25-бап. Жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді
түзету
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам) іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыны орындайтын сот орындаушысының, органның (лауазымды адамның) арызы бойынша немесе өз бастамашылығымен: қаулыда жіберілген жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді қаулының мазмұнын өзгертпей түзетуге құқылы.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері бойынша қабылданған қаулыдағы жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді түзету осы бапта белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді түзетулер туралы арызды қарау арыз түскен күннен бастап үш тәулік ішінде жүргізіледі.
4. Жаңылыс, қате жазуларды немесе арифметикалық қатені түзету ұйғарым түрінде жүргізіледі.
5. Ұйғарымның көшірмесі ол шығарылған күннен бастап үш тәулік ішінде іс бойынша іс жүргізуге қатысушыларға, қаулыны орындайтын сот орындаушысына, органға (лауазымды адамға), сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған органға (лауазымды адамға) жіберіледі.
826-бап. Жекеше қаулы және ұсыну
1. Заңдылықты бұзу жағдайлары айқындалған, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар анықталған кезде судья жекеше қаулы шығарады, ал орган (лауазымды адам) бұларды жою жөнінде шаралар қолдану туралы тиісті ұйымға және лауазымды адамдарға ұсыну енгізеді.
Органның (лауазымды адамның) ұсынуына мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сотқа оны алған күннен бастап он тәулік ішінде шағым берілуі мүмкін. Соттың жекеше қаулысына оны алған күннен бастап он тәулік ішінде шешімі шағым жасалуға, наразылық келтіруге жатпайтын жоғары тұрған сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2. Ұйымдардың басшылары және басқа да лауазымды адамдар жекеше қаулы мен ұсынуды алған күннен бастап бір ай ішінде қарауға және қолданған шаралар туралы жекеше қаулы шығарған судьяға немесе ұсыну енгізген органға (лауазымды адамға) хабарлауға міндетті.
44-тарау. ӘКIМШIЛIК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ
ІС БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН
ОРГАННЫҢ (ЛАУАЗЫМДЫ АДАМНЫҢ)
ӘРЕКЕТТЕРІНЕ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІНЕ)
ШАҒЫМ ЖАСАУ
827-бап. Шағым беру тәртібі
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) және (немесе) мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сотқа шағым жасалуы мүмкін. Жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) алдын ала жүгіну сотқа арыз беру және соттың оны қарауға және мәні бойынша шешуге қабылдауы үшін міндетті шарт болып табылмайды.
2. Шағымдар оларды қарауға және олар бойынша шешім қабылдауға заңмен уәкілеттік берілген мемлекеттік органға немесе сол лауазымды адамға беріледі.
Шағымды қарауды әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған лауазымды адамға тапсыруға тыйым салынады.
3. Шағымдар ауызша және жазбаша болуы мүмкін. Ауызша шағымдар хаттамаға енгізіледі, оған арыз беруші және шағымды қабылдаған лауазымды адам қол қояды. Тиісті лауазымды адамдардың қабылдауында адамдар баяндаған ауызша шағымдар жазбаша түрде берілген шағымдармен жалпы негіздерде шешіледі. Шағымға қосымша материалдар қоса берілуі мүмкін.
4. Іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тілді білмейтін адамға шағымды өзінің ана тілінде немесе өзі білетін тілде беру құқығы қамтамасыз етіледі.
5. Шағым берген тұлға оны қайтарып алуға құқылы. Өзіне қатысты іс қозғалған тұлға, жәбірленуші, заңды өкілін қоспағанда, өзінің қорғаушысының, өкілінің шағымын қайтарып алуға құқылы. Өзіне қатысты іс қозғалған тұлғаның мүддесінде берілген шағым тек оның жазбаша келісімі арқылы ғана қайтарылуы мүмкін. Шағымды қайтарып алу оның қайта берілуіне кедергі келтірмейді.
6. Шағым беру шағым жасалып жатқан әрекеттің жүргізілуін және шағым жасалып жатқан шешімнің орындалуын тоқтата тұрмайды.
Ескертпе. Егер тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында мамандандырылған ауданаралық әкiмшiлiк сот құрылмаған болса, олардың соттылығына жатқызылған iстердi аудандық (қалалық) соттар қарауға құқылы.
828-бап. Шағым беру мерзімі
1. Адам өз құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өзіне белгілі болған күннен бастап екі ай ішінде жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) және (немесе) сотқа шағыммен жүгінуге құқылы.
2. Шағым беру мерзімін өткізіп алу шағымды қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылмайды. Мерзімді өткізіп алудың себептері шағымды мәні бойынша қарау кезінде анықталады және шағымды қанағаттандырудан бас тарту негіздерінің бірі болып табылуы мүмкін.
829-бап. Шағымды қарау тәртібі
1. Шағымды қарай отырып, судья немесе орган (лауазымды адам) онда жазылған дәлелдерді жан-жақты тексеруге, қажет болған кезде қосымша материалдарды талап етіп алдыруға, тиісті лауазымды адамдардан, жеке және заңды тұлғалардан шағым жасалып жатқан әрекеттерге қатысты түсіндірмелер алуға міндетті.
2. Шағым келіп түскен күннен бастап он тәулік ішінде қаралуға жатады. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шағымды қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы қабылданады.
Шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы органның (лауазымды адамның) қаулысының көшірмесін алған кезден бастап он тәулік ішінде – мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сотқа, сот қаулысы – шешімі шағым жасалуға, наразылық келтіруге жатпайтын жоғары тұрған сотқа шағым жасалуға жатады.
3. Қаулының көшірмесі жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның өкіліне кідіртілмей тапсырылады, ал бұл тұлғалар болмаған жағдайда, қаулы шығарылған күннен бастап бір тәулік ішінде оларға жіберіледі.
4. Шағымды қарайтын орган (лауазымды адам) немесе судья өз өкілеттіктері шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, сондай-ақ өзге тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерінің қалпына келтірілуіне дереу шаралар қолдануға міндетті.
45-тарау. ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ
ІСТЕР БОЙЫНША ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНБЕГЕН
ҚАУЛЫЛАРДЫ АППЕЛЯЦИЯЛЫҚ ТӘРТІППЕН
ҚАЙТА ҚАРАУ
830-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы
iс бойынша қаулыға шағым жасау,
наразылық келтіру құқығы
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға осы Кодекстiң 744, 745, 746, 747 және 748-баптарында аталған тұлғалар шағым жасауы, сондай-ақ прокурор наразылық келтіруі мүмкін.
2. Мамандандырылған аудандық және оған теңестiрiлген әкiмшiлiк сот және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот судьясының әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулысына жоғары тұрған сотқа шағым жасалуы, наразылық келтiрiлуi мүмкiн.
3. Осы Кодекстің 818-бабы екінші бөлігінің тәртібімен судья (сот) шығарған сотты құрметтемеушілік фактісі туралы іс бойынша қаулыға жоғары тұрған сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкін. Жоғарғы Сот алқасының сотты құрметтемеушілік фактісі туралы іс бойынша сот отырысында шығарған қаулылары қайта қаралуға жатпайды.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша орган (лауазымды адам) шығарған қаулыға жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) немесе органның (лауазымды адамның) орналасқан жері бойынша мамандандырылған аудандық және оған теңестiрiлген әкiмшiлiк сотқа және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотқа шағым жасалуы, наразылық келтірілуi мүмкiн.
5. Осы Кодекстiң 744, 745, 746, 747 және 748-баптарында аталған тұлғалардың жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) алдын ала жүгінуі сотқа шағым беру және соттың оны мәні бойынша қарауға және шешуге қабылдауы үшін міндетті шарт болып табылмайды.
831-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы
iс бойынша қаулыға шағым жасау,
наразылық келтіру тәртiбi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым iс бойынша қаулы шығарған судьяға, органға (лауазымды адамға) жiберiледi, ол шағым, наразылық түскен күннен бастап үш тәулік iшiнде оларды iстiң барлық материалдарымен бірге тиiстi сотқа, жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) жiберуге мiндеттi.
2. Сотты құрметтемеушілік фактісі туралы iс бойынша қаулыға осы Кодекстің 830-бабының үшінші бөлігіне сәйкес шағым жасалған, наразылық келтірілген жағдайда, сот отырысы хаттамасынан фактінің анықталған бөлігінде үзінді көшірмені сот қаулыға қоса береді.
3. Шағымдарды, наразылықтарды қарауға уәкілеттік берілген сотқа, жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) шағым берілуі, ал наразылық тікелей енгізілуі мүмкін.
4. Судьяның әкiмшiлiк қамаққа алу түрiнде жаза қолдану туралы қаулысына шағым, наразылық жоғары тұрған сотқа шағым, наразылық алынған күнi жіберілуге жатады.
5. Егер шағымды, наразылықты қарау әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым жасалған, наразылық келтірілген судьяның құзыретiне жатпайтын болса, шағым, наразылық ведомстволық бағыныстылығы бойынша жiберiледi.
832-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы
iс бойынша қаулыға шағым жасау,
наразылық келтіру мерзiмi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық қаулының көшiрмесi тапсырылған күннен бастап он тәулік iшiнде, ал егер осы Кодекстiң 744, 745, 746, 747 және 748-баптарында аталған тұлғалар iстi қарауға қатыспаса, оны алған күннен бастап берiлуi мүмкiн.
2. Салықтық тексеру нәтижелері бойынша анықталған, Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген салықтық міндеттеменің немесе Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасында көзделген міндеттердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына байланысты шығарылған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық қаулының көшiрмесi тапсырылған немесе алынған күннен бастап отыз тәулік iшiнде берiлуi мүмкiн.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) шағым жасалса, наразылық келтірілсе, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген мерзім осы Кодекстiң 744, 745, 746, 747 және 748-баптарында аталған тұлғалардың шағым (наразылық) бойынша шешімнің көшірмелерін алған кезінен бастап есептеледі.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiмдi дәлелдi себептермен өткiзiп алған жағдайда, өзiне қатысты қаулы шығарылған адамның арызы бойынша шағымды қарауға құқылы сот, орган (лауазымды адам) бұл мерзімді қалпына келтiруi мүмкiн.
833-бап. Шағымның (наразылықтың) мазмұны
1. Шағым (наразылық) жазбаша түрде берiледi және онда:
1) шағым берiлiп отырған соттың, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) атауы;
2) шағым немесе наразылық берушiнiң тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде) (заңды тұлғаның дәл атауы), тұрақты тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi (пошта мекенжайы);
3) құқықтық актiсiне немесе әрекетiне наразылық берiлiп отырған органның немесе мекеменiң атауы не лауазымды адамның тегi мен лауазымы;
4) шағым жасалып немесе наразылық келтіріліп отырған құқықтық актiнiң немесе әрекеттiң мазмұны, сондай-ақ шағым немесе наразылық берушi құқықтық акт немесе әрекеттер өзiнiң құқықтарын және бостандықтарын бұзады деп есептейтiн себептер;
5) шағым немесе наразылық берушi айқын тұжырымдаған өтінішхат көрсетiлуге тиiс.
2. Шағымға немесе наразылыққа оны берушi қол қояды. Заңды тұлғаның атынан берiлетін шағымға оның өкiлi немесе осыған уәкiлеттiк берілген басқа да тұлға қол қояды.
3. Егер шағым немесе наразылық басқа тұлғаның мүддесiнде берiлсе, онда мүддесi үшін шағым немесе наразылық берiлiп отырған адамның аты мен тегi, тұрақты тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi (пошта мекенжайы) көрсетілуі қажет. Шағымға өкiлеттiктi растайтын құжат қоса беріледі.
4. Шағым немесе наразылық екi данада, сот, орган, (лауазымды адам) шығарған, шағым жасалып немесе наразылық келтіріліп отырған құқықтық актінің көшірмесі, сондай-ақ шағымда немесе наразылықта келтірілген дәлелдерге негiздеме ретінде өзге де құжаттар қоса беріледі.
5. Келтірілген шағым, наразылық осы баптың бірінші бөлігінде көзделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, олар берілді деп есептеледі, бірақ мерзімі көрсетіле отырып, толық ресімдеуге қайтарылады. Егер көрсетілген мерзім ішінде шағым, наразылық қайта жасалғаннан кейін сотқа, жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) берілмесе, олар берілмеген деп есептеледі.
834-бап. Шағым берiлуiне немесе наразылық келтірілуiне
байланысты қаулының орындалуын тоқтата тұру
1. Шағымды белгiленген мерзiмде беру әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуын шағым қаралғанға дейiн тоқтата тұрады.
2. Прокурордың әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуын оның заңдылығын тексеру кезiнде тоқтата тұруға, уәкiлеттi лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргiзу туралы жазбаша нұсқаулар беруге құқығы бар. Тексеру нәтижелерi бойынша прокурор тиiстi органға қаулының күшiн жою немесе оны өзгерту туралы наразылық енгізеді немесе қаулының орындалуын тоқтата тұрудың күшiн жояды.
3. Прокурордың наразылық келтіруі қаулының орындалуын наразылық қаралғанға дейiн тоқтата тұрады.
835-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы
iс бойынша қаулыға шағымды,
наразылықты қарау мерзiмдерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық түскен күнінен бастап он тәулік ішінде қаралуға жатады.
2. Әкiмшiлiк қамаққа алу туралы қаулыға шағым, наразылық, егер жауаптылыққа тартылған адам әкiмшiлiк қамаққа алуды өтеп жатса, шағым немесе наразылық берiлген кезден бастап бiр тәулiк iшiнде қаралуға жатады.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардан өтiнiшхаттар түскен жағдайда не iстiң мән-жайларын қосымша анықтау қажет болған кезде, шағымның, наразылықтың қаралу мерзiмiн iстi қарап жатқан жоғары тұрған судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) ұзартуы, бірақ он тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкiн. Сот, орган (лауазымды адам) шағымды (наразылықты) қарау мерзімін азаматтық, қылмыстық немесе әкімшілік сот ісін жүргізуде қаралып жатқан басқа іс шешілгенге дейін оны қарау мүмкін болмаған кезде тоқтата тұруға міндетті. Мерзімді ұзарту туралы уәжді ұйғарым шығарылады.
836-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыға шағымды, наразылықты жоғары тұрған сот
судьясының, жоғары тұрған орган басшысының
немесе оның орынбасарының жеке-дара қарауы
Мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот судьясының, органның (лауазымды адамның) әкімшілік құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулысына шағымды, наразылықты жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған лауазымды адам немесе жоғары тұрған органның басшысы (басшының орынбасары) жеке-дара қарайды.
Осы Кодекстің 818-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен судья (сот) шығарған сотты құрметтемеушілік фактісі туралы іс бойынша сот қаулысына шағымды, наразылықты жоғары тұрған соттың судьясы жеке-дара қарайды, ал мұндай қаулыны апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы сот шығарған жағдайда, жоғары тұрған сатыдағы сот алқасы қарайды.
837-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс
бойынша қаулыға шағымды, наразылықты
қарауға әзiрлеу
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарауға әзiрлеу кезiнде судья, жоғары тұрған орган, (лауазымды адам):
1) іс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлардың бар-жоғын анықтайды;
2) өтiнiшхатты шешедi, қосымша материалдарды талап етіп алдырады, шағымды, наразылықты қарау үшiн қатысуы қажет деп танылған тұлғаларды шақырады; қажет болған кезде судья сараптама тағайындайды;
3) егер шағымды, наразылықты қарау өзiнiң құзыретiне жатпаса, оларды істің барлық материалдарымен ведомстволық бағыныстылығы бойынша жiбередi.
838-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыға шағымды, наразылықты қарау
1. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарауға кiрiскенде:
1) шағымды, наразылықты кiм қарайтынын; қандай шағым, наразылық қаралуға жататынын; шағымды, наразылықты кiм бергенiн жариялайды;
2) iс бойынша өзiне қатысты қаулы шығарылған жеке тұлғаның немесе заңды тұлға өкiлiнiң, сондай-ақ шағымды, наразылықты қарауға қатысу үшiн шақырылған адамдардың келгенiне көз жеткiзедi;
3) жеке немесе заңды тұлға өкiлдерiнiң, қорғаушының және өкiлдiң өкiлеттiктерін тексередi;
4) іс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардың келмеу себептерiн анықтайды және олардың қатысуынсыз шағымды, наразылықты қарау туралы не шағымды, наразылықты қарауды кейiнге қалдыру туралы шешiм қабылдайды;
5) шағымды, наразылықты қарауға қатысатын тұлғаларға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi;
6) мәлiмделген қарсылық білдірулерді және өтiнiшхаттарды шешедi;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты, ал қажет болған кезде істің өзге де материалдарын жария етеді.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарау кезiнде iсте бар және қосымша ұсынылған материалдар бойынша шығарылған қаулының заңдылығы мен негiздiлiгi тексерiледi. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағымның, наразылықтың дәлелдерiмен байланысты емес және iстi толық көлемде тексередi, бұл ретте ол жаңа фактiлердi анықтауға және жаңа дәлелдемелердi зерттеуге құқылы.
3. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шақырылған адамдардың келмеуіне, iс бойынша қосымша материалдарды талап етіп алдыруға, сараптама тағайындауға байланысты және шағымды, наразылықты толық, жан-жақты және объективтi қарау үшiн қажет болған басқа жағдайларда, шағымның, наразылықтың қаралуын кейiнге қалдыруға құқылы.
4. Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым сотқа және жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) бiр мезгiлде келiп түссе, онда шағымды сот қарайды.
839-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыға шағым, наразылық бойынша шешiм
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарап, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) мынадай:
1) қаулыны өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) қаулыны өзгерту туралы;
3) осы Кодекстiң 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ қаулы шығарылғанда негізге алынған мән-жайлар дәлелденбеген кезде қаулының күшiн жою және iстi тоқтату туралы;
4) iс бойынша қаулының күшiн жою және жаңа қаулы шығару туралы;
5) егер шағымды, наразылықты қарау кезiнде қаулыны құқығы жоқ судья, орган (лауазымды адам) шығарғаны анықталса, қаулының күшiн жою және iстi ведомстволық бағыныстылығы бойынша қарауға жiберу туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
2. Шағымды, наразылықты қарау нәтижелерi бойынша шешiм iс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша қаулы түрiнде шығарылады. Қаулыда осы Кодекстiң 822-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мәлiметтер қамтылуға тиiс.
3. Мамандандырылған аудандық және оған теңестiрiлген әкiмшiлiк сот және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот судьясының қаулысына шағым, наразылық бойынша жоғары тұрған сот судьясының қаулысына, сондай-ақ осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 5) тармақшасында көзделген жағдайда судья шығарған қаулыға осы Кодекстiң 46-тарауында көзделген тәртiппен наразылық келтірілуі мүмкiн. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) қаулысына осы Кодексте белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкiн.
840-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулының күшiн жою немесе оны өзгерту негiздерi
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар:
1) судьяның, органның (лауазымды адамның) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, наразылықты қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi;
2) әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы;
3) осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы;
4) қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.
841-бап. Судьяның, органның (лауазымды адамның) әкiмшiлiк
құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жазылған
iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің
шағымды, наразылықты қарау кезiнде зерттелген
дәлелдемелерге сәйкес келмеуi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндердің шағымды, наразылықты қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмейтiнiн анықтап, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) бұл қаулының күшiн толық немесе iшiнара жояды және шағымды, наразылықты қарау нәтижелерiне сәйкес жаңа қаулы шығарады.
2. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағымды, наразылықты қарау процесiнде зерттелген дәлелдемелердi бағалай келіп, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда анықталмаған немесе қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам) назарға алмаған фактiлердi дәлелдендi деп тануға құқылы.
842-бап. Әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбау
1. Мыналар әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбау болып табылады:
1) осы Кодекстiң 1-бөлiмiнiң және 2-бөлiмi Жалпы бөлiгiнiң талаптарын бұзу;
2) осы Кодекстiң 2-бөлiмi Ерекше бөлiгiнiң қолданылуға жататын бабынан немесе бабының бөлiгiнен басқасын қолдану;
3) осы Кодекстiң 2-бөлiмi Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабының санкциясында көзделгеннен анағұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза қолдану.
2. Шағымды, наразылықты қарау нәтижесiнде жасалған әрекетке берiлген заңдық бағаны дұрыс емес деп танып, жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) құқық бұзушылықтың саралануын заңның онша қатаң емес әкiмшiлiк жаза көзделген бабына өзгертуге құқылы.
3. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағымды, наразылықты қарау нәтижелерi бойынша анағұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза көзделетін заңды қолдануға немесе осы негiздер бойынша жәбiрленушi шағым берген немесе прокурор наразылық келтірген жағдайда ғана анағұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
843-бап. Осы Кодекстiң процестік нормаларын елеулі түрде бұзу
1. Осы Кодекстiң процестік нормаларын елеулі түрде бұзу деп іс бойынша іс жүргiзу және оны қарау кезiнде осы Кодекстің қағидаттарының және iске қатысатын тұлғалардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым жасау, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу рәсiмдерiн сақтамау немесе iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге өзге жолмен кедергi келтiру арқылы заңды және негiзделген қаулы шығаруға ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн өзге де жалпы ережелерiнiң бұзылуы танылады.
2. Іс бойынша іс жүргiзудiң бiржақтылығы немесе толық еместiгi iс үшiн маңызы болуы мүмкiн, зерттеуден жол берiлетiн дәлелдемелердi қателесіп шығарып тастаудың немесе дәлелдемелердi зерттеуден негiзсiз бас тартудың; мiндеттi түрде зерттелуге жататын дәлелдемелердi зерттемеудiң нәтижесi болып табылса, қаулының күшi жойылуға жатады.
3. Егер:
1) осы Кодекстiң 741 және 742-баптарында көзделген негiздер болған кезде іс бойынша iс жүргiзу тоқтатылмаған болса;
2) қаулыны әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкілеттік берілмеген судья, орган (лауазымды адам) шығарса;
3) қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болып табылғанда іс оның қатысуынсыз қаралса немесе өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның қорғаушы алу құқығы өзге де жолмен бұзылса;
4) өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамның ана тiлiн немесе өзi бiлетiн тiлдi және аудармашы көрсететін қызметтерді пайдалану құқығы бұзылса;
5) өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға iстiң мән-жайлары туралы түсiнiктеме беру құқығы берiлмесе;
6) қаулыға осы Кодекстiң 822-бабының төртiншi бөлiгiнде аталған тұлғалардың қайсыбiреуi қол қоймаса, кез келген жағдайда қаулының күшi жойылуға жатады.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде осы баптың үшiншi бөлiгiнiң 1) тармақшасында көрсетiлген процестік нормалардың бұзылуына жол берiлгендiгiн анықтай отырып, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) iс бойынша қаулының күшiн жояды және iс жүргiзудi тоқтатады.
5. Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде процестік нормалардың қандай да бір өзгеше елеулі түрде бұзылуына жол берiлген болса, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) iсті қарауды жүргiзеді, бұл ретте жол берiлген бұзушылықты жоюға шаралар қолданады, тиiсінше тиісті мамандандырылған аудандық және оған теңестiрiлген әкiмшiлiк сот және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот судьясының, төмен тұрған органның (лауазымды адамның) қаулысының күшiн жояды және iсті қараудың нәтижелерiн ескере отырып, жаңа қаулы шығарады.
844-бап. Қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық
бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды
тұлғаның мүлiктiк қаржы жағдайына сәйкес келмеуi
1. Қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның тым қатаңдығы салдарынан оны әдiл емес, жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмейдi деп танып, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк жаза қолданудың жалпы қағидаларын басшылыққа ала отырып, жазаны жеңілдетеді.
2. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) кiнәлi тұлғаға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулымен айқындалғаннан анағұрлым қатаң жаза қолдануы мүмкiн, бiрақ оны осы негiз бойынша прокурор наразылық келтірген немесе жәбiрленушi шағым берген жағдайда ғана қолданады.
845-бап. Іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы
қаулының күшiн жою немесе оны өзгерту
1. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) iс бойынша іс жүргiзудi тоқтатудың негiзсiздiгiне жәбiрленушiнiң шағымы бойынша не прокурордың наразылығы бойынша ғана әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы шығара отырып, iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулының күшiн жоюы мүмкiн.
2. Іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзу тоқтатылған тұлғаның шағымы бойынша тоқтатудың негiздерi бөлiгiнде өзгертiлуi мүмкiн.
846-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыға шағым, наразылық бойынша қаулыны жария ету
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша қаулы шығарылғаннан кейiн дереу жария етiледi.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша қаулы шығарылғаннан кейiн оның көшiрмесi үш тәулiкке дейiнгi мерзiмде iс бойынша өзіне қатысты қаулы шығарылған жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның өкiлiне, шағымды өзi берген немесе оның өтiнiшi бойынша берілген жағдайда жәбiрленушiге, наразылық келтірген прокурорға тапсырылады немесе жiберiледi.
3. Әкiмшiлiк қамаққа алу туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша қаулы - қаулыны орындайтын органның (лауазымды адамның), сондай-ақ бұл өзiне қатысты шығарылған тұлғаның назарына қаулы шығарылған күнi жеткiзiледi.
46-тарау. ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ
ІСТЕР БОЙЫНША ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНГЕН
ҚАУЛЫЛАРДЫ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ШАҒЫМДАРДЫ,
НАРАЗЫЛЫҚТАРДЫ ҚАРАУ НӘТИЖЕЛЕРІ
БОЙЫНША ҚАУЛЫЛАРДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ
847-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша
заңды күшiне енген қаулыларды және оларға
шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелерi
бойынша қаулыларды қайта қараудың
кассациялық тәртiбi
1. Осы Кодекстiң 849-бабының бірінші және екінші бөліктерінде аталған адамдардың наразылығы немесе шағымы бойынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулылар, оларға шағым, наразылық бойынша сот қаулылары кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша қаулыларға кассациялық шағым немесе наразылық әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамның не өзіне қатысты әкімшілік іс жүргізу тоқтатылған адамның жағдайын нашарлататын жағына қарай қаулы жарияланған күннен бастап алты ай ішінде
берілуі мүмкін. Мерзім дәлелді себептермен өткізіп алынған жағдайда шағымды қарауға құқықты сот осы мерзімді қалпына келтіруі мүмкін.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша сот қаулыларына кассациялық шағымды, наразылықты олар түскен күннен бастап он тәулік ішінде облыстық және оған теңестірілген сот кемінде үш судьядан тұратын құраммен қарайды.
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша қаулыларға кассациялық шағым, наразылық осы Кодекстің 833-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша сот қаулыларына кассациялық шағымды, наразылықты қарауға әзірлеу, қарау және олар бойынша шешім қабылдау тәртібі осы Кодекстің 45-тарауында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Кассациялық сатыдағы сот актілері қаулылар нысанында шығарылады және осы Кодекстің 822-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді қамтуға тиіс.
7. Кассациялық сатыдағы сот әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қаулылардың, оларға шағымдар, наразылықтар бойынша қаулылардың заңдылығын және негізділігін толық көлемде тексереді.
848-бап. Істерді талап етіп алдырудың және заңды күшіне енген
сот актілеріне наразылық келтіру туралы
өтінішхаттарды қараудың тәртібі мен себептері
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оған теңестірілген прокурорлар қадағалау тәртібімен тексеру үшін тиісті соттан талап етіп алдыра алады.
2. Осы Кодекстің 849-бабының екінші бөлігінде аталған тұлғалардың өтінішхаттары, сол сияқты осы Кодекстің 849-бабының бірінші бөлігінде аталған прокурорлардың өз құзыреті шегінде бастамасы істерді талап етіп алдыруға себептер болып табылады.
3. Прокурордың істі талап етіп алдыру туралы сұрау салуын сот оның сотқа келіп түскен күнінен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей орындайды.
4. Іс талап етіліп алдырылған жағдайда қадағалау наразылығын келтіру туралы өтінішхатты прокурор істің прокуратураға келіп түскен күнінен бастап отыз тәулік ішінде қарауға тиіс.
849-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша
қаулыларға және оларға шағымды, наразылықты
қарау нәтижелерi бойынша қаулыларға наразылық
келтіру, шағым беру
1. Заңды күшiне енген қаулыларға және осы Кодекстiң 847-бабында көрсетілген қаулыларға наразылық келтіру құқығы Бас Прокурорға, оның орынбасарларына, облыстардың прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорларға тиесілі болады.
2. Осы Кодекстiң 847-бабында көрсетілген, заңды күшiне енген қаулыларды қайта қарау туралы шағым беруге әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлғаның, жәбiрленушiнiң, аталған тұлғалардың қорғаушыларының, заңды өкiлдерi мен өкiлдерiнiң құқығы бар.
850-бап. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы
қаулының орындалуын тоқтата тұру
Осы Кодекстiң 849-бабында көрсетілген, заңды күшiне енген қаулыларға наразылық келтіру осы қаулылардың орындалуын тоқтата тұрады.
851-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша
заңды күшіне енген қаулыларды және оларға
шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері
бойынша қаулыларды қайта қараудың ерекше
(қадағалау) тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық және әкімшілік істер бойынша қадағалау сот алқасы Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры мен оның орынбасарларының наразылығы бойынша шағым жасаудың кассациялық тәртібі сақталған жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кез келген iс бойынша заңды күшiне енген қаулының, сол сияқты қаулыға шағымды, наразылықты қарау нәтижелерi бойынша қаулының заңдылығын және негiздiлiгiн тексеруге және қабылданған шешiмдi наразылық түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде қайта қарауға құқылы. Жоғарғы Сот алқасының қаулылары қабылданған кезден бастап заңды күшіне енеді.
2. Соттың әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлғаның не өзiне қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзу тоқтатылған тұлғаның жағдайын нашарлататын жағына қарай қайта қарауына соттың немесе уәкілетті мемлекеттік органның қаулысы заңды күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде жол берiледi.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша сот қаулыларына наразылық келтіру осы Кодекстің 833-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
47-тарау. ӘКIМШIЛIК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ
IСТЕР БОЙЫНША ЗАҢДЫ КҮШIНЕ ЕНГЕН
ҚАУЛЫЛАРДЫ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ШАҒЫМДАРДЫ,
НАРАЗЫЛЫҚТАРДЫ ҚАРАУ НӘТИЖЕЛЕРІ
БОЙЫНША ҚАУЛЫЛАРДЫ ЖАҢАДАН
АШЫЛҒАН МӘН-ЖАЙЛАР БОЙЫНША
ҚАЙТА ҚАРАУ
852-бап. Қайта қарау негіздері
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулылар және шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелерi бойынша қаулылар жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2. Қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін мыналар:
1) құқық бұзушыға, жәбірленушіге белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін емес, іс үшін маңызды мән-жайлар;
2) соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, заңсыз не негізсіз қаулы шығаруға әкеп соққан куәнің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс емес аударма, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың, құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;
3) соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, осы істі қарау кезінде жасалған, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, іске қатысатын басқа да тұлғалардың не олардың өкілдерінің қылмыстық әрекеттері немесе судъялардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қылмыстық іс-әрекеттері;
4) осы қаулыны шығаруға негіз болған соттың шешімін, үкімін, ұйғарымын немесе қаулысын не өзге де мемлекеттік органның (лауазымды адамның) құқықтық актісінің күшін жою;
5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істе қолданылған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануы негіздер болып табылады.
853-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша
қаулыларды және оларға шағымдарды, наразылықтарды
қарау нәтижелері бойынша қаулыларды жаңадан ашылған
мән-жайлар бойынша қайта қарайтын соттар, уәкілетті
органдар (лауазымды адамдар)
Заңды күшіне енген қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша бұл шешімді шығарған сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) қайта қарайды.
Сот органның (лауазымды адамның) қаулыларын қайта қараған және оны өзгеріссіз қалдырған жағдайда, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды осы шешімді шығарған сот жүзеге асырады.
854-бап. Арыз беру
1. Қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға, жәбірленуші немесе олардың заңды өкілдері немесе прокурор қаулы шығарған сотқа, органға (лауазымды адамға) береді.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған тұлғалар қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қайта қарауға негіз болған мән-жайлар анықталған күннен бастап үш ай ішінде бере алады.
855-бап. Арыздың нысаны мен мазмұны
1. Қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз жазбаша нысанда беріледі. Арызға арыз беруші тұлға немесе оның уәкілетті өкілі қол қояды.
2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызда:
1) арыз берілетін соттың, органның (лауазымды адамның) атауы;
2) арыз беруші тұлға туралы мәліметтер (жеке тұлғалар үшін – тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), телефонның, факстің, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және (немесе) электрондық мекенжайы (егер бұлар бар болса); заңды тұлғалар үшін – атауы, орналасқан жері, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) нөмірі мен күні, телефонның, факстің, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және (немесе) электрондық мекенжайы (егер олар бар болса);
3) арыз иесі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхат берген актіні қабылдаған соттың, органның (лауазымды адамның) атауы; осы актінің қабылданған күні;
4) арыз берген тұлғаның талабы; осы Кодекстің 852-бабында көзделген және бұл мән-жайдың ашылғанын немесе анықталғанын растайтын құжаттарға сілтеме жасай отырып, арыз берушінің пікірі бойынша қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы мәселені қоюға негіз болып табылатын жаңадан ашылған мән-жай;
5) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Арызға:
1) жаңадан ашылған мән-жайларды растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) арыз беруші қайта қарау туралы өтінішхат берген қаулының көшірмесі;
3) іске қатысатын басқа тұлғаларға оларда жоқ арыздың және құжаттардың көшірмелері жіберілгенін растайтын құжат;
4) адамның арызға қол қою өкілеттіктерін растайтын сенімхат немесе өзге де құжат қоса берілуге тиіс.
856-бап. Арызды соттың, органның (лауазымды адамның)
іс жүргізуіне қабылдау
1. Нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды сақтай отырып, қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы берілген арыз тиісті соттың, органның (лауазымды адамның) іс жүргізуіне қабылданады.
2. Арызды іс жүргізуге қабылдау туралы мәселе ол түскен күннен бастап үш тәулік ішінде шешіледі.
3. Арызды іс жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарылады, онда арызды қарау бойынша отырыс өткізудің күні мен орны көрсетіледі.
4. Ұйғарымның көшірмелері іске қатысатын тұлғаларға жіберіледі.
857-бап. Қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша
қайта қарау туралы арызды қайтару
1. Тиісті соттың судьясы, уәкілетті органның лауазымды адамы, егер арызды іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені шешу кезінде:
1) арыздың осы Кодекстің 855-бабында белгіленген қағидаларды бұза отырып берілгенін;
2) арыздың белгіленген мерзім өткеннен кейін берілгенін және мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхаттың болмауын немесе арыз берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіруден бас тартылғанын;
3) арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталмағанын анықтаса, арыз берушіге қаулыны жаңадан ашылған
мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы берген арызын қайтарып береді.
2. Арызды қайтару туралы ұйғарым шығарылады.
Ұйғарымның көшірмесі арызбен және оған қоса берілетін құжаттармен бірге оның шығарылған күнінен кейінгі келесі күннен кешіктірілмей арыз берушіге жіберіледі.
3. Арызды қайтару туралы ұйғарымға шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкін.
858-бап. Арыз беру үшін мерзімді есептеу
Арыз беру үшін мерзім:
1) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайларда – іс үшін едәуір маңызы бар мән-жайлар ашылған
күннен бастап;
2) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 2) және
3) тармақшаларында көзделген жағдайларда – сот үкімінің заңды күшіне енген күнінен бастап;
3) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайларда – қайта қаралатын қаулы негізделген сот үкімі, шешімі, ұйғарымы, қаулысы немесе өзге де мемлекеттік органның (лауазымды адамның) құқықтық актісі заңды күшіне енген күнінен бастап;
4) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген жағдайларда – Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істе қолданылған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тану туралы қаулыны қабылдау күнінен бастап есептеледі.
859-бап Арызды қарау
Қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды сот, орган (лауазымды адам) отырыста қарайды. Арыз беруші және іске қатысатын тұлғалар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі арызды қарауға кедергі болып табылмайды.
860-бап. Соттың, уәкілетті органның (лауазымды адамның)
істі қайта қарау туралы қаулысы
1. Сот, орган (лауазымды адам) қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қарап, арызды қанағаттандырады және қаулының күшін жояды не қайта қараудан бас тартады.
2. Cоттардың, органдардың (лауазымды адамдардың) қаулының жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша күшін жою туралы және қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қанағаттандырудан бас тартуы туралы шешіміне белгіленген тәртіппен шағым жасалуы және наразылық келтірілуі мүмкін.
3. Қаулының күші жойылған жағдайда, сот, орган (лауазымды адам) істі осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша қарайды.
48-тарау. АҚТАУ. ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ
ТУРАЛЫ ІСТЕРДІ ҚАРАУҒА УӘКІЛЕТТІК
БЕРІЛГЕН ОРГАННЫҢ (ЛАУАЗЫМДЫ
АДАМНЫҢ) ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТТЕРІМЕН
КЕЛТІРІЛГЕН ЗИЯНДЫ ӨТЕУ
861-бап. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлғаның
кiнәсiздiгiн тану арқылы ақтау
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкілеттік берілген судьяның, органның (лауазымды адамның) осы Кодекстiң
741-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1) – 7) және 11) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша, өзіне қатысты iстi тоқтату туралы қаулысы шығарылған тұлға кiнәсiз деп есептеледi және оның Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарына қандай да бір шектеулер қоюға болмайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкілеттік берілген судья, орган (лауазымды адам) осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған тұлғаны кінәсіз деп тану және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судьяның, органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi салдарынан бұзылған жеке басының мүліктік емес және мүліктік құқықтарын қалпына келтіру бойынша заңда көзделген барлық шараларды қолдануға міндетті.
862-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға
уәкілеттік берілген соттың, органның (лауазымды
адамның) заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген
зиянды өтеттіруге құқығы бар тұлғалар
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судьяның, органның (лауазымды адамның) кiнәсiна қарамастан, іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын заңсыз қолдану салдарынан тұлғаға келтiрiлген зиян республикалық бюджеттен толық көлемде өтеледi.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судьяның, органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеттіруге:
1) осы Кодекстiң 745-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған тұлғалардың;
2) егер іс бойынша iс жүргiзу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлардың болуына қарамастан басталса немесе олар анықталған кезден бастап тоқтатылмаса, iс бойынша іс жүргізу өздеріне қатысты басталмауға тиiс, ал басталғаны осы Кодекстiң
741-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1) – 7) және 11) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша тоқтатылуға жататын тұлғалардың құқығы бар.
3. Жеке тұлға қайтыс болған жағдайда зиянды өтеттіру құқығы белгіленген тәртіппен оның мұрагерлерiне өтеді.
4. Егер іс бойынша iс жүргiзу процесінде тұлғаның ерiктi түрде
өзiне-өзi айып тағу жолымен шындықты анықтауға кедергi келтiргендiгi және сөйтіп осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген салдардың басталуына ықпал еткенi дәлелденсе, оған зиян өтелуге жатпайды.
5. Осы баптың қағидалары осы баптың екiншi бөлiгiнiң
2) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар болмаған кезде, тұлғаға қолданылған әкiмшiлiк жазаның және басқа да әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шараларының ескiру мерзiмдерiнiң өтуiне, әкiмшiлiк жауаптылықты жоятын немесе әкiмшiлiк жазаны жеңілдететін заңның қабылдануына байланысты күшi жойылған немесе өзгерген жағдайларға қолданылмайды.
863-бап. Өтелуге жататын зиян
Осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалардың мүлiктiк зиянды толық көлемде өтеттіруге, моральдық зиян салдарын жойғызуға және барлық жоғалтқан немесе нұқсан келтiрiлген құқықтарын қалпына келтiруге құқығы бар.
864-бап. Зиянды өтеттіру құқығын тану
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген судья немесе орган (лауазымды адам) тұлғаны толық немесе iшiнара ақтау туралы шешiм қабылдап, оның зиянды өтеттіру құқығын тануға міндетті. Iстi тоқтату туралы, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулының көшiрмесi мүдделi тұлғаға тапсырылады не поштамен жiберiледi. Бір мезгілде оған зиянды өтеу тәртiбi түсiндiрiлген хабарлама жiберiледi. Залалды өтеттіру құқығы бар қайтыс болған адам мұрагерлерiнiң, туыстарының немесе асырауындағылардың тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер болмаған кезде, олар әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген органға (лауазымды адамға) жүгiнген күнінен бастап бес тәуліктен кешiктiрілмей оларға хабарлама жiберiледi.
865-бап. Мүлiктiк зиянды өтеу
1. Осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғаларға келтiрiлген мүлiктiк зиян:
1) олар айырылған жалақының, зейнетақының, жәрдемақылардың, өзге де қаражаттар мен кірістердің;
2) судья қаулысының негiзiнде заңсыз тәркiленген мүлiктiң өтелуін қамтиды. Мүлiктi қайтару мүмкiн болмаған кезде оның құны қайтарылады;
3) iстi шешуге уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз қаулысын орындау үшін өндіріп алынған айыппұлдардың; процестік шығындар мен заңсыз әрекеттерге байланысты тұлға төлеген өзге де сомалардың;
4) заң көмегi көрсетілгені үшiн тұлға төлеген сомалардың;
5) әкiмшiлiк жауаптылыққа заңсыз тарту салдарынан келтiрiлген өзге шығыстардың өтелуiн қамтиды.
2. Осы Кодекстiң 603-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған тұлғаларды әкiмшiлiк қамаққа алуды орындау орындарында ұстауға жұмсалған сомаларды, іс бойынша iс жүргiзуге байланысты процестік шығындарды, сол сияқты осы тұлғалардың әкiмшiлiк қамаққа алуды орындау кезiнде қандай да бір жұмыстарды орындағаны үшiн жалақысын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянның өтемiн төлеуге жататын сомалардан шегерiп тастауға болмайды.
3. Осы Кодекстiң 823-бабында көрсетілген құжаттардың көшiрмесiн зиянды өтеу тәртiбi туралы хабарламамен бiрге алған кезде, осы Кодекстiң 862-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде аталған тұлғалар iстi тоқтату, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) мүлiктiк зиянды өтеу туралы талаппен жүгiнуге құқылы. Егер iстi жоғары тұрған орган (лауазымды адам) немесе сот тоқтатса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) жiберiледi. Егер судья қараған iстi жоғары тұрған сот тоқтатса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған судьяға жiберiледi. Кәмелетке толмаған адам ақталған жағдайда зиянды өтеу туралы талапты оның заңды өкiлi мәлiмдей алады.
4. Арыз түскен күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетілген орган (лауазымды адам) қажет болған жағдайларда қаржы органдарынан және әлеуметтiк қорғау органдарынан есеп-қисапты сұратып ала отырып, зиянның мөлшерiн айқындайды, содан кейін инфляцияны ескере отырып, осы зиянды өтеуге төлем жүргізу туралы қаулы шығарады. Егер iстi сот тоқтатса, көрсетілген әрекеттердi iстi қараған судья жүргiзедi.
5. Елтаңбалы мөрмен куәландырылған қаулының көшiрмесi төлем жүргізуге мiндеттi органдарға беру үшiн тұлғаға тапсырылады немесе жіберіледі. Төлем жасау тәртiбi заңнамада айқындалады.
866-бап. Моральдық зиян салдарларын жою
1. Тұлғаны ақтау туралы шешiм қабылдаған орган (лауазымды адам) келтiрiлген зиян үшiн одан жазбаша нысанда ресми кешiрiм сұрауға мiндеттi.
2. Келтiрiлген моральдық зиян үшiн ақшалай түрде өтемақы туралы талап қою азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен беріледі.
3. Егер тұлға әкiмшiлiк жауаптылыққа заңсыз тартылса, ал бұл туралы мәлiметтер баспасөзде жарияланып, радио, теледидар немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, онда осы тұлғаның талап етуi бойынша, ал ол қайтыс болған жағдайда – оның туыстарының немесе прокурордың талап етуi бойынша тиiстi бұқаралық ақпарат құралдары бiр ай iшiнде бұл туралы қажеттi хабар жасауға мiндеттi.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалардың талап етуi бойынша өзінің заңсыз шешiмдерiнiң күшi жойылғаны туралы жазбаша хабарды он тәулік ішінде олардың жұмыс, оқу орнына, тұрғылықты жерiне жiберуге мiндеттi.
867-бап. Талаптар қою мерзiмдерi
1. Мүлiктiк зиянды өтеуге ақшалай төлем жүргізу туралы талаптарды осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалар осындай төлемдер жүргізу туралы қаулыны алған кезден бастап бiр жыл iшiнде қоюы мүмкін.
2. Өзге де құқықтарды қалпына келтiру туралы талаптар құқықтарды қалпына келтiру тәртiбi түсiндiрiлетін хабарлама алынған күннен бастап алты ай iшiнде қойылуы мүмкiн.
3. Осы мерзiмдер дәлелдi себептермен өткiзiп алынған жағдайда, бұлар мүдделi тұлғалардың арызы бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) қалпына келтiруіне жатады.
868-бап. Заңды тұлғаларға зиянды өтеу
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерiмен заңды тұлғаларға келтiрiлген зиянды мемлекет толық көлемде және осы тарауда белгiленген мерзiмдерде қалпына келтіруге тиіс.
869-бап. Құқықтарды талап қою тәртiбімен қалпына келтiру
Егер ақтау немесе зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылмаса не тұлға қабылданған шешiммен келiспесе, ол азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен сотқа жүгiнуге құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |