Гимнастика - дене тәрбиесінің құралы. Гимнастика (грекше gymnazo–жаттықтырамын)-дене тәрбиесінің құралы, сондай-ақ ол адамның денсаулығын нығайту, күш-қуатын, икемділігін, төзімділігін арттырып жетілдіру үшін қолданылатын әдістер мен арнайы іріктеліп алынған дене шынықтыратын жаттығулар жүйесі. Гимнастика адамды дұрыс жүруге, жүгіруге жаттықтырады, мүсіннің дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Гимнастика - жан-жақты дене тәрбиесінің негізгі құралдары мен әдістерінің бірі ретінде анықталатын кең ұғым. Гимнастика - адам организміне жан-жақты әсер етіп, оның негізгі функционалдық процестерін күшейтеді, үйлесімді дамуына көмектеседі, көңіл күйін көтереді. Гимнастикалық жаттығулар жасау арқылы өмірлік қажетті қозғағыш дағды, әсемдік пен қозғалыс дәлдігі қалыптасады, дененің негізгі қабілеті - ептілік шапшаңдық, күш, төзімділік, икемділік дамиды. Гимнастика жасау сәби кезден басталып, барлық жас кезеңдерінде жалғастырылады.
Гимнастиканың міндеті денсаулықты күшейту, дене күшін жетілдіру және әр алуан іс-әрекетке адамның дене күшінің жан-жақты әзірлігін жүзеге асыру болып табылады. Оның үстіне гимнастиканың: тұлғаны дұрыс қалыптастыру, дененің әртүрлі өзгеруінің алдын алу және оны түзету, жарақаттан кейін қимыл-қозғалыс апаратының жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру, өзіне тән қимылды меңгеруіне баулу сияқты арнайы міндеттері бар.
Гимнастика - дене тәрбиесі әдісі. Гимнастикада жан-жақты дене тәрбиесінің міндеттерін шешуге жәрдемдесетін мейлінше әр алуан дене тәрбиесі жаттығулары пайдаланылуы мүмкін. Онда педагогикалық міндеттер мен организмнің анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес кез келген қимыл мен қозғағыш әрекетті қолдануға болады. Гимнастикада организмнің құрылымы мен қызметіне біршама дәл талғамды ықпал жасауды жүзге асыруға болады.
Гимнастикаға тән әдістемелік тәсілдер дене тәрбиесі жаттығуларының көмегімен жекелеген органдар мен жекелеген бұлшық ет топтарына, сондай-ақ дененің әртүрлі қасиеттерін дамытуға ерекше ықпал жасауға мүмкіндік береді.
Гимнастикада денеге түсетін күшті біршама дәл мөлшерлеу мүмкіндігі бар: әр алуан жаттығулар гимнастикамен айналысатын адамның дайындығына сәйкес әрі ол жаттығулардың организмге әсері қатаң ескеріліп пайдаланылады және белгіленеді.
Жаттығу сабақтарының эмоциялығын арттыру, эстетикалық сезімге, ырғақтылыққа, дәлдікке баулу және қимылдың мәнерлілігін қалыптастыру мақсатында гимнастика жасау кезінде музыканы қолдану тиімді. Гимнастиканы үйрету процесі жалпы білім беру сипатына ие: өзінің қозғалыс мүмкіндіктерін бағалай білуге баулиды, қозғалыс әрекеттерінің жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді. Бұл оның міндеттерін бөлу, қозғалыстың анализі мен синтезін кеңінен қолдану, қозғалысты жаңа қозғағыш әрекетіне ұштастыру және әр алуан дене жаттығуларын зерттеп үйрену арқылы жүзеге асырылады. Гимнастикада тәрбие беру міндеттерін жүзеге асырудың ерекше құралдары бар. Ол қозғағыш әрекеттердің дәл, алдын ала келісіліп орындалуын талап етеді, оның әрекет саналылығы мен дербес тәуелсіздігін талап ететін тәртібі белгіленген сабақ кестесі, оқу процесін ұйымдастырудың ерекше стилі бар. Мұның бәрі тәртіпке, зерделілікке баулиды, ерік-жігер мен мінез-құлықтың нығаюына көмектеседі. Сөйтіп, гимнастика тәсілдері жалпы дененің жетілуін қалыптастыру міндеттерін шешуге, жаттығу жасаумен айналысатындардың жасы мен дайындығына сәйкес дене шынықтыру жаттығуларын қолдануға, дене тәрбиесінің сауықтыру, тәрбиелік-білім беру міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |