291-бап. Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу
1. Атыс қаруын, оның жинақтаушы бөлшектерiн, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу –
үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Жаппай қырып-жою қаруын, сол сияқты жаппай қырып-жою қаруын жасау кезiнде пайдаланылуы мүмкiн материалдарды немесе жабдықтарды жымқыру не қорқытып алу –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды:
1) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаса;
2) бірнеше рет;
3) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi емес күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп;
4) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалса, –
мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, бес жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды:
1) қылмыстық топ жасаса;
2) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп жасалса, –
мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |