Қазақстан республикасының денсаулық сақтау министрлігі



бет5/6
Дата05.07.2016
өлшемі0.49 Mb.
#178868
1   2   3   4   5   6

6.4.2 Биологиялық заттардың индикациясы. Биологиялық заттардың арнайы индикациясына сынамалар алу, зертханаға жеткізу тәртібі. Арнайы индикацияның әдістері, сатылары және жүргізу сызбасы
Биологиялық заттардың индикациясы дегеніміз – ықтимал қарсыластың бактериялық қаруды қолданған фактісін және қолданған бактериялық қарудағы қоздырғыштың түрін анықтайтын шаралар жиынтығы.

Ықтимал қарсыластың биологиялық қаруды қолданған фактісін анықтау арнайы емес индикация деп аталады.

Қолданған қоздырғыштың түрін анықтау арнайы индикация деп аталады. Осыған байланысты арнайы емес индикация қарсылас биологиялық қаруды қолданған кезде жүргізіледі, ал арнайы индикация биологиялық шабуылдың зардаптарын жою кезінде жүргізіледі.

Ауада және тұрғылықты жерде биологиялық қаруды қарсыластың қолданған фактісін анықтаудың арнайы емес индикациясының міндеттері қарсыластың іс-әрекетін бақылаумен, барлық әскерлер мен қызметтерді бақылау постыларымен, барлаудың барлық тарауларымен және арнайы радиациялық, химиялық, биологиялық қарудың арнайы бөлімше қызметімен шешіледі.

Бактериялық қаруды қолдануына күдік туғызушы жанама мәліметтерге снарядтар жарылғанда пайда болған аэрозольді бұлттың пайда болуы және т.б. жатады. Қарсылас бактериялық қаруды қолданғанын көзбен шолып анықтау фактісінің тиімділігі аз болады. Ауаның биологиялық зақымдалу белгілерінің дабылы және автоматтық тіркелуінің тиімділігі көп болады.

Арнайы индикация 3 кезеңнен тұрады: сыртқы орта нысандарынан алынған сынамалар, олардың тасымалдануы және зертханалық зерттеулері. Сынамаларды қарсылас биологиялық шабуыл ретінде қолданған микроорганизмдердің максималды саны болатындай етіп алу керек. Ол үшін ауаны аэрозольді кезеңде алады, сонымен қатар снарядтар қалдығын жарылыс болған эпид.орталықтағы заттардан жұғындар немесе аэрозоль көп жиналған жерлерден алады. Зақымдалған аумақтағы жеке қорғаныс киімдері болмаған адамдардың мұрын-жұтқыншақтарынан жұғын алу ұсынылады.

Буынаяқтыларды қолданғанда олар зерттеудің жақсы нысаны болып табылады. Биологиялық зақымдалған ошақтардың сыртқы орталарындағы нысандардан сынамалар алу радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметтеріне және медициналық, ветеринарлық қызметтерге жүктеледі. Биологиялық заттардың арнайы индикациясы мен биологиялық барлауға медициналық қызмет табельді заттармен қамтамасыз етіледі. Биологиялық заттарды алатын сынамалар жиынтығы топырақтың сынамасын алуға арналған металды заттардан, жәндіктерді ұстайтын заттардан, су алуға арналған заттардан және т.б. түрады. Сынамаларды алатын адамдарда алынған сынамаларды жақсы сақтайтын арнайы термоизоляциялық контейнер болу керек. Алынған сынамаларды қысқаша мәліметтерімен қоса тез арада бөлімшелердің СЭЗ-на немесе жеке медициналық бригаданың ЖСЭЖ (майданның СЭЖ) әкелу керек. Алынған сынамаларды зертханаға тасымалдау радиациялық, химиялық, биологиялық және медициналық қорғау қызметтерінің барлық көліктерімен жеткізу керек.

Зертханада әкелінген материалдарды зерттеуде 3 топты әдісті қолданады:



  • әкелінген нативті материалды зерттеуге экспресс-әдісін қолданады;

  • байытылған материалдарға зерттеу үшін экспресс-әдісін қолданады;

  • классикалық микробиологиялық зерттеу әдістерін қолданады.

Байыту арқылы зерттелетін материалдарды қоректі ортаға салып зертханалық жануарларды зақымдайды. Бұл байытылған материалдарды зерттеу 6-48 сағат өткен соң жүргізіледі. Бұл әдістер үнемі жетілдіріліп отырады. Қазіргі кезде арнайы антигендерді анықтау әдістеріне радиоиммунды және иммуноферментті талдау, сонымен қатар гемаглютинация және иммунофлюоресценция әдістері де жатады. Егер жоғарыда көрсетілген зерттеулер күдікті нәтижелер берсе, онда зерттеудің классикалық әдістерін, яғни микроорганизмдердің таза культурасын зерттеу және анықтауды қолданады.

Бұл кезде зерттеулерге саңырауқұлақтар, бактериялардың вегетативті және споралық түрлері, риккетсиялар, вирустар және токсиндер қарастыралады. Риккетсиялар мен вирустарды анықтауға зертханалық жануарларды және тіндердің культураларын қолданады.

Биологиялық заттардың арнайы индикациясы, бөлімшелердің СЭЗ-да (әскери медициналық зертхана немесе әскери далалық медициналық зертхана) жүргізіледі, майданның СЭЖ-да және медбр ЖСЭЖ жылжымалы базалық зертханаларында, сонымен қатар майданның СЭЖ-да жүргізіледі.

Оба, тырысқақ, сібір түйнемесі, туляремия және ботулотоксиндер қоздырғыштарына сынамалар қысқаша сызба түрінде зерттеледі. ЖСЭЖ медбр және майданның СЭЖ-ның, ӘДАҚЖАГ-нің зерттеуді және жұқпалы аурулардың зертханалық диагностикасын толық көлемде жүргізеді.


6.5 Обсервация және карантин кезіндегі шаралардың

мазмұны мен ұйымдастырылуы
Биологиялық зақымдау ошақтарында оңашалау-шектеу шаралары ықтимал қарсылас бактериологиялық қаруды қолданған фактісі анықталған кезден бастап тез арада жүргізіледі. Ықтимал қарсылас биологиялық қаруды қолданғаны туралы мәліметтерді алған соң және биологиялық заттардың әсері тиген бөлімшелер мен бөлімдер анықталғанда обсервация тәртібі орнатылады.

Обсервация–ықтимал қарсыластың биологиялық қаруының әсері тиген бөлімдердегі жеке құрамға медициналық бақылауды оңашалау-шектеу шараларының және аса қауіпті жұқпалы аурулармен ауырған науқастармен қатынаста болған әскери қызметкерлердің денсаулығына медициналық бақылаудың жиынтығы.

Обсервацияның негізгі міндеті әскерде және медициналық тасымалдау кезеңдерінде жұқпалы аурулардың таратылуын ескерту мақсатында жедел шараларды қолдануға және олардың шоғырлануы мен таралу себептерін дер кезінде анықтау медициналық қызметтің бастығының баяндамасы бойынша бөлімшенің командирі тағайындайды. Әскери бөлім бұл кезде әскери міндеттерін орындап жатады. Обсервация кезінде жеке құрамның зақымдалған бөлімін көршілес бөлімдермен және жергілікті тұрғындармен қарым-қатынастарын шектейді.

Биологиялық зақымдалу ошақтары арқылы көліктің барлық түрінің өтуіне тыйым салынады. Ол үшін аймақтың сыртқы шекарасында және негізгі маршруттарында басқару постылары орналастырылады. Жеке құрамды зақымдалған ошақтан шығару тек жедел профилактикадан және толық санитарлық өңдеуден кейін рұқсат етіледі. Заттарды, қару-жарақтарды, азық-түлікті алдын-ала залалсыздандырмай зақымдалған ошақтан шығаруға болмайды. Қарсыластың биологиялық заттарының әсері тиген жеке құрамға медициналық қадағалау жүргізіледі, оның міндеті ауырғандарды дер кезінде анықтау және тез арада оңашалап ауруханаға жатқызу.

Жұқпалы аурумен ауырғандарды ерте, белсенді анықтау күнделікті сұрастыру, жеке құрамның медициналық тексерісі, термометрия кезінде байқалады. Бактериялық қарудың әсері тиген зақымдалған бөлімшелердің барлық жеке құрамдарында обсервация кезінде жедел арнайы емес профилактика, ал бактериялық заттардың түрі анықталса арнайы профилактика жүргізіледі. Биологиялық зақымдалу ошағында азаматтық тұрғындар болса, медициналық қызмет тұрғындар арасында зақымдалғандарды анықтау ұйымдастырады. Ошақтағы зақымдалғандарды анықтаудың барлық жұмыстары қорғаныс киімдерімен жүргізілуі тиіс. Бөлімдер мен бөлімшелердің медициналық қызметі бактериялық заттардың арнайы емес индикациясын жүзеге асырады және ұйымдастырады, биологиялық заттардың арнайы индикациясын жүргізу үшін сынымалар алып, оларды санитарлы-эпидемиологиялық зертханаға жеткізеді.

Медициналық бөлімшелер мен мекемелерде эпидемияға қарсы тәртіп орнатылады. Бөлімшелердің медициналық қызметі эпидемиялық маңызы бар нысаналарда санитарлы-эпидемиологиялық қадағалауды жүргізеді. Әскери бөлімдер мен бөлімшелерде ағымды және қорытынды дезинфекция, сонымен қатар дезинсекция және дератизация жүргізіледі. Санитарлық-ағарту жұмыстары күшейеді.

Карантин–қауіпті жұқпалы аурудың қоздырғышын эпидемиялық ошақ-тан шығуын ескертуге және оны жою бойынша тиімді шараларды кү-шейтуге бағытталған басқармалық,оңашалау-шектеу,емдеу-профилактикалық, сани-тарлы-гигиеналық және эпидемияға қарсы шаралар жиынтығы.

Аса қауіпті жұқпалар индикациясы кезінде карантин орнатуға бұйрықты әскери құрамның командирі (майданның) береді. Карантин кезінде әскер ұрыстан шығарылады да карантинді лагерде орналасады. Карантин обсервациядағы сияқты шараларды қарастырады, бірақ шаралар өте қатаң түрде жүргізіледі. Карантин кезінде зақымдалған ошақтан шығуға тыйым салынады, ал кіруге тек өте сирек жағдайда ғана рұқсат етіледі. Комендантты қызметтің карантинді лагерінің маңайында зақымдалған аймақ бөлектенеді. Жеке құрам ұсақ топтарға бөлінеді де өзара қарым-қатынастарына (мәдениет үйіне, асханаға, жиналыстарға баруға) тыйым салынады.

Барлық маршруттарға қозғалыс тоқтатылып, шекаралық посттар ұйымдастырылады. Карантинді бөлімшелерді қамтамасыз ету ауа жолымен немесе қабылдау пункттерімен жүргізіледі.

Әскердің жеке құрамында арнайы профилактика, науқастарды белсенді анықтау және оларды тез арада оңашалау жүргізіледі. Зақымдалған ошаққа келген санитарлы-эпидемиологиялық мекемелер карантиндегі бөлімдерге жіберіледі, ал жұқпалы аурулармен ауырған науқастарды госпитальдегі ошақтардың сыртына орналастырады. Темір жол станцияларында, аэродромдарда карантинді шаралардың орындалуын бақылауға санитарлық бақылау күштері орнатылады. Карантиннің ұзақтығы нақты аурудың бір инкубациялық кезеңіне тең болады және соңғы тіркелген ауру жағдайынан кейін, қорытынды дезинфекцияны аяқтаған соң тоқтатылады. Бөлімдердегі карантинді алуға рұқсат тек әскери бөлімдердің (майданның) командирімен беріледі.



6.5.2 Биологиялық зақымдау ошағындағы жартылай және толық санитарлық өңдеу

Арнайы өңдеу қарсылас бактериялық қаруды қолданған кездегі жеке құрамның санитарлық өңделуі, қорғаныс заттарының, киімдердің, аяқ-киімдердің, құрал-жабдықтардың, техникалық, көліктік және басқа да материалдық заттардың залалсыздандыру шараларының жиынтығы. Қажет болған жағдайда аймақтың, ауыз су көздерінің, азық-түліктің залалсыздандырылуы жүргізіледі. Арнайы өңдеуді бөлім және бөлімшелер командирі ұйымдастырады.

Арнайы өңдеу жартылай және толық санитарлық өңдеу болып бөлінеді.

Жартылай санитарлық өңдеуде жеке құрамды, жеке қорғаныс затттарын, киімдерді, құрал-жабдықтарды, техникалық-көліктік заттарды, күнделікті үнемі қолданылатын заттарды өңдеу жүргізіледі. Бұл кезде дозиметрлі және химиялық аспаптар толық залалсыздандырылады. Жеке құрам жартылай санитарлық өңдеуді бөлімшелер командирінің үкімімен жүргізеді.

Адам денесінің ашық жерлерін (бетін, мойынын, қолын) жартылай санитарлық өңдеу дезинфекциялық ерітінділермен, жеке химиялық пакеттермен, сабынды сумен жүргізіледі. Бригаданың медициналық ротасында жартылай санитарлық өңдеу биологиялық зақымдалу ошағынан келіп түскендердің барлығына жүргізіледі.



Толық санитарлық өңдеу барлық жеке құрамда, бөлімшелерде жүргізіледі. Ол кезде жеке қорғаныс заттарының, киімдерінің, аяқ-киімдерінің, құрал-жабдықтарының, техникалық, көліктік және басқа да материалдық құралдардың дезинфекциясы толық көлемде жүргізіледі.

Толық санитарлық өңдеу арнайы өңдеу күштері мен бөлімшелерде жүргізіледі және ұйымдастырылады. Жеке медициналық батальонда биологиялық зақымдалу ошағынан келіп түскендерге толық санитарлық өңдеу екі бөлімінде: жұқпалы аурудың белгілері бар немесе күдікті ауруларға және жаралыларға жүргізіледі.



6.6 Ықтимал қарсылас биологиялық қаруды қолданған жағдайдағы медициналық ротаның, жеке медициналық батальонның, ӘДЖАГ-нің және ӘДАҚЖАГ-нің жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктері
6.6.1 Ықтимал қарсылас биологиялық қаруды қолданған жағдайдағы медициналық ротаның жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктері
Ықтимал қарсылас биологиялық қаруды қолданған жағдайда бактериялық заттармен зақымдалған ошақтардан жаралылар мен науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін, медициналық ротаға немесе жеке медициналық батальонға медициналық қызметтің көліктерімен тасымалданады. Зақымдалғандарды тасымалдау жолдары көзге түсетін белгілермен белгіленуі керек. Жаппай шығынға ұшыраған ошақтардан зақымдалғандарды қабылдауға ең алдымен медициналық роталар және бөлімшелердің медициналық күштері қолданылады.

Медициналық рота мүмкіндігінше зақымдалған ошақтардың шекарасына орналастырылады және қатаң түрдегі эпидемияға қарсы тәртіпке ауысады. Бұл жағдайларда медициналық рота тек қана биологиялық зақымдалған ошақтарда бактериологиялық заттармен зақымдалғандарды ғана қабылдайды, ал жаралылар мен ауруларды, биологиялық шабуылға ұшырамағандарды, медициналық қызметтің бастығының үкімі бойынша көршілес бөлімшенің медициналық ротасына жібереді.

Медициналық ротаға келіп түскен зақымдалғандарға мұқият медициналық сұрыптау жүргізіледі, оңашалау бөлмелерінің көлемін ұлғайтады, оны жеке құраммен көбейтеді. Медициналық ротаның жеке құрамына және келіп түскен зақымдалғандарға жедел профилактика жүргізіледі, барлық бөлімшелерде ылғалды дезинфекция жүргізіледі, келіп түскен барлық зақымдалғандарға жартылай санитарлық өңдеу жүргізіледі, ошақтан келіп түскен киімдері мен аяқ-киімдерін 2% монохлорамин ерітіндісімен шайылады, ошақтан зақымдалғандарды тасымалдаған көліктерге дезинфекция жүргізіледі.Медициналық қызметтің жеке құрамы, жеке қорғаныс заттармен жұмыс істейді. Сұрыптау постында зақымдалған ошақтан келіп түскен жаралылар мен науқастар 2 лекке (поток) бөлінеді.

1 лек–зақымдалғандардың ішіндегі жұқпалы ауруларға клиникалық белгілері бар науқастар немесе күдіктілер оңашалау бөлмесіне жіберіледі. Оңашалау бөлмесі лагерлі палаталарға, блиндаждарға, жертөлелерге, екі жұқпа түріне (ауа-тамшы және ішек) арналып орналастырылады. Оңашалау бөлмесінде науқастарды орналастыратын зембілдер (носилка), азық-түлікке және медикаменттерге арналған үстелдер, медициналық халаттар, төсек-орын мен киімдерді сұйықтыққа батырып салып қоятын бөшкелер болады. Сонымен қатар ыдыс-аяқтардың, судналардың, грелкалардың, термометрлердің, төсе-орын, киім-кешектердің дезинфекциясына арналған ыдыстар болады. Оңашалау бөлмесінде науқастармен жұмысты тасымалдаушы фельдшердің жетекшілігімен нұсқаушы санитарлар жүргізеді.

2 лек–ошақтан келіп түскен, бірақ бактериялық қарудан зақымдалған белгілері жоқ жаралылар мен науқастар жартылай санитарлық өңдеу алаңына жіберіледі де, одан кейін сұрыптау алаңына жіберіліп, қолданылатын жалпы әдістер бойынша пункт ішінде сұрыпталады.

Арнайы өңдеу алаңы бактериялық заттармен зақымдалған жаралылар мен науқастарға жартылай санитарлық өңдеу жүргізуге, сонымен қатар киімдерін, аяқ-киімдері мен қаруларын, көлік пен зембілдерді дезинфекциялау үшін арналған.

Жартылай санитарлық өңдеу алаңы медициналық ротаның басқа бөлімшелерінен алыс 30-50м ашық ауада жел жаққа орналастырылады. Жартылай санитарлық өңдеу алаңына зақымдалғандар келіп түскенде дененің ашық жерлері мен киімдері (жеке химиялық пакетпен -8) және В-5 жиынтығындағы дезинфекциялық ерітінділермен залалсыздандырады. Жартылай санитарлық өңдеу алаңынан 50-70м қашықтықта көліктер мен зембілдердің дезифекциясына арналған алаң орналасады.

Қабылдау кезінде және медициналық көмек көрсету кезінде жаралылар мен аурулардың арасында жұқпалы ауруларға симптомдары бар науқастар болса, олар тез арада оңашалау бөлмесіне ауыстырылады. Олармен қатынаста болған жаралылар мен аурулар бақылауға алынып, ол туралы алғашқы медициналық картаға жазылады. Алғашқы дәрігерлік көмекті қажет етіп, өміріне қауіп төніп тұрғандарды таңу бөлмесіне жібереді. Жұқпалы ауруларға симптомдары бар зақымдалғандарды оңашалау бөлмесінен арнайы бөлінген санитарлық көлікпен жеке ӘДЖАГ-не тасымалдайды, ал қалған жұқпалы ауруларға, белгілері жоқ науқастарды жеке медициналық батальонға жібереді. Алғашқы медициналық карточкасында қара белгі беретін жолақ сызады да, бактериялық заттармен зақымдалған уақытын, жерін, жеке қорғаныс заттарын қолданғанын, санитарлық өңдеуден өткенін және жедел профилактиканы жүргізген уақытын жазып қояды.


6.6.2 Қарсылас биологиялық қаруды қолданған жағдайдағы жеке медициналық батальонның жұмысын ұйымдастырудың ерекшеліктері
Биологиялық зақымдалу ошақтарынан келіп түскендерді қабылдау кезінде жеке медициналық батальонның жұмысын ұйымдастыруда әскерге және емдеу мекемелеріне жұқпалы аурулардың енуіне мүмкіншілік бермеуге, олардың пункттің ішінде таралуына, сонымен қатар жеке медициналық батальонның жеке құрамын зақымдалудан қорғауға жол бермеу керек. Сондықтан жеке медициналық батальонның жұмысы қатаң эпидемияға қарсы тәртіпке ауысады.

Жеке медициналық батальонның эпидемияға қарсы қатаң тәртібі енгізеді:



  • жеке медициналық батальоннан жаралылар мен науқастарды тасымалдауды қарсылас қолданған қоздырғыштың түрін анықтағанша уақытша тоқтату;

  • осыған байланысты медициналық көмектің көлемін ұлғайту;

  • биологиялық қарудың әсері тимеген бөлімшелерден жаралылар мен науқастарды қабылдауды тоқтату;

  • жұқпалы аурулардың клиникалық көрінісі бар жаралылар мен науқастарды медициналық сұрыптау кезінде анықтау немесе оларға арнайы бөлінген оңашалау бөлмесінде медициналық көмек көрсету және қабылдау;

  • жұқпалы аурулармен қатынаста болған жаралылар мен науқастарды медициналық сұрыптау кезінде анықтау, оларға арнайы бөлінген обсервациялық бөлімшелерде медициналық көмек көрсету және қабылдау;

  • санитарлық өңдеудің 2 бөлімінде биологиялық зақымдалу ошағынан келіп тсүкендерге толық санитарлық өңдеу жүргізу: жұқпалы аурулардың белгілері бар немесе бұл ауруларға күдіктілерге оңашалау бөлмелерінде, ал жұқпалы аурулармен қатынаста болғандарға обсервациялық бөлімде санитарлық өңдеу жүргізу;

  • оңашалау және обсервация бөлімдерінде жұмыс істейтін қызметкерлерге 2 санитарлық өткізгіш орнату, бұл медициналық құрам бөлімшелер мен қызмет көрсететін жеке құрамнан жеке жерде орналасу керек;

  • жедел профилактиканы жүргізу, қоздырғыштың түрін анықтағаннан кейін барлық жаралылар мен науқастарға, жеке медициналық батальонның жеке құрамына арнайы профилактиканы жүргізу;

  • жеке құрамға, оңашалау бөлімдерінде жұмыс істейтіндерге жеке қорғаныс киімдерін қолдану;

  • бактериялық заттармен зақымдалғандарды тасымалдағанда қолданған барлық құралдармен зембілдерді, санитарлық көліктерді залалсыздандыру;

  • ағымды дезинфекцияны жүйелі түрде жүргізу, ал қатаң эпидемияға қарсы тәртіпті алып тастағаннан кейін барлық заттарға қорытынды дезинфекция жасау және қызметкерлерге толық санитарлық өңдеу жүргізу;

  • қарсыластың қолданған қоздырғышының түрін анықтауға науқастардан материалдар алу және оларды бөлімшенің СЭЗ-на жіберу, сонымен қатар армиялық-медициналық бригаданың (майданның) зертханасына жіберу.

Жеке медициналық батальонда екі бөлім құрылады: оңашалау және обсервациялық бөлім.

Оңашалау бөлімінің құрамында қарастырылуы керек:



  • келіп түскендерге толық санитарлық өңдеуді қамтамасыз ететін арнайы өңдеу бөлімі және олардың киімдері мен төсектерін дезинфекциялайтын бөлім;

  • жұқпалы ауруларға күдік туғызғандарды сұрыптау және диагностикалық бөлім;

  • ауырғандарға госпитальді палаталар;

  • операциялық бөлімде ерекше жұмыс тәртібі ортанылады, онда әрбір операциядан кейін дезинфекция жүргізіледі, әрбір операциядан кейінгі таңу материалдарын жойып отырады, лизол ерітіндісіне салынған халаттар, фартуктар, жинақталып отырады;

  • дәрігерлік және медициналық қызметкерлердің жұмысына арналған медициналық пост;

  • палаталарға тамақ тарататын, кір ыдыстардың дезинфекциясын жасайтын және жуатын буфет.

Оңашалау бөлімінің барлық қамтамасыз етілу құралдары (медикаменттер, дайын тамақ, төсек-орын және т.б.) тек таратушы пункттер арқылы ғана жүзеге асырылуы тиіс.

Оңашалау бөлімінің тек диагностикалау бөлімі ғана бокстарға бөлінеді. Бөлімнің жеке құрамы тыныс алу жолдары және тері қабатының қорғаныс құралдарымен жұмыс істеу керек.


6.6.3 Әскери далалық жұқпалы аурулар госпиталінің (ӘДЖАГ) және қарсылас биологиялық қаруды қолданған жағдайдағы әскери далалық аса қауіпті жұқпалы аурулар госпиталінің (ӘДАҚЖАГ) міндеттері мен

жұмысын ұйымдастыру
ӘДЖАГ-нің негізгі міндеті жұқпалы ауруларға мамандандырылған медициналық көмек көрсету және емдеу, оларды бөлімдердің оңашалау бөліміне тасымалдау, жұқпалы ауруларды тасымалдаған көліктерді залалсыздандыру болып табылады. ӘДЖАГ-і жұқпалы аурулардың ауруханаға жатқызылуы мен емделуінің соңғы орны болып табылады. Бұл жерде келіп түскен науқастардың диагнозы туралы бөлімдердің медициналық қызметін ақпараттайды. ӘДЖАГ-де дәрігер инфекционистер, аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша дәрігерлер, клиникалық зертхана дәрігерлері, бактериолог, рентгенолог, дерматовенеролог жұмыс атқарады. Госпитальдің негізгі бөлімшесі санитарлық өткізгіші бар қабылдау-диагностикалық және 2 емдеу бөлімі болып табылады.

Қабылдау–диагностикалық бөлімнен диагнозы қойылған науқастарды арнайы емдеу бөлімдеріне жібереді, ал биологиялық қарумен зақымдалған науқастарды, диагнозы қойылғанша бокстарға оңашалап ұстайды. Емдеу бөлімінің әрбір палатасында тамақ ішетін және жуынатын орындар болады. Әрбір емдеу бөлімінде өзінің дәретханалары және қолдары мен бөліністерінің дезинфекциясына залалсыздандыру құралдары болады.

ӘДЖАГ-і майдандық госпитальді базасында құрылады, басқа госпитальдерден аулақ орналасады. Биологиялық зақымдалу ошағы пайда болғанда немесе үлкен эпидемиялық ошақ пайда болғанда, госпиталь ошақ орналасқан ауданға, оны жою үшін шаралар жүргізуге және науқастарды сол жерде емдеуге жылжиды. ӘДАҚЖАГ-і биологиялық қарумен зақымдалғандарға және жұқпалы аурулармен ауырғандарды емдеуге, мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге арналған далалық емдеу мекемесі болып табылады. Оған эпидемияға қарсы шаралар жүктеледі. Оның құрамында емдеу-диагностикалық бөлім, зертханалық бөлім, рентген кабинеті, аптека болады.

Бұл госпитальде аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша мамандар, инфекционистер, бактериолог, рентгенолог жұмыс атқарады. ӘДАҚЖАГ-нің қабылдау-диагностикалық бөлімінде медициналық сұрыптау жүргізіледі, оның мақсаты биологиялық қарумен зақымдалғандарды немесе науқастарды ауруға белгілері жоқ науқастардан оңашалау. Ол үшін қабылдау-диагностикалық бөлімінде бокстар немесе тексеріп қарау палаталары болады. Бұл госпиталь биологиялық қарумен зақымдалған ошақтың жанында немесе бөлім карантинге шығатын ауданда орналасады. Аса қауіпті жұқпалармен ауырған науқастарды тасымалдау тек госпитальдің санитарлық көлігімен немесе санитарлық эпидемияға қарсы жасақпен жүргізеді. ӘДАҚЖАГ-і аса қауіпті жұқпалармен ауырған науқастарды тасымалдаудың соңғы сатысы болып табылады, бұл науқастарды ол жерден тасымалдауға болмайды.


6.7 Биологиялық зақымдалу ошағындағы жедел және

арнайы профилактика
Жедел профилактика қарсылас биологиялық қаруды қолданған кездегі алғашқы медициналық шара болып табылады және қауіпті жұқпалы аурудың белгісіз қоздырғышымен зақымдалған адамдарды эпидемиялық процестің дамуын ескерту үшін жүзеге асырылады. Жедел профилактика әскердің жеке құрамын қорғау үшін биологиялық заттарды қолданғанда немесе әскер арасында таралу тенденциясы бар жұқпалы аурулар пайда болса тез арада жүргізілуі керек.

Эпидемиялық ошақтарда жедел профилактика жалпы және арнайы болып бөлінеді:

Жалпы жедел профилактика жұқпалы патологияны тудырған қоздырғыштың түрін және оның антибиотиктерге сезімталдығын анықтау үшін жүргізіледі. Жалпы жедел профилактиканың заттары ретінде антибиотиктер немесе кең спектрлі әсер ететін сульфаниламидтер қолданылады. Алғашқы эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастыру кезінде жалпы жедел профилактиканы жүргізу үшін жеке аптечкадағы антибиотиктерді қолдануға болады. Қауіпті жұқпалы ауру қоздырғышының идентификациясынан кейін, оның антибиотиктерге сезімталдығын анықтаған соң және жұқпалы аурулардың клиникалық диагнозы дәлелденгеннен кейін жалпы жедел профилактика тоқтатылады да жедел арнайы профилактика басталады. Осы кезден бастап қоздырғыштың нақты түріне әсер ететін антибиотиктер (сульфаниламидтер) қолданыла бастайды. Жедел арнайы профилактиканың ұзақтығы арнайы сызба бойынша жүзеге асырылады және жұқпалы аурулардың оңашалау түрін есепке алып, қолданылатын антибиотиктер мен сульфаниламидтердің қасиетіне байланысты құрылады.

Арнайы жедел профилактика ретінде интерферон индукторларын аз мөлшерде қолдану тиімді болады, оның организмге әсер ету уақыты 40-55 минуттан кейін көрінеді. Егер қолданылып жатқан антибиотиктердің (сульфаниламидтердің) әлсіз әсер етуі болған жағдайда жедел профилактиканы антигистоминді препараттармен және т.б. жалғастырып қолданады. Егер теріс реакциялар пайда болып жатса қолданылып жатқан антимикробты препараттарды басқа препараттармен ауыстырады.

Арнайы профилактика эпидемиялық көрсеткіштер бойынша бактериалдық заттардың түрін анықтағаннан кейін және жұқпалы аурулардың клиникалық диагнозы дәлелденгеннен кейін егу бригадаларымен вакциналарды, қан сарысуларын, анатоксиндерді, гамма-глобулиндерді және бактериофагтарды қолдану арқылы жүргізіледі. Кей кезде жеке құрамға әртүрлі жұқпалы ауруларға жаппай бір уақытта егулер жүргізу керек болады. Егуді егу бригадалары (1 дәрігер және 2 орта медициналық қызметкер) жүзеге асырады. Егу бригадаларының жұмысын ұйымдастыру әрбір қызметкердің әр кезеңде нақты міндетін үлестіруімен жүргізіледі: тіркеу, дәрігерлік қарау, дене қызуын өлшеу, егілетін жердің терісін өңдеу, вакцинаны араластыру, құрал-жабдықтарды дайындау, шприцтерді, инесіз инъекторларды және т.б. дайындау.

Жедел профилактикадан арнайы профилактикаға өткенде қажетті ерекшеліктерді сақтау керек. Егер арнайы профилактика өлі немесе химиялық вакциналармен жүргізілсе, онда жедел профилактиканы жүргізу бір уақытта басталуы мүмкін. Тірі вакциналарды қолданған кезде арнайы профилактика жедел профилактика курсынан кейін 2 күннен соң жүргізіледі, өйткені тірі вакциналарды антибиотиктермен бірге енгізгенде иммуногенездің тоқтатылуына әкелуі мүмкін.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет