429-бап. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкеріне не оның жақындарына, сондай-ақ сотталған адамға қатысты күш қолдану қатерін төндіру немесе олардың денсаулығына немесе өміріне қол сұғу
1. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеменің қызметкеріне не оның жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына қатысты оның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты, сондай-ақ сотталған адамға қатысты оның түзелуіне кедергі жасау немесе оның мекеме әкімшілігіне көрсеткен жәрдемі үшін кек алу мақсатында күш қолдану қатерін төндіру –
екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдарға, өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану –
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен не өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолданып жасалған іс-әрекеттер –
жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекеме қызметкерінің не оның жұбайының (зайыбының) немесе жақын туыстарының өміріне оның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты, сондай-ақ сотталған адамға қатысты оның түзелуіне кедергі жасау немесе оның мекеме әкімшілігіне көрсеткен жәрдемі үшін кек алу мақсатында қол сұғу –
он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |