1. Қазақ халқының ши тоқу өнері жайлы жалпы мәлімет
Ши - астық тұқымдасына жататын шөптесін өсімдік түрі. Биіктігі 50-220 см, сабағы көп, мықты, тік өседі, түсі қошқыл жасыл, екі жағы да тықыр, тұп жағы көптеген ескі жапырақты шым түзейді. Жапырақтары ұзын, жіңішке (ені 3-2 мм), өте қатты. Сыпыртқысы жіңішке, ұзындығы 15-50 см, масағының ұзындығы 5- 6 мм, ақ не күлгін түсті. Мамыр-шілдеде гүлдеп жеміс салады. Еліміздің көп жерлерінде өседі. Қыста мал шиге жақсы жайылады. Сосын ұзын сабақтарынан ши тоқиды, гүлі мен қысқа сабағынан сыпыртқы жасайды.
Ата-баларымыз осы шиді жүнмен орап, өрнектеп тоқыған. Әртүрлі әдемі өрнектеп тоқыған шилер киіз үйдің ішін бөлмелеп бөлуге ыңғайлы болған. Тоқылған ши әрі арзан, әрі ыңғайлы. Ши көшпелі заманда алып жүруге өте жеңіл. Киіз үйдің ішіне ши жалпы әдемілік ретінде өте үйлесіп-ақ тұрады. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатын елдер оны ерте заманнан бері пайдаланып келеді.
Ши бұйымын жалпы сырт көрінісіне қарай үш түрге бөледі: ақ ши, ораулы ши, шым-ши (шымораулы ши). Қолөнер шеберлері өрнектелген шилерді қанат шилер деп атайды. Қазақ арасында осы ши түрлерінің әрқайсысы орын-орнымен қолданылады. Мысалы, ақ шиді оралмай, құр өзі тоқылатын болғандықтан киіз басуға, өре жаюға, сүзгіге, мал сойғанда еттің астына салуға, үйдің төбесіне жабуға ұстаған. Ал ұзынынан түгел оралған өрнекті шиді шым ши дейді. Оны киіз үйге, ыдыс-аяқ тұратын жерге қоршау етеді. Кейде оны түскиіз орнына да ұстайды. Ұзындығы тұтас емес, әр жерінен аралатып оралған шиді ораулы ши дейді.
Ши тарту, оны аршу, орау, жүн орап тоқу бәріне ортақ жұмыстар. Ши тартуға ауылдың қыз-келіншектері мен жігіттері жиналып, қой сойып, тамақ дайындап, домбыра шертіп, ән айтып ұйымдасқан түрде кіріскен. Қазақтың «ши тарту биі», «ши шымылдық» дейтін ұлттық ойындары содан қалған деседі.
Тоқылатын ши мал аяғы баспаған жерден, жаздың орта шенінде әбден бойлап өскен кезде тартылады. Шиді жаңбырдан кейінгі шық кеппей тарту керек. Мұндай кезде жер жұмсақ, ши суырылғыш келеді. Әзірленген шидің қабығын аршып, бумалап, көлеңкеге кептіреді.
Ши ораудың екі әдісі бар. Біріншісі-тоқулы тұрған даяр шидің өрнегіне сала отырып орау, екіншісі-жаңа өрнек үлгісімен орау. Оралып тоқылған даяр шидің өрнегіне салып орайтын шиді бір-бірлеп өрнек бойынша әр түсті оралған шидің буындарын дәл келтіріп, санап отырып орайды. Шиді орағанда оның түп жағы мен шашақ жағын үнемі кезектестіре салып отыру керек. Әйтпесе шидің бір шеті жұқа, майысқақ болып, екінші шеті тым қалың боп кетеді. Ондай шиді жинау да қиын болады. Шиді тоқуға арналған жіп бірнеше домалаққа төгіледі. Домалақтар салмақты болу үшін жіпті темірге немесе тасқа төгеді. Мөлшері орташа бір қанат шидің өн бойы 9-11 жерден тоқылады. Тоқу ісіне керекті ең негізгі құрылғы - арқалық (сырық). Арқалықты екі басынан жіппен байлап, биіктігі шамамен 1м.20 см келетін ағашқа асып қояды. Арқалықты әр жерден тоқылатын жіп ілінетіндей етіп кертеді. Содан кейін домалақталған жіптерді арқалыққа дәл ортасын келтіріп көлденең іледі. Ілініп тұрған жіптің ортасына әкеліп бірінші шиді салады да, әлгі жіптерді әрлі-берлі айқастырып домалақтарын ауыстырады, яғни арқалықтың ар жағындағы домалақты оң қолымен алып, бергі жағына түсіреді, бер жағындағысын сол қолымен ар жағына түсіреді. Арқау жіптеріміз астыңғысы ұрғашы, үстіңгісі еркек жіп деп аталады. Ұрғашы, еркек жіптерді бір-бірімен байланыстыру арқылы біздің тоқып жатқан шым шиіміз пайда болады. Осы тәртіппен шидің өн бойы тоқылып шығады.
Тоқылатын шидің басталған жағы мен аяқталған жақ шетіне үш шиді қабаттап әуелі өз алдына бір рет жай жіппен сирек орап байланыстырады. Қара жүннен иірілген жіппен ақ шиге оралған осы бір сайластырудың өзі үшбұрыштардың тізбегі сияқты өрнек болып шығады. Мұны ши ораушылар «шыбын қанат» өрнегі дейді. Тоқи бастағанда бір немесе екі қарыстай жерге бірыңғай осыларды салып тоқиды. Сонда тоқылған шидің екі жақ шеті қалыңдап, берік шығады. Ши тоқушылар мұны қарақұс деп атайды. Бұған шидің бауы бекітіледі де, оны басқа бір затпен байланыстыруға мүмкіндік жасайды. Тоқылып болған шидің бас аяғын тегістеп қырқады. Кейбір адамдар қырқылған шидің екі жақ шетін әдемі матамен көмкеріп тігеді.
Халық шаруашылығында шиді орап тоқумен қатар шиді байластырып тұрғын үй, мал қора салу, әр түрлі төсеніштер жасаған. Бұл әрі оңай, әрі арзанға түседі, әрі неше алуан мәнермен өрнектеледі, әрі жасалу жолдары оңай тоқылады.
Шиден жасалатын заттар: алаша ши, ас шиі, аяқ қап, есік, кілем ши, киіз басатын ши, күрке, ши қалпақ, шыны қап т.б.
Ши өңдеп, өрнектеп, шиге түр салу өнерінде қазақ шеберлері көптеп көзге түскен. Қолөнер саласының басқа да түрлері сияқты шым ши тоқытып, үйрететін арнаулы орын бұрынғы кезде болмаған. Тек ұрпақтан - ұрпаққа дәстүр бойынша келіп отырған. Балалар аналарына, әжелеріне көмектесе отырып, олардың жұмысына, өнеріне зейін қоя жүріп, үйреніп алатын болған.
Шиден жасалған заттарды күнделікті сәндік бұйымдар ретінде қолдануға болатынын дәлелдейін. Ондағы мақсатым ши тоқу өнерін қазіргі заман талабына сай өзгертіп, күнделікті тіршілікте қолдану. Сол арқылы ұлттық қолөнерімізді басқа ұлттарға таныстыру. Осы ғылыми жобамен жұмыс кезінде бірнеше ши түрлерін тоқыдық. Бүгінгі күні ауылда әлі де мал шаруашылығымен айналысатын адамдар көп. Олар сиыр сүтінен түрлі ұлттық тағамдар дайындайды. Мысалы: қатық, құрт, ірімшік және т.б. Бұларды кептіру үшін өрені әлі де пайдаланады.
Бірақ та олар өздерінің әжелерінен қалған ескі өрелерді қолданып жүр. Ал олардың көпшілігі сол өрені тоқу жолын білмейді. Солардың ішінде менің өз әжем де бар. Біз тоқыған өремізді әжеме сыйға тарттық.
Әжем қатты қуанды және өзінің құрт жайып жүрген өресінің тозып кеткенін айтты. Сонымен қатар ыстық ыдыс қоятын бұйымды да дүкендерден сатып алып жүргендер көп. Олардың арасында өз анам да болды. Анамның қолынан ши тоқу келсе де, қазіргі заман ағымына қарай сол заттарды дүкеннен сатып алып жүрген. Анам енді оларды сатып алмайтын болды. Біз қолдан тоқыған шымшилерді үйде ыстық ыдыс қоятын бұйым ретінде пайдаланатын болды.
Достарыңызбен бөлісу: |