Қазақстан Республикасының Заңы «Азаматтық қорғау туралы»


-бап. Авариялық-құтқару қызметтерінің қызметi



бет7/11
Дата09.06.2016
өлшемі0.82 Mb.
#124578
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

47-бап. Авариялық-құтқару қызметтерінің қызметi
1. Авариялық-құтқару қызметі мен құралымдары өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, тиісті ережелерді, жарлықтарды, қағидалар мен басқа нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

2. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері тау-кен құтқару, бұрқаққа қарсы, газдан құтқару, алдын алу жұмыстарын, сондай-ақ өрттерді сөндірумен және алғашқы медициналық көмек көрсетумен байланысты жұмыстар мен төтенше және апатты ахуалдарда жүргізілетін басқа авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізеді.

3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының қызметi ерекше сипатта болады, аталған қызметтің басшылары берген бұйрықтар мен өкiмдердi олардың барлық қызметкерлерiнiң мүлтiксiз орындауын көздейдi. Бұл талаптар сондай-ақ ерiктi авариялық-құтқару құралымдарына оларды төтенше ахуалдарды жоюға тартқан кезден бастап қойылады.

4. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының тұрақты дайындығы кәсiби даярлау бойынша жүйелi сабақтар мен арнайы жаттықтыру жиындарын өткiзу арқылы қамтамасыз етiледi және өз өкілеттігі шегінде уәкілетті орган жүзеге асыратын аттестаттау және тексерулер барысында тексеріледі.

5. Азаматтық қорғау күштерінің жедел көлігі дыбыс шығару және жарық беру дабылдары бар арнаулы аспаптармен, сондай-ақ белгiленген үлгiдегi түрлi-түстi бояулы таңбалармен мiндеттi түрде жабдықталады.

48-бап. Авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттау
1. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары аттестаттауға және қайта аттестаттауға жатады.

2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдарды жоюға қатыстырылатын авариялық-құтқару қызметтерін және құтқарушыларын аттестациялау:

1) олардың авариялық-құтқару жұмыстарын орындауға әзірліктері дәрежесін;

2) тиісті техниканың, мүлік пен жарақтың бар болуы мен жай-күйін;

3) құтқарушылардың кәсіби әдетінің, медициналық дайындығының, дене бітімі, психологиялық және моральдық дайындығының сәйкестігін анықтау мақсатында жүргізіледі.

3. Авариялық-құтқару қызметтері және құтқарушылар бастапқы, қайталама, мерзімді және кезектен тыс аттестаттауға жатады:

1) бастапқы аттестаттауға жаңадан құрылған авариялық-құтқару қызметтері, сондай-ақ құтқарушы болуға тілек білдірген азаматтар жатады;

2) авариялық-құтқару қызметтері мен құтқарушылардың қызметін жаңғырту үшін, өткен аттестаттауда анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін қайталама аттестаттау жүргізіледі;

3) авариялық-құтқару қызметтері мен құтқарушыларды мерзімді аттестаттау оларды аттестаттау мерзімі өткен соң, бірақ кемінде үш жылда бір рет жүргізіледі;

4) авариялық-құтқару қызметтері мен құтқарушыларды кезектен тыс аттестаттау олардың орындайтын авариялық-құтқару жұмыстарының түрі өзгерген жағдайда жүргізіледі.

4. Аттестаттауды:

1) өзі жұмыс істейтін құтқару бөлімшесінің ведомстволық бағыныстығына қарамастан, өздерінің ведомстволық бағынысты және ведомстводан тыс авариялық-құтқару қызметтерін, құралымдарын аттестаттау және құтқарушыларға «Халықаралық сыныптағы құтқарушы» сыныптық біліктілігін беру үшін уәкілетті органның шешімімен;

2) ведомстволық авариялық-құтқару қызметтерін және құрамаларын аттестаттау үшін уәкілетті органның, министрліктің, агенттіктің, жергілікті атқарушы органның бірлескен шешімімен;

3) құтқарушыларды аттестаттау үшін авариялық-құтқару қызметі, құралымдары бастықтарының шешімімен заңнамада белгіленген тәртіпте құрылатын аттестаттау комиссиялары жүргізеді.

5. Аттестаттаудан өткен авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарына уәкілетті органның тиісті аттестаттау комиссияларының шешімі негізінде авариялық-құтқару жұмыстарының белгілі бір түрлерін жүргізу құқығына белгіленген үлгідегі куәлік, ал құтқарушыларға құтқарушы куәлігі беріледі.

49-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің жұмысын үйлестiру
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің жұмысын үйлестiрудi уәкілетті орган жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының аумағында авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің жұмысын үйлестiру:

1) төтенше ахуалдар салдарын жою үшiн қажеттi күштер мен құралдарды жедел тарту;

2) авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары жұмысының нормативтiк құқықтық базасын бiріздендіру;

3) мемлекеттік емес өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметтері, құралымдары және мүдделі мемлекеттік органдар бөлімшелері арасындағы өзара іс-әрекеттерді пысықтау.

50-бап. Авариялық-құтқару қызметтерінің орнын ауыстыру, оларды қайта бейiндеу, тарату
1. Мiндеттi түрде құрылу қажеттiгi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құралымдарын басқа жерге ауыстыруға, оларды құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстардың өзге түрiне қайта бейiндеуге немесе таратуға негіз болып олар қызмет көрсететiн ұйымдардың жұмыс iстеуiнiң тоқтатылуы немесе қызметтері мен құралымдары төтенше ахуалдардың алдын алу және жою үшiн құрылған осындай ахуалдардың пайда болу қаупiн жою табылады.

2. Ұйым әкiмшiлiгiнiң шешiмi бойынша құрылған ерiктi авариялық-құтқару құралымдарын тарату туралы шешiмдер қабылдаған кезде, осы ұйымның басшылығы уәкілетті органды хабардар етеді.



51-бап. Құтқарушылар
1. Құтқарушы болу ниеті бар Қазақстан Республикасының азаматтары он сегіз жасқа толған, жоғары, орта (толық) жалпы білімі бар, медициналық куәландыру кезінде жұмысқа жарамды деп танылған болуы тиіс.

2. Қазақстан Республикасының азаматтары медициналық куәландырудан, дене шынықтыру жөнiндегi нормативтердi орындаудан, құтқарушылар даярлаудың бағдарламасы бойынша оқытудан өткеннен кейiн, авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге аттестаттау нәтижелерi бойынша құтқарушы мәртебесiне ие болады.

3. Қазақстан Республикасының азаматтарына құтқарушы мәртебесiн беру туралы аттестаттау органдарының шешiмi қабылданған кезде оларға белгiленген үлгiдегi куәлiк, құтқарушы кiтапшасы, тегi, аты, әкесiнiң аты, қан тобы және құтқарушының тiркеу нөмiрi жазылған жетон берiледi.

52-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын жасақтау


  1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жеке құрамын жасақтау ерiктi негiзде жүзеге асырылады.

2. Авариялық-құтқару қызметтерінде құтқарушыларды даярлау бағдарламасы бойынша оқу бiтiрген және авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге белгiленген тәртiпте аттестаттаудан өткен азаматтар тікелей құтқарушылар мiндетiн атқаруға жiберiледi.

Аталған адамдар кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінде үш ай ішінде тағылымдамадан өткен соң және құтқарушы біліктілігін алғаннан кейін дербес жұмысқа жіберіледі.

Авариялық-құтқару қызметтерінің басшы құрамы қызмет көрсететін ұйым қызметінің немесе аумақтың ерекшелігіне сәйкес жоғары білімі бар және арнайы дайындықтан өткен адамдардан жинақталады.

53-бап. Құтқарушылардың құқықтары
1. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға тартылған құтқарушылардың аталған жұмысты жүргiзетiн орнына бару кезiнде көлiктiң барлық түрiне билеттердi кезексiз алуға құқығы бар.

2. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу барысында құтқарушылар:

адамдарды құтқаруға бағытталған кез келген шараларды қолдануға;

өз мiндеттерiн орындау үшiн қажеттi толық әрi айқын ақпарат алуға;

авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу үшiн ұйымдардың аумағы мен өндiрiстiк объектiлерiне, тұрғын үйлерге кедергiсiз кiруге;

төтенше ахуалдар аймағындағы барлық адамдардан белгiленген қауiпсiздiк шараларын сақтауды талап етуге;

авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу технологиясына сәйкес жабдықталуға және жарақтандырылуға құқылы.

3. Еңбек шарты бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау барысында зардап шеккен кәсiби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушылары, сондай-ақ ерiктi авариялық-құтқару қызметiнiң құтқарушылары және құтқарушы болып табылмайтын азаматтар оларды авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге тартылған кезде тегiн медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.

4. Объектілік авариялық-құтқару қызметiнiң құтқарушыларын және құтқарушылар болып табылмайтын азаматтарды авариялық-құтқару мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге тартқан кезде олардың негiзгi жұмыс орны бойынша орташа жалақысы сақталады.

5. Төтенше ахуалдар салдарын жою кезеңінде әскери авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын тамақпен қамтамасыз ету апат болған қауіпті өндірістік объектінің иесі есебінен жүргізіледі.



54-бап. Құтқарушылардың мiндеттерi
1. Құтқарушылар:

зардап шеккен адамдарды iздестiруге, оларды құтқару жөнiнде шаралар қабылдауға, оларға алғашқы медициналық және басқа жәрдем түрлерiн көрсетуге;

авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге қатысуға дайын болуға, өздерiнiң дене шынықтыру, арнаулы, медициналық, психологиялық даярлығын жетiлдiруге;

авариялық-құтқару құралымдарының құрамындағы iс-қимыл дағдыларын жетiлдiруге;

авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу технологиясын мүлтіксiз сақтауға;

құрамында аталған жұмыстарды жүргізуге қатысатын құтқарушылары бар авариялық-құтқару құралымдары басшыларының авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу барысында беретiн бұйрықтарын мүлтiксiз орындауға;

төтенше ахуалдарға жол бермеу мақсатында азаматтарға қауiпсiз жүрiп-тұру қағидаларын және ондай жағдайлар туындаған ретте iс-әрекеттер жасау тәртiбiн түсiндiруге мiндеттi.

2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының мiндеттерi тиiстi жарғыларда, қағидаларда, тәлiмдемелерде белгiленедi және олар еңбек шартының құрамдас бөлiгi болып табылады.



55-бап. Құтқарушылар қызметiнiң құқықтық кепiлдiктерi
1. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу барысында құтқарушылар осы Заңды, авариялық-құтқару қызметiнiң мәселелерi жөнiндегi өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi басшылыққа алады және құрамында аталған жұмыстарды жүргiзетiн авариялық-құтқару қызметi мен құралымдарының басшыларына ғана бағынады.

2. Кедергi жасау мақсатында құтқарушылардың өз мiндеттерiн атқаруға ешкімнің қандай да жолмен болсын ықпал етуге құқығы жоқ.



56-бап. Құтқарушылардың жұмыс істеу (қызмет) және демалыс режимi
1. Күнделiктi қызметте кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының жұмыс істеу (қызмет) режимi iшкi еңбек тәртiбiнiң қағидаларында, кезекшiлiк кестелерiнде, сабақтар немесе арнайы дайындық жөнiндегi өзге шаралар кестелерiнде белгiленедi.

2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының жұмыс істеу режимi жұмыс күнi мен жұмыс жылы iшiнде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес медициналық және санитарлық-гигиеналық нормалар ескерiле отырып, белгiленедi.

3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүзеге асыру кезеңiнде күту және авариялық-құтқару мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға шығуға ұдайы дайын болу режимiнде кезекшiлiк өтеу уақыты кезекшiлiктiң әр сағаты үшiн сағаттың төрттен бiрi мөлшерiнде есептеледi.

4. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу кезiнде кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының жұмыс істеу режимi мен жұмыс ауысымының ұзақтығын төтенше ахуалдардың сипатын, авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу ерекшелiктерi мен медициналық ұсыныстарды ескере отырып, төтенше ахуалдарды жою басшылары белгiлейдi.

5. Орталық атқарушы органдардың кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құралымдарының құтқарушыларына ұзақтығы отыз күнтiзбелік күндi құрайтын ақылы демалыс берiледi. Әр үш жыл еңбек өтілі үшін ұзақтығы бір күн, бірақ күнтізбелік он бес күннен аспайтын қосымша ақылы демалыс беріледі.

57-бап. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның авиациясы
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның авиациясы:

уәкілетті органның, оның құрылымдық аумақтық бөлімшелерінің және ерікті құтқарушы құралымдарының жеке құрамы мен жүгін төтенше ахуалдар аймақтарына жеткізу бойынша көліктік-жолаушы ұшуларын;

төтенше ахуал аймағынан зардап шеккен адамдарды, халықты және мүлікті, сондай-ақ шетелдерден азаматтарды эвакуациялау бойынша ұшуларды;

төтенше ахуалдар аймақтарына гуманитарлық жүкті жеткізу бойынша ұшуларды;

республикаслық және халықаралық оқу-жаттығуларға, уәкілетті органның және басқа мемлекеттік басқару органдарының желісі бойынша халықаралық жобаларға қатысуды;

іздеу-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша ұшуларды, дүлей зілзалалар кезінде көмек көрсетуді;

авиациялық техника мен оның компоненттеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу бойынша қызметтерді көрсетуді;

халыққа медициналық көмек көрсету және санитарлық іс-шараларды жүргізу бойынша ұшуларды;

жолаушыларды, багажды, жүктерді және поштаны әуе тасымалдауларын;

аэротүсірілім, картографогеодезиялық және авиациялық-химиялық жұмыстарын өндіру бойынша ұшуларды;

орман шаруашылығына қызмет көрсету бойынша ұшуларды;

құрылыс-монтаждау және тиеу-түсіру жұмыстарын қамтамасыз ету бойынша ұшуларды;

көлік-байланыс ұшуларын;

теңiз кемелерiнен және теңiздегi бұрғылау қондырғыларынан, мұнай-газ секторының жасанды аралдарынан вахталық бригадаларды, жабдықты және басқаларды тасымалдау бойынша ұшуларды;

әуежайлық қызметті жүзеге асыруды;

төтенше ахуалдардың алдын алу және салдарын жою үшін далалы, сулы, орманды және таулы жерлерді күзету бойынша ұшуларды;

өрттердің алдын алу мен оларды сөндіру бойынша ұшуларды;

байқау және хабардар ету қызметтерін ұйымдастыру бойынша ұшуларды (бекеттерді тастау және оларға қызмет көрсету);

ахуалды кешенді бағалау мақсатымен аумақтарды аэрошолу аралап ұшуларын (сел ағындары, тасқындар, сырғымалар және басқалар);

далалық экспедиция жұмыстарына қызмет көрсету бойынша ұшуларды;

электр тарату желілерін және магистральды құбырларды зерттеу бойынша аэрошолу ұшуларын;

ұшқыштар құрамының кәсіби деңгейін ұстау және жаңа техниканы игеру үшін жаттығатын ұшуларды орындайды.



10-тарау. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында

мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің қатысуы
58-бап. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет

1. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің негізгі міндеттеріне:

1) ұйымдарда, объектілер мен елді мекендерде өрттің алдын алу және оны сөндіру;

2) ұйымдарда, объектілер мен елді мекендерде өрт сөндіруге байланысты бірінші кезекті авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жатады.

2. Өртке қарсы қызмет міндетті түрде құрылатын ұйымдар мен объектілердің, сондай-ақ елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі мемлекеттік емес өртке қарсы қызметпен шарттар жасасу арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.

3. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет өз жұмысын осы Заңға және өртке қарсы қызметтің жұмысын реттейтін өзге нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет субъектілері өрт қауіпсіздігі саласындағы міндеттерді орындауда мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына жәрдемдесуге міндетті.

Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің осы Заңда көзделген барлық заңды талаптарын орындауға міндетті.

4. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметте жұмыс істеуге кәмелеттік жасқа толған және арнайы дайындық пен оқу курсынан өткен Қазақстан Республикасының азаматтары қабылдана алады.

Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметте жұмыс істеуге психикалық ауруына, денсаулық жай-күйінің шектеулі болуына байланысты, маскүнемдігі немесе нашақорлығы бойынша денсаулық сақтау органдарында есепте тұратын, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметке жұмысқа кіру уақытында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпте соттылығы өтелмеген немесе алынбаған адамдар қабылдана алмайды.

Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары үшін белгіленген нормалар бойынша өз қызметкерлерін арнайы киім-кешекпен және өртке қарсы жарақтармен қамтамасыз етуге міндетті.

5. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет өрт сөндіру техникасы, өрт-техникалық жарақтары мен жабдықтары бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары үшін белгіленген нормаларға сәйкес болуға тиіс.


59-бап. Өртке қарсы ерікті құралымдар
1. Дала өрттерінің, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендерде өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында өртке қарсы ерікті құралымдар құрылуы мүмкін.

2. Өртке қарсы ерікті құралымдардың негізгі міндеттеріне:

1) дала өрттерінің, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендерде өрттердің алдын алу және оларды жою;

2) дала өрттерін, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендерде өрттерді сөндірумен байланысты бірінші кезекті авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу;

3) өрт қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды орындау және қызмет көрсету жатады.

Өртке қарсы ерікті құралымдар өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту және оларды өрт туындаған жағдайда іс-әрекеттер жасауына даярлауды жүзеге асыру жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.

3. Өртке қарсы ерікті құралымдар ерікті өрт сөндірушілерден жасақталады.

Ерікті өрт сөндірушілерге өздерінің іскерлік және моральдық қасиеттерімен, сондай-ақ денсаулық жай-күйіне қарай өрттердің алдын алумен және (немесе) оларды сөндірумен байланысты міндеттерді орындауға қабілетті азаматтар ерікті негізде жеке тәртіпте қабылданады.

Ерікті өрт сөндірушілерге қабылданған азаматтар ерікті өртке қарсы құралымдар жүргізіп отырған ерікті өрт сөндірушілер тізілімінде тіркеледі және мамандандырылған оқу орталықтарында бастапқы даярлықтан өтеді.

Ерікті өрт сөндірушілердің бастапқы даярлық бағдарламасын уәкілетті орган бекітеді.

Ерікті өрт сөндірушілердің кейінгі даярлығы өртке қарсы ерікті құралымда жүзеге асырылады.

Ерікті өрт сөндірушілердің кейінгі даярлық бағдарламасын өртке қарсы ерікті құралымның басшысы әзірлейді және уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің басшысы бекітеді.

4. Өртке қарсы уақытылы іс-әрекеттер жасау үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісілуі бойынша өртке қарсы ерікті құралым басшысы ерікті өрт сөндірушілерді жинау және оларды өрт туындаған жерге жеткізу тәртіптерін айқындайды.

5. Ерікті өрт сөндірушінің өрттердің алдын алу және оларды сөндіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттерді сөндіруге байланысты бірінші кезекті авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындау кезеңінде қаза тапқан (қайтыс болған) немесе жарақаттанған жағдайдағы кепілдіктері өртке қарсы ерікті құралымның жарғысында белгіленеді.

6. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өртке қарсы ерікті құралымдардың тізілімін жүргізеді.

4-бөлім. Өрт және өнеркәсіптік қауiпсiздiктерiнiң жалпы талаптары
11-тарау. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету
60-бап. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының мәртебесi
1. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өрттің алдын алуды, өрт қауiпсiздiгi саласындағы бақылауды, өрт сөндiрудi және өрт сөндірумен байланысты бірінші кезекті авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, өртпен байланысты барлық қылмыстар туралы істер бойынша алдын ала тергеуді жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары уәкілетті органнан, уәкілетті органның ведомствосынан, оның аумақтық бөлімшелерінен дәне мемлекеттік мекемелерінен, оның ішінде уәкілетті органның білім беру ұйымынан тұрады.

3. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының өз тулары болады, олардың сипатын Қазақстан Республикасының Президенті бекiтедi.

4. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлеріне төтенше немесе соғыс жағдайы әрекет ететін кезеңде атыс қаруы және арнаулы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы беріледі. Атыс қаруын және арнаулы құралдарды қолдану тәртібі «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.



61-бап. Қазақстан Республикасындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі
1. Қазақстан Республикасындағы өрт қауiпсiздiгi жүйесi – өрттi және одан келетiн залалды болдырмауға бағытталған экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдық, ғылыми-техникалық және құқықтық шаралардың, сондай-ақ өртке қарсы қызмет күштерi мен техникалық құралдарының жиынтығы.

2. Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн орталық және жергiлiктi атқарушы органдарды, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарын, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді, өртке қарсы ерікті құралымдарды, өрт-техникалық ғылыми-зерттеу мекемелерiн, уәкілетті органның білім беру ұйымдарын, өрттен қорғау-техникалық өнiмдерін шығару кәсiпорындарын қамтиды.

3. Қазақстан Республикасындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының ведомствоішілік қызметінің міндеттері мен функциялары уәкілетті орган басшысы бекіткен қағидалармен, нұсқаулықтармен (тәлімдермен) регламенттеледі.

62-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық реттеу
1. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық реттеу – нормативтiк құқықтық актiлерде мiндеттi түрде орындалуға тиiс өрт қауiпсiздiгi талаптарының белгiленуі.

2. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге өрт қауiпсiздiгiнiң нормалары мен ережелерi, өрт қауiпсiздiгiнiң талаптарын қамтитын нұсқаулықтар, техникалық регламенттер және өзге де нормативтiк құқықтық актiлер жатады.

3. Өмірлік цикл өнімдері мен процестеріне өрт қауіпсіздігінің талаптары техникалық регламенттерде белгіленеді.

4. Мемлекеттік органдар әзірлейтін және өрт қауіпсіздігінің талаптарын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер уәкілетті органмен міндетті келісуге жатады.



63-бап. Өрт қауiпсiздiгi шараларын әзiрлеу және iске асыру
Өрт қауiпсiздiгi шаралары Қазақстан Республикасының заңнамасына, өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес, сондай-ақ өртке қарсы күрес тәжiрибесi мен оның себептерін талдау, заттардың, материалдардың, технологиялық процестердің, бұйымдардың, конструкциялардың, ғимараттар мен құрылыстардың өрт қауіптілігін бағалау негiзiнде әзiрленедi.

Заттарды, материалдарды, бұйымдарды және жабдықтарды дайындаушылар (жеткiзушiлер) тиiстi техникалық құжаттамада осы заттардың, материалдардың, бұйымдар мен жабдықтардың өрт қауіптілігін, сондай-ақ оларды пайдалану кезінде өрт қауiпсiздiгi шараларын мiндеттi түрде көрсетеді.

Кәсіпорындар, ғимараттар, құрылыстар және басқа объектілер үшін өрт қауіпсіздігі шараларын әзірлеу және іске асыру, сонымен қатар оларды жобалау кезінде міндетті түрде өрттер болған кезде адамдарды қауіпсіз эвакуациялауды қамтамасыз ететін шешімдер көзделуі тиіс.

Өндірістер үшін міндетті түрде адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шешімдерді көздейтін өрттерді жою жоспарлары әзірленеді.

Елді мекендер мен әкімшілік-аумақтық құрылымдар үшін өрт қауіпсіздігі шараларын тиісті мемлекеттік органдар әзірлейді және іске асырады.

64-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы жұмыстарды орындау және қызмет көрсету
Қазақстан Республикасында өрт қауiпсiздiгi саласындағы жұмыстарды орындайтын және қызмет көрсететін мемлекеттік емес ұйымдар құрылып, жұмыс iстеуi мүмкін, ондай жұмыстар мен қызметтерге:

1) өрттен қорғау-техникалық өнiмiн шығару, оны сынақтардан өткiзу, сатып алу және жеткiзу;

2) жобалау, iздестiру жұмыстарын атқару;

3) ғылыми-техникалық кеңес беру және мемлекеттік жобалар сараптамасының ерекше құзыретіне жатқызылатын сараптама жұмыстарын қоспағанда, сараптама жүргізу;

4) заттардың, материалдардың, бұйымдардың, жабдықтардың және конструкциялардың өрт қауiпсiздiгiне сынақ жүргізу;

5) халықты өрт қауiпсiздiгi шараларына оқыту;

6) өртке қарсы насихатты жүзеге асыру, арнайы әдебиет пен жарнама өнiмдерiн басып шығару;

7) оттан қорғау және мұржа-пеш жұмыстары;

8) өрт саймандарын, өрттердi сөндiрудiң бастапқы құралдарын өндiру, оларды жөндеу және қызмет көрсету, отты сөндiру заттарының сапасын қалпына келтiру;

9) өртке қарсы қызметтiң ғимараттары мен құрылыстарын салу, оларды қайта құру және жөндеу;

10) өрттен қорғау жүйелерi мен құралдарын өндiру, монтаждау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу;

11) өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау;

12) өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да жұмыстар мен қызметтер жатады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет