106-бап. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру
1. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру –
үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
2) адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына немесе кәсiптiк немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты;
3) кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамға қатысты, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепiлге алумен ұштасқан;
4) аса қатыгездікпен;
5) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
6) пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша;
7) бұзақылық ниетпен;
8) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;
9) жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін пайдалану мақсатында;
10) бірнеше рет;
11) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты;
12) төтенше ахуал кезінде немесе жаппай тәртіпсіздік барысында жасалған дәл сол іс-әрекет –
алты жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер –
сегіз жылдан он екі жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 106-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |