Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі



бет39/44
Дата16.06.2016
өлшемі3.05 Mb.
#139602
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   44

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарлама алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.

2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Парламентi депутатының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.

3. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты өз өкiлеттiктерінің мерзiмi iшiнде қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны тиiстi Палатаның қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

4. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентінiң Сенатына немесе Мәжiлiсiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну депутатқа күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, депутатты ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.

5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатын күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені Астана қаласы аудандық сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысының негізінде шешеді. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.

6. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм берсе, бұдан кейiнгi тергеп-тексеру осы бапта көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

7. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм берсе, депутатқа осы бұлтартпау, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселе осы Кодексте белгiленген тәртiппен шешiледi.

8. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм бермесе, қылмыстық iс осы негіз бойынша тоқтатылуға жатады.

9. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатқа күзетпен ұстау, үйқамақ, ұстап алу, күштеп әкелу түріндегі бұлтартпау, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға келiсiм бермесе, оған көрсетілген шараларды қолдануға болмайды. Депутатқа қатысты өзге процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға Парламенттің тиісті Палаталарының келісімі талап етілмейді және олар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қолданылуы мүмкін.

10. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты осы Кодекске сәйкес прокурор санкциялауға тиіс тергеу әрекеттерін жүргізуге санкцияны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруға келісу туралы өзі қаулы шығарғаннан кейін береді.

11. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істі айыптау актісімен бірге осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бередi, ол осы Кодекстің 301 – 305-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Депутатқа қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының айыпталушыны сотқа беру туралы қаулысы болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.

Ескертпе. Осы тараудың баптарында қолсұғылмаушылықтан айыру деп қылмыстық жауаптылыққа тартуға және процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға келісім беру түсініледі.
548-бап. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатқа,

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына

кандидатқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу
1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатқа қатысты істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу осы баптың екінші бөлігінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты қағидалар бойынша жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатты қолсұғылмаушылықтан айыруға келісім беру Орталық сайлау комиссиясынан сұратылады.


549-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

Төрағасына немесе мүшесiне қатысты сотқа дейінгі

тергеп-тексеру жүргiзу


1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы немесе мүшесi қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.

2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi Төрағасының немесе мүшесiнің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.

3. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшесi өз өкiлеттiктерiнiң мерзiмi iшiнде қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оларды Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

4. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшесiн қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.

5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасын немесе мүшесін күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені Астана қаласы аудандық сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысының негізінде шешеді. Көрсетілген адамдарға қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.

6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алғаннан кейін iс бойынша одан әрі iс жүргiзу осы Кодекстiң 547-бабының алтыншы, жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
550-бап. Судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.

Судья қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.

Судьяға қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.

2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін судьяның іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.

3. Судья қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны – Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз не Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

4. Судьяны қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры – Қазақстан Республикасының Президентіне, ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну енгiзедi. Ұсыну судьяға күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.

5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін судьяны күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені Астана қаласы аудандық сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысы негізінде шешеді. Судьяға қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.

6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шешімдерін алғаннан кейін іс бойынша одан әрі іс жүргізу осы Кодекстің 547-бабының алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөліктерінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
551-бап. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты

сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу


1. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі Бірыңғай тізілімде тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.

2. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.

3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

4. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келісім алу үшін Бас Прокурордың бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну енгізеді. Ұсыну Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.

5. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шешімін алғаннан кейін іс бойынша одан әрі іс жүргізу осы Кодекстің 547-бабының алтыншы, жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктерінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

6. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау туралы мәселені Астана қаласы аудандық сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары қолдаған қаулысы негізінде шешеді. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.

7. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды оның бірінші орынбасары жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеу әрекеттерін жүргізуге санкцияны оның бірінші орынбасары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруға келісу туралы қаулы шығарғаннан кейін береді. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеу мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзартуды Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары жүргізеді.

8. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істі айыптау актісімен бірге осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарына бередi, ол осы Кодекстің 301 – 305-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарының айыпталушыны сотқа беру туралы қаулысы болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.

552-бап. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына,

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына

кандидатқа, Қазақстан Республикасының Президенттігіне

кандидатқа, Қазақстан Республикасы Конституциялық

Кеңесінің Төрағасына немесе мүшесіне, судьяға, Қазақстан

Республикасының Бас Прокурорына қатысты қылмыстық

істі соттың талқылауы


1. Істі қарау осы бапта баяндалған ережелер ескеріле отырып, сот талқылауының жалпы қағидалары бойынша жүргізіледі.

2. Сот сотталушыға – Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатқа, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасына немесе мүшесіне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды, үйқамаққа алуды, ал процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде – күштеп әкелуді, егер Қазақстан Республикасы Конституциясы 52-бабының 4-тармағында, 71-бабының 5-тармағында, 79-бабының 2-тармағында және 83-бабының 3-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келісім беруден бас тартса немесе олардан ондай келісім сұратылмаған болса, бұған тиісінше осы Кодекстің 547-бабының төртінші бөлігінде, 548-бабының екінші бөлігінде, 549-бабының төртінші бөлігінде, 550-бабының төртінші бөлігінде, 551-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен келісім беру туралы ұсынумен өтініш жасай отырып қолдануға құқылы.


553-бап. Қылмыстық қудалаудан дипломатиялық иммунитетi

бар адамдар


1. Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес мына адамдар:

1) шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшылары, осы өкiлдiктердiң дипломатиялық персоналының мүшелері және егер олармен бірге тұрса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, олардың отбасы мүшелерi;

2) егер дипломатиялық өкiлдiктердiң қызмет көрсету персоналының қызметкерлерi және олардың өздерімен бiрге тұратын отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, осы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, өздерінің қызметтік мiндеттерiн орындауы кезiнде жасаған іс-әрекеттерiне қатысты консулдықтардың басшылары және консулдықтың басқа да лауазымды адамдары – өзара түсіністік негiзде;

3) егер дипломатиялық өкiлдiктердiң әкiмшiлiк-техникалық персоналының қызметкерлері мен олардың өздерімен бiрге тұратын отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, осы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi – өзара түсіністік негiзде;

4) дипломатиялық курьерлер;

5) шет мемлекеттердiң басшылары мен өкiлдерi, парламенттік және үкiметтік делегациялардың мүшелерi және өзара түсіністік негiзде – Қазақстанға халықаралық келiссөздерге, халықаралық конференциялар мен кеңестерге қатысу үшiн немесе басқа ресми тапсырмалармен келетiн, не сондай мақсаттармен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен бара жатқан шет мемлекеттер делегацияларының қызметкерлерi және олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, осы көрсетілген адамдарға ілесіп жүретін отбасы мүшелерi;

6) халықаралық ұйымдардағы шет мемлекеттер өкiлдiктерiнiң басшылары, мүшелерi және персоналы, халықаралық шарттардың немесе жалпы жұрт таныған халықаралық салт-дәстүрлер негiзiнде Қазақстан Республикасының аумағында болатын осы ұйымдардың лауазымды адамдары;

7) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін шет мемлекеттердiң үшiншi елдегi дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшылары, өкiлдiктерiнiң дипломатиялық персоналының мүшелері және көрсетілген адамдарға ілесіп жүретiн немесе оларға қосылу немесе өзiнiң елiне оралу үшiн жеке келе жатқан олардың отбасы мүшелерi;

8) Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдар Қазақстан Республикасында қылмыстық қудалаудан иммунитеттi пайдаланады.

2. Егер шет мемлекет қылмыстық қудалау иммунитетiнен бас тартуды айқын түрде білдіре отырып ұсынған жағдайда ғана осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1), 4) – 7) тармақтарында көрсетілген адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдар қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкiн. Мұндай бас тарту туралы мәселе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi арқылы дипломатиялық жолмен шешiледi. Тиiстi шет мемлекеттiң көрсетілген адамдар жөнiнде қылмыстық қудалау иммунитетiнен бас тартуы болмаған жағдайда, оларға қатысты қылмыстық iс тоқтатылуға жатады.

3. Осы адамдардың жасаған қылмысы олардың өздерiнiң қызметтік мiндеттерiн орындауына байланысты болған және Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталмаған жағдайларды қоспағанда, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы баптың екiншi бөлiгiнiң қағидалары осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) және 3) тармақтарында көрсетілген адамдарға қолданылмайды.
554-бап. Дипломатиялық иммунитеттi пайдаланатын адамдарды

ұстап алу және күзетпен ұстау


1. Осы Кодекстiң 553-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 4) – 7) тармақтарында санамаланған адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдар жеке басына қолсұғылмаушылық құқығын пайдаланады. Оларға қатысты заңды күшiне енген үкiмдi орындау үшiн қажет болатын жағдайларды қоспағанда, оларды ұстап алуға немесе күзетпен қамауға болмайды.

2. Осы Кодекстiң 553-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2) және 3) тармақтарында көрсетілген адамдар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, олар ауыр, аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн қудаланған жағдайда не соттың заңды күшiне енген үкiмiн орындау кезiнде ғана ұстап алынуы немесе күзетпен қамалуы мүмкiн.


555-бап. Айғақтар беруден дипломатиялық иммунитет
1. Осы Кодекстiң 553-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 3) – 6) тармақтарында көрсетілген адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдардың куә, жәбiрленушi ретiнде айғақтар бермеуiне болады, ал олар мұндай айғақтар беруге келiскен жағдайда бұл үшiн қылмыстық процестi жүргізетін органға келуi мiндеттi емес. Көрсетілген адамдарға табыс етілген жауап алуға шақыру қағазында олардың қылмыстық процестi жүргізетін органға келмегенi үшiн мәжбүрлеу шараларымен қорқыту болмауға тиiс.

2. Егер осы адамдар алдын ала тергеуде жәбiрленушi, куә ретiнде айғақтар берген, ал сот отырысына келмеген жағдайда, сот олардың айғақтарын жария ете алады.

3. Осы Кодекстiң 553-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көрсетілген адамдар, өздерiнiң қызметтік мiндеттерiн орындауға байланысты мәселелер бойынша берген айғақтарынан басқа, куәлар және жәбiрленушiлер ретiнде айғақтар беруден бас тарта алмайды. Консулдық лауазымды адамдар куәлiк айғақтар беруден бас тартқан жағдайда, оларға процестік мәжбүрлеу шаралары қолданыла алмайды.

4. Дипломатиялық иммунитеттi пайдаланатын адамдар қылмыстық процестi жүргізетін органға өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындауға қатысты хат-хабар мен басқа да құжаттарды ұсынуға мiндеттi емес.


556-бап. Үй-жайлар мен құжаттардың дипломатиялық иммунитетi
1. Дипломатиялық өкiлдiк басшысының резиденциясына, дипломатиялық өкiлдiк орналасқан үй-жайларға, дипломатиялық персонал мүшелелерінің және олардың отбасы мүшелерiнiң тұрғын үй-жайларына, олардағы мүлiк пен жүрiп-тұру құралдарына қол сұғуға болмайды. Осы үй-жайларға кiру, сондай-ақ оларда тiнту, алу, мүлiкке тыйым салу дипломатиялық өкiлдiк басшысының немесе оны алмастыратын адамның келiсiмiмен ғана жүргiзiлуі мүмкін.

2. Егер дипломатиялық өкiлдiктiң қызмет көрсетушi персоналының қызметкерлері мен олардың өздерімен бiрге тұратын отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, осы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi тұрып жатқан тұрғын үй-жайларға осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген иммунитет өзара түсіністік негiзде қолданылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет