Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі


-бап. Монополияға қарсы органның нұсқамаларын қайта қарау



бет21/29
Дата14.06.2016
өлшемі1.9 Mb.
#135950
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   29

328-бап. Монополияға қарсы органның нұсқамаларын қайта қарау

1. Монополияға қарсы орган нұсқаманы (өзінің немесе аумақтық органының нұсқамасын) өз бастамасы бойынша не мүдделі тұлғаның өтініші бойынша:

1) елеулі мән-жайлар монополияға қарсы органға белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін болмаған, мұның өзі заңсыз немесе негізсіз нұсқама шығаруға әкеп соққан;

2) нұсқама дәйексіз ақпараттың негізінде шығарылып, мұның өзі заңсыз немесе негізсіз нұсқама шығаруға әкеп соққан;

3) нұсқама Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары бұзыла отырып шығарылған;

4) нұсқамада жіберілген жаңылыс тұстар мен анық арифметикалық қателер түзетілген жағдайларда қайта қарай алады.

Монополияға қарсы орган өз нұсқамасының орындалуын оны қайта қарау аяқталғанға дейін тоқтата тұра алады, бұл туралы іске қатысушы тұлғаларға жазбаша хабарланады.

2. Қайта қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган:

1) нұсқаманы өзгеріссіз қалдыруы;

2) нұсқаманы өзгертуі;

3) нұсқаманың күшін жоюы;

4) жаңа нұсқама шығаруы мүмкін.

3. Монополияға қарсы орган мүдделі тұлғаның өтініші бойынша нұсқаманы қайта қараған кезде өтініш (шағым) берген тұлғаның немесе мүддесіне орай өтініш (шағым) берілген тұлғаның жағдайын нашарлатуға құқылы емес.
329- бап. Монополияға қарсы органның аумақтық органдарының

нұсқамаларын тексеру

Монополияға қарсы органның аумақтық органдары қабылдаған нұсқамалар нарық субъектілерінің өтініштері бойынша немесе жоғары тұрған монополияға қарсы органның бастамасы бойынша тексерілуі мүмкін.


330-бап. Монополияға қарсы органның нұсқамаларына шағым жасау

1. Монополияға қарсы органның нұсқамаларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.

2. Аумақтық органдардың нұсқамаларына монополияға қарсы органға шағым жасау үшін:

1) іс үшін маңызы бар мән-жайлардың толық анықталмауы;

2) іс үшін маңызы бар және анықталған деп танылған мән-жайлардың дәлелденбеуі;

3) шешімде жазылған тұжырымдардың істің мән-жайларына сәйкес келмеуі;

4) Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзу немесе дұрыс қолданбау негіз болып табылады.

3. Нарық субъектісі монополияға қарсы органның аумақтық органының нұсқамасы өзіне тапсырылған күннен бастап үш ай ішінде оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен монополияға қарсы органға не сотқа шағым жасай алады.


331-бап. Үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланған жағдайларда мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару

1. Егер үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі осы Кодекстің 276, 277 және 279-баптарында көзделген бұзушылықтар үшін күнтізбелік бір жыл ішінде екі рет әкімшілік жауапқа тартылса және бәсекелестікті шектейтін іс-әрекеттер жасауды жалғастырса, монополияға қарсы орган бәсекелестікті дамыту мақсатында осы нарық субъектісін мәжбүрлеп бөлу немесе оның құрамынан құрылымдық бөлімшелері базасында бір немесе бірнеше заңды тұлғаларды бөліп шығару туралы талап қойып сотқа жүгінуге құқылы.

2. Сот, егер жиынтығында:

1) құрылымдық бөлімшелердің технологиялық негізделген өзара байланысы болмаса;

2) тиісті тауар нарығында қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған заңды тұлғалардың дербес қызметі мүмкіндігінің болу талаптары орындалса, бәсекелестікті дамыту мақсатында мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару туралы шешім қабылдайды.

3. Соттың мәжбүрлеп бөлу немесе бөліп шығару туралы шешімі меншік иесінің немесе оның уәкілетті органының аталған шешімде көзделген талаптарды ескере отырып және аталған шешімде айқындалған, бірақ алты айдан аспайтын мерзімде орындауына жатады.


6- БӨЛІМ. ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

24-ТАРАУ Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы жалпы ережелер
332-бап.Жеке кәсіпкерлікті ақпараттық қамтамасыз ету

Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар таратылуына шектеу қойылмаған ақпараттар мен материалдарды тегін негізде тарату үшін интернет-ресурс құруға және оларды үздіксіз жұмыс істетуге оның ішінде, осы Кодекстің 5-бабында көзделген жарнамамен оларды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты осы ақпаратты жаңартуға міндетті.


333-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдау

1.Мемлекеттiк қаржылық қолдауға жататын жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметi жүзеге асырылатын экономика саласын (салаларын) қаржылық қолдау тәртiбiн, нысанын, мемлекеттiк қаржылық қолдау көрсету үшiн тартылатын заңды тұлғаны (тұлғаларды), қаржылық қолдау мөлшерi мен мемлекеттiк қаржылық қолдау көрсету үшiн қажеттi басқа да талаптарды Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн қаржылық қолдау:

1) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) кепiлдiк берiлген көлемiн сатып алу;

2) екiншi деңгейдегi банктер арқылы кредит берудi ұйымдастыру;

3) экономика салаларында әлеуметтiк маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және iске асыру үшiн мемлекеттiк гранттар беру;

5) бюджет қаражаты есебiнен қарыздар беру;

6) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне қаржы институттары беретiн кредиттер, лизингтiк мәмiлелер бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау;

7) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң кредиттерiне iшiнара кепiлдiк беру;

8) лизинг жолымен жүзеге асырылады

2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бастамаларын мемлекет тарапынан қаржылық қолдауды, оның iшiнде негiзгi қызметiнiң мақсаты қаржылық ресурстарға қол жеткiзудi қамтамасыз ету болып табылатын, акцияларының бақылау пакетi ұлттық басқарушы холдингке тиесiлi арнайы қор жүзеге асырады.

Арнайы қордың негiзгi мiндеттерi:

1) микроқаржы ұйымдарының қызметiн дамыту;

2) кәсiпкерлiк субъектiлерi екiншi деңгейдегi банктерден және өзге де заңды тұлғалардан кредиттер алған кезде оларға кепiлдiк беру жүйесiн жасау;

3) қаржы лизингiн дамыту;

4) кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқыту және консалтингтеу;

5) кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн сапа менеджментi жүйесiн енгiзу жөнiндегi операцияларды қоса қаржыландырудың гранттық жүйесiн дамыту;

6) кәсiпкерлiк субъектiлерiне ақпараттық-талдамалық қолдау көрсету;

7) қаражатты екiншi деңгейдегi банктерде және өзге де заңды тұлғаларда негiзделген түрде орналастыру жолымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында, арнаулы қордың iшкi нормативтiк құжаттарында тiкелей көзделген өзге де тәсiлдермен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн қаржыландыру;

8) кәсiпкерлiк субъектiлерiне қаржылық институттар беретiн кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау;

9) арнайы қордың жарғысына сәйкес басқа да мiндеттер болып табылады.

Арнайы қордың мiндеттерiн iске асырудың тәртiбi мен шарттарын ұлттық басқарушы холдинг айқындайды.


334-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мүліктік қолдау

Мемлекеттiк органдар жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне жер учаскелерiн, ғимараттарды, үй-жайларды сатады, не жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өзгертедi, не Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес сатып алу-сату шартына не рұқсатқа қажеттi инфрақұрылымға қосудың техникалық шарттарын мiндеттi түрде қоса отырып, тұрғын үйдi тұрғын емес үй-жай етiп қайта жабдықтауға рұқсат бередi. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн одан әрi инфрақұрылымға қосу сатып алу-сату шартына не рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылады.


25-тарау. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау
335-бап. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдаудың түрлері

Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау осы Кодекстің 133-бабының 1), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген мынадай түрлер бойынша:

шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мемлекеттiк қаржылық, материалдық-техникалық және ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ ғылыми-техникалық әзiрлемелер мен технологияларды пайдалануы үшiн жағдайлар жасауды;

шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк тiркеудiң және таратудың оңайлатылған тәртiбiн белгiлеудi;

оңтайлы салық салу режимiн белгiлеудi;

шағын кәсiпкерлiкке кредит берудiң бағдарламаларын қабылдауды;

шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту үшiн инвестицияларды, оның iшiнде шетелдiк инвестицияларды тарту мен пайдалану жүйесiн жасауды;

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды (жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi) сатып алудың кепiлдендiрiлген көлемiн қамтамасыз етудi;

жұмыс iстеп тұрған оқу және зерттеу орталықтарын, консалтингтiк ұйымдар мен шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың ақпараттық жүйелерiн дамыту және жаңаларын құру жолымен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыруды;

ұлттық даму институттарын құруды қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген бағыттар бойынша жүзеге асырылады.


336-бап. шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн қаржылық қолдау

Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн қаржылық қолдау:

1) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) кепiлдiк берiлген көлемiн сатып алу;

2) екiншi деңгейдегi банктер арқылы кредит берудi ұйымдастыру;

3) экономика салаларында әлеуметтiк маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және iске асыру үшiн мемлекеттiк гранттар беру;

5) бюджет қаражаты есебiнен қарыздар беру;

6) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне қаржы институттары беретiн кредиттер, лизингтiк мәмiлелер бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау;

7) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң кредиттерiне iшiнара кепiлдiк беру;

8) лизинг жолымен жүзеге асырылады.
337-бап. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтары

1. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтары - оқытуды, ақпараттық қамтамасыз етудi, консультациялық және маркетингтiк қызметтер көрсетудi, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң жобаларына құқықтық, экономикалық және технологиялық сараптама жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар.

2. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтары халықты жеке кәсiпкерлiкке тарту, жаңа шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн құру мақсатында құрылады.

Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарының мiндеттерi:

1) кәсiпкерлiк ахуалды, отандық және халықаралық нарықтарды, экономиканың салалары мен секторларын талдау;

2) маркетинг және менеджмент саласында қызметтер кешенiн көрсету;

3) инвестициялық және бизнес-жобаларды әзiрлеу жөнiндегi қызметтердi, консультациялық және басқа да қызметтер көрсету;

4) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң инновациялық белсендiлiгiн арттыруға жәрдемдесу;

5) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң кәсiби өсуiне жәрдемдесу;

6) ақпараттық және сараптамалық ресурстарға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету;

7) семинарлар, тренингтер өткiзу;

8) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң деректер базасын қалыптастыру;

9) шағын кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi ақпаратты және оны дамытудың проблемалық мәселелерiн талдау мен қорыту болып табылады.
338-бап. Бизнес-инкубаторлар

1. Бизнес-инкубатор - шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалыптасуы кезеңiнде өндiрiстiк үй-жайлар, жабдық беру, ұйымдық, құқықтық, қаржылық, консалтингiлiк және ақпараттық қызметтер көрсету жолымен оларды қолдау үшiн құрылатын заңды тұлға.

2. Бизнес-инкубаторлар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалыптасуына және дамуына жәрдем көрсету үшiн құрылады.

Бизнес-инкубатордың мiндеттерi:

1) бизнес-инкубаторға орналастыру үшiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн iрiктеу;

2) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiлiм беру, маркетингтiк, консалтингтiк және басқа да ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтер көрсету болып табылады.


339-бап. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн мүліктік қолдау

1. Сауда-делдалдық қызметтi қоспағанда, өндiрiстiк қызметтi және қызмет көрсету саласын ұйымдастыру үшiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiр жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттiк меншiк объектiлерi сенiмгерлiкпен басқаруға немесе жалға берiлуi мүмкiн.

Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң жалға алу немесе сенiмгерлiкпен басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды республикалық және коммуналдық меншiкке иелiк етуге уәкiлеттi тиiстi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
340-бап. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау

1. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау олардың бәсекеге қабiлеттi тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) шығаруға мүмкiндiк беретiн кәсiби деңгейiн арттыру мақсатында жүзеге асырылады.

2. Шағын кәсiпкерлiктi оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау:

жеке кәсiпкерлiктi жүргiзу мәселелерi бойынша оқу семинар-тренингтер және ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру;

жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыру практикасы, жаңа технологиялар нарығы туралы әдiстемелiк құралдар, ақпараттық бюллетеньдер тарату;

өңiрлерде ақпараттық, консалтингтiк орталықтар желiсiн құру;

өңiрлерде шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқытуды ұйымдастыру үшiн менеджерлер даярлау жолымен жүзеге асырылады.

3. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.


26-тарау. Агроөнеркәсiптiк кешендi мемлекеттiк қолдау
341-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi дамытуды мемлекеттiк қолдау

1. Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу:

1) агроөнеркәсiптiк кешен мен ауылдық аумақтар саласында кредит берудi дамыту;

2) агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау;

3) ауылшаруашылық өнiмiн кепiлдендiрiлген сатып алу бағасы бойынша сатып алу;

4) агроөнеркәсiптiк кешендi техникалық жарақтандыру;

5) агроөнеркәсiптiк кешендi ақпараттық-маркетингтiк қамтамасыз ету;

6) агроөнеркәсiптiк кешендi ғылыми, нормативтiк-әдiстемелiк қамтамасыз ету және ол үшiн кадрлар даярлау;

7) ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымының дамуын инвестициялауды жүзеге асыру;

8) негiзгi өндiрiстiк құралдарды – ауыл шаруашылығы техникасының паркiн, жабдықтарды, мал басын жаңартуға арналған жағдайларды қолдайтын қаржылық құралдарды қолдану;

9) ауыл шаруашылығына инвестицияларды тарту үшiн қажеттi жағдайлар жасау;

10) өнiм экспортын қолдау;

11) салалық ғылымды дамыту және агротехнологиялық бiлiмдi тарату;

12) мемлекеттік қолдаудың өзге нысандарын беру.

2. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау республикалық және өңiрлiк деңгейлерде жүргiзiледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.

3. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлiкке мемлекеттiк қолдау көрсетудiң мерзiмi, көлемi мен шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.


342-бап. Агроөнеркәсiптiк кешен мен және селолық аумақтар саласында кредит беру

1. Агроөнеркәсiптiк кешен мен және селолық аумақтар саласында кредит беру Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит беру арқылы не мамандандырылған ұйымдардың жарғылық капиталын арттыру арқылы жүзеге асырылады.

2. Агроөнеркәсiптiк кешен мен селолық аумақтар саласында кредит беру «Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ережелерді есепке ала отырып, мынадай:

1) ауылшаруашылық өндірісінің инфрақұрылымын құру және дамыту;

2) ауыл шаруашылық техникасы мен технологиялық жабдықтарының, балық шаруашылығына арналған жабдықтардың және аулау құралдарының лизингі;

3) Агроөнеркәсiптiк кешенге кредит беруді жүзеге асыратын кредит беру серіктестігін ұйымдастыру және кредит беру;

4) селолық жерлердегi кәсiпкерлiк қызметтiң ауыл шаруашылығына жатпайтын түрлерiне кредит беру;

5) aуыл шаруашылығы өнiмiн сатып aлу, өндiру, қайта өңдеу және өткiзу;

6) жасанды түрде балық өсiру және балық өнiмiн өңдеу;

7) село халқына микрокредит берудi ұйымдастыру бағыттары бойынша жүргiзiледi.


343-бап. Шаруа немесе фермер қожалықтарын мемлекеттiк қолдау

1. Мемлекет отандық шаруа немесе фермер қожалықтарын дамытуға және қорғауға жәрдемдеседі.

2. Қызметкерлерiнiң жылдық орташа саны 50 адамнан аспайтын және орта есеппен алғанда жыл iшiндегi активтерiнiң жалпы құны алпыс мың мәрте есептiк көрсеткiштен аспайтын шаруа немесе фермер қожалығы:

1) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетiн нарықтар туралы заңнамасын қолдана отырып, электр энергиясымен, жылумен, сумен жабдықтау жөнiнде қосылатын қуаттар үшiн ақы төлеуден Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiп пен жағдайда босатылады;

2) мемлекет қатысатын екiншi деңгейдегi банктерде ақы алынбай шот ашады;

3) бухгалтерлiк есептiлiктi жеке кәсiпкерлер ретiнде оңайлатылған тәртiппен бередi;

4) шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мемлекеттiк мұқтаждар үшiн тапсырыстар орналастыру кезiнде басым құқықты пайдаланады;

5) шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қаржылық қолдау шеңберiнде тиiстi жылға арналған мемлекеттiк бюджетте белгiленген шекте жеңiлдiктi жағдайларда ақпараттық қызмет (қаражат), сондай-ақ ғылыми-техникалық талдамалар мен технологиялар;

6) шағын кәсiпкерлiктi қолдау үшiн көзделген қаражат есебiнен кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру iсiн жүргiзедi.

3. Шаруа немесе фермер қожалықтары жекелеген салық түрлерiн есептеу мен төлеудiң Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес оңайлатылған не жалпы белгiленген тәртiбiн қолдануға құқылы.

4. Ауыл шаруашылық өндiрiсiне инвестицияларды жүзеге асыратын және арнаулы салық режимiн пайдаланбайтын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына осы Кодексте көзделген тәртiппен және жағдайларда инвестициялық преференциялар берiлуi мүмкiн.
27-тарау. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау
1-параграф. Индустриялық-инновациялық қызмет
344-бап. Индустриялық-инновациялық қызмет түсінігі мен мәні

1 .Экономикалық тиiмдiлiктi арттыру мақсатында, экологиялық қауiпсiздiктi ескере отырып, жаңа немесе жетiлдiрiлген өндiрiстер, технологиялар, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер, техникалық, өндiрiстiк, әкiмшiлiк, коммерциялық сипаттағы ұйымдастырушылық шешiмдер, сондай-ақ өзге де қоғамдық пайдасы бар нәтиже түрiнде iс жүзiне асырылған жеке және (немесе) заңды тұлғалар қызметiнiң нәтижесi инновация деп танылады.

Индустриялық-инновациялық жоба дегеніміз технологиялар трансфертiне, жаңа немесе жетiлдiрiлген өндiрiстер, технологиялар, тауарлар, жұмыстар және қызметтер жасауға бағытталған, белгiлi бiр уақыт мерзiмi iшiнде iске асырылатын iс-шаралар кешенi.

2. Индустриялық-инновациялық қызмет – еңбек өнiмдiлiгiн арттыру және экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында, экологиялық қауiпсiздiк қамтамасыз етiлуiн ескере отырып, индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыруға не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi iшкi және (немесе) сыртқы нарықтарға жылжытуға байланысты кәсіпкерлік субъектілердің қызметі.

Бұл ретте экономиканың басым секторлары деп – мемлекеттiң экономикалық даму серпiнi мен сапасына әсер етуге қабiлеттi ұлттық экономиканың секторлары түсініледі.
345-бап. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері

Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi iшкi және (немесе) сыртқы нарықтарға жылжыту жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер және (немесе) коммерциялық заңды тұлға болып табылады.


346-бап. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың мақсаты, міндеттері және қағидаттары

1. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың мақсаты Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыру негiзiнде ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру болып табылады.

2. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың мiндеттерi:

1) экономиканың басым секторларын дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау;

2) бәсекеге қабiлеттi жаңа өндiрiстердi дамыту үшiн жағдайларды қамтамасыз ету;

3) еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, сондай-ақ өндiрiстiк тiзбектi ұзарту және нарықты кеңейту мақсатында жұмыс iстеп тұрған өндiрiстердi жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру) үшiн қолайлы жағдайлар жасау;

4) инновацияларды тиiмдi енгiзудi және жоғары технологиялық өндiрiстердi дамытуды қолдау;

5) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң инвестициялық тартымдылығын және экспорттық әлеуетiн арттыру;

6) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне технологияларды коммерцияландыруда жәрдем көрсету;

7) индустриялық-инновациялық субъектiлерге экспорттық әлеуетiн дамытуда жәрдем көрсету;

8) экономиканың басым секторларында ғылыми-зерттеу базасын дамыту және оны өндiрiстiк процеспен ықпалдастыру;

9) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықта, оның iшiнде индустриялық-инновациялық қызмет үшiн жоғары бiлiктi кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықта жәрдем көрсету болып табылады.

3. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметiн мемлекеттiк қолдау:

1) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне осы Кодекске сәйкес мемлекеттiк қолдау алуға тең қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету;

2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне мемлекеттiк қолдаудың ұсынылатын шараларының жариялылығы, атаулылығы мен транспаренттiлiгi;

3) мемлекет және индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi мүдделерiнiң теңгерiмдiлiгiн қамтамасыз ету;

4) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi индустриялық-инновациялық жобаларының жеке ерекшелiктерiн ескере отырып, оларды табысты iске асыру мақсатында мемлекеттiк қолдау шараларын оңтайландыру;

5) мемлекеттiң және индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң тұрақты өзара iс-қимылын қамтамасыз ететiн кешендiлiк және жүйелiлiк;

6) Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiне сәйкестiгi қағидаттарына негiзделедi.
2-параграф. Қазақстан Республикасының индустриялық-

инновациялық жүйесі
347-бап. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық жүйесi

Қазақстан Республикасында экономиканың басым секторларын дамытуды және индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауды ынталандыру мақсатында индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауды жүзеге асыратын субъектiлерден, инфрақұрылымнан және құралдардан тұратын индустриялық-инновациялық жүйе құрылады.


348-бап. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық жүйенiң субъектiлерi

1. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық жүйенiң субъектiлерiне ұлттық, оның iшiнде өңiрлiк даму институттары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау шараларын iске асыруға уәкiлеттi, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы тiкелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесiлi өзге де заңды тұлғалар жатады.

2. Индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институты:

1) экономиканың басым секторларын дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетедi;

3) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға басым тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бiрыңғай картасын әзiрлеу мен оны өзектi ету бойынша қызметтер көрсетедi;

4) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустрияландыру картасының экономикалық тиiмдiлiгiн талдау бойынша қызметтер көрсетедi.

3. Технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институты:

1) технологиялық болжау процесiне қатысады;

2) инновацияларды дамыту саласындағы ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетедi;

3) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң жарғылық капиталдарына қатысу, шетелдiң қатысуымен заңды тұлғалар құру, инвестициялық қорлар құру немесе оларға қатысу жолымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсiлдермен индустриялық-инновациялық жобаларға инвестициялар тартуды жүзеге асырады;

4) технопарктердi, технологияларды коммерцияландыру орталықтарын, салалық конструкторлық бюроларды, технологиялар трансфертiнiң халықаралық орталықтарын құруға, басқаруға және үйлестiруге қатысады;

5) экономиканың басым секторларын технологиялық дамытуды ынталандыру үшiн ақпараттық ресурстарды, бiлiм беру және қаржы ресурстарын тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды;

6) iске асырылатын индустриялық-инновациялық жобалар, енгiзiлген технологиялар туралы, технологиялық болжау бойынша жүргiзiлген талдамалық зерттеу нәтижелерi туралы ақпаратқа қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi;

7) технологиялық бизнес-инкубациялау, технологияларды коммерцияландыру және технологиялар трансфертi, индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң кадрлық, басқарушылық және өндiрiстiк әлеуетiн күшейту бойынша мемлекеттiк қолдау тетiктерiн iске асыруға қатысады;

8) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға сараптамалық қорытындыларды және (немесе) ұсынымдарды бередi;

9) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға инновациялық гранттар беру жөнiнде қызметтер көрсетедi;

10) технологиялық даму саласында ақпарат жинауды және индустриялық-инновациялық жүйенiң тиiмдiлiгiн талдауды жүзеге асырады;

11) тәуекелдiк инвестициялаудың инвестициялық қорларын дамытуға жәрдемдеседi.

4. Жергiлiктi қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институты:

1) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды берушiлердiң дерекқорын қалыптастырады және жүргiзедi;

2) жергiлiктi қамтуды дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетедi;

3) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға iшкi нарықта тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi отандық берушiлердi мемлекеттiк қолдау шараларының iске асырылуы тиiмдiлiгiн талдау бойынша қызметтер көрсетедi;

4) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң тауарларын, жұмыстары мен көрсетiлетiн қызметтерiн iшкi нарықта жылжыту жөнiндегi шығыстарының бiр бөлiгiн өтеу бойынша қызметтер көрсетедi;

5) жергiлiктi қамту бойынша сараптаманы жүзеге асырады.

5. Инвестициялар тарту саласындағы ұлттық даму институты:

1) Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша талдамалық зерттеулер жүргiзедi;

2) шетелдiк инвесторлардың қызметiн ақпараттық сүйемелдеудi қамтамасыз етедi, оның iшiнде инвесторлардың мемлекеттiк органдармен, индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiмен, сондай-ақ жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiмен кездесулерiн ұйымдастырады, инвестиция тақырыбы бойынша бизнес-форумдар, конференциялар мен семинарлар өткiзедi, шетелдiк инвесторлардың дерекқорын қалыптастырады және жүргiзедi;

3) Қазақстан Республикасының қолайлы инвестициялық имиджiн жылжытады, оның iшiнде инвестициялық мүмкiндiктер туралы ақпарат ұсынады;

4) шетелдiк инвесторлармен келiссөздердiң қорытындылары бойынша қол жеткiзiлген ресми уағдаластықтардың iске асырылу мониторингiн жүргiзедi;

5) шетелдiк инвесторлардың қатысуымен iске асырылатын индустриялық-инновациялық жобалардың мониторингiн жүргiзедi.

6. Экспортты дамыту және жылжыту саласындағы ұлттық даму институты:

1) сыртқы нарықтарға талдау жүргiзедi;

2) отандық өңделген тауарларды, көрсетiлетiн қызметтердi сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша жәрдемдеседi;

3) отандық экспорттаушыларға олардың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, әлеуеттi экспорттық нарықтарды iздестiру және олардың тауарларын, көрсетiлетiн қызметтерiн сыртқы нарықтарға жылжыту мәселелерi бойынша ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсетедi;

4) отандық өңделген тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердiң экспортын жылжыту бойынша iс-шаралар жүргiзедi;

5) экспортты жылжыту мәселелерi бойынша отандық, шетелдiк және халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;

6) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң отандық өңделген тауарларды, көрсетiлетiн қызметтердi сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша шығындарының бiр бөлiгiн өтеу жөнiнде қызметтер көрсетедi;

7) экспортты жылжыту мақсатында шетелдiк өкiлдiктер құрады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет