Қазақстан республикасының денсаулық сақтау министрлігі қр медициналық жоғары оқу орындарының ОҚУ-Әдістемелік бірлестігі


ШИКІЗАТТЫ ЖИНАУ, КЕПТІРУ ЖӘНЕ САҚТАУ



бет2/3
Дата15.06.2016
өлшемі0.58 Mb.
#138059
1   2   3

ШИКІЗАТТЫ ЖИНАУ, КЕПТІРУ ЖӘНЕ САҚТАУ

Шикізатты жинау өсімдікте флавоноидтардың едәуір көп жиналу фазасында жүргізеді. Шикізатты жинау келесі кезеңдерде жүргізеді:

– шанақтану: жапон софорасының шанақтары, итошаған шөбі үшін;

– гүлдеу алдында: құмдық салаубас, түймешетен гүлдері, сасықшөп шөбі үшін;

– жаппай гүлдеу кезеңі: гүлкекіре гүлдері, шайқурай, бұрыш, айланшөп, құс тарандардың, түктігүлді астрагалдың, шегіргүлдің, батпақты ақшайырдың шөптері үшін;

– вегетация кезеңінде: дала қырықбуынының шөбі, қытай шайының жапырақтары үшін;

– жеміс беру: долана, арония, жапон софорасы жемістері үшін;

– күзде қуаңдәрі мен байкал томағашөбінің тамырлары үшін;

– мияның тамырларын жыл бойына жинауға болады.

Шикізатты жинаған соң тез арада кептіру керек, себебі флавоноидты гликозидтер ферменттердің әсерінен және ылғал қатынасында қант пен агликонға жеңіл гидролизге ұшырайды, ал бос агликондар тотығуы мүмкін. Шикізатты көлеңкелі жерлерде немесе жасанды және табиғи жылытумен кептіргіштерде кептірген дұрыс.

Мысалы, егер флавоноидтар шикізаттың құрамында гликозидтер күйінде болса шикізатты кептіргіштерде 500-600С температурада немесе көлеңкелі ашық ауада, жақсы желдетілген бөлмелерде кептіреді. Күн сәулесінде кептіруге мүлдем болмайды. Баяу кептіру әсіресе күн астында флавоноидтардың толық бұзылуына алып келеді. Шикізатты ылғалдан және тіке күн сәулелерінен қорғау керек. Шикізатты тығыз жабылатын ыдыста құрғақ, жақсы желдетілген бөлмелерде жалпы тізім бойынша сақтайды.
ФЛАВОНОИДТАРДЫҢ МЕДИЦИНАДА ҚОЛДАНЫЛУЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ПРЕПАРАТТАРЫ

Флавоноидтарға бай дәрілік өсімдік шикізаттарының терапевтикалық қолдану диапазоны өте кең. Флавоноидтарды адам ағзасына кез-келген әдіспен енгізу барысында оның ешқандай улы әсері болмайды.

Басқа биологиялық әсерлерінен бұрын флавоноидтардың тамырларды нығайту әсері анықталған. Флавоноидтар капиллярлық жүйенің күйіне жағымды әсер көрсетеді: капиллярлардың жоғары патологиялық өткізгіштігі төмендейді және олардың сынғыштығы жойылады. Р витаминінің дәл осы қасиеті оның терапевтикалық қолданылуына кең мүмкіндіктер береді, себебі қан тамырларының өткізгіштігі мен сынғыштығының жоғарылауы адам патологиясында айтарлықтай жиі кездеседі. Мысалы, тамырлар қабырғаларының өзгеруі ревматизмде, гипертония ауруында, Базедов ауруында, пневмонияларда және басқа көптеген инфекциялық ауруларда байқалады. Аскорбин қышқылының ағзада сақталуына және мүшелерде, әсіресе бүйрек үсті бездерінде жиналуына флавоноидтардың әсер етуі анықталды. Осы мәліметтерді ескере отырып С-гиповитаминозды науқастарға флавоноидтарды аскорбин қышқылымен бірге қабылдауға кеңес береді.

Бұдан басқа флавоноидтар лимфоағынның жұмысын реттейді, мұны оның сірә ісінуге қарсы әсерімен байланыстыруға болады. Тамырларға әсерімен қатар флавоноидтардың әлсіз кардиотоникалық әсер ететін қасиеті де бар, олар жүректің соғуын сиретіп, олар амплитудасын жоғарылатуға қабілетті. Басқа мәліметтер бойынша кверцетин, рутин және басқа флавонолдар шаршаған немесе гиподинамикалық жүректің жұмысын қалыпқа келтіріп, жүрек соғуын реттейді. Кейбір флавоноидтар әлсіз гипотензивті әсерге ие.

Флавоноидты қосылыстар қанның құрамына әсер етіп, холестерин мен γ-липопротеидтердің мөлшерін төмендетеді, мұны әсіресе кверцетиннің, лютеолиннің және басқа Р-витаминді препараттардың әсерінен байқауға болады.
Флавоноидтар әсерінің әр алуандығы

Флавоноидтар өздерінің физикалық және химиялық қасиеттерімен ерекшеленеді, сондықтан оларды белгілі бір ыңғай әсерімен шектеуге болмайды. Дегенмен, кейбір әсерлер оларға тән: олар капиллярлардың өткізгіштігінің бұзылуында, жүрек және қан тамырларының қызметі нашарлағанда, асқорыту жолдарының тырысуында жағымды әсер көрсетеді. Сол немесе басқа дәрілік өсімдіктердің емдік қасиетіне флавоноидтардың қосатын үлесі күмәнсіз маңызды.

Құрамында флавоноидтары бар көптеген шикізаттарды №79 18.03.1997 жылғы бұйрық бойынша дәрігердің рецебінсіз дәріханада сатуға рұқсат етілген.

1. Экстемпоральды рецептурада дәрілік өсімдік шикізаттары тұнба, қайнатпа және жинақ күйінде қолданылады.

2. Фармацевтикалық фабрикаларда экстракциялық препараттары ретінде тұндырмасы мен экстрактысын дайындайды:

– сасық шөптің, шайқурайдың, байкал томаға шөбінің, долананың, қуаң дәрінің, жапон софорасының тұндырмалары;

– долананың, су бұрышының сұйық экстрактары;

– салаубас гүлдерінің құрғақ экстрактысы.

3. Зауыттарда мына препараттар шығарылады:

– жапон софорасының шанақтарынан алынатын рутин мен кверцетин;

– мия тамырынан флакарбин және ликвиритон;

– шәйқурай шөбінен новоиманин;

– түймешетен гүлдерінен танацехол;

– салаубас гүлдерінен фламин және т.б.

Жаңа галенді дәрілік заттар дамытылып әр жылы препараттар номенклатурасы толықтырылып отырады.

Дәрілік өсімдік шикізатын өңдеумен айналысатын зауыттарда шикізаттар кесілген-пресстелген күйде, брикет және жинақ түрінде шығарылады. Флавоноидтар фармакологиялық әсердің кең спектріне ие.



1. Р-витаминді белсенділік. Р витамині деп (латын. permeability өткізгіштік) капиллярлық тамырлардың сынғыштығы мен өткізгіштігін азайта отырып С витаминінің жетіспеушілігін жартылай реттейтін қабілеті бар флавоноидты қосылыстардың жиынтығын атайды. Бұл қасиеттер шәй жапырағында, алмада, цитрустарда, жуада, жылқы қымыздықта, қарақұмықтың гүлдері мен жапырақтарында, арония мен итмұрынның жемістерінде, лейкоантоциандар және антоциандармен боялған көптеген жемістер мен жидектерде өте жоғары. Барлық дерлік өсімдіктерде Р-витамині С-витаминімен бірге кездеседі. Олар бір-бірінің капиллярларын нығайту әсерін жоғарлатады, биохимиялық “байланыста” бір-біріне қажетті, бірақ бір-бірінің орнын басып ала алмайды. Сонымен Р-витаминді белсенділік көрсететін түрлі флавоноидтар (150 флавоноидты қосылыстардан аса Р витаминді белсенділік әртүрлі дәрежеде) капиллярлардың сынғыштығы мен қабырғаларының өткізгіштігін тек витамин жетіспеушілігінен ғана емес, сонымен қатар қабыну процесстерде, әртүрлі генездің капилляртоксикоздарында, аллергияларда алдын алып сақтандырып отырады. Осыған байланысты олардың медицинада қолдану көрсеткіштері өте кең. Р-витаминдік белсенділікке ие:

– шай жапырақтарындағы катехиндері;

– цитрустар экзокарпийіндегі флаванондары;

– жапон софорасының шанақтарындағы (рутин, кверцетин), шәйқурай шөбіндегі (гиперозид) флавонолдары;

– аронияның жемістерінен алынған жас сөлі және өңделген жұмсағы.

2. Несеп айдайтын белсенділігі. Көптеген өсімдіктердің несеп айдайтын әсері күмәнсіз немесе оны маңызды дәрежеде өсімдікте флавоноидтардың әртүрлі топтарының және жеткілікті жоғары мөлшерде болуымен байланыстырады.

Айқын несеп айдайтын әсері бар өсімдіктерге (флавоноидтардың әртүрлі шамасымен) дала қырықбуынын, құс таранды, бояулық риянды, бояу дрокін, гүлкекірені, верескіні, қара ырғайды, лабазникті, қуаңдәріні, жарықдәріні, қайыңның жапырақтары мен бүрлерін, теректің бүрлерін, қасқыржемді, ақжелкенді, жүгеріні (шашағын), қымыздықты жатқызуға болады.

Құрамында флавоноидтары бар өсімдіктерді қолдану несеп қышқыл диатездің дамуына, диабетгенді әсерге (керісінше, флавоноидтар аздап гипогликемиялық әсер көрсетеді), қышқылдық-негіздік баланстың өзгеруіне калий жетіспеушілігіне алып келмейді. Флавоноидтардың несеп айдайтын қасиетін олардың бүйрек тамырларын кеңейтуімен және біріншілік несептің фильтрлеудің күшейтуімен (эуфиллин сияқты) байланыстырады. Бүйрек және жүрек ауруларынан болатын ісінуде гүлкекіре гүлдерінің, итошаған шөбінің, шегіргүл шөбінің тұнбаларын, қуаңдәрінің тұндырмасын қолдануға ұсынады. Қан айналуының жетіспеушілігінен туындайтын жүрек ауруларынан болатын ісінуде дала қырықбуыны шөбінің тұнбасын қолдануға болады. Бүйрек тас ауруларында құстаран шөбінің тұнбасын, құрамында дала қырықбуынының экстрактысы бар марелин қолдануға ұсынады.

3. Өт айдайтын белсенділігі. Өт айдайтын және гепатқорғаныштық әсерін флавоноидты өсімдіктердің едәуір маңызды әрі кеңінен қолданылатын қасиеттердің қатарына жатқызуға болады. Осындай қасиеттерге көптеген өсімдіктер ие, соның ішінде әсіресе құмдық салаубас, володушка, алатікен, түймешетен, кәдімгі жусан, кәдімгі шетен, жүгері шашақтары және т.б. Флавоноидтардың өт айдайтын әсері гепатоциттермен өтті түзу және бөлініп шығару қызметін күшейтуге байланысты. Бұл кезде өттің тек тығыз компоненттер ғана емес, сонымен бірге сұйық бөлігінің де бөлініп шығуы күшейеді. Нәтижесінде оның өт капиллярлары мен жолдарындағы ағыны күшейіп, өттің өт қапшығына құйылуы жақсарады. Осыдан барып инфекцияның тұрақтылығы нашарлап, өт қышқылының қиыршықтануы өт жолдарында құм пайда болуына жол берілмейді. Бұл процесстер эфир майлары мен флавоноидтардың спазмолитикалық әсерінің нәтижесі.

Өт айдайтын қасиетімен қатар флавоноидтардың бауырдың антитоксиндік қызметін күшейтетін әсері олардың Redox-парларды түзе алатындарының тотығу-тотықсыздану реакциясына тікелей қатысуына байланысты. Флавоноидтардың антиоксидантты және мембрананы тұрақтандыратын белсенділігі оның қабынуға қарсы және басқа да жоғарыда аталған әсерлерімен үйлесе отырып гепатоциттерді түрлі зиянды факторлардың зақымдағыш инфекциялық және улы әсерінен сақтайды, яғни гепатопротекторлы әсер береді.

Флавоноидтардың көп жақты гепатотропты әсері флавоноидты өсімдіктерді (әсіресе күрделі жинақтарда) гепатиттерде, холангиттерде, холециститтерде, бауырдың қызметін белсендіру қажетті болған жағдайдағы ас қорыту органдарының түрлі патологиясында және басқа да ауруларда қолдануға мүмкіндік береді. Холециститтерде, өт жолының дискинезияларында оттегі тас ауруында және гепатиттерде салаубас, түймешетен гүлдерінің тұнбалары, танацехол, салаубас гүлдерінің құрғақ экстрактысы мен фламин препараты қолдануға ұсынылады.

4. Қан тоқтататын қасиетін жатырдан, көтеуден және мұрыннан қан кеткенде бұрыш таран және айланшөп таранның шөбінен алынған препараттарын, қуаңдәрінің тұндырмасын қолданады. Қан тоқтататын әсері бұрыннан анықталған және медицинада жатырдан, көтеуден, ішектен және басқа да кіші қан кетулерде кеңінен қолданылады.

Қан тоқтататын әсерге бұрыш таран мен айланшөп таран, тауқалақай, кәдімгі жұмыршақ, жапон софорасы және кейбір басқа да өсімдіктер препараттары ие.



5. Гипотензивті және седативті әсері. Көптеген флавоноидты өсімдіктерге тән және олардың эфир майларымен, хромондарымен, кумариндермен бірлескен әсеріне байланысты. Флавоноидтардың спазмолитикалық қасиеттері коронарлы артерияларға, аздап ми тамырларына, ішекке, бронхтарға, өт жолдары мен жатырға белгілі. Флавоноидтар түрлі эндо- және экзогенді факторлардың әсерінен болатын жылтыр бұлшық ет талшықтарының тырысуын басады. Олардың ішінен ең белсенділері ретінде гиперинді атауға болады.

Кейбір өсімдіктер седативті әсер көрсетеді, мұны артериялық қысымның тұрақтануы мен қантамырларының орталығына (стрессогенді) қысымдылық әсердің азаюымен байланыстыруға болады. Аздаған несеп айдайтын әсердің болуы пайдалы қосымша құбылыс, бірақ бұл көрсеткішті айқын диуретикалық әсері бар өсімдіктерді қосымша қолдану арқылы күшейтуге болады. Гипотензивті және седативті әсерге сасықшөптің, аронияның, батпақты ақшайырдың (әсіресе гипертониялық аурудың алғашқы сатыларында), түктігүлді астрагалдың, байкал томағашөбінің препараттары ие.



6. Кардиотропты әсері. Бұған біздер шартты түрде белсенділіктің үш түрін жатқызамыз: кардиотоникалық, коронаркеңейіткіш және антиаритмиялық. Мұндай біріктірудің өзіне тән негіздері бар. Кардиотропты әсердің осы үш белсенділіктері ілесіп жүреді, ал жеке жағдайда бұл белсенділіктер айтарлықтай әлсіз. Солай бола тұрса да олардың бірге тағайындалуы жүрек жұмысының бұзылуының жеңіл формаларында (соғудың әлсіреуінде, экстрасистолияларда, ауырсыну синдромында және т.б.) вегетотамырлардың дистониясында және невротикалық бұзылуларда, гипертоникалық ауруларда пайдасы бар әрі әсері күшті.

Долана гүлдері мен жемістерінің (әртүрлі түрлері) флавоноидтарының кардиотропты әсері едәуір күшті әрі жақсы зерттелген. Өсімдік құрамында 15-тен аса флавоноидтар (агликон және гликозид күйіндегі) түзіледі, олардың ішіндегі ең көп қызығушылық туғызатындары гиперозид, кверцетин, витексин және оның рамнозиді.

Гиперозидтің кардиотоникалық әсерінің механизмі флавоноидтардың миокардтың энергиялық алмасуына дұрыс әсер етуіне (глюкозаның ыдырауын, оттекті қолдану пайдалы әсер коэффициентін жоғарлату), жүректі калий иондарымен толықтыруға байланысты. Құрамында гиперозиді бар бірақ сонымен қатар басқа әсер етуші заттары бар кейбір басқа өсімдіктер төмен кардиотоникалық әсер көрсетеді. Мұндай әсер сасықшөптің, сиыр құйрықтың, астрагалдың, шәйқурайдың, құсықшөптің, жөке гүлдерінің препараттарына тән.

Флавоноидтардың улылығы басқаларға қарағанда ерекше аз, сондықтан долана гүлдерінің және жемістерінің препараттарын жүрек жұмысының қызметі нашарлағанда, аритмияда, тахикардияда ұзақ пайдалануға болады.



7. Язваға қарсы әсері.

Ликвиритон мен флакарбиннің асқазан мен он екі елі ішектің язваларына қабынуға қарсы, спазмолитикалық және секрецияға қарсы әсер көрсетеді. Мысалы, батпақ ақшайырдың шөбі, көк көкшегүлдің тамырлары мен тамырсабақтары кешенді таблетка күйінде қолдануға ұсынылады.



8. Жарақатты жазатын және микробқа қарсы әсерлерге (іріңді жараларды, фурункулдерді, ойылуды емдеуге) жапон софорасы жемістерінің тұндырмасы, новоиманин, батпақты ақшайыр шөбінің майлы экстрактысы ие.

9. Флавоноидтардың басқа белсенділік түрлері әр алуан. Түймешетен гүлдері құрамындағы эфир майларының болуына байланысты аскаридоз ауруында буылтық құрттарға қарсы (глисты) қолданады.

Итошаған шөбін балалар тәжірибесінде аллергияға қарсы диатез ауруларында тұнба күйінде ішуге және сыртқа су моншасы әдісімен қолданылады.

Шегіргүлдің шөбінің тұнбасын қақырыққа қарсы қолданады, ол бронх бездерінің секрециясын күшейтеді.

Алпизаринді линимент, жағар май, таблетка күйінде герпес вирусынан туатын ауруларды емдеуде вирусқа қарсы препарат ретінде қолданады.

Әсерлердің кейбіреулері бірқатар өсімдіктерге тән, ал кейбіреулерінің әсерлерін жеке өсімдіктердің құрамындағы флавоноидтар мен ілеспелі заттардың қоспасына тән. Осы өсімдіктерде сол немесе басқа қосылыстардың басты ролін айқындауға қиын. Мысалы, мына өсімдіктер тобы: сасықшөп, қырмызыгүл, қайызғақшөп, володушка, леспедеца, сары рододендрон және т.б. – күшті болмаса да анық анальгетикалық әсер көрсетеді. Оны осы өсімдіктерде флавоноидтардың кверцетин тобының, гипериннің, авикулариннің болуымен түсіндіруге болады.

Барлық флавоноидты өсімдіктер үшін ортақ қасиет ретінде олардың қабынуға қарсы әсері. Ол антиоксидантты, капиллярды бекемдейтін әсерімен байланысты. Кейбір зерттеулерде флавоноидтардың фосфолипазаны, циклооксигеназаны және липоксигеназаны аздап басуға, сөйтіп арахидон қышқылының каскадын, простогландиндердің және лейкотриендердің синтезін тежеп отыратын қабілеті көрсетілген. Флавоноидтардың үйлесімді әсері (қабынуға қарсы, цитоқорғағыш) олардың жараны жазатын асқазан, ішек және тері жабынының регенерациясына эпителизациялық әсерін көрсетуіне байланысты. Бұл қызметте флавоноидтар өсімдіктердің құрамында болатын басқа әсер етуші заттармен (терпеноидтармен, кумариндермен) бірге әсер етеді. Язвалардың, терідегі зақымданған жарақаттардың жазылуын жылдамдату үшін шәйқурайдың, ақшайырдың, софораның, грек жаңғақ жапырақтарының, қырмызыгүлдің, тауқалақайдың, мияның және т.б. құрамында флавоноидтары бар басқа көптеген өсімдіктердің препараттарын пайдаланады.



ҚҰРАМЫНДА ЖҮРЕК-ҚАН ТАМЫРЛАРЫНА ӘСЕР ЕТЕТІН ЖӘНЕ

Р-ВИТАМИНДІ БЕЛСЕНДІЛІК КӨРСЕТЕТІН ФЛАВОНОИДТАРЫ БАР КЕЙБІР ДӘРІЛІК ӨСІМДІКТЕР
Алқызыл долана

Боярышник кроваво-красный

Crataegus sanguinea Pall.

Раушангүлділер тұқымдасы

Rosaceae

Күлгін-қоңыр түсті өркендерін ұзындығы 4 см-ге дейінгі қалың тікендер басқан бұта немесе биіктігі 5 м дейін өсетін ағаш. Гүлдерінің диаметрі 5 см қалың қалқанша гүл шоғырына жиналған. Түсі қан-қызыл, үстіңгі жағында гүл тостағаны қалып қойған, ұн тәріздес жұмсағы бар, 2-5 сүйегі бар алма тәрізді жемістерінің диаметрі 6-8 мм.



Дәрілік шикізаты. Гүлі мен жемістері. Гүлінің диаметрі 15-17 мм, шанақтары 4 мм, бірнешеден гүл сабақшасына жиналған. Гүл тәжі сарғыш-ақшыл, иісі әлсіз, өзіне тән, дәмі ащылау. Жемістері домалақтан эллипс тәрізді пішінде, әжімді, бурыл-қызыл түсті, жемісінің жұмсағы сары түсті.

Химиялық құрамы. Долананың жемістерінде маңызды мөлшерде флавоноидтар кездеседі, соның ішінде кверцетин, кемпферол, апигенин, гербацетин, 3-метоксигербацетин және олардың гликозидтері – ориентин, витексин, сапонаретин. Одан басқа жемістерінде фенолкарбон қышқылдары, органикалық қышқылдар (4,2% дейін), үштерпендер (кратегус қышқылы), стероидтар, холин, ацетилхолин, витамин С, каротиндер бар. Сонымен бірге лейкоантоцианидиндер, антоциандар: пеонидин, цианидин табылған. Гүлдерінде эфир майы, илік заттар (9,6% дейін), флавоноидтар: гиперозид, кверцетин, 8-метоксикемпферол, витексин, пиннатифидин табылған.

Емдік қасиеті. Долана препараттары кардиотоникалық дәрумен ретінде, жүрек қызметінің жетімсіздігінде, жүрек әлсіздігінде, гипертония аурулардың алғашқы формаларында кеңінен қолданады. Олар жүректің бұлшық етінің тонусын көтеріп, нығайтады, жүректің қан айналымын жақсартады, тахикардия мен аритмияны жояды. Долана коронарлы және бас ми тамырларын таңдалмалы түрде кеңейте отырып спазмолитикалық қасиет көрсетеді. Осы әсерге байланысты миокардты және бас мидың нейрондарын оттегімен қамтамасыз етуді жақсарту үшін бұл өсімдікті бағытталған түрде пайдалануға болады. Сонымен қатар оны өңештің невроздарында, бауыр және өт айдайтын жолдарының ауруларында қолданады.

Медицинада қолданылуы. Долана гүлдерінің тұнбасы (5,0:200,0) жүрек жұмысының жетімсіздігінде, ангионеврозда, аритмия мен пароксизмальды тахикардияда (жеңіл формаларында негізгі антиаритмиялық препараттарға қосымша ретінде), жоғары қозуда, ұйқысыздықта аритмия мен артериялық қысымды төмендету үшін, өңештің, асқазанның неврозында, бауыр және өт айдайтын жолдарының ауруларында 50 мл күніне 2-3 рет тамақтың алдында 30 минут бұрын тағайындайды. Долананың (15,0:200,0) тұнбасын 1/2-1/3

Алқызыл долана
стаканнан күніне 2-3 рет тамақтың алдында 30 мин бұрын гүлдерінің тұнбасын қолданған жағдайдағыдай пайдаланады.

Долана препараттарының жүректің вена қан тамырларында қан айналымын жақсарту қабілетін, антисклероз әсерін ескерте отырып оның экстракттарын қарттар мен жасы үлкен кісілерде кездесетін түрлі жүрек қантамырларының ауруларында қолданады.

Долананың (1,0:10,0) 70% спирттегі тұндырмасын күніне 3-4 рет 20-30 тамшыдан тамақтың алдында тұнбасы сияқты жағдайда қабылдайды.

Долананың құрғақ жоғары концентратты экстрактысы “Кардиал” фитопрепаратының құрамына кіреді.

Доланың сұйық экстракттысы оның жемістерінен дайындалады. Оны 20-30 тамшыдан күніне 3-4 рет қабылдайды.
Бұрыш жалбыз

Мята перечная

Mentha piperita L.

Тауқалақайлар тұқымдасы

Lamiaceae

Көпжылдық шөптесін өсімдік. Жабайы түрде кездеспейді. Краснодар өлкесінде, Украина мен Беларуссияда мәдени өсіріледі. Өсімдіктіңғ екі формасы белгілі – қара және ақ. Біріншісінің сабағы мен жапырағының түсі күңгірт, қызыл-күлгін түсті, екіншісі түссіз және едәуір нәзік хош иісі бар. Мәдени түрде кеңінен қара жалбызды өсіреді.



Дәрілік шикізаты. Жапырақтары, гүлдері мен шанақтарының қоспасынан тұрады. Жапырақтарының шеттері сирек тісті, үстіңгі беті ұсақтүкті. Жапырақтарының түсі көгілдір-жасыл, күшті хош иісі бар, дәмі салқындатқыш.

Химиялық құрамы. Жапырақтарының құрамында 2,26% дейін эфир майы бар, соның ішінде 39,7% ментол, 21% ментон, 13,2% пиперитон, 3,5% метилацетат және басқа компоненттер. Жапырақтарында эфир майынан басқа флавоноидтар (0,15-0,41%) лютеолин, апигенин, эриодиктиолдың, акацетиннің, кверцетиннің, геспаридиннің гликозидтері, сонымен қатар олеонол (0,2%), урсол (0,4%), эпиурсол, хлороген, кофе, розмарин қышқылдары, С, РР, Е витаминдері, каротиндер, антоциандар бар.

Емдік қасиеті. Жалбыздың негізгі биологиялық белсенді заты ментол болып табылады. Теріге тигізгенде ол жүйке ұштарын салқын және шаншу сезімдерді тудырып тітіркендіреді. Бұл рефлекторлы реакция шақырады: жоғарғы қан тамырларын жіңішкертіп, ішкі тамырларды кеңейтеді. Сілекей қабаттарының рецепторларын тітіркендіре отырып ментол антисептикалық және жергілікті жансыздандыру әсер береді. Жалбыздың жапырақтарынан алынатын препараттардың ауырсынуды басатын, өт айдайтын, спазмолитикалық әсері бар, асқазан ішек жолдары мен бауырдың секрециясын қоздырып тәбетті ашады.

Жүрек қан-тамырларының жұмысын жақсарту үшін, асқазан-ішек жолдарының спазмында, іш өткенде, жүрек айнығанда, құсқанда, сары ауруда.



Бұрыш жалбыз

және өт қапшығының тас ауруларында өт айдайтын дәрмек ретінде қолданады, бас ауруды басады.



Медицинада қолданылуы. Жалбыз жапырақтарының тұнбасын (5,0:200,0) тыныштандырғыш, спазмолитик, құсқысы келгенде өт айдайтын ретінде, ішектің ауырсынуында ішеді.

Жалбыздың тұндырмасын 90% спиртте 1,0:20,0 қатынаста бұрыш жалбыздың майын бірдей мөлшерде қосып дайындайды. 10-15 тамшыдан невралгиялық ауырсынуларда ауырсынуды басу үшін, жүрек айнуға және құсуға қарсы қолданады. Жалбыз тұндырмасы инсектицидті және репеллентті белсенділік көрсетеді, ағзаның қолайсыз ортаға төзімділігін арттырады. Жалбыздың препараттарын айқын гипотонияда қолдануға болмайды.


Бессалалы сасықшөп

Пустырник пятилопастный

Leonurus quinquelobatus Gilib.

Тауқалақайлар тұқымдасы

Lamiaceae

Биіктігі 150 см-ге дейін өсетін көпжылдық шөптесін өсімдік. Сабағы төртқырлы, тармақталған, іші қуыс. Жапырағы қарама-қарсы орналасқан, сағақты, төменгі жапырақтары домалақ-жұмыртқа тәрізді, жапырағының ортасына дейін ұзын, ірі тістері бар бөліктерге салаланып бөлінген. Барлық жапырақтары торбиып – жұмсақ түкті болып келген. Рессейдің барлық дерлік Еуропалық бөлігінде, Кауказда, Сібірде кездеседі. Үй маңында, бос жерлерде, тұзды жерлер мен тың жерлерде өседі.



Дәрілік шикізаты. Шөбі. Сабақ жоғарғы ұштарынан, жапырақтарынан және гүлдерінен тұрады. Иісі әлсіз, дәмі өте ащы.

Химиялық құрамы. Сапониндер, урсол қышқылы, стахидрин 1,5%, флавоноидтар 3,5%, соның ішінде рутин, гиперозид, фенолкарбон (хлороген, розмарин, кофеин, гидроксикоричті) қышқылдары, алкалоидтар 0,19%, илік заттар 1,4-6,1%, органикалық қышқылдар 2-4,3%, жүрек гликозидтері, иридоидтар: аюгол, галиридозид және аюгозид.

Емдік қасиеті. Сасықшөптің препараттары айқын седативті гипотензивті және кардиотоникалық әсер көрсетеді. Әсер ету сипатына қарай шүйгіншөптің препараттарына жақын.

Қолданылуы. Сасықшөптің тұнбасын (15:200) нервтің жоғары қозуларында, жүрек-қан тамырларының, асқазан неврозында, гипертониялық аурулардың алғашқы сатыларында қолданады. Қан айналымын реттейді, жүрек бұлшық еттерінің ауруында, жүрек неврозында және стенокардияның жеңіл формаларында қолданады, сонымен бірге несеп айдайтын әсерге ие. Ас қасықтан күніне 3 рет ішуге ұсынады.

Сасықшөптің тұндырмасы 70% спиртте 1:5 қатынасында дайындалады. Тұнбаны қолданған көрсеткіштерде 30-50 тамшыдан күніне 3-4 рет ішеді.

Сасықшөптің сұйық экстрактысын сол көрсеткіштер бойынша 15-20 тамшыдан күніне 3-4 рет қолданады.

Бессалалы сасықшөп

Сасықшөптің препараттарын гипотония мен асқазан ойық жарасы (язва) ауруында қолдануға болмайды.

Тибет халық медицинасында сасықшөпті жүрек-қан тамырлар жүйесінің жұмысын реттеп және оны емдеу үшін қолданады. Оны “жүректің қағуында”, антиаритмиялық дәрмек ретінде пайдаланады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет