Отырықшылық – халықтың бір жерде қоныстануы, тұруы. Жергілікті жер жағдайы мен табиғат ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанды ерте заманда мекендеген көне түркі тайпалары ғасырлар бойы көшпелі мал ш-мен айналысты. Дегенмен өзен-көл жағалаулары мен құнарлы аймақтарда егіншілік те қатар дамыды. Қазақстан жерін мекендеген түркі тілдес тайпалар 6 ғ-да Ертіс өңірінде, Сыр бойында және Жетісуда егіншілікпен айналысып, отырықшылық өмірге дағдылана бастады.
6 – 7 ғ-ларда Түрік қағандығы тұсында Шу, Талас, Сырдария аңғарларында мал ш-мен қатар егіншіліктің де дамуы О-ты жеделдетті. Далалық солт. аудандарда бұл процесс баяу жүрді.
6 – 7 ғ-ларда қазақ жері арқылы Орта Азияны Қытаймен байланыстырған “Ұлы Жібек жолы” өтті. Бұл жол бойында отырықшыл Суяб, Құлан, Тараз, Меркі қ-лары болды. Тұрғындары саудамен де, егіншілікпен де айналысты.
8 – 10 ғ-ларда қарлұқ тайпалары Қазақстанның Балқаш пен Ыстықкөл аралығын, Іле, Шу, Талас аңғарларын, Тянь-Шань баурайларын қоныстанып, отырықшылық өмір салтын ұстанды.
Осы мемлекеттің солт.-батыс жағында Сырдарияның орта және төм. ағысында және осыған жапсарлас Батыс Қазақстан даласында 9 – 10 ғ-ларда өмір сүрген оғыз тайпаларының мемлекетінде отырықшылықпен айналысқан Суяб, Тараз, Жент, Жаңакент қ-лары болды.
Жетісудың оңт.-батысындағы Құлан, Ақтөбе, Меркі, Жуантөбе қалалары Қырғыз жотасындағы өзендер бойына салынып, өркендеді, отырықшылықтың басты белгілері саналған қолөнер мен сауда орт-тары стратег. маңызға ие болды.
10 – 12 ғ-ларда Қазақстанда қалалар мен қалалық қоныстар шапшаң өсіп, Іле алқабында 56 қаланың іргесі қаланды, Шу мен Талас алқаптарында, Сырдария бойында отырықшылыққа көшкен ондаған қала қоныстары орнады.
Қала мәдениеті Орт. Қазақстанда Ұлытау бөктерінде Сарысу, Нұра, Қаракеңгір өзендері алқаптарында да дамыды. Осы кезеңде Отырар өңірі отырықшы өркениеттің ірі орт. болды. Отырар алқабындағы ирригац. көп тармақты жүйе суландырудың құрамдас бөлігін түгелдей қамтыды. Исфиджаб, Отырар, Тараз қ-лары басты сауда орт-тары болды. Отырықшы-егіншілік мәдениет пен қалалардың көбейіп өсуі этн. шоғырлану процесін күшейтті. Қазақ хандығы тұсында мемлекет экономикасының мешеулігі салдарынан оңт-тегі қалалар құлдырап, О. саябырлады. Хандықтың саяси-әкімш. және сауда-экон. орт. Сығанақ, ал астанасы Түркістан қ-лары болды.
17 – 18 ғ-ларда қазақ даласында отырықшы, көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық түрі дамып, егіншілікпен оңт-те ғана айналысты, елдің басым бөлігінде мал ш. негізгі күнкөріс көзі болды. Патша өкіметінің Қазақстанды отарлауы жергілікті халықтың отырықшылыққа көшуін мүлдем тежеді.
18 ғ-дың 50-жылдары патша өкіметі қазақтардың шұрайлы жерлерін тартып алып, Каспий жағалауынан Ертістің жоғ. ағысына дейінгі аралықта шептер мен бекіністер, форпостар мен бекініс қамалдар, қалалар салды.
19 ғ-дың 2-жартысынан бастап 60 – 90-жылдардағы реформаларға байланысты отарлық жүйе күшейіп, қазақтардың О-қа көшуі күн тәртібінен алынып тасталды. Жергілікті тұрғын халықтың жері тартып алынып, Ресейдің орт. аудандарынан көшіп келген шаруаларға берілді.
19 ғ-дың 2-жартысында Сырдария аймағы егіншілік дамыған отырықшылықтың негізгі орт. болды. Жетісу, Шу, Талас, Іле өз-нің алқабында отырықшылық өмір салты өз қалпын бұзбай, суармалы егіншілік басты әдіске айналды. Орыс шаруаларының қазақ даласына қоныс аударуына байланысты отырықшылық нығая түсті.
20 ғ-дың бас кезіне қарай патша өкіметі орыс шаруаларын жоспарлы түрде қоныстандыру үшін жергілікті халықтың 40 млн. десятина шұрайлы жерін тартып алып, қазақтарды шөл далаға ығыстырды. Көшпелі халықтың жерін күшпен тартып алу жалғасып, отырықшылыққа мейлінше кедергі жасалды. Капит. қатынастардың қазақ даласына енуі көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен рулық қатынастардың ыдырау барысын жеделдетті, қазақ даласында өнеркәсіптің жаңа салалары пайда болып, жергілікті ұлт өкілдері арасынан жұмысшы кадрлар көбейді.
1927 ж. қарашада өткен 6-жалпықазақтық партия конференциясының мал өсірушілерді жерге жаппай орналастыру жөніндегі қарарына сәйкес көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды отырықшыландыру үшін күштеу саясаты қолданылып, ел тіршілігі бұзылды. Республика аумағында бірнеше округтер мен аудандарда (Семей, Ақтөбе, Шалқар, Сырдария, Қызылорда, т.б.) 3 млн-ға жуық көшпелі және жартылай көшпелі қазақтар күштеп отырықшыландырылды, мыңға жуық ірі байлар шаруашылығы тәркіленіп, жер аударылды. Осы жағдайлардың өзі отырықшылыққа дағдыланбаған қазақтардың малдарын шығынға ұшыратып, әміршіл-әкімшіл жүйенің қолдан жасалған ұжымдастыру шаралары кесірінен халық жаппай аштыққа ұшырады. Шаруалардың жер-жердегі жаппай наразылығы мен қарулы көтерілістері аяусыз жаншылып, қазақтарды күштеп ұжымдастыру, отырықшылыққа көшіру жалғасты. Отырықшыландыру науқаны барынша тұрпайы жүргізілді. Отырықшыландыру саясаты қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын күйретті, мыңдаған жылдық тарихы бар көшпелі өркениет қиратылды. Қазақ шаруалары жаппай ашаршылыққа ұшырады (қ. Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру). Дегенмен отырықшылыққа көшудің аса ауыр зардаптары болуына қарамастан тұрақты жерге қоныстанушылық барысында қазақ халқы мәдениеті дамыған іргелі елге айналып, экономикасы өркендеген ірі мемлекет қатарына қосылды.
Қазақ энциклопедиясы, 7том
Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің қалыптасу үдерісін ежелгі жазба деректерінің мәліметі мен археологиялық жәдігерлер
Қазақ халқы ежелгі заманда ұлан-байтақ Орта Азия өңірін мекен еткен түркі тілдес ру-тайпалар мен тайпалық одақтардың (ұлыстардың) ұзақ тарихи дәуірлерде ортақ территорияда бірге өмір сүріп,этногендердің жалпы заңдылықтары бойынша бірте-бірте бірігуі және дамуы арқылы өз алдына жеке халық болып қалыптасты.
Қазақтың көне тарихы/ (Дайындаған М.Қани. – Алматы: Жалын, 1993, 50 бет)
Тарихи зерттеулерде б.з.б I мыңжылдықтың ортасында тайпалық одақтардан қазақ жерінде алғашқы мемлекеттік құрылымдар пайда болады.Мысалы, оңтүстік, шығыс және орталық аудандардағы тайпалардың көбі сақтардың тайпалық одағына біріксе, солтүстік және батыс аймақтарды мекендеген тайпалар алғаш Савромат, кейіннен Сармат тайпасының одағына біріккен.Олардың сайланып қоятын көсемдерінің (патша) қолында азаматтық әрі әскери билік, әскери жасақтары болған. Жетісудан табылған алтын киімді адам (Есік,Бесшатыр), Алтайдан табылған Берел тағы басқа обаларына жерленген патшалар сақ дәуіріндегі мемлекеттік басқару жүйесін көрсететін басты дәлелдер.
Сақтар мен үйсіндер өмір сүрген (б.з.д. VII ғ. – б.з. V ғ.) көшпелі қоғамда малға жеке меншіктің шығуына байланысты қоғам байлар мен кедейлерге бөлінді. Сөйтіп, мемлекеттік құрылымның пайда болуы жүзеге асты.Антикалық авторлардың деректері бойынша, сақтарда патшалар мен патшайымдар болған. Олардың қол астындағы жұртына әмірі күшті болды. Сақ патшалары соғыс пен бейбітшілік мәселесін шешті, басқа елдерге елші тағайындады, сырт елдермен одақ құру мәселесіне басшылық жасады, әскерді басқарды.Патшаны бір рудан ғана сайлады.Егер патша өлсе, оның орнына інісі патша болып сайланды. Үлкен мемлекеттік істерді шешуде патша кейде ел құрылтайын шақырды. Бұл сақтар мемлекеттік жүйесінде демократиялық қағиданың болғандығын көрсетеді.
Сақтардан соң Қазақстан аумағында және көрші аймақтарда үлкен мемлекет құрып, дәуірлеген халық – ғұндар болды. Бұл күндері түркі тілінде сөйлейтіндігі дәлелденіп отырған ғұндар басында тайпалық одақ болып, одан күшті мемлекет құрды.Ғұндарда мемлекеттіліктің негізі б.з.д. III ғасырлардан басталды.Ғұндар мемлекеттілігін толық қалыптастырып, оның саяси жүйесін құрушы ірі саяси тұлға – Мөде тәңірқұты болды.Мөде тәңірқұтынан бастап мемлекет толығымен бір орталыққа бірікті.Ғұндардың мемлекеттік басқару аппараты өте үлкен және күрделі болды. Тәңірқұтынан кейінгі мемлекеттік лауазым елдің Шығыс және Батыс бөліктердің басқаратын кіші хандар болатын.Мемлекет әбден күшейген кезде ғұндар елі үшке бөлініп қарастырылды.Олар Шығыс, Батыс және сол екеуінің ортасында орналасқан тәңірқұтының өз ордасы еді.Ғұндар көшпеліліердің алғашқы мемлекетін құрды. Көшпелі мемлекеттің негізгі белгілері осы ғұндар дәуірінде қалыптасты.
https://e-history.kz/kz/news/show/33385
Көшпелі және отырықшы мәдени аймақтардың өзара байланысы.
Ерте замандардан бері адамдар көшпелі-малшылар және отырықшы-егіншілер болып бөлінді. Малшылар көшпелі өмір салтын ұстанады. Олар жыл бойы малын бағып, жайылымдарын ауыстырып отырды. Мал жыл бойы маусымдық жайылымдарда жайылды. Қыста – қыстауда, жазда – жайлауда, күзде – күзеуде, көмтемде – көктеуде мекен етті. Олар қой, жылқы, түйе өсірді. Ал, егіншілер отырықшы өмір сүріп, жер өңдеумен айналысты. Өзен бойындағы жазықтар егіншілікке пайдаланды. Оның жағалауындағы егіншілер отырықшылық өмір салтын ұстанды. Олар тары бидай, арпа, жеміс-жидектер өсірді.
Тарихи зерттеулер көшпеліліктің (еуропалық зерттеулерде – номадизмнің) өзінің мал бағушылардың өмір сүру көрінісі, түрі ретінде бағалай отырып, оның б.з.б. 2000 мыңжылдықтың соңында және 1000 мыңжылдықтың басында Еуразияның таулы далалық аймақтарындағы тайпалардың отырықшы және жартылай отырықшы шаруашылық түрінен біртіндеп жылжымалы мал шаруашылығына көшу үдерістеріне жалғасқанын атап көрсетеді.
Кезінде профессор С.П.Швецов «қазақ надан, қараңғы болғандықтан көшпелі болған жоқ, оны табиғи орта көшпелі болуға мәжбүрледі» деген қағиданы ғылыми айналымға енгізген болатын. Осыған оран Л.Н.Гумилевтің көшпеліліктің шығуын төмендегіше түсіндіргені еске түседі: «б.з.д. 2 мыңжылдықта жергілікті далалық этностарды әлі отырықшы өмір сүрді, және олардың кейбірі егін шаруашылығын және отырықшы мал шаруашылығын кеңінен қолданды. Бірақ б.з.б. 1 мыңжылдықтың орта шенінде орын алған құрғақшылық су көздерінің айналасын құрғатып, құмды бүркеп жатқан топырақ қабатын бүлдірді. Жел құмды суарып, даланың үстіне көтеріп, оның көптеген аймақтарын егін шаруашылығы үшін жарамсыз жағдайда келтіреді. Амал жоқ, құрғақшылық заманында шөп азайып кеткендіктен мал шаруашылығына көшуге және малды жаңа аймаққа айдауға тура келді. Осылайша осы далаларда климаттық өзгерістердің ауысуынан және ежелгі диқандардың шаруашылықты жүргізуінен пайда болған жағдайға бейімделген шаруашылық жүйесі ретінде көшпелі мал шаруашылығы пайда болды.»
Қазақстан (қазақ елі) тарихы,1-кітап, Т.О.Омарбекова, Г.Б. Хабижанова, Н.Д. Нұртазина, Б.Х. Рахимбекова, Е.Н. Ноянов, С.К. Удербаева, Н.А. Тасилова, М.Д. Байдаулетова, Г.З. Искакова, М. Өскенбай, 37-бет
Достарыңызбен бөлісу: |