107-бап. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру
1. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру –
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
2) адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына немесе кәсiптiк немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты;
3) аса қатыгездiкпен, сол сияқты кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамға қатысты;
4) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, қылмыстық топ жасаған;
5) бұзақылық ниетпен;
6) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;
7) бірнеше рет;
8) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекет –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 107-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |