Қазақстан Республикасының Заңы «Азаматтық қорғау туралы»


-тарау. Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, білімді насихаттау және халықты оқыту



бет6/11
Дата09.06.2016
өлшемі0.82 Mb.
#124578
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

7-тарау. Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, білімді насихаттау және халықты оқыту
32-бап. Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, мониторинг және болжамдау
Халықты, объектілерді және аумақты стихиялық апаттардан, авариялар мен зілзалалардан қорғаудың кешенді ғылыми негізін қалыптастыру және дамыту мақсатында уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеуді ұйымдастырады және үйлестіреді.

Ғылыми зерттеулердің негізгі міндеттеріне табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың теріс ықпалдарын азайтуға бағытталған ғылыми-тәжірибелік негіздерді шығару; тәуекелдерді бағалау және басқару жөнінде нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету кіреді.

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше ахуалдар мониторингі және болжамдау қызметi азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесіне кіреді.

Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми-техникалық қамтамасыз етуді ғылым саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген және аттестаттаудан өткізілген ғылыми-зерттеу ұйымдары мен оқу орындары жүзеге асырады.

Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми-техникалық әзірлемелерді қаржыландыру бюджеттік қаражат және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған қаржыландырудың басқа көздері есебінен жүзеге асырылады.

Ғылыми зерттеулерді үйлестіру уәкілетті органға жүктеледі.



33-бап. Азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерін кәсіптік оқыту, азаматтық қорғаудың басқару органдарының басшы құрамы мен мамандарын даярлау және азаматтық қорғау саласында халықты оқыту


    1. Азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерін азаматтық қорғау саласындағы кәсіптік оқыту бекітілген мамандықтар мен білім беру стандарттарына сәйкес ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Қазақстан Республикасының және өзге мемлекеттердің оқу орындарында жүргізіледі.

    2. Азаматтық қорғаудың басқару органдарының басшы құрамы мен мамандарын даярлау және азаматтық қорғау саласында халықты оқыту төтенше ахуалдар кезінде іс-әрекеттерге дағдыландыру, авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу, өзiне-өзі және өзара көмек көрсетудiң негiзгi тәсiлдерi мен әдiстерiн үйрету, халық арасындағы ысырапты барынша азайту, материалдық залалды азайту мақсатында жүргiзiледi.

Азаматтық қорғаудың басқару органдарының басшы құрамы және мамандары, сондай-ақ білім беру ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Қазақстан Республикасы уәкілетті органының және өзге мемлекеттердің ұйымдары мен оқу орындарында даярлаудан және қайта даярлаудан өтеді.

Қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық аймақтардың, ұйымдардың, мектепке дейінгі мекемелердің басшылары, азаматтық қорғау құралымдарының командирлері, ұйымдардағы оқу топтарының жетекшілері, барлық типтегі жалпы білім беруші мектептер мен орта кәсіптік оқу орындарының оқытушылары, қауіпті өндірістік объектілер мамандары уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде даярлаудан және қайта даярлаудан өтеді.

Даярлықтан өткен тыңдаушыларға азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген бірыңғай үлгідегі сертификаттар береді.

3. Азаматтарды оқыту мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру мекемелерінде, жұмыс, оқу орны және тұрғылықты жері бойынша ұйымдарда, сондай-ақ өздігінше жүргізіледі

Сейсмикалық қауiптi өңірлерде немесе қауiптi өндірістік объектiлер жақын орналасқан ұйымдарда, білім беру ұйымдарында, мектепке дейінгі мекемелерде және оқу орындарында тоқсан сайын сейсмикалық жаттығулар немесе қатты әсер ететiн улы заттардың шығарылуынан туындаған авариялар кезiндегi персоналдың, студенттердiң, оқушылардың, балалардың iс-әрекеті бойынша жаттығулар жүргiзіледі.

Сел қауіпті, сырғыма қауіпті, көшкін қауiпті аудандарда, сондай-ақ су басу, тасқын су болуы ықтимал аймақтарда орналасқан ұйымдарда, мектепке дейінгі мекемелер мен оқу орындарында қауіпті кезеңнің басталуы алдында жаттықтыру жүргiзіледі.



34-бап. Азаматтық қорғау саласындағы ақпараттандыру, білімді насихаттау және оқыту
1. Халыққа төтенше ахуалдар туралы ақпарат байланыс пен хабардар етудің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріледi.

2. Азаматтық қорғау саласындағы ақпараттандыруға және оқытуға:

бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты төтенше ахуалдар кезіндегі іс-әрекеттердің қағидалары мен тәртібіне үйретуді ұйымдастыру;

төтенше ахуалдардан қорғану саласындағы білімді, тұрмыстағы және өндірістегі қауіпсіздік қағидаларын насихаттау жөніндегі басылымдарда жүйелі түрде жариялануды, радио және телерадио хабарларын тарату желілері бойынша бағдарламалардың шығуын ұйымдастыру;

халықты стихиялық апаттардың алдын алу және оларды жою, техногендік зілзалалар мен авариялар бойынша мемлекетпен қолданылған шаралары туралы ақпараттандыру;

республикалық және облыстық (қалалық) телеарналарда халықты азаматтық қорғау саласындағы ақпараттандыру және оқытуға арналған арнайы бағдарламаларды құру жатады.

3. Азаматтық қорғау саласындағы білімдерді насихаттауды уәкілетті орган, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар және қоғамдық бірлестіктер жүзеге асырады. Білімдерді насихаттау үшін бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланыла алады.

4. Мемлекеттік органдар және жергілікті мемлекеттік басқару органдары халықты олар азаматтық қорғау саласында қабылдаған шешімдер туралы ақпараттандырулары және білімдердің таралуына ықпал етулері тиіс.

5. Қауiптi өндірістік объектілер орналасқан аудандардағы халықты хабардар етуді ұйымдастыру үшін жауапкершілік соған қарасты ұйымдарға жүктеледі.

3-бөлім. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жою. Азаматтық қорғау күштері
8-тарау. Табиғи және техногендік сипаттағы

төтенше ахуалдардың салдарын жою
35-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жою кезінде жүргізілетін іс-шаралар
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдарға жедел іс-әрекет жасау мақсатында:

таралу масштабына байланысты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу;

азаматтық қорғаудың басқару органдарын таралу масштабына байланысты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау;

табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жоюға қатыстырылатын күштер мен құралдардың жағдайын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жою жөніндегі бекітілген іс-қимылдар жоспарына сәйкес бақылау;

азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жою жөніндегі іс-әрекеттер жоспарына сәйкес уақытылы жіберу, бөлімшелерді белгіленген тәртіпке сәйкес уақытша басқа жерге орналастыруды қамтамасыз ету;

азаматтық қорғау күштері мен құралдарын оралымды басқару, табиғи және техногендік төтенше ахуалдарға жедел ден қою жөніндегі міндеттерді қою және оларға жеткізу, қажетті шұғыл шаралар мен шешімдерді қабылдау;

авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жұмыстарын үйлестіру, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жоюға қатыстырылатын түрлі бөлімшелердің өзара іс-әрекет жасауын қамтамасыз ету;

төтенше ахуалдар туралы мәліметтерді талдау, төтенше ахуалдардың таралу масштабын анықтау және залал мен адам ысырабын алдын ала бағалау;

төтенше ахуалдардың даму мүмкіндігін бағалау, жалпы жағдай туралы мәліметтерді жалпылау, талдау материалдарын әзірлеу (картографиялық, электрондық-графикалық);

табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жою мәселесі жөніндегі басқару шешімдерінің варианттарын әзірлеу;

штаттық режимде және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде азаматтық қорғаныстың қызметтері мен құралымдарымен өзара әрекет ету бойынша іс-шаралар жүргізіледі.

2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жою кезінде төтенше ахуалдарды жою басшысы бірінші кезекте міндетті түрде төтенше ахуалдардың салдарын жою бойынша іс-қимылдар жоспарын нақты әзірлеу үшін мамандарды қатыстыруы тиіс.



36-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жою кезінде құтқару жұмыстарына және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға басшылық ету


  1. Төтенше ахуалдардың салдарын жоюға қатыстырылатын күштер мен құралдарға басшылық жасауды және олардың өзара іс-әрекет етуін ұйымдастыруды төтенше ахуалдардың салдарын жою басшысы жүзеге асырады.

  2. Төтенше ахуалдарды жою басшысы болып:

тиісті аумақ әкімінің шешімімен төтенше ахуалдар болған аумақтың жергілікті атқарушы органының лауазымды тұлғасы;

төтенше ахуалдардың өңірлік және ғаламдық масштабтарға жіктелуі бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шешімімен уәкілетті органның лауазымды тұлғасы тағайындалады.



  1. Авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыруды төтенше ахуалдарды жою басшысы жүзеге асырады.

  2. Төтенше ахуалдар аймақтарының шегін төтенше ахуалдарды жою басшысы айқындайды.

Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдар таралу масштабы бойынша объектілі, жергілікті, өңірлік және ғаламдық болып бөлінеді.

5. Төтенше ахуалдың сипатын бағалауды, төтенше ахуалдарды жою басшысына оларды оқшаулау және жою жөнінде ұсыныстар әзірлеуді жедел штаб жүзеге асырады. Жедел штаб авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге қатысатын азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының іс-қимылдарын үйлестіреді.

6. Жедел штаб төтенше ахуалдарды жою басшысының шешімімен құрылады.

Жедел штаб бастығы болып уәкілетті органның лауазымды тұлғасы тағайындалады және ол төтенше ахуалдарды жою басшысының орынбасары болып табылады.

Жедел штаб бастығы төтенше ахуалдарды жою басшысымен келісу бойынша және төтенше ахуалдың масштабы мен аймағына байланысты жедел топтардың қажет санын құрады және олардың жұмысын төтенше ахуал аймағында бөледі.

7. Төтенше ахуалдарды жою басшысын белгiленген тәртiпте мiндетiн атқарудан шеттетуден, басшылықты өзiне қабылдаудан немесе өзге лауазымды тұлғаны тағайындаудан басқа ретте оның төтенше ахуалдарды жою жөнiндегi қызметіне араласуға ешкiмнiң құқығы жоқ.

8. Төтенше ахуалдарды жою басшысы тиісті мемлекеттік органдардың, ұйымдардың басшыларын олармен қабылданған шешімдер туралы көп кешіктірмей ақпараттандыру жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.

9. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге технологиялық мүмкіндік болмаған жағдайда, төтенше ахуалдарды жою басшысы бірінші кезекте төтенше ахуал аумақтарындағы адамдарды құтқару бойынша барлық шараларды қабылдай отырып, көрсетілген жұмыстарды толық немесе олардың белгілі бір бөліктерін тоқтата тұру туралы шешімдерді қабылдай алады.

10. Төтенше ахуалдарды жою басшысы:

1) төтенше ахуал аймағында барлауды және жағдайды бағалауды, бар күштер мен құралдарды пайдалана отырып, адамдарды құтқаруды ұйымдастырады;

2) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу үшiн мейлінше қауіпті учаскелерді, қажетті күштер мен құралдар санын, құтқару жұмыстарын жүргiзудiң әдiстерi мен тәсiлдерiн айқындайды;

3) авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды төтенше ахуалдардың салдарын жою бойынша іс-қимылдар жоспарына сәйкес ұйымдастырады;

4) төтенше ахуалдар аймағындағы объектiлерде және ұйымдардың аумағында құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу туралы шешiм қабылдайды;

5) авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарына мiндеттер қоюды жүзеге асырады, олардың өзара iс-әрекет етуін ұйымдастырады, олардың қауiпсiздiгiн және қойылған мiндеттердiң орындалуын қамтамасыз етедi;

6) төтенше ахуал аймағындағы жағдайдың өзгеруiне бақылауды жүзеге асырады және соған сәйкес шешiмдер қабылдайды;

7) қажеттiлiк шамасына қарай қосымша күштер мен құралдарды қатыстырады, олардың кездесуін ұйымдастырады, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзудің орнын (ауданын) айқындайды;

8) күштер мен құралдардың резервiн құруды ұйымдастырады, ауысымдық жұмыс тәртiбiн айқындайды;

9) төтенше ахуалдың ғаламдық және өңірлік ауқымда таралуы кезiнде сол аймақтарда авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу жөнiндегі қабылдаған шешiмдер және қалыптасқан жағдай туралы Қазақстан Республикасының Үкiметiн, уәкілетті органды ақпараттандырады;

10) күштер мен құралдардың төтенше ахуал орнынан кету тәртiбiн айқындайды;

11) төтенше ахуалдың таралуы кезінде аса қажеттілік жағдайда төтенше ахуалды жою басшысы (адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп төнгенде):

төтенше ахуал аймағына адамдар мен көлiктiң кіруiн шектейдi;

төтенше ахуал аймағындағы ұйымдардың қызметiн тоқтата тұрады;

авариялық-құтқару қызметтерiнiң күштерi мен құралдарын, азаматтық қорғаныс құралымдарын, сондай-ақ ерiктi авариялық-құтқару құралымдарын және көрсетілген құралымдардың құрамына кiрмейтiн құтқарушыларды, олардың құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу жөнінде аттестатталғанын растайтын құжаттары болған кезде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге қатыстырады;

халықты ерiктi негiзде кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге, сондай-ақ құтқарушы болып табылмайтын жекелеген азаматтарды олардың келiсiм беруiмен құтқару жұмыстарын жүргiзуге қатыстырады;

төтенше ахуал аймағында эвакуациялау iс-шараларын жүргiзудi ұйымдастырады;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шығындарды кейіннен өтей отырып, ұйымдардың материалдық-техникалық, азық-мүліктік, медициналық және басқа ресурстарын қатыстырады;

аса қажеттілік жағдайында қабылданған шешiмдер туралы тиiстi мемлекеттiк органдарды, ұйымдардың басшыларын тез арада ақпараттандыру жөнiнде шаралар қабылдайды;

төтенше ахуалдардың таралуы, құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстардың барысына байланысты өзге қажеттi шараларды қабылдайды.



37-бап. Төтенше ахуалдардың салдарын жоюға авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарын қатыстыру
1. Төтенше ахуалдардың салдарын жоюға авариялық-құтқару қызметтерінің қатыстырылуы:

1) төтенше ахуалдардың туындауы және дамуы кезінде;

2) авариялық-құтқару қызметтері және құралымдарымен қызмет көрсетілетін объектілер мен аумақтарда;

3) төтенше ахуалдардың салдарын жою бойынша іс-қимылдар жоспарларына сәйкес;

4) авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары қызметтеріне басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымды тұлғаларының шешімі бойынша, сондай-ақ аумағында төтенше ахуалдар қалыптасқан мемлекеттік орган немесе ұйымдардың сұрау беруі негізінде жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде төтенше ахуалдардың салдарын жоюға кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қатыстырылуы Қазақстан Республикасы ратификацияған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.

3. Шарт негізінде қауіпті өндірістік объектілерге қызмет көрсететін кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын уәкілетті лауазымды тұлғаның шешімі бойынша төтенше ахуалдарды жоюға қатыстыру сол объектілерде олардың қорғанысын қажетті деңгейде қамтамасыз ететін күштер мен құралдардың жеткілікті санының міндетті сақталуы кезінде жүзеге асырылады.

38-бап. Ішкi iстер органдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құралымдарының күштерi мен құралдарын төтенше ахуалдарды жоюға тарту
Iшкi iстер органдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлерi мен әскери құралымдарының күштерi мен құралдарын төтенше ахуалдарды жоюға тарту Қазақстан Республикасының Конституциясына және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

39-бап. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының қызметтеріне көмек көрсету
1. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, ұйымдар төтенше ахуалдардың аймақтарына бара жатқан және төтенше ахуалдардың салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізетін және орналасу орнына қайтатын авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарына барынша көмек көрсетуге мiндеттi.

2. Авариялық-құтқару мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу жеріне бара жатқан кезде кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының жедел көлiгi, оның iшiнде уақытша тартылған және жалға алынған көлiк кедергiсiз жүру, аэродромдарда, жанар-жағармай құю станцияларында, теңiз және өзен порттарында жанар-жағармай материалдарымен бiрiншi кезекте қамтамасыз етiлу құқықтарын, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету станцияларында, аэродромдарда, теңiз және өзен порттарында жөндеу жұмыстарын бiрiншi кезекте жүргiзу құқығын пайдаланады.



40-бап. Авариялық-құтқару қызметтерінің құқықтары және жауапкершілігі
1. Төтенше ахуалдар салдарын жою кезінде авариялық-құтқару қызметтері азаматтарды құтқаруға және төтенше ахуалдарды болдырмауға бағытталған шараларды қабылдау үшін ұйымның аумағы мен өндірістік объектілеріне, тұрғын үй-жайларға кедергісіз кіруге құқылы.

2. Авариялық-құтқару қызметтерінің жеке құрамы, төтенше ахуалдардың салдарын жоюдың өзге қатысушылары азаматтардың қаза болуын алдын алу және оларды құтқару бойынша шараларды қабылдау кезінде келтірілген шығынды өтеуден босатылады.



41-бап. Уәкілетті органның жедел резерві
Уәкілетті органның жедел резерві алдын ала құрылады және шұғыл және бірінші кезекті тіршілікті қамтамасыз ету, төтенше ахуалдар аймағында зардап шеккен халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету және Қазақстан Республикасының аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жоюмен байланысты бірінші кезекті авариялық-құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету үшін мақсатталған.

42-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдар кезінде мүлікті реквизициялау
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдар кезінде мүлікті реквизициялау ерекше жағдайларда халықты, қоршаған ортаны және объектiлерді табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше ахуалдардан кепілді түрде қорғауды қамтамасыз ету үшiн құрылған материалдық-техникалық, азық-түлiк, медициналық және басқа да ресурстардың мемлекеттік резерві болмаған немесе жеткіліксіз болғанда «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіпте жүзеге асырылады.
43-бап. Авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстардың түрлері
Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға iздестiру-құтқару, тау-кен құтқару, газдан құтқару, суда құтқару, бұрқаққа қарсы жұмыстар, сондай-ақ өрт сөндiруге және төтенше ахуалдардың медициналық-санитарлық салдарын жоюға байланысты жұмыстар және төтенше ахуалдарды жою кезіндегі басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар жатады.

44-бап. Жеке және заңды тұлғалардың денсаулығы мен мүлкiне, азаматтық қорғау саласындағы объектілерге келтiрілген зиянды өтеу
Жеке тұлғалардың денсаулығына келтiрiлген зиян жәбірленушінің еңбек қабiлеттілігінен айырылу дәрежесiн, оның емделуiне, денсаулығын қалпына келтiруiне, ауруды бағып-күтуге жұмсалған шығындарды, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес берілетін бiр жолғы мемлекеттiк жәрдемақыларды ескере отырып, зиян келтiрушiнiң есебінен толық көлемде өтелуі тиiс.

Ұйымдар мен зардап шеккен азаматтар залал келтiрушiлерден өздерiнiң денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалға, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтардың қызметi туғызған техногендiк сипаттағы төтенше ахуалдардан адамның өлуiне байланысты шеккен мүлiктiк зияндарын және ұйымдардың, авариялық-құтқару жұмыстарына және төтенше ахуалдардың салдарын жоюға қатысушы жеке адамдардың шығындарын өтеудi талап етуге құқылы.

Техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардан жеке тұлғалардың денсаулығына зиянды, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне залалды өтеу ерікті түрде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соттың шешімі бойынша жүргізіледі.

Техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың туындағанына кінәлі ұйымдар мен азаматтар жерлердің рекультивациясына және жердің табиғи құнарлығын қалпына келдіру бойынша шығындарды қоса алғанда, жерге, суға, өсімдік және жануарлар әлеміне (аумағына) келтірілген залалды өтеуге міндетті.

Табиғи сипаттағы төтенше ахуалдар нәтижесінде азаматтар мен адамдарға келтірілген залалды өтеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі жүргізеді.

Табиғи сипаттағы төтенше ахуалдың салдарынан болған залал төтенше ахуалдың туындау қаупі туралы алдын ала хабардар етілген және төтенше ахуалдан мүлікті сақтау бойынша қажетті шаралар қабылданған жағдайда зардап шеккен азаматтардың ең аз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті мөлшерде өтеледі.

Зардап шегуші төтенше ахуалдың туындау қаупі, мүлікті сақтау тәсілдері туралы хабардар етілген жағдайда мүліктің жойылу немесе бүліну қауіп-қатерін төмендету шараларын қабылдамаған және зардап шегуші ескертуді елемеген кезде залалды өтеу мүмкіндігі болмайды.

Азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, объектiлерге келтірілген залалды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.

Салынған тұрғын үй Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіпте төтенше ахуал нәтижесінде үйсіз қалған азаматтарға ұсынылады.

мыналар:


аяқталмаған құрылыс объектілері, уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық құрылыстары және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға сәйкес жылжымайтын объектілерге жатпайтын өзге де құрылыстар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бас жоспарының талаптарына жауап бермейтін аумақтарда салынған объектілер;

бағалы киім, сән-салтанатты немесе қымбат бағалы металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдік құндылығы бар заттар өтелуге және қалпына келтірілуге жатпайды.

Төтенше ахуал туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне келтірілген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіпте сақтандырушы қаражаты есебінен өтелуге жатады.

9-тарау. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары
45-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құралымдарын құру


  1. Қазақстан Республикасында авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары: 

1) тұрақты штат негiзiнде – кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құралымдары, оның iшiнде өртке қарсы, суда құтқару, жедел-құтқару, жедел медициналық және психологиялық көмек, әуе-құтқару, әскерилендiрiлген тау-кен құтқару, бұрқаққа қарсы, газдан құтқару және басқа төтенше ахуалдар саласындағы басқа мамандандырылған бөлiмдер мен бөлiмшелер;

2) ерiктi негiзде – ерiктi авариялық-құтқару құралымдары, оның iшiнде ерiктi өртке қарсы және суда құтқару құралымдары құрылады.

2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары:

1) республикалық мемлекеттік (оның iшiнде қауіпті өндірістік объектілерде авариялық-құтқару және профилактикалық жұмыстарын орындайтын шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ бекітілген аумақтарда авариялық-құтқару жұмыстарын орындайтын мемлекеттік мекемелер) – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша;

2) объектiлiк (қызметiн жүзеге асыру үшiн ұйымдарда Қазақстан Республикасы заңдарымен және өзге нормативтiк құқықтық актiлермен көзделген өздерінің немесе шартты жағдайларда авариялық-құтқару қызметi мен құралымдары мiндеттi түрде болуы көзделген) – объект басшысының шешімі бойынша құрылады.

3. Кәсiби авариялық-құтқару құралымдары арнаулы техникамен, жабдықпен, құрал-сайманмен, керек-жарақпен, аспаптармен, материалдармен жарақтандырылады және кинологиялық қызметпен қамтамасыз етiледi және құтқарушыларды даярлау бағдарламалары бойынша оқытудан өтеді.

4. Ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары өз қызметкерлері ішінен ұйымдармен құрылады.

46-бап. Авариялық-құтқару қызметтерін тiркеу


  1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу құқығына куәлік негізінде міндетті тіркелуге жатады.

2. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын тіркеуді (есепке алуды) уәкілетті орган жүргізеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет