65-бап. Айыпталушы
1. Өзiне қатысты:
1) прокурор айыптау актісін бекіткен;
2) прокурор қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекіткен және қылмыстық істі қылмыстық заңның тиісті бабы (баптары) бойынша сотқа жіберу туралы шешім қабылдаған;
3) сотқа дейінгі тергеп-тексеру осы Кодекстің 617-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен процестік келісім жасасу арқылы аяқталған адам айыпталушы болып танылады.
2. Өзіне қатысты сот талқылауы тағайындалған, ал жекеше айыптау істері бойынша өзіне қатысты шағымды сот өзінің іс жүргізуіне қабылдаған айыпталушы сотталушы деп аталады.
3. Өзіне қатысты айыптау үкiмi шығарылған сотталушы сотталған адам деп аталады.
4. Өзіне қатысты ақтау үкiмi шығарылған айыпталушы ақталған адам деп аталады.
5. Айыпталушы осы Кодекстің 64-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген құқықтарды пайдалануға, сондай-ақ:
1) өзінің не үшін айыпталып отырғанын білуге;
2) прокурор бекіткен айыптау актісінің, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманың көшірмесін алуға;
3) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін құралдармен және тәсілдермен қорғауға және қорғануға дайындалу үшін жеткілікті уақыт пен мүмкіндікке ие болуға;
4) іс бойынша азаматтық талап қойылуына байланысты өзін азаматтық жауапкер деп таныған жағдайда оның құқықтарын пайдалануға;
5) тергеп-тексерудің кез келген сатысында процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге немесе оған келісім білдіруге және процестік келісім жасасуға, процестік келісімнің көшірмесін алуға;
6) осы Кодексте көзделген жағдайларда, қылмыстық істі алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
6. Сотталушының:
1) бірінші және апелляциялық сатылардағы сотта істі соттың талқылауына қатысуға;
2) қорғаушы тараптың барлық құқықтарын, сондай-ақ соңғы сөз құқығын пайдалануға;
3) сот талқылауының кез келген сатысында ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге немесе оған келісім білдіруге және процестік келісім жасасуға;
4) жасалған процестік келісімнен сот шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кеткен кезге дейін бас тартуға;
5) жария сот талқылауын талап етуге;
6) істі тоқтатуға қарсылық білдіруге құқығы бар.
7. Сотталған адамның немесе ақталған адамның:
1) сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге;
2) соттың үкіміне, қаулысына, судьяның қаулысына шағым жасауға және шағым жасалған шешімдердің көшірмелерін алуға;
3) іс бойынша келтірілген шағымдар мен наразылықтар туралы білуге және оларға қарсылықтар беруге;
4) келтірілген шағымдар мен наразылықтардың сотта қаралуына қатысуға;
5) ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге немесе оған келісім білдіруге және процестік келісім жасасуға құқығы бар.
8. Айыпталушыда қорғаушысының немесе заңды өкiлiнiң болуы айыпталушының қандай да бір құқығын жоюға немесе шектеуге негiз бола алмайды.
66-бап. Қорғаушы
1. Қорғаушы – қорғалуға құқығы бар куәның, күдіктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның құқықтары мен мүдделерiн заңда белгiленген тәртiппен қорғауды жүзеге асыратын және оларға қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде заң көмегiн көрсететiн адам.
2. Адвокат қорғаушы ретiнде қатысады. Адвокат қылмыстық процеске қорғаушы ретінде қатысқан кезде қорғалуға құқығы бар куәның, күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның жазбаша арызы бойынша оларды адвокатпен қатар қорғауды мына адамдардың біреуі: жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы, қорғаншысы, қамқоршысы не қорғалатын адамды қорғаншылыққа немесе асырауына алған ұйымның өкілі жүзеге асыра алады. Шетелдiк адвокаттардың iске қорғаушылар ретiнде қатысуына, егер бұл Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетпен жасасқан халықаралық шартында өзара түсіністік негiзде көзделсе, заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiледi.
3. Адамның қорғалуға құқығы бар куә, күдіктi, айыпталушы мәртебесін алған кезінен бастап, сондай-ақ қылмыстық процестің кез келген келесі кезінде қорғаушы қылмыстық процеске қатысуға құқылы.
4. Егер қорғалуға құқығы бар куәлардың, күдіктiлердiң, айыпталушылардың, сотталушылардың бiреуiнiң мүддесi екiншiсiнiң мүддесiне қайшы келетiн болса, бiр сол адам олардың екеуiне бiрдей қорғаушы бола алмайды.
5. Адвокаттың өзi мойнына алған қорғалуға құқығы бар куәны, күдіктiні немесе айыпталушыны, сотталушыны, сотталған адамды, ақталған адамды қорғаудан бас тартуға құқығы жоқ.
67-бап. Қорғаушының мiндеттi қатысуы
1. Қорғаушының қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысуы, егер:
1) бұл туралы күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам өтiнiшхат берсе;
2) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам кәмелеттік жасқа толмаса;
3) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмаса;
4) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе;
5) адамға жазалау шарасы ретiнде он жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру, өмiр бойына бас бостандығынан айыру не өлiм жазасы тағайындалуы мүмкiн болатын қылмыс жасады деп күдік келтірілсе, айып тағылса;
6) күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылса немесе олар стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жiберiлсе;
7) күдіктiлердің, айыпталушылардың, сотталушылардың, сотталғандардың, ақталғандардың мүдделерi арасында қайшылықтар болып, олардың бiреуiнiң қорғаушысы болса;
8) қылмыстық процеске жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының) немесе азаматтық талапкердің өкiлi қатысса;
9) iс сотта қаралған кезде оған мемлекеттік айыптауды қолдайтын прокурор (мемлекеттік айыптаушы) қатысса;
10) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болса және қылмыстық қудалау органдарына немесе сотқа келуден жалтарса;
11) процестік келісім және оны жасасу туралы өтінішхат мәлімделсе, міндетті.
2. Қорғаушының қатысуы осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) – 6), 10) тармақтарында көзделген жағдайларда – адамды күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам деп таныған кезден бастап, 7) тармағында көзделген жағдайларда – күдіктiлердің, айыпталушылардың, сотталушылардың, сотталғандардың, ақталғандардың мүдделерi арасында қайшылық анықталған кезден бастап, 8), 9) тармақтарда көзделген жағдайларда – іске жәбірленушінің өкілі, прокурор қатысқан кезден бастап, 11) тармақта көзделген жағдайларда – күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеген кезден бастап қамтамасыз етiледi.
3. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның өзi, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ олардың тапсыруы бойынша басқа да тұлғалар шақырмаса, қылмыстық процестi жүргізетін орган процестiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, бұл туралы ол адвокаттардың кәсiби ұйымы үшiн мiндеттi қаулы шығарады.
68-бап. Қорғаушыны шақыру, тағайындау, алмастыру, оның
еңбегiне ақы төлеу
1. Қорғаушы ретінде адвокатты қорғалуға құқығы бар куә, күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ қорғалуға құқығы бар куәның, күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның тапсыруы бойынша немесе келiсуiмен басқа да тұлғалар шақырады. Күдiктi, қорғалуға құқығы бар куә, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам қорғалу үшiн бiрнеше адвокатты қорғаушы ретінде шақыруға құқылы.
2. Қорғалуға құқығы бар куәның, күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның өтінуі бойынша қорғаушының қатысуын қылмыстық процестi жүргізетін орган қамтамасыз етедi.
3. Таңдалған немесе тағайындалған қорғаушы ұзақ мерзiм (кемiнде бес тәулiк) бойы қатыса алмайтын жағдайларда, қылмыстық процестi жүргізетін орган қорғалуға құқығы бар куәға, күдiктiге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға басқа қорғаушыны шақыруды ұсынуға немесе адвокаттардың кәсiби ұйымы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушыны тағайындау шараларын қолдануға құқылы. Қылмыстық процестi жүргізетін органның қорғаушы ретiнде белгiлi бiр адамды шақыруға ұсыныс жасауға құқығы жоқ.
4. Ұстап алу немесе күзетпен қамауға алу жағдайында, егер күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам таңдаған қорғаушы жиырма төрт сағаттың iшiнде келе алмайтын болса, қылмыстық процесті жүргізетін орган күдiктiге, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға басқа қорғаушыны шақыруды ұсынады, ал одан бас тартылған жағдайда, адвокаттардың кәсiби ұйымы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушыны тағайындау шараларын қолданады.
5. Адвокаттың еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. Қылмыстық процестi жүргізетін орган осыған негiздер болған кезде күдiктiні, айыпталушыны, сотталушыны, сотталған адамды, ақталған адамды заң көмегіне ақы төлеуден толық немесе iшiнара босатуға міндетті. Бұл жағдайда еңбекке ақы төлеу мемлекет есебiнен жүргiзiледi.
6. Адвокат сотқа дейінгі тергеп-тексеруге немесе сотқа осы Кодекстiң 67-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген, тағайындау бойынша қатысқан жағдайда да адвокаттардың еңбегiне ақы төлеу жөнiндегi шығыстар мемлекеттiң есебiне жатқызылуы мүмкiн.
7. Егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге бiрнеше қорғаушы қатысқан жағдайда, өзіне қорғаушының қатысуы қажеттi процестік әрекет оған тиiстi күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның қорғаушыларының түгел қатыспауынан заңсыз болып таныла алмайды.
8. Адвокат қорғаушы ретінде адвокат куәлігін және өзінің нақты адамды қорғауға өкілеттігін куәландыратын ордерді көрсеткен кезде іске кіріседі. Басқа адам осы Кодекстің 66-бабы екінші бөлігінің ережелеріне сәйкес өзінің қорғаушы ретінде қылмыстық процеске қатысу құқығын растайтын құжаттарды (неке туралы куәлікті, күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен, сотталған адаммен, ақталған адаммен туыстық қатынастарын растайтын құжатты, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың шешімдерін) ұсынады.
69-бап. Қорғаушыдан бас тарту
1. Күдіктi, айыпталушы, сотталушы іс бойынша іс жүргізудің кез келген сәтінде қорғаушыдан бас тартуға құқылы. Осындай бас тартуға қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысушы қорғаушының не осы Кодекстің 67-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіппен тағайындалған қорғаушының қатысуымен күдіктінің, айыпталушының, сотталушының бастамасы бойынша ғана жол беріледі. Қорғаушыдан заң көмегіне ақы төлеу үшiн қаражаттың жоқтығы себептерінен бас тарту қабылданбайды. Бас тарту жазбаша нысанда ресiмделедi немесе тиiстi тергеу немесе сот әрекетiнiң хаттамасында көрсетiледi.
2. Осы Кодекстiң 67-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2), 3) 4) және 5) тармақтарында (адамға жазалау шарасы ретiнде өлiм жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкiн қылмыстарды жасады деп күдік келтірілген кезде), 6) тармағында (күдіктіні стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жiберу кезiнде) көзделген жағдайларда, қылмыстық процестi жүргізетін орган күдіктінің, айыпталушының қорғаушыдан бас тартуын қабылдай алмайды.
3. Қорғаушыдан бас тарту адамды бұдан әрі қорғаушыны қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысуға жіберу туралы өтiнiшхат беру құқығынан айырмайды. Қорғаушының процеске кірісуі осы уақытқа дейiн тергеп-тексеру немесе сот талқылауы барысында жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқпайды.
70-бап. Қорғаушының өкiлеттiктерi
1. Қорғаушы күдіктi, айыптауды теріске шығаратын немесе күдіктінің, айыпталушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жайларды анықтау мақсатында қорғаудың барлық заңды құралдары мен тәсiлдерiн пайдалануға және оларға қажетті білікті заң көмегін көрсетуге мiндеттi.
2. Қорғаушы:
1) күдіктімен, айыпталушымен саны мен ұзақтығы шектелмейтін оңаша және құпия кездесуге;
2) осы Кодексте көзделген тәртіппен, қылмыстық іс материалдарына міндетті түрде қоса тігілуге жататын, заң көмегін көрсету үшін қажетті нәрселерді, құжаттарды, мәліметтерді, сондай-ақ өзге де деректерді жинауға және ұсынуға;
РҚАО-ның ескертпесі!
3) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
3) күдіктіден, айыпталушыдан жауап алуға, сондай-ақ олардың қатысуымен немесе олардың өтінішхаты не қорғаушының өз өтінішхаты бойынша жүргізілетін өзге де тергеу әрекеттеріне және процестік әрекеттерге қатысуға;
4) қарсылық білдірулерді мәлімдеуге;
5) күдіктіге, айыпталушыға ұсынылған не ұсынылуға тиіс болатын ұстап алу хаттамасымен, бұлтартпау шарасын қолданудың және күзетпен ұстаудың, үйқамақтың мерзімін ұзарту туралы қаулымен, іс бойынша мерзімдерді үзу туралы хабарламамен, күдіктінің немесе қорғаушының өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, ал сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін – істің барлық материалдарымен танысуға, одан мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді және айыптау куәларының тізімін қоспағанда, кез келген мәліметті кез келген көлемде көшіріп алуға, ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен көшірмесін түсіруге, күдіктіге күдікті деп тану туралы, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы жария етілген кезде қатысуға;
6) өтінішхаттарды, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхатты мәлімдеуге;
7) кез келген сатыдағы сотта істі алдын ала тыңдауға, сот талқылауына қатысуға, сот жарыссөздерінде сөйлеуге, істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау кезінде, соттың бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхаттарды қарауы кезінде, күзетпен ұстау, үйқамақ мерзімін ұзарту туралы өтінішхаттарды қарау кезінде, тергеу судьясы қорғаушы тараптың шағымдары мен өтінішхаттарын қараған кезде, айғақтар сақтауға қою кезінде сот отырысына қатысуға;
8) сот отырысының хаттамасымен танысуға, бұл ретте хаттаманың соңына өз қолын қоюға құқылы, ал сот отырысы хаттамасының бір бөлігімен танысқан кезде осы бөліктің соңына қол қоюға және оған ескерту енгізуге;
9) өзіне және өзінің қорғауындағы адамға табыс етілуге жататын процестік құжаттардың көшірмелерін алуға;
10) қылмыстық процесті жүргізетін адамның және қылмыстық процеске қатысатын өзге де адамдардың заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қарсылық білдіруге, бұл қарсылықтарды процестік құжаттарға енгізуді талап етуге;
11) анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне шағым келтіруге және оларды қарауға қатысуға;
12) заңға қайшы келмейтін кез келген басқа да қорғау құралдары мен тәсілдерін пайдалануға;
13) қорғауындағы адамның қатысуымен процестік әрекеттің өткізілетін уақыты мен орны туралы, сондай-ақ қорғаушы тараптың шағымдарын, бұлтартпау шарасын қолдану, күзетпен ұстау мерзімін ұзарту, айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхаттарды қарауға байланысты барлық сот отырыстары туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган арқылы күні бұрын хабардар етілуге құқылы.
3. Іске қорғаушы ретінде қатысатын адвокат осы баптың екінші бөлігінде көзделген құқықтармен қатар, сондай-ақ:
1) тергеу судьясы алдында куәның және жәбірленушінің айғақтарын сақтауға қою туралы өтінішхат беруге;
2) сұрау салуды орындаудан бас тартылған не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайда тергеу судьясы алдында, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, күдіктіге, айыпталушыға, қорғалуға құқығы бар куәға білікті заң көмегін көрсету және олардың мүдделерін қорғау үшін қажет кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру туралы өтінішхат беруге;
3) егер қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаса, тергеу судьясы алдында сараптама тағайындау туралы өтінішхат беруге;
4) істің мән-жайлары туралы бірдеңе білетін адамдардан сұрақ алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, сұрақ алуға және осылайша алынған нақты деректерді іс материалдарына қосып тігу туралы өтінішхат беруге;
5) сарапшының, маманның іс бойынша қорытындыларын шарттық негізде алуға және осындай қорытындыларды іс материалдарына қосып тігу туралы өтінішхат беруге;
6) тергеу судьясы алдында өзі бұрын сұрақ алған айғақ беру үшін келуін қамтамасыз ету қиындық туғызатын куәны қылмыстық процесті жүргізетін органға мәжбүрлеп әкелу туралы өтінішхат беруге құқылы.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алуды аяқтағаннан кейін тергеу әрекеттерін жүргізуге қатысатын қорғаушы жауап алынып жатқан адамдарға сұрақтар қоюға құқылы. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қорғаушының сұрақтарын қабылдамауына болады, бiрақ берiлген сұрақтардың бәрiн хаттамаға енгiзуге мiндеттi. Қорғаушы тергеу әрекетiнiң хаттамасына оның жазбаларының дұрыстығы мен толықтығына байланысты жазбаша ескертулер жасауға құқылы.
5. Қорғаушы: өзiнiң қорғауындағы адамның мүдделерiне қарсы қандай да бір әрекеттер жасауға және оған тиесiлi құқықтарды жүзеге асыруына кедергi келтіруге; қорғауындағы адамның ұстанымына қарамастан, оның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы барын және оны жасауда кiнәлi екенін мойындауға, қорғауындағы адамның жәбiрленушiмен татуласқаны туралы мәлiмдеуге; азаматтық талап қоюды мойындауға; қорғауындағы адам берген шағымдар мен өтiнiшхаттарды керi қайтарып алуға; заң көмегін көрсетуге өтiнiш бiлдiру және оны жүзеге асыруға байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi жариялауға құқылы емес.
6. Қорғаушының осы Кодексте көзделген басқа да құқықтары бар және басқа да мiндеттерi болады.
71-бап. Жәбiрленушi
1. Қылмыстық құқық бұзушылық өзіне тікелей моральдық, тәндік немесе мүлiктiк зиян келтiрдi деп пайымдауға негiзі бар тұлға қылмыстық процесте жәбiрленушi деп танылады.
2. Есi дұрыс емес адам жасаған, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған іс-әрекетпен оған зиян келтiрiлген жағдайларда да тұлға жәбiрленушi деп танылады.
3. Тұлға қылмыстық процесте тиісті қаулы шығарылғаннан кейін жәбірленуші деп танылады. Егер қылмыстық процесс барысында оның бұл жағдайда болуына негiздер жоқ екенi анықталса, қылмыстық процестi жүргізетін орган өз қаулысымен тұлғаның жәбiрленушi ретiнде қатысуын тоқтатады.
4. Жәбiрленушiге қылмыстық процесте азаматтық талап қою құқығы түсіндіріледі және оған қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрiлген мүлiктiк зиянды, сондай-ақ оның осы Кодексте белгiленген қағидалар бойынша өкiлге арналған шығыстарын қоса алғанда, қылмыстық процеске қатысуына байланысты шеккен шығыстарын өтеу қамтамасыз етiледi.
5. Жәбiрленушiнiң өзiне моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы қылмыстық процесте қаралады. Егер ол мұндай талап қоймаса не ол қараусыз қалдырылса, онда жәбiрленушi оны азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен беруге құқылы.
6. Жәбірленушінің:
1) келтірілген күдік пен тағылған айыптау туралы білуге;
2) ана тілінде немесе өзі білетін тілде айғақ беруге;
3) дәлелдемелерді ұсынуға;
4) өтінішхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлімдеуге;
5) аудармашының тегін көмегін пайдалануға;
6) өкілінің болуына;
7) қылмыстық қудалау органы одан дәлелдеу құралы ретінде алып қойған немесе өзі ұсынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекетті жасаған адамнан алып қойылған, өзіне тиесілі мүлікті алуға, өзіне тиесілі құжаттардың төлнұсқаларын алуға;
8) заңда көзделген жағдайларда күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен татуласуға, оның ішінде медиация тәртібімен татуласуға;
9) өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге;
10) өз өтінішхаты не өз өкілінің өтінішхаты бойынша жүргізілетін тергеу әрекеттеріне тергеушінің немесе анықтаушының рұқсатымен қатысуға;
11) сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін істің барлық материалдарымен танысуға, одан, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, кез келген мәліметті және кез келген көлемде көшіріп алуға;
12) өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне қауіпсіздік шараларын ұсыну, жеке өмірінің мән-жайларын жария етпеу туралы, күдіктіге қатысты жақындауға тыйым салуды қолдану туралы өтінішхаттар мәлімдеуге;
РҚАО-ның ескертпесі!
13) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
13) өзін жәбірленуші деп тану немесе танудан бас тарту, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулылардың, айыптау актісінің көшірмелерін, сондай-ақ бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы және қадағалау сатысындағы соттың үкімі мен қаулысының көшірмелерін алуға;
РҚАО-ның ескертпесі!
14) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
14) бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы және қадағалау сатысындағы сотта істі соттың талқылауына қатысуға;
15) сот жарыссөздерінде сөйлеуге;
16) айыптауды, оның ішінде мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда да қолдауға;
17) сот отырысының хаттамасымен танысуға, бұл ретте хаттаманың соңына өз қолын қоюға, ал сот отырысы хаттамасының бір бөлігімен танысқан кезде осы бөліктің соңына қол қоюға; ал сот отырысында аудио-, бейнетіркеу қолданылған жағдайда – хаттаманың соңына қол қоюға, хаттамаға ескертулер беруге құқылы;
18) қылмыстық процесті жүргізетін органның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым келтіруге;
19) соттың үкімі мен қаулысына шағым жасауға;
20) іс бойынша келтірілген шағымдар мен наразылықтар туралы білуге және оларға қарсылық беруге және оларды қарауға қатысуға;
21) өз құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қорғауға;
22) тараптардың процестік келісім жасасу ниеті, оның шарттары мен салдары туралы білуге, қылмыспен келтірілген залалды өтеу бойынша өз шарттарын ұсынуға не оны жасасуға қарсылық білдіруге құқығы бар.
Осы Кодекстің 76-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, жәбірленушіге заң көмегі тегін ұсынылады.
7. Жәбірленушінің, ал ол қайтыс болған жағдайда – оның құқықтық мирасқорларының аса ауыр қылмыспен келтірілген мүліктік зиян үшін, егер осындай қылмысы үшін сотталған адамның осы қылмыспен келтірілген залалды өтеу үшін жеткілікті мүлкі болмаса, бюджет қаражаты есебінен ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Мұндай жағдайда бюджет қаражаты есебінен ақшалай өтемақы төлеу туралы мәселені үкім шығарған сот жәбірленушінің не оның құқықтық мирасқорының арызы бойынша шешеді. Көрсетілген жағдайларда, егер залал бір жүз елу айлық есептік көрсеткіштен аспаса, жәбірленушінің залалды толық көлемде өтеткізуге құқығы бар.
8. Жәбiрленушi: қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуге, iс бойынша барлық белгiлi мән-жайларды шынайы хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге; өзiне iс бойынша белгiлi мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етпеуге; тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы уақытында белгiленген тәртiптi сақтауға мiндеттi.
9. Жәбiрленушi шақыру бойынша дәлелді себептерсіз келмеген кезде ол осы Кодекстiң 157-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп әкелуге ұшырауы және оған осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкiн.
10. Жәбiрленушi айғақтар беруден бас тартқаны және көрінеу жалған айғақтар бергенi үшiн заңға сәйкес қылмыстық жауаптылықта болады.
11. Салдарында адам қайтыс болған қылмыстар туралы істер бойынша жәбiрленушiнiң осы бапта көзделген құқықтарын қайтыс болған адамның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) жүзеге асырады. Егер жәбiрленушiнiң құқықтарын беруге қылмыстық құқық бұзушылық арқылы моральдық зиян келтiрiлген бiрнеше адам үмiткер болып отырса, олардың бәрi не олардың арасындағы келiсiм бойынша олардың бiреуi жәбiрленушi болып таныла алады.
12. Қылмыстық құқық бұзушылықпен өзіне мүліктік зиян келтірілген заңды тұлға жәбірленуші болып танылуы мүмкін. Бұл жағдайда жәбірленушінің құқықтары мен міндеттерін заңды тұлғаның өкілі жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |