Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі


-бап. Еңбек шартын жұмыскердің бастамасы бойынша бұзу тәртібі



бет30/113
Дата14.01.2023
өлшемі155.69 Kb.
#468387
түріКодекс
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   113
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі

56-бап. Еңбек шартын жұмыскердің бастамасы бойынша бұзу тәртібі

1. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскер жұмыс берушіні кемінде бір ай бұрын хабардар ете отырып, еңбек шартын өзінің бастамасы бойынша бұзуға құқылы. Еңбек шартында еңбек шартын бұзу туралы жұмыскердің жұмыс берушіге хабардар етуінің неғұрлым ұзақ мерзімін белгілеуге жол беріледі.


2. Еңбек шарты жұмыскердің бастамасы бойынша жұмыс берушінің жазбаша келісімімен, осы баптың 1-тармағында көзделген хабардар ету мерзімі аяқталғанға дейін бұзылуы мүмкін.


3. Жұмыскер жұмыс берушінің еңбек шарты талаптарын орындамағаны туралы жұмыс берушіні хабардар етуге құқылы. Егер хабардар етілген күннен бастап жеті жұмыс күні өткен соң жұмыс берушінің еңбек шартының талаптарын орындамауы жалғасса, жұмыскер үш жұмыс күнінен кешіктірмей жұмыс берушіні хабардар ете отырып, еңбек шартын бұзуға құқылы.


4. Осы бапта көзделген хабардар ету мерзімі ішінде жұмыскер хабарламаны кері қайтарып алуы мүмкін.


5. Осы бапта көрсетілген хабардар ету мерзімі өткен соң, материалдық жауапты адамдардың кінәсінен жұмыс берушінің мүлкін (құжаттамасын) қабылдау-беру аяқталмаған жағдайлардан басқа, жұмыскер жұмысты тоқтатуға құқылы. Жұмыс берушінің мүлкін (құжаттамаларын) қабылдау-беру аяқталған күн материалдық жауапты жұмыскерлермен еңбек шартын бұзған күн болып табылады.


Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.07.2021 № 61-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.



57-бап. Еңбек шартын тараптардың еркінен тыс мән-жайлар бойынша тоқтату негіздері

1. Еңбек шарты тараптардың еркінен тыс мына мән-жайлар бойынша:


1) жергілікті атқарушы органдар шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты қайтарып алған не шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатының қолданылу мерзімі өткен кезде;


2) жұмыскер не жұмыс беруші - жеке тұлға еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін болғызбайтын жазаға сотталған сот үкімі заңды күшіне енген кезде;


3) жұмыскер не жұмыс беруші - жеке тұлға қайтыс болған жағдайда, сондай-ақ сот жұмыскерді не жұмыс беруші - жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялаған немесе хабар-ошарсыз кетті деп таныған жағдайда;


4) сот жұмыскерді әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, соның салдарынан жұмыскердің еңбек қатынастарын жалғастыруға мүмкіндігі болмайтын жағдайда;


5) бұрын осы жұмысты атқарған жұмыскер жұмысына қайта алынған жағдайда;


6) жұмыскер келісімшарт бойынша əскери қызметке, құқық қорғау жəне арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке кірген кезде жұмыскер тиісті құжатты көрсеткен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей тоқтатылуға жатады.


2. Сот үкімінің немесе шешімінің заңды күшіне енген күні, жұмыскердің немесе жұмыс беруші жеке тұлғаның қайтыс болған күні осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша еңбек шарты тоқтатылған күн болып табылады.


Ескерту. 57-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 414-V Кодексімен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   113




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет