы мүмкiн.
5. Заңды тұлғаның несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлкi, егер заңдарда немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, оның бұл мүлiкке заттық құқықтары бар немесе заңды тұлға жөнiнде мiндеттемелiк құқықтары бар меншiк иесiне немесе құрылтайшыларына (қатысушыларына) берiледi.
6. Таратылатын заңды тұлға мүлкiнiң жеткiлiксiз болуына байланысты несие берушiлердiң қанағаттандырылмаған, сондай-ақ тарату балансын бекiткенге дейiн мәлiмделмеген талаптары өтелген деп есептеледi.
Егер несие берушi талап қойып сотқа жүгiнбесе, несие берушiлердiң тарату комиссиясы мойындамаған талаптары да, сот шешiмiмен несие берушiге қанағаттандырудан бас тартылған талаптар да өтелген деп есептеледi.
ҚР 21.01.97 ж. № 68-I; Заңымен 52-бап жаңа редакцияда және ҚР 29.06.98 ж. № 238 Заңымен; 2008.05.07 № 60- ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 52-бап өзгертiлдi
52-бап. Банкроттық
Банкроттық - борышкердiң соттың шешiмiмен танылған оны таратуға негiз болып табылатын дәрменсiздiгi.
Борышкердiң - жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның ақшалай мiндеттемелер бойынша несие берушiлердiң талаптарын толық көлемде қанағаттандыра алмауы, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбегiне ақы төлеу жөнiнде есеп айырыса алмауы, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарын төлеуді қамтамасыз ете алмайтын қабiлетсiздiгi сот белгілеген оның дәрменсiздiгi деп түсiнiледi.
ҚР 21.01.97 ж. № 68-I; 29.06.98 ж. № 238 Заңдарымен 53-бап өзгертiлдi
53-бап. Банкрот деп тану
1. Банкроттық ерiктi түрде немесе мәжбүр ету тәртiбiмен танылуы мүмкiн.
2. Банкроттықты ерiктi түрде тану борышкердiң сотқа берген өтiнiшi негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Мәжбүр ету тәртiбiмен банкрот деп тану несие берушiнiң, ал заң актiлерiнде көзделген жағдайларда өзге де адамдардың сотқа өтiнiш беруi негiзiнде жүзеге асырылады.
ҚР 21.01.97 ж. № 68-I Заңымен 54-бап өзгертілді
54-бап. Банкроттық туралы iс жөнiндегi оңалту рәсiмi
Төлем қабiлетi жоқ борышкерге оның таратылуына жол бермеу мақсатымен төлем қабiлетiн қалпына келтiруге бағытталған, заңға қайшы келмейтiн кез келген шаралар қолданылуы мүмкiн.
Аталған шаралар оңалту рәсiмi шеңберiнде iске асырылады, оны жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмi банкроттық туралы заңдармен белгiленедi.
2006.10.01 № 115-III ҚР Заңымен 54-1-баппен толықтырылды; 2008.05.07 № 60-ІV ҚР Заңымен 54-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
54-1. Сырттай байқау
Сырттай байқау рәсімін сот:
борышкер мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету;
әдейі және жалған банкроттық белгілерін анықтау;
борышкердің - қаржылық жай-күйіне, төлем қабілетін қалпына келтіру мүмкіндігін немесе мүмкіндігінің жоқтығын айқындауға және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талдау жүргізу;
кредиторлар тарапынан борышкердің қаржы-шаруашылық қызметінің жай-күйіне және олардың қайта ұйымдастыруды жүргізуіне бақылау жасау;
негізгі құралдарды иеліктен шығару, мүлікті кепілге немесе жалға беру бойынша мәмілелер, сондай-ақ орындалуы борышкерге залал келтіруі мүмкін нарықтық бағадан айтарлықтай төмен бағамен не жеткіліксіз негіздер бойынша өзге де мәмілелер жасауға бақылау жасау мақсатында енгізуі мүмкін.
Сырттай байқауды қолдану Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
11.07.97 ж. № 154-1 ҚР Заңымен; 29.06.98 ж. № 238 ҚР Заңымен 55-бап өзгертілді
55-бап. Конкурстық iстi қозғау салдары
1. Конкурстық iс қозғалған кезден бастап:
1) шамасы жоқ борышқордың мүлiктi иелiктен шығаруына (иелiктен шығаруға несие берушiлердiң жиналысы рұқсат еткен кезден басқа жағдайда), бiреуге беруiне және мiндеттемелердi өтеуiне тыйым салынады;
2) шамасы жоқ борышқордың барлық борыштылық мiндеттемелерiнiң мерзiмi өткен деп саналады.
3) шамасы жоқ борышқор берешектерiнiң барлық түрлерi бойынша айыпақы мен сыйақыны (мүдденi) есептеу тоқтатылады;
4) шамасы жоқ борышқор мүлкiнен ақы өндiрiп алуға заңдармен қойылған шектеулердiң бәрi алынып тасталады;
5) егер шамасы жоқ борышқор қатысатын мүлiктiк сипаттағы сотта қаралып жатқан даулар туралы шешiм заңды күшiне енбеген болса, олар тоқтатылады.
2. Осы кезден бастап мүлiктiк сипаттағы барлық талаптар борышқорға тек конкурстық iстi жүргiзу шеңберiнде ғана қойылады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 11.07.01 ж. № 239 ; 2006.10.01 № 115-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 56-бап өзгертiлдi
56-бап. Дәрменсiз борышқорды борышқордан босату
1. Мүлiктi сатқаннан кейiн және сатудан түскен ақшаны несие берушiлердiң арасында бөлгеннен кейiн дәрменсiз борышқор қалған мiндеттемелер мен орындауға ұсынылған және заңды тұлғаны банкрот деп тану кезiнде есепке алынған өзге де талаптарды орындаудан босатылады.
2. Дәрменсiз борышқор, егер өзiнiң мүлкiнiң бiр бөлiгiн тарату iс басталғанға дейiнгi үш жыл iшiнде жасырса немесе жасыру мақсатымен басқа адамға берiп жiберсе, бухгалтерлiк кiтаптарды, шоттарды, құжаттарды қоса алғанда, қажеттi есеп-қисап ақпаратын жасырса немесе қолдан жасаса мiндеттемелерiн орындаудан босатылмайды.
57-бап. Банкрот болған заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуы
1. Заңды тұлғаны соттың банкрот деп тануы оның таратылуына әкелiп соқтырады.
2. Банкрот кәсiпорын мемлекеттiк тiркеу регистрiнен шығарылған кезден бастап оның қызметi тоқтатылды деп есептеледi.
II. Шаруашылық серiктестiк
1. Жалпы ережелер
11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 58-бап өзгертiлдi
58-бап. Шаруашылық серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесiне (салымдарына) бөлiнген коммерциялық ұйым шаруашылық серiктестiк деп танылады. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдары есебiнен құрылған, сондай-ақ шаруашылық серiктестiк өз қызметi үрдiсiнде өндiрген және алған мүлiк меншiк құқығы бойынша серiктестiкке тиесiлi болады.
2. Шаруашылық серiктестiктер толық серiктестiк, сенiм серiктестiгi, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк, қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк нысандарында құрылуы мүмкiн.
3. Толық және сенім серіктестігінен басқа, шаруашылық cepіктестікті бір тұлға құра алады, ол оның жалғыз қатысушысы болады.
Толық серіктестіктің қатысушылары және сенім серіктестігіндегі толық серіктер азаматтар ғана бола алады.
4. Құрылтай шарты мен жарғы шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттары болып табылады.
Жарғы бiр адам (бiр қатысушы) құрған шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаты болып табылады.
5. Шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттарын (жарғы және құрылтай шартын) нотариат куәландыруға тиiс.
6. Шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттарында осы Кодекстiң 41-бабының 4 және 5-тармақтарында аталған мәлiметтерге қоса әрбiр қатысушының үлес мөлшерi туралы; серiктестiктiң жарғылық капиталына олар салатын салымның мөлшерi, құрамы, мерзiмi және тәртiбi туралы; серiктестiктiң жарғылық капиталына салым салу жөнiндегi мiндеттердi бұзғаны үшiн қатысушылардың жауапкершiлiгi туралы ережелер, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де мәлiметтер болуға тиiс.
7. алынып тасталды
8. Шаруашылық серiктестiк, заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, басқа шаруашылық серiктестiктердiң құрылтайшысы болуы мүмкiн.
9. Шаруашылық серiктестiк бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысымен шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзу шартын жасасуға құқылы.
Құрылтай шартының қолданылуы шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмi қалыптастырылған күннен бастап тоқтатылады. Шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiнен үзiнді-көшiрме қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталындағы үлеске құқықты растайтын құжат болып табылады.
Акционерлiк қоғам қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiгi болып қайта құрылған жағдайда құрылтай шарты жасалмайды.
Қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына қатысу үлесiне құқықтар шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiнде осы құқықтардың тiркелген кезiнен бастап туындайды.
Шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiн қалыптастыру, жүргiзу және сақтау тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.
15.07.96 ж. № 30-I; 11.07.97 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |