«Ақан сері өнерінің қоғамда алатын орны» атты сахналық көрініс
Халқымен әні мұңдасқан,
алдаспан Ақан – жыр –дастан.
Сахнада Ақан серінің портреті, Ақан серінің «Сырымбет» әні күйтабақтан беріліп тұрады.
1-жүргізуші:
«Ақан сері - заманның сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі» (Мәшһүр Жүсіп Көпеев)
2-жүргізуші:
Ақан сері – халықтық сал-серілік салтының озығын ұстанып, оны өзінің бөлек болмысымен шырқау биікке көтеріп, тұтас бір заманның көркем бейнесіне айналдырған асқақ тұлға.
1-жүргізуші:
Даласы мен тауларын, көк орманын, көлдерінен әуелеген әнмен тербетіп, қауымның жүрегіне, жабықтан түскен жарықтай құйылып, қазақтың аруларының атын атап өлеңге қосып, мерт болған құсы мен Құлагер атына әлемде кездеспейтін ән шығарып, өзіне-өзі мәңгі тозбас, ескерткіш соққан ұлы ақын, әнші.
2-бастаушы:
Ақан сері – ғашығына созған қолы жетпеген, алғаны мен аяулыларынан қайта-қайта айрылып, қайғырса да, аласармай қайғырған, рухы күшті, жаралы жаны жұмбаққа толы қайсар жүрек.
1-бастаушы:
Сол – Ақан, жүрген жері сайран Ақан,
Жүрегін махаббатқа жайған Ақан.
Өзі жылап өтсе де, қалың елін
әнімен әлдилеген қайран Ақан!
2-бастаушы:
Кісі емес Ақан төрде билік айтқан,
Ұры емес ауыл торып, ел шулатқан.
Нәпсісін дүниенің бойға жаққан.
1-бастаушы:
Ол емес және өзінің малын баққан,
Жалшы емес және байдың отын жаққан.
Кісіні ит етінен жек көретін
Дау қуып, арыз айтып, биге жаққан.
2-бастаушы:
Төренің қасындағы қасына ерген
Өзін ел құрмет қылған көрген жерден.
Жерлерді тоқты сойған тұлпар қылып,
Сал сүрей, саңлақ мініп, сұлу сүйген.
1-бастаушы:
Жүйрік ат, сонар соят, қыз-қырқынмен,
Өмірді өткізген жан өз ырқымен.
Өмірдің ащы емес, тұщысын да
Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкімен.
2-бастаушы:
Саңлақ ед шыққан мыңнан, озған жүзден
Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген.
Қызықтың айдынында құлаш ұрып,
Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген.
1-бастаушы:
Рухани қазынамызды байыта түскен дарынды дала перзенттерінің арасында Ақан серінің аты айрықша ардақтала аталады. Ақан серінің өнері ерек, өмірі бөлек. Өнері дейтініміз «Сырымбеттің сұлу сазы», «Мақпалдың ерке назы, «Құлагердің» қайғы зары, «Маңмаңгердің» маңғаз сәні, «Үш тоты құстың» сиқыр үні, «Балқадишаның» мөлдір мұңы, «Алтыбасардың аспанға шапшыған шері, «Қараторғайдың» сай-сүйекті сырқыратар сырлы әні кімді толқытпаған, кімді тебірентпеген?!
Музыка: Назарларыңызға «Балқадиша әнін ұсынамыз ән тарихына тоқталады. (Көкшетаулық Баймұрат Азнабаевтың естелігінен).
Қызы едің Ыбыекеңнің, Балқадиша,
Бұралған белің нәзік тал Қадиша,
Жиылған осы тойға қалың қыздың
Ішінде қара басың – хан Қадиша.
Қызы едің Ыбырайдың, Балқадиша,
Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша.
Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,
Боласың қандай жанға жар, Қадиша?
Қызы едің Ыбырайдың, Балқадиша,
Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша.
Бір түгіл екі жеңгең келіп отыр,
Рұхсат бізден сізге бар, Қадиша.
(«Ауыл кеші көңілді» Алматы, 1989 жыл)
Сахнаға қыз-жігіттер шығады.
Айтбаев Жанат «Жамал қыз» деген әнді орындап келе жатады. (Саңқылдаған, ойын-тойға жиналғандар).
Әйгерім: - Ал, құрбылар, түгелдей екенбіз, енді бос отырмай, ойын-сауық құра отырайық, Ақанның қыздар мен жігіттерге арнап шығарған бір өлеңі бар еді ғой, соны еске алсақ қайтеді?! «Жігіттер сипаты».
(Қыздар сахнада жігіттерге айтады)
әсем: «Айтамын замандасқа біраз кеңес».
Айтайын замандасқа біраз кеңес,
Жігіттік талап еткен жаман да емес.
Өнермен талпынам деп орға түссе,
Өкініп өз ісіне қайғы жемес.
Атағы артта қалған кей сабаздың
Өлсе де оның сөзі өлмек емес.
Жұлдызы ер жігіттің оңынан шығып,
Бақ қонса ғажап емес ертелі-кеш.
Білгенде оралыңда ойнақтап қал,
Келмейді қайта айланып бұл жиырма бес.
Жастақта әр тараптың басын шалсаң,
Қармақты тәуекел деп суға салсаң,
Еңбегің еңбектенген кетпес зая,
Міндетке бір жетерсің ойыңа алсаң.
Жігіт бар он үш түрлі біз білетін,
Соларды баяндайық құлақ салсаң.
Бірінші жігіт туралы /Нұргүл/
Әуелі абзалында жігіт басы,
Биік боп тұрар оның дәрежесі.
Бәйгеден күнде келген ол бір саңлақ,
Жабының тең келмейді жүз бағасы.
Ілмейтін көлден таңдап қудан басқа
Алынған ақ тұйғынның томағасы.
Бір мінез әрі дана, дарқан лебіз,
Айнымас темір қазық уәдесі.
Қолға алса күллі жанды раушан еткен.
Дүниенің мысалы абзал гауһар тасы.
Екінші жігіт туралы /Қамал/
Екінші бір жігіт бар баулы құстай,
Бауынан босанбайды жазы, қыстай.
Ерігіп құсқа салсаң ілмей түспес,
Босатар тегеуріні мықтап қыспай.
Зауыттан жаңа шыққан екі жүзді
Алмастай, майысатын емес мыстай.
О дағы қаз ілінгендей бір қаршыға,
Жіберсе бабын тауып көлге нұсқай.
Үшінші жігіт туралы /Айжан/
Үшінші бір жігіт бар толық торы,
Ойлайды кез келмесе деп дұшпан орны.
Ауызбен «нағыз асыл жігітпін» деп,
Кеудесін көтеретін таудай зоры.
Құлашын жас кезінде сермей алмас,
Тең тұрар таразыда оң мен солы.
Қырандай бау аспаған көлбелеңдеп,
Көмескі із түспеген жүрген жолы.
Білемін бір жігіттің білсе-дағы,
Не керек зайығы кеткен білген молы.
Төртінші жігіт туралы /Алтынгүл/
Төртінші бір жігіт бар мінезі ауыр,
Асылзат ажар берген, өңі тәуір,
Жетсе де неше атырапқа атақ-даңқы,
Қажымас қара етті аттай берік ауыр.
Алмай ма аманатын қолын созса,
Желдетіп соқса-дағы дауы,
Топ көрсе бәйге атындай шабатұғын,
Тұрады жалы барға өкпе бауыр.
Бесінші жігіт туралы /Айгүл/
Бесінші бір жігіт бар терең ойлы,
Сыр ашып еш адамға бермес бойды.
Өнерін жақсы-жаман іште сақтап,
Шығарып майда тілмен паруат қойды.
Адамға жүйрік ақыл бере тастап,
Талайдың қабыл-ғапыл сырын жойды.
Түсіріп ақ көңілді қайласына
Ішінен білдірместен бітеу сойды.
Ол жігіт түлкіге ұқсас айлакер-ді,
Із тастап бірдей жортты қыр мен ойды.
Алтыншы жігіт туралы /Перизат/
Алтыншы бір жігіт бар қарқылдаған,
Арсызды ілтифат қып алқымдаған.
Ақ жарқын, ашық ықылас ол бір шахуаз,
Ақ көңіл, ашық мінез аңқылдаған.
Ажалсыз маған тағдыр келмейді деп,
Қарысып дұшпанынан тартынбаған.
Жетінші жігіт туралы /әлия/
Жетінші бір жігіт бар желдей есер,
Байлаусыз әр сөзінің артын кесер.
Бір көрген жат адамға сыр алдырып,
Сырының іштен жанған бәрін шешер.
Баянсыз ұшпа бұлт секілденіп,
Дүниеден бей опасыз күні кешер.
Сегізінші жігіт туралы /Майгүл/
Сегізінші бір жігіт бар сегіз қырлы,
Нық сөзді, раушан көңіл, жалғыз сырлы.
Сөзінен тартқан сымдай теріс шықпай,
Сау басын шатыстырмас іске кірлі.
Құлжырап ақ бүркіттей төңкеріліп,
Сөйлейді әр мәжіліске әрбір түрлі.
Жігіттің оңды –солды құлқын танып,
Әркімнің өзіне сай табар тілді.
Тоғызыншы жігіт туралы /Гауһартас/
Тоғызыншы бір жігіт бар қоңыр бөрік,
Жел шықпай қозғалмайды белгі беріп.
Тасандап шана тартқан өгіздей боп,
Шығармас сырын сыртқа сондай берік.
Кісіден ала алып, өзі бермей,
Қайла мен ақылына болған серік.
Қызбайтын топты көрсе қалың тері,
Базарда бағасы бар қырық теңгелік.
Оныншы жігіт туралы /Самал/
Оныншы бір жігіт бар қатын жанды,
Киеді қатынынан артылғанды.
Аяғын қия жерге бір баспайды,
Алдынан құрулы арқан тартылған-ды.
Біріне-бірі сондай машықтасып,
Қызықпен таңды сондай атырған-ды.
Бұл жігіт әйелімен бірге қисап,
әйелге жақын келіп ғапылданды.
әйелдің қолтығына кіріп алып,
Не айтса бәрін соның мақұлдады.
Он бірінші жігіт туралы /Қатира/
Бір жігіт он бірінші өсек айтар,
Ауызбен көп адамды ол байытар.
Кішкене торсығына сөз құйып ап,
Апарып әр ауылға барып шайқар.
Жамандап бірді-бірге құйылыстырып,
Қуанып ат алғандай үйге қайтар.
Дұрыс сөз ақылынан шықпаса да,
Қынадан жаман сөздің түбін байқар.
Он екінші жігіт туралы /Салтанат/
Бір жігіт он екінші кербез – салды,
Бойына амандықты жиып алды.
Өзіне өз жұмысы мақұл болып,
Көзіне кеңес айтар ілмес жанды.
Кісіге бойын беріп жақын келмес,
Семірген мәстек аттай майлы –жалды,
Сіресіп, сықырлаған тәкаппар боп,
Ойланып өзгелерден білмес халды.
Майданда кейбір жігіт жалғыз тұрар,
Ойға алмай санамастан дүние малды.
Он үшінші жігіт туралы /Жазира/
Жігіттің тағы бірі түссін еске,
Семірген ол бір саз қара күшке.
Базары жігіттіктің ойында жоқ,
Ойланып білмек түгіл, кірмес түске.
Аманбек:
- Қыздар, Ақан сері сендердің сипаттарың жайында да өлең шығарыпты, кәне! Біз де айтып көрелік.
Қыз сипаты туралы /Аманбек/
Бірінші, бір қыз келер ақша маңдай,
Жамағат үлкен-кіші мақтағандай.
Анадан туғаннан-ақ болып дана,
әлінше жақсыларды жақтағандай.
Құрбысын жауға бермес ол шаһыбаз,
Жолдасын сары алтындай сақтағандай.
Жүреді теңін тауып – ойнап-күліп,
Сыны жоқ жұмысының ақсағандай.
Қыз сипаты туралы /Мерхат/
Екінші бір қыз келер тілі жорға,
Ұқсаған жұмақтағы бейне хорға.
Ажары, ақша беті сағымданып,
Жарасар құлағына алтын сырға.
Қыз сипаты туралы /Серік/
Үшінші бір қыз келер қара шашты,
Күлім көз оймақ ауыз, қиғаш қасты.
Шомылған айдын көлдің аққуындай,
Отырар ағажан деп кәрі-жасты.
Қыз сипаты туралы /Нұржан/
Төртінші бір қыз келер қара торы,
Бұлғақтар шекесіне таққан шоғы.
Өз ісін өзі білмей жұртқа күлер,
Білініп жүрсе –дағы нәзік жолы.
Қыз сипаты туралы /Ардақ/
Бесінші бір қыз келер сұрша жайдақ,
Отырар тәуекелге белін байлап.
Көңілі жас- кәріні бірдей көріп,
Нәпсіні семіртеді майдай шайнап.
Қыз сипаты туралы /Бақытжан/
Алтыншы бір қыз келер толық сары,
Бойына тең келмейді жанның бәрі.
Лайықты өзіне тең таппаған соң,
Кетпейді көкіректен қайғы-зары.
Қыз сипаты туралы /Айбек/
Жетінші бір қыз келер алым-салым,
Болғанда мойны қысқа, шашы қалың.
әрқашан осындайға кез келеді,
Қашаннан арылмаған соры қалың.
«Сүйген қалқа» ән.
/Домбыраға қосылып Жанат орындайды./
Қалқатай, «кари глаз» екі көзің,
«Никогда не забуду» айтқан сөзің.
«Третий, второйлар» толып жатыр,
Ойласам «как родился» сенің өзің?
Қалқаның бес мың теңге бір басында,
«Восемсот три тысяч» сырғасында.
Ақ мерурет, асылзада бекзат қалқам,
Мен сенің жараймын ғой жолдасыңа.
Серінің қолқасы бар бір басында,
Күн сәулең елес беріп тұр қасымда.
Өмірің өткіншідей өте шығар,
Қызықты көре алмасаң дер жасыңда.
Кім келіп өмір гүлі сынбасына,
Саяда тұрса-дағы шың басында.
Армансыз жас шағыңда өткізіп қал,
Мен кепіл өмір өтпей тұрмасына.
/Музыка. Ақан серінің «Қараторғай» әні айтылып жатады./
1 - бастаушы:
- Ақан сері - ойын-сауықтың, той-думанның гүлі әрі шешен, әрі тапқыр, әрі кесіп айтатын турашыл болған. Халықтың жуан ортасында қаздай қалқып, қасына жыршы ақындарын, әншілерін, күйшілерін, ойыншыларын, домбырашыларын, палуандарын ертіп, топ құрып жүрген. Әншілік, орындаушылық, сазгерлік өнерімен бүкіл қазақ даласына танылған ерекше дарын иесі. Әндері – қазақтың классикалық ән творчествосының алтын қорына еніп, бүкіл халқымыздың өлмес-өшпес мұрасына айналған туындылар. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сынды атақты сал-серімен жақын қарым-қатынаста болған.
/әншілер тобы, сал-серілермен әндетіп келе жатады/.
Әйгерім:
- Сарыарқаның сал-серілері, сұлу Ертістің ән еркелері! Қош келіпсіздер, даланы әнге бөлей келе жатқан түрлеріңіз бар, төрлетіңіздер. Думан дүкенін дүмбірлетейік.
«Торыны таң аттырып мінген қандай»
/Дәулет орындайды, домбырамен/
Торыны таң асырып мінген қандай,
Үкілеп, әсемдетіп жүрген қандай.
Тұсынан қызды ауылдың ән шырқатып,
Сыбанып ақ білекті түрген қандай.
Күнінде уағда еткен қалқажанның
Жетуге ынтызар боп жүрген қандай.
Ауылы қыз қалқаның қайда екен деп,
Жүгіртіп сайлау дермен келген қандай.
Атыңды бір тасаға байлап тастап,
Тұсына ақ боз үйдің төнген қандай.
Сөз салып қалқажанға жеңгесінен,
Құрбыңмен сыпайы ойнап, күлген қандай.
Ишарат әзілімен сөз қатысып,
Қыз сырын жеңгесінен білген қандай.
Алаңдай алабұртып тұрғаныңда,
Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай.
Құрбыжан ебін тауып келдің бе деп,
Ақсиып күрек тісің, күлген қандай!
Қалқажан күле қарап, жүр дегенде,
Ақ үйге есік ашып енген қандай!
Сол жерде айтылмаған сыр қалмайды,
Кілт ашып ақ сандықты атқарғандай.
Ойынның қызығымен білмей қалып,
Машырықтан таң сарғайып атқан қандай.
Сол кезде көңіліңе түссе қорқу,
Мысықтан тышқан қорқып сақтанғандай.
Ақырын үйден шығып таң алдында,
Манағы сайдағы атты тапқан қандай.
Шылбырын сол торының қызға беріп,
Шақшаны қағып-қағып атқан қандай.
«Маңмаңгер»
(Амангелді орындайды, домбырамен)
Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,
Байлаған сені сылап қалқатай да.
Жүресің желмаядай жануарым,
Көрейін қызығыңды осындайда.
Қайырмасы:
Ахау, туған елім,
Балаң едім.
Өзіңе осынау әнді
сала келдім.
Маңмаңгер, ән қосайын жүрісіңе,
Дер екен қалқа қалай келісіме.
Сыдыртып маңмаңгермен келе жатып,
Осынау ән күйдіріп түсті есіме.
Қайырмасы.
Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,
Бал татыр қант қосса қағаз шайға.
Кісіден анау-мынау жалтару жоқ,
Ақ көйлек, дүрия бешпент сәулем қайда.
Сахнада қайғылы музыка ойнайды. Сапар «Құлагер» поэмасынан үзінді оқиды. Жанат Айтбаев «Құлагер» әнін орындайды.
1-бастаушы:
- Ақан серінің тағдыры – бір жағынан, сұлу өмір иесі сықылды, екінші жағынан, өксік -өкініші, зар-наласы, мұң –шері шаш етектен аянышты өмір.
Ақан қазақ қоғамының жай-күйіне де барлау жасайды, болашағын болжайды. Қазақ жерін қайғы бұлты торлайды, келімсектер қорлайды. Көшпелі ерлер мұңайып жұқарып, ұр да жық есерлер арам шөптей қаптап, ел мен жерді тоздырады. Қазақ баласы көк майсалы жайлауынан, құйқалы, шүйгінді қоныстарынан, сулы, нулы, орманды жерлерінен айрылады. Мұны ақынның ұшқыр ойы, сезімтал жүрегі өткір де терең түсінеді. Отарлық езгіге қарсылық көрсетіп, қарғыс оғын жаудырады.
«Бара-бар крестьянға тең болмадық»
(Аманбек жатқа оқиды)
Бара-бар крестьянға тең болмадық,
Тартылып қай жараға ем болмадық?!
Малымыз, жерімізден пайда тиіп,
Қалайша патшамызға дем болмады?!
Сексен бес жыл болыпты поддандыққа, («бодандық» сөзінің шығу тегі)
Қайырсыз патшамызға ел болмадық.
Құр мен қоян секілді алуға оңай,
Қай жұртқа аңқаулықпен жем болмадық?
Қазақ малы азайса, халқың азар,
Қалайша бай көпестер дүкен жазар?
Патшалық дүкендердің бәрі көмір,
Сөзімнің дәлеліне салсаң назар.
Қазақ малы кемісе, бәрі кемір
Үрбіт, Мәскеу, Мәкәрші – күллі базар.
Сиыр, қой, жылқы қылы, май терісі
Фабрикте асыл пұлды жүннен тозар.
Шолақ мәстек, қубөшке крестьян,
Қазақтың байлығына бермес ажар.
Сендер үшін қазақ малы азайды деп,
Фабриктер крестьянның шашын күзер.
Зираттың тақтайларын ұрлап алып,
Айуанша қараңғыда қазып мазар.
Үстіне егін шықса, қырқып алып,
Аузына не түскенін итше қажар.
«Біз солдат патшаға бердік»дейді,
Омырауға салады өңкей ажар.
Қай жауды әскер беріп мұқатыпты?
Соғыста солдаттары жүреді азар.
Күллі халық кәсібі қазақпенен,
Қисап неге қылмайды думаншылар?
Пайдасы крестьяннан кейін бе екен?
Қазақтың қайран малы көлге жүзер.
Әскерге де ат керек, атаман керек,
Данышпандар қисапты қалса сезер.
Жер ауып, баққан малын алдыңызда,
Қазақтан бұл уақытта болдың безер.
Дариға, дертті заман келгеннен соң,
Қаламға жан қалмады тізгін берер.
Қор болып крестьянның табанында,
Қалайша күн көрерміз, дәурен кешіп.
Темір айыр, ақ балта қолдарында,
Тілге келмей ұрады өңмеңдетіп,
Қоныс жоқ жан-жағынан тарылмаған,
Патша отыр жұтамын деп бір абжылан.
Қазаққа айдап салды шенеунігін,
Соқамен қазақ жерін жырымдаған.
/Музыка. «Көкшетау» әні күйтаспадан беріліп жатады.
Заманға қарап.
/Нұржан жатқа оқиды/.
Болғанда мұндай күнде заманымыз,
Жай жатып сахарада қамаламыз.
Болыс, би етпен шайға мәз болуда,
Қайткен де тура жолды таба аламыз?
Үйренген халықпыз ғой шегіншекке,
Кәсіпсіз сахарада еріншекке.
Байлар жүр малша күйсеп, малын айдап,
Ұйқымен өмірі өтіп тектен текке.
Жай жату – тек бүгінгі жанның қамы,
Қаперсіз шөп жейтұғын малдың қамы.
Өзді -өзі талап жеген әлі жетсе,
Хайуан сахарада аңның қамы.
Бастаушы:
Ақан сері – қазақ халқының рухани мәдениетінің тарихындағы қайталанбас ерекше дарынды тұлға. Оның өлеңдерінің басты ерекшеліктері мен сипаты болашақ ұрпақтың рухани байлығы болып саналатындығында.
«Адамның біліміне ақыл серік»
(Серік жатқа оқиды)
Жігіттер, өнер үйрен заманыңда,
Денсаулық әлің келген аманыңда.
Жайылып сахарада жатамыз деп,
Мінекей, қалдық дұшпан табанында.
Жігіттің шешендігін дауда сына
Мақтаған қыран құсты ауда сына.
Қарын тоқта әркім-ақ үйде батыр,
Жігітті батырсынған жауда сына.
Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді,
Жаманның үлгі болар сөзі қалмайды.
1-бастаушы:
ән еркесі, жыр серкесі, сері Ақаннан қалған тағылым-тәрбиесі, үлгі өнегесі мол, пәлсапалық мәні терең, мағыналы ғибрат, ділмәр сөздер қаншама! Мысалы:
Дүние бір сырғанақ сайқал екен,
Күн түскен күзгі шөптің мысалындай немесе
Ақыл – шам, керек оған май мен білте,
Сасарсың кеш боп қалса, егер ерте.
Кеш болмай күн бұрыннан жабдық сайлап,
Қолыңа түсіре бер бірте-бірте.
Музыка.
2-бастаушы:
Қасиетті Көкшетау – туған жерің,
Әнің – асыл, жырың – от, сөзің – керім.
Шаттанып ерек біткен өнеріне
Дейміз біз: «Асыл бабам – Ақан серім»
1-бастаушы:
Сәт туды бір дүбірлер туған далам,
Ол сенің - ұлы тойың, заңғар бабам.
Толғанда жүз елу жыл туғаныңа,
Халқың тұр еркіндік ап, есен-аман.
2-бастаушы:
Қалдырған өлмес мұра ұрпағына,
Сол халқың риза сенің аруағыңа.
Қалың ел –қазағыңды әнмен тербеп,
Өтіпсің бұл өмірден, о, дариға!
1-бастаушы:
Өтіпсің махаббатты жырлап дара,
Өтіпсің сұлуларға сыр ақтара.
Өтіпсің Құлагердей ат күйігіне,
«Құлагер» әніменен шыдап қана.
2-бастаушы:
Тербеліп Атыраудың әр алабы,
Осылай шығар елдің жақсы атағы.
Әз бабам, осы ел жұртың аман болса,
Бір емес, сан тойыңды тойлар әлі!
Кеш Ақан серінің «Көкшетау» әнімен аяқталады. Қазір үлкен ауылдың бұл шетіндегі қолы бос жас-желең де, шүйке есіп, ұршық иірген кексе қатын, кәрі кемпір де түгелімен ауылдың екінші жағына құлақ салады. Тегіс алаңдап, солай жүргілері де келеді. Олардың бәрін еліктіріп, аса қыздырған – жалғыз бір шырқаған асқақ үн; ол – ән. Ауыл үстінде шаңқай түсте, бұлтсыз көк аспанға шаншылып шырқаған өктем, әсем жалғыз үн.
Шеткі үйлердің барлық жаны бұл әншіні бұрын алыстан болса да естіп, дәндегендей.
Ән ұқпайтын кішкентай немересін арқалаған бір қарт шеше белі бүкшие түсіп, ән тыңдауға асыға басады.
Мүкіс тартқан кәрі құлағының үстіндегі кимешегін кейін жиырып қойып, басын жоғары көтере бере, құлағын төсей түседі. Жалтыр күннен ұялған жасты көзін сығырайтып, қарт жүзіне сансыз көп әжімін тереңдете, иреңдете жиып келеді.
- Уа, өркенің өссін, әншібегім! Біздің көңілімізді көтерсең, сенің көңіліңді құдай көтерсін!... – деп, тіссіз иегін шошаңдата сөйлейді.
Бұл ауылдың атақты әнші қонағы соңғы бірнеше күн ел қыдырып кетіп, кешелер мұнда қайтқан. Және ертең еліне қайтады, кетеді деген хабарды да ауылдың бар адамы естіген. Енді соңғы әндерді естіп қалуға ауылдың көп жаны бүгін әсіресе құмартатын.
Бірақ құмартқанмен, шеткі қоңыр үй, малшы, жалшылар үйлерінен сол әнді тыңдауға талпынған талай жан бара алмай, өкінішпен күйікте қалған.
Қорыта келгенде, Ақан серінің өнерінен оқушылар хабардар болуы мақсатында және ізгілікті ұстанымдарынан үлгі алуына мүмкіндік туғызу үшін Ақан серінің өнерін сахналандыруды жөн көрдік. Оқушылар Ақан серінің шығармашылығына өздерінің дүниетанымын білдіреді. Бұнда Ақан серінің барлық игі істері, өнеріндегі халқына сіңірген ізгілікті ұстанымдары оқушылардың аузынан, сахна төрінен айтылуы бүгінгі амалмен оқыту тұрғысында жүзеге асады.
Достарыңызбен бөлісу: |