377-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң қызметіне кедергi жасау
Ескертпе. 1-бөліктің бірінші абзацына өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң қызметіне оның өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына кедергi жасау мақсатында қандай да болмасын түрде араласу –
екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
378-бап. Билік өкiлiн қорлау
1. Билік өкiлiн өз қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде немесе оларды атқаруына байланысты қорлау –
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет –
бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескерту. Билік өкiлiнiң қызметтiк жұмысы туралы сын тұрғысында айтылған жария сөздер осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
Ескерту. 378-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |