136-бап. Үй жұмыскерлері
1. Егер жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) жұмыс берушінің пайда алуы және (немесе) жұмыс беруші үшін пайда алу мақсатында орындалмаса (көрсетілмесе), жұмыс беруші жеке тұлғаларда отбасының бір немесе бірнеше мүшесі жүргізетін үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындайтын (қызметтер көрсететін) жұмыскерлер үй жұмыскерлері деп танылады.
2. Жұмыс беруші үй жұмыскерін жұмысқа қабылдау не онымен еңбек қатынастарын тоқтату туралы акт шығаруды және оның жұмысы туралы мәліметтерді еңбек кітапшасына енгізуді жүргізбейді.
3. Үй жұмыскерімен еңбек шартының тоқтатылғаны (бұзылғаны) туралы хабарламаның мерзімдері, сондай-ақ жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлем жағдайлары мен мөлшері еңбек шартында белгіленеді.
4. Үй жұмыскері мен жұмыс берушінің арасындағы жеке еңбек даулары тараптардың келісімі бойынша және (немесе) сотта шешіледі.
Ескерту. 136-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.07.2021 № 61-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
137-бап. Үйде жұмыс істейтін жұмыскерлер
1. Жұмыс берушімен жұмысты өз материалдарымен және өзінің немесе жұмыс беруші бөліп беретін не жұмыс берушінің қаражаты есебінен сатып алынатын жабдықтарды, құрал-саймандар мен құрылғыларды пайдалана отырып, үйде жеке еңбегімен орындау туралы еңбек шартын жасасқан адамдар үйде жұмыс істейтін жұмыскерлер деп есептеледі.
2. Жұмыскердің жұмысты үйде орындауы еңбек шартын жасасқан кезде, еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде де еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізіле отырып белгіленуі мүмкін.
3. Үйде істелетін жұмысты орындау туралы еңбек шартында:
1) жұмысты жұмыскерге меншік құқығымен тиесілі немесе жұмыс беруші бөліп беретін не жұмыс берушінің қаражаты есебінен сатып алынатын жабдықтарды, материалдарды, құрал-саймандар мен құрылғыларды пайдалана отырып орындау;
2) жұмыскерді жұмысты орындау үшін қажетті шикізатпен, материалдармен, жартылай фабрикаттармен қамтамасыз ету тәртібі мен мерзімдері;
3) жұмыскерге төленетін өтемақы және өзге де төлемдер туралы талаптар міндетті түрде көзделуге тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |