126-1-бап. Жүктілігінің мерзімі он екі аптаға дейінгі әйелдерге арналған кепілдіктер
Жүкті әйелдердің қарап-тексеру және он екі аптаға дейін жүктілік бойынша медициналық есепке қою уақытына жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес өзге де кепілдіктер беріледі.
Ескерту. 11-тарау 126-1-баппен толықтырылды – ҚР 07.07.2020 № 361-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
126-2-бап. Трансплантаттау үшін ағзалардың (ағзалар бөліктерінің) және (немесе) тіндердің (тін бөліктерінің) донорлары болып табылатын жұмыскерлерге арналған кепілдіктер
Трансплантаттау үшін ағзалардың (ағзалар бөліктерінің) және (немесе) тіндердің (тін бөліктерінің) донорлары болып табылатын жұмыскердің қарап-тексеру және ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөліктерін) алу уақытына жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес өзге де кепілдіктер беріледі.
Ескерту. 11-тарау 126-2-баппен толықтырылды – ҚР 07.07.2020 № 361-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
127-бап. Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлер үшін кепілдіктер мен өтемақы төлемдері
1. Іссапар уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) мен іссапар күндеріне келетін жұмыс күндері үшін жалақысы сақталады.
2. Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге:
1) іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер;
2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығыстары;
3) тұрғын үй-жайды жалға алу шығыстары төленеді.
3. Жұмыскерлерді іссапарларға жіберудің шарттары мен мерзімдері еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
Қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыскерді іссапарға жіберу, егер еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде өзгеше көзделмесе, еңбек міндеттерін нақты орындаған жерден жүзеге асырылады.
4. Егер медициналық көрсетілімдер бойынша он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің, жүкті әйелдердің, сондай-ақ мүгедектігі бар жұмыскерлердің мұндай жұмысына тыйым салынбаған болса, оларды іссапарға жіберуге жол беріледі. Бұл ретте аталған жұмыскерлер іссапарға барудан бас тартуға құқылы.
5. Үш жасқа дейінгі балалары бар жұмыскерлер, егер медициналық қорытынды негізінде мүгедектігі бар балалар не отбасының науқас мүшелері тұрақты күтімнің жүзеге асырылуына мұқтаж болса, отбасының науқас мүшелеріне күтімді жүзеге асыратын не мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жұмыскерлер іссапарға барудан бас тартуға құқылы.
6. Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.
Ескерту. 127-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.11.2017 № 112-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.07.2021 № 61-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |