380-2-бап. Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторына, қорықшыға қатысты күш қолдану
1. Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордың, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторының, қорықшының өз қызметтік міндеттерін орындауына байланысты не қызметтік міндеттерін орындағаны үшін кек алу мақсатында оларға немесе олардың жақындарына қатысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану не күш қолдану қатерін төндіру –
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға қатысты олардың өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолдану –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, мынадай:
1) екi немесе одан көп адамға қатысты;
2) кінәлі адам үшін көрінеу дәрменсiз күйдегі адамға қатысты жасалған, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан;
3) аса қатыгездiкпен жасалған;
4) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
5) басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатында;
6) бірнеше рет;
7) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты;
8) төтенше жағдай кезiнде немесе жаппай тәртiпсiздiктер барысында;
9) төтенше жағдай жарияланған жерде немесе терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында жасалған іс-әрекет –
жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 16-тарау 380-2-баппен толықтырылды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
381-бап. Прокурордың қызметiне кедергi жасау және оның заңды талаптарын орындамау
Прокурорлық қадағалау актiлерiн орындамау, сол сияқты оның қызметiне кедергi жасау, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтiруге әкеп соқса, –
бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескерту. 381-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |