9-бабының 3-тармағына сәйкес өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылыстары үшін;
14-1) жекеше орман өсіру үшін;
15) мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларда көзделген объектілерді салу, мемлекеттік мүдделерді және қоғамдық маңызды мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін инвестициялық жобалар үшін;
16) осы Кодекстің 9-бабының 3-тармағына сәйкес халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар мен отандық өнеркәсіп орындарына;
17) концессиялық жобаларды іске асыру үшін концессионерлерге;
18) инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру үшін ұлттық компания мәртебесі бар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға;
19) индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне берілетін жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықтарда (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады.
Уақытша жер пайдалану мерзімі аяқталып келе жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері уақытша жер пайдаланушы жаңа мерзімге уақытша жер пайдалану туралы шарт жасасудан бас тартқан жағдайда ғана сауда-саттыққа (конкурстарға, аукциондарға) шығарылады.
2. Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына - шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері он жылға дейінгі мерзімге жалдау шартымен уақытша жер пайдалануға беріледі.
3. Сатуға арналған жер учаскесі:
жер учаскесінің шекарасы айқындалғаннан;
жер учаскесінің нысаналы мақсаты және оның кадастрлық (бағалау) құны анықталғаннан;
сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізу туралы шешім қабылданғаннан;
сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізу туралы хабарлама жарияланғаннан кейін сауда-саттыққа шығарылады.
4. Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатушы ретінде жергілікті атқарушы орган өкілдік етеді.
Сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) ұйымдастырушы ретінде меншік иесі немесе онымен жасалған шарт негізінде әрекет етуші мамандандырылған ұйым өкілдік етеді.
5. Жep учаскесінің меншік иесі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізу нысанын, сауда-саттық нысанасының бастапқы бағасын және кепілақы сомасын белгілейді.
6. Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) ұйымдастыру мен өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
49-бап. Мемлекет меншiгiндегi жер учаскелерiн төлеу мерзiмiн ұзартып сату кезiнде оларға құқықтар алу
1. Мемлекет меншігіндегі жер учаскесі сатып алу-сату шартын жасасу арқылы сатып алушының жазбаша өтініші бойынша он жыл мерзімге төлеу мерзімі ұзартылып сатылады.
2. Сатып алушы сатып алу-сату шартын жасасқан күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер учаскесі құнының кемінде бес пайызын құрайтын мөлшерде аванс төлеуге тиіс. Бұдан кейін сатып алушы жер учаскесі үшін төлемді сатып алу-сату шартына қоса берілетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын төлем кестесіне сәйкес ай сайын төлеп отырады. Жер учаскесі үшін төлем қолма-қол есеп айырысу арқылы да, сатушының сатып алу-сату шартында көрсетілген шотына аудару арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін.
Сатып алушы өзінің міндеттемелерін толық көлемінде де, ішінара да мерзімінен бұрын өтеуге құқылы. Міндеттемелерді ішінара өтеген жағдайда төлем кестесі қайтадан бекітілуге тиіс.
3. Жер учаскесі үшін ай сайынғы төлемді кешіктірген жағдайда сатып алушы сатушыға кешіктірген әрбір күн үшін жер учаскесінің төленбеген сатып алу бағасының 0,1 пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлейді.
Егер сатып алушы жер учаскесі үшін қатарынан үш ай бойы, ал ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскесі үшін қатарынан екі жыл бойы төлем жасамаса, сатушы сатып алу-сату шартын бұзуға және сатылған жер учаскесiн қайтарып беруді талап етуге құқылы, бұған сатып алушыдан алынған төлем сомасы жер учаскесiнiң сатып алу бағасының жартысынан асып түскен жағдайлар қосылмайды.
4. Жерді кепілге беруді қоспағанда, төлеу мерзімі ұзартылып сатылған жер учаскесіне қатысты оның сатып алу бағасы толық төленгенше мәміле жасасуға тыйым салынады.
Жеңілдікті бағамен төлеу мерзімі ұзартылып сатылған жер учаскесімен мәміле жасасу құқығына осы Кодекстің 24-бабының 3-тармағында көзделген жер учаскесімен мәміле жасасуға шектеу қойылған және оның сатып алу бағасы толық төленген кезден бастап есептелетін мерзім аяқталған соң жол беріледі.
5. Сатып алушының төлеу мерзімін ұзартып сатқан жер учаскесін кепілге беруге оның сатып алу бағасының кемінде елу пайызын төлеген жағдайда жол беріледі. Бұл ретте жер учаскесінің сатып алу бағасы төленген бөлігі ғана кепіл нысанасы бола алады.
6. Төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiмен мәмiлелер жасасу бойынша шектеулер жер учаскесiн сатып алу-сату шартында және жер учаскесiне арналған сәйкестендіру құжатында көрсетiледi. Жер учаскесiнің сатып алу бағасын төлеу туралы құжат сатып алу-сату шартындағы және жер учаскесiне арналған сәйкестендіру құжатындағы осы шектеудi алып тастауға негiз болады.»;
49-1-бап. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібі
1. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары өздерінің осы Кодексте белгіленген жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің шегіндегі жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуді ауданның (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақтарға ие облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің ұсынысы бойынша жүзеге асырады.
1-1. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге оның құқықтық режимі, осы Кодекстің 1-бабында санамаланған жердің осы немесе өзге де санатқа тиесілігі және жерді аймақтарға бөлуге сәйкес рұқсат етілген пайдалану негізге алына отырып жол беріледі.
2. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына өтініш береді.
3. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш келіп түскен кезден бастап күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде қаралады.
4. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім осы Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын комиссия қорытындысының негізінде қабылданады.
5. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге келісім беру не одан бас тарту туралы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы шешімінің көшірмесі ол қабылданғаннан кейін жеті күн мерзімде өтініш берушіге тапсырылады.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту дәлелді болуға тиіс.
6. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты және (немесе) жер учаскесінің меншік иесі, жер пайдаланушы өзгертілген кезде сәйкестендіру құжаттарды қайта ресімдеу мерзімі күнтізбелік он бес күннен аспайды.
49-2-бап. Жерді резервте қалдыру
1. Жерді резервте қалдыру елді мекендердің дамуын қамтамасыз ету, жоспарланып отырған инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар объектілерін, стратегиялық объектілерді, қорғаныс және қауіпсіздік, ғарыш қызметі объектілерін орналастыру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру, оның ішінде қорғаныш ағаш екпелерін егу мақсатында, жайылымдық және шабындық алқаптарды халықтың жеке ауласын ұстау және бақша өсіру жөніндегі мұқтажын қанағаттандыру мақсатында пайдалану үшін, сондай-ақ пайдалы қазбалардың кен орындарын игеру үшін мемлекет меншігіндегі жерлерде резервтік аумақтар құру жолымен жүзеге асырылады.
2. Аумақтарды қала құрылысы үшін жоспарлаудың белгіленген тәртіппен бекітілген кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары, автомобиль жолдары мен темір жолдар өтуінің жобалары (схемалары), мемлекеттік бағдарламалар жерді резервте қалдыру үшін негіздер болып табылады.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру жағдайларын қоспағанда, жерді резервте қалдыруды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары, ал республикалық маңызы бар қалаларды, астананы қоспағанда, елді мекендердің шекараларында - аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жиырма жылға дейінгі мерзімге жүзеге асырады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін жерді резервте қалдыру Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Жергілікті атқарушы органдардың жерді резервте қалдыру туралы шешімінде резервте қалдырудың мақсаттары мен мерзімдері, жердің жалпы алаңы мен санаты, сондай-ақ жерді пайдалануда қойылатын шектеулер көрсетілуге тиіс. Жер пайдалану немесе шектеулі нысаналы пайдалану құқығымен бұрын берілген жер учаскелерін резервте қалдыру кезінде жер пайдаланушылар мен сервитут иелері көрсетіледі.
5. Осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген жергілікті атқарушы органдар жерді резервте қалдыру туралы шешім қабылданған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде учаскелері резервте қалдырылған жердің құрамына енгізілген жер пайдаланушылар мен сервитут иелерін хабардар етуге, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жариялау арқылы жерді резервте қалдыру туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз етуге міндетті.
6. Жерді резервте қалдыру жер учаскелері резервте қалдырылған жердің құрамына енгізілген жер пайдаланушылардың жер пайдалану құқығын тоқтатуға әкеп соқтырмайды.
Резервте қалдырылған жердің құрамындағы жер учаскелері жердің аймақтарға бөлінуіне сәйкес олардың қандай да бір санатқа тиесілігіне және рұқсатпен пайдаланылуына қарай, уақытша объектілерді орналастыру үшін немесе құрылыс салумен байланысты емес мақсаттар үшін резервте қалдыру мерзімінен аспайтын мерзімге уақытша жер пайдалануға берілуі мүмкін.
50-бап. Жер учаскелерiн беру нормалары
1. Азаматтар мен заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығынан басқа мақсаттар үшiн берiлетiн жер учаскелерiнiң мөлшерi қызметтiң осы түрлерiне жер бөлiп берудiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекітілген нормалар бойынша не сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес айқындалады.
2. Осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағына сәйкес сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатуға ұсынылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізілгендерді қоспағанда, жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке мынадай мөлшерде тегін беріледі:
1) ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар;
2) жеке тұрғын үй құрылысы үшiн - 0,10 гектар;
3) бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн - 0,12 гектар.
Осы Кодекстің 94-бабының 4-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерін аталған мақсаттар үшiн қайталап тегiн беруге жол берiлмейдi.
Өзiндiк қосалқы шаруашылықты (үй маңындағы телiм) жүргiзу және жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерін жеке меншікке тегін беру жер учаскелері игерілгеннен кейін жүргізіледі. Жер учаскелерін көрсетілген мақсаттар үшін игеру кезеңіне беру осы Кодекстің 92-бабына сәйкес мұндай жер учаскелерін игерудің талаптары мен мерзімдері белгілене отырып, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығында жүргізіледі.
Ауылдық елдi мекендердiң аумағында бос жер болған жағдайда жеке тұрғын үй құрылысы үшiн және өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн жер учаскелерi осы аталған мақсаттар үшiн көзделген жер учаскелерiнiң нормалары шегiнде бiртұтас алап болып берiледi.
3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жеке меншiкте болуы мүмкiн жер учаскелерiнiң шектi (ең жоғары) мөлшерi жергiлiктi жағдайлар мен ерекшелiктерге қарай облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өкілді және атқарушы органдарының бiрлескен шешiмдерiмен белгiленедi.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өкілді және атқарушы органдарының бiрлескен ұсынысы негiзiнде ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерiнiң бiр әкiмшiлiк ауданның (қаланың) аумағындағы шектi (ең жоғары) мөлшерiн белгiлейдi, олар:
жеке меншiк құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн, Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасында және оған аффилиирленген тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн;
уақытша жер пайдалану құқығымен шетелдiктерде, азаматтығы жоқ адамдарда және шетелдiк заңды тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн.
5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ұтымды пайдалану мақсатында облыстық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшері белгіленеді.
51-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн жер учаскелерi
1. Жер учаскесi бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн. Өзiнiң нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыстық және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбай бөлiктерге бөлуге болатын, бөлiнгеннен кейiн әрқайсысы дербес жер учаскесiн құрайтын жер учаскесi бөлiнетiн жер учаскесi болады, бұлай болмаған жағдайда ол бөлiнбейтiн болып табылады.
2. Жер учаскесiнiң бөлiнбейтiндiгi сәйкестендіру құжатында көрсетiледi.
3. Жер учаскесінің бөлінетін бөлігімен мәмілелер жасаған кезде, бұл бөлік белгіленген тәртіппен алдын ала дербес жер учаскесі болып бөлініп шығарылуға тиіс. Қалған жағдайларда мәміле нысанасы оны шартта сипаттау немесе жер учаскесінің бөлігіне белгіленетін құқықтың қолданылу аясын (жалдау, өтеусіз пайдалану, сервитут және басқалары) сәйкестендіру құжатына енгізу арқылы айқындалуы мүмкін.
52-бап. Жер учаскесiне құқық және онда орналасқан үйге (құрылысқа, ғимаратқа) құқық
1. Үйге (ғимаратқа) меншік құқығы осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, аталған үйлер (ғимараттар) орналасқан жер учаскесіне заңнамада белгіленген тәртіппен меншік құқығын білдіреді. Мемлекеттік заңды тұлғалардың үйге (ғимаратқа) шаруашылық жүргізу құқығы немесе оралымды басқару құқығы көрсетілген объектілердің жер учаскесіне белгіленген тәртіппен тұрақты жер пайдалану құқығын білдіреді.
Көрсетілген құқықтар бір-бірінен ажыратылмайды.
2. Үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) және басқа да жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оларды оралымды басқару құқығы ауысқан жағдайда сатып алушыға меншiк құқығы ауысады, ал осы Кодексте белгiленген жағдайларда бүкiл жер учаскесiне не үй (құрылыс, ғимарат) иелiктен шығарылған кезде дербес жер учаскесi болып бөлiнген оның белгiлi бiр бөлiгiне тұрақты немесе уақытша ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығы, немесе егер жер учаскесi бөлiнбесе немесе бөлiнбейтiндiгiне байланысты бөлiнуге жатпайтын болса, жер учаскесiне ортақ меншiк құқығындағы немесе ортақ жер пайдалану құқығындағы үлесi ауысады.
Жер учаскесiн бөлген кезде үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң бөлiнетiн бөлiгi, яғни үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi бөлiгi бөлiп берiледi. Тараптардың келісімi бойынша үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң үйдi (құрылысты, ғимаратты) пайдалану және күтiп-ұстау үшiн қажет болатын бөлiгiнен үлкен бөлiгi берiлуi мүмкiн.
Егер аталған учаске бөлiнбейтiн болса не онда орналасқан, иелiктен шығару нысанасы болып табылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) күтiп-ұстауға әдейi арналған болса, ол жылжымайтын мүлiктi сатып алушыға толығымен ауысады.
3. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне меншiк құқығын не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға - аталған жылжымайтын мүлiктi тиiстi иелiктен шығармайынша, сол сияқты аталған жылжымайтын мүлiк орналасқан жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.
4. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) уақытша пайдалануға беруi аталған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiнiң нақ сондай мерзiмге уақытша жер пайдалануға берiлуiне ұласады.
Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiн басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беруге аталған жылжымайтын мүлiк тиiсiнше уақытша пайдалануға бермейiнше жол берiлмейдi.
5. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын басқа тұлғаларға иелiктен айырып беруге құқылы болмаған жағдайда, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, оның сол учаскеде орналасқан үйлердi (құрылысты, ғимаратты) иелiктен айыруға құқығы жоқ.
6. Уақытша жер пайдаланушы жер учаскесi меншiк иесiнiң рұқсатымен және тиiстi қызметтердiң келісімдерi болған жағдайда жер учаскесiне тұрғызылған үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) осы Кодекстiң 64-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында белгiленген тәртiппен меншiк құқығын алған реттерде шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн жер учаскесi қайтарылуға тиiс. Бөтен жер учаскесiне тұрғызылған үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) меншiк иесi құқығын iске асырудың өзге де тәртібі тараптардың келісімiмен белгiленуi мүмкiн.
53-бап. Жер учаскесiне ортақ меншiк немесе ортақ жер пайдалану
1. Екi немесе бiрнеше тұлғаның меншiгіндегі жер учаскесi оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Жер учаскесiне ортақ меншiк Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген реттерде учаске бөлiнбейтiн жағдайда (осы Кодекстiң 51-бабы), сондай-ақ меншiк иелерi өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн бiр учаскеге ерiктi түрде бiрiктiрген кезде туындайды.
3. Жер учаскесi әрбiр меншiк иесiнiң үлесi анықталған (үлестiк меншiк) немесе үлестерi анықталмаған (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн.
4. Ортақ жер пайдалану құқығы осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында көзделген негiздерде туындайды.
5. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақ үлестiк жер пайдаланудағы жер үлестерi жерге қатысты құқықтар мен мiндеттердiң дербес объектiсi болып табылады.
6. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртібі ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылар арасындағы шартпен белгiленедi. Олардың арасында келісімге қол жеткiзiлмеген жағдайда пайдалану тәртібін сот айқындайды. Жер учаскесiн пайдалану тәртібі туралы қатысушылардың келісімi немесе соттың шешiмi жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органда тiркелуге тиiс.
54-бап. Ортақ меншiктегi немесе ортақ жер пайдаланудағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн пайдалану тәртібі
1. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн пайдалану тәртібін үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдайды. Yлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың алдағы жиналысы туралы хабарлама оның өткiзiлетiн күнiнен бiр айдан кешiктiрiлмей жазбаша түрде қолхат алу арқылы жүргiзiледi.
2. Тиiсiнше хабарланған жағдайда үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде 50%-i қатысқан кезде жиналыстың құқықтық күшi бар деп саналады. Шешiм үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жиналысына қатысып отырғандардың жай көпшiлiк даусымен қабылданып, хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысып отырғандарының барлығы қол қояды.
55-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер үлестерiмен жасалатын мәмiлелер
1. Ортақ үлестiк меншiк құқығындағы үлестi иелiктен шығаруға бағытталған мәмiлелер жасасу кезiнде жер учаскесiн жер үлестерi есебiне бөлiп шығару талап етiлмейдi.
2. Жер үлесiн сатушы өз үлесiн бөгде тұлғаға сатқысы келетiнi туралы ниетiн үлестiк меншiктiң қалған қатысушыларын, оның сатылу бағасын және басқа да жағдайларын көрсете отырып, жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
Егер үлестiк меншiктiң қалған қатысушылары жазбаша хабарламадан кейiнгi бiр ай iшiнде сатылатын үлестi сатып алудан бас тартса немесе сатып алмаса, сатушы өз үлесiн кез келген тұлғаға сатуға құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |