Қазақстан республикасының заңы ақпараттандыру туралы


-бап. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғауды ұйымдастыру



бет6/6
Дата02.07.2016
өлшемі0.95 Mb.
#173021
1   2   3   4   5   6

59-бап. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғауды ұйымдастыру

1. Электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғауды олардың меншік иелері және (немесе) иеленушілері жүзеге асырады.

Ақпараттандыру саласындағы сындарлы маңызды объектілерді қорғауды осы Заңға сәйкес олардың меншік иесі және (немесе) иеленушісі жүзеге асырады.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар:

1) электрондық ақпараттық ресурстарға санкция берілмеген қол жеткізуді болғызбауды;

2) егер электрондық ақпараттық ресурстарға санкция берілмеген қол жеткізу еңсерілмеген болса, электрондық ақпараттық ресурстарға мұндай санкция берілмеген қол жеткізу фактілерін уақтылы анықтауды;

3) ақпаратқа қол жеткiзу тәртiбiн бұзудың қолайсыз салдарын барынша азайтуды;

4) электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу мен беру құралдарына ықпал етуді болғызбауды;

5) санкция берілмеген қол жеткiзу салдарынан түрлендірілген не жойылған электрондық ақпараттық ресурстарды жедел қалпына келтiруді;

6) қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иелерін (иелерін) қоспағанда, ақпараттық қауіпсіздіктің болған оқыс оқиғасы туралы мемлекеттік техникалық қызметті дереу хабардар етуді қамтамасыз ететiн шараларды қолдануға мiндеттi.

3. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына қатысты ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік техникалық талаптарының ережелері мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, жарғылық капиталында мемлекеттің қатысу үлесі бар ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің меншік иелерінің және иеленушілерінің, сондай-ақ ақпараттандыру саласындағы сындарлы маңызды объектілердің меншік иелерінің және иеленушілерінің қолдануы үшін міндетті.

4. Ақпараттандыру саласындағы сындарлы маңызды объектілердің меншік иелері және иеленушілері ақпараттандыру саласындағы сындарлы маңызды объектілерді қорғау бойынша күш-жігерді үйлестіру үшін мемлекеттік техникалық қызметтің қызметкерлеріне ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне кіруге рұқсат береді.


60-бап. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау

1. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды алған ақпараттық жүйелердің меншік иелері және иеленушілері, оларды қорғау бойынша шаралар қолдануға міндетті.

Бұл міндет дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды алған кезден бастап және олардың жойылуына не мәнінің жойылуына дейін туындайды.

2. Дербес деректерді қамтитын және ақпараттық жүйелерден тыс сақталатын электрондық ақпараттық ресурстарды қорғауды дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иелері мен иеленушілері қамтамасыз етеді.



3-бөлім. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік реттеу
10-тарау. Уәкілетті органның құжаттарға сараптама жүргізуі және келісуі
61-бап. Инвестициялық ұсынысқа салалық сараптама және салалық қорытынды

1. Мемлекеттік ақпараттық жүйені құруға (сатып алуға) немесе дамытуға арналған инвестициялық ұсынысты салалық сараптама жүргізу үшін уәкілетті органға мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган жыл сайын 15 наурызға дейін енгізеді.

2. Ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ұсынысты уәкілетті орган келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күннен аспайтын мерзімде қарайды.
62-бап. Бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне салалық сараптама және салалық қорытынды

1. Мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган әзірлеген мемлекеттік ақпараттық жүйені құруға (сатып алуға) немесе дамытуға арналған бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі салалық сараптама жүргізуге жатады және уәкілетті органның қарауына енгізіледі.

2. Мемлекеттік ақпараттық жүйені құруға (сатып алуға) немесе дамытуға арналған бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне салалық қорытынды толық құжаттар топтамасы келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.

3. Егер ақпараттық жүйе ведомстволық немесе өңірлік құрам бөліктерді қамтыған болса, мемлекеттік ақпараттық жүйені құруға (сатып алуға) немесе дамытуға арналған бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне салалық сараптама жүргізу мерзімі елу жұмыс күніне дейін ұзартылады.


63-бап. Салалық теріс қорытынды беру негіздері

1. Инвестициялық ұсынысқа және (немесе) бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне салалық теріс қорытынды:

1) ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңестің теріс қорытындысы болған;

2) уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар үшін стандартты шешімдер ретінде қайта пайдалануға (тираждауға) жататын ақпараттық жүйелер тізбесіне енгізілген ұқсас мемлекеттік ақпараттық жүйелердің (функциялары мен міндеттері қайталанған), сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйені құру (дамыту) кезінде, сақтауға орналастырылған бастапқы бағдарламалық кодтарды, бағдарламалық өнімдерді және бағдарламалық қамтамасыз етуді қайта пайдалану мүмкіндігінің бар болуына байланысты іске асыру қажеттігі болмаған;

3) жұмыс істеп тұрған мемлекеттік ақпараттық жүйелерді дамыту мүмкіндігі анықталуына байланысты іске асыру қажеттігі болмаған;

4) егер ұсынылған құжат мемлекеттік функциялар мен мемлекеттік көрсетілетін қызметті оңтайландыруды және автоматтандыруды көздемесе;

5) егер ұсынылған құжат «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөнінде талаптарына, мемлекетік органның бекітілген архитектурасына және (немесе) «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасына сәйкес келмесе;

6) ұсынылған құжат стандарттарға немесе ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік техникалық талаптарына сәйкес келмесе;

7) ұсынылған құжаттың нысанына және мазмұнына Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын талаптар бұзылған;

8) мемлекеттік техникалық қызмет және (немесе) «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы теріс сипаттағы ұсынымдар берген жағдайларда беріледі.

2. Инвестициялық ұсынысқа теріс салалық қорытынды осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздерден басқа ақпараттандырудың сервистік моделіне инвестициялық ұсыныс сәйкес келмеген кезде беріледі.

3. Бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне салалық теріс қорытынды осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздерден басқа:

1) мемлекеттік органның бекітілген стратегиялық және салалық жоспарларында бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінде сипатталған жұмыстар болмаған;

2) егер бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға, дамытуға және сүйемелдеуге арналған шығыстар нормативтерін қолданбай әзірленген жағдайларда беріледі.


64-бап. Ақпараттандыру саласындағы техникалық тапсырманы келісу

1. Мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы орган немесе электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы әзірлеген:

1) бюджет қаражаты есебінен құрылатын (сатып алынатын) мемлекеттік ақпараттық жүйеге техникалық тапсырма;

2) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзімен немесе «электрондық үкіметтің» шлюзімен интеграцияланатын мемлекеттік ақпараттық жүйеге техникалық тапсырма;

3) сервистік бағдарламалық өнімге техникалық тапсырма уәкілетті органмен келісілуге жатады.

2. Ақпараттандыру саласындағы техникалық тапсырманы келісуді уәкілетті орган толық құжаттар топтамасы келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.

Егер ақпараттық жүйеге ведомстволық немесе өңірлік құрам бөліктер кірген жағдайда қарау мерзімі елу жұмыс күніне дейін ұзартылады.
65-бап. Ақпараттандыру саласындағы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің техникалық ерекшелігін келісу

1. Мемлекеттік органның және жергілікті атқарушы органның ақпараттандыру саласында тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы кезінде осы тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге техникалық ерекшеліктер инвестициялық жобаларды іске асыру үшін уәкілетті органмен келісілуге жатады.

2. Ақпараттандыру саласында тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді келесі қаржы жылында сатып алуға техникалық ерекшелікті өтінім беруші уәкілетті органның қарауына жыл сайын 1 қарашаға дейін енгізеді.

3. Уәкілетті органның ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға техникалық ерекшелікті қарауы құжаттар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.

4. Уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға техникалық ерекшелікті қарау нәтижелері бойынша өтінім берушіге техникалық ерекшелікті келіскені немесе келісуден бас тартқаны туралы қорытындысы бар хат жібереді.

5. Ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға техникалық ерекшелікті келісуден бас тарту туралы қорытынды:

1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамалық актісімен белгіленген жағдайларды қоспағанда, техникалық ерекшелікте тауар таңбаларына, қызмет көрсету таңбаларына, фирмалық атауларға, патенттерге, пайдалы үлгілерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шыққан жерінің атауына және өндірушінің атауына нұсқауды, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жеке әлеуетті жеткізушіге тиесілілігін айқындайтын өзге де сипаттамаларды қамтитын талаптар болған;

2) техникалық ерекшелікте тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтің отандық жеткізушілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасалатын талаптар болған;

3) шеңберінде ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу жоспарланатын бюджеттік бағдарлама туралы ақпарат болмаған жағдайларда беріледі.
66-бап. Ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарға уәкілетті органның қорытындысы

1. Ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарды бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі уәкілетті органның қарауына жыл сайын 1 сәуірге дейін енгізеді.

2. Ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарды уәкілетті орган құжаттар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қарайды.

3. Ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарды қараудан бас тарту:

1) ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстардың нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасы талаптарына сәйкес келмеген;

2) уәкілетті орган бекіткен белгіленген талаптарға сәйкес құжаттар ұсынылмаған жағдайларда жүзеге асырылады.

4. Ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша бюджеттік бағдарламалардың іс-шараларын жоспарлау және ұсыныстарды жасау кезінде:

1) «электрондық үкіметтің» архитектурасына және мемлекеттік органның архитектурасына сәйкес келетін мемлекеттік ақпараттық жүйелерге басымдық беріледі;

2) мемлекеттік ақпараттық жүйелер осы Заңның 44-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс.

5. Уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарға қорытындыны ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңестің ұсынымдары негізінде береді.

6. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ақпараттандыру саласындағы шығыстар бойынша ұсыныстарды уәкілетті орган айқындаған бірыңғай электрондық ақпараттық ресурста орналастырады.

11-тарау. Ақпараттандыру саласын дамытуды мемлекеттік қолдау
67-бап. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау

1. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдауды Қазақстан Республикасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар объектілерінің өндірісін ынталандыру мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институты және басқа да ұлттық даму институттары жүзеге асырады.

2. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институты өз қызметін осы Заңға және Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

3. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдаудың негізгі қағидаттары:

1) жеке кәсіпкерлік базасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту және жеке және мемлекеттік компаниялар арасында бәсекелестікті болдырмау;

2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы отандық компанияларға ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, ақпараттық жүйелерді әзірлеуге тапсырыстар алуға жәрдемдесу;

3) отандық бағдарламалық қамтамасыз ету өндірісін, бағдарламалық өнімдер өндірісін және есептеу-коммуникациялық техника құралдары өндірісін дамытуды ынталандыру;

4) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығының құрылымын дамыту;

5) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығында адал бәсекелестікті қолдау.

4. Мемлекеттік қолдау қағидаттарына сәйкес Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасында көзделген шаралардан басқа, отандық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың сандық және сапалық өсімін ынталандыру жөніндегі шаралар мыналар болып табылады:

1) нормативтік-әдіснамалық базаны дайындау, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының ғылыми-әдістемелік негізі ретінде халықаралық стандарттарды енгізу;

2) мемлекеттік және квазимемлекеттік ақпараттық-коммуникациялық кәсіпорындардың мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар атынан тек тапсырыс беруші тарапынан ғана жұмысты ұйымдастыру және олардың бәсекелес емес тәсілдермен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығында мемлекеттік тапсырыстар алу мүмкіндігін жою;

3) ақпараттық-коммуникациялық тұғырнама құрудан бастап, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы отандық компаниялар әлеуетінің артуына ықпал ететін ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсетуге дейін ақпараттандырудың сервистік моделін енгізу және дамыту;

4) жергілікті қамтудың жоғары үлесі бар инновациялық бағдарламалық қамтамасыз етуді, бағдарламалық өнімдерді әзірлеуге және жеткізуге мемлекеттік (квазимемлекеттік) тапсырыстар жүйесін іске асыру және жетілдіру;

5) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтудың үлесін арттыруға бағытталған стартаптық ақпараттық-коммуникациялық жобаларды және болашағы бар ақпараттық-коммуникациялық жобаларды гранттық бюджеттен тыс қаржыландыру;

6) ақпараттандыру саласындағы көрсетілетін қызметтер үлесін арттыруға бағытталған мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторды ақпараттандыруға жұмсалатын шығыстар құрылымын үйлесімді ету;

7) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы отандық компанияларды салық салу және салықтық ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірлеу бөлігінде шетел компанияларының бәсекелестік басымдықтарын мониторингілеу;

8) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды венчурлық қаржыландыру үшін жағдайлар жасау және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша ұсыныстарды пысықтау.


68-бап. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету

1. Мемлекет ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында техникалық, кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды отандық және шетел жоғары оқу орындарында даярлау және қайта даярлау үшін жағдайлар жасайды.

2. Саланың және өңірдің жүйе құраушы компаниялары, ұлттық компаниялар, олардың үлестес тұлғалары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандықтар бойынша кәсіптік, техникалық, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқитындар үшін тәжірибе базасы ретінде әрекет етеді.

12-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
69-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары, қағидаттары және нысандары

1. Қазақстан Республикасы ақпараттандыру саласында шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен:

1) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуды, ғылыми, кадрлық ынтымақтастық пен алмасуды қамтамасыз ету бойынша өзара әрекет ету;

2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен халықаралық (мемлекетаралық) ақпарат алмасудың тұрақты және қауіпсіз жүйесін қалыптастыруға жәрдемдесу;

3) Қазақстан Республикасының халықаралық саудаға және ақпараттандыру саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, зияткерлік қызмет нәтижелерімен алмасуға қатысуын жандандыру;

4) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтарға немесе оларды құқыққа қарсы мақсаттарда пайдалануға қарсы күрестегі күш-жігерді шоғырландыру мақсаттарында ынтымақтасады.

2. Ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық:

1) өзара негізде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды адамға, қоғамға және мемлекетке зиян келтіре отырып пайдалануға тыйым салу;

2) мемлекеттің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына қол сұғатын және мемлекеттік қызметтің саяси, экономикалық, әлеуметтік және өзге де салаларына нұқсан келтіретін іс-қимылдарға тыйым салу;

3) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді немесе ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қылмыстық мақсаттар үшін пайдалануды болғызбау;

4) әріптес мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты ақпарат алмасудың жеделдігі, объективтілігі және толықтығы;

5) ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнамалық базаны үйлесімді ету қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

3. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың, оның ішінде мамандандырылған ұйымдардың қызметіне қатысуы, екіжақты және көпжақты келіссөздер мен халықаралық шарттарға қатысуы, өзара ақпарат алмасу, бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыру арқылы, сондай-ақ өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
70-бап. Ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру

1. Ақпараттандыру субъектілері халықаралық ұйымдар мен бірлестіктерге кіруге, халықаралық және шетелдік жобалар мен бағдарламаларға қатысуға құқылы.

2. Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген тәртіппен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы шетелдік немесе бірлескен кәсіпорындар құрылуы мүмкін.
71-бап. Ақпараттандыру саласындағы сәйкестікті растау

1. Ақпараттандыру саласындағы сәйкестікті растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Шет мемлекет берген сәйкестікті растау саласындағы құжат Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес оны техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесінде таныған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп есептеледі.
72-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.


73-бап. Өтпелі ережелер

1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген және өнеркәсіптік пайдалануға енгізу туралы растаушы құжаттары, сондай-ақ оларды жоғалтуға байланысты техникалық құжаттамасы жоқ мемлекеттік ақпараттық жүйелері бар мемлекеттік органдар осы мемлекеттік ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестаттауды ақпараттандыру объектілерін пайдалану жөніндегі жалпы міндеттерді, қағидаттарды және қағидаларды айқындайтын қалпына келтірілген техникалық құжаттамаларды және ақпараттық қауіпсіздік бойынша нормативтік құжаттар жиынтығын бере отырып, осы Заң қолданысқа енгізілген күнінен бастап үш жыл ішінде жүргізеді.

2. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестаты жоқ мемлекеттік емес ақпараттық жүйелер осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде аттестаттаудан өтеді.

74-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.



2. Осы Заң заңды күшіне енген күнінен бастап «Ақпараттандыру туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2007 ж., № 2, 13-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 15, 118-құжат; 2012 ж., № 2, 13-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 95-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; № 7, 36-құжат; № 14, 75-құжат) күші жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының

Президентi




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет