Теориялық информатика бөлімінде информатиканың философиялық негіздері, информацияның жалпы теориясының бастаулары, информатиканың математикалық негіздері, ақпараттық пішімдеу (моделдеу) негіздері, информатиканың семантикалық негіздері қарастырылады.
Әлеуметтік информатика бөлімінде ақпараттың қоғам дамуындағы орны, ақпараттық қоғам, ақпараттық қоғамдағы адамның ролі сияқты мәселелер қарастырылады.
Ақпараттық технологиялар бөлімінде есептеу техникасының даму тарихы, ЭЕМ архитектурасы, қатынастар (коммуникациялар) туралы түсінік, ақпаратты қорғау мәселелері қарастырылады.
Қазіргі кезде информатиканың ықпалына көп сүйенетін саланың бірі халық ағарту жүйесі. Ал, мектептегі информатиканың проблемаларын қарастыратын сала мектеп информатикасы деп аталады. Мектеп информатикасы информатика ғылымының бір саласы ретінде, мектептегі оқу процесінде пайдаланылатын ЭЕМ-ді программалық, техникалық, оқу-әдістемелік және ұйымдастырушылық жақтарынан қамтамасыз етуді зерттейтін сала ретінде анықталады,. Мектеп информатикасын программалық қамтамасыз ету орта мектептің информациялық басқару және оқыту жүйелерін қамтиды, оның құрамында осы жүйелерді жобалауға арналған сериялық құралдар бар.
Мектеп информатикасын техникалық қамтамасыз етудің міндеттері: мектептегі оқу–тәрбие процесін сүйемелдеуге арналған техникалық құралдарды таңдауды экономикалық жағынан негіздеу; мектептегі есептегіш техника кабинетін жабдықтаудың параметрлерін анықтау; орта мектепке арналған сериялық құралдар мен өзгеше жасалған құралдарды тиімді пайдаланудың әдістерін табу. Мектеп информатикасын оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету үшін ол курс бойынша оқу программалары, әдістемелік құралдар, қазақ тіліндегі оқулықтар жасалуы қажет.
Ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етудің проблемалары: мектеп информатикасының негізін қалау және оны тұрақты сүйемелдеп отыруға байланысты ұйымдастырушылық техникалық шаралар; педагогикалық программалық құралдарды жасауды және оларды көбейтуді, мектепке жеткізуді ұйымдастыру; оқу ағарту жүйесінің барлық сатылары үшін кадрлар дайындау, кадрлар информатиканы мектепке жаңа ғылыми пән ретінде, басқа пәндерді оқытуды жетілдіру мақсатында құрал ретінде пайдалану.
Мектеп информатикасының келесі бесінші саласы–оны психологиялық–педагогикалық қамтамасыз ету, ол өзінің маңыздылығына байланысты алғашқы болып қарастырылатын мәселеге жатады. Оқу процесін тиімді және өз мақсатына жете алатындай етіп ұйымдастыру үшін бірқатар педагогикалық-психологиялық проблемаларды шешу қажет. Осыған байланысты педагогиканың, психологияның, дидактиканың дәстүрлі қағидалары қосымша зерттеуді талап етеді. Бұл жерде оқытуды компьютерлендірудің екі түрлі негізгі бағыты бар екенін ескеру қажет, олар компьтер оқу обьектісі және компьютер оқу құралы ретінде. Компьютерді зерттеу обьектісі ретінде алатын болсақ , жалпы білім беретін орта мектепте «Информатика және есептегіш техника негіздері» деп аталатын жаңа пән енгізілді. Мектепке енгізілген бұл пән жаңадан дамып келе жатқан информатика ғылымының барлық мазмұнын қамти алмайды. Ол оқушыларды мектептегі басқа пәндерді оқуға қажетті білім, іскерлік пен дағдылармен қаруландыруы тиіс.
Орта мектептің оқыту жүйесінің жаңаруы мен базалық білім беру мазмұны құрылымының өзгеруіне байланысты информатика курсын негізгі мектептердің 7-9 сыныптарында және 10-11 сыныптарда мамандыққа баулу курстары жаратылыстану, гуманитарлық бағыттары бойынша оқытылып жатқандығы бәрімізге белгілі. Білім беру мазмұнындағы қазіргі мектеп информатикасы біртұтас оқу пәні ретінде білімнің, ғылымның қазіргі кезеңіне сәйкес келетін жаңалықтарын қамтиды. Осыған байланысты 2002 жылы Қазақстан Республикасының информатика курсы бойынша білім берудің мемлекеттік стандарты енгізілді. Аталған стандарт информатика пәні бойынша оқушыларды жалпы біліммен қаруландырумен ғана шектелмей, олардың ақпараттық мәдениетін, дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру талабын қойып отыр.
Стандарттағы «Информатика» пәнін оқытудың басты мақсаттары:
оқушыларда ғылыми дүниетанымдық негіз қалыптыастыру;
оқушылардың ойлау қабілетін дамыту;
оқушыларға ақпараттандыру құралдарын, ақпараттық технологияларды меңгерту;
оқушыларды өмірге, еңбекке және білімдерін жалғастыруға даярлау атап көрсетілген. Информатиканы оқытудың мақсатына сай мынадай міндеттер қойылады.
Достарыңызбен бөлісу: |