Қазақстан республикасының денсаулық сақтау министрлігі


Дәріханалық жарғы және дәріханалық құн



бет5/7
Дата24.02.2016
өлшемі0.67 Mb.
#14703
1   2   3   4   5   6   7

Дәріханалық жарғы және дәріханалық құн
Ресей фармациясының тарихындағы жаңалық 1789 жылдың 20- қыркүйегінде шыққан «Дәрімен бағалау, оның ішінде: дәріханалық жарғы. Медицина шендеріне лайықты төлем туралы жарғы» дәріханалық жарғысы пен дәріханалық құн шықты.

Оның көп бөлігі (23 параграфтан 8-і) дәрілер сапасын жақсарту мәселееріне арналған.

Жарғыда: «Дәріханашы жаңа, пайдалануға болатын қор жинау керек және қажетті дәрілерді қажетті мөлшерде ғана дайындау керек» деп жазылған (§3). Жарғы дәрілік заттарды сату ережесін бекіткен.

1807 жылы 20 маусымында жыл сайын сыртқы істер министрлігімен қаралып отыратын, пайдалануға рұқсат етілген дәрілік заттардың бірінші реестрі бекітілді.

Дәріханалық жарғы аздаған өзгерістермен өз қызметін 1857 жылға дейін сақтады.

I Петр реформаларынан бастап және II Екатерина патшалығымен аяқталған 100 жыл ішінде Ресей мықты Еуропа елдерінің біріне айналды. Ресей ғылымының дамуының ірі жетістігі -1725 жылы Петербор ғылым академиясының ашылуы болды. Академиядан орыс жастарынан ғылыми кадрларды дайындауға бастау болған университет құрылды. Типографияда оқу және медицина әдебиеттері басылды.


7. ХІХ – ХХ ҒҒ. РЕСЕЙ МЕН ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДӘРІХАНАЛЫҚ ІС

7.1 ХІХ ғасырдағы Ресейдегі дәріханалық іс
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресейде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы жедел қарқынмен дамыды. Жоғары білім деңгейі жаңа белеске көтеріліп, ғылыми мектептер қалыптаса бастады.

ХІХ ғасырдың басында Ресейдегі дәріханалардың даму жағдайына сипаттама бере келе, ішік істер министрі В.П.Кочубей (1768-1834) былай деген: «ерікті дәріханалар Ресейде әлі де аз, астананы есептемегенде, губерниялардың кей аудандарында олар тіптен бір-бірден ғана».

1802 жылы Ресейде фармация мәселелерімен айналысатын министрліктер, Медициналық коллегия құрылып, олар ішкі істер Министрлігіне қарады.

1810 жылы полиция министрлігі құрылып, ол Ресейдегі барлық медициналық істі жүргізді. 1811 жылы оның құрамына Медициналық департамент пен Медициналық кеңес енді, соңғысының құрамына дәрігерлер мен қатар дәріханалар енді. Медициналық кеңеске әскери ведомстваны дәріхананың заттарымен, ыдыс-аяқпен қамтамасыз ету мәселелері жүктелді. Медициналық департамент мемлекеттік дәріханаларды басқарып, жеке дәріханалардың орналасуын тексеріп, оларды бақылап, ревизия жасап отырды.

1819 жылдың аяғында полиция Министрлігі Медициналық кеңес пен Медициналық департамент бірлесе отырып, қайтадан ішкі істер Министрлігінің құрамына енді.

1836 жылы Медициналық департамент Медициналық департамент пен Қазыналық дәрігерлік дайындамалар департаменті болып бөлінді. Медициналық департамент ерікті дәріханалардың ашылуына рұқсат беріп және олар тәртіп бұзған жағдайда жабу құқығына ие болды, дәріханаларға тексеру жұмыстарын жүргізіп, дәріханалық және фармакопеялық құнды бекітті. Қазыналық дәрігерлік дайындамалар департаменті армия мен флотқа арналған дәріханалық заттарды дайындауды жүргізіп отырды.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресейдегі дәрілік көмектің жағдайы қанағаттанарлықсыз болды. Оның бір себебі, дәріханаларды ашу үшін айтарлықтай бастапқы капитал қажет болды.

1851 жылы Ресейде 743 жеке дәріхана болды. Сол кездерде Ресейдің 150-ден астам қалаларында дәріханалар мүлде болмады.

1864 жылы үкімет дәріханаларды ашудың жаңа ережелерін бекітті. Басты қалалар үшін (Мәскеу, Петербор) бір дәріханаға жылына 12 мың адамнан және 30 мың рецептен келуі тиіс делінген. Губернияларға 10 мың адам мен 15 мың рецепт, уездерге 7 мың адам мен 6 мың рецепт мөлшері бекітілді.

1864 жылы земдік реформаға байланысты ауыл тұрғындарына дәрілік көмек көрсету үшін земдік дәріханалар құрылды. Олар белгілі бір мөлшерде тұрғындары бар жерлерде жеке дәріханалар негізінде ашылуы керек болды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуі жақсы жолға қойылған земдік дәріханалар саны басында көп болмаса да, кейіннен оның саны арта түсті.

Земдік дәріханалардан дәрі босату тәртібі әр түрлі болды. Алғашқы кезде дәрі тегін болды, ал 70-ші жылдардың аяғынан бастап дәріге, «кеңес беру», ыдысы, орамы және т.б. үшін ақы алынды. Әр жергілікті жер өз құнын белгіледі. Құн енгізу науқастардың дәріханаға келулерін сиретті, бұл кейбір жерлердегі дәріханалардың амбулаторлық сырқаттарды ақы төлеуден босатуға себеп болды.

Жергілікті дәріханалар тұрғындарды дәрімен қамтамасыз ету ісін жақсартуға көп үлес қосты. Бұған себеп, ол 1870 жылы Министрлік кеңесте фармацевтикалық сұрақтарды талқылауға ерекше қатысқан Петерборлық фармацевтикалық қоғам сайлаған екі депутаттың әсері болды. Осылайша, 1843 жылы Ресейде 1032, 1895- 3133, 1904 - 3757 дәріхана болды. Яғни, 60 жыл ішінде Ресейде дәріханалар саны 3 есе ұлғайды.

Дәріханалық жарғыға сәйкес 1905 жылы дәріханалар ашу құқығы өз губернияларын жақсы білетін губернаторларға жүктелді. Дәріхана ашу туралы өтініш жергілікті губерниялық дәрігерлік басқармаға тапсырылды, ол өз қортындысын губернаторға тапсырды. Дәрігерлік жарғыда гомеопатиялық дәріханаларды ашуға талаптар келтірілді. Мәскеу мен Петерборда екі орталықты гомеопатиялық дәріхана ашуға рұқсат етілді. 1914 жылы Медициналық кеңес гомеопатиялық дәріхана ашудың жаңа ережелерін қабылдады, оған сәйкес бұл мекемелерді фармацевтикалық білімі жоқ адамдар да аша алады делінген.

Дәріханалардан басқа ХІХ ғасырдың соңына таман Ресейде дәріханалық дүкендердің кең жүйесі пайда болды. Олар дайын дәрілік заттарды сатумен айналысты. Дәріханалық дүкендердің ашылуы сауда мекемелерінің ашылуымен теңестірілді. Бірақ оларға күшті әсер ететін және улы дәрілік заттарды сату ережелерін сақтап, дәрілік заттарды дайындауға тиым салынды. Дәріханаларды ашу туралы бұл ережелер айтарлықтай өзгеріссіз 1917 жылға дейін сақталып келді.


7.2 Кеңес үкіметі тұсындағы дәріханалық жүйенің дамуы

Қазан төңкерісінен кейін Ресейдің барлық тұрғындарының өмірінде айтарлықтай өзгерістер болды. 1914 жылы Ресейде 4932 дәріхана болды, олардың көбі орталықта шоғырланды. Дәріханаларда 10500 фармацевт жұмыс атқарды, олардың ішінде 3150-і жоғары білімді болды.

Бірінші дүние жүзілік соғыс тұсында және оның соғына қарай (1914-1918) тұрғындарды дәрімен қамтамасыз ету өте ауыр жағдайда болды. Бұл жағдайда 1917 жылы Петерборда Әскери-кеңестік комитетте Медико-санитарлық бөлім ұйымдастырылды. Жергілікті Кеңестерде фармацевтикалық бөлімшелері бар медико-санитарлық бөлімдер құрылды.

1918 жылы 28 желтоқсанда В.И.Ленин дәріханалар мен басқа да дәріханалық мекемелерді халықтандыру туралы РСФСР халық комиссарлар Кеңесінің декретіне қол қойды. Бұл декрет бойынша барлық дәріханалар жеке меншіктің қолынан алынып, денсаулық сақтаудың Халық комиссариатының құзырына берілді, оның құрамында фармацевтикалық бөлімдер де болды.

Кеңестік республиканың даму жағдайына қарай дәріханалық істі ұйымдастыру, дәріханалық мекемелердің түрлері мен әдістері өзгертілді.

1919 жылы фармацевтикалық бөлімшелердің Бүкіл Ресейлік съезі өтті, онда дәрілік көмек қол жетерлік, жылдам әрі тиімді болуы керек делінген. Бұл кезеңде ел іші дәрі-дәрмек тапшылығын бастан кешірді. Дәріханалар саны кеміп, тұрғындар дәрілік көмекті емдік-профилактикалық мекемелердің құрамында болған дәріханалардан ғана ала алды.

1922 жылы дәріханалық істі қайта жандандыру мен дамыту үшін дәріханаларға шаруашылық есеп енгізілді. РСФСР денсаулық сақтау халық комиссарларының фармацевтикалық бөлімінің өкімі боынша әрбір дәріханаға дайындалатын дәріні тексеріп отыратын бақылаушы бөлінді. 1923 жылы елдің ірі қалаларында дәріханалық мекемелерде алғаш рет аналитикалық-бақылау зертханалары құрылды. 1925 жылы бірінші Кеңестік фармакопея құрылды.

1924 жылы 1 сәуірде РСФСР –де дәріханалық басқармалар құрылымындағы өзгерістердің қиындығына қарамастан, 1956 емханалық және 3430 амбулаторлық дәріхана болды. 1925 жылдың 1 қаңтарында олардың саны 1223-ке жетті. Жеке меншік емханалар саны үнемі кеми отырып, 126 жылға қарай олар дәріханалық іс аймағынан шығарылып тасталды.

1928 жылы РСФСР Денсаулық сақтау халық комиссариаты Орталықтандырылған дәріханалық бекет құрып, ол тұрғындарға дәрілік көмек көрсетуді ұйымдастыру, дәріханалардың жоспары мен құрылымы мәселелерін шешіп отырды. 1931 жылы ол Ғылыми-зерттеу бекетінің орталығы болып өзгертілді. Сол жылы Денсаулық сақтау халық комиссариаты құрамындағы экономикалық кеңестің қаулысымен Мемлекеттік дәріханалық қауымдастық (РАПО) құрылды.

Бірінші бесжылдықта (1929-1932) дәріханалар саны 40% өсті. 1935 жылы РАПО базасының құрамынан Бас дәріханалық басқарма құрылды, оған аймақтық және облыстық денсаулық сақтау бөлімдері қарады. 1936 жылы ССРО денсаулық сақтау Министрлігі құрылып, оның құрамында Дәріханалық инспекция өз жұмысын бастады.

1937 жылы екінші бесжылдық аяқталды. Бұл кезде Ресейдегі дәріханалар саны 2900-ден 8500-ге дейін артты. 1937 жылы елде 31 мың фармацевт болып, олардың 6 мыңнан астамы жоғары білімді болды.

1940 жылы дәріханалық іс нақты ұйымдастырылған құрылымымен ССРО Денсаулық сақтау халық комиссариаты құрамына енді. Бұл кезде ССРО 9273 дәріхана және 1400 дәріханалық дүкендер, 13864 дәріханалық бөлімшелер, 270 дәріханалық қоймалар, 149 галендік-фармацевтикалық фабрикалар мен зертханалар қызмет атқарды.

Ұлы Отан соғысының басталуымен елдегі дәріханалық жүйе көп шығынға ұшырады. 1941-1942 жылдары фармацевтердің саны екі есеге кеміді. Соғыс жылдары дәріхана қызметкерлерінің алдында жаңа дәрілер дайындап, дәрі-дәрмекті шығаруды ұйымдастыру мәселелері тұрды.

Ұйымдастыру, экономикалық және технологиялық мәселелерді шешу мақсатында 1944 жылы РСФСР Денсаулық сақтау министрлігінде ғылыми-зерттеу институтының орталығы ашылды. 1946 жылы ССРО-да дәріханалар саны соғысқа дейінгі дәріханалар санынан екі есеге артты. Бірақ дәріханалық жүйе кадрлар, жабдықтар, дәрі-дәрмектер тапшылығын бастан кешірді.

Осыған байланысты 1945 жылы ССРО Бас дәріханалық басқармасы құрылып, оған елдегі дәріханалық істі жалпылай басқару мен қамтамасыз ету ісі жүктелді.

Бесінші және алтыншы бесжылдықтарда дәріханалық істі кеңейтуге басты назар аударылды. Жаңа өнеркәсіптік аудандарда және тың және тыңайған жерлерді игеру аймақтарында дәріханалар салына бастады.

Жетіжылдықтың соңына қарай (1959-1965) ССРО 19288 дәріхана болды (оның 9513-і қалалық және 9715-і селолық болды). Дәрілік заттармен қамтамасыз ету соғысқа дейінгі уақытқа қарағанда 5 есе өсті.

1970 жылдың 1 шілдесінен бастап «ССРО мен одақтас республикалардың денсаулық сақтау туралы заңдарының негізі» күшіне енді. Бас дәріханалық басқарма осы «Негізге» сүйене отырып, дәріханалық мекемелер туралы, дәріхана қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері туралы ережелер мен құқықтық құжаттарды жүргізе бастады.

Оныншы бесжылдықта (1976-1980) елдегі дәріханалар саны 1880-ге артты (соның ішінде селолық жерлерде 487-ге артты). Қалаларда дайын дәрілік өнімдерді, балаларға арналған дәрі-дәрмектерді босататын дәріханалар құрыла бастады. Ірі емханаларда дәріханалық бөлімшелер ашыла бастады. Оныншы бесжылдықта сырқаттың негізгі түрлерін емдеуге арналған дәрі-дәрмекке қажеттілікті анықтаудың әдістемелік негізін жасап шығарып, дәрі-дәрмек қажеттілігіне математикалық әдіспен және ЭЕМ –ның көмегімен болжамдар жасала бастады.

Онбірінші бесжылдықта 1985-2010 жылдарда дәріханаардың дамуына болжамдар жасалды. Дәріханалық жүйені жетілдіру жоспаранып, бір дәріхананың адамдарды қамтамасыз ету мөлшері 7-8 мың адамға азайды. 1986-1990 жылдары денсауық сақтау мен фармация аясындағы ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуге үлкен әсерін тигізетін ғылыми бағыттағы зерттеу жұмыстарын қарқынды атқару көздеді. Едің денсаулық сақтау саласы нарықтық экономикаға көше бастады.

Он екінші бесжылдықта дәріханалық жүйелерде сатылатын медициналық өнімдердің деңгейі өте жоғары болды, ол ХІ бесжылдықтағы 855 млн-ға қарағанда 2198,2 млн-ды құрды. ССРО дәріханалық қызметі өзінің масштабы бойынша, дәріханалар жүйесінің саны, кадр ресурстары, сатылатын дәрілік заттарының көлемі бойынша 1990 жылы әлемдегі ең ірілердің бірі болды. Экономикалық реформалар жағдайында дәріханалық қызметті басқарудың сапалы жаңа түрін енгізу қажет болды. ССРО Денсаулық Министрлігінің ГАПУ бастығы А.Д.Апазов барлық деңгейлерде «Фармация» бірлестігін құруды ұсынды. Мұндай бірлестіктерді құру мақсаты басқару аппараты құрылымын ұйымдастыруды жүйелі түрге енгізу негізінде дәрімен қамтамасыз етуді ұлғайту, қатарласа қызмет атқаратын ұйымдарды жою, әкімшілік-басқарма қызметкерлерінің санын кеміту болып табылады. Бірақ елдегі экономикалық тоқыраудың әсерінен дәріханалық жүйенің әрі қарай дамуы кідіріп қалды. Үкіметтің бірқатар: дәрі шығаратын 37 зауоттың құрлысы туралы, дәрі-дәрмек өндірісін ұлғайту шаралары туралы, тұрғындар денсаулығын ары қарай жақсарту шаралары туралы қаулылары жүзеге аспай қалды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді толық қанағаттандыру үшін 1991 жылы денсаулық сақтау саласына 5 млрд. сом валюта бөлу қажет болды, оған шет елдерден тек дайын дәрі өнімдерін ғана емес, техника мен жабдықтар алуға, соның нәтижесінде сатып алынатын дәрілер көлемін кемітпей-ақ, едегі дәрі өндіру базасын дамыту көзделді.
7.3 ХІХ ғасырдағы Қазақстандағы дәріханалық іс
Фармацевтикалық қызмет өз бастауын ХІХ ғасырдың ортасынан алады. Қазақстанның Ресейге толығымен қосылуының соңына таман (1847 жылы соңғы болып Ұлы жүз қосылды) патша үкіметінің саясаты орыстың кедей шаруаларын қазақ даласына қоныстандыру, зауоттар салу, пайдалы қазбалардың орнын іздестіру болды. Бұл тұрғындар санын арттырып қана қоймай, сонымен қатар, саяси жер аударылғандар санының артуына (соның ішінде медицина қызметкерлерінің), қоғамдық өмірдің жоғарлауына әсерін тигізді. Қазақ және орыс тұрғындарының тұрмыс жағдайларының төмендеуі салдарынан олардың даладан қалаға қоныс аударулары (миграция) жиіледі. Медицина мен дәріханалық істі дамытудың зор қажеттілігі туындады.

Азаматтық дәріханалар пайда болғанға дейін жақын елдерден әкелінетін дәрілік заттарды сатып алу және сатумен садагерлер айналысты. Бұл сауданың теріс жақтары, ол дәрілерді медициналық білімі жоқ адамдардың сатуы мен олардың күшті әсері бар және улы дәрілерді сатуда пайдасын ғана ойлайтындықтары болды. Қазақ халқы емдеу ісінде тамыры тереңде жатқан халықтық медицинаның бай тәжірибесіне сүйенді. Мистикалық әрекеттермен қатар емдеуде сол кездің өзінде Еуропа мен Ресей медицинасына танымал болған кейбір шөптер мен тамырардан жасалған дәрілерді қолданды.

ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарының соңына қарай Ресейлік ғылым Академиясы Қазақстан аймағындағы өсімдік әлемін зерттеуді қолға алды. 1838 жылы Зайсан көлінің жағасы мен Ертіс өзенінің алқаптарына дәріханалық шәкірт Афанасий Политов жіберілді. Экспедиция кезінде ол 321 өсімдік түрін жинады, оның көбі дәрілік өсімдік болды.

Қазақстандық өсімдіктер әлемін зерттеуге Г.С.Карелин зор үлес қосты. 1840-1845 жылдар аралығында Қазақстан аймағы мен Алтайда ол 90000-нан астам өсімдік түрлерін жинады (оның 400-ден астамы емдік өсімдіктер), олардың біразы осы күнге дейін Мәскеу мен Ленинград университеттерінің қорында сақталып келеді.

ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында Ташкент қаласының әскери азаретінің дәріханасында қызмет атқарған фармацевт Р.Пальм қазақтар қолданылатын 200-ден астам дәрілік өсімдіктерді сипаттаған.

Азаматтық тұрғындарға ақылы дәрі босататын алғашқы дәріханалар 1836 жылы Оралда ашылды. Ол ұзақ уақыт бойы Қазақстандағы жалғыз дәріхана болды (тарихшы В.Л.Инночкиннің айтуы бойынша алғашқы дәріхана 1833 жылы Ордада, Бөкей ханның әкімшілік орталығында Жәңгірдің ықпалымен ашылған делінген).

Қазақстан аймағындағы (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы) алғашқы азаматтық медициналық қызметкерлердің пайда бола бастауымен, қазақ халқына медициналық көмек көрсетіле бастады, ол қызметкерерге дәріханалар ашуға рұқсат етілді.

Алғашқы қазақ-фельдшерлерге арналған арнайы «Қырғыз ауыдарының медициналық және мал дәрігерлік фельдшерлері туралы» ережесі енгізіліп, оның бір тармағында – «емдік шөптерді жинап, олардан қор жасалсын» делінген. Бұл ереженің арнайы бір бабында «қырғыздар (қазақтар) қолданатын жергіікті едік заттар туралы ақпарат жинап, сол ақпараттарды уездік дәрігерге тапсырып отыру керек» делінген.

Жүргізілген реформалардан кейін 1867-1868 жылдары арнайы ереже бойынша әрбір уезде мемлекеттік уездік дәріханалар ұйымдастырыды. Олар өте төмен жағдайда боды, дәрілік заттар мөлшері шектеулі болды. Дәрі-дәрмектерді жұмысбасты дәрігерлер мен фельдшерлер таратты. Тегін дәрілік заттар байырғы тұрғындар мен қоныстанушыларға жылына 150-200 сом көлемінде босатылды, сондықтан да, дәрігерлер көбіне жергілікті емдік шөптерді пайдаланды. Әскери госпитальдер орналасқан жерлерде тұрғындар дәрі-дәрмекті лазарет дәріханаларынан алды, ал уездерде тұрғындарға дәрілік көмекті қабылдау бөлімдері көрсетті. Халықтың дәрі-дәрмекке қажеттілігі өте жоғары болды, бұны сол жылдардағы есеп беру құжаттарынан көруге болады.

Кейіннен ақылы дәрі босататын дәріханалар Семейде, Петропавлда ашылды, ал 1875 жылы оның саны 6-ға жетті. Жеке меншік дәріханаларға қажетті көңіл бөлінбеді. Олар дұрыс жабдықталмады.

Петропавлдағы бірінші дәріхананы Бухгольц ашты. 1881 жылы провизор А.П.Эберт оны арендаға алып, кейіннен 1886 жылы өзінің жеке меншігіне алды. Ол Ақмолада дәріхана ашуға ниеттенді, бірақ оған жергілікті әкімшілік оған саяси көзқарасы төмен деп рұқсат бермеді.

Верный қаласындағы бірінші дәріхананы 1882 жылы провизор И.Е.Сенчиковский ашты. Ол 1884 жылы Жаркент қаласында, 1889 жылы Пржевальскіде дәріханалар ашты. Балаларына репетитор болып, отбастарына жиі келіп жүретін М.В.Фрунзе ол адамның демократ екенін атап өткен болатын. 1884 жылы жер аударылып келген В.Иньковке Өскемен қаласындағы дәріханада дәрігерлердің бақылауымен фармацевт қызметін атқаруға рұқсат етілді, ал келісімде ол дәріхананы басқара алмайды делінген. Бірақ соған қарамастан, ол В.Иньков өзі дәріхана ашып, ол біраз жылдар бойы қызмет көрсетті.

80-ші жылдардың соңына қарай Қазақстанда небары 3 фармацевт қызмет атқарды, қалған дәріханаларда дәрігерлер мен кәсіпкерлер жұмыс атқарды.

Алғашқы провизор болған қазақ-дәрігерлерінің бірі- Әміре Дурмухамбетович Айтбакин. Ол 1860 жылы көшпенділер отбасында дүниеге келген. 1889 жылы ол Томск университетінің медицина факультетіне түсті. Оны бітірген соң, Катон-Қарағай селосында қызмет атқарып, ол жерде амбулатория мен дәріхана ашты. Дәріханаға Семей мен Өскеменнен дәрі-дәрмектер әкелінді, дәрі-дәрмектердің бір бөлігін ол өзі дайындады.

Орталық Қазақстанда медициналық көмекті құрамында - дәрігер, фельдшер, акушер бар бір дәрігерлік бөлімше көрсетті. 1880 жылы болыстық фельдшер қызметі пайда болғанда, халыққа медициналық көмекті Омск училищесін бітірген фельдшерлер көрсетті. Олар Омскідегі фельдшерлік мектепті үзік аяқтаған Баже Мыгнатов, Хасен Бижанов, Қандыбек Бердібеков, Татыбек Шыңғысов, Айбас Байтабановтар болды. Олар жұмысқа фельдшерлік құралдарымен аттанды. Дәрі-дәрмектер, хирургиялық құрал-саймандар, таңу материалдары, дәріханалық ыдыстар алу үшін оларға жылына 20 сом бөлініп тұрды. Бұл қаражат өте аз болғандықтан, олар көбіне өз қаражаттарын жұмсайтын еді.

Бүгінгі Қарағанды облысының аймағындағы бірінші дәрігерлердің бірі Жаңабай Ниязбеков болды, ол 1900 жылы Омскідегі медициналық институтты аяқтаған. Ол өте сезімтал, қайырымды болды. Өз қаражатына дәрі-дәрмектер алып мұқтаж жандарға таратып отырған.

1900 жылға қарай Қазақстандағы дәріханалар саны 18-ге жетті. Тұрғындар саны 4472 мыңға артып, бір дәріханаға 249 мың адамнан келді.

7.4 ХХ жүзжылдықтағы Қазақстандағы дәріханалық істің дамуы
ХХ ғасырдың басында қоныстанған селоларда, темір жол бекеттерінде дәріханалар пайда бола бастады. 1907 жылы Қостанай облысының Федоровка селосында, Челкар бекетінде жеке меншік дәріханалар ашылды.

Фармацевтер саны өте баяу, жылына 2-3 адамға артып отырды. 1910 жылы олардың саны 44 болса, 1915 жылы- 64–ке жетті. Олардың ішінде 17-сі провизор әрі дәріхана иелері болды, 47-сі провизорлар көмекшісі міндетін атқарды. 1915 жылы бір фармацевтке 78000 адамнан келді. Революцияға дейінгі Қазақстанда фармацевтикалық кадрлар дайындау ісі болмады.

Дәріханалар бақылаусыз болып, дәрілердің бағасы мен сапасын ешкім тексермеді. Дәрі-дәрмектер өте қымбат болғандықтан, тұрғындар дәріханаларға сирек келетін болған.

1917-1919 жылдары елде азамат соғысы жүріп жатты, аштық пен эпидемия тұрғындардың дәріханаларға келуіне әсерін тигізді.

1919 жылы кеңес үкіметі дәріханаларды жалпы халықтық етті. Олар уездік және губерниялық денсаулық сақтау бөлімшелерге берілді. Дәрімен қамтамасыз ету өте баяу жүрді, бір дәріхана 100 мыңнан аса адамға қызмет көрсетті.

Осы қиын уақытта фармацияның аса көрнекті қайраткерлерінің бірі Ахмет Раимбеков болды. Ол 1880 жылы Қарқаралы ауданының Катон селосында дүниеге келген. 1917 жылға дейін Семейде, Ақмолада фельдшер болып қызмет атқарған, революциядан кейін Қарқаралыда, Көкпектіде, Катон-Қарағайда дәріханаларды басқарды.

1921 жылы 10 маусымда Қырғыз денсаулық сақтау комитетінде фармацевтикалық бөлім құрылып, оны Я.К.Пикман басқарды.оның міндеті дәріханалық істі қайта құру болды. 1922 жылдың басына қарай Қазақстанда 33 фармацевт болды.

1922 жылы Қырғыз мемлекеттік медицина саудасы құрылып, оның мүшелері жергілікті жерлерде дәріханалық жүйелер мен емдік мекемелерді дайын дәрілік өнімдермен қамтамасыз етумен айналысты. Олар галендік өнім шығарумен айналысты. Бұл жұмыстардың жүргізілуіне Бесенғали Абдрахманов зор үлес қосты, ол 1914 жылы Воронежде фельдшерлік мектепте оқыған болатын. Ол Қырғыз мемлекеттік медицина саудасын басқарды. Оның басқаруымен дәріханалық мекемелер саны 1927 жылдың өзінде 127 –ге жетті.

1928 жылы Қазақ мемлекеттік медицина саудасы Қазақстандық дәріхана басқармасы болып өзгертілді, оның бірінші төрағасы Мәжит Мұхаметжанұлы Чумбалов болды. 1929 жылдың өзінде 47 селолық дәріхана мен бір дәріханалық қойма болды. 1931 жылы М.М.Чумбаловтың басқаруымен Семейде бірінші Қазақстандық фармацевтикалық мектеп ұйымдастырылып, Алматыда Орталықтандырылған дәріханалық қойма ұйымдастырылды.

Арнайы фармацевтикалық білімі бар, республиканың еңбек сіңірген фармацевті Қуанышбай Махмудович Умекенов болды. 1928 жылы Ташкентте медициналық техникумның фармация бөлімін аяқтап, ол қазақстанға оралып Қазақстандық дәріхана басқармасында қызмет атқарды.

Қазақстанда фармацевтикалық оқу орындары болмады, сондықтан оқығысы келгендерді Ташкенттегі фармацевтикалық техникумге жіберіп отырды. Сондай-ақ РСФСР-дің фармацевтикалық оқу орындарына да тыңдаушылар жіберіліп отырды. Бірақ бұл жолмен дайындалған фармацевтер саны әлі де жеткіліксіз болды. Сондықтан ҚазАССР Халық денсаулық сақтау коммисариаты 1931 жылы Семейдегі акушерлер мектебін фармацевтикалық техникум ретінде қайта өзгертті.

1934 жылы Қазақстандық дәріхана басқармасының бастығы болып Таминдар Гильмутдинович Жанұзақов тағайындалды. Ол 1895 жылы туған. 1919 жылдан бастап партия саласында қоғамдық қызмет атқарған. 1937 жылы жедел түрде Семейдегі фармацевтикалық техникумды аяқтады. Оның басшылығымен қозғалмалы дәріханалық мекемелер ұйымдастырылып, аналитикалық-бақылау зертханалары ашылды, алғаш рет Қазақстан аймағында фармацевтикалық фабриканы ашуды қолға алды.

Соғыс уақыт алдында республикада 313 дәріхана болды, оның ішінде 26-сы күні-түні жұмыс атқарды, жоғары білімді фармацевтер саны 51-ге жетті.

Ұлы Отан соғысы жылдары дәріхана қызметкерлерінің алдында тұрғындарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесі тұрды. Эвакуацияланған фармацевтермен дәріханалар штаты толықты. 1944 жылдың 1 қаңтарында дәріханалық мекемелерде 291 эвакуацияланған фармацевтер қызмет атқарды, олар барлық кадрлардың 30% құрады.

Барлық облыстарда галендік-фармацевтикалық зертханалар кеңейтіліп, жаңадан үш зертхана ашылды. Алматы галендік-фармацевтикалық зертханасы дәрі-дәрмектерді көп мөлшерде шығара отырып, ол соғыс жылдары үлкен кәсіпорынға айналды. Ол ьжерде парафинді тазалайтын құрылғы жасалып, жаралыларға аса қажет парафин майының қосылыстарын жасап шығарды.

Қазақ мемлекеттік университетінің органикалық химия кафедрасында наркозға қажетті таза эфирді жасап шығару жолға қойылды.

Қазақстандық дәріхана басқармасының шешімімен Шымкент химия-фармацевтикалық зауодында дарминдік майды шығару қайта қолға алынып, негізгі азотты-қышқыл висмут пен никотин қышқылын шығару меңгерілді.

Бес жыл ішінде (1946-1950) 61 дәріхана, 752 дәріханалық бөлімше, 100-ден аса дүңгіршек, 2 аналитикалық-бақылау және бір галендік-фармацевтикалық зертхана, 44 аналитикалық стол ашылды.

Алғашқы ғалым-фармацевтер пайда болды. Олардың бірі Салкен Хасенұлы Субханберлин, ол 1914 жылы Павлодар облысының Баян-Ауыл ауданында дүниеге келген. 1933 жылы Семейдегі фармацевтикалық мектепті аяқтап, 1935 жылдан бастап 1938 жылға дейін оны басқарды. 1938-1941 жылдары Алматыдағы облыстық дәріхана басқармасын басқарып, одан кейін партия саласында қызмет атқарып, 1948 жылы Қазақстандық дәріхана басқармасының бастығы болды. Жоғары білімді ол И.М.Сеченов атындағы І Мәскеулік медицина институтының фармацевтика факультетінде білім алды. 1966 жылы кандидаттық диссертация қорғады (алғаш рет қазақ тілінде). 72 ғылыми еңбектің авторы, соның ішінде 13 ғылыми кітап пен монография, 300-ден астам медицина мен фармация туралы стаьялар, қазақ тілінде 14 көркем пьеса жазған. Қазақстанның денсаулық сақтау және медицина мұражайына оның есімі берілген.

Фармацевтикалық кадрлардың жеткіліксіздігінен 1951 жылы Қазақ медициналық университетінде фармацевтикалық факультет ашылды, оған 50 адам қабылданды. 1953 жылы Алматыда, Қостанайда, Оралда, Петропавл мен Шымкентте жыне Қазақстанның орталық қалаларында да ашыла бастады.

1965-1966 оқу жылында Алматы медициналық университетінің фармацевтика факультетіне 150 адам қабылданды.

Жаңа құрылған совхоздардағы бөлімшелік емханалар мен фельдшерлі-акушерлік бөлімдер медициналық жабдықтармен, құрылғылармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді.

Провизорлар мен фармацевтердің біліктілігін жоғарлату мақсатында Алматы институтында 1965 жылы фармацевтикалық пәндер кафедрасы ашылып, онда дәріхана меңгерушілері, химик-аналитиктер, бақылаушы-рецепторар мен фармацевтикалық инспекторлар біліктіліктерін жоғарлатты.

Қазақстанда дәріханалық істің қалыптасуы мен дамуына мынадай көрнекті фармацевтер ат салысты: Б.А.Абдрахманов, Ш.Г.Аймаков, В.А.Александров, Р.М.Водовозов, Г.С.Гершкович, М.М.Гольдман, Н.Д.Дауленов, Т.Г.Жанұзақов, Н.Д.Жучков, М.Т.Зимин, Г.Н. Канакаева, М.Л.Климинский, И.Б.Курцер, Н.Д.Кустанович, Н.Ю.Ливитин, М.А.Лоскутов, Б.А.Паникаровский, И.А.Пивень, А.И.Полумисков, И.Р.Сафран, С.Е.Таращинский, М.С.Тютюнников, К.М.Умекенов, Ф.М.Хомнюк, В.Р.Циринский, М.М.Чумбалов, М.С.Шамов.

Ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттау үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы арнай үкіммен «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген фармацевті» деген құрметті атақты бекітті. Алғашқы болып бұл атаққа ие болғандар: З.Х.Валиева, В.М.Макарова, И.В.Мельниченко, Л.Ф.Пластун (Соколова), Е.Г.Симоненко, С.Х.Субханбердин, Н.Г.Татимова, Н.М.Шутюк.

Қазақстанның дәріханалық ісінің даму сараптамасы алғашқы дәріханалық жүйенің негізін қалаған бірінші фармацевтер және олардың ізін басушылар еліміздегі тәжірибелік және ғылыми фармацияның дамуна үлкен ықпал еткендігін көрсетеді.

Тәуелсіз Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінде ұйымдастырылған (1993) фармакологиялық комитеттің ашылуынан өзінің соңғы күндеріне дейін Николай Дмитриевич Беклемишев оның ең қадірлі мүшесі болды. Оның қатысуымен және оның зор эрудициясы мен халықаралық мәртебесінің арқасында Қазақстанда барлық халықаралық талаптарға сайдәрілік және иммунобиологиялық дәрі-дәрмектердің сараптамасы мен тіркеуінің мемлекеттік жүйесі құрылды. Ол бірінші отандық «Дәрілік заттармен жұмыс істеу ережесінің» авторы.

Облыстағы өсімдік заттардың фитохимиялық жағынан зерттеуге және соның нәтижесінде дәрі-дәрмектер жасаушы алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтардың бірі болып ҚР ҒБМ фитохимия институты табылады. Ол 1995 жылы Қарағандыда құрылған. Бүгінде ол өзінің химиялық, фармакоогиялық, ботаникалық және биотехнологиялық саладағы 16 ғылыми-зерттеу зертханалары бар ірі ғылыми-өндіруші комплекс, 44 га. ботаникалық бағы бар, 3 га. дәрілік өсімдіктердің тұқымының питомнигі, 1574 га. дәрілік заттарға тәжірибе жасайтын шаруашылығы және фитодәрілерді шығаруға тәжірибе жасайтын цехтары бар.

Бұл жерде 243 адам қызмет жасайды, оның ішінде бір ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, 8 доктор мен 39 ғылым кандидаты бар. Институтты химия ғылымдарының докторы, профессор С.М.Адекенов басқарады, ол ісікке қарсы бірінші отандық дәрі ойап тапқан адам. Бұл ашылу жас ғалымды бүкіл әлемге танытты. Оның есімі Биологиялық орталықтың ықпал етуімен Кембридждегі әлемдегі ең танымал тұлғалардың тізіміне енді.

Қазақстанның ХІХ-ХХ жүзжылдықтарындағы дәріханалық іс пен өзін фармацияға арнаған адамдар тарихы осындай.






  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет