Қазақстан Республикасының Конституциясы



бет6/12
Дата13.06.2016
өлшемі287 Kb.
#134126
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

46-бап


1. Қазақстан Республикасының Президентiне, оның абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды.
2. Республика Президентi мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелерi Республиканың экс-Президенттерiне қолданылады.
4. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және айқындалады.
Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N Заңымен.

47-бап


1. Қазақстан Республикасының Президентi науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиiстi салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негiзiнде әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiгiмен қабылданады.
2. Республиканың Президентi өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiндегi iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап бередi және бұл үшiн Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн. Айып тағу және оны тексеру туралы шешiм Мәжiлiс депутаттарының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшiлiгiмен қабылдануы мүмкiн. Тағылған айыпты тексерудi Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелерi Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына берiледi. Бұл мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм айып тағудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңестiң қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екi ай iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдамау Республика Президентiне қарсы тағылған айыптың күшi жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентiне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңiнде де осы мәселенiң қаралуына себепшi болған Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.
3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Республика Парламентiнiң немесе Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезде қозғалмайды.
Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N Заңымен.

48-бап


1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына көшедi; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасына көшедi; Мәжiлiс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министрiне көшедi. Өзiне Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған тұлға тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының немесе Премьер-Министрдiң өкiлеттiгiн тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттiк лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздерде және тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ.
Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.10.07 N 284.

IV бөлім
ПАРЛАМЕНТ

49-бап


1. Парламент - Қазақстан Республикасының заң шығару қызметiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.
2. Парламенттiң өкiлеттiгi оның бiрiншi сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттiң бiрiншi сессиясы жұмысқа кiрiскен кезден аяқталады.
3. Парламенттiң өкiлеттiгi Конституцияда көзделген реттер мен тәртiп бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
4. Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы белгiленедi.
Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284, 49-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.07.14 N 13/2.

50-бап


1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.
2. Сенат белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды.
3. Мәжіліс белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады.
4. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
5. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.
Ескерту. 50-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284, 50-баптың 5-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.15, 1999.11.29, 2003.02.11, 50-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - 2004.02.12 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N Заңымен.

51-бап


1. Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.
2. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезектi сайлауы бұлардың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанға дейiнгi екi айдан кешiктiрiлмей өткізiледi.
3. Парламент немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
4. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.
5. Республика Парламенті депутаттарын сайлау реттеледі.
6. Парламенттiң депутаты Қазақстан халқына ант бередi.
Ескерту. 51-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284, 51-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.18, 51-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - 1999.11.29, 51-баптың 5-тармағына түсініктеме берілді - 2003.02.11 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N Заңымен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет