133-бап. Жұмыскерлерге жұмыс берушінің қаражаты есебінен еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеу
1. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.
2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақтар еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу үшін негіз болып табылады.
3. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар жұмыскерлерге еңбекке қабілетсіздіктің бірінші күнінен бастап жұмысқа қабілеттілігі қалпына келген күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленеді.
4. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы:
1) заңды күшіне енген сот үкімімен кінәлі екендігі анықталған жағдайда, өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде алған өндірістік жарақаттарының салдарынан еңбекке уақытша қабілетсіздігі туындаған жұмыскерге;
2) соттың ұйғарымы бойынша жұмыскерді мәжбүрлеп емдеген (психикалық науқастардан басқа) уақыт үшін;
3) заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен жұмыскердің кінәлі екені анықталған жағдайда, ол қамауда болған уақыт үшін және сот-медициналық сараптама жасалған уақыт үшін;
4) жұмыскер алкогольді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынуы салдарынан туындаған аурулардан немесе өндірістік жарақаттардан еңбекке уақытша жарамсыз болған кезде;
5) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен сәйкес келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін;
6) жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін;
7) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін төленбейді.
5. Еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін – Қазақстан Республикасының Үкіметі, оларды тағайындау және төлеу тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
Жұмыс берушілер жұмыскерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне қосымша төлемдер белгілеуге құқылы.
Ескерту. 133-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
12-тарау. ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Достарыңызбен бөлісу: |