164-бап. Тергеу судьясының мүлiкке тыйым салуды
санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы
қаулысына наразылық білдіру және шағым жасау
1. Тергеу судьясының күдіктінің, айыпталушының, оның әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғаның мүлкіне тыйым салуды санкциялау туралы немесе одан бас тарту туралы қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, сондай-ақ прокурор наразылық білдіруі мүмкін.
2. Аудандық немесе оған теңестірілген соттың тергеу судьясының мүлiкке тыйым салуды санкциялаудан бас тарту туралы қаулысының күші жойылған жағдайда, облыстық немесе оған теңестірілген соттың мүлiкке тыйым салуды санкциялау туралы мәселені қарауы осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
165-бап. Жақындауға тыйым салу
1. Жақындауға тыйым салу жәбірленушіні және іске қатысатын өзге адамдарды қорғау мақсатында күдіктінің, айыпталушының, сотталушының оларды іздестіруін, олардың ізіне түсуін, оларға баруын, олармен телефон арқылы сөйлесуін және өзге де тәсілдермен қарым-қатынас жасауын шектеуден тұрады.
Жақындауға тыйым салуды тергеу судьясы санкциялайды не оны сот қолданады.
2. Күш қолданумен немесе оны қолданамын деп қорқытумен байланысты, отбасыға және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтың нақты қатері болған не оны күдікті, айыпталушы жасаған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жәбірленушінің немесе қорғалуға жататын өзге адамның жазбаша арызы бойынша сот алдында жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны прокурорға жібереді.
Қаулыға қылмыстық істің жақындауға тыйым салу қажеттігін растайтын материалдарының расталған көшірмелері қоса беріледі.
3. Прокурор ұсынылған материалдарды қарап, өтінішхатты қолдайды не оны қолдаудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Прокурор өтінішхатты қолдаған кезде өтінішхатты және іс материалдарының көшірмесін сотқа жібереді.
4. Жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхатты тергеу судьясы өтінішхат сотқа келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде прокурордың, күдіктінің, айыпталушының, оның қорғаушысының, жәбірленушінің немесе қорғалуға жататын өзге адамның қатысуымен қарайды.
Сот отырысының орны мен уақыты туралы сот уақтылы хабардар еткен жағдайда, процеске көрсетілген қатысушылардың келмей қалуы сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
5. Тергеу судьясы өтінішхат пен ұсынылған іс материалдарын қарап, жақындауға тыйым салуды санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы не одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
6. Жақындауға тыйым салу туралы қаулыда осы процестік мәжбүрлеу шарасын қолданудың негіздері және жақындауға тыйым салу түрлері, сондай-ақ оның сақталуын бақылау жүктелетін орган көрсетілуге тиіс. Жақындауға тыйым салу туралы қаулының көшірмесі прокурорға, күдіктіге, айыпталушыға, қорғаушыға, қорғалатын адамға және бақылауды жүзеге асыратын органға тапсырылады.
7. Жақындауға тыйым салу бұзылған кезде күдіктіге, айыпталушыға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы, сондай-ақ бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.
8. Жақындауға тыйым салудың күшін жою бұл шараға қажеттілік болмай қалған кезде прокурордың келісімімен қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысымен жүзеге асырылады не оны қылмыстық істі сотта қарау барысында сот жүзеге асырады.
5-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ МҮЛІКТІК МӘСЕЛЕЛЕР
20-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ АЗАМАТТЫҚ ТАЛАП ҚОЮ
166-бап. Қылмыстық процесте қаралатын азаматтық талап
қоюлар
1. Қылмыстық процесте жеке және заңды тұлғалардың тікелей қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есi дұрыс емес адамның қоғамға қауiптi іс-әрекетiмен келтiрiлген мүлiктiк және моральдық зиянды өтеу туралы, сондай-ақ жәбірленушіні жерлеуге, емдеуге кеткен шығыстарды, оған сақтандыру өтемі, жәрдемақы немесе зейнетақы ретiнде төленген сомаларды, сондай-ақ өкiлдiк етуге жұмсалған шығыстарға қоса, анықтау, алдын ала тергеу iсiн жүргізуге және сотқа қатысуға байланысты шеккен шығыстарды өтеу туралы азаматтық талап қоюлары қаралады.
2. Қылмыстық iс бойынша берілген азаматтық талап қоюды дәлелдеу осы Кодексте белгiленген қағидалар бойынша жүргiзiледi.
Егер азаматтық талап қоюға байланысты туындаған құқықтық қатынастар осы Кодексте реттелмеген болса, онда азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормалары осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
3. Егер, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында азаматтық талап қоймаса немесе оны қойғаннан кейін кері қайтарып алса немесе оны сот қараусыз қалдырса, олар оны азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қоюға құқылы. Талапкердің азаматтық талап қоюды кері қайтарып алу туралы немесе оны қараусыз қалдыру туралы арызын сот осы Кодекске және азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес шешеді.
4. Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қабылданған азаматтық талап қою бойынша шешім қылмыстық сот ісін жүргізу барысында нақ осы талапты нақ осы адамдарға нақ осы негіздер бойынша қою үшін кедергі келтіретін негіз болып табылады.
167-бап. Азаматтық талап қою
1. Азаматтық талапты қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есi дұрыс емес адамның қылмыстық жазаланатын іс-әрекетімен тікелей мүліктік немесе моральдық зиян келтірілген тұлға не оның өкiлi сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап сот тергеуі аяқталғанға дейін қоюы мүмкін.
Осы Кодекстің 58-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, прокурор азаматтық талап қоюға құқылы.
Салдарында адам қайтыс болған қылмыстар туралы істер бойынша азаматтық талапты қайтыс болған адамның осы Кодексте көзделген жәбірленуші құқықтарын жүзеге асыратын жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) қоя алады.
2. Азаматтық талап күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға немесе оның әрекеттері немесе есі дұрыс емес адамның әрекеттері үшін материалдық жауаптылықта болатын тұлғаларға қойылады.
Азаматтық талап қойған тұлға – азаматтық талапкер деп, өзіне талап қойылған тұлға азаматтық жауапкер деп аталады. Көрсетілген тұлғалар қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында процестік құқықтарды пайдаланады және осы Кодексте азаматтық талапкер мен тиісінше азаматтық жауапкер үшін белгіленген процестік міндеттерді көтереді.
3. Талапкер қылмыстық істе азаматтық талап қойған кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
4. Азаматтық талап қоюдың соттылығы ол берілген қылмыстық істің соттылығымен айқындалады және қылмыстық іспен бірге қаралады.
РҚАО-ның ескертпесі!
5-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
5. Азаматтық талап азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюларға қойылатын талаптарға сәйкес жазбаша нысанда қойылады.
6. Күдікті адамның анықталмауы қылмыстық iсте азаматтық талап қоюға кедергі болмайды.
7. Азаматтық талап қоюдың негіздерін және талап қою талабының мөлшерін нақтылау қажет болған кезде тұлға талап қоюды толықтыруға құқылы.
8. Қылмыстық қудалаудан артықшылықтарының немесе иммунитетiнiң болуына байланысты күдікті деп танылуға жатпайтын адамға азаматтық талап азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қойылуы мүмкiн.
168-бап. Залалды өтеудiң негiздерi, шарттары, көлемi
және тәсілі туралы қағидаларды қолдану
1. Қылмыстық iсте қойылған азаматтық талапты қарау кезiнде залалды өтеу негiздерi, шарттары, көлемi мен тәсілі азаматтық, еңбек және басқа да заңнама нормаларына сәйкес айқындалады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
169-бап. Талап арызды қайтару, талап қоюдан бас тарту
РҚАО-ның ескертпесі!
1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
1. Азаматтық талапкер қылмыстық процестің кез келген сатысында талап арызды қайтарып алу туралы мәлімдеуге құқылы. Талап арызды қайтарып алу туралы мәлімдеме жазбаша түрде берiледі және қылмыстық iске қоса тiгіледі. Егер талап арызды қайтарып алу туралы мәлімдеме сот отырысында мәлімделсе, онда ол сот отырысының хаттамасына енгiзiледі.
Талап арызды қайтарып алу тиісті тұлғалардың азаматтық талапкер және азаматтық жауапкер жағдайында болуын тоқтатуға әкеп соғады, бұл туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган қаулы шығарады.
Жауапкер талап арызды мәні бойынша қарауды талап еткен жағдайда, сот оны қайтарып алуды қабылдамайды.
РҚАО-ның ескертпесі!
2-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
2. Азаматтық талапкердің қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгі іс жүргiзу сатысында талап қоюдан бас тарту туралы арызы жазбаша түрде берiледі және қылмыстық iс материалдарына қоса тiгіледі. Егер азаматтық талапкердің талап қоюдан бас тартуы сот отырысында бiлдiрiлсе, онда ол сот отырысының хаттамасына енгiзiледі.
3. Сот талап қоюдан бас тартуды сот талқылауының кез келген сәтінде, бiрақ сот үкiмді қаулы ету үшiн кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн қабылдайды.
Сот талап қоюдан бас тартуды қабылдағанға дейін азаматтық талапкерге талап қоюдан бас тартуды қабылдау ол бойынша іс жүргізуді тоқтатуға әкеп соғатынын және нақ осы тараптар арасындағы нақ осы нысана туралы дау бойынша және нақ осы негіздер бойынша, оның ішінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде, сотқа қайталап жүгінуді болғызбайтынын түсіндіруге міндетті.
4. Егер азаматтық талапкердің талап қоюдан бас тартуы заңға қайшы болса немесе кімнің болса да құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзатын болса, сот бұл әрекетті қабылдамайды.
170-бап. Азаматтық талап қою бойынша шешiмдер
1. Сот қылмыстық істегі азаматтық талап қоюды қарау қорытындылары бойынша:
1) азаматтық талап қоюды толық немесе iшiнара қанағаттандыру туралы;
2) азаматтық талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы;
3) азаматтық талапкердің азаматтық талап қоюды қанағаттандыру құқығын тану және оның мөлшерi туралы мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен соттың қарауына беру туралы;
4) азаматтық талап қоюдан бас тартуды қабылдау және ол бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы;
5) азаматтық талап қою бойынша татуласу келісімін немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту және ол бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы;
6) азаматтық талап қоюды қараусыз қалдыру туралы шешімдердің бірін шығарады.
Іс бойынша іс жүргізуді осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша тоқтату туралы қаулы шығарған кезде сот азаматтық талап қоюды толық қанағаттандырады.
2. Сот айыптау үкiмiн қаулы еткен немесе есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығарған кезде азаматтық талап қоюды толық немесе iшiнара қанағаттандырады не оны қанағаттандырудан бас тартады.
Азаматтық талап қою толық немесе ішінара қанағаттандырылған жағдайларда сот үкімде оны азаматтық талап қою бөлігінде ерікті түрде орындау үшін мерзімді белгілейді және көрсетеді. Соттың үкімі ерікті түрде орындау үшін берілген мерзім ішінде азаматтық талап қою бөлігінде орындалмаған жағдайда, сот үкімді азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен азаматтық талап қою бөлігінде мәжбүрлеп орындату үшін жібереді. Мәжбүрлеп орындату Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Сот қылмыстық iстi талқылауды кейiнге қалдырмай азаматтық талап қою бойынша егжей-тегжейлі есеп-қисап жүргiзу мүмкiн болмаған кезде азаматтық талапкердің талап қоюды қанағаттандыру құқығын тани алады және оның мөлшерi туралы мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен соттың қарауына бере алады.
4. Сот ақтау үкімін қаулы еткен, сол сияқты есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі істі тоқтату туралы қаулы шығарған кезде, егер қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған іс-әрекет анықталмаса не сотталушының немесе өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселе шешiлген адамның қылмыстық құқық бұзушылық немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған іс-әрекетті жасауға қатысқаны дәлелденбесе не кінәсі анықталмаса, азаматтық талап қоюды қанағаттандырудан бас тартады.
5. Сот татуласу келісімін бекіткен, медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізілген не азаматтық талап қоюдан бас тартуды қабылдаған жағдайларда, сот азаматтық талап қою бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешім қабылдайды.
6. Сот талап қоюды:
1) сотталушы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталған;
2) жасаған іс-әрекетінiң сипатына және өзiнiң жай-күйiне қарай қоғам үшiн қауiп төндiрмейтiн және мәжбүрлеп емдеуге мұқтаж емес есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға негiздер болмауына байланысты iс тоқтатылған;
3) іс осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5), 7), 8) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылған;
4) азаматтық талапкердің бұл туралы өтінішхаты болған жағдайларда, қараусыз қалдырады.
Азаматтық талап қоюды заңда көзделмеген өзге негіздер бойынша қараусыз қалдыруға жол берілмейді.
171-бап. Азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету
Азаматтық талапкер азаматтық талап қойған кезде қылмыстық қудалау органы оны қамтамасыз ету шараларын қолдануға міндетті. Егер мұндай шаралар қолданылмаған болса, сот басты сот талқылауына дайындалу кезінде осы Кодекстің 325-бабынасәйкес қылмыстық қудалау органын оларды қолдануға міндеттейді. Азаматтық талап сот талқылауы сатысында қойылған кезде сот азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету туралы қаулы шығарады.
172-бап. Соттың үкiмiн және қаулысын азаматтық талап
қою бөлiгiнде орындау
Сот азаматтық талап қоюды толық көлемде немесе ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған кезде соттың үкімін, қаулысын азаматтық талап қою бөлігінде ерікті түрде орындау үшін мерзім белгілеуге құқылы, бұл ретте азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген орындауды кейінге қалдыру және мерзімін ұзарту қағидалары қолданылуы мүмкін. Сот актісін азаматтық талап қою бөлігінде мәжбүрлеп орындату Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
173-бап. Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры
1. Қылмыстық қудалау органының қаулысымен жәбірленушілер болып танылған тұлғалардың жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заңнамалық актіде көзделген жағдайларда, тәртіппен, мөлшерлерде және мерзімдерде осы қордан мемлекеттік ақшалай өтемақыны кейінге қалдырмай толық не ішінара алуға құқығы бар.
Мемлекеттік өтемақыны кейінге қалдырмай алуға құқығы бар жәбірленушілердің санаты жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заңнамалық актіде айқындалады.
2. Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заңнамалық актіде айқындалған төлем мөлшерінде жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры төлеген ақшаның орнын толтыру міндетін сот үкіммен:
1) кінәлі адамға;
2) кінәлі деп танылған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдеріне;
3) жеке тұлғаның қылмыстық жазаланатын іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін заңға сәйкес материалдық жауаптылықта болатын заңды тұлғаға жүктейді.
Егер адам бір мезгілде бірнеше қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерді жасауда кінәлі болып танылса, төлем олардың неғұрлым ауыры негізге алына отырып есептеледі.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) және 12) тармақтарында, 36-бабыныңбірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша тоқтату туралы қаулы осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардан жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заңнамалық актіде белгіленген мөлшердегі төлемді осы қорға азаматтық тәртіппен өндіріп алу үшін негіз болып табылады.
21-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ БАРЫСЫНДА
ЕҢБЕККЕ АҚЫ ТӨЛЕУ ЖӘНЕ ШЕККЕН ШЫҒЫСТАРДЫ ӨТЕУ
174-бап. Заң көмегіне ақы төлеу
1. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысатын тұлғалардың қорғаушысы мен өкілінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, адвокат сотқа дейінгі іс жүргізуге не сотқа клиентпен шарт жасаспай, тағайындау бойынша қорғаушы ретінде не жәбірленушінің өкілі, жекеше айыптаушы ретінде қатысқанда адвокаттардың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, қылмыстық процестi жүргiзетiн орган бұған негіздер болған кезде күдіктiнi, айыпталушыны, сотталушыны заң көмегiне ақы төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы, бұл туралы уәжді қаулы шығарады.
175-бап. Аудармашының, маманның, сарапшының орындаған
жұмысы үшiн сыйақы алуы
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде тиiстi жұмысты орындайтын аудармашы, маман, сарапшы:
1) егер жұмысты қызметтiк тапсырма тәртiбiмен орындаса – жұмыс орны бойынша жалақы;
2) егер орындалған жұмыс олардың лауазымдық мiндеттерiнiң аясына кiрмесе және оны жұмыстан тыс уақытта орындаса – Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерлемелер шегiнде бюджет қаражаты есебiнен сыйақы;
3) егер жұмысты тараппен уағдаластық бойынша орындаса – осы тараппен жасалған шартта айқындалған мөлшерде сыйақы алады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көзделген жағдайда, сыйақы аудармашы, маман, сарапшы шотты бергеннен кейiн шығарылған қылмыстық процестi жүргiзетін органның қаулысы негiзiнде төленеді.
176-бап. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын
тұлғалардың шеккен шығыстарын өтеу
1. Қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, олардың заңды өкілдерінің, қылмыстық процесті жүргізетін органның тағайындауы бойынша жәбірленушінің қорғаушысы немесе өкілі (жекеше айыптаушы) ретінде заң көмегін көрсететін адвокаттардың, осы Кодекстің 67-бабының үшінші бөлігінде және 76-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда куәгердің, аудармашының, маманның, сарапшының, куәнің, сотқа шақырылған, бірақ алқабилер алқасының құрамына іріктеп алынбаған алқабиге кандидаттың мынадай шығыстары:
1) қылмыстық процесті жүргiзетін органның шақыртуы бойынша келуге байланысты шығыстары:
темiржол, су, автомобиль (таксидi қоспағанда) көлiгiмен және сол жерде бар басқа да көлiк түрлерiмен жол жүру құны, ал қылмыстық процестi жүргізетін органның келiсімiмен – әуе көлiгiмен жол жүру құны;
қызметтiк iссапарларға ақы төлеу үшiн қабылданған нормалар бойынша ұйым, жұмыс берушi осы шығыстарды өтемейтiн жағдайда тұрғын үй-жайды жалдау құны;
2) қылмыстық процестi жүргізетін органның талабы бойынша бұл адамдардың тұрақты тұрғылықты жерiнен тысқары жерде тұруы қажет болған кезде және тәулiктiк ақыны ұйым, жұмыс берушi өтемейтiн жағдайда – тәулiктiк ақы;
3) орташа жалақысын ұйым, жұмыс берушi сақтайтыннан басқа жағдайларда, қылмыстық процестi жүргізетін органның талабы бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуға кеткен барлық уақыт үшiн орташа жалақы;
4) тұлғаның қылмыстық процестi жүргізетін органның талабы бойынша тергеу iсiне немесе басқа да процестік әрекетке қатысуы салдарынан сапасын жоғалтқан немесе жоғалған мүлiктi қалпына келтiруге немесе сатып алуға арналған шығыстар бюджет қаражаты есебінен өтелуге жатады.
2. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдар жәбiрленушiнiң, оның заңды өкiлiнiң, куәгердiң, аудармашының, маманның, сарапшының, куәның, сотқа шақырылған, бірақ алқабилер алқасының құрамына іріктеп алынбаған алқабиге кандидаттың қылмыстық процестi жүргiзетін органның талабы бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуға кеткен барлық уақыты iшiндегi орташа жалақысын сақтауға мiндеттi.
3. Маман мен сарапшыға оларға тиесiлi химиялық реактивтер мен тапсырылған жұмысты орындау кезiнде жұмсалған басқа да шығыс материалдарының құны да, сондай-ақ жұмысты орындау үшiн олардың жабдықты, коммуналдық және басқа да қызметтерді пайдаланғаны үшiн төлеген ақысы өтеледi.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде санамаланған тұлғалардың қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде шеккен шығыстары олардың арызы бойынша қылмыстық процестi жүргізетін орган қаулысының негiзiнде, заңнамада белгiленген мөлшерде өтелуге жатады. Көрсетілген шығыстарды төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. Көрсетілген шығыстар осы баптың бiрiншi бөлiгiнде санамаланған тұлғаларды тергеу әрекетіне қатысуға не осы Кодексте көзделген басқа жағдайларда тартқан тараптың есебiнен өтелуi де мүмкiн. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2) және 4) тармақтарында көзделген шығыстарды қылмыстық процестi жүргізетін орган заңнамаға сәйкес өз бастамасымен өтеуi мүмкiн.
22-тарау. ПРОЦЕСТІК ШЫҒЫНДАР
177-бап. Процестік шығындар
Процестік шығындар:
1) куәларға, жәбiрленушiлерге және олардың өкiлдерiне, сарапшыларға, мамандарға, аудармашыларға, куәгерлерге осы Кодекстiң 174, 175-баптарында көзделген тәртiппен төленетiн сомалардан;
2) тұрақты жалақысы жоқ куәларға, жәбiрленушiлерге және олардың өкiлдерiне, куәгерлерге оларды әдеттегі айналысатын кәсібінен қол үздiргенi үшiн төленетiн сомалардан;
3) жұмыс iстейтiн және тұрақты жалақысы бар куәларға, жәбiрленушiлерге және олардың заңды өкiлдерiне, куәгерлерге олардың қылмыстық процестi жүргiзетін органға шақыртылуына байланысты кеткен барлық уақыты ішінде толық ала алмаған жалақысын өтеу үшiн төленетiн сомалардан;
4) сарапшыларға, аудармашыларға, мамандарға олардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында немесе сотта өз мiндеттерiн қызметтiк тапсырма тәртiбiмен орындағаннан басқа жағдайларда орындағаны үшiн төленетiн сыйақыдан;
5) күдіктi, айыпталушы немесе сотталушы заң көмегі көрсетілгені үшін ақы төлеуден босатылған не адвокат анықтауға, алдын ала тергеуге немесе сотқа тағайындау бойынша қатысқан жағдайда, қорғаушының заң көмегiн көрсеткенi үшiн төленетiн сомалардан;
6) жәбірленушінің өкілі (жекеше айыптаушы) заң көмегі көрсетілгені үшін ақы төлеуден босатылған жағдайда, ол төлейтін сомалардан;
7) заттай дәлелдемелердi сақтауға және жіберуге жұмсалған сомалардан;
8) сот сараптамасы органдарында сараптама жүргiзуге жұмсалған сомалардан;
9) тергеуден немесе соттан жасырынған күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны iздестiруге байланысты жұмсалған, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпке сәйкес есептелген сомалардан;
10) күдікті, айыпталушы, сотталушы тергеушiге немесе сотқа дәлелді себепсіз келмеген жағдайда, оларды күштеп әкелуге байланысты, сондай-ақ сотталушының сотқа дәлелді себепсіз келмеуiне не оның мас күйде келуiне байланысты сот талқылауын кейінге қалдыруға байланысты жұмсалған сомалардан;
11) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде шеккен өзге де шығыстардан құралады.
178-бап. Процестік шығындарды өндіріп алу
1. Процестік шығындарды өндіріп алу туралы мәселені сот қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарған кезде қарайды. Егер іс бойынша іс жүргізу қылмыстық процестің сотқа дейінгі кезеңінде аяқталса, тергеу судьясы процестік шығындарды өндіріп алу туралы мәселені прокурордың ұсынуы бойынша қарайды. Сот процестік шығындарды күдіктіге, айыпталушыға, сотталған адамға жүктеуi мүмкiн немесе олар мемлекет есебiне қабылданады.
2. Сот аудармашыға төленген сомаларды қоспағанда, процестік шығындарды сотталған адамнан өндіріп алуға құқылы. Процестік шығындар жазадан босатылған сотталған адамға да жүктелуі мүмкін.
3. Іске аудармашының қатысуына байланысты процестік шығындар мемлекет есебіне қабылданады. Егер аудармашы өз функцияларын қызметтiк тапсырма тәртiбiнде орындаса, оның еңбегiне ақы төлеудi мемлекет аудармашы жұмыс iстейтiн ұйымға өтейдi.
4. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының қорғаушысы немесе жәбірленушінің өкілі (жекеше айыптаушы) ретінде заң көмегін тегін көрсеткен адвокаттың іске қатысуына байланысты процестік шығындар, осы Кодекстің 67-бабының үшінші бөлігінде және 76-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, бюджет қаражатының есебіне жатқызылады.
5. Сотталушы ақталған немесе іс осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) тармақтарына сәйкес тоқтатылған жағдайда, процестік шығындар мемлекет есебіне қабылданады. Егер сотталушы iшiнара ғана ақталса, сот оны ол кiнәлi деп танылған айыптауға байланысты процестік шығындарды төлеуге мiндеттейдi.
6. Процестік шығындар өндіріп алынуға тиiс адам мүлiктiк жағынан дәрменсiз болған жағдайда, олар мемлекет есебiне қабылданады. Егер процестік шығындарды төлеу сотталған адамның асырауындағы адамдардың материалдық жағдайына айтарлықтай әсер ететiн болса, сот сотталған адамды процестік шығындарды төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы.
7. Iс бойынша бiрнеше сотталушыны кiнәлi деп тани отырып, сот процестік шығындар олардың әрқайсысынан қандай мөлшерде өндірілуге тиiс екенiн белгiлейдi. Бұл ретте сот сотталған адамның кiнәсiнiң сипатын, оның қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жауаптылық дәрежесiн және мүлiктiк жағдайын ескереді.
8. Сот кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша процестік шығындарды төлеуді кәмелетке толмаған адамның ата-анасына немесе оларды алмастыратын тұлғаларға жүктей алады.
9. Сотталушы жекеше айыптау iсi бойынша ақталған кезде сот процестік шығындарды шағымы бойынша iс жүргiзу басталған тұлғадан толық немесе iшiнара өндіріп алуға құқылы. Іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған кезде процестік шығындар сотталушыдан өндіріп алынады.
10. Күдікті, айыпталушы қайтыс болған жағдайда, олардың мұрагерлері процестік шығындарға байланысты міндеттемелер бойынша жауаптылықта болмайды.
11. Процестік шығындарды өндіріп алу құқығы соттың тиiстi шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл өткен соң ескіруіне орай тоқтатылады.
12. Процестік шығындар туралы деректер болған жағдайда, осы баптың алтыншы бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, қылмыстық қудалау органы процестік шығындарды өндiріп алуды қамтамасыз ету шараларын қолдануға мiндеттi.
ЕРЕКШЕ БӨЛІК
6-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША СОТҚА ДЕЙІНГІ ІС ЖҮРГІЗУ
23-тарау. СОТҚА ДЕЙІНГІ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУДІҢ БАСТАЛУЫ
Достарыңызбен бөлісу: |