145-бап. Адамның және азаматтың тең құқықтылығын бұзу
1. Адамның (азаматтың) құқықтары мен бостандықтарын тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық немесе мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiліне, ұлтына, тiліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына байланысты себептермен немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша тiкелей немесе жанама шектеу –
бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бiрлестiк лидері жасаған дәл сол іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептiк көрсеткішке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескерту. 145-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
146-бап. Азаптаулар
1. Тергеушiнiң, анықтауды жүзеге асыратын адамның немесе өзге де лауазымды адамның не олардың айдап салуымен не олар біле тұрып немесе олардың үнсіз келісімімен басқа адамның азапталушыдан немесе басқа адамнан мәлiметтер алу немесе мойындату не ол немесе басқа адам жасаған немесе жасады деп күдiк келтірілген әрекет үшiн оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшiншi тұлғаны қорқыту немесе мәжбүрлеу мақсатымен немесе кез келген сипаттағы кемсiтуге негiзделген кез келген себеп бойынша қасақана тән зардабын және (немесе) психикалық зардап шектiруi –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) бiрнеше рет;
3) денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтiре отырып;
4) кiнәлi адамға жүктiлік жағдайда екені көрiнеу белгілі әйелге немесе кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Жәбiрленушiнiң денсаулығына ауыр зиян келтiруге немесе абайсызда оның өліміне әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Лауазымды адамдардың заңды әрекеттерi нәтижесiнде келтiрiлген тән зардабы мен психикалық зардап азаптау деп танылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |