Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы



бет2/3
Дата09.06.2016
өлшемі0.64 Mb.
#125309
1   2   3

ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУЫ

      7-бап. Ішкі істер органдары жүйесі

      1. Ішкi iстер органдарының бірыңғай жүйесiн полиция, қылмыстық-атқару жүйесі, әскери-тергеу органдары, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы, азаматтық қорғау органдары құрайды.
      2. Полицияны криминалдық полиция, әкiмшiлiк полициясы, тергеу, анықтау бөлімшелері және өзге де бөлімшелер құрайды.
      Криминалдық полиция ұйымдасқан қылмысқа, экстремизмге, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі бөлімшелерден, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын өзге де бөлімшелерден тұрады.
      Әкімшілік полиция жергілікті полиция қызметінен, азаматтық және қызметтік қару айналымы саласындағы бақылау бөлімшелерінен, көші-қон полициясынан, уақытша ұстау изоляторларынан, айдауыл қызметі бөлімшелерінен және қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асыратын өзге де бөлімшелерден тұрады.
      3. Ішкi iстер органдары Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінен (бұдан әрі – Ішкі істер министрлігі), ведомстволардан, аумақтық органдардан, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардан тұрады.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, көліктегі ішкі істер департаменттері, қалалық, аудандық, қалалардағы аудандық, желілік ішкі істер органдары, әскери-тергеу органдары аумақтық органдар болып табылады.
      4. Қылмыстық-атқару жүйесін ведомство, оның аумақтық органдары және жазаларды орындайтын мекемелер, өзге де ведомстволық бағынысты ұйымдар құрайды.
      5. Ұлттық ұланның құрамы мен оның қызметінің ұйымдастырылуы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
      5-1. Азаматтық қорғау органдарының құрамы және оның қызметін ұйымдастыру «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.
      6. Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелерін, ведомстволарды, аумақтық органдарды және Iшкi iстер министрлiгiне ведомстволық бағынысты ұйымдарды құруды, қайта ұйымдастыруды және таратуды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі (бұдан әрі – Ішкі істер министрі) жүзеге асырады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.01.2015 № 275-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.11.2015 № 388-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      8-бап. Ішкі істер министрлігі

      1. Ішкі істер министрлігі iшкi iстер органдарының бiртұтас жүйесiн басқаратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
      2. Ішкі істер министрлігінің туы, жалауы және рәмізі болады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, көліктегі ішкі істер департаменттерінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың төтенше жағдайлар департаменттерінің, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарының жалаулары болады.
      Ішкі істер министрлігі туының, жалауының және рәмізінің, аумақтық органдар мен жоғары оқу орындары жалауларының сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      9-бап. Ішкі істер министрі

      1. Ішкі істер министрлігін Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Ішкі істер министрі басқарады.
      2. Ішкі істер министрі:
      1) iшкi iстер органдарының бiртұтас жүйесiне басшылықты жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиті шегінде ішкі істер органдарының құрылымы мен штат санын белгілейді;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ішкі істер органдарының штат санының лимитін өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;
      4) ішкі істер органдары қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін тағайындайды, тәртіптік жазаға тартады және қызметтен шығарады;
      5) көтермелейді, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттайды;
      6) Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсыныс енгізеді;
      7) Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар беруге ұсыныс енгізеді;
      8) Қазақстан Республикасының Президентіне Ішкі істер министрінің орынбасарлары, Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымдарына тағайындауға ұсыныс енгізеді;
      9) Қазақстан Республикасының Президенті алдында ішкі істер органдарының қызметі туралы есеп береді;
      10) Ішкі істер министрлігінің атынан ішкі істер органдарының орындауы үшін міндетті құқықтық актілер, өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілер шығарады;
      11) өзінің орынбасарларына, Ішкі істер министрлігі құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволардың, аумақтық органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларына өкілеттіктер береді;
      12) мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдарда Ішкі істер министрлігі атынан өкілдік етеді;
      13) өз құзыреті шегінде халықаралық шарттарға қол қояды;
      14) ішкі істер органдарындағы сыбайластық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
      15) өзіне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.01.2015 № 275-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      9-1-бап. Жергілікті полиция қызметі

      1. Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторлары бөлімшелерінен, кәмелетке толмағандар істері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелерден, жол-патрульдік полициясынан, табиғатты қорғау полициясынан, қабылдау-бөлу орындарынан және арнаулы қабылдау орындарынан тұрады.
      2. Жергілікті полиция қызметінің және оның қызметкерлерінің міндеттері, құзыреті, өкілеттіктері осы Заңда белгіленеді.
      3. Жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің құқық қорғау органдарының қызметкерлері деген бірыңғай құқықтық мәртебесі бар, оларды материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының заңнамасында регламенттеледі.
      4. Жергілікті полиция қызметінің жұмысы мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) құқық бұзушылықтар профилактикасы;
      2) қоғамдық тәртіпті сақтау;
      3) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      4) қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу;
      5) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу және қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру.
      Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген міндеттерді орындауға тартуға жол берілмейді.
      5. Жергілікті полиция қызметі бастығының лауазымы аумақтық ішкі істер органы бастығының орынбасары лауазымына теңестіріледі.
      6. Жергілікті полиция қызметінің бастығы өкiлдi және атқарушы органдардың алдында – жылына екі реттен сиретпей, халықтың алдында жылына бір рет жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы есеп береді.
      7. Учаскелік полиция инспекторы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағындағы әкімшілік учаскеде тұратын халықтың алдында тоқсанына бір реттен сиретпей есеп береді.
      Ескерту. 3-тарау 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 02.11.2015 № 388-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ


МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

      10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті



      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) ішкі істер органдарының қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) Ішкі істер министрлігі туралы ережені бекітеді;
      2-1) ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі туралы ережені бекітеді;
      3) қару мен оның патрондары айналымының қағидаларын бекітеді;
      4) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сынаудың криминалистикалық талаптары мен әдістерін, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының криминалистикалық талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидаларын бекітеді;
      5) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      6) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      7) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      8) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      9) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      10) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу, әкету, транзиттеу қағидаларын бекітеді;
      11) көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бекітеді;
      12) жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялуға жататын жедел және арнаулы қызметтердің тізбесін бекітеді;
      13) террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмнен қорғалуының үлгілік паспортын бекітеді;
      14) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      15) жасырын ұйымдарды, үй-жайларды, көлік құралдарын, қызметкерлердің жеке басын және олардың ведомстволық тиесілігін шифрлау үшін басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттарын пайдалану қағидаларын бекітеді;
      16) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      17) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.11.2015 № 388-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Ішкі істер министрлігінің құзыреті



      Ішкі істер министрлігі:
      1) Қазақстан Республикасындағы криминогендік ахуалдың жай-күйін және даму үрдістерін талдайды, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлейді және қабылдайды;
      2) жол жүрісі қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
      3) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
      4) есiрткiнің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, олардың заңсыз айналымына және олардың терiс пайдалануына қарсы іс-қимылды қамтамасыз етеді;
      5) азаматтық, халықтың көші-қоны және босқындар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
      6) ішкі істер органдары жүйесіндегі біртұтас мемлекеттік кадр саясатын іске асыруды қамтамасыз етеді;
      7) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар күзететін Қазақстан Республикасының объектілерін қоспағанда, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмнен қорғалуының жай-күйін және олардың басшыларының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптарды орындауын бақылауды ұйымдастырады;
      8) мемлекеттiк күзетілуге жататын жеке тұлғалар мен объектiлердi күзетудi ұйымдастырады;
      9) күзет қызметімен, күзет дабылы құралдарын монтаждаумен, баптаумен және оларға техникалық қызмет көрсетумен айналысатын субъектілерді және жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі мамандандырылған оқу орталықтарының қызметін мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады;
      10) арнаулы және әскери тасымалдарды ұйымдастырады;
      11) ішкі істер органдарындағы лицензия-рұқсат беру қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      12) ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінің және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қызметін бақылауды жүзеге асырады;
      13) ұстап алынғандарды, күзетпен ұсталатындарды, қамаққа алынғандарды және сотталғандарды күзетуді және айдауылдауды бақылауды қамтамасыз етеді;
      14) iшкi iстер органдарының жүйесi үшiн, оның ішінде халықаралық шарттар негізінде шет елдерде кадрлар даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастырады;
      15) ішкі істер органдары жүйесінде ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастырады;
      16) ішкі істер органдарының өз қауіпсіздігін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      17) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ұйымдастырады және ішкі істер органдарында құпиялылық режимiнiң сақталуын ведомстволық бақылауды жүзеге асырады;
      18) ішкі істер органдары жүйесінде кинологиялық қызметті дамытуды ұйымдастырады;
      19) ішкі істер органдарында іс жүргізудің және мұрағаттық істі ұйымдастырудың біртұтас мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
      20) ішкі істер органдарының қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асырады;
      21) ішкі істер органдары жүйесін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, сотта, өзге де мемлекеттік органдарда ішкі істер органдарының мүдделерін қорғауды үйлестіреді және қамтамасыз етеді;
      22) ішкі істер органдары қызметін ақпараттық тұрғыдан қолдауды қамтамасыз етеді;
      23) ішкі істер органдары жүйесіндегі жұмылдыру даярлығын жоспарлауды, ұйымдастыруды және оған басшылық жасауды жүзеге асырады, жүктелген жұмылдыру тапсырмалары мен тапсырыстарының орындалуын қамтамасыз етеді;
      24) мыналарды:
      Ішкі істер министрлігі туралы ережені;
      iшкi iстер органдарының жергілікті полиция қызметі туралы ережені;
      көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын;
      жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялуға жататын жедел және арнаулы қызметтердің тізбесін;
      азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары айналымының қағидаларын;
      азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сынаудың криминалистикалық талаптары мен әдістерін, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының криминалистикалық талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидаларын;
      есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу, әкету, транзиттеу қағидаларын;
      жасырын ұйымдарды, үй-жайларды, көлік құралдарын, қызметкерлердің жеке басын және олардың ведомостволық тиесілігін шифрлау үшін басқа мемлекеттік органдардың және ұйымдардың құжаттарын пайдалану қағидаларын;
      террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмнен қорғалуының үлгілік паспортын әзірлейді;
      25) мыналарды:
      құрылымдар мен штаттарды, оның ішінде үлгілік құрылымдар мен штаттарды, штаттық нормативтерді, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлерінің жүктеме нормативтерiн;
      лауазымдар номенклатурасын, ішкі істер органдарындағы лауазымдар санаттарына қойылатын біліктілік талаптарын, конкурстық негізде орналасатын лауазымдар тізбесін, қызметке кіру кезінде конкурс пен тағылымдама өткізудің шарттары мен тәртібін;
      жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерін лауазымға тағайындау тәртібін;
      Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелері, ведомстволар, Ішкі істер министрлігіне ведомстволық бағынысты аумақтық органдар мен ұйымдар туралы ережелерді;
      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, көліктегі ішкі істер департаменттерінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің құрылымдық бөлімшелері туралы үлгілік ережелерді;
      жарылғыш материалдарды сақтауға рұқсат беру талаптарын және оларды сақтауға рұқсаттар беру үшін қажетті құжаттардың тізбесін;
      азаматтық пиротехникалық заттарды және олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету қағидаларын;
      атыс тирлері (атыс орындары) мен стендтерін ашу және олардың жұмыс істеу қағидаларын;
      есірткі заттарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілерді және үй-жайларды пайдалану қағидаларын;
      қылмыстық жазалауды және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелер қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөнінде жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгілік ережені;
      жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымын атқаратын жұмыскерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын және үлгілік оқу жоспарларын;
      жекеше күзет ұйымының күзетшісі құжатының нысаны мен үлгісін;
      жекеше күзет ұйымында күзетші лауазымын атқаратын жұмыскерлерге арнаулы киім үлгісі мен оны киіп жүру тәртібін.
      аумақтық ішкі істер органдары жанындағы консультативтік-кеңесші органдар туралы үлгілік ережені;
      ішкі істер органдарының білім беру ұйымдары қызметінің қағидаларын;
      жоғары білімнің кәсіптік бағдарламаларын іске асыратын Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау қағидаларын;
      жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік бағдарламаларын іске асыратын Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау қағидаларын;
      ішкі істер органдары білім беру ұйымдарының түлектерін бөлу қағидаларын;
      ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің сыныптық біліктілігін беру, жоғарылату, растау, төмендету және алып тастау қағидаларын;
      ішкі істер органдары жүйесінде ұйымдық-штаттық іс-шаралар жүргізу қағидаларын;
      ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұратын адамдарды профилактикалық бақылауды жүзеге асыру қағидаларын;
      алып қойылған, ерікті түрде тапсырылған, тауып алынған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш материалдарды ішкі істер органдарында қабылдау, есепке алу, сақтау және олардың сақталуын қамтамасыз ету қағидаларын;
      учаскелік полиция инспекторларын тағайындау қағидаларын;
      ішкі істер органдары мамандандырылған күзет бөлімшелерінің қызмет атқаруын ұйымдастыру қағидаларын;
      ішкі істер органдарындағы жедел-криминалистикалық қызметті жүзеге асыру қағидаларын;
      ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын;
      ведомстволық және жедел есепке алуды құру, пайдалану және жетілдіру қағидаларын;
      жалпы және арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу тактикасы қағидаларын;
      ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық және телекоммуникациялық желілерді, байланыс желілерін құру, пайдалану және жетілдіру қағидаларын;
      босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркеу және қарау қағидаларын;
      босқын куәлігінің, жол жүру құжатының, пана іздеуші адам куәлігінің үлгілерін әзірлейді және бекітеді;
      26) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      27) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.11.2015 № 388-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      12-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
      1) ішкі істер органдарымен бірлесіп, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      2) қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелердiң қызметiне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмекті ұйымдастыру жөнiндегi консультациялық-кеңесші орган құрады;
      3) әкiмшiлiк полицияның штат санын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен лимиттер шегiнде облыстық бюджеттер және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерi есебiнен ұстауды қамтамасыз етедi;
      4) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын аумақтық органдар аппараттары ахуалдық орталығының электрондық пошта, бейне конференциялық байланыс және бейнебақылау жүйесінің көрсетілетін қызметтеріне арналған шығындарды қоспағанда, жанар-жағармай материалдарын сатып алуды, сондай-ақ аумақтық ішкі істер органдарының, оның ішінде жергілікті полиция қызметінің коммуналдық қызметтер көрсетуге, электр энергиясына, жылу беруге және байланыс қызметтерін көрсетуге ақы төлеу жөніндегі шығындарын қоса алғанда, қызметтік үй-жайларды, радиобайланыс құралдарын, мобильді және портативті бейнетіркегіштерді, көлік құралдарын күтіп-ұстауды, оларға қызмет көрсетуді және жөндеуді қамтамасыз етеді;
      5) учаскелiк полиция инспекторлары қызмет көрсететiн учаскелерде оларды жиhазбен, байланыс құралдарымен жабдықталған, жұмысқа арналған үй-жаймен, сондай-ақ көлiк құралдарымен қамтамасыз етедi;
      6) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) iшкi iстер органдарымен бiрлесiп, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi ұйымдастырады;
      2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағындағы әкiмшiлiк учаске халқының пiкiрiн ескере отырып, учаскелiк полиция инспекторларын тағайындау үшiн iшкi iстер органдарымен бiрлесiп, жергiлiктi қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) ұйымдастырады;
      3) қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелердiң қызметiне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмекті ұйымдастыру жөнiндегi консультациялық-кеңесші орган құрады;
      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.11.2015 № 388-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      13-бап. Өзара іс-қимыл, ынтымақтастық және қоғамдық



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет