ҚОСЫМША А
«Ақан сері - заманының сұңқары,
қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің
құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі»
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев.
Рухани қазынамызды байыта түскен дарынды дала перзенттерінің арасында Ақан серінің аты айырықша ардақтала аталады. Ақан серінің өнері ерек, өмірі бөлек. Ерек өнері «Сырымбеттің» сұлу сазы, «Мақпалдың» ерке назы, «Құлагердің» қайғы зары, «Маңмаңгердің» маңғаз сәні, «Үш тоты құстың» сиқыр үні, «Балхадишаның» мөлдір мұңы, «Алтыбасардың» аспанға шапшыған шері, «Қараторғайдың» сай-сүйекті сырқыратар сырлы әні көңілді толқытып, адам жанын тебірентеді.
Ақан сері – халықтың сал-серілік салтының озығын ұстанып, оны өзінің бөлек болмысымен шырқау биікке көтеріп, тұтас бір заманның көркем бейнесіне айналдырған асқақ тұлға.
Ақан серінің «Достарыма» деген өлеңінде:
«Жиырма бестен артық жас бар ма,
Ұйқыдан жаман қас бар ма? – деген (Ақан сері Қорамсаұлы, шығармалары. – Алматы, 1963, - 170 б. )
Қазақтар кез келген мүшел жасына көп назар аударған. Ақан сері айтқан «25» жас мүшел жасы. Адамзат өмірі мүшел деп аталатын 12 жылдық циклді қарастырсақ, мүшелдер өмірдің өзіндік және тұйық кесіндісі болып табылады. Олардың әрқайсысы жас деңгейлерін анықтайды. Бірінші мүшел (1-12 жас) – балалық, екінші (12-24) – жастық, Үшінші және төртінші (24-36 жас және 36-48 жас) – ересектік, бесінші (48-63-жас) – кәрілік. Әр мүшел жас – бұл анықталған, адам ағзасының қалыпты сапалы жағдайы; бір мүшелден екіншіге ауысу адам ауру немесе әртүрлі қиындықтарға жолыққан кездегі өмірдің қауіпті кездері немесе кенеттен ауысым сияқты қарастырылған. Мүшел жастың ауысу жылдары –13, 25, 37, 49, 61, 73 ж сс.
1-12 жас Өмірге келу, шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, тіл сындыру. Бұл кезеңдерді көптеген ырым, жоралғылар көбірек қолданылады. Көбіне тәңірден тілек тілеу, қолдау табушылыққа ұмтылу;
12-24 жас. Жастар әлемінде сал мен серілер өнерінің шарықтау кезеңі, бұл той мен томалақта, кеште, алтыбақан ойындарында, қайым айтыс, отау құрған кездерде туындайды.
24-48 жас. «25» өлеңі, уайымсыз, ойын-күлкілі, думанды өткен жастық шақты аңсаудан туған өлеңдер мен ересек адам әлеміне өту кезеңі. Ақындық, салмақты сөз, ақыл тоқтату көрініс табады.
48-60 жас. Жырау, жыршылардың толғаулары. Өмірден көргені бар, түйгені бар кәрілер, ақсақалдар әлемі, жоқтау, көңіл айту, өсиет өлеңдер термелер.
Сал мен серілер өнерімен халықты тәнті еткен. Жастық шақ адам өміріндегі ең тәтті шақтар екенін, осы уақыттардағы ойын-күлкі, әзіл-қалжың, жастардың бір-бірімен табысуы, ғашық болуы, қайғыны ойламаған кездері. «Жиырма бес» жас тақырыбы сал-серілер өлеңдерінде өзгеше жанрлық өткен-кеткен жастық шақ жөніндегі әнді тудырды. Бұл тек жастық шақтың ғана емес, өмірдің де өтіп бара жатқандығының символы. «Қайран жиырма бес» деп жастар жастық шақтан ересек шаққа өтеді. Салғара Жанкісіұлының «Жиырма бес» деген әніндегі өлең сөзінен белін бекем буған жас жігіттің жастық шаққа тән алғырттығы, өзіне деген сенімділігі, тәуекелшілдігі көрінеді.
Беріп кет, сақинаңды мыста болса,
Жүрейік ойнап-күліп қыс та болса.
Таста да етігіңді, байпақшаң кел,
Көрейін өз сорымнан ұстап алса,
Қайырмасы:
Аха-хау, жалған,
Жиырма бес қайта айналып,
Дүние-а-ай келмес саған (2)
(Той, салт өлеңдерінің жинағы)
Өткен ғасырлардағы әншілер мен сал-серілердің, жыршылар мен жыраулардың орындаушылық дәстүрлері мен шеберліктері, төл туындылары көркемдік-эстетикалық жағынан нәрлілігімен, терең мазмұндылығымен айырықшаланған. Олар қашан да халық құрметіне бөленген қадірменді жандар екендігін кезінде қазақ жерінде болған түрлі саяхатшылар мен тарихшылардың, журналистердің назарына ілінгені белгілі.
«Зейін қойып, жақсылап тыңдап отырсақ, қазақ даласының кең байтақ жазықтығы қандай болса, қазақ әншілерінің ән айтқандағы үні де сондай кең. Сахара жұртына даңқы түгел жайылған ондай ақын-әншілерді қазақ халқы қатты құрметтеді, қайда той, жиын болса ат жібертіп шақыртып алады. (Правительственный вестник, 1892. №64. 235 б)
Ақанның азан шақырылып қойылған аты Ақжігіт әке-шешесі еркелетіп Ақан десе, халқы оған Сері деген ат берді. Ақан серінің тағдыры бір жағынан, сұлу өмір иесі секілді, екінші жағынан, өксік зар наласы, мұң –шері шаш етектен аянышты өмір.
Ақан қазақ қоғамының жай-күйіне де барлау жасайды, болашағын болжайды. Жер –суының тағдырын ойлайды. Қазақ жерін қайғы бұлты торлайды, келімсектер қорлайды. Көшпелі ерлер мұңайып жұқарып, ұр да жық есерлер арам шөптей қаптап, ел мен жерді тоздырады. Қазақ елі көк майсалы жайлауынан, құйқалы, шүйгінді қоныстарынан, сулы, нулы орманды жерлерінен айырылады. Мұны ақынның ұшқыр ойы, сезімтал жүрегі өткір де терең түсінеді. Отарлық езгіге қарсылық көрсетіп, қарғыс оғы «Бара бар крестьянға тең болмадық» деген ащы жанайқайынан көреміз. «Заманға қарап, деген өлеңінде таланып жатқан ортадан, алып шығар тура жолы қайдан таба аламыз деп, азаланады. Ақан сері – өмірдің гүлі болған «сегіз қырлы, бір сырлы» өнер иесі. Ол астына жүйрік ат мініп, қолына қыран ұстап, серілік құрған, ән салып, өнер қуған адам. Әділетті, ешкімнен именбеген, өр мінез, турашыл, ащы тілінен соққы жеген жан. Ілияс Жансүгіров оны өзінің «Құлагер» поэмасында:
«Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған», - дейді. І.Жансүгіров осы поэмада ән мен әншілікке кең орын береді. Ілияс Жансүгіров поэмада:
Тегінде тегін бе екен Ақан сері,
Бұл да бір емес пе екен елдің ері?
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді»,-деп Ақан бейнесін оның тарихи тұлға екенін ескертеді.
«Құлагер» поэмасында шығармаға тартымдылық дарытып, барлық тараулардың басын біріктіріп тұрған – Ақан бейнесі. Ақан – биік адамгершілік, асқақ мұраттардың иесі, халықтың рухани дүниесін, байлығын байытқан халық қамқоршысы. Халықтың қамын, ел мұңын, ел жерін әнге өрген, әнге арқау етіп жазған, «елім» деп жылағанда етегі жасқа толатын, халық қамқоршысы және қызметшісі. Ақанымыз байлық пен биліктен, өтірік жала мен даудан қашқан. Өзінің бүкіл әнімен, өнерімен асқақ мұраларын қазақтың сар даласын танытқан. Тамаша сырлы жырларымен Ақан достықты, адалдықты, өмірдегі не бір сұлу, әдемінің бәрін әнге қосқан. Сұлулықты машықтаай, сүйсіне жырлайтын «Жайықтың ақ түлкісі, «Айтайын замандасқа біраз кеңес», «Жігіт сыны», «Қыз сыны» өлеңдерінен Ақанның «Алдамның түсі де, ісі де жаны да сұлу болуы керек» деген ұстанымдағы философиялық тұжырым көреміз.
Ақанның серілігінің бірі – жетім баланы алатын болсақ, кішкентайынан Ақан тәрбиесінде болған, оған әбден бауыр басып кеткен, оған ана орнына ана болып, әке орныны әке болған – Ақан.
Ілияс:
Үстінде Құлагердің қандай бала?
Тастап ек баяндамай оны шала.
Бұл өзі елдегі бір жетім бала,
Ақанға бауыр басқан өкіл бала.
Асырап, аш-жалаңаш қалдырмастан,
Біреуге еліндегі бақтырсын деп,..., - Ақанның үлкен жүректі, адамгершілігі мол екендігіне айқын дәлел жолдары. «бәйге» тарауынан:
Бәйгеге қосар болса Ақан атын,
Мінгізіп бұл баланы апаратын.
Тақымы жетімектің құтты болып,
Құлагер қосқан сайын бәйге алатын.
Ақан да әкесіндей баласының
Жоқтығын жоқтатпаған анасының
Құласын, баласын көз қарашығын...
Осы шумақтар да Ақанның жетімдерге деген қамқорлығын аңғартады.
Ақан егде тартып ұлғайған шағында ата-қоныс жерлерінен – Қоскөл, Сарыкөлден айрылады. Ол жерлерді патша үкіметі тартып алып, қазақ даласына көшірілген орыс шаруаларын қоныстандырады. Осындай тарихи шындықтың айғағы болған Ақан барды барынша айтып, патша үкіметіне күйініш ызасын білдіреді. «Барабар крестььянға тең болмадық» деген өлеңінде ақын:
Барабар крестьянға тең болмадық,
Тартылып қай жағаға ем болмадық?
Малымыз жерімізден пайда тиіп,
Қалайша патшамызға дем болмадық?
Орыс, ноғай, сарт-сауан саудагерге,
Қалайша, малмен, жермен тең болмадық?, - деп жырлайды. Ақанның адамгершілігі бас имейтін, әділетті сүйетіні өлеңдерінен айқын көрінеді. Ақынның өз халқы туралы айтылған сөздері: «Қойдан қоңыр не қылған халық еді...», «Бәрінен он үшінші қазақ жетім, Қорқақ топ жан жағына алаңдаса...» деп келтіреді. Ақан халқының момындығына, жасқаншақтығына налиды.
Поэмадан сырт алып оның авторы Ілияс Жансүгіров пен басты кейіпкер Ақан серіні алып қарасақ, екі ақынның да түпкі тілектері, арманы бір жандар. Екі ер де елім деп еңіреп туып, оны алға сүйреп, өздерінің өлең жырларымен халық санасына көптеген елеулі мәселелерді сіңіріп, оларды сілкініске, көздерін ашып дүниеге кең қарауға шақырған. Ақан сері 1913 жылы 70 жасында қайтыс болған. Одан кейінгі Ілияс дәл сол Ақан жолын қуып халқына өлең –жырымен көп еңбек сіңірген, аяғында ащы шындықтың бетін ашқаны үшін репрессияға ұшырап, қайран ер кете барады. Содан бері талай жылдар өтті. Бірақ алтынның аты алтын ғой. Ілияс ақталып, халқының арасына жаңғырып қайта оралды. Ақан, Ілияс, Мағжан, Жүсіпбек, Ахмет сияқты елім деп еңіреп, халқым деп зар жылаған ерлер бүгін де қазақ халқының ауызында ұмытылмастай жатталып отыр. Бұл дана, данышпан ерлерді біздің ортамызға жаңғыртып қайта оралтқан – қазіргі қайта құру заманы. Бұл қайта құру әлеуметтік мәселелерді, түп тамырымен қопарып, халық ұлдарын өз дәрежесіне көтеріп жаңа тұғырға қондырды. Сал-серілер өнері арқылы, оның даму барысына тереңдей, үңіле келе, одан бұрынғы қазақ халқының төл салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, той думанын үйренеміз. Халық мәдениетінің түпкі сырынан мәлімет аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |